МЕНІҢ ФАРИЗАМ
22.01.2016
3768
0

(естеліктен)

ФаризаФариза Оңғарсынова мен Ақұштап Бақтыгерееваның достығын бәрі білетін. Қазақ өлең-сөзіне өзіндік тақырыптарын ала келген қос аруды ағалары да, іні-қарындастары да ерекше құрметтейтін. Жан сырын біріне-бірі айтатын екі ақынның бір-біріне деген алабөтен көңілі ешқашан суымаған. Құрбысынан көз жазып қалған Ақұштап Бақтыгерееваның Фариза туралы жүрек сөзі – естеліктерін үзік-үзік ұсынып отырамыз.


 

Ақұштап БАҚТЫГЕРЕЕВА

2014 жылдың 23 қаңтары. Ақын Фариза Оңғарсынова өмірден өтті. Мен үшін ол әлі тірі жүрген сияқты. Әне, Астанада бүгін бір кездесуге барады, кеште теледидарға шығады, ертең Атырауға ұшады… Бірақ олай болмайды, енді оның өлеңдерімен ғана жүздесе аламын мен.

Бәрі күні кешегідей есімде. Қашан, қа­лай танысып едік?

Иә, 1967 жыл. Мен «Қазақ әдебиеті» га­­­­зетіне әдеби қызметкерлікке келдім. Қа­рақалпақтан келген жас ақын Төлеген Айбергеновтің өлеңіне бүкіл әдеби орта жалт қараған кез еді. Жас ақынның «Мен са­ған ғашық едім» деген циклін оқып бола бе­ре гурьевтік ақын қыз  Фариза Оңғар­сы­нова бұрынғы «Лениншіл жас», қазіргі «Жас Алаш» газетінде «Мен саған ғашық емес ем» деген өлеңдер циклімен дүр сіл­кіндірді. Айбергенов өлеңінің екпіні аң­қып тұр. Сол кезгі газеттің Гурьевтегі тіл­­шісі Фаризаға арнау өлең жаздым да, ке­шікпей сол газетке бердім. «Тыныштық із­деп желден, Теңізден дауыл тостың. Жұрт нә­зік қыз дегенмен, Жүгіміз ауыр, дос­тым!» деп аяқталатын өлеңім шықты. Көп кешікпей Фаризадан хат келді. «Алматыда ақындар ортасында жүрген сен өте бақыт­ты­сың» деген мазмұнда. Ол сонау Үстірт ке­зіп, құм дала мұнайшылары жайлы жиі ма­қалалар жазатын. Екі жылдан кейін га­зет­тің  редакторы Шерхан Мұртаза Фариза­ны Алматыға шақыртты. «Гурьевтен мықты ақын қыз шықты» деп әдеби орта шу ете қалды, оқырман да ол кезде өте сер­гек  болатын. Сонымен, Алматыға Маң­ғыстау күніне күйген, Каспийдің құмды жа­ғалауының ыстығын табанынан жүре­гіне дейін өткізген, аптап пен аңызақты жа­сынан көп көрген менің ақын Фаризам кел­ді.

Ең алғаш құшақ жайған әулие ақын Әбу Сәрсенбаев атамыз еді. «Қазақстан әйел­дері» журналының   жауапты хатшысы Лә­зиза Серғазина апай екеуі бүкіл әде­биет­ке келген жастарға үлкен қамқорлық көр­сеткен жандар еді. (Әбу аға мен Ләзиза апай жазушы Сайын Мұратбековті, ақын Қанипа Бұғыбаеваны өз балаларындай үйі­не тұрғызып, қамқорлық көрсеткен).

Бір күні Одаққа келген Әбу аға маған «Гу­рьевтен замандасың Фариза келіп жатыр, ертең біздің үйден Ләзиза апаңның шәйін ішуге келіңдер», – деді. Таныстық со­лай басталды.

Біз  Әбу ағаның үйінен шығып, бұрынғы пар­тия мектебінің жатақханасы, қазіргі КИМЭП орналасқан ғимараттағы Фариза тоқ­таған бір бөлмеге бірге келдік. Ұзақ сөй­­лестік. Ол Алматының қала өмірін, мен ел­дегі дала өмірін айтып біраз сыр шерт­тік.

Өмір әлі көп сызат  түсірмеген, күн сүй­ген даланың жарқын, қарапайым қызы ма­ған жымия жылы қарады, қалтқысыз ашық сырласып кете бардық. Менің «Өрім­тал» жинағыма қатты риза екенін айт­ты. Мөлдір кезде жазылған балғын жыр­лар ғой, мен де қалтқысыз сендім.

Осы күннен бастап біз екеуміз кездесу­лерге де, қонаққа да бірге баратын болдық. Әбу Сәрсенбаев «қос қозым» деп құшақ жайып тұратын. Бізді Әбіш Кекілбаевтың ана­сы Айсәуле де бірге шақыртып, Кла­ра­ның шәйін ішкізетін еді. Фаризаның Маң­ғыстау жайлы әңгімелерін сағынып оты­ра­тын. Өзіне таныс жер аттарын қайта еске алудың өзі ол кісіге бір бақыт сияқты еді.

Осы  жылдар  Меңдекеш Сатыбал­диевтің Ру­зиясы, Қабиболла Сыдиковтың Күл­ша­ты жиі шақырып, сыйлас жеңе­ше­мізге ай­налған еді. Фаризаның «Гүл-Рузияға» де­ген өлеңі де сол кезде жазылған болатын.

«Қазақстан пионері» деп аталатын ба­лалар газетінің редакторы Фариза Оң­ғар­сынова осылай Алматы әдебиетшілерінің ор­тасына еркін еніп кетті. Тура сөйлеу жа­­ғынан батылдығы мол, өзіндік мінезі бар ақын қыз ағаларына да, оқырмандарға да еркелей жүріп, Фариза ақын болып қа­лып­тасты. Қаламдас ағаларымыз қатты ер­келетті. Шерхан Мұртаза ақыл-кеңес бе­ріп, Әбіш Кекілбаев әр мақаласына пі­кір айтып, Меңдекеш өлең жайлы сыр шер­тіп, Қабиболла шешендік әлемінен әң­гіме айтса, Тахауи Ахтанов «юбка киген Махамбет» деп арқасынан қақты.

Астында 108 нөмірлі қара «Волга», қа­зіргі Достық, бұрынғы Ленин даңғылы бойы­нан екі бөлмелі пәтер алып, Қазақ­стан комсомол комитетінің органы – «Қа­зақстан пионері» газетінің редакторы Фа­­­риза Алматыдағы жазушылар атаулы шу­лы ортаға Фәкең болып енді.

Мен Фаризаны қатты сыйладым. Тез рен­жіп, тез жараланып қалатын нәзік жа­нын ұқтым, аядым, құрақ ұшып көңілін бақ­тым. Ал ақындық қуатына қайран қа­лып, қошеметтеп отырдым. Оның бірден клас­сикалық жыр жазғанын өзіне айтып, «Ту­ған жер» өлеңін жатқа оқысам, балаша мәз болатын еді. Менің көп ақындар жыр­ла­рынан талай таныс шумақтарды жатқа білетініме таң қалатын.

Фаризаның туған жері Нарын  құмы­ның Астра­ханьға қарай созылатын етегіндегі ша­ғылда. Сол ыстық леп оның жырына көш­кенін аңғару қиын емес.

Сенде тас та қастерлі, аспан да алау,
Сенде жанды тербейтін дастан бар-ау,
Менің мына өмірге ғашықтығым
Сені жақсы көруден басталған-ау.
Алақаны анамның – топырағың,
Сендік махаббатымның – оты жалын.
Сені қалай сүюдің керектігін
Мен ешқандай кітаптан оқымадым, – деп сайрай бастасам, кейде ашуы тарқап, кү­лім­деп, балаша қуанар еді.

Оның қуанатын сәттері сирек болатын. Томсырайып, ойға бататын да жүретін еді.

Ол әйел ақынға өмірдің өте қиын еке­нін айтып, мұң шертпесе де, бір шумақ өлеңін­де былай деген:

Құдай сәуле бергенмен санасына,
Еркектерден көп төмен бағасы да.
Құлдықтан құтыла алмай келеді әлі
Әйелдің дарасы да, данасы да.

Өзі әйел ноқтасын кимей, тек поэзияға қыз­мет етіп, өлеңде өшпес із тастап, өмір­ден өтті менің асау Фаризам…

***

Фариза пәтер алып орныққан соң Алматының әдемі тамылжып тұрған тамыз айында елден жалғыз ағасы Махиз, жеңгесі Айбарша тұңғыштары Асқарды, ер­кесі Айварды ертіп, қыдырып келді. Аға-жеңгенің келу құрметіне жаңа пәтерді көрсету  мақсатымен  біраз қонақ шақыру­ды ұйғардық. Елден келген ағайынды сыйлау дәстүрімен біраз ақын-жазушы­лардың үйіне қонаққа да бардық. Фариза үшін бұл бір қуанышты ерекше күндер еді. Ауылын сағынып жүрген көңілі бір сәтке орнына түскендей, жайбарақат күндер кешті. Ақыл­дасып, кеңесіп, үлкен ұлы Асқарды Ма­хиз ағай Фаризаның қасына қалдыра­мын деп ұйғарды. Оны №12  қазақ мектебіне оқуға беруге келістік. Айварды алып ке­теміз деді. Ол кезде Жазушылар ода­ғынан алған менің де пәтерім Тимирязев көше­сінің бойында, бұрынғы бота­никалық бульвардың қарсысында болатын. Бір күн біздің  үйде, бір күн  Фа­ри­за­ның үйінде у-шу болып жарты айдың қалай өткенін байқамай қалдық. Фаризада таусылмайтын күнде жиналыс. Газеттің мәселесі, Ор­талық комсомол комитетіндегі басқосу, әйтеуір, түскі шәйға келіп кетуге ғана уа­қыт табады. Кейде оған да келмейді. Менің қолым сәл бостау. Еркіндеу кез ғой, біздің редакция онша минут санап іздемейтінін пайдаланып, аға-жеңгемен Алматыны мен еркін аралайтын едім. Ол кезде Жазушылар одағы да кітап талқылаудан көз ашпайтын. Пікірталас, жаңа шығармаларды оқу, оны баспаға ұсыну сияқты Одақта да толассыз іс-шаралар өтіп жататын. Сонымен, қонақтарды шығарып, Фариза екеуміз Асқарды Алматыда алып қалдық. Фариза іссапарға кетсе, Асқар менде қа­латын. Мек­тептен тасып, тамағын беріп, мә­пе­ле­генмен, көп балалы үйде өскен ұл ауы­лын қатты сағынды. Әсіресе, Халима әже­сін күнде еске алатынды шығарды. Қыс­­қасы, Алматы Асқарды онша қызық­тыра қойған жоқ, ауылын аңсады да отыр­ды.

1971 жылдың күзінде менің әкем Бақ­тыгерей қатты науқастанып, емі жоқ аурудан (Фаризаны да әкеткен сол ауру ғой) дүние салған еді. Әкем Бақтыгерей 1941 жылы Сталинград майданына кетіп, 1943 жылы жараланып қайтқан. 1944 жылы мен дүниеге келген екем. Әжем Қатираның айтуы бойынша, «Жалғызын жаудан әкел­ген жалғыз қыз» мен болыппын. Сол әке­ден 26 жасымда айрылып, жерлеп келген соң Фаризаны құшақтап алып дауыстап жылайын. Ол үн-түнсіз біраз тұрды да, дау­сын сәл қатайтып «Жиырма бес жыл әке көрдің сен, менің не жаным жүр?», – деді өкінішті үнмен. Мен көз жасымды тыйдым. Шынында, шүкірлік етуім керек шы­ғар деген ой келді.

Бұдан кейін біз екеуміз жұмыстан шы­ғып, көп сырласатын болдық. Шақырған жер­ге, театрға, Одақтағы жиналыстарға бірге баратын едік. Кеш қалсақ, бір үйге қона саламыз. Оның біраз киімдері менің бөл­мем­нен, менің біраз киімдерім оның бөл­месінен орын тепті. Кейбір қағаздары­мыз да, кітаптарымыз да аралас жүретін, та­мақты да бірге ішетінбіз. Әңгімеміз мектеп, ауыл, баяғы өткен балалық жайлы болатын. Бала махаббаттар да еске алынатын. О, шіркін, оралымы жоқ сол бір бал­ғын шақты көзге елестету неткен бақыт де­сең­ші?!

Фариза кішкене кезінде жақсы көрем деген ұлмен төбелесе кетеді екен, оған өзі әбден мәз боп күлетін. Мен жайлы әңгіме қысқа болатын. Маған ұнайтын жігіттің қызы болғанын, мектепте хат жазған ұл көр­ші қызына үйленіп, мен үшін өліп қал­ғанын айтатынмын (ол, шынында, өмірден ерте кеткен).

«Өліп қалды» деген сөзге Фаризаның өңі сұп-сұр боп кетті. Үнсіздік. Жанарына қарап едім, мөп-мөлдір бір тамшы жас тұр екен. «Көңіл – шіркін, көк дөнен», мен өзімнің 26 жасыма онша алаңдамай, отыз­дан асып бара жатқан Фаризашқа жаным ашып, жүрегім ауырады. Қай сөздің көңі­ліне қатты тигенін аңғара алмай қал­дым. Айтқандарымның бәрін ой елегінен қайта өткізіп отырдым. Үнсізбіз. Бір кезде ауырлау тұрды да, келесі бөлмеден күнделік сияқ­ты қалың блокнотын әкелді. Арасынан мектептің тор көз дәптерінің бір бетіне оралған көне кішкене суретті шығарып, менің алдыма тастай салды. Басында біз­дің заманның ұлдары киетін қарапайым құлақ­шыны бар қыстық киіммен түскен орта бойлы, көздері күлімдеген, жүзі жы­лы, ақсары жас жігіттің фотосы еді. Жаңа емес, біраз ұсталған көне сурет. Мен үнде­генім жоқ, суретті қолыма алып, жақы­нырақ үңіліп қарадым да, қайта орнына қойдым. Фариза тіл-аузы байланғандай үн-түнсіз. Қашанғы шыдайын, «Ол қайда? Гурьевте ме?», – дедім. «Жоқ», – деді Фари­за жұлып алғандай тіксініп.

2013 жыл. Фариза, Ақұштап

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір