«ӘУДЕМЖЕР» ӘНІ КІМДІКІ?
13.05.1983
5189
1

немесе

Көкбай ақынның әншілік өнері жайында

95fc689f7ea21d9c66f256ff38b0f934Көкбай Жанатаев (1861–1925) – Абайдың ең талантты, әрі ақын, әрі әнші шәкірттерінің бірі. Ол – Абаймен 1880 жылдардан бастап, жиырма бес жыл бойы айрылмас жолдас, айнымас адал дос болған адам.

Көкбай он жасынан бастап он бес жасына шейін ауыл молдасы Төлетай деген кісіден сабақ оқып, сауатын ашады. Он бес жасында оқуды тастап, ойын-сауық, той-думан қуып кетеді. Ән-күйге, өлең-жырға құштар, талапты, талантты жас Көкбай домбыра тартып, ән салып, өлең айтып өседі.

«Жасында мұсылманшылық оқуды едәуір өндіріп оқыған соң, Көкбай әншілік, ақындыққа көп асуыады… Ел ортасындағы бір сайлаудың үстінде, Семейдің сол күндегі оязы Көкбай берген бір арыз қағаз бойынша, оны жазаламақ болады. Сонда өнерлі, оқуы бар жігітті аяп, Абай кепілдікке алады. Осыдан соң Көкбай өмір бойы, Абай өлгенше, оның іні-досы, шәкірті боп кетеді», – дейді Мұхтар Әуезов.

Абаймен достасып кету тарихын, өзінің сетелік әңгімесінде, Көкбай былай баяндайды: «Ел ішінің ақы алысып, ақы берісіп жатқан съезі еді. Мұны өткізуге Семейден Лосевский деген ояз келіп еді. Сол бір ісімді жақтырмай, мені ел кісілерінің ортасында тұрғанымда, стражниктерін (атарман) жіберіп жазаламақшы болды. Әлгілер ерікке қоймай, әкетіп бара жатқан соң, қасымда еріп жүретін өлеңші жігіттерім бар еді, солардың біреуінен Абайға бір ауыз өлеңмен сәлем айтып жібердім. Ол кезде ән салып, өлең айтатұғым, қасымдағы жолдастарым да сондайды әдет қылатын.

Оязға ікелген соң, Абай келді де: «Жазығы не?» деп істің жөнін сұрады. Содан кейін Лосевский: «Бұған біреу басшылық етіп, тәрбиесіне алмаса, мына елдің ортасында арызқой, пәлеқор болып, бұзылғалы жүрген адам. Сен тәрбиеге алып, міндетті болып, түзетемін десең берем. Әйтпесе, жазаға ұшырайтын ісі бар», – деді.

Абай маған кепіл болып, алып шықты. Осыдан кейін Абайдың жолдасы болдым. Жолдастығым 25 жылға созылды. Жаңағы оқиға 1880 (Қазақ совет энциклопедиясының 6-томында (8-бет) Көкбайдың туған, өлген уақыты: 1863–1927 ж.ж. деп қате көрсеткен. Қ.М.) жылдардың шамасында болып еді. Содан кейін, қыс болсын, жаз болсын – Абай ел араласа, қасында жүріп, аулына келсе, үйінде бірге жатып, айырылыспайтын болдық. Абайдың қасында ай жүріп, ай жарып жүріп келіп бір әредік толас болғанда ғана, өз үйіме бір жұма, көп болса он күнге рұқсат алып келіп, артынан қайта барамын…». (Абай. Толық жинағы. 1933 жыл 387-бет).

Біз бұл жолы Көкбайдың толық өмірбаянын, ақындық өнерін емес, оның әншілік өнері жайында сөз қозғамақпыз.

Көкбай жас кезінде әнші-ақын болған. Мұхтар да ең алдымен Көкбайдың әншілігін атап айтады. Көкебай Абаймен жақын жолдас болған кезде 20 жаста еді. Өнерпаз, әнші жігіттерді қасына жинап алып, серілік құрып жүрген шағы болатын.

Лосевский ояз Көкбайды жазаламақ болғанда: «… арызқой, пәлеқор болып, бұзылғалы жүрген адам» – десе, орыс тілін жақсы білетін және орысша жазуға да төселген Көкбайдың қолымен жазылған шатағы мол арыздар аз түспеген болуы керек.

1880 жылы Көкбай Семейдегі үш жылдық уездік орыс мектебін бітіріп шыққан болатын.

Және Мұхтар: «Өнерлі, оқуы бар жігітті (Көкбайды. Қ.М.) Абай аяп, кепілдікке алды» – дейді. Сонда «өнерлі, оқуы бар» жігітті Абай 1880 жылдан бұрын да, яғни Семейде орыс мектебінде оқып жүрген оқушы-шәкірт, әнші Көкбайды білген.

1876–78 жылдары Семейдің уездік мектебінде Тобықты елінің жастары: Әнияр Молдабаев, Ысқақ Солтабаев, Айтқазы Жексенаев, Көкбай Жанатаев, Найман-Сфбан елінің Әріп Тәңірбергенов, Шәкет Омарбеков сияқты жастары оқитын (олардың кейбреуін оқуға Абай түсірген).

Абай Семейге келген кездерінде оқушы-шәкірт жастардың басын қосып, мәжіліс құратын болған. Сол шәкірт кезінде Әріппен айтысқан бір өлеңінде Көкбай:

Семейге Абай келсе,

бізде думан,

Ән салып, босамаймыз

айғай-шудан.

Бас қосу, бақастасу,

мәжіліс құру,

Секілді бір ғылымның

жолын қуған.

Тарихтан неше түрлі Абай

сөйлеп.

Өзгелер отырады аузын

буған

Бір барсаң мәжіліснен

кеткің келмес,

Хакімдей Аплатон аңырап

тұрған.

Келбеті біліміне ылайықты,

Япырым-ай, мұндай адам,

қалай туған! –

дейді. Осы сөздің өзінен-ақ әнші, шәкірт Көкбайды Абайдың 1880 жылдан бұрын да білгенін көреміз.

Көкбайдың жас кезінде шығарған өлеңдері, әндері сақталмаған. Ол жөнінде Мұхтар Әуезов: «Жас кезінде, Абай уақытында айтып, жазып жүрген өлеңдерін өзі көп ұқыптап жинамаған. Бірақ сол кезде Абай айналасындағы бар ақынның ішінде, суырыпсалма, импровизацияға ең жүйрік ақын Көкбай болғаны даусыз. Сол талантын бағалап, Абай бұны өзі жазып жүрген алғашқы өлеңдеріне ие қып шығарады. Көп өлеңдерін өзі жазып, Көкбай атынан таратады», – дейді.

***

Енді «Әудемжер» әні туралы мәселеге келейік. Көкбайдың аталас, жақын туысы, Көкеңнен оқу оқып, сабақ алған шәкірті, ақынның бірталай шығармасын қағаз бетіне түсіріп, сақтап бізге жеткізген – мұғалім Есентай Бердин еді (1894–1967). Ертеректе Есентаймен Көкбай туралы әңгімелескен кезімізде, ол кісі Көкбайдың ақындығымен бірге әншілік өнерін де сөз етіп, өлерден бірер жыл бұрын шығарған әні болатын деп, сол әнді домбыраға қосылып, өзінің баяу ғана қоңыр даусымен айтатын. Әннің «Әудемжер жүре алмаймын аяғымнан» деп басталатын өлеңін ғана Есентайдан жазып алған едік. Біз ол кезде Көкбайды ақын деп танып, оның өлең, поэмаларына, айтыс өлеңдеріне көп көңіл бөліп, әнші де болған деген пікірді жай ғана жадағай сөз етіп жүрдік. Музыка маманы болмағандықтан, ол кезде Көкбайдың әншілік өнеріне мән бере алмадық. Және «Әудемжер» әні нотаға түспеген соң, музыка мамандары ол әнді зерттеп, пікір айтпаған соң, «Ән Көкбайдікі, Есентайдан естіп едім» деп жазуды қолайсыздау көрдік. Семей театрында «Айман-Шолпан» пьесасы алғаш қойылғанда (1934) «Әудемжер» әні Арыстанның ариясы болып айтылып жүрді. Ол кезде Арыстан болып ойнайтын, қазіргі Қазақстанның халық артисі Шахан Мусин еді. (Және концерттерде «Әудемжер» әнін үнемі айтып жүретін, Семей театрының артисі, талантты жас әнші Мәжит Шалқаров болатын. Мәжит 1943 жылы Ұлы Отан соғысында қаза тапты (1911–1943).

«Бірінші рет біз Мәжитті 1936 жылдың аяғында Семейде тыңдадық. Ол 1937 жылы Алматының Абай атындағы опера және балет театрына кірді. Концерттерде, радиода ән айтып жүрді. Мәжит «Қорлан», «Үш дос», «Екі жирен», «Жамбас сипар», «Гауһар қыз» әндерін әсіресе жақсы айтатын. Осы әндерді бір кісідей-ақ орындайтын шебер Жүсіпбеке Мәжиттің әншілігі алдында бас иетін, оның «Жамбас сипарына», «Екі жиреніне» таласуға болмайтынын айтатын», – дейді Ахмет Жұбанов («Замана бұлбұлдары», Алматы, 1963 ж., 412-бет).

Халыққа кең жайылып, ел еміріне тыңдайтын, әйгілі әндердің бірі болып кеткен «Әудемжердің» шығарушы авторы кім екені, әннің туу тарихы кейінгі жылдарға шейін ешбір сөз болмай, зерттелмей келді.

Тек 1964 жылы академик, композитор Ахмет Жұбанов тұңғыш рет «Әудемжер» әнін зерттеп, әннің авторы Көкбай екенін атап айтып, «Қазақ әдебиетінің тарихы» кітабының бірінші томында жазды. Енді А.Жұбановтың сөзін толық келтірейік:

«Музыка дүниесінде елеусіз болып өтіп бара жатқан адамның бірі – Көкбай. Ол Абайдың айтуынша: «Өлең жиған тырбанып, ән үйренген ырғалып». Абай бұл жолдарды еріккеннен жазбаған. Оның үстіне Көкбай «Әудемжердің» авторы деген сөз расқа шығып келеді, Көкбай Ленинге арнап ән шығарған адам… Ол осы «Әудемжермен» тынып, басқа ән шығармағаннның өзінде де әңгіме етерге тұрарлық әнші. Өйткені «Әудемжер» – әннің еркесі. Әсіресе, оны марқұм Мәжит Шалқаров орындағанда әннің шоқтығы шығып, барлық кескіні көз алдыңа келетін. «Әудемжер» – лирикаға толы, үлкен азаматтық әуені бар, қазақтың классикалық ән қорында ауыз толтырып атауға тұратын шығарма. Біз оны музыкалы пьесаға енгіздік. Бірақ, ол Әудемжердің» өзгерген, «арықтаған» варианты болды. Аса зер салып қараған кісіге «Әудемжерде» үлкен драмалық кезеңдер де кездеседі.

Көкбайдың ақындығы көпке мәлім де, ал оның әншілігі, ән творчествосы қаға берісте келе жатыр» («Қазақ әдебиетінің тарихы», бірінші том, екінші кітап. Қазақ ССР Ғылым академиясының баспасы, Алматы, 1964 жыл, 188-189-беттер).

Сөйтіп, музыка тілін терең түсінетін, сергек сезімді, ұшқыр қиялды, кең ойлы, зерттеуші ғалым – Ахмет Жұбанов. Көкбайдың «Әудемжер» әнінің мән-мағынасын, сыр-сипатын, көркемдік, эстетикалық қасиетін айқындап, ашып берген.

Мен Ахмет Жұбанов марқұммен 1947 жылдан бері жақсы таныс едім, Алматыда болған кездерімде үнемі жүздесіп, әңгімелесіп жүретінбіз. «Замана бұлбұлдары» кітабын баспаға әзірлеп жүрген кезінде өзім жақсы білетін Естай туралы және Мәди жайында біраз деректі мағлұматтар да бергенім бар. («Замана бұлбұлдары» 429-430-беттер).

1964 жылы шыққан «Қазақ әдебиетінің тарихы» кітабында басылған «Фольклор және музыка» деген үлкен мақаласында Көкбай және «Әудемжер» әні туралы жазғанын оықған соң, бірер жыл кейін (1965 не 1966 жылдар болса керек) Алматыда болған кезімде, әдейі Ақаңа барып, сәлем беріп, Көкбайға ерекқе көңіл бөлгеніне қуанышымды білдіріп, алғыс айттым. Әңгіме арасында: «Ақа, сіз мақалаңызда Көкбай «Әудемжердің» авторы деген сөз расқа шығып келеді және Көкбай Ленинге арнап ән шығарған адам дейсіз… «Әудемжер» сол кісінің әні дегенді Көкбайдың ең жақын адамынан есігенім бар еді. Ал Ленин туралы ән шығарды дегенді естігенім жоқ. Бірақ, Көкеңнің Ленинге арнаған өлеңі менде бар», – дедім. Ақаң «Қайым, сен оған күдіктенбе, ол – даусыз, анықталған мәселе. Әдебиет тарихына арналған мақалаға кітап шығып бара жатқан соң, Көкбайды әдейі кіргіздім. Көкбайдың әншлігі, «Әудемжер», Ленинге арнап шығарған әндері жайлы жеке жазамын. Ол туралы деректер жеткілікті. Ленинге арнаған өлеңінің бары жақсы болды…», – деді. Қайда, қандай деректер бар деп сұрауды қолайсыз көрдім. Көкбай туралы әңгімеден әңгіме туындап кетті. Бұл менің Ақаңмен ақырғы жүздесуім болды. 1968 жылы Ақаң дүниеден көшті. Көкбай туралы жазды ма, жаза алмай кетті ме, біле алмадым.

«Көкбайдың» «Әудемжер», Ленинге арнап шығарған әндері туралы деректер жеткілікті», – деген сөзі мен үшін жұмбақ сияқты болып қала берді. Сұрамағаныма өкіндім. Өзім музыка маманы болмаған соң, бұл мәселеге қайтып оралғаным жоқ.

***

Ахмет Жұбанов қайтыс болған соң, он жылдан кейін, 1978 жылы Ирина Левицкаяның «Живые драгоценности (документальная повесть об Александре Викторовиче Затаевиче, композиторе, этнографе, открывшем миру неведомую дотоле страну прекрасного)», – деп аталатын кітабы қолыма түсті. Қызыға, құныға оқыдым. Затаевичтің 1925 жылы шыққан «Қазақ халқының 1000 әні» және 1931 жылы шыққан «Қазақ халқының 500 әні және күйі» деген екі кітабымен жақсы таныс болатынмын. Енді И.Левицкаяның кітабынан Затаевичтің қолжазба күйінде қалған қазақ әндерінің үшінші жинағы бар екенін білдім.

И.Левицкая кітап жазып жүргенде Москвада тұратын Затаевичтің қызы Ольга Александровнамен танысып, көп мағлұмат алғанын, әкесінен қалған архивымен таныстырғанын айта келіп: «От нее я узнала, что третий том «Казахскийх записей» хранится в библиотеке Казахской Академиий наук. Что пердан он туда по просьбе ее президента Каныша Имаетаевича Сатпаева, сохранившего о Затаевиче самую светлую память и оргомное уважение», – дейді. Және 1968 жылы Алматыға келіп, Затаевичтің өз қолымен жазылған қазақ әндерінің үшінші жинағымен танысқанын, ол жинақтың Қазақ ССР Ғылым академиясына 1961 жылы октябрь айында тапсырылғанын айтады. Кімдерден қандай әндер жазылғанын біраз атап келіп, Левицкая кітабының 222-бетінде әйгілі әнші Қали Байжановтан Затаевичтің жазып алған әндеріне ерекше көңіл аударып: «Бесценны записи, сделанные у Кали Байжанова. Его «Кокпай» превосходен! – утверждает собиратель» – дейді. Дәл осы сөздерді оқығанда, ойым онға бөлініп, тебіреніп кеттім. Ахмет Жұбановтың бейесі көз алдыма қайта келгендей болды. «Ақаң марқұм баяғыда айтқан, Көкбайдың «Әудемжер» деген сөз мүлде жоқ қой… Енді Алматыға барып, Затаевичтің қолжазбасын өз көзіммен көрмей, көңілім көншімейтін болды. Оның да сәті түсті. 1982 жылы июль айында Алматыда болған кезімде, Академияның ғылыми кітапханасының «Сирек кездесетін кітаптар және қолжазбалар» деп аталатын бөліміне бардым. Затаевичтің қолжазбасы қолыма тиді. Қолжазбаның сыртқы бетінде «Затаевич Казахские записи. Материалы для ІІІ-тома казахской музыки» – деп жазылған. Ән айтып берген адамдардың аты-жөні, әндердің аты, нотасы жазылыпты. Олардың ішінде Әміре Қашаубаев, Манарбек Ержанов, Құрманбек Жандарбеков, Қанабек Байсейітов, Қосымжан Бабақов, Елубай Өмірзақов, Жүсіпбек Елкбеков, тағы басқалары бар екен. Менің іздегенім «Көкпай», «Қали Байжанов» деген есімдер. Әндердің аты орыс және латын әріптерімен жазылған екен. Бір кезде «Кокпай. Kokpai» Қали Байжанов» деп бадырайтып жазылған сөздерге кездестім. Ол сөздердің астында әннің нотасы ғана жазылған, сөзі жазылмапты. «Әудемжер» деген сөз мүлдем жоқ. Мен нота танымаймын. Қандай ән еекнін біле алмай мысым құрыды. Ешкімге еш нәрсен айтқам жоқ. Нота жазуының фотокөшірмесін түсіртіп алдым да, Семейге қайттым. Үйге келе сала нота білетін Қарлығаш деген балама пиантноға ойнатып көріп едім, әйгілі «Әудемжер» әні болып шыға келді.

Енді Көкбай бұл әнді қай кезде, қандай жағдайда шығарған деген мәселеге келейік. Көкбай 1923 жылы науқастана бастаған соң алдында ала қаралып, емделу үшін Ленинград, Москва қалаларына барады. Москва дәрігерлеріне қаралып, онда жатып емделіп, ауруынан айыға бастағандай болған соң, көңілі өсіп, сергіп қалады. Астананы аралап көріп, ондағы қазақ азаматтарымен әңгімелесіп, әсіресе, Ленин жайында жақсы мағлұмат алып қайтады.

Бірақ науқасынан мүлдем айығып кете алмайды. 1924 жылы науқасы қайталап, денсаулығы төмендей бастаған соң, дертке дәрмен іздеп, тағы да үлкен қалаларға барып қаралады.

1924 жылы декабрь айында Семейде Абайдың дүниеден қайтқанына 20 жыл толғанына арналған естелік-кеш өткізілгенде, Көкбай да сол кешке қатысып, Абай туралы естелік әңгімесін айтып береді. Бірақ, ол бұл кезде науқас жеңіп, меңдете бастаған халде еді. Бұл жөнінде Мұхтар Әуезов былай дейді: «Көкбай Абайменен 1880 жылдан бастап, 25 жылдай жолдас болған. Сондықтан бұл кісінің әрі аға, әрі жолдас-дос болған жақыны Абай туралы білген мағлұматтары көп болса керек еді. Бірақ сол 1924 жылы Көкеңнің саушылығы азайып, үлкен ауыр науқасты болды. Ауруынан «емделсем, жазылар ма екен» деген үмітпен, Томск, Мәскеу, Ленинград сияқты қалалардың бірінен қайтып, біріне барып, қыс бойғы уақытын жүріспен алып, орнығып отыра алмады.

Сондықтан, Абай кешінде «Естегіні айт» деп, өзі білген жайларын көп алдына сөйлеп берудің міндетін айтқан уақытымызда да, өзімен жеке әңгімелескенде де, көңілінде алаң көп болғандықтан, Көкең өзі білген жайларының барлығын толық қылып, түгендеп шыға алмады. Сонан соң, 1925 жылдың жазға салымында науқасы ауырлап елге қайтты. Кетерінде «Үйге барған соң, шамам келсе, Абайдың жайын толық қылып жазармын», – деп еді. Елге барған соң, ол уәдесіне жете алмады. Өйткені науқасы жеңіп, әкетіп мұршасын келтірмепті. (Абай. Толық жинағы. 1933 жыл. 385-386-беттер).

1925 жылдың күзінде науқасы асқынып, Көкеңнің халі нашарлайды. Ағайын-туысқандарын жиып алып, енді үшінші рет Москваға жүргелі отырғанын, ауруының аса қауіпті екенін айтып, елмен қоштасады. Нашарлаған халін көріп отырған ағайын-туғандары алыс сапарға шығуын ұнатпайды: «Жете алмайсыз ғой», – деп рұқсат етпейді. Қаракөл деген жерде отырған ауылынан жолға шыққан күннің ертеңінде, Күшікбай кезеңіне жеткен жерде, Смағұл деген кісінің үйінде, 3 октябрь күні Көкбай дүниеден қайтады. Науқасы рак екен.

Сөйтіп, 1923 жылы науқасқа ұшыраған Көкбай бір үміт, қауіптің үстінде жүріп, ақыры 1925 жылы қайтыс болған.

Қазір «Әудемжер» деп аталып, айтылып жүрген әні мен өлеңін Көкбай денсаулығы төмендеп, өмірден күдер үзе бастаған кезінде 1924 жылдары шығарған болуы керек. Оны әннің өзінен де, сөзінен де көрінетін арманға толы, шерлі сарынынан (драматьизм) айқын аңғаруға болады.

Енді әніне Көкбайдың өзі жазған өлеңін келтірейік.

Әудемжер жүре алмаймын

аяғымнан,

Ұстаймын екі қолдап

таяғымнан.

Сайраған Орта жүздің

бұлбұлы едім,

Кәрілік, келіп қалдың қай

жағымнан.

 

Қайырмасы:

 

Япырмау, қай жағымнан,

Шіркін-ай, қай жағымнан.

Қалды-ау, қалды-ау,

Қайран дүние-ай,

Ой, жалған дүние-ай!

 

Әудемжер жүре алмаймын

белім ұйып,

Таба алмай дертке дәрмен

тарттым күйік.

Өлшеулі шіркін, өмір,

өткенің бе,

Кең дүние, кетем сені қалай

қиып,

 

Қайырмасы:

 

Япырмау, қай жағымнан,

Шіркін-ай, қай жағымнан.

Қалды-ау, қалды-ау,

Қайран дүние-ай,

Ой, жалған дүние-ай!

«Әудемжер» әнін Затаевичке айтып беріп, тұңғыш нотаға жаздырған атақты әнші, Қазақстанның халық артисі Қали Байжанов – Көкбайдың замандасы. Қали Көкбайдан 15-16-ақ жас кіші. Қали Байжанов қазіргі Павлодар облысының Баянауыл ауданында 1877 жылы туған. Ол, әрине, Абайдың және ұлы ақынның досы Көкбайдың да ақындық атақ-даңқына ерте қанық болған адам. Сырттай ғана таныс емес, көрген, білген деп де айта аламыз.

1924 жылы Абайдың дүниеден өткеніне 20 жыл толғанына арналып, естелік-кеш өткізілгенін, ол кешке қатысқан Көкбай туралы Мұхтар Әуезовтің айтқанын жоғарыда келтірдік. Әміре, Әлмағамбет әншілер де сол кеште болып, Абайдың әндерін айтқан. «Қазақ тілі» (қазіргі «Семеі таңы») газетінде жарияланған хабарда: «Осы жылы (1924) 29 декабрьде Луначар клубында, қазақтың байтақ даласында өткен атақты сыршыл ақын Абай (Ибраһим) Құнанбайұлының дүниеден өткеніне 20 жыл толғанын еске түсіру үшін, Семейдегі: «Географическое общество» еске алу кешін жасайды. Кеш тәртібі: «1. Абай өмірбаяны. 2. Қазақ әдебиетіне сіңірген Абайдың еңбегі. 3. Мінез көріністері (Абайдың жолдасы Көкбай ақсақалдың әңгімелері). 4. Абайдың әндері (әншілер: Әміре, Әлмағамбет). Келушілерге билет тегін беріліп, кеш сағат алтыдан қалмай басталады. Кеш өткізу комиссиясы атынан – Әлкей Марғұлан».

Осы келтірілген деректерге сүйеніп, 1924 жылы Қали Байжанов Көкбаймен Семейде кездескен дейміз және сол кезде «Әудемжер» әнін Көкбайдың өз аузынан естіген деп ойлаймыз.

Затаевич Қалидың айтуы бойынша нотаға түсіріп, өзі баспаға әзірлеп жүрген «Қазақ әндерінің» үшінші жинағына кіргізген. Тегінде, Затаевич Қалимен бірнеше рет кездесіп, кездескен сайын оның аузынан қазақ әндерін жазып алып жүрген. Затаевич 1926 жылы Семейге келіп, одан ел аралап шыққан сапарында өзі көруге көптен құштар болып жүрген Қалимен июльде Қарқаралыда тұңғыш рет жолығып, танысқар. 1927 жылы апрельде Москвада кездеске. (Александр Затаевич. «500 казахских песен и кюйев». Алма-Ата, 1931. 264-265). Одан кейін де жолығып, Қалидың айтатын әндерін жазып алған. Қали Байжанов 1926 жылдан бастап, 1933 жылға дейін Алматыда, Қазақ драма театрында қызмет істеген. Қали 1966 жылы 90 жасында Қарағандыда қайтыс болды.

Біз көрген «Қазақ әндері» деп аталатын, 1963 және 1978 («Ауыл кеші көңілді») жылдары басылып шыққан жинақтарда «Әудемжер» Ақан серінің әні деп берілген.

Кейбір орындаушы-әншілердің өздері айтып жүретін тәуір деген әндерін, авторын анық білмесе де, Ақан сері не Біржан сал сияқты атақты әнші-ақындарға таңа салатын әдеттері болатыны ежелден белгілі нәрсе.

1920 жылдардан бастап, Ақан серінің өмірін, әншілік, ақындық өнерін зерттеп жазған, бірде-бір ғалымның еңбектерінде Ақанның «Әудемжер» деген әні, өлеңі бар деп айтылмайды. 1935 жылы Сейфуллин бастырған Ақан сері өлеңдері жинағында «Әудемжер» деген өлең аталмайды. «Қазақ әдебиетінің тарихы» кітабында Ақан серіге арналған үлкен мақалада «Әудемжер» деген ән де, өлең де ауызға алынбаған. Басқасын тізіп айтып жатпай-ақ қояйық.

1963 жылы Ақан сері шығармаларының толық жинағы басылып шықты. «Жалпы редакциясын басқарып, арнаулы редакциясы мен текстология жұмыстарын жүргізген және «Ақан сері» атты зерттеу жұмысын жазған филология ғылымдарының кандидаты, ақын Әбілда Тәжібаев. «Шығарушылар алқасы. Өнер ғылымдарының докторы, профессор А.Жұбанов, филология ғылымдарының докторы, профессор Е.Ысмайылов, филология ғылымдарының кандидаттары А.Нұрқатов пен Ә.Тәжібаев (бас редактор) және ақын А.Шамкенов». Кітапта Ақан серінің 118 өлең, әндері басылған. Олардың ішінде «Әудемжер» деген ән де, өлең де жоқ. Сөйтіп, Ақан серіде «Әудемжер» деген ән де, өлең де болмағанын көреміз.

Өмір бойы қазақ халқы компоизторларының, әншілерінің, солардың ішінде Ақан серінің тарихын зерттеп, бірнеше кітап, әлденеше мақала жазған Ахмет Жұбанов «Әудемжер» Ақанның әні деп айтқан емес.

«Әудемжер» Көкбайдың әні деп атап жазып, зерттеп, әннің мазмұн-мағынасын ашып, талдап берген Жұбанов емес пе?

«Қазақ әндері» атты жинақтарда жарияланып жүрген «Әудемжер» әнінің өлеңі де дұрыс берілмеген. Өлеңнің екінші шумағындағы: «Кім тілер кәрілікті жанын қиып, тиынды біреу берген олжа көріп, жүремін жас кісідей дүние жиып» деген сөздер Көкбайдың аузынан шыққан сөздер емес, үлкен мағыналы әннің қадірін төмендетіп тұрған, қисынсыз қосылған бөгде сөздер. Әннің қайырмасындағы «Сәулем-ау… қалу-қалу-қала-ләлу» дейтіндер де бұл әнге қабыспайтын жат сөздер.

Көкбайдың өзінің әнін, өзінің сөзімен дұрыстап айтатын болайық!

Қайым МҰХАМЕДХАНОВ,

«Қазақ әдебиеті», 13.05.1983 жыл.

ПІКІРЛЕР1
Ахмет 19.09.2018 | 11:59

Оқушы кезімде «ҚӘ»-ден сүйсініп оқыған мақаламның бірі еді, қайта жарияланғаны дұрыс болған екен. Мақала деректілігімен, талдауының, логикасының мықтылығымен ерекшеленеді. Бүгінгі музыка зерттеушілеріне жақсы үлгі.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір