САТИРАНЫҢ САРБАЗЫ
15.01.2016
1783
0
824718_224286635_IMG_4830__1_Жетісу жеріндегі қасиетті Қарадала топырағы – талай тарландар мен оғландарды өмірге әкелген киелі мекен. Жырымен елді баураған, талантымен көкке самғаған ұландар да қанат қаққан бұл өлкеден. Елдің елдігін, халықтың өрлігін жырға қосқан сөз шеберлерін де дүниеге әкелген бұл дала. Солардың бірі – белгілі сатирик, балалар ақыны Бейсебай Кірісбаев.
Шым-шым шымшымаларымен шымшылап, қаңбақ пен жаңғақты айтыстырып, ер­тегілерімен елітіп, кілтипанның кілтін ашып, ықылықты басып, балалар әдебиетіне тамшыдай емес, таудай үлес қосқан жер­ле­сіміз Бейсебай Кірісбаев тірі болғанда ал­пыстың асқарына шығар еді… Бірақ 12 жыл бұрын бақи дүниеге сапар шеккен қалам­гер­дің артында қазақ әдебиетінің қор­жы­ны­на құйған мол мұрасы, шығармалары қал­ды. Былтыр жыл соңында аудандық Мә­дениет үйінде сатира сарбазы Байсебай Кі­рісбаевтың 60 жылдығына орай «Сати­ра­ның сарбазы» атты кеш өтті. Кешке ақынның қаламгер ағалары мен жолдастары ат арыл­тып арнайы келді. Қазақстан Жазушылар ода­ғының хатшысы, балалар әдебиеті кеңе­сінің жетекшісі, ақын Сұлтан Қалиұлы, бел­гілі балалар жазушы Толымбек Әбді­райым, «Балдырған» журналының бас редакторы Дүйсен Мағлұмов, ақындар Құл­керім Елемес, Болат Үсенбаевтардың ат­басын бұрып келгенін Бейсе ағамыздың шығармашы­лы­ғына деген ілтипат, құрмет деп бағаладық.
Кеш  шымылдығы Бейсебай Кірісбаев­тың өмір жолы, шығармашылығы туралы бейне­­фильммен ашылды. Кіріспе сөзді ал­ған аудан әкімі Алимжан Тохтасунов Бейсебай Кі­ріс­баевтың өнегелі өмірінен, шалқар ша­бытты шығармашылық жолынан баяндама жасап, бұл кештің жастарға рухани азық бо­латынына сенім білдірді. Жуырда ғана шық­қан қаламгердің «Таңдамалы» шығар­малар жинағының тұсауы да дәл осы сәтте ке­сілді. Сатириктің досы Болат Үсенбаев пен інісі Сейсенбай Кірісбаевтың мұрындық бол­уымен жарыққа шыққан жинақтың тұсауын аудан басшысы Алимжан Имтахун­ұлы мен Бейсебай Кірісбаевтың рухани ұста­зы, қамқор ағасы болған Сұлтан Қали­ұлы, жақын досы Толымбек Әбдірайым кесті.
Балалар әдебиетіне қомақты үлес қос­қан қаламгер ағасы Сұлтан Қалиұлы сахна төрінде тұрып Бейсебай Кірісбаев туралы ес­теліктерімен бөліссе, досы Толымбек Әб­дірайым: «Бейсекеңнің жаны да, ары да таза еді. Шығармалары да таза, адал.Адал­дығы оны осындай шыңға жеткізді», – деп балалық шақтан дос болған жанның ерекше баламінезділігіне, ақ жүрегіне тәнті екенін айтып өтті. Сонымен қатар, Толымбек ағамыз Бейсебай досының біз білмейтін біраз қырлары мен сырларын әңгімеледі.Аудан басшылығына көшенің немесе білім ордаларының бірінің атын беру жөнінде өтінішін де жеткізді. Ал «Балдырған» журна­лының бас редакторы Дүйсен Мүсірәліұлы ақынын ардақтап отырған ауданның басшы­ларына алғысын айта келіп, денсау­лы­ғының нашарлығына қарамастан артына өлмес, өшпес мол мұра қалдырған Бейсебай Кіріс­баевты батырға балайтынын, оның шығар­ма­лары арқылы өскелең ұрпақтың талай өнеге алатынын жеткізді. Ал ақын Болат Үсен­баев болса балалар жазушысы Бейсебай Кірісбаевты дүниеге әкелген қасиетті топыраққа бас ие келгендерін, мұндағы жаны жайсаң, көңілі дархан халықтың кең­пейілділігіне тәнті болып отырғанын ай­тып, қос ұлттың арасында өскен дарынның шы­ғармаларын ұйғыр тіліне де аударса деген ниет-тілегін білдірді.
Мұнан соң қарт ұстаз Нұрмаш Сағабаев ата­мыз шәкірті Бейсебай Кірісбаевтың, яғни шәкіртінің таланты мен шығарма­шы­лығын құрметтеп келіп отырған жандарға аталық ал­ғысын білдірді. Бейсебайдың бауы­ры Сей­сенбай ағасының өмірінен өне­гелі естеліктер айтып, бірқатар өлеңдерін оқыды. Жары Тұрсынхан да Бейсебайдай ұлын ұлықтап, шығармашылығын шарықта­тып, абыройын асырып отырған қаламгер жол­дастары мен аудан басшыларына ле­бізін айтты.
Бұл күні жылы сөз де, жүрек тебірентер, өт­кен күннің естеліктері де Бейсебай Кіріс­баев туралы айтылды. Сахнада  бүлдіршіндер бал тілдерімен аталарының өлеңдерін жат­қа оқыды. Аудандық «Жазерке» ұлт-ас­пап­тар, «Арзу» ән-би ансамбльдерінің орын­дауын­дағы ән де Бейсебай Кірісбаевтың құрметіне орындалды.
 Кетпен таудың бөктерінен қанат қағып, та­лан­тымен талайды тәнті еткен Бейсе-аға­мызды ел-жұрты осылайша құрметтеп, еске алды. Бұл кештің жастарға берер тағылымы да, рухани азығы да мол екені даусыз.
Анар Дүйсенбайқызы.
Ұйғыр ауданы,
Алматы облысы.
ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір