Қанағат
15.01.2016
1637
0

 

Баян ТІЛЕНШИНА

Ояндым.
Ойым сергіп таранбаймын,
Өмірде ештеңем жоқ алаңдайтын.
Жүрегім, жаным өлген, қаным кепкен,
Қабықпын.
Баз өмірге бара алмаймын.

Гүлді жасыл көйлегін киіп, жұпар иісі аң­қыған тағы да бір қыз-көктем келді. Соң­ғы кездері Қызтумасты да аурухана ау­ласына шығара бастаған. Дәрінің күші тұ­ла бойын әлсіретіп тастаған ба, әйтеуір ол сөйлегісі келіп тұрса да бойын зіл басып, аузын ашуға ерінетін әдет тапты. Ар­қасын кесек дуалға сүйеген күйі көк­темгі шуаққа қыздырынып, отыра беретін. Кей­де есіне өңі не түсі екені белгісіз, бір жаман елестер түсетін: өрт, күлтелі қызыл жалын желп-желп еткізіп, ұшып бара жат­қан айдаһар басты, төртбұрыш денелі алып бірдеңе… Соқтығыса сақырлаған та­быттар… оның ішінде ыңырсыған, жы­лаған адамдар көмек сұрайды. Олар әр баласы Әуелбек боп мұны шақырады. Бұл жәрдем беруге жүгіреді-ақ, бірақ, бір нә­р­се киімінен іліп, не бір жерлерден қы­сылып өте алмай, жете алмай жүр­ге­ні.
Ауланы айнала жүгіре-жүгіре өкпесі өшкенде, жерге сылқ етіп отыра кететін-ді. Қызтумас қайтадан түрегеліп, киімін ше­шіп тастап, тіпті «іліне беретін» орамалын да лақтыра жүгіреді. Әлдекімдер мұ­ны «ұстап», «шалып құлатып»… Әйтеуір бұл жәр­демдесе алмайды-ақ. Бітпейтін «ке­дер­гілермен» алысып-алысып, діңкәсі құритын.
Қалжырап, дірмәні құрып отырған Қыз­тумастың бетіне суы сорғалаған шү­берек былш етті. Ол аздап тітіркеніп көзін сығырайта ашып қараса, сілесі қатып, бір­еу бүгіліп-жазылып, мұны сұқ сау­са­ғымен көрсетіп, күліп тұр екен. Біраздан соң әлгі адам төрт аяқтап жүре бастады, шо­қиып отырды, ит болып үре бастады. Аздан соң әлгі «ит» ұлып-сөйлеп, сөйлеп-ұлып, одан аула ішін айналып, шапқылап кетті.
…Қызтумас та Апақайға айналды. Қыз салтын жасап, үсті-басын түзеді. Де­несін тіктеп, сызылып, аулада әрлі-берлі жүр­ді. Мына жүргендердің бәрімен «Сә­леметсіз бе? Халіңіз қалай? Зылиханы, Әуелбекті көрмедіңіз бе?» деп сұрау салып жүр. Ақы­ры «тапты».
– Әй, Зылиха, мені ұзатқанда өзің апа­рып салатыныңды білемісің? Мына қыс­қа юбка, биікөкше топлиыңды қой. Етегі кең, ұзын көйлек киесің. Ол саған қа­ла емес, ауыл ғой, – деді сызылып.
Мұның сөзін Зылиха боп естіп тұрған ақ халатты дәрігер:
– Қызтумас апай, қандай биязы едіңіз? – деді.
– Кім?! «Қызтумас?!».
…Манағы төрт аяқтап «үріп» жүрген адам мұның қасына жақындап, абалап тұр­ды да, әрі кетті.
Апақай боп тұрған Қызтумас «иттің» соңы­нан біраз қарап тұрды. Апақай 8-9 жастағы Қызтанға айналды. Ол ұшқыр тайына «мініп» алып, әлгі абалаған «итті» қусын келіп. Ауланы 3-4 рет айналып шапқылап жүгірді.
– Др-р! Тоқта жануарым! Шаршап кеттің ба, а? Теріңді бас-с! – деді Қыз­ту­мас. Өзі су терге түсіп тұрған-ды.
Апақай – Қызтан қасқыр итінің кей­пі­не ауысты. Ол төрт аяқтап тұрды да, арт­қы оң аяғымен жерді бір-екі тырнап, со­сын шоқиып отырып, тұмсығын әрлі-бе­рі жыбырлатып, иіскеледі. «Ыр-р! Ыр-р!» деп айбат шегіп отырғанда баға­нағы «итке» көзі түсті. Салақтаған тілін жиып алды.
– Ай! Бұл баяғы мені жығып қойған ба­ланың иті ғой! Ақтөс, бас-бас! Әйт! Әйт! – деп Қызтумас өзін айтақтап алды да, төрт аяқтап тұра жүгірді. Әлгі «итті» қуып жетіп, желкесінен тістеп, қос қолымен тырнап, шайнап тастады. Жеңді! Уһ, кегі қайтып, рахаттанды-ау!
Бұл ырс-ырс демігіп, терлегенінен киімі денесіне жабысқан күйінде күн­шуақ­қа келіп, кесек дуалға арқасын сүйеп, отыра кетті. «Ақтөс, қой! Жат!», – деді Пірімбет көкесі.
…Ұшқыр тайы әне, анау тұр, бұған қа­рап «кел!» деп қояды.
– Қойшы! Мен ұйықтаймын! – деді Қызтан.
Тайы да бұған қарап, салпиған ерін­де­рін көтеріп, ірі-ірі сойдиған тістерін көр­с­етіп тұрып, күлді. «Ұяттағы-ы! Не ұй­қыны, не мені таңда-а!” – деп адамша сөй­леді-әй!
– И-и-и, еһе-еһе-һе! И-и-еһе-һе!
Дәл осылай кісінеп, Қызтан да «күл­ді».
«Ұйқыбас ие-ем! Хош бо-о-л!» деді бұ­ған алдыңғы аяқтарын аспанға көтеріп. Қыз­тумас та алдыңғы екі «аяғын» аспанға кө­теріп, кісінеп-кісінеп, тайымен қош­тас­ты да, дуалға сүйеніп сылқ етті. Мойнын іші­не тартып, ұйқы ұйығына еніп кетті. Ұйқы пат­шалығында-а маужыра-ап, бал-қы-ып, со-зыла-а ұшы-ып жан-рахатта жүр еді… «Әй, жетпегір жүгермек! Менің жалғыз та­мы­рым­ның түбіне неге балта шаптың, а?! Неге итіңе талатасың, а?! Әй, жауыз! Бір шаңырақтың жалғыз үмітін сен мақау еттің ғой! Сенің де үмітің үзіл­сін!» – деп ашулы кейуана бетіне шапа­лақ­пен шарт еткізді. Шошып оянды.
– Апа, апатай! Кешіріңізші мені-і, апа-а! Балалықпен істедім ғой… Қарға­маңыз­шы мені. – Қызтумас дуалға сүйен­ген күйі ұза-а-ақ уақыт жылап отырды. Ақ халатты әйелді көрді.
«…Мына дәрігер бұған қарап «Қыз­ту­мас апай» деп қояды ғой, ә? Ол кім өзі? Мұның аты… менің атым… кім еді, ә?».
– Қайдам кім екенін, – деп бұл өзіне өзі жауап беріп, сылқ-сылқ күлді. Мұның қызы бар, оның аты – Жәмила! Жә-ми-ләш!
– Не деген әдемі ат, ешкімде жоқ есім! Әй, жарығым-ау, жа-ре-е-ғе-ем! Са­ғын­де-ем ғой өзе-ең-ді-ай! – Апақай кө­зінің жасы жосаланып, айқайлай да­уыс­тап, еңіреп алды. Барынша дауыстады, жып-жылы күннің шуағына бойындағы мұз сезімі еріді ме, кесек дуалға арқасын сүйеп отырған ол көзін жұмып алып, ду­ды­раған шашы дуалға үйкелгеніне қа­ра­май, басын шайқап, аңырай жылады.
Әлден соң:
– Ай, сағынсаң, келер  қызың,  жүрген  тіт-тә қой, жылама! Мұрның да ағып кетті! – деді.
Қызтумас мұрнын қағып, сылқылдап, тоқтаусыз күлді. Оның бір ғана денесінде екі адам, екі тіршілік, екі қарама-қарсы ой, екі ауыз бар сияқты еді. Осы екі құбы­лыс, екі тіршілік бір терінің ішіне сыйыспай, ол өзімен-өзі ұрысып, өзімен-өзі ар­палысып, өзімен-өзі әңгімелесіп, бір жы­лап, бір күлетін.
– Жас баладай боздап… аха-ха-а! Мұр­ны-ын-ың аққа-нын да біл-біл-мей аха-ха-ха-а! – ол ішек-сілесі қатып, ұзақ күлді. Күлгені соншалық, көзінің жасы жаңа ғана жылағанындай, жосалана ақты. – Ой, ішегім-ай! Уһ-һ! Үзіліп кете жаз­дады-ау, байқұсым! – Қызтумастың буын-буыны босап, әлі құрып, кесек дуалға бір иығын бере қалжырап, ұйқыға кетті.
Қорқынышты елес қазірде бұған тү­сіндегідей еді. Түске бола соншалық шар­шағанына күлкісі келіп, сылқ-сылқ күлді. Айтайын деп еді, сөз тыңдайтын ешкім тап­пады. «Немене бәле, ылғи өзімен-өзі се­кектеп жүрген біреулер. Кімдер бұ­лар?».
– Үй ұшпаса, әдірем қалсын. Өлсе қай­тем, өмірем қапсын. Басқа түгіл өз жа­ным қайғы, – Қызтумас сылқ-сылқ кү­ле берді. Бір білетіні – тұла бойы, тіпті са­насына дейін балқып, ұйқы тартып ба­рады. Ол сүйенген күйі күншуақта ұй­қыға кететін.
Бірде ол ақ халатты әйелге жақындап келіп:
– Жеңгей, мен үйге қайтамын. Өз киім­дерім қайда? – деді.
– Қайтқыңыз келе ме? Онда анау бөш­кені сумен толтырып, көмектесе қойыңыз­шы. Қызтумас арық үстінде тұрған бөшкеге шелектеп су құйып еді, ол арыққа ақты. Со­сын шелегін қалдырып, ақ халатты әйелге қайта келді.
– Жеңгей, ол бөшке тесіліп қалыпты, су тұрмайды, – деді.
Ақ халатты дәрігер аңтарыла қарап, қуанышты үнмен:
– Қайтасыз. Қайтарамыз жақында, – деді.
Қызтумас моншаға түсіп, киімдерін ауыстырды.
Ауруханадан анасын Жәмила алып қайтты. Оның сауыққанын көріп, көкіре­гін­дегі көп өксіктің бәрі басылғандай. Жол-жөнекей өзінің тұрмыстанғанын, бір ұлы барын айтты. Құрсағындағы сәбидің жетіліп қалғанына қуана бір қараған Қызтумас оны сөз етпеді.
– Шырағым, Құдай бет алдыңнан жа­рылқасын. Ойпырым-ай! Жәмила, «Жа­ман­дық көрген жеріңнен еңбекте де қаш» деген. Қайын жұртым маған құт болмады, жұт болды ғой. Ол жерге енді барғым кел­мейді. Мені төркініме, әкемнің шаңы­рағына апар. Көмешбұлақтағы сиқымдар мені өлтірмейді. Әуелбектің отын өшір­мей, Құдай жеткізсе, сенің бір балаңды бауырыма басайын, – деді.
Со-но-оу Сайрамнан жолаушылай өт­кен өгіз арба, май таситын арбаларға мін­гесіп, жаяулап дегендей, бұлар екі күн­де Көмешбұлаққа жетті-ау, әйтеуір. Ауыл бәз-баяғы қалпында десе болған­дай, тек бұл ауылда да бірлі-жарым қа­мыс шатырлы үйлер бой көтеріпті. Кө­ше­нің басынан түскеннен қаздаңдай басып, тіке тартқан жүдеу  жүзді екі әйелге бұл ауыл­дың тәмпіш танау балалары ойнап жүр­ген асықтарын тоқтата салып аңта­рыл­ды.
– Кімнің жақындары екен?
– Алдындағы кәрісі дуана сияқты ғой…
– Қоржындары бар…
– Дуана сені қазір қоржынына салып әкетеді. Әй, дуана…
– Апама айтам сені! – Ап-а-а! – үйіне жылап жүгірген бала белінен бүктетіле ең­кейген кемпірді жетектей шықты. Кейуа­на сөйлеп келеді:
– Қайдағы дуана? Кәні? Е, анау екі әйел ме? Кімдікіне келеді екен? Елдің бәрі мақтада… Қой, дуана болса, үйден-үйге кіріп, қайыр сұрамай ма? Бұларың кім мен білейін… – бүкшеңдеп, арттарынан желіп кетті.
Әлгі екеу бір қабырғасы құлап, қаңы­рап қалғалы неше заман өткен Құлан­шының үйіне қайырылғанда… кемпір арық жағасындағы көгалға отыра кетті. «Ен­ді не істейді екен? Кімдер өзі?».
Екі бейтаныстың үлкені үйді құшақтап, тәу етіп бір айналып шықты. Бір нәрсені ай­тып жүр, естілмеді онша. Жылайтын сияқ­­ты ма… «Е-е, әй, бұл әлгі тәуіп қай­на­ға­ның жалғыз қызы – Апақай болмасын де! Ойпырым-ай, оған мүлде ұқсамайды ғой, бірақ… Ойпырым-ай, Алла… Бұл үйге жан баласы аяқ баспағалы қа-ша-а-н».
– Амансыздар ма? Шырақтарым, кім­сіңдер? Бұл үйге… Кімді іздеп жүр­сіз­дер?
Қызтумас кемпірге көз тоқтатып қа­рап тұрды да:
– Сейсе, Зылиха, Пейшенкүлмісің? – деді.
– Иә… Пейшенкүл едім…
– Неғып танымай қалдың, бейбақ. Мен – Апақаймын.
– Ойбұй, бәсе, өзім де шырамытып… Бикеш-ау, амансыз ба? Жақсыдан қалған жәдігерім-ай, тұлпардан қалған тұяғым-ай… қандай күйге түскенсіз? – кемпір Апа­қаймен жылап көрісті.
– Ия, Апақай екен аты, – дейді апала­ры­ның артынан келген топ баланың ере­сектеуі.
– Әй, кім-м… Әй… Бегалы, Бектұрсын, Шералы… а, Қайсар, Қайбар… а, атың кім еді әй, Серік! Серікжан, үйге бар да самауырды далаға екеулеп шығарып, шәй қойыңдаршы, айналайын. Мына әпкеңдер келіп қапты. Ана Зылиха апаң мен Сейсе апаларыңа айт. Сүйінші де, Апақай әпкем келді де! Шәй әзірлесін! – деді кейуана кө­зін етегімен сүртіп жатып, – Тез! Атаң кел­ген соң кешке қарай қой сояр.
Кешкі ымыртта Бейсенкүл апаның үйіне бұл әулеттің тай-тұяғы түгел жиналды. Отағасы Сүкең інілеріне бір қошқарды союды тапсырып, өзі қырғи, бүркіттерін баптап жүр. Сөзге сараң, көңілге жомарт кісі шапқылап жүрген ұрпақтарына қы­зыға қарап қояды.
– Шырағым! Атадан қалған жалғыз едің. Қыз да болсаң әкеңнің түтінін түтет­сем дейсің. Оның жөн. Саған бола қазан көтермейді ешкім. Жүремін десең, осы отыр­ған аға-інілеріңнің бәрінің есігі ашық, төрі сенікі. Бөлек тұрам десең, ер­тең-ақ үй болатындай керек-жарағыңды түгендейді мына Пейшенкүл, Сейсе, Зылихалар. Ім-м, қалау өзіңде, – деді осы әулет­тің үлкен қызы, төбе би болған әке­сі­нің қазына кілтін ұстаған Зәуре әпке.
– Әй, әпке, мен неғылам бұлардың шө­­мішіне телміріп?! Маған бәсіреге ма­лыңның да керегі жоқ, қарай алмаймын. Бергісі келсе, беріп тұрар менің сыба­ғам­ды бұл қу қарлар! Бермесе, бұл ауылдың бәрі өз үйім. Ешкім менің көкірегімнен итер­мейді, – деді Апақай сілкініп.
Апақайдың қазіргі тұрқына төркінде­рінің­ жаны ауырды. «Е, тағдыр-ай! Апа­қай­дың деніне қаяу салып, танымастай өз­герт­кенмен, оның бірбеткей мінезі мен қай­сарлығын, жігерін жасытпапты. Шү­кір» десті.
Жәмила анасының баспанасын әк­теп-көктеп, орналастырып, өз өтеніне қайт­ты.
– Маған алаңдама, қызым. Өлмейтін же­ріме келдім, – деген ол қоштасарда. Бас­қалай амалы да жоқ қызы қимай қа­рап, кете барған.
Ертеңіне біреуі кереует, біреуі көрпе, жас­тық әкеліп, Апақайдың негізгі тұрмыс қажеттілігі өтеліп, өз өтені уығын түзеді. Бі­рақ ол баяғысынша үй шаруасын иге­ріп, үсті-басына қарауды ойламады да. Есік алдындағы жалғыз түп кәрі тұттың тү­біне үш бұтты мосыға қара шәугімді іліп қай­натып, ащылап шәй ішіп отырғанына қа­нағат. «Аспаннан нұр жауған» күні қа­занға ет қайнатылатыны да бар. Болса пияз, картошканы бүтіндей-ақ сала салады, бол­маса қара сорпасы-ақ қарын той­ғызады.
Шынында да, осы ауылдың бәрі – өз үйі. Барса дастархандары жазулы, көр­пе­сі салулы. Әңгіме-дүкен құрып, жең­ге­лерін умаждап, іні-келіндері жынына жақ­паса тілдеп-тілдеп алады. Көнеді бәрі де. Бір қыздың еркелігін көтереді.
Апақайды дүние-мүлік алаңдатпады. Оған қажеттісі – темекі мен нан. Қол­ты­ғына кездескен жерден шәй қайнататын шырпы мен бос бөтелкелерді қыстыра жүретін. Шырпы – отын, шыны – дүкенге айыр­бастар темекісі мен наны. Басқа еш­теңе қажет емес. Күнде, күнара қы­ды­ратын қасиетті мекені – қорым. Әке-ше­шесінің бейітіне барып, шағынып, сыр­ласып қайтады. О дүниеліктер бұл үшін тірі сияқ­ты, кәдімгідей «жауаптаса» сөй­лесіп оты­рады. Солардың «айтқанын» тыңдап, де­геніне тоқтайды. Дала демей, қорым де­мей, қалаған жеріне жата кетіп, демалады, ұйықтайды. Күн демей, түн демей, қалаған кезде үш бұтты ошағына от жа­ғып, шаңғауызын ызыңдата «ән салдырады».
Апақайдың ерсі қылықтары ел ара­сын­да неше түрлі жорамалдар жасатты. «Не дейсің, барған жерінде күндесі ешек­тің миын жегізіп, дуалапты». «Жоқ, олай емес, терең құдыққа тастап жіберіпті. Сон­да басына зақым келіп, осындай тен­тек болыпты». «Жоқ, мақтада жүріп, айда­лада ұйықтап қалса керек. Сонда пері со­ғып кетіпті».
Халықтың пітір-садақасы, қайыры Апа­қайға бағышталды. Түс жорытушылар, құ­дайы бергендер, өлгендерге құран оқы­тып, дастархан жазғандар мұны үйіне әдейілеп шақыратын болды. О дүниеге көшкендердің қалаған киімінен үлес бө­лінді. Апақай бір тиын да зейнеткерлік ақы не мүгедектік жәрдемнен үлес те ал­мады.
Көппен көрген ұлы тойға қанағат.
ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір