БАСШЫ БОЛУ – БҰЙРЫҚ БЕРГЕННЕН БҰРЫН…
15.01.2016
3445
0
822161_1883599834___________Жастайынан физика-математикаға қызығып, ядролық физика саласын меңгерем деген қыз бала әкесінің өтінішін жерге тастай алмапты. Әкесі  қыз балаға тікелей тіл қатып сөйлемейтін, айтқысы келгенін шешесі арқылы жеткізетін әдеп үзілмеген заманда Рахман Ізбасаров зайыбына «Гүлзадаға  айт, ядролық физика саласында жұмыс істеу қыз баланың денсаулығына зиян,  онан да дәрігер болып мені емдесін», – деген екен.

Гүлзада ІЗБАСАРОВА,
дәрігер-анестезиолог,
ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері
Әкесінің осы сөзін екі етпей, дәрігер болуды мақсат еткен Гүлзада РАХ­МАН­ҚЫЗЫ өзінің бар ғұмырын дә­рі­герлік­­ке арнапты. Қазақ қыздарының арасынан шыққан алғашқы дәрігер-анестезиолог халық арасында Совмин аталып кеткен, бүгінгі ҚР Президенті іс басқармасының Орталық клини­калық ауруханасында отыз жылдан астам уақыт науқастарды емдеді. «Әкем Ұлы Отан соғысына қаты­сып, жаралы қайтты, әкем­нің сөзі­нен соң, дәрігер болуға шешім қа­был­дадым. Оқуға түсіп, сабақ бас­тал­ған соң, осы салаға қызығу­шылығым арта бер­ді. Өмірдегі ең үлкен мақсатым – дәрі­гер болу,  жай ғана дәрігер емес, нағыз дәрі­гер болу болды», – дейді бұл күнде құрметті демалыста отырған абзал ана, аяулы әже, дәрігер, ҚР мемлекеттік сый­лығының иегері  Гүлзада Рахманқызы.  Арадағы әңгіме дәрігерліктің қыр-сыры мен дәрігердің қоғамдағы орны жайында өрбіді.
– Қарапайым  халықтың  ұғымында  дә­рі­гер­лік деген адам баласына оқумен  және еңбекпен ғана келеді деген түсінік бар. Десек те, дәрігерлік түйсіктің болатынын жоққа шығара алмаймыз. Сіздіңше, дәрі­герлік түйсік адамда туа бітті болатын қа­сиет пе, әлде келе-келе қалыптаса ма? 
– Дәрігерлік түйсіктің адам бойында туғаннан болуы бірен-саран ғана болар. Өйт­кені, дәрігерлік – келе-келе қалып­таса­тын, жыл өткен сайын жаңа қыры ашылатын қатпары көп, қиын мамандық. Адам медициналық  оқу орнын аяқтай сала дәрігер болып шықпайды. Ол қанша жыл жұмыс істесе, сонша жыл оқуы тиіс. Олай дейтінім, медицина бір орында тұрмайды. Бір орында тұрған дәрігер тоқырайды, ал тоқырау бар жерде даму жоқ. Мен   ғұ­мы­рым­да осы Совмин ауруханасында істедім, ол кезде медицинадағы соңғы жаңалықтар,  жаңа шыққан меди­циналық құралдар осы ауруханаға бірінші жететін. Содан кейін ғана басқа институттар мен ауруханаларға тарайтын. Жаңа құралдармен  дұрыс жұ­мыс істеуді  меңгеру біздің мамандыққа аса қажет. Дәрігер күнде оқуы керек, өзін-өзі күн сайын дамытып, жаңалыққа мейі­лін­ше ілесіп отырмаса, бір орында тұралап қалады.
– Жоғары мінберлерде  Ұлт саулығы туралы жиі айтылады. Дәрігердің көзімен қара­сақ, қазіргі қазақ ұлтының  саулығы ту­ралы не айтар едіңіз? Біздің халық ден­сау­­лықтың қадірін қаншалықты сезі­неді?
– Ең алдымен адам өз денсаулығына өзі жауапты, одан кейін дәрігер. Тіпті, ауруға шалдыққан күннің өзінде адамның ішкі рухы мықты боп, жазылатынына сенгенде ғана ем қонады. Ауруды 50 пайыз дәрігер, 50 пайыз адамның өзі жазады деген қағида бар. Біздің халықтың ең бір жаман әдеті – өзінен бұрын өзгеге сенеді. Әке-шешеле­ріміз  жиі  айтатын «Сақтан­саң, сақтаймын» деген сөз өте дәл ай­тыл­ған. Сырқат адам сырқатынан айы­ға­тынына алдымен өзі сеніп, соған күш салғаны жөн.
– Әйгілі Гиппократ «Адамзатты табиғат емдейді» дейді екен. Табиғат адам тәнін ем­десе, жан-жарасын кітап, өлең-жыр емдейді. Көптеген фильмдерде комаға (терең ұй­қы­ға ұқсас ессіз күй) түскен нау­қастарға жанын­­дағы күту­шілердің көркем шығарма оқып беріп отыратынын көреміз. Оған қарап  көркем әдебиеттің адам жанына сәуле түсірер әсері болатынына едәуір сенгіміз келеді. Сіздің тәжірибеңізде мұн­дай оқиғалар болды ма? Науқастарға кітап оқуға кеңес берген кезіңіз болды ма? Өзіңіз әдебиетке қаншалықты қызы­ғасыз?
– «Адамзатты табиғат емдейді» деген сөз өте дұрыс. Қатты науқастарға, тіпті комада жатқан адамның өзіне, жақсы музыка тыңдатып, ол адам сөйлей алмаса да, сол адаммен әңгімелесіп, тіпті ақыл­дасып, сы­рын бөлісіп отырса, науқастың беті бері қарайды. Ата-бабаларымыз айтатын «Бір аяғы көрде, бір аяғы жерде» деген теңеу дәл осы комада жатқан адамға қарата айтылған се­кілді. Жақсы му­зы­ка, жақсы кітап адам жанының емшісі еке­ні рас, оған шүбә жоқ. Комадан ес жи­ған кей адамдардың айтуынша, науқас пен дәрі­гердің арасында жіңішке жіп жал­ға­нып тұрғандай болады екен, дәрігер алыс­тап кетсе жіп үзіліп кететіндей, жақын келсе әлгі жіп қатаятын көрінеді. Бұл, меніңше, дәрігерге деген сенім мен дәрі­гер­дің науқасты дертінен айықтырамын деп бекінген сертінің белгісі сияқты.
Зейнетке шыққанға дейін мен кө­бінесе өз салама қатысты кітаптарды  қа­радым, ал қазір әдеби кітаптарды оқып жүрмін. Жас кезімде қазақ тіліне шорқақ болдым, ойымды толық жеткізе алмайтынмын. М.Әуезовтің «Абай жолын» бір­неше рет оқып шыққан соң, қазақ тілінде еркін сөйлей бастадым.
– Біраз уақыт халық арасында Совмин аталып кеткен, ҚР Президенті іс басқар­масы­ның Орталық клиникалық ауруханасында  бас дәрігердің  орынбасары  қыз­ме­т­ін атқарған екенсіз. Басшы болу бір басқа, дәрігер-басшы болудың жөні бөлек.  Сіздің ойыңызша басшы болудың бейнеті мен зейнеті қандай? Жалпы басшылық қызмет туралы қандай ой түйдіңіз?
– Отыз жылға жуық бас дәрігердің емдеу жөніндегі орынбасары болдым. Өз кәсі­бім­нің қыр-сырын жақсы меңгермей тұрып, басшылыққа келсем, мені ешкім сый­ламас еді. Біреуге жол көрсету үшін ең алдымен өзің сол жолды танып алуың керек. Консилиум өткізетін кезде өз кәсі­біңді жақсы білмесең,  жиынға басшылық ете алмайсың. Дәл осы талап  дәрігерді ылғи да алға жылжуға итермелейді.
Өз уағында көптеген басшылық қыз­мет­терге ұсыныс жасалды. Бірақ мен ең алдымен дәрігер болуды мақсат еттім. Ем­делушілердің палатасына жиі баратын дә­рі­гердің бірі болдым. Олардың әрқайсы­сының анализ сараптамасын жатқа біле­тін­мін. Басшы болу маған – бұйрық бер­геннен бұрын қамқор бола білуді үйретті. Қызметкерлерді үлкен кіші демей, құрмет­теуге, барынша көмектесуге тырыстым. Көп балалы үйдің үлкені болғасын шығар, осы жауапкершілік ылғи менің мойнымда жүрді. Кез келген саланың иесі секілді, дәрігердің де қате­лесетін кезі болады. Бас­шы адам, менің­ше, қателік  жіберген адамды жазалаудан бұрын ендігіде қай­та­ла­мауын ойлап, соның жолын қарас­тыр­ғаны абзал. Менің ұғымымдағы бас­шы­лық деген – осы.
– «Тегін емдеме,  тегін емдесе дәрігердің, те­гін емделсе, науқастың қадірі кетеді» деген Гиппократ сөзіне қаншалықты қосыласыз. Кейінгі жылдары дәрігер бе­делі төмендеп кетті. Қалтаң қалың болмаса, дәрігер нау­қасқа дұрыс қарамайды яки дәрігердің көпшілігі біліксіз деген түсінік қарапайым халық арасында берік қалып­та­сып қалды. Бұған қарсы тұрудың жолы қан­дай деп ойлайсыз?
– Мен жұмыс істеген уақытта «ақылы ем­деу» деген  жоқ болды. Ол кезде нау­қасты қайтсек аман алып қаламыз, қайт­сек сырқатынан айықтырамыз дей­тінбіз. Емделушіні көптің қатарына қосу­ды дәрігерлік борышымыз, парызымыз деп ұғындық. Әрине, Гиппократ сөзінің де жаны бар, әр адам өз денсаулығын сақ­тау­ға тиіс. Қазір біздің мемлекетте тегін ем­делетін аурулардың арнайы пакеті қарас­тырылған, ал ол пакеттен тыс ақылы емдеу орындары бар. Ол – за­манның талабы. Адамдар арасында ақша берсең, дәрігер жақсы қарайды деп ойлайтындар бар, өз басым бұл пікірмен келіспеймін. Нағыз дәрігер ақшасыз да науқасты шын ние­тімен қарайды. Ел ішінде қалтаға қарай ыждаһат танытатын дәрігерлер бірен-саран кездесіп те қалады… Оған қарсы тұру дәрігердің жалақысын өсіруден бас­талады деп ойлаймын. Дәрі­гердің жалақысы көп болса, ол өз уақытын қосы­мша ақша табуға емес, науқасты қарауға, ізденуге, оқуға, өз білімін жетіл­діруге арнайтын еді…  Дә­рігерлік  қызметтің абыройы ақшасында емес, жиған білімі мен тәжірибесінде.
– «Авиценна» деген атпен әлемге белгілі Ибн Сина жас шағында сол кездегі атақты дәрігерлер  Әбу Сахлем Масихимен, Әбу Рей­­хан әл-Бирунимен танысып, хат алмасып тұрған деседі. Шет мем­ле­кеттердегі дәрігерлермен таныс­тығыңыз бар ма? Әлем­дік медицинадан отандық меди­ци­на­ның қандай артық не кемшін тұстары бар? Сіздіңше, қай мемлекеттің медицинасы өзгелерден озық?
– Әрине, біз көбінде Мәскеудің алдың­ғы қатарлы дәрігерлерімен тығыз байланыста болдық, ой-пікір алмасып, ақыл­дасып, білмегенімізді үйреніп, білгенімізді бөлісетін едік. Медицина саласында мамандар өзара пікір­леспей, араласпай, тәжірибе бөліспей дами алмайды.Осы салада қырық жылдан астам еңбек еттім, жақсы әріптестер, жанашыр достар, талабы күшті шәкірттер таптым, олармен күні бүгінге дейін араласып тұрамын. Отандық медицина мамандары ешкімнен кем емес. Себебі, медицинасы  өзгелерден озық саналатын көптеген елдерде: Америкада, Оңтүстік Кореяда, Германияда, Израилда болдым. Сондағы түйгенім, біздің дәрі­гер­лер мен сол елдегі дәрігерлердің білік­тілі­гі ондағы мамандардан кем емес. Біздің осал тұсымыз медициналық құралдары­мыздың аз­ды­ғында, әрі  олар тым ескі. Қазір емдеу мекемелерін соңғы техникалық құрал­дармен жабдықтау қолға алынып жатыр, бірақ ол әлі де аз. Біздің клиникаға ең алғаш Германиядан эндоскопиялық аппарат әкелген кезде аппаратпен жұмыс істеуді үйретуге келген неміс мамандары біздің хирург-дәрігерлеріміздің қолының ептілігіне таңдай қаққан. Жай ғана ме­дици­налық жіппен жараны тіксе де, жара жазылып кетеді, біз олай істей алмас едік десті. Біздегі дәрігерлердің бір артық­шыл­ы­ғы олар науқаспен тығыз қарым-қаты­нас­та болады, әңгімелеседі, хал жағдайын сұрайды, арада бір жылылық бар. Ал шетелдегі қарым-қатынас белгілі бір механикалық заңдылыққа ғана бағы­нып кеткендей… Әрине, ол жақта өте білім­ді, білікті мамандар көп. Біздегі дәрігерлердің біразы институттың дипломын алдым деп тоқмейілсіп, ізденбей кетеді, осы жайт ме­нің қабырғама батады, кәдімгідей қын­жыламын. Олар күнде ізденіп, жыл өткен сайын келетін жаңа­лықты меңгеруге ұм­ты­лып жатса, біздің еліміздің медицинасы да еш елден кем болмасы анық. Қазір біздегі дәрігерлерден бес жылда бір  рет білім жетілдіру талап етіледі, ал біразын тә­жірибе алмасуға шетелге жіберіп те тұрады. Ол адам ем­дейтін маман үшін аз, дәрігер күнделікті ізденіп отырғаны жөн. Сонда ғана адам шын дәрігер болады. Мен осы жолда көп талпындым, еңбек еттім. Бірақ қанша­лықты нағыз дәрігер бола алғанымды бір Құдай, сосын емделу­ші­лерім білетін болар…
– Зерттеуші Абба Зубайр адам  ағза­сының қосалқы бөлшегін ғарышта өсіруге болады десе ағылшын медицина ғалымдары мен өнертапқыштары 50 жылдан кейін ғалам­ша­ры­мыздағы әр адамның киімі өз денсау­лығынан хабар береді деп ұрандауда. Қа­зақ дәрігерлері медицина саласына қандай жаңалық алып келуге қауқарлы? Дала медицинасы жайында ойыңыз қандай, ол бізде қаншалықты зерттелді?
– 1990 жылдардың басындағы қиын­шы­лық  жылдары біздегі  Фельдшер­лік  Аку­шер­лік Пункттер (ФАП) жабылып қалды. Дәл осы нәрсе ауылдық жерлердегі тұрғын­дар­дың саулығына әсер етіп, алыс аймақ­тардағы мамандардың білік­тілігін көтеруге кедергі болды. Ал кейінгі жылдары ме­ди­ци­наның дамуына айтар­лықтай көңіл бө­лініп келді. Меніңше, бұл дамудың бастауы болмақ. Біздің дәрігер­лердің де зерттеумен айналысып, жаңалық ашуға деген талпынысы бар, бірақ әлемдік дәрігерлерден асып кетті дей алмаймын. Де­­генмен, үлкен көшке ілесудің өзі, меніңше,  жетістік.
Біз­дің еліміздің тұрғындары өзіміздің дәрігерлерден гөрі, шетелдің мамандарына көп сеніп, жиі иек артады. Бірақ өзі­міздің дәрігерлердің сапасын арттырамыз десек, біз оларға сенім артқанымыз абзал. Өзара қалыптасқан сенім қашан да нәтиже берері сөзсіз.
– Әңгімеңізге рахмет!

«Адам денесінің жетілуі – оның денсаулығы; егер денің сау болса, онда оны сақтамақ керек, ал егер сау болмаса, онда денсаулықты жетілдіру керек», – дейді әлемге әйгілі ғұлама, екінші ұстаз Әбу Насыр әл-Фараби. Саналы ғұмырын ұлт саулығын жетілдіру жолына арнаған – Гүлзада Рахманқызының да айтары осы. Сұхбат барысында біз өз ісіне асқан жауапкершілікпен қарайтын, науқасты шын ниетпен емдеу дәрігерлік парызым деп санайтын нағыз маманды көрдік.
Сұхбаттасқан Назым ДҮТБАЕВА,
 Арман ҚҰДАЙБЕРГЕН.
ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір