«…рұқсат беруіңізді өтінем»
06.01.2012
2420
0

817008_1667735715______________«Қамшының сабындай қысқа өмірді» қазекең өткеніне көз салып отырып айтқан-ау, шамасы. Себебі, арттағыға ой жүгірткен жан талай қызықтың тасада қалып бара жатқанын байқайды. Сөйтіп, жадының қатпарына жасырынған жайларды бір сілкінтіп, еске түсіреді. Алматы мен Астана секілді мәшһүр қалалардан шалғайда жатқан ақын Ақұштап Бақтыгереева өткен ғасырдың соңында жазушылық ортада жүріп, талай қанатты сөз қалдырған қазақтың белгілі ақын-жазушыларының мінез, болмысы жайлы жазған естелігі бізді көп ойға қалдырып, ақырында «Есімдегілер» деген жаңа айдарды ашуға ұйғардық. Атақты ақын Әбділда Тәжібаевтың осы аттас кітабы жаңа айдардың жорасына құп келгені қандай ғанибет. Айдардың алдағы нөмірлерімізде жалғасын табары сөзсіз.

ЖҰМЕКЕН АҚЫН АСҚАН ЕТ

Өмірдің жолы бұралаң, адамдардың бір-бірімен кездесуі де кейде қызық жәйт­терге толы болады. Бірақ, күн­делікті күйбең тірлік көбін ұмыт­ты­рып жібереді екен де, ұмытылмас жар­қын сәттер санаң­да ұялап, жүрегіңе жа­зылып қала береді екен.
1971-1972- жылдары ақын ағамыз Жұ­мекен Нәжімеденов Мәскеудегі Әдебиет институтының жоғарғы курсына оқуға барады. Әлем әдебиеті жайлы мамандардан дәріс алу ол кезде кез келген ауылдан шыққан ақын үшін үлкен жетістік екені анық. Жазғы дема­лыс­қа келіп жүрген ақын ағамызға біз мақтаныш сезіммен қарайтын едік.
Сол жылдары біз Фариза екеуміз ком­сомолдық жолдамамен Германияға бір топқа қосылып жол тарттық. Шет елге алғаш шығуымыз. Бір жұмадай неміс елінде ішкен тамаққа көңіл тол­ма­­ғаны рас, етті қатты сағындық. Сон­дық­тан Мәскеуге жеткесін етке бір тоюды жоспарлап, қонақ үйге келе Жұмекен ағамызды іздедік. Ол кезде ұялы телефон жоқ, бірақ, Мәскеу журналдарында толған таныс ақындарымыз бар, солар арқылы Әдеби институттың жа­­тақхана­сын да, вахтасын да тауып, Фариза Жұ­ме­кен ағаны телефонға шақыртты. Алматыда жүргенде де Фариза еркін ер­ке­леп, Жұмекен қалжың қосып, қыр­сы­ғыңқырап сөйлесетін, қазір де солай:
– Менің қарным ашты, – дейді Фариза.
– Оған менің қандай қатысым бар? – дейді Жұмекен.
– Ет асшы, Германияға барамыз деп, өлуге келдік, қасымда Ақұштап бар, екеу­міз саған ет жеуге барайық, – дейді Фариза.
Көп сөзге жоқ ақын, жайлы қоңыр дауыспен:
– Түсіндім, такси алып өздерің ке­лер­сіңдер, – деп, әңгімені келте қайырды.
Мәскеуді Отаным деп ән салып өскен біз өз үйімізге келгендей қуан­дық. Ал Жұмекен ағаның оқып жатқан Әде­биет институтының жатақханасына тура нағашымыздың мекеніне келгендей асыға жеттік. Жымия күліп, жанары сағыныш пен сезімге, езуі жыр мен әзіл­ге толы ақын аға бізге әрі мысқыл­мен, әрі мейіріммен қарайды. Мейірімі – өзі де елді сағынады, әсіресе, Фариза екеуі­нің туған топырағы өте жақын ғой, мыс­қылы – «иә, менің әкемді жұтқан «соғыс­қыш­тар» елінен не таптыңдар» дегендей, бірақ, дауыстап айтпаған ойы еді.
Фариза аман-саулық сұрасып болған соң:
– Қазан-ошақты білмейсің, ет асып ұқсата алдың ба? – деді, ол кезде де сіз деп сызылмаған әдетімен.
– Менің қарным тоқ, бірақ Фаризаға піскен еттен бірдеңе ауысатын шығар, – деп қалжыңдап қойды.
Жұмекен ағада әзір жауап жоқ, бөл­ме­сінің кілтін ашып бізді кіргізді, қа­лай барып-қайтқанымызды сұрады, бірақ жауабын күткен жоқ, шығып кетті.
– Осы біздің ақындарымыз біртүрлі ғой, әлде мазалағанымызға бұлданып тұр ма? – деп Фариза маған қарады.
– Өзің де біртүрлі екеніңді сезбей­сің-ау, өмірі отау ұстамаған қазаққа ет астың ба деп дікілдейсің, «Әне ет, керек пе пісі­ріп же!» десе не демекпіз?! – дедім.
– Екі ақын қарындасының ерке­лі­­гін көтермесе оның несі еркек, – деп Фариза өз мінезіне басты. Біздің қысқа әңгі­меміз бітер-бітпесте жымиып күлген Жұ­ме­кен аға жатақхананың ас пісіретін бөлмесінен шағын табағын көтеріп, бұр­қы­раған ыстық тамақты алып кірсін.
– Екеуің тоятын ет астым, осы жете ме? – деп бізге қарады. Бізді қарсы ал­ғанда жымиған жылы күлкісі әлі жү­зінде сақтаулы жүр.
– Мен етке қамыр илеу білмеймін, өзім де Нәсіптің іңкәлін сағындым, ірі макарон да мұндайда болады екен, оған ренжімеңдер, – деп ақталып тамақты үс­телге қойды. Үстінде мүжитін сүйегі де бар екен, былқып піскен сиыр етін жеуге кірістік. Біз сол бір кездесуді ұзақ көрмей сағынысқан аға-қарындастарша өткіздік. Саусағымызды батырып ірі макарондарды теріп жедік, үшеуміз бір сүйекті бөлісіп мүжідік. Фариза сіңірін ке­сіп берші деп еркеледі, мен ішінде майы жоқ па деп сұрадым. Елді айттық, ақындар жайлы айттық. Кейбір сұрақ­тарына Фариза:
– Дәл осыны мен ренжісін деп айтып отырсың, ал мен ет асқаның үшін, қарсы алғаның үшін осы жолы ренжіме­сем қайтесің, – дейді ол:
– Сенің ренжіген түрің қызық қой… – дейді.
Сол бір жүздесу талай қонақ жинал­­ған дастарханнан жылы болды, сол ақын пісірген ет өте дәмді болды, өйт­кені шын көңіл мен ақын жүрегінің адал сәулесіне бөленгенбіз.
Біз Қазақстандықтар тобын қаздай ті­зіп санап апарған басшылар іздеп қалар деп комсомолдық жолдаманың тәртібін сақтау үшін белгілі уақытта қонақүйге келдік, келесі күні Алматыға ұштық. Фариза екеуміз Жұмекен аға асып берген етті әлі күнге еске аламыз.

ОСПАНХАН ӘУБӘКІРОВТІҢ ҰЛЫМЕН КЕЗДЕСУІ

1980-ші жылдардың басында Жам­был-Байзақов көшелері қиылысындағы жазушылардың ақ үйіне ең талантты сықақшы Оспанхан ағамен көршілес қоныстандық. Жазғандарына әбден қанық біздер ол кісіні көрген бетте күлім­дей бастаймыз. Өзі де жүзі жып-жылы, жүрегі де жылы, ренішке жоқ сыпайы жан еді, Нұрсұлу апамыз да өте жайлы адам. Ол кісі жайлы қызық әңгіме де көп айтылады.
Бір жылдары Оспанхан ағаның үлкен ұлы Азамат сонау Карл Маркс (қазіргі Қонаев) көшесінің бойындағы 12-қазақ мектебінде бастауыш сыныпқа барады. Бір күні түске қарай сабақтан шыққан бала трамвайға отырса, алдында Оспанхан аға тұрады. Баласы Азамат:
– Әке, сіз де үйге бара жатырсыз ба? – деп сұрайды, қуанған қалпында. Жаз­ғаны да, өмірі де әзіл-күлкіге толы сы­қақ­шы ағамыз:
– Әй, бала, не деп тұрсың, мен сенің әкең емеспін, мынау қайдағы бәле, өз әкесін өзі танымайтын, – деп бұрылады да трамвайдан түсіп қалады. Топ адам­ның арасында қыстырылысқан баласы аң-таң кете барады.
Оспанхан ағамыз тездетіп такси ұс­тап үйіне келіп, киімдерін ауыстырып жұ­мыс бөлмесіндегі диванға жатып қа­ла­ды. Ондаған аялдама жүріп, шаршап-шал­ды­ғып, сөмкесін тірсегіне соғып үйіне жет­кен Азамат диванда газет оқып жат­қан әкесін көріп, тағы аң-таң болады.
– Әке деймін, әке, жаңа ғана мен трамвайдан сізден аумай қалған бір ағаны көрдім, – дейді аптығын баса алмай.
– Иә, сен оған не дедің? – деп сұрай­ды, әкесі сабырлы қалпы.
– Әке, үйге барасың ба? – дедім.
– Ұят-ай, бөтен біреуге әке деп жар­масу­­ға ұялмайсың ба, сенің әкең мына менмін, – дейді сықақшы. Баласы әлі аң-таң.
Оспанхан ағаның әр күні жазуы сияқ­ты күлкіге, әзілге, қалжыңға толы болатын.

АЙБЕРГЕНОВ АРНАҒАН ӨЛЕҢ

1965 жылдың күзі, қыздар инс­титуты­ның студенттері Қаскелеңдегі Абай атындағы мектепке педпрактика өтуге бардық. Қала шетіндегі Матрена деген орыс кемпірдің бір бөлмесін төрт қыз жалдап тұрдық. Бір күні мектептен қайтар жолда бұрылыстағы үлкен терек түбінде қойтасқа шығып бір ақын қазақ­ша дауыстап өлең оқып тұр, біз­бен қатар практика өте келген бұрынғы КазПИ (қазіргі АГУ-дың) төрт-бес студент жігіттері қоршап алып тыңдап тұр екен. Бізді көріп жігіттер шу ете қалды. – Қыздар, келіңдер өлең тың­даймыз, Қарақалпақстаннан келген мықты ақын, өлеңдері қызық деді. Ол кезде қыздар келіңіз дегенге оп-оңай бұрыла бермейді, біз үш қыз елең қыл­май кете бардық. Біз бұрылған көше асфальтсыз, мен туфлиімнің өк­шесін тасқа соғып алып сәл кідірдік те ілгері кеттік. Елін сағынып келіп, кімге өле­ңін тыңдатарға білмей, үй-күйсіз үш ба­ласын жетелеп Қаскелеңде жүрген Төлеген Айбер­генов­тің біздің бұрылмай кеткеніміз намысына тигендей болыпты. Студент жігіттер мені сырттай ақын қыз деп таныс­тырыпты, Оралдан екеніме дейін баяндаған ғой.
Арада бір аптадай уақыт өткен. Біз бір мерекелік концерт дайындадық. Сол күні КазПИ-дің жігіттеріне еріп Төлеген Айбергенов те келді. Дайын­дықтың соңына қарай жігіттер жаңа келген ақын­ға да өз өлеңін оқытып, бағдарла­маға қосуды ұсынды. Ол кезде көрермен өлең тыңдауға өте құштар болатын. Біреулер қыздармен айтыстыру керек дегенді ұсынды, әйтеуір, у-шу. Поэзия кештерінде менің ауызекі шумақтар айтатыным бар-ды. Ақұштап айтыссын деп қыздар жағы да шуылдасты. Ол кезде айтыс деген жоқ еді. Келесі күнгі дайындыққа тағы келген ақын бір ғажап сағыныш жайлы өлеңін оқыды, біз бағ­дарламаға қостық. Бі­раз­дан соң домбыра сұрап алып үш шумақ өлеңді тамақ қырған жәй дауыспен әнге қосып айтты.
Сен маған душар болдың
Батқанда бақтар сырға,
Мен саған сусар болдым
Қатқанда қаңтар шыңға.
Деміме менің алқынған
Сен енді тоқтарсың ба,
Оралып өткен алдымнан
Оралдан ұшқан көк қаршыға.
Сен жүрсің жанарымда
Жолы боп басқа өлеңнің,
Тастары табаныңда
Жарқылдап Қаскелеңнің.
Қыздар шу ете қалды. Маған жауап бер тез дейді. Өлең сөздері төгіліп тұр екен, менің де шабытыма әсер етті, тіліме сол ұйқаспен мына жолдар оп-оңай орала кеткені
Жырыңа қанбайтынмын
Ауатын назарым көп,
Мен сені ойлайтынмын
Жастықтың базары деп,
Жалынның барлығына
Күймес деп ойлайтынмын
Саусағы әр бұрымға
Тимес деп ойлайтынмын
Екенсің қызық ақын
Алмастай өткірлігі,
Қыз көрсе қызығатын
Болдың ғой көптің бірі, –
дедім. Студенттер мәз болды, жауап күтіп қол соқты. Ауызекі айтысқа жоқ ақын тез бұрылып шыға жөнелді. Кейін бұл өлең А-ға деген атпен көлемдірек жазылып кітабына енді. Бұл менің Айбергеновпен алғаш кездесуім болса, оқу бітіргесін Оралға келіп редакцияда жұмыс жасап, 1967-жылдың жазында Алматыға қайта оралған едім. Бір топ ақын Қарақалпаққа кеткелі жатыр екен. «Қазақ әдебиеті» газеті редакциясына келіп Төлеген перзентханаға Үрниса деген келіншегіне телефон шалды. Тас бұйра қара шашы шашылып кеткен, егіз қызым бар деп ентіге сөй­леп, туған жеріме кетіп барам, қуа­ны­шым кеудеме сыймай тұр деп шы­ғып кетті. Ол сол сапардан оралған жоқ. Үрниса Хұсни-Хорланын құшақтап перзентханада қала барды.

ОСПАНХАН ҚАТЫСҚАН ШӘРБАНУ ҚҰМАРОВАНЫҢ ТОЙЫ

1970-1971-жылдарда Жазушылар Одағының Әдебиетті насихаттау бюросы жемісті жұмыс жасады. Үш қалам­герден тұратын ақын-жазушы ел ара­лай­­­­тын. Қызықты кездесулер, оқыр­­­­­­манмен әңгіме, ақындар айтып кет­­кен деген тапқыр ойлы шумақтар ел аузында гулеп тұратын бір қызық дәурен еді.
Бір күндері Шәрбану Құмарова сондай сапардан көңілді оралсын. Қызыл­орда облысын аралаған қалам­герлер Аралға соғады. Қызықты кездесулер мен ән-күйге бөленген думан кештерде ән салған Шәрбану бір өнерлі жігітке ұнап қалады. Махаббат деген де ойламаған жерден жабысатын дерт қой.
Шәрбану Ырза Қунақовамен дос, ал Ырза Фариза редакторы болған «Қазақ­стан пионері» газеті редакциясында қыз­мет істейтін. Мен «Жұлдыз» журналында. Мұқағали Мақатаевпен қызмет­теспін. Таңертең жұмысқа келіп отыра бергенімде Фариза телефон шалды:
– Бүгін түскі шәйді біздің редакциядан ішеміз, Ырза дастархан дайындап жатыр, Шәрбану елге барып бір жаңалық әкелген дейді, анық-қаны­ғын өз құла­ғың­мен өздерінен естірсің, – деді.
Қазіргі көкбазар жанындағы баспалар үйі ол кезде ғажап көңілді сияқты еді. Қалам ұстаған журналистер мен ақын-жазушылар бірі кіріп, бірі шығып, пікірлесіп, сөйлесіп, жазғандарын редак­цияларға апарып, сәлемдесіп, сырласып жүретін еді. Жиналып шәй ішетін де уақыт табылатын. Біздің де шәйіміз бұл жолы дәмді болды. Шәй үстінде Ырза қуанышы қойнына сыймай тұрған адамша ынтыға сөйлеп, біздің Шәрбан сыңарын тапқан, осы сапарда бір ғажап өнерлі жігітті кез­дес­тір­ген, оны ұнатқан, өзі де ұнаған, серт берісіп, сөз байласып қайтқан, ке­шікпей той болады дегенді жеткізді.
Бір қаламдасымыздың бақыт тап­қанына неге қуанбасқа, біз де құт­тық­тадық. « Әйел қырық шырақты» деген ғой, өзі әнші, өзі биші, қаламы бар, ойы бар, келбеті де келісті Шәрбану бақыт­ты болуға лайық деп тарадық. Кешік­пей күткен күйеу де жетті, Алма­ты­ның бір ресторанында шағын той өткіздік. Тойға Әбіш Кекілбаев бастаған Шәрбанудың курстастары келді, Аса­нәлі Әшімов Майрасымен болды. Жазушы, әртіс, ағайын-туыс бір көңілді жиын өткені рас. Күйеу Аралдан келген Төлеу Қосанов деген, сөз десе сөзі, ән десе әні бар, шешен, пысық сөйлесетін, адам жатырқауды білмейтін, пішімі де мол жігіт болып шықты.
Сол кештің орта тұсында құттықтау сөз Оспанхан Әубәкіровке берілсін. Көңілді қауым жымыңдап сөзден бұ­рын күле бастадық. Оспанхан аға негізі шаршы топта суырылып сөй­лемейді, ыдық-быдық екі сөйлем айтады, ал жазғанын оқысаң ғой ішегің тү­йілетіні. Жұрт түгел сатирик жазу­шыға назар ау­дарған, тыңдап отыр. Ол болса бір оралған ша­ғын қорабын ашып әуре. Ашты. Ішінен қағазға оралған нәрсені алды, оның орауын ашып жерге тас­тады, қорапты да таста­ды. Менің әкелген сыйлығым бар еді дейді, орамдардан әлі таппайды. Жұрт ду күліп қайта күтеді. Шыдамсыз біреу дауыстап жібереді:
– Әй, Оспанхан, болсайшы, ол не сыйлық таптырмайтын соншама?
– Асықпа! – дейді сатирик. – Уһ, тап­тым, таптым! Енді арнап жазған өлең оқиын… – Әр қалтасын бір ақ­та­рады, әзер деп бір қағазды төс қал­та­сынан алып оқыды. Сондағы өлең:
Шәрбанжан түстің бүгін келін болып,
«Танкібай» сен де жеттің ебің болып,
Екеуің бұдан былай айырылмай
Мәңгіге қалыңдаршы желімделіп.
Сыйлығым «Суперцемент» деген желім-клей. Бұл темірді де, ағашты да қатырып тастайды екен деп, өлеңдегі «Танкібай» сөзіне түсініктеме берді. Төлеудің теңеуін кәдімгі танк деген сөзден алдым деді. Оспанханның сол тойдағы әр қимылы күлкіге толы еді.

ПРОСТО ДОМБЫРА

Атақты ақ үйіміздің төртінші кіре­берісінде сыншы Зейнолла Серікқалиев тұрды. Сөзге сараң, мінезге ауыр, орынсыз күлмейтін, көппен тез араласа кетпейтін ұстамды азамат еді. Ондай­ды қазақ бір ізбен кіріп, бір ізбен шығады деп суреттейтін сияқты. Қар­сы келсе бас изесетінбіз, менің қа­сым­дағы үйел­мелі-сүйелмелі үш қы­зымды көргенде жас балапанға үңіл­гендей ерекше бір елжіреп қарап күліп-күліп қала беретін, кейде бұрылып жанарымен шығарып салып тұратын. Осы көзқарастан сәбиге деген сағы­нышын сезу қиын емес еді, сондық­тан мен Зейнолла Серікқалиев келе жатса ол өтіп кеткенше қыздарымды дәлізде бө­гелтем, не бұрыштан алдап-сулап сырт жаққа алып кетіп, үйді айналып кір­гізем. Адамның бала сүймеуі де үлкен қасірет екенін сезіну де ауыр ғой. Оның үстіне Есенжол Домбаев құр­дасында үш ұл, елге барғанда Зей­нол­ланың әкесін көргенін, жалғыз ұл­дан ұрпақ сүймегенге өкінетінін әңгіме арасында айтып қалатын.
Біздің отағасы (Ғабдрахим) Атырау­лық қой, елден сәлемдемеге ол кезде ба­лық пен икра көп келетін. Ал Зейнолла Серікқалиев Теңіз ауданынан, ол да балықты ұнатады. Бір күні балық тү­сіріп жатқанда Есенжол да, Зейнолла да есік алдынан шыға келіп:
– Оһо, бүгін Ғабдрахимнан балық жейміз, – дейді. Әрине, солай болады. Кешкісін біздің үйден балық жеуге бәрі келеді. Тағы да көңілді жиын. Ол кезде жаспыз, адам жатырқау жоқ, біреуге біреу еріп келе береді. Бәрі дос сияқты… Кімдер болғаны түгел есімде жоқ, әйте­уір, әңгіме айтылып, күй тартылып, ұзақ отырыс болғанын білемін. Ол кездің балалары да «мықты». Бір бөлме у-шу, екіншіде олар ұйықтай беретін еді.
Есте қалғаны Зейнолла Серік­қа­лиев­­тің мінезі еді. Біраз қызу болатын. Домбыра сұрап алып «Қарабас» күйін ойнады. Араларында бір домбыраны нашарлау ойнайтын біреуге көңілі толмай ренжи бастады.
– Сен қой, олай тартпа! – деп батып айта алмайды. Өзі мінезі жұмсақ. Со­ған қаратып, «Әй, мынау просто домбыра», – деп домбыра ұстаған қолын жоғары көтеріп тұрып кетеді. Қате ой­нағаны үшін, домбыраны ойыншық еткені үшін ұрысқан түрі. Анау тағы бірдеңе шіңкіл­детеді, Зейнолла тағы домбыраны алып, «Әй, мынау просто домбыра», – дейді, орнынан тұрып кетеді. Домбыраны қорлама дегісі келген сөзін айта алмайды. Бәрі оның «просто домбыра» деге­ніне мәз болып күледі.
Жуырда Оралдағы Қазақ дра­­ма театрын­­да қойылған Қуандық Мәдір деген суретшінің еңбектері арасынан «Ал­қа­ра­көк» атанған Зейнолла Серік­қа­лиевтің суретін көріп, сол бір көрші тұрған жылдар көз алдымнан сусып өте шықты. Әт­тең, мына суретін төріне іліп, бетін­дегі тозаңын сүйіс­пен­ші­лікпен сүртіп қарайтын бір тұяқ қал­мады-ау деген ауыр оймен оралып, осы бір сәтін қағаз­ға түсіргенім еді. Иманы жолдас болсын!

ШЕРХАН МҰРТАЗАҒА АРЫЗ

1974 жылдың жазы. Шерхан аға «Жұл­дыз» журналының бас редакторы. Ол кісі өз қарамағында жұмыс жасайтын жастарды әрі тәрбиелеп, әрі талап қойып, әрі еркелетіп ұстайтын. Таланттар мінезін қатты ұғатын. Әсіресе, Оралхан Бөкей Шерхан ағаға сәбише еркелеп сөйлейтін, еркін жүретін. Шерхан аға­ның мейірі бәрімізге жететін. Фаризаны да ерекше бағалайтын. Сол жылдарда, яғни, 1973-жылдары «Жұл­дыз» журна­лындағы әдеби қызмет­кер маған поэзия бөлімін уа­қыт­ша бас­қаруды тапсырды. Өйткені, бөлім бастығы болған ақын ағамыз Мұқағали Мақатаев Одақтың ұй­ға­руымен Мәс­кеудегі Әде­биет инсти­­­­­туты жа­нын­да­ғы жоғар­ғы курсқа оқу­ға аттандырылды. Шерхан аға мені шақы­рып алып, бізде журналистикада қазақ қыз­дары өте аз екенін, менің бөлім бас­қару үшін Ком­му­нистік пар­тия­ға мүше болуым шарт екенін тү­сін­дірді.
– Биыл күзде Жазушылар одағынан екі адамға партия қатарына өту мүм­кін­дігі барын да айтты. Бірі – Әб­діков Төлен, бірі – мен. Енді мінездеме жасап, Уставты жаттауың керек, өзім қада­ға­лаймын. Анкетаны парткомнан алып толтыра баста, – деді. Басымды изеп, ке­­лісіп шықтым.
Аяқастынан Шерхан аға құрып берген жоспардың быт-шыты шықсын. Ойда жоқ кеште домбырамен ән салған жігіт­тің дауысына жүрегім діріл қағып, жалт ет­кен жанарынан жараландым, ол да ынтық, мен де ұнатам.
«Көгімнен шықты басқа күн,
жарқырап кетті аспаным,
қарсылық еткен достың да,
сөзіне құлақ аспадым.

Әсем ән тұрды үнімде,
бір шаттық тұрды түрімде,
қарсылық еткен сорлы анам,
көнерін білдім түбінде.

Не болар демей алғы күн,
не сыйлар демей тағдырым,
жаныма жайлы дәуреннің,
құрбан қып кеттім барлығын», –
деген жолдарды сонда жазған едім. Бә­рін тастап, Ғабдрахимға еріп сол күз­де Атыраудан бір-ақ шықтым. «Жұлдыз» журналынан кетерде Шерхан аға демалыста еді, қол қоятынына сеніп мынадай арыз қалдырдым. «Жұлдыз» жур­на­лы­ның бас редакторы Шерхан Мұр­­­­­­тазаев­қа поэзия бөлімінің уақытша меңгерушісі бол­ған Бақтыгереевадан арыз. Ақындық жолдан шаршағанымды ескеріп, қатын болып кетуге рұқсат беруіңізді өтінем». Шерағаң бұл арызды оқып жігіттерге ай­тып мәз-мейрам болып күлген екен. Кейін «дұрыс болды» деп арқамнан қақ­ты. Міне бұдан 37 жыл бұрын жазыл­ған арыздың сыры осындай.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір