Бір хаттың әлегі
26.06.2015
1550
0
886656_1929120967_18Аудандық «Социалистік шаруашылық» газетінде әдеби қызметкер боп қызмет атқарғаным бар. Редакторымыз Қайыпназар Шотбасов. Толық денелі, танауы үлкен кісі. Бір күні мені шақырып: «мына хат ауылдық тілшіден келген, қорытып, жауапты хатшыға бер, осы номерге жіберсін», – деді редакторымыз. Басшыға қарсы айтар уәж қайда? – Мақұл дедім де, кабинетке келіп, хатқа көз жүгірттім. Шөпшілер жайлы жазылған екен. Дәл осы уақытта ауданда шөп шабу науқаны жүріп жатқан. Ұзын-ырғасы дұрыс секілді, аздап сөздерін түзеткенім болмаса, тілшінің о бастағы жазғаны сол қалпында қалды. Дереу қорытылған хатты хатшыға тапсырдым. тапсырманы орындаған соң, арқамдағы ауыр жүк жеңілденгендей болды. Бірер күннен соң редактор мені шақырды. Ол кісінің қызметкерлерді қызмет бабымен шақыра беретіні үйреншікті жағдай. Әдеттегі шақырысы болар деген ойда бардым. Жо-жоқ. Қабағы қатулы, мені көргеннен:
– Өй, сен не былықтырып жүрсің. Біреудің уыздай қызын «қатын» дегенің не? – деді де: – Осы мәселе бойынша үгіт және насихат бөлімі шақыртып жатыр. Мә, не жазғаныңды өзің оқып шық, – деп өткенде қорытқан хатты көзімнің алдына шұқшитты. Іштей оқыдым, дұрыс сияқты. Сол жерде қырсығым ұстады:
– «Қақа «аспаз келіншек» дегеннен басқа ала-құла сөз жоқ. Бұл, ауылдық тілшінің қатесі, – деп шыр-пыр болдым.
– Әй, бала несіне қырсығасың. Онан да әлгі қыздан кешірім сұрап, хат жаз, дұрысы осы. Ал мен үгіт және насихат бөліміне кеттім, – деді. Көп ұзамай қайта оралды да: «Әй, бала тұзың жеңіл екен. Жазадан оңай құтылдық, бара бер, бұдан былай хат дегенге мұқият қара, – деді қайта шуақтана.
Мәселенің мәнісі былай болған екен: ауылдық тілші біреудің тұрмысқа шықпаған қызын «аспаз келіншек» деп жазып жі­бе­ріпті. Бұл жағдай көпке дейін мені ұялтты. Бір күні болмаса бір күні қыздың әкесі келіп, айқай-шу шығарардай күй кештім.
Қақаңның біздің руға күйеулігі бар еді. Бірде оның: «Әлгі қыздың жайы не болды. Күйеуге шығып кеткен болар, ә?»– демесі бар ма. Онысын «қайным» деген базынасы деп ұғып:
– Иә, қыз да «қанша қолда ұстасаң да орманға қарай ұлитын бөрі… жуықта оны қашып кетті деп естідім, – дедім. Қақаң болса қарқылдай:
– Ха-ха!.. Солай де. Сенің «келіншек» деп жазғаның түрткі болған-ау, тегі. Әлде ішіңе бүккенің басқа ма? – дейді маған.
Көп ұзамай бұл қызметтен өз маман­дығым бойынша мал дәрігерлігіне ауыстым. Жұмыс бабымен қателескен тілшінің ауылын­дағы шаруашылыққа баруыма тура келді. Ол ауылда да сыйлас, дос-жаран бар. Шаруашылықтың комсомол бөліміне Алик есімді құрдасым жетекшілік ететін. Мені ұшыратқан бойда:
– Ауылға көптен келмеп едің? Әй, жазғышым-ай, біреудің қызын «келіншек» деп бүлдірдің-ау, есіңде ме? Жай келдің бе, әлде жазуға ма? – деп, қағытып жатыр. Мінезі сондай. Ішіндегісін жасырмай, бетіңе айтады. Мінезін білетін мен «үндемеген үйдей пәледен құтылады…» дегендей, ақталып әуре болмадым. Қашанғы сөйлесін. Әудем уақытта арыны басылып:
– Сені түсінемін, ол әлгі ауылдық тілшінің қатесі, кәзитке бірер мақаласы шыққан соң құтырды әбден, енді арыз жазуға көшті, – деп соңғы «жаңалығын» айтты.

Т.СӘРСЕНОВ.
Қарағанды.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір