Үмітке толы әңгімелер және…
26.06.2015
1401
0
Мерзімді баспасөз бір қым-қуыт, ызу-қию уақытта, бірақ өзіне аса қатысы жоқ, көңілсіздеу ортада өмір сүріп жатқандай көрінеді. Соңғы бес-он жылда қаншама газет-журнал ашылып, жабылып қалды. Ашыла саламыз, жабыла саламыз. Баспадан сайтқа, сайттан архивке оп-оңай көше саламыз. Тіпті, әжептәуір оқырман жинап жүрген, ауыл-үйде беделі бар дейтін басылымдардың өзі осылай істеп отыр.


Талғат ЕШЕНҰЛЫ,
ақын, журналист

887838_957072308_____________Құдды ақпарат кеңістігіндегі бәсекеге төтеп бере ал­май, майдан даласын тастап шыққан қазақ журналис­те­рі­нің жеңіліс шеруі басталғандай. Оқырман үшін ешкім кү­рес­пейтін болды, әлден-ақ газеттің жаназасын шы­ға­рып қойған секілдіміз.
Ақиқатында, мәселе анау айтқандай күрделі емес қой. Егер уақыттың еншісіне қалдырсақ, газет дәл осы күйін­де әлі де өмір сүреді. Қисынға салсақ та – солай.
Бі­ріншіден, мерзімді баспасөз қазақтың ХХ ғасыр­дағы тасқа басылған тарихы іспетті. Ол заманда радио көбіне рухани-мәдени қызметтерді атқарды, теледидарға 80-ші жылдардан кейін ғана жаппай қолымыз жетті. Ал оқыр­ман үшін газет-журнал оқу, оған тұрақты жазылу интел­лек­туал­дылықтың өлшемі саналды, «газеттен оқыдым ғой» деген сөз ақиқаттың соңғы инстанциясы сияқты болды. Міне, сол дәстүрлі оқырман әлі де бар және бұлар жасы қырық пен алпыс-жетпістің ортасындағы белсенді оқырмандар.
Екіншіден, оқырманның уақытын үнемдейтін, санасына көп салмақ түсірмейтін, кәкір-шүкір, жеңіл-желпі ақпараттар әлеуметтік желіде селдей ағып жатыр. Бірақ оқырман санасындағы ақпаратты құр қабылдап қана қой­май, әр нәрсені сүзгіден өткізуге, жіліктеп талдауға құмарлығы, оңаша қалғанда, жұмсақ кереуетке жамбас­тап жатып «сауат ашатын» әдетіміз ешқайда кеткен жоқ қой.
Бұған жаманды-жақсылы дамып келе жатқан мемле­кет­тік құрылымды, сол мемлекеттегі өзінің сайлау еркі мен таңдау құқы туралы бас қатыра бастаған астана жұр­тындағы естияр ортаны, әділ де шынайы, балама ақ­парат алғысы келетін ауыл-аймақтағы орта тапты, солар­дың табиғи сұранысын қосыңыз.
Ақыр соңында Батыстағы атышулы басылымдардың қағаз түрінде де, электронды түрде де қатар, ешқандай қайшылықсыз, кедергісіз, табысты жарық көріп жатқанын еске алыңыз. Ал олар газеттің басына осыдан жиырма жыл бұрын-ақ құлпытас орнатып тастаған болатын.
Жалпы, ерте ме, кеш пе, кітаптың, газеттің, теледидар­дың – кез келген ақпарат алу құралының кейпі, мән-мазмұны өзгеретіні белгілі жайт еді ғой. Өзгеріп жатыр. Олай болса, шығармашылық кәсіп иелері де «ит өлген жы­­лы журналдардың тиражы жүз мың еді» дейтін ес­телік­терден немесе «кітапты былғары мұқабамен, газет­ті қағаз күйінде ғана оқимын» деген ескі стереотип­терден арылуы керек деп ойлаймын. Жаңа өмірге, жаңа талап пен игіліктерге тезірек бейімделуі, ыңғайлануы тиіс. Сонда ғана біз газеттің өткені, ақыры туралы емес, бүгіні жә­не құндылығы туралы үмітке толы әңгімелер айтып отыратын боламыз.
Әрине, үмітке толы әңгімелерден бөлек, кей мысалдар мерзімді баспасөздің басына бұлт үйіріп, уайым ша­қыратыны да рас. Жалпы, журналистиканың қоғам­дағы сая­си, мәдени, әлеуметтік роліне, болашағына әсер етпей қоймайтын, етіп жатқан факторлар да аз емес. Мә­се­­лен, бұл күндері дыбыс жылдамдығымен дамып келе жатқан әлеуметтік желінің журналистикаға әсерін алайық. Әлеуметтік желідегі жойдасыз ақпарат нөпірі, бетімен кеткен «сөз бостандығы» мен дарақылық, даң­ғой­лық таза, сауатты, салмақты журналистиканың орнын алмастыра бастады. Кез келген тақырыпқа жазыла салатын жайдақ, жадағай екі-үш абзац (екі-үш абзац жазуға кемел ақылдың, үлкен дайындықтың керек емесі анық) пікірсымақты көпшілік «сараптамалық мақала, журналистика» деп қабылдайтын болды. Сол екі ауыз сөй­лемді ұялмай-қызармай жазатын «сылдырмақ адам­дардың» (люди-погремушки) типі – әлеуметтік желінің спикерлері және онысын күн құрғатпай жариялап отыратын сайттардың тобы пайда болды. Ең өкініштісі, нағыз журналисте жауапкершілік бар еді, бұларда жауапкер­ші­лік­тің иісі де жоқ болып шықты. Олардың жорғалығы мен мәнсапқорлығы, танымалдыққа өлермендігі жан шошытады.
Алғашында біздің өзіміз де осындай пысықайларға елігіп журналистен принципсіз, циник насихатшыға, қара басымыздың насихатшысына айналып кеткенімізді сезбей қалып жататын болдық. Енді бұрынғы оқырманмен сыр-сұхбатымыз, диалогтарымыз сыңарезу монологтарға айналды. Келе-келе, жазу табиғатымызда, ой, сөз сұл­ба­сында халыққа, оқырманға ділмарсып, жоғарыдан сөйлеу, кім көрінгенді орынсыз кінәлау, күстаналау кө­рі­ніс бере бастады. Сосын дереу қойдық желідегі ав­торлықты.
Бұл біз сүйіп таңдаған, шексіз қадірлейтін мамандыққа көлеңкесін түсіретін бір ғана мысал. Мысал көп…

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір