Валидол ішіп жүрміз ғой
26.06.2015
1681
0
Жас журналистер, тіпті, сөз майданының кейбір сақа тартқан сарбаздары да Шерхан аға Мұртазаның «Журналистің арқалағаны – алтын, жегені – жантақ» деген лебізін жиі қайталауға құмар. Көркемсөздің хас шебері бұл сөзді қалжың ретінде айтқан шығар деймін мен. Әсілі, қазақ ауыз әдебиетінде, әфсаналарда бұлай деп түйені немесе құлағы салпаңдаған есекті меңзеуші еді. Журналистер қауымына бұл бейнелі сөздің ұнауына қарағанда өздерінің әлгі көнбіс жануарлардан онша айырмашылығын таба алмағандарынан болар. Не дерсің, жұрттың көбі қалай да нағыз адам болудан қашқақтаған күрделі заманның шынайы көрінісі осы шығар.


Жаңабек ШАҒАТАЙ,
«Түркістан» газеті
Бас редакторының орынбасары

887701_1149773477__MG_1748Расында, айырма бар ма? Кейде кейбір жур­на­листердің жазғандарын оқып отырып, әлгі көнбіс жануар­лар да қалам ұстай білсе, дәп осылай сіл­тей­тін шығар, шіркін-ай, деп қиғаш ойдың қылаңы­та­тыны да бар. Бір әншінің: «Тапқайсың жүрегімнің дауа­­сын», – деп қиыла өтінетінін естігенде валидол ішкім келіп кеткен. Қолыңа кейбір басылымдарды алғанда дәп осындай күйді бастан кешетінің де рас. Соның бәрі көптеген журналистердің сөз құді­ре­тін мойындамайтындығынан, тіптен киелі сөздің қа­сиеті барлығынан мүлдем бейхабар екендік­терінен туатын жан төзгісіз жағдай.
Жалпы, әлемде журналистиканың терең дағда­рыста екенін талай білгірлер көп уақыттан бері қын­жыла айтып жүр. Тіпті, әйгілі Владимир Познер орыс журналистикасы қалың батпаққа біржола құ­лады дейді. Арзан сенсация іздеу, оны қолдан жасау, қа­ғазға түскен жазуына жауапсыз қарау, өсек-аяң­ды өршіту, жан-жақты терең сараптаманың жоқтығы әлем­дік журналистиканың құнын құлдыратқан се­бептердің бір парасы ғана.
Марқұм ұстазымыз Тауман Амандосовтың «Га­зет­тің өзі бір күндік болғанымен, сөзі мың күндік» де­ген сөзін қаперге алушылар қазір мүлдем азайған кез ғой.
Жә, кәсіби мерекеміздің қарсаңында күңірене бермей, журналистиканың ұстанымы қандай болуға тиіс деген қиын сауал төңірегінде ой қозғап көре­лік­ші.
Жоғарыда айтып өткенімдей, әлемдік журналис­тика рухани терең дағдарысты бастан кешуде. Оның объективті себептері де көп. Соның бірі – дамыған ел­дерде қоғамды жаппай елең еткізетін, көпшіліктің пі­кірін бір арнаға тоғыстыратын өмірлік тақырып­тар­дың өзі таусылған. Мемлекеттік тіл мәселесі тү­бегейлі шешілген, шенеуніктері қабылдауға келген қарапайым адамға жайылып жастық, иіліп төсек бо­лып, алдынан кофе алып жүгіреді. Ол жағынан ал­ғанда қазір ұлттық журналистиканың жұлдызы жо­ғары. Біз ұмтылатын, біз қол жеткізуге тиіс жайттар көп. Мемлекеттік тілдің мүшкіл халі, әлі күнге қо­ғамның қазақтілді және орыстілді болып бөлініп отыр­ғаны, қалаларымыздың қазақыланбай қалуы, көп­теген жастар ана тілін менсінбейтіндігі әрбір са­налы азаматты қынжылтары шындық. Бармақ тіс­тетеді. Бірақ жалпы журналистер қауымының қа­зіргі кездегі ұлттық мүдде, ұлттық құндылықтар үшін күресі нәтижесіз кетпейтіні аян. Ұлттық мүдде үшін күрескендер қазақтың келешегі үшін күресуші­лер. Олар­дың еңбегі із-түзсіз кетуі мүмкін де емес.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір