Қазақ өнеріне әлемдік өріс ашқан
26.06.2015
2117
0
887421_1899287514_IMG_2131Соңғы жылдары ұлттық музыка өнерін, соның ішінде ұлт рухына айналған тұлғаларымыздың шығармаларын жұртшылыққа кеңінен танытып, шетелге насихаттауды қолға алып жүрген азаматтар бой көрсете бастады. Солардың бірі – республика халқының сый-құрметіне бөленіп жүрген көрнекті кәсіпкер Медғат Құлжанов. Жүрегі жырлап, көкірегінде күй күмбірлеп тұрған ол қазақ өнерінің шынайы жанашырына айналды. Өткен мамыр айында Астана мен Алматы қалаларында ұлы Абай мен Шәкәрімнің шығармалары бойынша үлкен концерттер қойылды. Сол жобаны дүниеге әкелген де Медғат Құлжанов еді.

«Әке көрген оқ жонар…» демекші, Медғат жас­тайынан қазақтың ән мен күйін құлағына сіңіріп өсті. Әкесі де, оның қарым-қатынас жасайтын адам­­дары да шетінен өнерпаздар еді. Олар қай­сыбір басқосуларда таңды таңға ұрып ән салатын. Өз бойында да құмарлық бар Медғат қызыға тың­дай­тын. «Құлақтан кіріп, бойды алар…» Абайдың, Шә­кәрімнің әндері жанына нұр ұялататындай еді.
– Қасындағы достарымен бірге әкем домбырамен Шәкәрімнің әндерін оңашада, жасырын, тығылып айтатын, – деп еске алады Медғат. – Мен ол кезде не бары он-он бір жастамын. Танымы да, та­ғылымы да мол осындай сазды әндерді неге жа­­сырып айтады екен деп ойлайтынмын. Әкем кей-кейде үйдің есігін ішінен тарс жауып алып Шә­­­кәрімнің шығармаларын тыңдап, өлеңдерін оқитын. Сөйтсем, ақынның «халық жауы» ретінде қараланған кезі екен ғой. Сол қауіпті жылдарда да оның төлтумаларына деген халық махаббаты өшпеген.
Шәкәрім Құдайбердіұлы 1958 жылы ақталғаны болмаса оның шығармалары оқырмандарына шын мәнінде 1986 жылдары ғана жетті ғой. Жұрт Шә­кә­­рім­нің музыкалық шығармаларын құлшына қабылдаған сайын, оның ішкі иірімдік құпияларын игеруге деген менің қызығушылығым жылдан-жылға арта түсуде.
Бұл күндері кәсіпкерлік саласында жолы оңға­рылып, үлкен табыстарға жеткен Медғат Кәрімұлы ұлт руханиятын, әсіресе, музыка өнерін, соның ішінде Абай мен Шәкәрімнің әндерін әлемдік үл­кен сахналарда танытуға бар ынта-ықыласымен кі­ріскен. Осы саладағы ең бір ауқым­ды жобасы да Абай мен Шәкәрім шығармалары негізінде бри­тандық композитор Карл Дженкинске тапсырыс беру арқылы жасатқан сюиталары.
– Медғат Кәрімұлы, осы бір ауқымды музыка­лық шығарманы дүниеге әкелуге сізді кім итер­ме­леді? Әрі бұл игілігі мол іске қай кезден бастап кірістіңіз? – деп, әңгімеге тартқан едік.
– Мен 2005 жылы Астанада Абай Құнанбаев­тың туғанына 160 жыл, 2008 жылы Шәкәрім Құдайбер­діұлы­ның туғанына 150 жыл толу мерейтойларын өткізуге тікелей мұрындық болдым. Әрі Шәкәрім ақынның екі томдық шығармалар жина­ғын жарық­қа шығаруға демеушілік жасап, сол кітаптардың тұсаукесер кешін өткіздім. Кеш барысында тек Құ­дай­бердіұлының ғана музыкалық шығармалары, яғни әндері ғана орындалды. Ақын әндері осылайша жұртшылыққа кеңінен таныстырылды. Міне, осы іс-шараларды жүзеге асыру үстінде Шәкәрімнің музыкалық шығармаларын әлемдік аренаға шы­ғару идеясы туындаған еді. Сөйтіп, Құдайбер­ді­ұлы­ның әндерін кәсіби тұрғыда орындайтын, ел мойындаған әнші Келденбай Өлмесековты әдейі іздеп Семей қаласына бардым. Әншіні Алматыдағы ән жазу студиясына алып келіп, 20 әнін жаздырып алдым. Осы қарсаңда әкем­нің досы Ниязбек Алдажаровтың орын­дауын­дағы ақынның өлеңдері жазылған ескі күйтабақ қолыма түсті. Бірақ ондағы жазылған шығарма­лар­дың жазылу сапасы өте нашар еді. Соларды өң­деп, жөндеп, қал­пына келтіріп, тыңдармандарға қайта ұсындық. Ән сүйер қауым дұрыс қабылдаған сол төлтумалардың ноталық жазбаларын өзімде сақтадым. Кейінтінде осы шығармалардың бәрін жинақтап, тыңғылықты зерттеу жұмысын жүргізуге британдық композитор Карл Дженкинске бер­дім.
Британдық композитордың қазақ музыкасымен жұмыс жасау тәжірибесі бұрыннан жалғасып келе жатқан. Соның бірі, қазақстандық тағы бір кәсіпкер Сапар Ысқақовтың тапсырысымен қа­зақ­тың белгілі композиторларының шығармалары не­гізінде жазылған «Тілеп» дискісі еді, – дейді Ме­д­­ғат.
Осы дискідегі шығармалардың сапасы Кә­рім­ұлына аса қатты ұнайды.
– Сол дискідегі жиынтық әндер ішіндегі Абай­дың бір шығармасы маған өте терең ой салды. Кәсі­би тұрғыда ғаламат жазылған. Ендеше Шәкә­рім әндерінің жазылу сапасын осындай биікке неге көтермеске! – деген ой түртпектеді мені. «Мыл­­тықтың басуына, құланның қасуы дөп келді» де­мекші, сол кезде ұлым Шыңғыс Лондонда тұра­тын, – дейді Мекең. – Уақыт оздырмай телефон ша­лып, оған Дженкинспен жедел хабарласып, Шә­кәрім әндері бойынша симфония жазып шығу­ға өтініш жаса дедім.
Міне, осылайша британдық сазгермен қарым-қатынас жиіледі. Оны жақсы білетін, Лондондағы Королева оркестрінде ойнаған атақты скрипкашы Марат Бисенғалиевқа Карлды жақын таныс­тыруға өтініш жасалады. Бәрі де сәтті орайына келіп, Шә­кәрімнің бүкіл музыкалық жазбалары компо­зи­тордың қолына тиеді. Олармен тыңғылық­ты таныс­қан Дженкинс симфония жазуға келісімін береді. Айтылған мерзімде тиісті тапсырыс та орындалады. Дұрыстап қабылдау барысында жа­сал­ған Шә­кәрім шығармаларын тыңдай отырып, оған ақын Тынышбай Рахымовтың «Алтайдың ар жағы­нан келген ару» әні қосылып кеткені анық­тала­ды.
– Соны байқап қатты қиналдым, – дейді Ме­кең. – Өйткені, батыстық тыңдармандар аңғармауы мүмкін. Ал қазақстандықтар үшін ұят жағдай ғой. Тіпті, сауатсыздық болар еді. Сөйтіп, Карлдан ол ән­ді Құдайбердіұлының «Анадан алғаш туғанда» әнімен ауыстыруын сұрап, сол әнді көз алдында өзім орындап та бердім. Осы арада қайшылықтар туындады. Маркетинг үшін ештеңені өзгертуге бол­майтынын айтып, Бисенғалиев қатты ашуланды. Бірақ бұлай қалдыруға бәрібір болмайды ғой. Ақыры тапсырыс беруші мен өз дегенімді жасаттым. Әрине, бұл жерде бәрін де қаржы шешіп жатыр ғой.
Айтар ауызға оңай болғанымен, бұл жұмыстың өзіндік қиыншылықтары аз болған жоқ. Лондон­да­ғы әлем музыканттарына таныс Abbey Road студиясында Королеваның Симфониялық оркест­рі­нің сүйемелдеуімен әндерді жазу үшін қазақ ұлттық аспаптарында ойнайтын музыканттар сол жаққа жеткізілді. Сөйтіп, 2010 жылғы 10 қазанда Ұлыбританияның үздік, үлкен концерт залдарының бірі – Royal Festival Hall-да Карл Дженкинстің же­текшілігімен Королева Симфониялық оркест­рінің үлкен концерті өтеді. Оның бірінші бөлімінде өнер сүйер қауымға жете таныс The Armed Man шығар­ма­лары орындалып, екінші бөлімде Қазақстаннан келген фольклорлық сазгерлер мен Ұлыбритания­ның Ұлттық Жастар қорының біріге сүйемелдеуімен «Шәкәрім» сюитасының әлемдік тұсаукесері өтеді. Қазіргі заманның ең мықты композиторларының бір аранжировка жасаған, Еуропадағы ең таңдаулы оркестрдің сүйемелдеуімен атақты Британ хоры­ның орындауындағы қазақ әндерін үш мың адам­дық зал «құлақ кескен танадай» тыныштықта, селт ет­пей тыңдап, сюита аяқталысымен дүркірей қол соғады. Бұл – Медғат Кәрімұлы үшін үлкен жетіс­тік еді.
«Бәрін де қаржы шешіп жатыр» демекші, бүкіл музыканттардың жолақылары мен жатын орын, ішіп-жемдері мен барлық жазбалар төлемдерін, жалпы бұл жобаны толық жүзеге асыруға жұмсал­ған қаржыны Құлжанов мырза өз мойнымен кө­тер­ді. Міне, ұлттық қазақ өнерінің нағыз жанашыры, нағыз азамат деп осыны айтпасқа шараң бар ма!
– Араластықта жұмыс жасап жүрген Марат 2012 жылы Алматыда қазақстандық композитор­лар­дың бірінші концертін өткізді, – дейді Мекең әңгімесін ары сабақтай. – Оған мен бұл жерде жоқ болғандықтан, туыстарым қатысты. Залға жинал­ған музыка жанкүйерлері бұл шығармаларды аса жылы қабылдапты.
Міне, осындай қазақ ұлттық аспаптары бар оркестрдің сүйемелдеуімен Нью-Йорктың «Карнеги Холл» залында өткен концерт те батыс көрермен­де­рінің шығыс сазгерлеріне қызығушылығын ай­ғақ­­таған болатын.
Сондай-ақ, өткен жылы Шығыс Қазақстан об­лысының бұрынғы әкімі Бердібек Сапарбаевтың өтінішімен Семей, Өскемен қалаларында өткен концерттерге де қарақұрым халық жиналды, әрі концерт соңында ризашылықтарын білдіріп жатты. Бұл концерттер жергілікті өскемендік оркестрдің сүйемелдеуімен орындалған еді. Алғашқыда олар бұл шығармаларды кәсіби дәрежесінде тыңдарман­дар­ға жеткізе алар ма екен деген күдік те болған еді. Бірақ олар шынында да ғажайып шеберлік та­нытты. Хордың орындалуы да таңданарлық еді. Жеке дауысты хор жетектеуші әнші орыс ұлтынан болса да, еш мүдіріссіз таза қазақша шырқады. Мұндай хор Өскеменде бұрын болмаған деп айтуға да болады. Оларға әдемі де ұнасымды киім тіктірі­ліп берілді. Осы оркестр, осы хор, осы құрам кейін­тін­де Астанада өнер көрсетті. Мұнда да тиісті қар­жылық шығындарды көтерген Медғат Құл­жа­нов.
– Осылардың бәрін жинақтап, ой сарайынан өт­кіз­геннен кейін Дженкинске екінші күрделі шы­ғарма – Абай әндері бойынша сюита жазуға тағы да тапсырыс бердім, – дейді Кәрімұлы.
Бұл жұмыстың да асай-мүсейі аз болған жоқ. Дегенмен, алғашқы тапсырыстың сабақтары көп нәрсені үйреткен еді. Шығармаларды қабылдау кезінде көңілден шықпаған, өзгертілуге тиісті фраг­менттер тапсырыс берушінің талабына сай жү­зеге асырылуы қажет. Мұндағы музыканттардың барыс-келіс, жүріп-тұру – іс-сапарлық шығындары, қаламақы да бұрынғысынша Медғат Құлжановтың қалтасынан жұмсалды. Бірақ әлі де тапсырыстағы же­тілдіруге тиісті қайсыбір өзгертулер толық жа­сал­­мағандықтан Мекең Марат Бисенғалиевтың Нью-Йорктегі Карнеги Холлда екінші сюита бойынша концерт өткізейік деген ұсынысынан бас тартқаны рас. Қаржыландырудың басқа көзі табы­лып, американдық көрермендерге концерт бе­ріл­ді.
Біз концерттен соң Қазақстандағы ақпарат құралдарының бәрі қазақстандық шебер скрипкашы Марат Бисенғалиевтың шығармашылық жетістігінің арқасында ғана қазақ сюиталарының екінші тынысы ашылғанын дабыралағанын айттық Медғат Кәрімұлына. «Сіз туралы ешкім ештеңе айт­пады. Бұл түсініксіздікті қалай қабылда­ғаныңызды айт­саңыз?» – деген ұсыныс жасадық.
– Бағана, сөз ретінде Алматыда өткен концерт­те өзімнің болмағанымды айттым. Расында да концерт жүріп жатқан кезде де, концерттен соңғы баспасөздік ақпараттарда да бұл жобалар кімнің идеясы бойынша жасалып, кімнің тапсырысы бойын­ша жүзеге асырылғаны туралы ештеңе ай­тыл­маған. Яғни еш жерде менің атым аталмаған. Барлық абырой Марат Бисенғалиевтың еншісіне тиген. Дегенмен, арада біршама уақыт өткеннен соң, Марат маған телефон соғып, Астана мен Алматы қалалары көрермендері алдында концерт бергісі келетінін айтты. Қаржыландыратын бірді-жарым инвесторлар да табылған екен. Оның тарапынан қойылған бір шарт – концерт барысында Абай мен Шәкәрімнің аттары аталмауға тиіс екен. Оның бұл әрекетіне менің таң қалғаным соншалық, не дерімді білмей, тілім байланып қалды. Ақыры бұлай болатын болса, ұлы адамдар шығармаларын несіне әуре-сарсаңға салып, сюита жаздырдық.
– Нәтижесі қалай болды? – деген сауал тас­тадық.
– Концерттік бағдарламаға «May Night» деп тақырып қоюынан-ақ Марат өз дегенін жүзеге асыр­ғанын аңғарып отырған шығарсыз, – дейді Мекең ішкі ренішін жасыра алмай. – Дженкинс – талғам, танымы кең, мықты композитор. Оның Абай мен Шәкәрімнің музыкалық шығармаларына жасаған аранжировкасы музыкалық шеберлік.
– Басқа да мәдени жобаларға қолдау көрсету ойыңызда бар ма? – дейміз біз Құлжановтың ертеңгі жоспарынан сыр тартып.
– Бұрын алға қойған жоспарлар көп еді. Жас ұлғайған сайын қолбайлау көбейе түседі екен, – деген толқымалы ойын алдымызға тартты. Дауыс ырғағына, көңіл-күйін қарағанда «қолбайлау» жастың ұлғайғандығы емес-ау деп топшыладық. Мәдени салада қызмет атқарып жүргендердің қайсыбіреулерінің атаққұмарлығы мен пай­да­кү­нем­­дік­тері де аяққа тұсау бола беретіндігі жасырын емес қой. Қазіргі таңда Батыраш, Қоты­раш­тың қасында жүріп, өз дегеніңе жету, әрине, өте қиын. Десе де қазақ өнерін әлемдік биікке кө­терсем де­ген беталысынан Медғат Кәрімұлы қайт­пай­­тынын пайым, парасатымен-ақ байқатты.
– Біздің әлемге мұнай мен газымыз арқылы танылуымыз жеткіліксіз. Ұлттық өнерімізді, соның ішінде Абай мен Шәкәрімнің музыкалық шығар­ма­ларын дүниежүзінің алдыңғы қатарлы дамыған елдерінің тыңдармандарына жеткізу арқылы да танылуымызға мүмкіндік мол, – дейді Мәкең. – Әсі­ресе, ертеңгі болашағымыз дейтін жастарымыз еуропалық музыкалармен сусындауға бой ұрып бара жатқандары менің қабырғама қатты батады. Оларды бойына, қанына ұлттық, фольклорлық өне­рімізді сіңіруге тартып, баулуымыз қажет. Ен­ді­гі істі сол жастар жалғастырса, нұр үстіне нұр ғой.
Қазақтың дінін, тінін, мәдениетін, тілін өркен­дету­ге күш-қуатын арнап жүрген Құлжановқа:
– Өзіңізді қазақ өнерінің киесі қолдасын! – дейміз.

Еркін ЖАППАСҰЛЫ.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір