Қазақтың қайсар Қайымы
08.01.2016
1410
0
221118_1853958018_______________1Абайдың мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-мұражайында Қайым Мұхамедхановтың туғанына 100 жыл  толуына арналған «Қазақтың қайсар Қайымы»  атты әдеби-танымдық кеш өтті.
Қазақ ұлтының асыл қазынасы мен мәдени мұрасын танытуға саналы ғұ­мырын арнаған Қ.Мұхамедханов сөз өне­рінде, әдебиеттану ғылымында қа­дау-қадау еңбектер қалдырып, дарынды суреткер, парасатты ғалым ретінде танылды. Ғалымның зерттеушілік бағы­тын айқындайтын тақырыбы, ең арналы мәселесі, мақсаты – абайтану ілімі. Ол ұлы ақын шығармашылығын барлық қырынан зерттеуші. 1940  жылы  ашыл­ған Абайдың әдеби-мемориалдық мұра­жайын ұйымдастырудағы ғалымның ең­бегі зор. Бүгінде 75 жылдық тарихы бар музейдегі экспонаттар мен ұлы ақын жайындағы естеліктер, қолжазбалардың жиналуына Қ.Мұхамедханов мол еңбек сіңірді. Музейдің ғылыми қызметін жү­йе­ге түсіріп, Абайдың өмірі мен шы­ғар­машылығына қатысты материалдарды, экспонаттардың көптеп жиналуына ұйытқы болды. Кеш Семей қаласы әкі­мі­нің орынбасары Н.Шарованың алғы сөзі­мен ашылды. Көрнекті жазушы Ме­деу Сәрсеке Қ.Мұхамедханұлы туралы естеліктерімен бөлісіп, Семей қаласы­ның Шәкәрім атындағы университеті ректорының кеңесшісі, профессор  А.Ес­пенбетов Қазақстандағы алғашқы Абайдың  әдеби-мемориалдық  музейінің құрылуы мен қалыптасуына Қ.Мұха­мед­хановтың  қосқан үлесі туралы баяндама жасады. Кешке арнайы шақы­рылған Қ.Мұхамедханов ұрпақтары музей қо­рына жаңадан шыққан «Қайым Мұ­ха­мед­ханов: Хаттар сөйлейді» кітабын тарту етті. Музей директоры Б.Жүніс­беков Қайым Мұхамедхановты музейдің «Абай медалімен» арнайы марапаттап, ғалым ұрпақтарына табыстады. Бұған қоса өзінің жеке архивінде сақ­талған Қ.Мұхамедхановтың бұ­рын жария­ланбаған хатымен таныстырып, хатты Абай музейінің қорына тапсырды. Қайым  Мұхамедхановтың  бұл  хаты 1962 жылғы 1 қарашада жазылған. Ол Абай ауданында көп жылдар ұстаздық еткен және аудандық мекемелерге басшылық жасаған Қайым ағаның әріптес жолдасы Баян Күзембаевқа жолданған екен.
«Қадірлі інім, Баян!», – деп басталатын хатта Қайым аға өз отбасының аман-есендігін білдіре келіп, Абай ауданына  белгілі Рахым  ақсақалдың, Мұхаң, Қойбағар, Біләл, Бәттәш, Нысанбек және тағы басқа азаматтарға сәлемін жет­кізуді сұрайды. Солардың бірі – әде­биетші  және оқырман  қауымға танымал көрнекті жазушы Кәмен Оразалин болатын. Қайым Мұхамедханов пен Кә­мен Оразалиннің  жолдастық  және шы­ғар­машылық байланыстары өмір бойы үзіл­­мегені белгілі. Хаттан белгілі бол­ған­­дай, Қ.Мұхамедханов бұл кезде   ұс­таз­дық  қызметпен  шұғыл­дан­ған. Ға­лым­­­ның хатын оқи отырып, Қайым­ аға­­­ның 50 жылдардың басында  жазық­сыз жапа шеккені жүрегін әлі де сыздататыны байқалады. Қ.Мұха­медханов  өз хатында былай дейді: «…өзім самолетпен келгеніме дән ризамын. Бірақ, айыптаушы,  ақтаушы­сымен, қарулы сақ-сақтау­шы­ларымен ең жоғарғы  жазаға бұйырылып келе жатқан Бейсештің баласы өткен-кеткенді ойға салып, көз алдыма елестетіп, біраз толған­дырды. Сонда да… мына самолеттің іші жұмақ сияқты көрінді. Ағалық көңілмен Қа­йым!». Хат Семейден жазылған. Сондай-ақ кеш барысында ҚМұхамедхановтың шә­кірттері Қ.Жыр­ғалыұлы, Ш.Жанаева, ақын  А.Мана­баев­тың  жұбайы  Рымхан апай есте­ліктер айтып, арнау  өлең­дерін оқыды. Ж.Шайжүнісов атындағы колледж студенттері Қ.Мұ­ха­мед­хан­овтың өмірі мен қызметі  туралы зерттеу жұмыс­тарын жүргізіп, арнайы ғылыми жоба­ның тұсау­­кесерін жасады. Кеште қала­ның өнер  ұжымдары: Абай атын­дағы қазақ драма театрының әртістері, қала­лық Мәдениет сарайының  әнші­лері Н.Иманбаев пен Ж.Шарипов, мәнерлеп оқу  мектебінің оқушылары өз өнерле­рін көрсетті.
ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір