Сөз және көз
08.01.2016
2161
0
Бүгінгінің күнінде кітап оқу мен сөзді түсінудің неге күрделі мәселеге айналғанын қаламгер қауымнан бір кісідей сұрап жүрміз. Өнердің айналасындағы өзге де әріптестерімізден осы мәселенің қыр-сырын білмекке бекіндік. Бұл сұхбат осы мақсатта туды. Әрине, Абайдың сөзін сәл өзгертіп айтсақ, әркімнің «өз сөзі – өзінікі». Ол сөзбен келісуіңіз де, келіспеуіңіз де бек мүмкін.  

Дәрежан ӨМІРБАЕВ,
кинорежиссер
12339635_552746328207302_6401610524478256209_o– Кітапты көп оқитыныңызды білеміз. Көп оқыған қазақ ретінде айтыңызшы, бүгінгі оқырман қандай? Ол нені іздейді, кімді оқығысы келеді?
– 2014 жылы Қазақстанда үлкен бір тарихи оқиға болды: Қазақстандағы қала халқының саны ауыл халқының санынан артып жығылып, қалада тұратын қазақстандықтар 53 пайызға жетті де, ауылдық жерде 47 пайызы қалды. Бұл – урбандалудың басы ғана. Бұдан кейін ауыл тұрғындарының саны тек қана кеми беретіні анық, себебі капиталистік қоғамда қала ауылды тезірек жұтып қоюға тырысады. Мысалы, Жамбыл облысындағы біздің ауыл жақта бұрынғы тұрған халықтың жартысы ғана қалған.  Былтыр мектеп бітіргенімізге қырық жыл толып, елге бардық. Біз мектеп бітіргенде екі қазақ класынан – алпыс, орыс класынынан – жиырма шақты бала түлеп ұшқан едік. Былтыр сол мектепте 11-ші сыныпты тоғыз-ақ оқушы аяқтапты. Бұрынғы ауылдық сексен оқырманнан, көрерменнен қазір тоғызы ғана қалған. Қалғаны – қалада. Демек, біздің ендігі туындыларымыз негізінен қалалықтарға арналуы тиіс. Бұл ауыл халқына арналған дүниелердің керегі жоқ деген сөз емес, әрине. Алайда, ендігі қазақстандық оқырман, көрерменнің көпшілігін қалалық адамның проблемалары, қалалық форма, қалалық тіл, стиль, сипат қызықтырады. Уақыт көшіне ілескісі келетін жазушы, ақын, режиссер, драматург осыны түсінуі тиіс. Ендігі кезеңде ауылдағы тұрмыс-тіршілік туралы, ескінің жырын оқығысы, көргісі келетіндердің қатары, сіз мұны мейлі қалаңыз, мейлі қаламаңыз, кеми түспек. Ал қаланың өз өлшемі, талғамы бар, көргісі, оқығысы келетін дүниелері көп. Мысалы, қазіргі мегаполистің негізгі мәселелерінің бірі – жалғыздық, адамдардың коллективтік психологиядан жеке, индивидуалистік өмір салтына көшуі. Бұл өте ауыр да күрделі, аяғы немен бітері белгісіз процесс.
– Киноның қалаға бет бұрғаны қашан? Және сіздіңше, қалалық проза, қалалық поэзия қандай болуы керек?
– Мақтанғаным емес, провинциядан үлкен шаһарға келген жас адамның жан-дүниесі туралы фильм­дер түсірген режиссердің бірі менмін деп ойлаймын. «Қайрат» та, «Кардиограмма» да, «Студент» те осындай тақырыптарға арналған. Алайда, мен үшін фильм түсіргенде тек қана тақырып емес, форма, киноның тілі маңызды болды. Менің түсінігімде, барлық өнер де солай болуы тиіс сияқты. Операны мысалға алайықшы. Көпшілік көрермен операға оның либреттосы, сюжеті үшін емес, музыкасын тыңдау үшін бармай ма? Мұндағы либретто – мазмұн, музыка – форма. Сол сияқты, киноның да тек өзіне тән,  бейнелер, дыбыстар мен олардың монтаждарынан құралатын, театрға да, әдебиетке де мойынсұна бермейтін тілі бар, біз соны түсінуіміз керек.
Менің ойымша, бүгінгі кез кино­ның әдебиет пен театрға сүйенетін кезі емес, керісінше, соңғы­лардың кино өнеріне қызығатын, содан біраз нәрсені алатын заманы. Осыны әдебиетшілер, жазу­шы­лар түсінуі, сезуі қажет сияқты көрінеді маған. Себебі, қазіргі ғылым мен технологияларға негізделген мына қиын да күрделі қоғамда «өнер алды қызыл тіл» емес, «өнер алды» – басқа нәрселер – архитектура, кине­мато­граф, теледидар, фотография, дизайн дегендей. Міне, осындай нәрселерді сезінген, түсінген авторлар ғана, менің ойымша, қазіргі заман­ның заманауи суреткері бола алады.
Қарапайым оқырман ретінде қазақ әдебиетінде ерекше жақсы көретін прозаигім – Оралхан Бөкей, ақыным – Олжас Сүлейменов. Себебі, оларда өмірге деген заманауи көзқарас, стиль, форма бар. Оралхан Бөкейдің «Қар қызын» алайық: үш жігіт, біріншіден, тауға «ДТ» тракторымен барады, екіншіден, олардың түстеріне әдемі қыз кіреді. Егер бұл шығарманы урбандалудан алшақ  жазушы жазар болса, әлгі жігіттер тауға атпен, не түйемен барар еді де, түстеріне не ата-бабалары, не Шыңғысхан енер еді.
– Ал бүгінгі қазақ киносы жайлы, көрермен жайлы не айтар едіңіз?
– Қазақстандағы көрермендер неге жақсы киноларға бармайды, көргісі келмейді, қызықпайды? Себебі, олар кино өнерінің не екенін білмейді, көрмеген. Сондықтан жарнамаға алданады да, Голливудтың фильмдерін көріп, «Оскарға» табынып мәз болып жүре береді, Бекмамбетовты, Тұрсыновты сұмдық режиссер деп ойлайды. «Люмьер дегеннің кім екенін, мынау Эйзенштейннің, Одзудың, Бергманның, Годардың, Бегалиннің, Океевтің түсірген классикалық туындылары» деп оларға кім көрсетіп, түсіндіріп беріп жатыр? Мен бұл әңгімені қозғап келе жатқаныма біраз жыл болды: жас көрерменнің  кино өнері туралы сауатын әдебиет пәні сияқты мектеп кезінен бастап ашып, орта мектептерде классикалық кино өнері туралы  пән енгізу керек. Себебі, тағы да қайталап айтайын, бүгінгі заманда «өнер алды – қызыл тіл» емес, «өнер алды – экран!». Сенбесеңіз, үйіңізге барыңыз да балаларыңыздың қанша уақыт кітаппен, қанша уақыт экран алдында отыратынын салыстырыңыз. Мен сөзге қарсы емеспін. Алайда, егер шетелдерден экран арқылы қаптап келіп жатқан бізге бөтендеу нәрселерге қарсы тұрғымыз келсе, бейнеге деген көзқарасты түзегеніміз жөн.
– Фильмдердің біразы халық үшін емес, фестивальдер үшін арналып түсіріліп жатқандай ғой. Әлде, ол да киноны өзің үшін түсіру ме?
– Фестивальдерге  ең көп қатысқан режиссерлердің бірі менмін. Фестивальдердің ролі өсіп бара жатқанының бір себебі – отандық, жергілікті кино сыны жоққа жақын. Сонда фильм түсірген жас автордың жаңа туындысын кім және қай жерде бағалайды? Оны талдайтын қазақстандық журналдар жоқ, телебағдарламалар, сыншылар, көрермендер жоқтың қасы. Содан кейін ол байғұс, әрине, фестивальға жалтақтауға мәжбүр. Кезінде жақсы фестивальдер болған шығар, бірақ өкінішке қарай, бүгінгі фестивальдердің көпшілігі ақырын-ақырын Батыстың саяси құралына айналып барады. Қазір Батыстағы кейбір форумдарда жоғары баға, жүлде алу үшін фильміңде өзіңнің еліңді, мемлекетіңді, дініңді нашарлау қылып көрсетсең – ұтасың. Тіпті, осы күні біржыныс­ты махаббат деген шықты ғой, оны көрсет­сең, тіптен керемет. Әрине, бұл сияқты тенденциялар тек қана бізге қатысты нәрсе емес, барлық елдердің  кино мәдениетіне зиянын келтіруде. Алайда, сонымен қатар, біз мынаны ұмытпауымыз керек: кино өмірдің жақсы немесе жаман жағын көрсету құралы емес. Нағыз кино өнері де музыка сияқты, оның басты функциясы – көрерменге сезім, ой, әдемілік сыйлау!
– Француздармен біраз жұмыс істедіңіз ғой. Әлемдік кинода өзіндік орны, дәстүрі бар мекеннің басты ерекшелігі неде? Ондағы көрермен мәдениеті қандай деңгейде? 
–  Олар Голливудқа қарсы тұра алды, осы жағынан біз олардан көп нәрсе үйренуге тиіспіз. Мәдениет министрі болып тұрған кезінде, Мальро деген жазушы кинематографты ұлттық құндылықтардың қатарына енгізіп жіберген ғой. Сондықтан ол жақта кино саласына біраз жеңілдіктер бар, авторлық киноға көп көңіл бөлінеді. Олар болашақ «сөздің заманы» емес, «көздің заманы» болатынын сезсе керек. Жалпы, кітапты бір кісідей оқыған адам ретінде айтайын, ол құрғыр адамның миын құрғатады ғой. Жақында тоқсанға келген, бірақ хат танымайтын бір апайыммен  әңгімелестім. Өте ақылды, дана кісі. Сол кісінінің денсаулығын қыздары томографпен тексертсе, дәрігерлер «әжейдің ең таза, қартаймаған органы –  миы» деп шығарып салыпты.
index 1 index5 index7 index9 index10 index12– Сіз «Тыныштық» деген атпен фотоальбом шығардыңыз. Оны оқырман қалай қабылдады? Бүгінгі жұрт фотография  дегенге қалай қарайды екен?
– Өзіңіз айтқан «Тыныштық» деген фотоальбомымды үлкен бір жазушы ағама көрсеттім. Ол кісі  ішіндегі жүз бет суретті он секундта ақтарып шыға салды да, «кітабыңның аты жақсы» екен деп, қайтып ұстатты. Яғни ол кісі жазушы ретінде бейнені емес, сөзді ғана қабылдады.
Кітап дүкендеріне барыңыз. Орыс тілінде шыққан және қазақ тілінде шыққан кітаптардың мазмұнын емес, безендірілуін салыстырып қараңызшы. Қазақ тіліндегі кітаптар орта ғасырларда шыққан сияқты: автор мен кітаптың аты ғана жазылады, болды – сурет те, фотография да жоқ. Бүгінгі заманда мәтін бейнеден үрікпеуі керек. Шетелдегі шығып жатқан кітаптарды қарасаңыз, тек қана мәтіннен құралмаған. Кітапты көзбен көріп отырып қалай оқып тауысқаныңды байқамай қаласың.
Байқағаным, сөзге қызыққан адамдар бейнеге онша қызықпайды. Мысалы, мен осыдан екі жылдай бұрын телеарнада «Бейне поэзия» деген жоба бастамақ болдым. Қазақта тамаша ақын көп қой, қай өлеңін оқысаң да, төгіліп тұр. Әр ақынның бір өлеңін сценарий ретінде  алып, поэтикалық клип, яғни кино сияқты қылып түсіріп, телеэкран арқылы қалың жұртқа таратқым келді. «Мәдениет» телеарнасы үшін алғашқы екі өлең түсірдім де: бірі – Абайдың «Күз» деген өлеңі, екінші Олжекеңнің «Язык отцов» өлеңі. Өкінішке қарай, белгілі бір себептермен, сол жобаны ары қарай жалғастыра алмадық. Біраз ақындарға айтсам, «жақсы екен» деп шығарып салады, бірақ көздерінен «мынау бізге керек екен-ау» деген қызығушылық көрмедім.
– «Менің достарым» деп, кітаптардың портретін түсіріп жатырмын дедіңіз ғой. Ол ой қайдан келді және жобаңызды кітап қылып шығару ісін қашан қолға алмақшысыз?
–  Жақсы шықса, әрбір түсірілген сурет – кішкентай фильм сияқты ғой.Мен қазір «Менің достарымның бейнелері» деген атпен өзімнің жеке кітапханамнан алынған, оқылған, жақсы таныс тоқсаннан аса кітаптың фотопортреттерін түсіріп, тағы да бір альбомның жобасын дайындап қойдым. Оның оң жағындағы бетінде кітаптың фотопортреті, сол жағында сол кітаптан алынған ең маңызды деген үзінді басылады. Менің білуімше, мұндай жобаны әлі ешкім түсірген жоқ, тың идея. Бір жағынан, бұл шараны «кітаптар әлемін насихаттау» деп те қабылдауға болады.
Бұл «режиссерлық» идея маған қайдан келді? Үйде Поль Сезанның альбомы бар еді. Бірде сол кітаптың үстіне қызым әдемі алманы қойып кетіпті. Соны түсіріп алдым. Жеке бір образ. Кітаптар да адам сияқты ғой.  Пушкин кезінде сөредегі кітаптарына қарап: «Қош болыңдар, достарым» деп қоштасыпты дейді. Әрбір кітаптың өзіндік бір әлемі, образы болады. Неге сол әлемді тек оқып қана қоймай, суретке түсірмеске. Бұл да «Бейне поэзия» сияқты бір жоба. Жақында ғана Швейцариядағы фотокөрмеге қатысып, көпшілікке жиырмадан аса сурет көрсетіп келдік. Өте жақсы, қызығушылықпен қабылдады. Қазақстандық көрермен де бұл альбом-кітап басылып шықса, лайықты бағасын берер деп үміттенем.
– Әңгімеңізге көп рахмет!
Сұхбаттасқан
Қарагөз СІМӘДІЛ.
ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір