Көз кесел
08.01.2016
1638
0
447407«Ойдың жанарға жеткен жылтылындай,
жанардың жарығы да жанға түседі».
А.Сүлейменов
Жазушы Төлен Әбдікұлының «Аялдамадан аялдамаға дейін» деген әңгімесі бар. Бір қарағанда, тақырыптың өзі өмірдің қазақы өлшемін еске салады. Мұны тіпті кейіпкердің өзі де айтады: «Өмір деген осы екен ғой». Мүмкін, өмір деген сол шығар… Әдетте, аялдама мен аялдама арасында алуан түрлі тағдырлар мінген автобуста барар жері белгісіз, бағыты бұлыңғыр жолаушы да, түсер жері анық болғанмен, ар жағы тұман жүргінші де, адасып мінген адам да, осы автобусқа мінбесе жұртта қалып қоярдай болып жанталасып жатқан елмен бірге не үшін екені белгісіз көппен бірге қыстырылыса кіріп, сығылысып, жай кетіп бара жатқандар да болады. Және сол автобуста қаншама көздер кетіп бара жатады. Сөз басында айтқан әңгіме де көз туралы. 

Жазушы әңгімеге күнделікті өмірдің бір сәтін алған. Сол бір сәт оқушыға бүкіл адам ғұмырын өрнектеп шыққандай әсер қал­ды­рады. Әрі түрлі ойға тебінгі болады. Жақсы шығарма қашан да оқушыға ойтамызық.
Әңгіме жас жігіттің автобусқа мінген сәті­нен басталады. «Алда бір топ қыздар отыр екен. Өздері жап-жас, сүп-сүйкімді. Әл­денеге мәз болысып, күлісіп, бізді көрдің­дер ме дегендей, жан-жақтарына қарап қояды. Бұл олардың әрқайсысына кезек-ке­зек көз тастап, іштерінен біреуін өзіне таңдай бастады. «Иә, әне біреу, шетте  отыр­ған сұлу екен, сол – менікі». Таңдау­ды қа­ра­ң­ыз. Бірақ дәл осындай таңдау біздің өмі­рі­мізді түбегейлі өзгертіп, түсінік­терге төң­­керіс жасап, көзқарастарды күрт өз­гер­тіп жатады. Өйткені, әйел затының екінші аты – тіршілік. Яғни, «әлденеге мәз болысып, күлісіп, бізді көрдіңдер ме дегендей, жан-жақтарына қарап тұрған» өмір кей­пін­дегі қыз ғой. Ал кейіпкердің бір топ қыздың ішінен өзіне қыз таңдауы оқушыны таңдау туралы ойға еріксіз жетелейді. Әрі біз өмір сүріп жатқан заман, қоғаммен параллель жүргізуге итермелейді.
Таңдау. Қазіргі күннің көзімен қарасақ, таңдау біздің қоғам үшін тұрмыстық дең­гей­дегі түсінік. Қоғам болмысы сол деңгейдегі таңдауға тұтылып отыр. Қоғам, жүйе  біздің таңдауларымыздың жиынтығы. Бір қызығы, біз үнемі таңдаусыз таңдау жасаймыз. Се­бе­бі, бойымыздағы еркін таңдауды үрей тұ­саулайды. Сөйтіп, қандай мазмұндағы әрі формадағы болмасын жарнама ықпалында таңдаусыз таңдау жасаймыз. Біздің жағ­дайы­мызда жарнамада таңдау жоқ. Демек, «Біз неге өс­пейміз, дамымаймыз» деген зар сауалдың жауабы – өз  таңдауымыздың өл­шем соры. Ал кейіпкердің таңдауы – сұлу қыз.  Әрине, өз өлшемінде. Бірақ ода үрей жоқ. Жүрек қалауының таңдауында көр­мей­міз. Жай ғана, жастықтың көзі түскен сұлулыққа қызыға қарауы. Сұлуға көзі ар­балған жігіт. Бірақ дәме де жоқ емес…
Қыз таңдаған бозбала мен бүгінгі таң­дау туралы ойдың арасында бір сәйкестік бар: ол – көз – таңдау. Кейіпкер таңдауда көзіне ғана жүгініп отыр. Бізде көзімізді арбап, ойымызды тұмшалап, ойлануға мұрша бермеген талай қоғамдық-саяси таңдаулар сәтінде көздің таңдауын жа­са­дық. Сөйтіп, тұтас қоғам бір көздің тұт­қы­нына айналып шыға келді. Ол көз де біздің таңдауымыз. Өлшемін өзіңіз білесіз.
Әрі қарай әңгіме желісіне оралсақ. Жас жігіттің көз өлшеммен қыз таңдауы оқу­шы­ны еріксіз жымитады. Сонымен бірге, оның осы бір көз әрекетінен аң­ғалдық пен таза­лықты, бейкүнәліктің де барын аңдайсыз. Бірақ ол қызды таңдап қана қоймайды, меншіктейді. «Иә, әне біреу, шетте отырған сұлу екен, сол – менікі». Осы тұста ойыңа тағы да қоғамның меншіктеу көрінісі оралады. Біз, ортақ қазаннан ас ішіп үйренген буынның ұрпағымыз ғой. Меншік және мен­шік мәдениеті деген ұғымдар санамызға орнық­паған еді. Елге еркіндік берілгенде меншіктеудің жабайы түріне жанталаса кірістік. Дүниені жапырып, жұтып жіберер­дей ашқарақтана ортақтың мүлкіне лап қойдық. Меншік дегенді қолыңа түскенді қораңа әкеліп тығу деп түсіндік. Ол кездерден ширек ғасыр алыс­тап кетсек те, меншік туралы түсінігіміз сол қалпында қалды. Меншікті біз әлі де талап әкету деп білеміз. Күні бүгінге дейін әңгімедегі бозбаладай көздің жауын алатын әдемі, сұлу дүние көрсек, дүниені, ертеңгі күнді ұмытып, қа­рыз­дансақ та соны меншіктеуге барымызды саламыз. Тіпті, ол өз тұрқымызға, әлеу­меттік дәре­жемізге, қаржылық мүм­кін­­ді­гімізге, талғамымызға келіспесе де көз таңдауы­мызға арбалып, алып тынамыз. Ал ең бас­ты, яғни ұлттық құндылық­тар­ды, жер мен мемлекетті өз меншігіміз санап, меншіктеп, меншік иесіндей қорып, қорғап, төл меншігіміздей қарауды үйрене алмай келеміз. Рас, «Иә, әне біреу, шетте отырған сұлу екен, сол – менікі» деген жас жігіт­тей кейбір дүниелерді сырттай мен­шік­тейміз. Ал, меншік мәдениеті ше?..
Әлбетте, әңгіме өткен шақта жазылған. Әңгіме кейіпкері алғашқы ғашығын тез ұмы­тып, одан да сұлу бір қызды көзі шалып, соған арбалып отырғанда «Кенет ол әлдебір көзқарасты сезгендей болып, басын бұрғанда, өзіне жауыға қараған алғашқы қызын көрді. Кінәлап, айыптап тұрған көзқарас». Осы көзқарас арқылы өзара айыптасулар «Өзің комсомолда барсың ба? Сен – сатқынсың!» деген ауыр сөздерге дейін барады. Сатқын деген суық сөз бізде әлі де қолданысқа жиі түседі. Өзіміздің ақты­ғымыз бен тазалығымызды, ісіміздің дұрыстығын таныту үшін біреуді міндетті түрде сатқын етіп шығаруға дағдыланған қо­ғамдық психология әлі бар. Бұл әдет бойымыздағы әлдебір рухани кемістікті бүркемелеудің жолы. Әдеби шығарма өмірді толық көшірмейді. Бірақ өмірдегі деректі ақпаратқа сүйенеді. Комсомолда барсың ба деген сұраудан соң, сатқынсың деу арқылы жазушы сол тұстағы қоғамдық психологияның бір қырын аңғартады. Демек, өткен шақ пен осы шақтың арасында өзгеріс жоқ. Тек сыртқы форма ғана өзгер­ген. Әңгіменің осы бір тұсы осындай ойды өрістетуге негіз болып тұр.
Әңгіменің соңында екі қызбен де көзқа­рас арқылы табысып кете алмаған кейіпкер жігіттің өзі де автобустан түсіп қалады.
Осы бір кішкентай әңгімеден оқушының түйгенін және әңгіме түрткі болған ойларды тоқайластыратын бір нәрсе бар, ол – сезім тәрбиесі, сезім мәдениеті. Адам бойында алуан түрлі сезімдер бар. Таңдау да, меншіктеу де, айыпта уда сезімдерге жатады. Тіпті, сатқындық та сезім. Сезімдер де тәрбиеге бағынады. Тәрбиелі сезімдер  – сезімдер мәдениетін қалыптастырады. Тәрбиеленбеген сезімдерді әдетте ұят ұстап тұрады. Бірақ адамның көз айнасынан қалып көрмеген сезімдер өзін паш етіп, ақылды, ұстамды, сабырлы көрінген адам­ның өзін көзі әйгілеп қоятыны бар.
Алақандай әңгімедегі кейіпкерлердің автобуста бір-бірімен көзқарас арқылы тілдесуін жастыққа балап, бір-біріне қызыға қарайтын ұяң әрі лезде өтпелі лып етпе, шырпыдай тез жанып-өшетін жас адамға тән сезімнің бір сәті десек те, жазушы сезім тәрбиесіздігінен туындайтын ішкі тұрақсыз­дық­ты берген. Ал ішкі тұрақсыздық – сырт­қы тұрақсыздықтың, тұрақсыздық өзі адам іс-әрекетінің баянсыздығының басы. Енді қараңыз, күнделікті жаңалықтар лента­сын­дағы тұр­мыстық, отбасылық, ашқарақтық, тойым­сыздық, құмарлық (қызметке, ақша­ға, байлыққа және басқа материалдық дүние­лер) тіпті одан да зор мәселелердің түп-төркіні – тәрбиеленбеген сезімдерден бастау алатын көз кеселде жатыр. Демек, «Ойдың жанарға жеткен жылтылындай, жанардың жарығы да жанға түспесе» мәд­е­ниетті қоғамға тек саяхаттап қана барып келесіз. Егер, жанарға жылтылы жететін ойдың (тәрбиелі ойдың) орнын жанарында жалғандық тұнған өзімшіл ұран басса және ол қоғамдық салтқа айналса, онда одан құтылмайсыз, керісінше, соған сіңесіз әрі «Өмір деген осы екен ғой» дейсіз…
Өміржан Әбдіхалықұлы.
ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір