Орынкүл Тәжиева
08.01.2016
2490
1
219484_1298810167____________________________Қазақ қаламгерлері тағы да бір аяулы әріп­тесінен айырылды. 73 жас­қа қараған ша­ғын­да белгілі жазушы Орын­күл Тәжиева дү­ние­ден өтті.
Орынкүл Тәжиева 1943 жылы 3 маусымда Оңтүстік Қазақстан об­лысы, Сарыағаш (бұ­рынғы Келес) ауданы, Абай ауылында ту­ған.
1963 жылы Шымкент қаласындағы ме­дициналық училищені бі­тіріп, аудандық ауруханада дәрігер болып қызмет атқарды. 1969 жы­лы Қазақ мем­ле­кеттік университетінің журналистика фа­куль­тетін бітірген соң, рес­публикалық “Лениншіл жас” газетінде әдеби қыз­мет­кер, одан соң “Қазақстан” баспасында кіші редактор болып іс­теген. 1972 жылы Келес аудандық “Мақташы” газетінде бөлім мең­герушісі, жауапты хатшы, 1985 жылдан Келес аудандық партия ко­митетінде үгіт және насихат бөлімінің нұсқаушысы, аудан орта­лы­ғын­дағы №3 балабақша меңгерушісі болып жемісті қызметтер ат­қар­­ған.
Орынкүл Тәжиеваның «Жетім қыз», «Қара қолғап», «Менің ауы­лымның адамдары», «Алтын жазулы алқа», «Шоқ жұлдызды Домалақ ана», «Сырғалылар әулетінің құпия қазынасы» атты кітаптары жарық көрген. Кезінде оқырман қауымнан да, белгілі сыншылардан да жақсы бағасын алған шығармалары баспасөз беттерінде жиі жарияланып тұрды. Өмірінің соңына дейін қолынан қаламы түспей еңбек етті.
Кішіпейіл де, бауырмал асыл ана Орынкүл Тәжиеваның  жарқын бей­несі жадымызда сақталады.
Қазақстан Жазушылар одағы
басқармасының секретариаты.

Үзілді түздің бір гүлі
Оңтүстіктің қызғалдақтай құлпырып өскен талантты бір қызы еді Орынкүл! Бар қызғылықты шақтарын Келес өңірінде өткеріп, қиялын көкке шарықтатты да Қазақия елінің әр түкпіріне бауыр басып, шығармашылығына талғажау іздеумен шарқ ұрды. Дәрігер боп басталған ғұмыр газетті де, баспаны да, балабақшаны да көріп, жан-дүние ләззатын тек жазудан тапты. Училище, университет түлегін біз мақтаныш етуші едік-ау! Тағдырдың жазуы шығар, журналистика бөлімінде отыз ұл және жалғыз қыз Орынкүл оқыды. Содан да болар, «Отыз ұл және Орынкүл» деген тамаша тәмсіл тарап кеткен-ді. Жасыратын несі бар, сол отыздың ішінде Орынкүлден озған ұл жоқ. Сарыағаштың суының шипасы болар, Орынкүл Тәжиева оңды-солды қалам сілтеп, өндіріп жазды. Оңтүстіктің оттай қызулы перзенті әңгіме, повесть, роман, эсселер кітабын үздік-создық текшелеп шығара білді. Төлегеннің, Сабырханның, Мұхтардың өлеңдерін сүзіп оқып, Шәмші әндерін әдемі сызылтатын қайран жүйрік қалам иесі қиялдан кенде емес-тұғын. Тіпті, «Домалақ ана» романын әлі де жалғап, бірнеше жинақтарға ұластырмақ ниетін білдіріп қалатын…
Жанына жалау болған Арман атты перзентінің қолғабысын көрді, қызмет бабымен Қазақ елінің барлық түкпіріне аяғы жетіп, қоныс тепкен аяулы ұлы немере сүйдірді, бағып-қақты, шығармашылықпен шұғылдануға барлық жағдайды туғызды. «Айналып келіп отыз ұлмен бірге оқыған ақжолтай Алматыға ірге тептім» деп жылы ғана жымиып қоятын қаламдас, замандас әл-әзірге ортамыздан кетіп қалады деп кім ойлаған, опасыз дүние-ай! «Ақ сүтімді ақтаған Армандай ұлыма ризамын. Жұмыс ретімен еліміздің Батысы мен Шығысын, теріскейі мен түстігін түгел көрсетті. Жұмысына адал болды. Міне, енді Алматының төрінде алаңсыз қалам жорғалатып отырамын» дейтіні құлақта қалды. Амал қайсы, хош деу ғана біздің еншімізде. Жазбалары арқылы сырласып тұрармыз…
Орысбай ӘБДІЛДАҰЛЫ, 
курстас қаламдасы.

Иманды болсын!
Қазақтың аяулы жазушы қызынан айырылдық. Жаны жайсаң, жүрегі жұмсақ еді Орынкүлдің. Қандай қиындық кешсе де тәубесінен жаңылған емес. Көзін ашар-ашпаста  әкесі Орман  Ақбердиев соғыста қаза тауып, анасы Әзиза екеуін қамқорлығына алған Тәжі нағашы атасы мен Жығагүл әжесі де тым ерте дүние салды. Кітапқа деген сүйіспеншілік  жас қыздың жолын ашты. Әдебиетке ерте келді. Алғаш­қы өлең, әңгімелері Шымкент медицина училищесінде оқып жүрген­нен-ақ жариялана бастады. Бірден Әбділда Тәжібаевтың назарын аударып, қанатын еркін қақты. Университеттің журналистика факуль­тетінде отыз ұлдың ішінде жалғыз қыз еді. Студент кезінде алғашқы кітабы жарық көрді. Кез келгеннің қолы жетпейтін «Лениншіл жас» газетіне қызметке орналасты. Орынкүл Тәжиева есімінің аңыздай тарағанына куә болдық дәл сол жылдары. Кейін өзімен танысқанда, ізгі қасиеттерімен баурады. «Жеті қыз», «Қара қолғап», «Менің ауылымның адамдары», «Алтын жазулы алқа», «Шоқ жұлдызды Домалақ ана»,  «Сырғалылар әулетінің құпия қазынасы» сияқты повесть, очерк жинақтары, роман, драмаларын ұсынып, көл-көсір еңбек сіңірді. Шүкір, шығармаларын іздеп оқитын оқырманы  қалды соңында. Жалғыз ұлы Арман мен немерелерінің қызық, қуанышын  айтып тауыса алмайтын кездескен сайын. Төңірегіне жылу шашып, адалдықтың үлгісі болған Орынкүлдің ұрпағы аман болсын. Топырағы торқа, иманды болсын!
 Мағира Қожахметова.
ПІКІРЛЕР1
Аноним 18.03.2021 | 17:14

Сырғалылар әулетінің құпия қазынасы деген кітапты қайдан тапсам болады?

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір