Оспанханнан бата алған
25.12.2015
2143
0

12860_863879774___________

Редакция телефонының құлынша кісінеген дауысы естілді. Трубкасын кө­­теріп едім, арғы жақтан Оспанхан Әу­бә­кіров ағаның гүжілдеген дауысы естілді.

– Әй, ит-шошқа… – дейді.
– Ас-салау-мағалейкум, Ос-аға, – дедім мен.
– Әй, «ассалаумен» алдымды орап, сөзімді бөгеп тұрған қайсыныңсың?
– Еркін ініңіз ғой.
– Ә-ә, «естілердің» бірі ме десем, өзі­міздің семсер тілділер тобынан екенсің ғой.  Өзі ешқашан айтыспайды, жұлыс­пай­ды. Қайдан табамыз Бейсебай Кіріс­бай­ды?
– Сәл кідіре тұрсаңыз,
болар еді та­буға мұрсамыз.
– Неменеңе сонша сызылдың, айтып тұрғандай әнің «Сұршақыз». Қысқасы, мен қазір келемін. Ымды білуші ме едің?
– Дымды да білмейтін бізге, өзіңіз ғой үйреткен ымды.
– Келемін, қаңғып кетпеңдер…
– Біз дайынбыз, аға.
Жүгіріп дәлізге шығып, құрсағына түстік «нәр» іздеп жүрген Бейсебайды тауып алып, Ос-ағаңның сәлемін жет­кіз­дім. Ол тілін тістеді. Екеуміз ақылдаса келе «Қазақстан пионері» (Қазіргі «Ұлан») газетінің жауапты хатшысы, жазу­шы Бейсенбай Сүлейменовтың есігін қақтық. «Келе жатыр еді сатира­ның сайыпқыраны Осекең, екеуміздің де қалтамыз тесік, бос екен», – дестік.
– Оспанхан ағаның көңілін таба алмасақ, несіне қалам ұстап жүрміз, – деп ол көк сейфін шиқылдата ашып, бір «қызылқұлақты» (он сомдық) алақа­ны­мызға сала қойды. Алақанымыз жы­лып, бойымыз жіпсігендей  болды.
Біраз уақыттан соң Баспасөз үйінің сегізінші қабатының лифтісі ашылып, алдымен  Осекеңнің гүжілі естіліп, сонан соң  алпамсадай денесі көрінді. Тұра-тұра жүгірістік. Оннан-мұннан біраз адамдар үйірілісе қалған еді.
– Не тұрыс? – деп гүж етті. Иек қа­ғып, түпкі бөлмеге қарай ымдадық. Ол жерде таксипұлы қалтасына, «әлша­қы­рары» тиісті жеріне кетті. Әңгіменің тиегі ағытылды.
– «Лениншіл жастың» (Қазіргі «Жас алаш») «Сүзеген сөзі» мені қақпайла­май­ды, сендер неғып кідіртіп отырсың­дар? – дейді маңдайтерінен «өш алып» жатып.
– Оның жаттықтырушысы тамы­ры­ңыз  ғой, – деймін мен аузымнан қа­ғы­нып.
– Соны да қызғанып тұрсың ба, қыз­талақ! – дейді еңк-еңк күліп.
– Әй, шошқа, – дейді Бейсебайға қа­рап, – «Балдырғанның» өткен саны­ның бір бетіне шалқаңнан түсіп жатып алыпсың ғой. «Жаңылтпаштарыңды» оқып, жаным кірді. Оларың мені расында да жаңылдырды дегенінше болғам жоқ, мен журналдың сол санын қолына ұстата қойдым. Бетін ашып жіберіп, оқи жөнелді.
«Жорға жолда зорға жорғалады,
Жолда жорға зорға жорғалады».

***

«Ол: «Жібер, Жігер!» – деді.
Жігер жібермеді.
«Жігер, жібер! – демегенде,
Ренжімегенде,
Жігер жібермейтін еді», –
дейді де ыңқ-ыңқ күледі. Үйлесімі де, мағынасы да қамшы салдырмайды. Онсыз да кәлимаға келіңкіремей тұрған тілімді қырық бұрады ғой, – деп мәз болады.
«Күн күркіреді,
Шын күркіреді.
Күн күркіремегенде
Кім күркіреді?».
– Әй, мына жаңылтпашың менің портретім емес пе? «Бабым» келіскенде күндей күркірейтінім бар ғой…
– Ос-аға, соны тұспалдап:
Оспанхан күркірейді,
Маңындағылар дүркірейді.
Күркіріне сықақшының
Құс шулап, ит үреді, –
десем қайтеді, – деймін.
– Әй, қызталақ, мынауың «тірі» шықты, – деп қолымды алып, күркірей күлді. Сонан соң Бейсебайға бұрылып:
– Жұмбақтарыңның ішіндегі:
«Жақын тұрам кісіге,
Ортаға алар барша адам.
Шоқ түскен соң ішіме
Денем қызып, ән салам», –
деген жұмбағыңның шешуін «Самаурын» депсің. Әй, осында да мені тұс­пал­дап тұрған жоқсың ба? Ішіме «шоқ» түскенде менің де денем қызып, ән салатындай күйге кенелетінім бар ғой, – деп тағы да күлкіге ырық берді.
Шаруасы біткен соң Ос-ағамды Бейсебай екеуміз шығарып салдық. Жи­нал­­ғандардың біреуі «сайға», біреуі ойға, біреуі тойға кетті. Мені Кірісбаевтың та­ртпада жатқан кітаптары «шақыра» берді. Сатираларымен «жекпе-жекке» шықтым.
Ол – сатира жанрының барлық саласымен құдандалы болған қаламгер. Сықақ өлең, әзіл әңгіме, жұмбақ, жа­ңыл­т­паш, мысал, ертегі, пародия, шымшымалармен «біте қайнасқан».
…«Осы балам түбі
Алыпсатар болып
Қалыптасар», –
деген ұлы алып, сата алмай,
Не қалыптаса алмай,
Аяғын шалыс басып қалды», –
деген алты-ақ жол өлеңде әрі мысқал, әрі күлкі, әрі мағына бар. Әрі жаңылт­паш­пенен де төркіндес. Міне, ақындық шеберлік! Өмір ағымына сай алыпсатар болғысы келген бала шалыс басып, маңдайын тасқа ұрған екен. Қап!..
Мына бір «Жағажайдағысы» да әдемі әзіл.
«Қамажай
Жағажайда жатыр.
Жағажайда,
Қамажайдың қасында
Қарағайдай кәрі ағай жатыр.
Кәрі ағайға Қамажай қарамай жатыр».
Былай қарағанда шұбыртпалы бір-ақ шумақ өлең. Ұйқасын балталасаң да бұза алмайсың. Сөз қайталау арқылы айт­пақ ойын айқындай түскен. Қама­жай­дың «О несі?» не де, қарағайдай кәрі ағайдың дәмесіне де иланасың.
«Сілкіні­сінде» жер сілкінісінің қа­шан, қай жерде, қанша балл болатынын болжай алмай, сілкініп өткен соң анау болды, мынау болды деп ұзақ дау­ры­ға­ты­ны­мыз­ды мазақ қылады. Тех­но­ло­гия­ның ырық бермей өркендеп тұрған за­ма­нын­дағы жетістігіміздің түрі – осы.
«Ой көститеміз ғой» сықақ әңгімесі Үмбетбай Уайдин ағамыздың «Топалаң» деген роман жазып тастаған «Қабырғалы қаламгерімен» «әріптес» екен. Бейсебай­дың Қарубай есімді «ақыны» тақпақ жазғыш. Өзі ақын бола тұрып оның сөз­дік қоры «поэзия, өлең, жыр» деген сөз­дерден мақұрым. Том-том тақпақтарын оқыту үшін бұл да үйіне ертіп алып барады. Үмбет ағаның кейіпкері ертіп апарған адамын алдымен көженің суына «тойғызса», Қарубай алдымен «Күше­йіп алайық» деп капустаға қарқ қылады. «Көститеміз» сөзінің дағдысы. Сол «Көс­титкіштің» «Құстар» деген дастанынан үзінді тыңдайық:
Күз келгенде құстардың бәрі қалқып,
Барады қайтып жылы жаққа!
Келеді-ау осы жылы жаққа,
Сағынышты сездіреміз сонда біз!
Бастан-аяқ осы сарындас бір таусылмайтын «сағыныш». Тоба, мен терлеп кеттім. Арқамнан бу көтерілді. Онсыз да бүгін күн ыстық. Қарубайдың сағыныш­қа толы «ыстық өлеңдері» одан сайын күй­діріп барады…
…Ол маған қарады. Не десем болады?
Жалпы, жаман емес. Өстіп жаза бер­сеңіз… Жалпы, жаман емес…».
Бейсекеңмен «ақын» жігіт екеуі тағы кездеседі.
«… – Сен үкімет адамысың ғой, түсі­не­сің. Ана редакциядағылар түсінбейді екен. Түсінуін түсінеді ғой. Сол, менің тақпақтарымды қасақана түсінгілері кел­мейді, – деп ентікті.
– Олар не дейді? – деп мен қалпағым­ды кейін ысырдым.
– Жазғандарымды оқып берсем, анаусы да, мынаусы да тырқ-тырқ күледі кеп! Ой, өңкей мүттәйім!
– Кәуке, ашуыңызды басыңыз. Ол өзі қандай өлең еді?
– Оу, ағаң жаман нәрсе жазушы ма еді? Басқы шумағы былай басталған:
Құтты болсын, Қарашілік, көкте­мің!
Қызылшаңды талай рет шөптедім…
Күлейін деп күле алмадым. Пәлеге  қалармын. Тек көңілін қимай: Бұрын­ғы­ға қарағанда өлең техникасын едәуір меңгеріп қалыпсыз, – деп қойдым».
Бұлар тағы жолығысады.
«… – Мен бәрінен құтылдым, – дейді демігіп.
– Неден құтылдың?
– Жазған бір шабадан тақпақтарымды түгел… үйдегі көкбетім кәрісен  құйып, өр­теп жіберді.
Мен таң қалдым.
– Рас па?
– Ып-рас. Түнде тыныш ұйықта­дым.
– Енді жазбайсың ғой?
– Құдай сақтасын!
– Онда, Қақа, құттықтаймын! Абай «Сөз өнері дертпен тең» деп бекер айтпа­ған ғой.
– Әй, сол Абайың бірдеңе біле ме деп қалдым. Мен де сол дертке ұшырап, ауру таба жаздадым-ау! Дегенмен, өзім біраз кө­ститтім-ай…».
Бейсекеңнің одан құтылғанына мен де қуандым.
Әй.., бірақ… Оспанхан Әубәкіров, Сейіт Кенжеахметов, Ғаббас Қабыш­ұлдарын әбден зәрезап қылған ондайлар әлі де қаптап жүр ғой… Әй, азая қояр ма екен?..» дейді сайтаным сыбырлап.
Ары кеттік.
Кірісбаевтың «Қайран әке мен сайран бала» микрокомедиясына тап болдым.
Әкесі:
– Дүние деген кереғар,
Газетіңде не хабар?
Баласы:
– Ақсайдан арасан шығыпты!
Әкесі:
– Әй арасаныңа қарасан келсін,
Газетіңді жаба сал!
Баласы:
– Көксайдан газ шығыпты,
Қасынан ем болатын
Балшық саз шығыпты.
Әкесі:
– М-м-м… саз дейсің бе?..
Баласы:
– Қызықты
Тағы тізіпті:
«Тап-тақыр» деген жерде
Мұнай орнына ақ арақ…
Атқылап шықты».
Әкесі:
(Бір ауыз сөз жоқ)
Көшеге мәйкішең шапқылап шық­ты!».
Әнеки, әке тәлімі! Баспасөздегі бірде-бір әлеуметтік, экономикалық жаңалық­тарға құлақ аспаған ол «арақ» деп еді, есі шыға қуанды. Бірлі-жарым болса да кездесетін ондайларды сықақ­шы қақ маңдайға сөзсойылмен-ақ ұрып, сілейте сұлатып отыр.
Бейсекеңнің шымшымалары тура «қышыған» жерлеріңізге дөп тиеді.
«Бес көше – бес ру.
Бес көше бес жақтан есіру!
Болмайды кешіру.
Бес көше бес жақтан төс ру…
Ру… ру… ру.
Соңы… құру-құру…».
Бұл енді қазақ атаулының жазылмайтын «дерті». Кезінде Абай атамыз да «Біріңді бауыр, бірің дос, болмасаң істің бәрі бос» деп еді-ау! Құлағына  қыстырған кім бар. «Бөлінгенді бөрі жейді» дегенді де бабаларымыз сан қайталаған. Әлі де шыдайық, мүмкін болашақ ұрпақ «ес жияр».
«Базарда заттар жайнап тұр,
Бірақ… бағасы… «қайнап» тұр».
Пышақты буынды жерге ұрады. Дол­лардың бағасы «көкке өрлеп», нанның да бағасы ұстатар емес. Ауылдық  жерлер­дегі қайсыбір балалар аяқкиімнің жоқтығынан мектепке бара алмай отыр.  Бағаны «қайнатып» қойған үкімет ба­сын­дағылар қырылып қалсаң да міз бағар емес.
«Бір кемпір шал іздеп жүр,
Бір кемпір пәле іздеп жүр.
Шал іздегені шал тапты,
Пәле іздегені әлі  іздеп жүр, –
Пәледен машайық та қашып құты­лады демекші, сол «пәле» таптырмай-ақ қой­са екен деп тілейміз. Әйтпесе, сол «пә­лені» бұл «пәлеге» іздетіп берекеміз қашар.
Кірісбаевтың  үлкенді-кішілі кез кел­ген шығармаларынан ұлттық рух аңқып тұрады. Оқыған сайын өз қаза­ғың­ның ортасында жүргеніңе мәз бо­ла­сың. Мына бір дәу есек  жайлы қауесетіне құ­лақ түрейікші:
«… – Дәу есек пілдей министр болады екен!
– Міністр… ойбай тыныш тұр!
– Дәу есек одан ары өсетін көрінеді,
Талай суды кешетін көрінеді,
Талай мәселені шешетін көрінеді.
– Әй, сол дәу бастық болған соң
Маубастық жасап жүрмесе…
– Тек, олай деп қатты айтпа.
Оны енді жабылып қарсы алу керек,
Жалпақ жұртқа жар салу керек…».
Нағыз қазақы мінез ғой. «Дәу бастық болған соң маубастық жасап жүрмесе…» дейтін күдігіміз де өзіміздікі. Отыз екі тістен шығып, отыз екі рулы елге тарайтын өсегіміз де өзіміздікі. Ол бастықтың есек екеніне де, тұлпар екеніне де қара­мас­тан  жалпуыштана қарсы алатынымыз да рас.
Ал, ағайындар, қашанғы зарлай бе­ре­міз. Кірісбаевтың  пародияханасына кіріп, «көңіл көтеріп», ән шырқайық. Келіңіздер, Рахымов Тынышбайшалап «Алтайдың ар жағынан келген заттардан» бастайық:
«Алтайдың ар жағынан келген заттар,
Базарда өтпей жатыр қатпар-қатпар, шіркін!

Әдемі аттарың-ай…
Жалтырақ қаптарың-ай!
Долларды таба алмадым,
Теңгеге ала алмадым,
Еріксіз
Өзіңе арнап ән арнадым.

Сүйсіндім шетел заты сымбатыңа,
Алар ем қарамай-ақ қымбатыңа, шіркін.
Айлықты ала алмадым,
Қарызға таба алмадым.
Сенсің ғой ақ арманым,
Еріксіз… амалдадым,
Ән арнадым.

Ауылда доллар түгіл теңге зәру,
Таппайсың іздегенде емге дәру,  шіркін!..

Қайырмасы:
«Ауылым» әніне өздеріңіздер-ақ қосыларсыздар:
«…Кеше ғана жастарға
Там салдырған, ауылым,
Бүгін, міне, мастарға
Ән салдырған, ауылым.

Ұрлық, қылмыс түн сайын
Дендеп кеткен, ауылым.
Ауруы күн сайын
Меңдеп кеткен, ауылым.

Бәрі балгер, тіленші…
Арылар ма, ауылым!
Сені емдейтін бір «емші»
Табылар ма, ауылым?!».
Өз елімізде жүрсе де қалтасы қалың  шетелдік «қаракүйелерді» сағалап, оқу іздеп «арғы бет» асса, бар бақытын сол жаққа алмастырған қайсыбір қаракөз­дерімізге арналған мынаны «Қарында­сы­ма» әнінің әуенімен шырқап көрейік:
«Еліңнен қашып, бұқтың ба, қалқам,
Зәңгінің тілін ұқтың ба, қалқам?
Паспортың қалай, дұрыс па, қалқам,
Тіркеуден біздің шықтың ба, қалқам?

Джоның сенің – қорғаның, қалқам,
Долларың сенің – зор бағың, қалқам!
Бола алмас сенің Отаның енді
Қазағың, елің – орманың, қалқам!..
Қой, сауық-сайранымызды осы жерде тия қойып, «бас жаққа барыс­па­ға­ны­мыз» жөн екен. «Өлең айтымымыз» «ен­ді қайттімге» ұласып кетер.
Расында Бейсебай тапқыр сықақшы ғой. Кері кеткен заманның кеселді мәселелерін сатираның ішкі қай жанрымен қалай тас-талқан етуді де біледі. Ал, тапқырлықсыз сатира сормаңдай. Ендеше…

«Ойымыз да, сайымыз да «самопал»,
Майыңыз да, шайыңыз да «самопал».
Қаралыңыз, дәрі алыңыз» – «самопал»,
Арағыңыз, тарағыңыз «самопал».
Шекеріңіз, балыңыз да «самопал»,
Кемпіріңіз, шалыңыз да «самопал».
Жеп отырған наныңыз да «самопал»,
Ауаңыз да, қаныңыз да «самопал».
Күліп тұрса… көзіңіз де «самопал»,
Сөйлесеңіз, сөзіңіз де «самопал».
Киіп жүрген жейдеңіз де «самопал»,
Осы тұрған бейнеңіз де «самопал».
Кісі келсе, сыйыңыз да «самопал»,
Ең жаманы – миыңыз да «самопал!».
– Ал, Бейсеке, тоқтайын мен де енді, бар «самопал» кернеп барады денемді.
Сөз түйіні:  кезінде Оспанхан Әубәкіровтен бата алған осындай өткір тілді, тапқыр ойлы сықақшының толық шығармалар жинағын шығарылса дегіміз келеді.
Туған жері – Алматы об­лы­сының Шонжы селосының бір көшесіне Бейсебай Кірісбаевтың есімін беріп, өзі оқыған қазақ мектебінен бір кабинетте сықақшының есімімен атап, оны оқушылардың әзіл-сықақ отауына айналдырған ләзім.
Өз ауылындағы марқұмның сүйегі жатқан жерге ескерткіш-бюст орнатуды   Ұйғыр  аудандық әкімшілігі қолдарына алып жатса, нұр үстіне нұр.

Еркін ЖАППАСҰЛЫ.
ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір