Сол жазулар жүреді көкірегімде қалықтап
25.12.2015
2321
1

golden-eagle2Тоқтарәлі Таңжарық

ЖОЛАЙРЫҚ

Бітпейтін менің ертегім едің,

Бақытқа бірақ жетпеген.

Қанша жыл өтті…

Көз жасыңменен көгілдір таулар көктеген.

Салмағы батпан ымырасыз бұл сәт

ымыртқа қалай ұйыған?..

Сырғыған жасты шыт орамалмен

сүртесің баяу еппенен.

Неге үнсіз қалдың,

Сарғайған жұрттың сағымын аңдап,

мұңданып,

Баяғы ескі әніңді айтшы,

Қайтадан қалқам, тыңдалық.

Біз терген гүлдің қауашағына

үскірік салып өрнегін,

Біз жүрген жолдың сүрлеуін қымтап,

Леппенен мүлгір шырмауық…

Қайда сол інжу сезімдеріміз,

Алданған біз бе, арман ба?

(Көне жұрттағы кәрі теректің

жапырағы желмен саулауда).

Мұңсыз кездердің мүрдесін жерлеп,

Көз көрмес жаққа кетерміз,

Обалымыздың отына күйген

Үміттей бейуаз жалғанда…

ҰЙҚАССЫЗДЫҚ

Мына ескі сарайды құстар мекендейді.

Бөренелер ежелгі сәнін еске салғанымен,

Өрмекшінің торы өткенін шимайлап тастаған.

Кептер мен қарлығаштың қауырсындары

Дөдегелердің қуысынан жерге түседі.

Оларды жел баяу қалқытып,

Белгісіз қиырларға ұзатып салуды шешкендей.

Сарыауыз балапандар шиқылдап,

Жем іздеп кеткен аналарын күтеді,

Тіршілік бәрінен қымбат.

Аңқиған есіктер мен терезелер

Бізге әлдебір қимас көзбен сыр шерткендей,

Бірақ олар емес, біз солай қиялдаймыз.

Жел кеулеген жақпардан ішке үңілсең

жүрегің лоблиды,

Саңғырыққа толы босағаны аяйсың.

Қираған пештің қалқасында өскен

сарғыш саңырауқұлаққа күйе жұқпаған.

Мүк басқан ағаштар жаңбыр суымен көгеріп,

Еден тақтайлары иесіз қалудың не екенін паш еткендей…

Бәлкім, бізге жұмық көздерімен қараған марғаулармен тілдесерміз,

Олар бұрыштар мен қуыстар жайлы ертек айтар.

Шырмауық ораған жетім гүлдердің аянышты халіне назар салма,

Бәрібір біз құтқара алмаймыз…

Көзіңе жас алма, інім, кері қайталық.

Анамыз алыс сапарға шықсаңдар,

Арттарыңа бұрылмаңдар дейтін.

Бұл ұғым өшпестей мөрленген.

Біз туған үйдің

Біз тұрған үйден әлдеқайда ыстық екенін сезбейді қазір ешкім,

және ешкім біздің әулет тарихын баяндап бере алмайды.

Ол – тек біздің шежіре, көкірегімізге жерленген…

Ерлан Жүніс

КҮЙЗЕЛІСКЕ ТҮСКЕН АҚЫН ІНІНІ ҚАЙРАУ

Сен әлі жас баласың,

Жастықпен, мастықпен де дос боласың.

Ұрылар тауларға да, тасқа басың,

Бәрі де біткендей боп тұрған сәтте – Басталасың:

Басталған дәуір секілді данышпандардың демінен,

Дауыл секілді теңіздерді сапырған,

Жердің шегінен, Көктің түбінен,

Дұға секілді мыңжылдар бойы оқылған!

Соғысы секілді жарық пен түнектің –

Ешқашан бітпейтін, Қағысы секілді жүректің,

Ағысы секілді алапат өзеннің,

Кезеңнің – Ешкімді күтпейтін!

Басталған мейрамдай мәңгілік тойланатын,

Жұлдыздар секілді Күнді айналатын,

Тіпті Күн секілді, Ешкімді алаламайтын,

Ешкім де жақындай алмайтын,

Хат секілді оқылмай қалмайтын…

Жебедей – ешкімді жараламайтын,

Шексіздікке атылған,

Сүйісі секілді ғашықтың таңдарға ұласқан,

Азаншының дауысындай мінәжатқа шақырған,

Өзгелер есімін сұрасқан беймәлім жолаушыдай,

Алаушыдай – Олимпке ұмтылған!

Өмірдей – тастың да ішінде бұлқынған,

Ой дауысы секілді марғау ғасырды оятқан,

Қараңғы дүниені оятқандай Күн!

Аспандай жай атқан,

Өлеңдей – Ешқашан аяқталмайтын!

ДАҢҚ

Ақын да бір ел еркесі,

Еншісі елден бөлінбейтін.

Даңқ – таланттың көлеңкесі,

Күн түспесе көрінбейтін.

Шыққан күндей өлең келсе,

Кейде сыймай кең өлкеге,

Біреуіне көлеңке ерсе,

Бірі ереді көлеңкеге.

Өмір өтер, өлең қалар,

Кеш пе, мейлі, қалды ма ерте.

Қыранда да көлеңке бар,

Құзғында да бар көлеңке.

Қол ұстасып қыз-арманмен,

Жүрдік талай, Қыз – арбайды…

Көлеңкесі ұзарғанмен,

Кісі бойы ұзармайды.

Артар азап, артар қайғы,

Жырақтар күз, жырақтар қыз…

Көлеңкелер қартаймайды,

Қайта алмайды бірақ жалғыз.

Көлеңкесіз жарық қана,

Күнге болар кім көлеңке?!

Көлеңке бар табытта да,

Сол көлеңке – шын көлеңке!..

Қалқаман САРИН

* * *

Көп қарғаның аңдығаны – өлексе,

Көрінгенге болған емен кіріптар.

Менде өйткені ешкімде жоқ ерекше,

Сағыныш бар, Махаббат бар, Үміт бар!..

Тәңір-Ием олжа беріп, о бастан,

Иесі еткен һәм адами ғұмырдың.

Ашылғанда алақаным – көк аспан,

Жұмылғанда – қара жердей жұмырмын.

Сағыныштың сары уайым түбі, әттең,

Сабыр қашып күзгі ормандай сыңсимын.

Біреулердей бұғып қалып бірақ мен,

Жалтақтамай шын сағынып, шын сүйдім.

Махаббаттан, мейірімнен ЕҢ ҰЛЫ,

Жаратылған болмысым бар бірегей.

Бұл күндері күздей налып көңілі –

Еркеліктің естіледі үні өгей.

Тағдырымды түсіне алмай түйсініп,

Тар көрініп көп кещеге кең мекен.

Менің сұлу ғұмырыма сүйсініп,

Бұл өмірден өтеді олар…

Мен де өтем!

 

КИІК ТАҒДЫР… КИІК КИЕ…

Киік – қазақ секілді, ҚАЗАҚ – КИІК,

Кім басына берді екен азапты үйіп?

Қасіреттің күрмеулі қыл арқаны,

Мойынымды барады қажап, қиып.

Дархан дала еркесі өлді неден?

Шерді көрем… Көзінен мөлдіреген.

Жер-Ананың қамығып қайғысына

Жылайды аспан. …Жүрегі елжіреген.

Жылайды аспан… Жауынын нөсерлетіп,

Есеңгіреп отырмын есем кетіп.

Сахараның уланып сәні кетті,

Зымыраннан зулаған кесел жетіп.

Еңсені езіп ауыр мұң, жаншып нала,

Қан сасиды киесіз қаңсып дала.

Жалақ-жұлақ жұтынған қарақшының

Көзі өтті ме, қараған сан сұқтана?..

Опат қылған оқ па, әлде, есер атқан?

Құрылды екен жолына неше қақпан?

Түйесі өліп,.. Тұлпары – Киесі өліп,

Нардың жүгін ел болдық есегі артқан.

Иесіз қап… Құлазып дала жатыр,

Жауап күтіп сан сұрақ санада тұр.

Көпті көрген көнекөз қариялар,

Күрсінеді, келді – деп, заманақыр.

Кеше көрген қайғым бар мәңгі ұмытпас,

Бір білерім, енді ешкім шаң жуытпас.

Көбеюге ешқашан қақысы жоқ,

ҚАЗАҚ пенен КИІКТІҢ тағдыры ұқсас.

Қыран құсап ұшпайды құзғын биік,

Өлексе жеп жетеді ол күзге ілмиіп.

Бір кездері нақақтан нақақ кеткен,

Жүз мың қазақ секілді жүз мың киік.

Әлия Дәулетбаева

АЛТЫБАҚАН

Тұнығында тұнжыр сәуле жүзген күз,

Жылылықты енді қайдан іздерміз…

Бір болмашы сезімдерге алданып,

Алтыбақан теуіп тұрмыз сіз бен біз.

 

Алтыбақан тербетеді, ырғайды,

Бейопа күн бір бақытты бұлдайды.

Сізге қарай жүрегіммен жүгірем,

Шегінсеңіз шарпиды екен шын қайғы.

 

Алыстасам сіз де маған ынтығып,

Көзіңізде жатады ылғи мұң тұнып.

Кезек-кезек әуелейміз әйтеуір,

Арбасқанда бір сағыныш, мың күдік.

 

Теңескен сәт қарай бердік ұрланып,

Мәңгі осылай тұрайықшы ырғалып.

Төзімінен осал болып жібек жіп

Сезімімнен кетпесем тек жынданып.

 

ЖЫР ЖАЗБАЙТЫН АҚЫНЫМСЫЗ СІЗ МЕНІҢ…

Көктемдерден сезінсем де күз демін,

Мен әйтеуір сізден күдер үзбедім.

Жырақтағы жақынымсыз сіз менің,

Жыр жазбайтын ақынымсыз сіз менің.

 

Жыр жазбайтын ақынымсыз аяулы,

Сізді ойлауды қашан… қайтіп қоярмын?..

Шын іңкәрім, жүрмін-ау деп жады боп,

Бүгін тағы мұңдылау боп ояндым.

 

Бүгін тағы елітпеді ештеңе,

Сізге мүлде кезікпесем… не істер ем…

Сезім іздеп сарқылғанда сабырым,

Көзіңізден көздеріме көшті өлең.

 

Көзіңізден күннен нұрлы мейірбан,

Көкірегіме мың бір шуақ құйылған.

Сізді сүю – бақыт әрі баз кешу

Менің ғана маңдайыма бұйырған.

 

Жалғап жүріп жылдарымның тізбегін,

Бәлкім, сізді өмір бойы іздедім.

Жырақтағы жақынымсыз сіз менің,

Жыр жазбайтын ақынымсыз сіз менің.

Олжас Сәндібек

***

Мен өмірге кеше кешке келгенмін,

Орталықта, аялдама түбінде.

Бұған дейін көргендерің сендердің,

Мен емеспін, тек, ол менің түрімде.

Жердің емес, перзенті боп ғарыштың,

Кезіп жүрмін аспанды.

Мен өмірге кеше кешке келгенмін.

Демек, кеше мендік өмір басталды.

Сымбатына сөз жетпейтін көрікті,

Хор қызының өзі дерсің расында.

Ол да өмірге кеше кешке келіпті,

Дәл он жеті жасында.

Ол да мені, мен де оны ұнатып,

Ол да ештеңе, мен де ештеңе демедім.

Біз бақытты болатұғын уақыт,

Келеріне сенемін.

Біз өмірге кеше кешке келгенбіз,

Орталықта, аялдама түбінде.

 

Хамит Есаман

БАҚЫТ

Өлеңімді ойып жазып құмға мен,

Жаңбырлы түн жылап ақтым жылғамен.

Баяны жоқ дүниенің көзінде,

Бармақтай бір бақытымды бұлдап ем.

Мені көріп күрсінеді көктем де,

Бақыт жайлы сыр айтады өткенге.

Бұлдап жүрген сол бақыттың түрі де,

Басқаша еді мен ауылдан кеткенде.

Уақытты ешкім тұрмайды екен тоқтатып,

Күндер өтер өрнегімен жоқтатып.

Құмға жазған сол өлеңнің ішінде,

Енді бүгін бұлдайтұғын жоқ бақыт.

Бәрінен де жалыққан ғой жарықтық,

Ал біздер ше? Бақыт іздеп зарықтық.

Ол біреуді алып қылған кезінде,

Ол біреуді жібереді ғаріп қып.

Құм көшеді біз жүретін жолға тік,

Жаңбыр төкті сезімімді сорлатып.

Өлең қайда,

Өлең қайда деймін мен,

Егер содан аман қалса, сол бақыт…

 

***

Қалқам, жаңбыр жаумай қойды-ау, жаумады,

Көрдің бе анау күрең бұлтты таудағы.

Жырымды аяп жүрсің-ау сен күрсініп,

Ақ ләйлектер өзге жаққа ауғалы.

Ұшты ма екен барғысы кеп жұмаққа,

Әні бар ма біз білмейтін бұлақта.

Жүрегі осы жоқ па мынау аспанның,

Біз жүрексіз емеспіз ғой бірақ та.

Біз жаңбырсыз өткіздік те бұл түнді,

Ақ ләйлектер арман болып бұлқынды.

Жұбатуға жолға шықтым бүгін мен,

Тауға барып жылап тұрған бұлтымды.

Бұдан басқа көңіліме келмеді ой,

Сезіміме көрсетпедің сен де бой.

Бұлттар таудан өлең іздеп жүр ме әлі,

Өлең дейтін ол жақта емес, менде ғой.

Менің осы көңіліме не дейсің?!

Не десең де жанымды кеп жебейсің.

Өлең менде… Қалқам, басқа сөзім жоқ,

Бұлтты көрсең, өлең мұнда дегейсің!

Батырхан Сәрсенхан

***

Тыңдашы, асыл бауыр,

Босаса қос бөтелкең, басымнан ұр!

Тасынғаным белгісіз басылғаным,

Қасыңдамын. Әзіл де жарасады,

Қазір ме? Таң атады.

Жас дарынның шығады жаңа атағы,

Жас кемеңгер кәрі ойын таратады.

Кешегідей сөнеді бүгінгі Ай да,

Бүгінгі Ай да кешедей құбылмай ма,

Кірпігіне ақ бұлттар жуынбай ма,

Сырың қайда, сүйінген жырым қайда.

Тыңдашы, Керек пе сүйістіру тәнге тәнді?

Құтқаршы, күлімдеген жан ботамды.

Құтқаршы, мың жасағыр, пәк сезімді,

Бергі атаңды аунатып арғы атаңды.

Бардың ба, бармадың ба күзгі алаңға,

Күзгі алаңда сезімдер мұзға оранған.

Тәнге тән жарты қадам жақындасса,

Жүректер қашықтайды жүз қадамға.

Қызыл гүл құбылғанша тасқа тұнған,

Қоштасу бұрын болса бас қосудан.

Ең кіші лава алауы махаббаттың,

Ең үлкен зеңбіректей досқа атылған.

Өртенуде, Өксуде, Жануда да,

Сездірме аңсап күткен аруға да.

Ғашықтық – жақын жанның жүрегінде,

Жылт еткен сағыныш боп қалу ғана.

Бауыржан ӘЛІҚОЖА

ТОПЫРАҚ

Өн бойыңа сіңгендей тылсым дұға,

Түйіріңде қадір бар бір сұңғыла.

Жерге біткен қоп-қоңыр болмысыңмен,

Дүниені көтеріп тұрсың мына.

 

Қойының – алтын, бітеді гүл де саған,

Жомартсың-ау, болыпсың кімге сараң.

Сан қырыңды жүргенмен зерттеп бәрі,

Тағлымыңды бес күнде білмес адам.

 

Батырмайсың алалап нала-мұңға,

Құнарысың баланың, дананың да.

Сонша байлық иесі болсаң-дағы,

Бұл ғаламның жатсың-ау табанында.

 

Құндақтаулы құпия қойнауыңда,

Жетелейсің әр жанды ойлануға.

Тас қаладан қашамын қажып кейде,

Саған аунап жатсам – деп қойлы ауылда.

 

Тіл бітірген, таранған тоты баққа,

Өзіңді аңсап құлайды жапырақ та.

Қасиетіңді сезінер, қайран дүние,

Айналғанда бір күні топыраққа.

 

Бауыржан Игілік

* * *

Жыламадық…

Күлмедік…

Күрсінбедік…

Көрген жоқпыз түндерде бір сыр бөліп.

Мазасы жоқ әлемнен оңаша қап

Тұрған жоқпыз жауында су-су болып.

 

Кірпігінен сен емес жас тамызған,

Мұң шаққам жоқ мас болып досқа қызған…

Сенің тәтті иісіңді есім кетіп,

Мен емеспін іздеген басқа қыздан.

 

Мен өлеңге қосқам жоқ сені мүлдем,

Суретіңе мен бе едім көп үңілген?!

Қоштасып ап кете алмай, жалт бұрылып,

Қайта сүйген жоқсың сен ерінімнен…

 

Жалғыз-жалғыз кештерде көп жүрмедік,

Жүгіргем жоқ өзенге өлгім келіп…

Әр әуеннің ішінде кезігіп қап

Телефонға үмітсіз телмірмедік.

 

Іштей жылап, күлімдеп деппіз бе «қош…»

Жоқ… сағыныш көздерге өткізді елес.

Соның бәрі болды ғой… болды бәрі!

Болды бәрі шынымен!

Тек, бізде емес…

 

***

Шіркін, біздің балалық-ай, қу сирақ…

Бұты жалаң, ойсыз әрі ойлы да.

«Тәубе Құдай жарылқадың ұл сыйлап»

Деп ата-анам алып жатты қойынына.

 

Әке-шешем – ұят, обал тал бойы,

Өзегіне өттей өксік кептелген.

Уақыт дейтін пысықайға саудайы

Аңғалдықтан көп ұтылып, көп берген.

 

Текті басы жете алмай-ақ таққа бір,

Талай жерде тоны тозды, аты өлді…

Самайына ақ кіргенде хақ тәңір

Талайына бақ берген-ді әкемнің.

 

Шулапты елі «бақ қонды» – деп «жындыға»

Шын тойлапты ағайыны ал, қайбір.

Қуаныштың көз жасымен жуды да,

Сол бір бақты әлдиледі ол салмай кір…

 

Шіркін, біздің балалық-ай, қу сирақ…

Бұты жалаң, ойсыз әрі ойлы да.

«Тәубе Құдай жарылқадың ұл сыйлап»

Деп ата-анам алып жатты қойынына.

 

Бұл өмірде дәйім ақ пен қара – тең

Егіз болып жаралған ғой барлығы.

Оң жағымда жататұғын жан әкем

Құбылаға бетін бұрып, қалғыды…

 

Бір мөлт еткен мұңы болып жанардың,

Шолтаң етіп, шорт үзілді тағдыры.

Сыңар қалып, сыңсып тұрған анамның

Құлағымда жаңғырығып қалды үні…

 

Шіркін, біздің балалық-ай, қу сирақ…

ПІКІРЛЕР1
Аноним 13.04.2020 | 22:56

керемет өлеңдер

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір