Ұлтты қорғайтын институт
25.12.2015
1757
0

10499_1145479656_56558887871917 жылдың 25 желтоқсанында (ескіше 12 желтоқсан) Орынбор қаласында қазақтың ұлттық-территориялық Алаш автономиясын құру, Алашорда үкіметі мен Алаш әскерін жасақтау туралы тарихи шешім шыққаны белгілі. Сол тарихи шешім шыққан күннің құрметіне, бүгін, яғни 25 желтоқсан, сағат 17:00-де, Алматы қаласындағы «Тянь-Шань» қонақүйінде Болат Мүрсәлімнің «Алаш автономиясының әскері» атты кітабының тұсаукесер рәсімі өтеді. Оған тарихшы-ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері қатысып, Алаш қозғалысы тақырыбындағы ойларын ортаға салмақ. Ә.Бөкейхан төрағалық еткен Алашорда үкіметінің Алаш автономиясы мен оның ұлттық әскерін құру жолындағы жанқиярлық күресі тарихи деректер негізінде баяндалатын «Алаш автономиясының әскері» кітабының авторы, журналист, Алаш зерттеушісі Болат Мүрсәліммен жедел-сұхбат ұйымдастырған едік…

– Сол кездегі Алаш әскерінің айбарында дербестіктің ұшқыны бар ма?
– Ол кездегі Алаш әскерінің өзі туралы нақты айта алмаймыз, Алаш­орданың әскерін құрушы азаматтардың айбарында дербестіктің болғаны анық. Сол уа­қытта большевиктер халыққа зорлық-зом­былық көрсетіп, қазақты қынадай қыр­ғысы, қоқан-лоққы көр­сеткісі ке­ліп тұратын. Больше­вик­тердің лаңы­нан қазақты қорғап қалу үшін, ұлттық мүдде үшін, халықтық бүлін­ші­ліктен сақтау үшін осындай әскер құрылған еді. Әу баста бұл – әскер түрінде емес, Алаш­тың милициясы деген атпен, билік инс­ти­туты ретінде құрылған болатын. Бі­рақ қазан айында большевиктердің билікке келуіне байланысты, өзін-өзі қорғайтын, ұлт­ты қорғайтын институт ретінде әс­кер­ге айналды. Бұл табиғи түрде жүрген та­рихи процесс еді.
– Алаш әскері әскери тарихымызға не әкелді?
– Алаш әскері жиырмасыншы ғасыр­дың ең үлкен проблемасының біріне ай­налған – большевизммен шағын ғана са­ны бар халықтың принципті түрде кү­ресе алатынын көрсетіп кетті. 1918 жыл­дың басынан, Ленинді Каплан атқан уақыттан «қызыл террор» жарияланды. Төтенше комиссариат құры­лып, қызды-қыздымен большевиктерге қар­сы күрескен кез келген адамды контр­революционер деп, тап сол жерде, сотсыз, үкім­сіз атып тастауға құқық беретін дек­рет­тер шығарған. Бұнысын Совет одағы «ақ террорға» қарсы «қызыл террор» деп ақ­тағысы келді. Шын мәнінде сол за­ман­ның көзімен қарасаңыз да, құқықтық өлшемдерімен қарасаңыз да, бүгінгі за­манның көзімен үңілсеңіз де ол ешқандай ақтауға келмейді. Олар террорды ресми түрде, саясат ретінде жариялады және сол террордың кесі­рінен қаншама мил­лиондаған адам қырылып кетті. Алаш әскері сол қызыл террормен күресу үшін құрылды. Осы тұста Алаш­тың алдында үлкен саяси таңдау тұрды: Біз большевиктермен бірігеміз бе, әлде ка­зактармен, ақ гвардияшылармен, патша үкіметінің кезінде Ресей әскерін бас­қарған адамдармен бірігеміз бе дегенде, әрине олар Колчак, Дутов, Анненковтармен  бірге күрес майданы алаңына шық­ты. Себебі, ақ гвардияшылардың жағында өз­дерін орыс демократиялық интеллигенциясы санайтын кадеттер, социал-де­мократтар, басқа да партия­лардың өкіл­дері тұрған болатын.
– Егер сол кезде тәуелсіздік алып кет­кен­де, ол әскер қалай соғысар еді?
– Әрине, біз осы күні «сол кезде тә­уел­сіздік алып кеткенде» деген ро­ман­ти­каға берілеміз. Бірақ ол кезде боль­ше­вик­тер Алашқа ешқандай да тәуел­сіздік бер­мес еді. Ленин келген бетте Әли­хан: «Ульянов-Ленин, Халық Комиссарлары Төрағасы Николай патша сияқты жеке-да­ра билеуге көшті… …Шаруалар, жұ­мыс­­шы­лар мен солдаттар, есте сақ­таң­дар, большевиктің бетінен рево­лю­ционердің қы­зыл маскасы сыпырылып түсіп, оның қа­ра жүзді табиғаты ашылды», – деп үн­деу таратқан болатын. Ол үндеу сол кез­дегі Ресейдің бірнеше басылымында жа­­рияланған. Орыс демократтары да қа­зақтың тәуелсіз мемлекет болғанын қа­ламайтын, олар импералистік, бас­қын­шы­лық пиғылда еді ғой. Патшалық Ре­сей кезінде пат­шаның басыбайлы саясатына қарсы күрескен адамдардың бәрі патша тақтан құлағаннан кейін, олар да кез келген дербестікке ұмтылған халық­тарды «бұлар сепаратистік пиғылда» деп айыптап, қазақтарды, башқұрттарды, татарларды, Түркістан халықтарын, Кав­каздағы, Украинадағы барлық  ұлт­тар, дербестікке ұмтылған саяси күштер тү­гелдей сепаратистер деп есептеді. Ресей бір­тұтас, унитарлы мемлекет болуы керек дейтін демократтар, тіптен федерализм идеясының өзін сеператистік деп түсінді. Мұндай жағдайда тәуелсіздік алу деген бекершілік еді.
Әрине, тәуелсіздік ала қалған жағ­дай­да қазақ әскері басқыншылықты, бі­реу­ге күш көрсетуді көздейтін әскер емес, анағұрлым бейбіт институт, еуро­палық дәстүрге сүйенген, халықтың құ­қын, шекарасын қорғауға арналған үл­кен күшке айналар еді деп ойлаймын.
– Сол кездегі  Түрік  әскері  дүниежүзін-де  көптеген мықты мемлекеттермен соғыс­қаны белгілі. Алаш әскері түрік әскерін үл­гі тұтты ма?
– Рас, сол кездегі Алаш көсемдерінің көп­шілігі түрік халқын, түркі жұртын жа­қын тұтты. Бірақ үлгі тұтты деп айта ал­мас едік. Мысалы, Түркия мен Болгария соғысып жатқанда Мұстафа Шоқай мен башқұрт көсемі Зәки Уәлиди Петербургте Әлиханға барады: «Студенттер бі­рі­гіп түріктерге ақша жинап жатырмыз, сіз соған қосыласыз ба?», – дейді. Сон­да Әлихан: «Түркия – қазақтың, жалпы түркі жұртының қаны бір бауыры бол­ғанымен, қазір дүние өзгерген, саясат басқа. Біздің жанымыз әзірге Ресеймен бірге. Сендердің бұларың сәл уто­пия­лық, романтикалық қиял. Сон­дықтан сағымға алданбаңдар. Егер ұлт үшін, жалпы түркі халықтарының бос­тандығы үшін күрес­кілерің келсе, онда Ресейдің қоныстан­дыру саясатымен күресіңдер. Ресейдің отарлау саясаты­ның түп астарына үңі­ліңдер. Түркияға көмек бергеннен көрі, сендердің сол әрекеттерің ха­лық­қа, ұлтқа әлдеқайда пайдалы болатын еді», – депті. Мұны Зәки Уәлиди есте­лік­терінде жазады. Шынында, сол кезден бастап Мұстафа Шоқай да, Зәки Уәлиди де Ресейдің отарлық саясатына мән бе­ріп, оны терең зерттеп, Ресейдің қазақ­тың, басқа халықтардың жерін тартып алу саясатын зерделеп, оған қарсы күресу жолдарын іздестірген  болатын. 1918 жылдары Түркияның үлкен қайраткері Әнуар пашаның Түркістан жеріне келгені бел­гілі. Ол басмашыларды соңынан ертіп, со­вет­тік билікке қарсы үлкен күрес жүр­гізген. Бірақ соның өзінде қазақ зиялылары Әнуар пашамен бірлесе қоймады. Тіпті, Мұстафа Шоқайдың Әнуар пашаға сенімсіздік білдірген бір сөзі бар: «Сталинмен жолығып, сонымен ымы-жымы бір болып жүген адамның жалпы түркі жұртының бостандығы үшін соғысаты­нына аса сенімім жоқ», – дейді ол.
Осы тұста Түркиямен  бұрынғы Осман империясының мұрагері ретінде аралас-құраластық үзіліп қалған болатын, әрі ХХ ғасырдың басындағы геосаяси жағдай мүлде басқаша еді. Сон­дықтан Алаш әс­керінің түрік  әскерін үлгі тұта қой­ма­ғаны анық.
– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен
Қ.Серікқызы.
ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір