Талант және табынушылар
25.12.2015
3273
0
ҺӘМ ЗАМАН КЕЛБЕТІ мен ЖАЗУШЫ ҚАЛАМЫ


contentЖаза білу көркем әдебиеттің өкілі болу дегенді білдірмесе керек. Сәйкесінше, оқырманның ықыласы да ылғи көркем әдебиетке ауа бермейді. Кітапты қолға алған оқырманның бірі шығармадағы оқиғаға ерсе, енді бірі кейіпкердің тағдырына қызығады. Бәзбірі өзі оқыған дүниеден тілдің көркемдігін іздесе, қайсыбірі тіл арқылы берілген ойдың тереңдігіне үңіледі. Талғампаз оқырман кейіпкер образының шынайылығына, яки әдебиеттің жеке адам атынан емес, ұлттың атынан сөйлейтін қарым-қабілетіне қарай бағалайды. Заманның өзгеруіне байланысты әлеуметтің сипаты, халықтың тұрмысы, адамдардың мінезі алуан кейіпке енді. Бұл  белгілі бір дәрежеде әдебиетке де әсер етті. Сұлу табиғаттың көрінісін көркем сөзбен беретін немесе адамның психологиялық күйін тәптіштеп жеткізетін шығармалардан гөрі, құрғақ баяндауларға құрылған шығармалар көбейді. Әдебиеттің бүгінгі сипатын айқындап, талдап-таразылау сыншылардың үлесінде, әрі ол бірден кесіп-пішіп баға беретін дүние емес. Дегенмен, кейінгі жылдардағы прозада қандай өзгерістер бар, жазудың қай дәстүрі кейін қалып, қандай үлгі қалыптасып келеді деген сауалды жазушы-әдебиеттанушыларға жолдадық.


– Қазіргі қазақ прозасының беталысын қалай бағалар едіңіз? Жаңа заман оған қалай әсер етті? Жазудың қай дәс­түрі кейін қалып, қандай үлгі қалып-­тас­ты?
Несіпбек ДӘУТАЙҰЛЫ,
жазушы:

– Қолымыз аң­сап жеткен таным­дық, толғамдық ой-жүйенің тәуелсіздігі әдебиетімізге өзінің өзгеше өрнегін алып ­келді. Көр­кем­­­­дік кеңіс­тігі­міз­дің көзін ашты. Қы­зыл идеологияны бетке ұстап, соның әуеніне қарай икемделген, әлі жеткен жері әсіре, баса-көктеп баяндай беруден басын алып шыға алмаған, өз заманының берген бағасы керемет, бүгінгі көзбен қарағанда қара дүрсін шығармалар қалды, өз қайраңында. Ж.Аймауытовта қылаң берген, М.Әуезовте қиыннан қисынын тапқан, Ә.Нұрпейісовте құбылысқа айналған, Ә.Кекілбаевта кемелдене түскен суреткерлік ақиқаттың концепциясы келер күндерге үлгі. Қалам ұстап, қаптап жүрген қайдағы-жайдағыға емес, әрине.
Бекен ЫБЫРАЙЫМ,
әдебиетші:

– Алғашқы сұ­рақ  жалпы әдебие­ті­міз  емес, қазіргі  про­­­за­мызға қатыс­ты болса, азырақ ай­тып көрелі… Әде­бие­тіміздің алуан салалары мен  жанрлары  туралы әңгіме бүгінгі жауаптың шеңберіне сыймайды-ау.
Қарасөзіміздің қазіргі ерекшелік­терін толық түстеп тану да, ажыратып анықтау да қиын. Алматы мен Астанада, облыстарда көп кітаптар шығып жатыр. Бірақ таралымы аз, қолға түсе бермейді, оның үстіне оқуға арзитындары тіпті таптырмайды. Қандай жаңа кітаптар шыққанын «Қазақ әдебиеті» газетінде берілген қысқа мәліметтерге, шолулар мен рецензияларға қарап білеміз.
Тәуелсіздігіміздің арқасында тари­хы­мызды тереңірек зерттеп білуге мүмкіндік молайды. Ел-елде, жер-жерде ауылдық, рулық өрістен бастап, ұлттық-халықтық байтаққа дейінгі ауқымда таныс бейтаныс талай-талай батырларымыз, билеріміз  бен  ақындарымыздан тартып, басқа да бай-бағландарымызбен бірге қарақшыларымызға дейін түген­деп, мықты екенімізді енді біліп, мәре-сәре боп қалдық…
Сонымен бірге әлеуметтік теңдікті нысанаға алып, өмірлік қажеттілік ретінде ұстанған социализмнен айдың-күннің аманында айрылып, бұрын біз атын естісек те, көріп-білмеген, түстеп танымаған капитализмге топ етіп, түс­тік те кеттік. Қызығы мен шыжығын көріп, «бұ қалай болды өзі?!» деп қайран қалған ахуал орнады. Бұрын құбыжық көрінетін буржуазия енді ешкіммен санаспай, ешкімнен сұрамай-ақ келіп төрге шығып алды, бүгініміздің «бере­кесі» мен «беделі» ретінде қаласақ та, қаламасақ та, мойындалып, аңқау елді аң-таң қылды. Әйтеуір, түбі қайырлы болғай…
Елімізден бұрын жерімізге көзі түс­кен жатжұрттықтардың қаңсығы-таң­сы­ғымызға айналып, тұрмыс-тіршіл­ігіміздің сан саласына екпіндеп еніп кетті. Жан алып, жан беріскен, жанта­лас­қан жаһандану басталды. Міне, осы арада ежелгі ұлттық құндылықтар мен бертінгі бөгде мәдени-экономикалық, әлеуметтік құбылыстар қақтығыстары, қайшылықтары туындай бастады, жалпы қазақ прозасының көркемдік мазмұнына зор әсер етті.
Ақпарат  алмасуы өміріміздің барлық дерлік саласында күшейді. Бұдан шет қалу, ойланбау мүмкін емес. Өміріміздегі осындай өзгерістер түрлі жанрдағы про­за­лық туындылардың көркемдік ар­қауына айналды. Жазушыларымыз  дала мен қаладағы сан алуан жаңа­лық­тарды, қоғамның, адамның тыныс-тір­ші­лігінің өзгеруі мен сол өзгерістерге байланысты әр отбасына, т.т. әсер еткен құбылыс – мәселелер мен мәселе – құбылыстарды әрқилы көңіл-күйдің күйтімен пайым­дауға ден қойды.
Шабысымыз қалай, табысымыз бар ма, биіктеріміз қандай, олқымыз нендей деген қашанғы заманауи зәру сауалдарға жол-жөнекей жауап беру қолдан келмей­ді, арнайы зерттеулер жүргізу қажет. Әрине, әркім-ақ өзі байқаған біраз бел­гілерді сипаттар. Әйтсе де сипаттар да, қипақтар… Бұл сөзіміздің тиянағына мысалдар  жеткілікті екенін әдебиет­ші­лер білсе керек… Ендеше, келесі сұраққа көшелі…
Серік АСЫЛБЕКҰЛЫ,
жазушы-драматург:

– Менің білуімше, қазіргі кезде қазақ әдебиеті 1990 жылдардағы рухани күйзе­ліс­тен есін жиып, бірте-бірте өзінің даму жолына қайта түсе бастады. Бұл, әсіресе, жастар әдебиетінен айқын байқалады. Мәселен Төреғали Тәшенов, Талғат Ешенұлы, Әлібек Шегебай, Есей Жеңісұлы, Ақберен Елгезек, Ерлан Жүніс, Тоқтарәлі Таңжарық, Мақпал Жұмабай, Бауыржан Қарағызұлы, Ұларбек  Дәлей, Айнұр Әбдірасылқызы, Алтыншапақ Қаутай, т.б. талантты ақындарымыздың жырларынан қазақ поэзиясының интеллектуалдық  дең­гейі­нің  өсіп, сезімталдық  палитрасының бояуларының сан алуандана түскені байқалса, дарынды жас прозашыларымыз Мұхтар Түменбаев, Сәкен Сыбанбай, Қанағат Әбілқайыр, Ермек Қаны­кей­ұлы, Ерболат Әбікенұлы, Қанат Тілеухан, Айнаш Есали, Аягүл Мантаева, Мақсат Мәліков, Алмас Нүсіп, Арман Әлменбет, тағы басқалардың алғаш­қы шығармаларының өзінен-ақ  олардың ұлттық және әлемдік әдебиеттің озық үлгілерінің мектебінен өткені айқын байқалады. Өскен әдебиетке тән мұндай көркемдік сапа болашақтарынан үлкен үміт күттіретін жас драматургтеріміз Данияр Саламат, Мадина Омарова, Әннас Бағдат, Әлібек Байболдар мен әдебиет және көркемөнер сыншылары Амангелді Кеңшілікұлы, Ұлан Еркінбай, Сержан Тоқтасынұлы, Гүлзина Бектасова, Қарагөз Сімәділ, Алмира Қа­лиева, Бағашар Тұрсынбайұлы, Нұр­бек Түсіп­хан, Әсия Бағдәулетқызы, Нұр­бол Құ­дайбергенов, Айнұр Ахметова, Ра­хым­­берді Жетібайлардың қала­мынан шық­қан туындыларға да тән. Бұл оқыр­ман ретінде менің көзіме шалынған жастардың бір парасы ғана, ал бұлардан өзге мен байқамаған бұла таланттар қаншама. Ендеше қазіргі қазақ әдебиеті деп аталатын киелі өнердің, ұлтымыздың жан-дүниесін ізгілендіру үшін жаратыл­ған бұл көркемдік феноменінің бола­шағы зор деуге негіз  жоқ емес. Айтпақ­шы, біздің жастарымыз­дың шы­ғар­ма­­шы­лығында тағы бір жағымды жаңалық бар, ол – бұрын негі­зінен ауылдық, далалық мінездер мен хара­к­терлерді сомдап келген ұлттық әдебие­тімізде қазіргі кезде урбандалған қала­лық қазақтардың да жан-дүниелері­нің кеңінен көрініс табуы. Бұл шамасы біз­дің халқымыздың толыққанды қалалық ұлтқа айналғанының белгісі болса керек.
Айнұр АХМЕТОВА,
М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер инсти­тутының кіші ғылыми қызметкері:

– «Соңғы жиырма жылдықта қазақ әдебиетінің поэзия жанры алға шығып, проза саласының даму тенденциясы тоқырап қалды» деген пікірлер ара-тұра айтылып қалады. Прозада осындай баяулық байқалғанымен, нақ осы тұста оның әңгіме жанры жаңа қарқын алып, өзгеше дамушылық сипатқа ие болғанын айтуға тиіспіз.
Тәуелсіздік жылдарында әңгіме жанрын мазмұн, тақырып, түр (форма), пішін жағынан байытып, жаңа белеске көтерген М.Мағауин, Ш.Мұртаза, Қ.Жұ­маділов, Р.Тұрысбек, Ә.Тарази, Д.Дос­жан, Т.Нұр­мағамбетов, Б.Нұрже­кеұлы, Қ.Түменбай, Д.Әшімханұлы, С.Асыл­бекұлы, Ә.Асқа­ров, Р.Мұқанова, басқа  да қаламгерлердің шығармашылық еңбегін ерекше атағанымыз  дұрыс болар.
Көпшіліктің арасында есімі жиі аталып жүрген Қанағат Әбілқайыр, Қой­шыбек Мүбәрак, Өміржан Әбді­халықұлы, Бейбіт Сарыбай, Дархан Бей­сенбекұлы, Мирас Мұқаш, Қанат Әбілқайыр, Мақсат Мәлік, Аягүл Мантаева, Нұрлан Қабдай, Лира Қоныс, Ерболат Әбікенұлы, Алмас Нүсіп, Әлі­бек Байбол, Арман Әлменбет, Мақсат Мәлік, Әсем Қоспағарова сынды жастар­дың шығармаларынан жаңа заман әдебиетінің исі аңқиды.
М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының «Тәуелсіздік дәуі­рін­дегі әдебиет және көркем публицис­тика» бөлімінің қызметкерлері соңғы жиырма жылда ұлттық әдебиеттің дамуына айтарлықтай үлес қосқан қалам­герлердің шығармашылығы туралы «Қазақ  әдебиетінің тарихы» атты онтом­дық монография шығарды. Ал тәуелсіз­діктің екінші он жылдығы туралы «ХХІ ғасыр әдебиеті» мен «Қазіргі әдебиеттегі жалпыадамдық құндылықтар» атты ұжым­­дық монографиялар жарық көрді.
Ғылым – эмоция мен пафосты айналып өтіп, салқынқандылықпен жазылады. Ал бүгінгі рейтинг қуған заманда жылт етпе дүниеге құмар кейбір газет-журналдар осындай ғылыми мақалалар­ды жариялауға келгенде енжарлық танытып жатады. Ғалымдардың ғылыми еңбектері көп ретте насихатталмай, назардан тыс қалып жататыны да сондық­тан.
1991 жылы шын мәнісінде азаттыққа қолымыз жетіп, бақытты сәтті сезінге­ні­мізбен, елдің өмір сүру жағдайы қиындап кеткен еді. Бұл туралы жазушы Серік Асылбекұлының «Шер тар­қату» әңгімесінде, Қанат Әбілқайырдың («Дарабоз» Халықаралық балалар конкурсында бірінші орын алған) «Көршінің қызы» хикаятында кейіпкердің сезімімен қабыстырыла суреттелген.
Қ.Әбілқайырдың көптеген әңгімеле­рін­де жеке адамдардың күрделі, қым-қиғаш тағдырлары арқылы қазақ қоға­мы­ның бүгінгі келбеті танылады, әсіресе, жарық көргеніне көп бола қоймаған «Соқыр үміт» аталатын шағын әңгімесі де бүгінгі қоғамдық шындық кең көрініс тапқан.
Қазіргі күні көлемді дүниені оқудан қалып барамыз. Күнделікті келіп жететін ақпарат көп, уақыт жетпейді. Бұл да айтыла-айтыла жауыр болған тақырып болғанымен, М.Әуезовтің 4 томдық эпопеясының мазмұнын шағын беттік әңгіме бере алмайтыны да ақиқат. Осыған орай қазіргі күні біраз қалам­герлер оқырман­ның ыңғайына орайлап, жылдам оқылып әрі тез қабылданатын, көлемі шағын әңгімелерді жазуға ден қоя бастады. Бұл әлемдік әдебиетте бар үлгі. Бар-жоғы алты сөзден тұратын әң­гімені жазған Америка жазушысы Э.Хэ­мингу­эйді еске түсірсек, біздің жазу­шыла­рымыз­дың мұндай әдіске көшкендігіне шетел әдебиетінің де әсері бар деп біле­міз. Қысқа жазатын қалам­герлердің қатарына Мадина Омарова, Қойшыбек Мүбарак, Қанағат Әбілқайыр, Әлібек Байбол, тағы басқа авторларды кіргізуге болады.
Осы авторлардың ішінен шығармала­ры оқырман қауымға жақсы таныс, проза саласында өзіндік жазу стилі қа­лыпта­са бастаған, адам мен қоғам ара­сын­дағы қайшылықтарды астарлап көр­сету әдісін жақсы меңгерген жас жазушының бірі – Ә.Байбол.
Жас жазушының «Көзі тірі классик», «Ормандағы жиын», «Айдаһар, аю һәм барыс», «Дарынсыз артист», «Демок­ратия­ның көлеңкесі», «Мүжілген ескерт­кіш», «Диктатордың өлімі», «Аяқталма­ған картина», «Жоғалған бас» сынды әңгі­мелерінде осы уақытқа дейін үлкен прозаға жүк болып келген оқиғаларды бар болғаны бір-екі беттің көле­міне сыйдырып беру Әлібек Байболдың ше­берлігі деп атап өткеніміз жөн. Әрі осы әңгімелерін оқып шыққанымда жазу­шының әлемдік әдебиетті көп оқиты­ны байқалды.
Автор өзі таныған қоғамдық  шын­дық жайындағы ойларын бүкпей, ашық жеткізу үшін әдебиеттегі мысал жанрына тән элементтерді өте шебер қолдана­ды. Аңдар мен жан-жануарлардың алле­гориялық бейнелері арқылы қоғамның саяси шындығын жеткізу ауыз әдебие­тінде бұрыннан бар әдіс болғанымен, Ә.Байбол қолданысында өзгеше көрініс тапқан. Сонымен бірге, әңгімелерінің бір парасынан қазақ әдебиеттануына ғылыми термин ретінде кешірек ене бастаған антропологияға тән көркемдік ізденістер кездеседі.

– Әдебиетті жанрға бөліп қарастыру бұрыннан қалыптасқан үрдіс. Өзге елдер отбасылық тақырыптарды қамтитын шығармаларды әйелдер прозасы деп бөлсе, қалың оқырман оқитын шығарма­ларды бұқаралық әдебиет немесе эстра­далық әдебиет санатына жатқызады. Бізде осы екі санатқа қосатын шығармалар бар ма?
Несіпбек ДӘУТАЙҰЛЫ:

– Әдебиетті бөліп-жарып қараудың қаншалықты қажет екенін білмейді екенмін. Отбасылыққа жататын шығар­ма­лар­дың біразын оқыдық. Соның ішінде ерекше есте қалғаны Лев Толс­той­дың «Анна Каренинасы», Дзюнъитиро Танидзакидің «Тәндегі таңба», «Ақымақтың махаббаты…» тағысын, тағылар. Өз әдебиетімізде Төлен Әбді­ковтің «Әкесі». Ойлы жазушы отбасы­ның тағдыры арқылы қоғамның қолқа­сын суырып ала жаздайды. Осы тұрғыда Рахымжан Отарбаевтың «Беріштің бес қасқасы» да еске түседі.
Әйелдер проза деген ұғым бары рас, отбасылықтан шығатын. Жорж Санд шығармалары, мысалы. Атақты Андре Моруа зерттеген әйгілі дарынды әйел. Қазақ әдебиетінде ол деңгейлес әйел жазушының бар, жоғын қайдам. Оқып қоятыным, Роза Мұқанова, Сәуле Дос­жанова, Шәрбану Бейсенова, Айгүл Кемелбаева, Мадина Омарова… Таяуда есімі әліәзір белгісіздеу Сағадат Орда­ше­ваның жаңа жазылған пси­хо­логия­лық романын оқыдым. Жас жазушының ерекше қолтаңбасы, өзгеше танымы өзі­не еріксіз баурайды. Осындай көркем дүниені анау-мынауларды қойғанда, мық­ты-ау деген талайдың жаза алуы екі­­талай. Алдағы жылы «Жамбыл» жур­на­лының бірінші санында жарық кө­ре­ді.
Қалың оқырманның қалап оқитын­дары асып-төгіліп жатпаса да, тәубә, бар. І.Есенберлин, М.Мағауин, Н.Нұр­мағанбетов, Д.Исабеков, М.Байғұт, Ж.Шаштайұлы, Ж.Қорғасбек…
Жалпы, реті келгенде айта кететін әңгіме – қай жазушының қай санатқа жататынын атын атап, түсін түстеп, көр­кемдік  қуатын, суреткерлік қасиетін, жанқиярлық ізденісін, батыл экс­пери­мент­­терін жіліктей шағып, жібек­тей есеп беру әдебиет сыншыларының немесе зерттеушілерінің парызы болар. Ал олардың дәл қазіргі таңда не себепті көбіне-көп көш соңында қалып жүруінің себебін қайдан білемін.
Бекен ЫБЫРАЙЫМ:
– Есімізде, кешегі кеңес кезіндегі идеология «бұқаралық мәдениетке» қатты шүйлігетін. Талапты, талғамды, соның салдарынан адамды бұзады, азғы­рады дейтін. Бұқараны – оқыр­манды ертіп, биікке көтеруден гөрі, тал­ғампаз көптен гөрі талғамсыз тобыр­дың ығына ыңғай беруге бейім белгілер бізде де көріне бастады. Бұл арада гәп – терминге қандай ұғым сыйғызуымызға да байланысты…
Бұл күндері әйелдер прозасы, отбасы­лық проза, бұқаралық мәдениет атау термин ретінде емес, ұғым-құбылыс ретінде ізделіп, сауал қатарында қойыла бастауы бұл тарапта сирек десек те, ойлану барын байқататындай. Кітаптың таралымы көп болуы, сол үшін түсінуге оңай, толғандыратын емес, дем алдыратын, көди-сөдиді айтып «өсектесетін» – «шүйіркелесетін», өзінің немесе таны­сының бастан «кешкенін» сыр, әлде өнеге есебінде ұсынатын, т.т. туындылар­дың арғы жағында авторлардың табыс табуға деген түп ниеті мызғымай жататыны мәлім.
Сонымен бірге авторлардың интел­лек­туал­дық  дәрежесінен, интуициялық ерекшелігінен, тәлім алған мектебі мен жанына жақын үлгі-өнегесінен мәлімет береді. Біздегі әдеби мектеп, көркемдік ізденіс беталысының тамыры кешеде жатыр. Кеңес әдебиетінің, оның ішінде әсіресе, орыс әдебиетінің алтын ғасыры – ХІХ ғасырдағы, одан кейін ХХ ғасыр­дың  алғашқы ширегіндегі  алыптарының айтулы шығармаларының ықпалы айқын. Елуінші жылдардың соңындағы «жылымық» шетел қаламгерлерінің туындыларымен танысуға жағдай жасап, әрі біршама еркін тыныстауға мұр­ша бергеннен кейін қазақ әдебиетінде күрт өсу байқалды. Қысқасы, біздің  про­замыздың көркемдік тәжірибесі, салыстырмалы түрде алғанда, мәселен, орыс немесе француз, ағылшын әдебие­тімен сабақ­тас­тырғанда, кенжелеу екені рас. Бұған зор әсер еткен объективті тарихи-саяси, мәдени-экономикалық, т.б. себептер екені белгілі. Олай болса, бізде М Әуе­зов, Б.Майлин, І.Жансү­гі­ров, Қ.Аманжолов, Ә.Кекілбаев мектебі қалыптас­қа­нымен, іргелі көркемдік дәстүрді дамыту  барысында әлі де то­лық арнасын таппаған, әлі де толық жүзеге аспаған шығармашылық әлеуе­тіміздің баршы­лық екенін ескеру алдағы асуларға мегзейді.
Әлгінде аталған айдардың арнасында құлаш ұрған прозалық шығармалар әзірге көзге түсе қойған жоқ. Модернис­тік, постмодернистік ізденістер көрін­гені­мен, әдебиетіміздің көркемдік әле­міне ықпал жасайтындай деңгейге жеткен жоқ. Орыс тілінде жарияланған шетел және орыс қаламгерлерінің отбасылық, фэнтези туындыларын қолға алып көріп едім, мүлдем тартпады. Көзімді жетелеп әкеліп, «оқы!» деп қинасам да, көңілім ырыққа көнбей қаша берген соң, амал жоқ, «бұларды оқуды доғардым.
Серік АСЫЛБЕКҰЛЫ:
– Әрине, «Жыл­ты­рағанның бәрі алтын емес» де­мек­ші, баспасөзде көр­кем шығарма ретін­де жарық көріп жат­­қандар­дың асылынан гөрі жасығы басым болып келе­тіні жасырын емес. Оларды саралап, сараптап отыратын – әдеби сын. Бірақ өкінішке қарай, онсыз да сирек кез­де­сетін талант иелері – сыншыларға үкі­мет тарапынан да, қо­ғам тарапынан да жасалып жатқан қам­қорлық жоққа тән. Осының салдарынан біз соңғы кездері шын асыл өнер мен бұқаралық мә­де­ниеттің ара жігін ажыратудан қалып ба­ра­мыз, бұл, әрине, ұлттың рухани жа­ғынан кемелденуіне емес, керісінше кері кетуіне бастайтын жол.
Отбасының тіршілігін суреттейтін әдебиетті өз басым төмендетуге қарсы­мын. Л.Толстойдың «Анна Каренина», Г.Флобердің «Бовари ханым» секілді әлемге әйгілі романдарын немесе өзіміздің Б.Майлиннің «Қара шелек», «Талақ», Ә.Кекілбаевтың «Ең бақытты күн», «Көлденең көк атты» секілді тамаша көркем әңгімелерін алайықшы, осылар ең алдымен отбасылық өмірді суреттейтін шығармалар емес пе? Соған бола оларды «бұқаралық әдебиет», «эстрадалық әдебиет» деп төмендетуге бола ма? Әрине, жоқ. Негізінде  «Отан­ның отбасынан басталатынын» ұмытпа­ға­нымыз абзал болар.
Айнұр АХМЕТОВА:
– Менің ойымша, біз сөз етіп отырған жазба әдебиетке қайшы келетін эстра­далық әдебиет бүгін ғана пайда бола қал­ған жоқ. Өткен ғасырдың орта шені­нен басталған бұл жанр бүгінгі әде­биеттің дамуына да айтарлықтай үлес қосып келеді. Қазір мұндай шығармалар про­заға қарағанда поэзияда көптеп кезде­седі. Осыған ұқсас «аудиториялық ақындар» деген де ұғым бар. Оның мысалы – әр дәуірдегі ақындардың өз өлеңдерін көптің алдында жатқа оқуы.
Ал қазіргі эстрадалық әдебиеттің өкілдеріне тән нәрсе өз шығармаларын баспасөз бетінде, әсіресе, әлеуметтік желіде жалпақ жұртқа жария етіп жатады. Былайша айтқанда, бүгін бар да, ертең жоқ дүниелер ғой. Тіпті, уақыт өте келе әдебиет тарихынан өшіп кетуі ғажап емес.
Мұндай көркемсөздің талабынан шыға бермейтін ортақол дүниелер талантты ақын-жазушылардың шығар­маларында да ұшырасып жатады. Болуы да заңдылық. Қоғамда түрлі көзқа­­растағы  адамдардың өмір сүре бере­тіні секілді эстрадалық әдебиетті сапалы әдебиеттен бөліп алып зерттеу мүм­кін емес шығар. Бүгінгі әдебиетті тоқырауға ұшыратып отырған да осы эстрадалық  әдебиет. Сөз қадірін өсіру­дің  орнына шен-шекпен мен сый-сия­пат алудың жолында көбірек бас қаты­ратын, бір күндік атақ-даңқ үшін кез келген құрбандыққа баратын «қалам­герлер» әзірше азаймай отыр.
– Прозадағы  шеберлік туралы ойыңыз қандай?
Бекен ЫБЫРАЙЫМ:

– Шеберлік туралы әңгіме әдеби басылым­дарда үзілмей, үнемі жалғаса беруі тиіс. Өйткені, қай мықтыңыздың да шаршайтын кезі болады. Шеберлік туралы сөз қайрайды, қамшылайды. Олай дейтін себебіміз: дарынды деген жазушыларымыздың талай шығарма­лары шабытпен емес, кәнігі дағдымен, машықпен жазылғанда жалықтыра­тыны – шындық. Ал жастар үшін ше­бер­лік  туралы әңгіме көркемдік әлемі­нің құпияларына қаныға беруі үшін пайдалы.
Бірде белгілі жазушының белгілі әріптесі туралы көлемді мақаласын көрдім газеттен. Кейін қалыптасқан әдетім бойынша мақаланы емес, ең алдымен, келтірілген мысалды оқығанда, мақтаған қаламгерінің қожырағанын, шығарманың сүйкей салдыға бейім­делге­нін көрдім де, авторға айттым. Автор күліп «құтылды». Шеберлік туралы ойдағыдай жақсы, жаңа толғаныстар қолға түспей жатса М.Әуезовтен бастап, басқа  да тарландарымыздың толғау­ла­рын ұсыну керек болар. Бәлкім, кезінде баспасөзде шыққан З.Қабдоловтың, М.Ысқақбайдың шебе­рлікке байланыс­ты мақалаларын қайта жариялау керек шығар… Ал әлгіндей мақалалар, рецензияларда келтірілген мысалдар шеберлік туралы ұғымға нұқ­сан келтіреді, талғамды бұзады. Әттеңі – бірін-бірі өтірік мақтау бізде көп.
Шеберлік туралы ұғым бізде ала-құла сияқты. Бір жазушы өзінің тілінің байлығына сүйсінеді, енді бірі ешкім жазбаған өмір шындығын, деректі, тарихи оқиға, тұлға, т.т. алғаш рет арқау еткенін, енді бірі басқалар (бізде – қазақ әдебиетінде) мүлдем қолданбаған немесе некен-саяқ пайдаланылған көркем­дік тәсілді, басқалар әлі жазып үлгірме­ген көркемдік ағым, бағыт, т.т. алғаш айқын нықтағанын, т.т. айтып немесе жазып жатады. Гәп, алғаш жазуда емес қой. Нағыз шеберлік – оқырманды – халықты толғандыруда, әсер етуде…
Серік АСЫЛБЕКҰЛЫ:
– Қазіргі әдебиеттің шеберлігі оны жасап жатқан авторлардың шеберлік деңгейлері қай жерде болса, сол жерде. Шеберлік – жазушының бойында өмір­лік және шығармашылық тәжір­ибенің нәтижесінде барып пайда болатын сапа. Сондықтан жас әдебиетшілер өздеріне Л.Толстой, Оноре де Бальзак се­кілді шеберлердің өз шығармаларын он, тіпті кейде жиырма рет қайта көшіріп жазатын жанкешті, әрі ләззатты еңбек­қор­лық­тарын өнеге тұтқаны жөн, әри­не.
Айнұр АХМЕТОВА:
– Жалпы, әде­биет дегені­міздің өзі өнердің бір түрі, оның ішінде сөз өне­рі екендігі сонау Платон, Аристотель, Гегель, Кант ең­­бектерінен бас­тап, одан бері қа­рай Әбу-Насыр әл-Фа­раби, Абай, Ахмет Байтұрсынов ең­бек­терінде айтылып келеді. Енді тек та­­­лантты жаннан ғана ғажайып өнер туа­тындығы анық. Ол таланттың тек Ал­ладан берілетіні де дәлелдеуді қажет етпейтін нәрсе. Бұл туралы кемелділіктің жоғары деңгейіне жеткен аталған сөз иелерінің еңбек­терінде кеңінен сөз етілген. Шынайы өнер туындысының өмірге келуі адам Иесінің берген ақылы, білімі, тәжірибесі мен қиялының ұш­қырлығына бай­ланыс­ты. Менің ойымша, қолына қалам алып, том-том кітап жазып, танылуға ұмтылып жүргеннің бәрі талантты емес. Қазіргі күні талант пен танылуға ұмтылып жүргендерді ажырату да қиын болып барады. Мен тек прозада шеберліктің шыңына шыққан жазушы деп М.Әуезов, Б.Майлин, Ә.Кекілбаев, М.Мағауинді айтар едім.

Дайындаған Назым Дүтбаева.
ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір