Әулие Әбіш әлемі
18.12.2015
21182
0

1449806010_a0cc1258eba593858b2ab159ca4ee779ӘБІШ КЕКІЛБАЕВ МАРҚҰМНЫҢ ОТБАСЫ МЕН ЖАҚЫН ТУЫСТАРЫНА

Белгілі қаламгер, мемлекет және қоғам қайраткері, «Қазақстанның Еңбек Ері» – Әбіш Кекілбаевтың дүниеден өтуіне байланысты орны толмас ауыр қайғы­ла­рыңыз­ға ортақтасып, көңіл айтамын.

Көрнекті жазушы, терең білімді, жаны таза азамат – Әбекең тек қазақ  халқының ғана емес, Алты Алаштың әлем алдында бетке ұстар ірі тұлғаларының бірі еді.

Ол табиғи дарынымен жастай танылды. Мазмұны терең, танымдық мәні зор көр­кем туындыларымен, қоғамның түйткілдерін  тап басатын  отты мақалаларымен, философиялық толғамдарымен қаламдас әріптестерінің де, қалың оқырманның да жан жүрегін тез жаулап, мызғымас бедел иесі атанды.

Әбекең өзінің қаламгерлік дарынын ешқашан қоғамның тыныс-тіршілігінен бө­лек қойып көрмеп еді. Шығармаларының көпшілігін жауапты  және жоғары мем­лекеттік қызмет лауазымдарын қатар алып жүріп жазды. Халқының мұңын мұңдап, жоғын жоқтады. Ол үлкен абыроймен атқарған қызметтерінің  қатарында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің төрағасы, еліміздің Мемлекеттік хатшысы сияқ­ты лауазымдардың болуының өзі де көп жайды аңғартады деп ойлаймын.

Біз қиын-қыстау жылдарда ел игілігі үшін қатар жүріп қызмет атқардық. Оның та­лай-талай орынды ақыл-кеңестерінің куәсі болдым, жанашырлық көмегін сезін­дім.

Оның есімі мен шығармалары әрдайым туған халқымен бірге жасай береді. Мар­құм­ның топырағы торқа, жаны жәннатта болсын!

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ,
Қазақстан Республикасының президенті.

Құрметті Кекілбаевтар әулеті!
(Қаралы жиында сөйлеген сөзі)

Ұлттық әдебиет заңғарларының асыл тұяғы, халқымыздың бағына біткен мар­жансөз шебері, классик жазушы, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақ­станның Еңбек Ері Әбіш Кекілбайұлының өмірден озуы барша қазақ жұртының қабырғасын қайыстырған ауыр қаза.

Саналы ғұмырын елін, жерін, Отанын сүюге, мемлекеттігімізді нығайтуға арна­ған, қазақ руханиятының өсіп-өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан еліміздің ардақты аза­маты Әбіш Кекілбайұлының жарқын бейнесі халқымыздың жадында мәңгі сақ­та­лып қалары сөзсіз.

Марқұмның жаны жәннатта, иманы саламат болсын!

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ,
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы.

Оған тереңдік жарасқан

Әбіш Кекілбаев қа­зақ­­тың  маңдайына біт­кен үлкен жазушы, жақ­­сы адам, аяулы дос, ұла­ғатты ұстаз,  адал жар,  ғажап әке!.. Әбіш­пен  дос болдық, бірге жүр­­дік. Сон­да бай­қаға­ным – ол әр сөзге, әр ойға мән бе­­ріп, жауап­кер­ші­лік­пен қарап, кез келген нәр­сеге терең­дікпен ке­лу­­ші еді. Ме­нің­ше, бү­кіл қа­зақ қай­ғырып жа­тыр. Се­бебі, ол ха­лық жазу­шы­сы бола алды. Ха­лық­­тың сөзін сөй­ле­ген, халық­тың жо­­ғын жоқ­таған қа­рым­­ды қалам­гер-тін. Әбіш Кекілбаев тек  қа­на қазақ емес, Кеңес про­­засын­дағы ірі тұл­ға­­­лардың бірі. Бұл бір орны толғысыз қаза бол­ды. Жатқан жерің жән­натта болсын! Се­нің жарқын бейнең мәң­­гі­лікке жадымызда қа­лады.

Олжас СҮЛЕЙМЕНОВ.

Алаш жұртының алыбы

Міне, үш күн болды азалы Алаш жұрты, қамыққан қа­зақ елі, күллі қазақстандықтар бірінің көз жасын бірі сүртіп, алыс-жақын, таныс-бейтаныс демей, бірі-біріне көңіл айтып, сабырға шақыруда…

Өмірден Әбіш Кекілбаев өтті… Халқымыз сирек туар ұлы перзентінен, қадірлі қимасынан, қанаты талмас сұңқарынан, аламанның алдын бермес тұл­па­рынан, көз талар биігінен, сөз жетпес тереңінен айырылды.

Ұлт руханиятының алып бәйтерегі құлады.

Ардақтысын әспеттеп, аяулысын қадірлей білер, та­мы­рын тереңнен тартар тағылымы мол ұлы жұртымыз ұлы тұлғалары мен біртуарларын соңғы сапарға қалай шы­ғарып салғанының сан куәсі болып едік… Десек те, бүгінгі ауыр қазаның қазақ үшін жөні бөлек…

Қаршадай кезімізде, 1961 жылы Мұхтар Омарханұлы Әуе­зовті қалың елі күңіреніп, дәл осылай бақи дүниеге ат­­тан­дырғанының куәсі болып едік… Елдің күрсінгені, ха­лықтың қамығып, жасқа булығып, замана заң­ғары­мен қи­май қоштасқаны жадымызда қалыпты… Бүгін де сондай бір хәлді бастан кешіп отырмыз. Елбасымыз айтатын «Мәң­гілік Елдің» жаңа ғасыр төріне бет алған ұлы жұрты ға­жайып ықыласпен өз қайғысын өзі жеңіл­детіп, отбасына, өзіне-өзі  көңіл айтып отыр. Ұлтын ұлын­дай сүйіп, қызындай мәпелеп, әкесіндей сыйлап, ана­сындай қадір­леп, жарындай аялаған алып жүректі алып махаббаттың иесі өткенін жан жүрегімізбен сезіну­деміз.

Иә…

Әбіш Кекілбаев өткен ғасыр өрісін кеңейткен алпы­сын­шы жылдары әдебиет босағасын Құбылыс болып аттап еді.

Жалпақ  жұрттың назарын жалт қаратқан көзі тұнық, сөзі мірдің оғындай өткір қанатты тұлғаны тұғы­ры­на қон­дырған алыптарымыз да, аға буын да жаңылған жоқ. Әбекең де сол құбылыс болып жұрт жадында бекі­ген, ұлы биігін аласартпай, қанатын кең жайып, ұлт ру­­­ханиятына олжадан олжа қосумен болды.

Қай тұста да, қандай кезеңде де жүрісінен сүрінбеді. Әдебиетіміздің ары мен абыройын асқақтар классикалық туындыларды жаратты, көркемсөзімізді әлемдік биікке бастар жаңа соқпақтарға салды. Азамат ретінде замандастарына, ғаламдастарына, қаламдастарына, дос­тарына деген адалдығына селкеу түсірмей, өмірлік ұстанымдарының әдібін бұзбай, әдептен озбай… Міне… 76 жасында арамыздан кетіп барады!.. Артына ұлтты сүю мен ұлтқа қызмет ету­дің, ұлтты аялау мен ұлтты асқақтатудың ұрпаққа үлгі болар үлгі-өнегесін аманаттап өтіп барады.

Кешегі Алаш арыстары мен алыптарының сөзі мен ісін жаңа – жиырма бірінші ғасырға жеткізу жолында – тәуелсіздік жолында алғашқы қазақ Президентінің қасында жүріп, елдік міндеттерді аянбай атқарған хас суреткерді, көрнекті мемлекет қайраткерін соңғы сапарға аттандырып тұрып, ойға аларымыз көп. Соның бірі – дәуір дейтін ұғым. Әдебиетте Абай дәуі­рі, Махамбет дәуірі, Жамбыл дәуірі, Әуезов дәуірі дейтін шартты ұғымдар бар… Енді, заң­ғарымызды аттандырып тұрып, тіл ұшына Әбіш Кекілбаев  дәуірі дейтін ұғымның оралары шүбәсіз… Көркем әдебиетімізде Кекілбаев  дәуірінің  басталғаны анық. Сол дәуірмен қош­тасып тұрып, айтулы ұғымның ұлт санасын байытар ұлы кеңістікке айналарына сенеміз.

Қазақта «екі дүние» дейтін киелі ұғым бар. Бірі – қызық-қуанышына  адам баласы тоймас мына жарық дүние болса, екіншісі – рух атаулының мекені – ғарыш дүниесі! Рухтың дүниесі! Ұлтымыздың нысаналы  перзенті ретінде Жаратушы Әбіш Кекілбаевтың маңдайына екі дүние қызығын қатар бұйыртқан болуы тиіс. Оның аты – Мәңгілік! Ұлтымен мәңгі болу бақыты. Оңдыда туып, әулиелер мекені атанған Маңғыстауда қанаттанған, қасиетті Алатау бөктерінде атақ пен абыройға бөленіп, Сарыарқа төрінде еліне абыз атанып, ел құрметіне кенелген, қазақтың әдебиетін кең өрістерге алып шығып, жаңа қоғамның қалыптасуына өлшеусіз үлес қосқан адал жүрек, ақиық тұлғаға ұлты да, жұрты да риза!

Кекілбаев өнегесі – өрісті мектеп!

Әдебиетті Кекілбаевша жасау, өмірді Кекілбаевша сүру, қоғамға Кекілбаевша қызмет ету, заманға Кекілбаевша баға беру, қазақты Кекілбаевша еміреніп сүю дейтін жаңа дәуір басталып отыр.

Бақұл болыңыз, ардақты Әбеке!

Сіздің Рухыңыз жиі-жиі оралып, ұлтымыздың тұтасуына, елдік қасиеттеріміздің бекіген үстіне беки түсуіне Мәңгілік қызмет ететініне сенеміз!

Жаныңыз жәннат төрінен болсын, қазақ көркемсөзінің хас шебері!

Хош, аяулы аға!

Хош, Алаш жұртының алыбы!

Нұрлан ОРАЗАЛИН,
Сенатор, Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының Төрағасы. 

IMG_7388(1)Қазақстан жұртшылығы ауыр қазаға душар болды. 2015 жылғы 10 желтоқсанда 76 жасында Қазақстанның Еңбек Ері, Қазақстанның халық жазушысы, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының  лауреаты, отандық әдебиет классигі, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбайұлы Кекілбаев кенеттен қайтыс болды.

Әбіш Кекілбаев 1939 жылы 6 желтоқсанда қазіргі Маңғыстау облысындағы Оңды ауылында туды.

1962 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ мемле­кет­тік университетінің филология факультетін бітірді. «Қазақ әдебиеті», «Лениншіл жас» газет­терінің редакцияларында жұмыс істеді, «Қазақ­фильм» киностудиясының бас редакторы болды. Қазақ КСР Мәдениет министрінің орынбасары, Жазушылар одағы басқармасының екінші хатшысы, Қазақстан Компартиясы Орталық  Комитетінің Мәдениет бөлімінің сектор меңгерушісі, Президент Аппараты Мәдениет және ұлтаралық қатынас­тар жөніндегі референтурасының жетекшісі болды.

1992-1993 жылдары «Егемен Қазақстан» газе­тінің бас редакторы болды.

1990 жылы Қазақстан Республикасының он екінші және он үшінші шақырылған Жоғарғы Кеңесінің депутаты, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі Ұлттық саясат, мәдениетті және тілді дамыту жөніндегі комитетінің төрағасы болып сайланды. Қазақстан Республикасының он үшінші шақырылған Жоғарғы Кеңесінің Төрағасы болып сайланды.

1995 жылғы мамырдан Қазақстан Республикасы Прези­дентінің Мемлекеттік кеңесшісі. Сол жылы жел­тоқсанда бірінші шақырылған Парламент Мәжілі­сінің депутаты, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Халықаралық  істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы болып сайланды.

1996 жылғы қазаннан 2002 жылғы қаңтар аралығында Қазақстан Республикасының Мемле­кеттік хатшысы, Қазақ­стан Республикасы Прези­ден­тінің кеңесшісі қыз­меттерін атқарды.

200­2-2010 жылдарда Парламент Сенатының депутаты, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі болды.

Ә.Кекілбаевтың алғашқы өлеңдер жинағы «Алтын шуақ» 1963  жылы жарық көрді. Одан кейін «Бір шөкім бұлт» (1966, повесть және әңгімелер), «Дала балладалары» (1968, повестер), «Дәуірмен бетпе-бет» (1972, сын мақалалар), «Тырау-тырау тырналар» (1973, жолжазба очерктер), «Бір уыс топырақ» (1974, роман және повестер), «Құс қанаты» (1975), «Баллады степей» (1975, «Молодая гвардия» баспасы), «Последний снег» (1978, повес­тер мен әңгімелер), «Баллады забытых  лет» (1979, романдар, повестер, «Известия» бас­пасы), «Конец легенды» (1979, повестер), «Үркер» (1981, роман), «Елең-алаң» (1984, роман) кітаптары жарық көрді. Жа­зушының бірқатар шығармалары орыс, неміс, болгар, пол­я­к, мажар, чех тілдеріне аударылды.

Ә.Кекілбаев Г.Мопассанның «Пьер мен Жан», «Өмір» романдарын, Ш.Айтматовтың «Ерте қайтқан тырналар» повесін қазақ тіліне аударды. Л.Толстойдың «Соғыс және бейбітшілік» роман-эпопеясын, И.Буниннің бірқатар шығар­маларын тәржімалауға қатысты. В.Шекспирдің «Король Лир», «Ромео мен Джульетта», К.Гоццидің «Турандот ханшайым», М.Кәрімнің «Ай тұтылған түн», М.Фриштің «Дон-Жуанның думаны» пьесалары және басқа да шығармалар Ә.Кекілбаевтың аудармасы арқылы республика театрларының репертуарына енді.

«Құрмет белгісі» (1989), «Отан» (1999), «Қазақс­тан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев» (2004) мемлекеттік наградаларымен, «Содружество» (2003, ТМД ПАА) орденімен, сондай-ақ, төрт медальмен марапатталды. Қа­зақстанның Абай атындағы мемлекеттік сыйлығының (1987), Президенттік Бейбітшілік және рухани келісім сыйлы­ғының (1995) лауреаты, Қазақстанның Еңбек Ері (2009) атанды.

Ә.Кекілбаев Қазақстанның тәуелсіздігін қалып­тастыру мен бекемдеуге, парламентаризмнің дамуына, халқымыздың бірлігі мен келісіміне қажыр-қайратын жұмсады. Сондай-ақ, қазақ әдебиетін әлемдік  деңгейге көтеруге, Еуразиялық және әлемдік  кеңістіктегі мәде­ниеттер арасындағы өзара байланыс­ты тереңдетуге аянбай еңбек етті.

Саналы ғұмырын елін, жерін, Отанын сүюге, мем­леке­тімізді нығайтуға арнаған, қазақ руханиятының өсіп-өркен­деуіне өлшеусіз үлес қосқан Алаш жұртының ардақтысы Әбіш Кекілбаевтың жарқын бейнесі халқымыздың жадында мәңгі сақталып қалады.

Қазақстан Республикасының Парламенті.

Әбіш Кекілбайұлы Кекілбаев

Қазақстан жұртшылығы, қазақ әдебиеті мен руханияты орны толмас ауыр қазаға душар болды. 77 жасқа қараған шағында Қа­зақ­станның Еңбек Ері, Қазақстанның халық жазушысы, Қа­зақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, клас­сик жазушы, көрнекті мемлекет  және қоғам  қайраткері  Әбіш Ке­кілбайұлы дүниеден озды.

Әбіш Кекілбаев 1939 жылы 6 желтоқсанда қазіргі Маңғыстау об­лысындағы Оңды ауылында туды.

1962 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік уни­вер­ситетінің филология факультетін бітірді. «Қазақ әдебиеті», «Ле­нин­шіл жас» газеттерінің редакцияларында жұмыс істеді, «Қа­зақфильм» киностудиясының бас редакторы болды. Қазақ КСР Мә­дениет министрінің орынбасары, Жазушылар одағы басқар­ма­сының екінші хатшысы, Қазақстан Компартиясы Орталық Ко­митетінің Мәдениет бөлімінің сектор меңгерушісі, Президент Ап­параты Мәдениет және ұлтаралық қатынастар жөніндегі ре­фе­рентурасының жетекшісі болды.

1992-1993 жылдары «Егемен Қазақстан» газетінің Бас редакторы болды.

1990 жылы Қазақстан Республикасының он екінші және он үшінші шақырылған Жоғарғы Кеңесінің депутаты, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі Ұлттық саясат, мәдениетті және тілді дамыту жөніндегі комитетінің төрағасы болып сайланды. Қазақстан Республикасының он үшінші шақырылған Жоғарғы Кеңесінің Төрағасы болып сайланды.

1995  жылғы  мамырдан  Қазақстан Республикасы Президентінің Мемлекеттік кеңесшісі. Сол жылы желтоқсанда бірінші шақы­рыл­­ған Парламент Мәжілісінің депутаты, Қазақстан Республика­сы Парламенті Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы болып сайланды.

1996 жылғы қазаннан 2002 жылғы қаңтар аралығында Қа­зақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы, Қазақстан Рес­публикасы Президентінің кеңесшісі қызметтерін атқарды.

2002-2010 жылдарда Парламент Сенатының депутаты, Ха­лық­ара­лық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі бол­ды.

Ә.Кекілбаевтың  алғашқы  өлеңдер  жинағы «Алтын шуақ» 1963 жылы жарық көрді. Одан кейін «Бір шөкім бұлт» (1966, повесть және әңгімелер), «Дала балладалары» (1968, повестер), «Дәуірмен бет­пе-бет» (1972, сын мақалалар), «Тырау-тырау тырналар» (1973, жол­жазба очерктер), «Бір уыс топырақ» (1974, роман және повес­тер), «Құс қанаты» (1975), «Баллады степей» (1975, «Молодая гвардия» баспасы), «Последний снег» (1978, повестер мен әңгімелер), «Бал­лады забытых лет» (1979, романдар, повестер, «Известия» бас­пасы), «Конец легенды» (1979, повестер), «Үркер» (1981, роман), «Елең-алаң» (1984, роман) кітаптары жарық көрді. Жазушының бір­қатар шығармалары орыс, неміс, болгар, поляк, мажар, чех тілдеріне аударылды.

Ә.Кекілбаев Г.Мопассанның «Пьер мен Жан», «Өмір» романдарын, Ш.Айтматовтың «Ерте қайтқан тырналар» повесін қазақ тіліне аударды. Л.Толстойдың «Соғыс және бейбітшілік» роман-эпопеясын, И.Буниннің бірқатар шығармаларын тәржімалауға қатысты. В.Шекспирдің «Король Лир», «Ромео мен Джульетта», К.Гоццидің «Турандот ханшайым», М.Кәрімнің «Ай тұтылған түн», М.Фриштің «Дон-Жуанның  думаны» пьесалары және басқа да шығармалар Ә.Кекілбаевтың аудармасы арқылы республика театрларының репертуарына енді.

«Құрмет белгісі» (1989), «Отан» (1999), «Қазақстан Респуб­ли­ка­сының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев» (2004) мем­лекеттік наградаларымен, «Содружество» (2003, ТМД ПАА) ор­дені­мен, сондай-ақ, төрт медальмен марапатталды. Қазақстанның Абай атындағы мемлекеттік сыйлығының (1987), Президенттік Бей­бітшілік және рухани келісім сыйлығының (1995) лауреаты, Қазақстанның Еңбек Ері (2009) атанды.

Әбіш Кекілбаев мемлекет құрушы азаматтардың алдыңғы қатарында болды. Саналы ғұмырын халқымыздың бірлігі мен ке­лі­сіміне, мемлекеттің дамуына, ұлт әдебиетінің әлемдік биікке кө­терілуіне арнады.

Жарты ғасырдан астам уақыт бойы Қазақстан жұрты мен қазақ хал­қының өсіп-өнуіне аянбай еңбек еткен Алаш жұртының ар­дақтысы, еліміздің  абыз ағасы Әбіш Кекілбаевтың жарқын бейнесі хал­қымызбен бірге мәңгі жасай береді.

Қазақстан Жазушылар одағының басқармасы.

Соңғы бой жазу

Әбіш Кекілбаевтың есімі мен шығар­ма­шылығы қалың қазақ қауымына, оның әдебиетсүйгіш оқырмандарына кеңінен таныс. Оның романдары мен әңгіме, хикаяттары көптеген шет елдер тілдеріне аударылды. Таяуда ғана екі том кітабы Германияда басылыпты.

ХХ ғасырдың екінші жартысында әлемдік әдебиет үрдісінен үлгі алып, өмір­ді тану мен суреттеудің  жаңа жо­лын­­дағы ізденістерге шыққан жазу­шы­ның «Аңыздың ақыры», «Үркер», «Елең-ал­аң», «Абылай», «Шыңырау», т.б. шығар­ма­ла­ры қазақ әдебиетінің алтын қорына кірді. Бұлардағы көркемдік ізденістер – өмірді суретпен тану, психология, адам­­ды ойы мен сезімі арқылы ашу, шын­дықтың сыры мен шыны жайы ойлы толғаныстар жалпы ұлттық әде­биет­тің беделін көтерді.

Осыларға Әбіштің ұлтжандылығын, қазақтың ұлттық психологиясын, тілі мен жан сезімін тану мен таныту жайын­дағы ой-пікірін, тәуелсіздік жолындағы кү­реске араласып, Н.Назарбаевтың тобында белсенді қызмет етуі оны жаңа биікке ұмтылдырды. Ол қоғамдық, мем­ле­кеттік жұмыстарға жегіліп, жазушы­ның қаламын қайрат пен принцип күрестеріне қоса тартты. Ол тәуелсіздік­тің аты белгілі ұйтқысы болды. Энцик­лопедиялық білімді, сөз шебері, нені айтса да терең толғап, қазбалап, дәлел­деп, кешегі мен бүгінгінің байланысы мен келешегі жайлы толғана білді, оның эсселері, публицистикалық мақалалары тәуелсіздіктің белсенді жарияласына айналды. Автордың өзі осы рухани баға­мын толықтырып, ақыл-ой алыбына айналды. Оның сөзі әркімнің-ақ ойына ой қосты, көкірегіне сара бағыт дарытты, биіктік пен тереңдікті тең ұстата біл­ді.

Әбіш кісі танығыш, таныған кісісіне үйіріле білетін азамат еді. Еркелей алатын ағаларын да таба білді. «Ақын ер­ке­летуді сүйеді» деген. Оның еркелігін түсін­ген адам ғана онымен араласа алады.

Әбіш екеуміздің арамызда жастай-ақ осындай бір жылы қатынас пайда болды. Фариза марқұм Алматыға бірінші рет келгенімде жазушылардың бір жиынына ертіп барып, достарымен табыс­тыр­ған Әбіш: «Мұндағы жазушыларды көріп ал. Бұдан кейін Серік ағама ертіп барам, Әлия апаңмен таныстырамын», – деді. Сөйтіп: «Сіздің үй мен есігін ашқан бірінші жазушының үйі болды» – дейтін. Бұл әңгімені өмірден қайтар алдында Фариза еске түсіріп еді.

Содан басталған ағалы-інілі бауыр­лы­ғымыз күні кешегіге дейін созылды. Екі ай ғана бұрын екеуміз келісіп, бір оңаша санаторийге барып демалып едік. Жайшылықта сыр ашып көсілмейтін Әбіш те, сөзге сараң мен де сол жолы ағыл-тегіл әңгіме тиегін ашқанбыз. Біз­дің  әңгімеміз таусылмай, кейде тамақ  суып қалғанына ескертпе алғанымыз да есте. Әлия мен Клара бір  жағы  таңырқап, екінші жағынан тұйық  адамдардың бауыры жазылып, көңілдерін ашқанына ризалық білдіріп еді. Қайран сол күндер-ай, Әбіш марқұмның бой жазуы болған екен ғой. Жаның жәннатта болсын, бауырым!

Сенің арың мен еңбегің өлмейді!

Серік ҚИРАБАЕВ.

Асыл дос

Өткен ғасырдың 60 жылдары қазақ әдебиетіне 40-50 жас таланттар шоғыры қосылды. Алатаудан Мұқағали, Атыраудан Жұмекен, Талдықорғаннан Сайын, Шығыстан Қалихан келді. Солардың арасында қасиетті Маңғыстаудан келген Әбіш те бар еді. Қаратаудың етегінен мен де осы шоғырға қосылғанмын. Біз үнемі бірге жүрдік. Уақыт өткен сайын арамыз алыстағандай болатын. Оған уақыт, мінез дегендердің өз әсері болған шығар. Кейде ағалардың «олай жүр, былай жүр» деген сөздері де ықпал еткен болуы керек. Бірақ Әбіш ешкімнен ажыраған жоқ. Әбіш пен Мұқағали, Әбіш пен Еркін, Әбіш пен Жұмекен, Әбіш пен Сайын деген сөздер Кекілбаевтың осы адамдардың бәрімен сыйлас, сырлас болған­дығын аңғартады.

Әбіш әскерде жүргенде іздеп бардым. Жоңғар қақпасын күзетеді екен. Водкин деген капитан қарсы алды. Өзі туралы жазады деп ойлап қалса керек. Кейін сол сапар туралы жазғанда оны да қостым. Әбіш: «Сенің сол келіп-кеткенің жақсы болды. Содан кейін маған офицерлер дұрыс қарайтын болды», – деп күлгені есімде. Шіркін уақыт!..

Әбіштің зор мәдениеті, үлкен адамгершілік болмысы оны ылғи биікке жетелейтін. Қазақ әдебиетінің жетістігіне елден бұрын қуанып, кемшілігін елден бұрын байқайтын. Сол олқылықтың орнын шығармашылық қабі­летімен де, ақыл-парасатымен де толтыруға тырысатын. Сенімді серік, әділ дос еді. Артында қалған елі, ұрпағы Әбішті ұмытпайды. Жан шыдамас ауыр қазаға қайран жоқ. Бұл – Алланың ісі. Бәріміз де тағдырымыздағыны көреміз. Отбасына, халқына сабыр тілеймін.

Жатқан жерің жайлы, топырағың торқа болсын, асыл дос!

Әкім ТАРАЗИ.

Руханиятымыздың алып бәйтерегі

Танымал мемлекет және қоғам қайрат­кері, аса көр­некті жазушы Әбіш Кекіл­баев­тың дүниеден озуы – Алты Алаштың қа­бырғасын қайыстырған қаза болды. Әбіш аға біздің Қазақ Ұлттық уни­вер­си­тетінің филология факуль­тетінде оқып, бітірген еді. Қарашаңырақтың әйгілі тү­лек­терінің бірі болатын. Әл-Фараби атын­дағы Қазақ Ұлттық  университетінің Құр­метті профессоры ретінде оқу орнымен тығыз байланыста болды. Ол кісінің «Аңыз­дың ақыры», «Шыңырау», «Дала бал­ладалары» – әде­биеті­міздің – інжу-мар­жа­нына қосылған дүниелер. Ал «Елең-алаң» мен «Үркер» тарихи дилогиясы та­ри­хымызды таразылауға үлкен үлес қос­қан шығармалар. Әбіш ағаның бас­пасөз бетінде жарияланған көсемсөздері де өз дәуірінің шынайы шежіресін жасап кетті. Әбіш Кекілбаевтың прозалық шығар­ма­лары зерттеліп, докторлық диссертация публицистикасы зерделеніп, кандидаттық диссертация қорғалды. Көптеген ғылыми жұмыстарға шығарма­лары арқау болды.

Қазақ руханиятының алып бәйтерегі құ­лады. Осы қа­заға байланысты бүкіл қа­зақ халқына көңіл айтамыз. Ол кісінің өмірі мен шығармашылығы туралы «Өне­гелі өмір» сериясы бойынша кітап шығару жос­парланған болатын. Абыз ағаның асыл мұрасы елімізбен бірге жасай бе­ре­ді.

Ғалымқайыр МҰТАНОВ.

Ауыр қайғы

229947_1362402070_________________________________Жақсылардың арамызға сыймай қалатыны болады ғой. Ұлты­мыздың жақсыларының бірі сол Әбіш еді. Елу жылдан бергі қазақ әдебиетінің процесінің бәрі Әбіштің айналасында, оның жазған шығармаларының төңірегінде. Осы кездегі әдеби процестің көпшілігі Әбішпен байланысты. Тек қана әдебиет десек, қысқа болады, ең тәуір «Қыз Жібек», «Менің атым Қожа» сынды классикалық шығармалар да Әбіштің араласуыменен дүниеге келді. Театр өнерінің де, жалпы біздің әдеби сынның дамуына да Әбіш зор басшылық етіп отырды. Әсіресе, «Үркер» мен «Елең-алаң» романдары өте бір қиын кез – қазақтың тағдырының талқыға түскен, таразының басында тұрған кезі – бір жағы жоңғар, бір жағы орыс әкімшілігімен қарым-қатынас қалай болады, бұдан кейінгі еліміздің тағдыры не болады дейтін бір алмағай шақтың тарихи үлгісін жасаған адам. Бұл шығармалар тарихи жағынан жақсылығыменен, көркемдік жағынан биіктігіменен, ой-өрісінің кеңдігіменен біздің әдебиетіміздің сүйікті шығармалары болып қалды. Оның қаһарманын қандай да болмасын әйтеуір біздің тарихымызға еңбек сіңірген адам ретінде көрсете білді. Қазіргі күні ол шығармаларды көркем шығарма ретінде де оқуға, тарихи нұсқа ретінде де оқып түсінуге мол мүмкіншілік бар. Әбіштің әдебиетке, тарихи тақырыпқа келуінде үлкен өнеге болатын нәрселер көп болды. Сол оқиғалардың бел ортасында болған адамдардың барлығының бастан өткергендерін жіпке тізгендей анық-қанық жазып, қатесіз, әділ суретін бергені мойындатпай қоймады.

Әбішті тек қана жазушы деп қабылдасақ, оның үлкен сом тұлғасына терең бойламағандық болады. Жазушылардың ішінде әлеуметтік-саяси өмірімізге белсене араласқан, кешегі тәй-тәй тұрып жатқан бетімізде еліміздің дұрыс жолға түсуіне, дұрыс саясат таңдауына, болашақтағы қандай бағытта дамуына елеулі әсер еткен қоғам қайраткері еді. Ол халық тағдырына қатысты кез келген дүниелерде ұлтымыздың мүддесін бірінші орынға қойды. Сол арқылы кейінгі өмірімізге әсер еткен қайраткер тұлға деп білемін.

Әбіш көп айтылды, орыс әдебиетінде де, шетел әдебиетінде де оның өз орны болды. Әлі де айтыла беретініне күмән жоқ. Оның шығармалары әлі терең зерттелетініне ешкім күмән келтірмейді.

Қазір Әбіштен айрылып, қапалы жағдайда отырмыз. Оның отбасы мен халқына, қалың оқырманына көңіл айтамын.

Әнес САРАЙ.

Алпамыстай алып тұлға еді-ау

Әбіштің қазасы – мен үшін өте ауыр қаза. Жарты ғасырдан бергі ең жақын сырлас досымнан айырылдым. Ал қазақ халқы ғасырда біртуар кемеңгер ұлынан, алып тұлғасынан айырылды.

Әбіштің сонау студенттік шақтан тартып, күні кешеге дейінгі бүкіл ғұмыры – әдебиет әлемінде қол жеткізген баға жетпес ғажап еңбегі де, қоғамдық, мемлекеттік, саяси тіршіліктегі атқарған қызмет­тері де көз алдымда өтті. Жетістігіне бірге қуанып, реніш, қайғысы тұсында қасынан табыла жүріп, қолдаушысы, сүйеніші, сырласы, пікірлесі бола алғанымды өзіме үлкен мәртебе санаймын. Алла Тағала менің маңдайыма әдебиет пен өнердің таңдаулы өкілдерімен, билік маңындағы әр  түрлі мансап иелерімен таныс-біліс болу, жақын араласу бақытын бұйыртқан екен. Солардың ішінде Әбіштің мойны әрқашан биік тұрушы еді. Ол – шын мәніндегі біртуар данышпан еді. Ол – ең алдымен, тамаша суреткер жазушы болуымен қатар, энциклопедиялық терең білімі бар ғұлама ғалым да еді. Ол туабітті философ еді. Қазақ прозасындағы шын мәніндегі ойшылдық бағыт Әбіштен басталды. Пәлсапашылдық жағынан  Абайға жақындаған жазушы – ең алдымен осы Әбіш. Соған орай әдеби сынындағы концепциялық талдау үлгісін алғаш көрсет­кен де – сол. Оның тарихи білімі де ұшан-теңіз еді. Орысша, қазақша бірдей көсіле, қазып сөйлейтін керемет шешен еді. Осыншама қырлары оны ХХ ғасырдың екінші жартысындағы ең кемел, алып тұлғаға айналдырды. Сонысына қарамастан өте қарапайым, кісіге қиянаты жоқ, мейірбан адам еді. Бір ғажабы, популизмге мүлдем жоқ еді. Әр салада-ақ қаншама үлкен-үлкен істерді тындырып жүр­геніне қарамастан, бәрін де еш дабырасыз атқаратын. Соған өзінің қатысы барын білдірмейтін. Мәселен, Колбиннің Қазақ­стан­нан кетуін ұйымдастырған бірден-бір адам Әбіш еді. Соны өз аузымен еш­кімге айтқан емес. Тіпті, маған да айтқызбады. Кейінірек оның жетпіске толуына орай жазылған «Кемел тұлға келбеті» дейтін мақаламда атап өтіп, конференция мінберінен бір-ақ  жарияладым. (Ол мақала менің 5-томымда бар). Басқа біреу болса, соны керемет әңгіме етіп таратып, ұпай жинаумен айналысар еді. Алла Тағала талант қырларын қалай аямай берсе, мінезіндегі  біртоға  қарапайым­ды­лықты да дәл солай аямай берген еді.

Айхай, дүние-ай, қайсыбірін айтып тауысарсың! Бақұл бол, ме­нің аяулы жан досым! Жаның жәннат төрінен бұйырғай! Қазақ бар жерде сенің атың өшпек емес. Алла қазағымды аман қылсын, тәуелсіздігімізді баянды етсін!

Марал Ысқақбай.

Қазақтың бәйтерегі еді

Қазақтың аяулы ұлы өтті дүниеден. Бұл хабарды естігенде төбемнен жай түс­кендей болды. Қазасынан бір күн бұрын ғана Парламентте үлкен жиында бірге болған едік. Сонда амандасып, құ­шақтасып едік. Тәуелсіздік алған алғаш­қы жылдары Әбіш өзін қайраткер ре­тінде жақсы көрсетті. Елбасының жа­­нында жүріп, Тәуелсіздік жайлы декларация мен Ата заңы­мызды қабыл­дағанда басы-қасында болды. Әбіштің білімі телегей-теңіз еді. Мен ол кісінің жа­нында көп жүрдім. Республиканы бір­ге ара­ладық. «Сол кезде айтқан сөз­дерін неге жазып алмадым екен» деген өкініш қазір өзегімді өртейді. Қандай мә­селе болса да терең ой­лап, сергек қа­райтын қасиеті көп ешкімде кездес­пей­тін. Әбіштің қазақ әдебиетіне, мә­де­ние­тіне сіңірген орасан еңбегі ел жанында мәңгілік сақталады. Ошағында қалған Кла­раға анасы Ай­сәу­ленің жасын бер­сін. Өйткені, Клара да ене­сі сияқ­ты Әбіш­тей ұрпақты тәрбиелеп өсі­ретініне сенемін. Отбасына амандық, сабыр ті­леймін. Марқұмның алды пейіш, арты ке­ніш болсын. Ол қазақтың бәйтерегі еді.

Оралбай ӘБДІКӘРІМОВ.

Ғасыр кемеңгері

Жүрегінен жалынды жыр атылған,

Шабыттанса шымырлап шығатын ән,

Бұлақ еді бір кезде бастау алған

Маңғыстаудың қатпарлы қыратынан.

Толып, тулап, тасқындап ақ бұлақ жыр

Өзен болып ағады сарқырап бір.

Бар әлемнің ойшылы ортасында

Әбекеңнің маңдайы жарқырап тұр.

Тарихтың көтеріп шемен жүгін,

 Дәлелдеген ұлтымның кемелдігін.

Өзен-көлі айналар ой-теңізге,

Тау толқыны сездіріп тереңдігін.

Өмір нәрін тереңнен алған дарын

Орындайды ең биік армандарын.

Адамзатқа ұсынып келген еді,

Әбекеңнің теңізі маржандарын.

Халқымыздың туған ол бақытына,

Әр еңбегі айналды жаһұтыма.

Қосылды кеп Әбіштің ой теңізі

Әдебиеттің әлемдік мұхитына!

Қазағымның көп емес ерендері,

Дауылдарға шыдайтын емендері.

Алашыма ардақты Әбіш аға –

Біздің Ұлы ғасырдың кемеңгері!

Айбатыр Сейтақ.

Елең-алаңда естігенде

Елең-алаңда естідім. Есеңгіреп қалға­ным рас. Ұлым алаңдап: «Абайлаңызшы», – деді.

Әбіш көке! Дедім. Оңашада. Кеше ғана көксандықтан көріп, қуанып ек, көке.

Байтағыңызды, оның ішінде Оңтүсті­гіңіз­ді жаныңыздан артық жақсы көруші едіңіз, көке.

Бүкіл байтағыңызды, оның ішінде Оң­түстігіңізді армансыз аралап, қазынасын қа­зып, қопара жазып едіңіз, көке.

Үш миллион халқы, оның ішінде екі мил­лионнан аса қазағы бар Оңтүстігіңіз ой­сыраған күй кешті, көке.

Шырайлы Шымкентіңіз шер кешті, кө­ке.

Қаратауыңыз бен Қазығұртыңыздың қа­бырғасы қайысты, Отырарыңыз бен Ор­да­­басыңыздың омыртқасы майысты, кө­ке.

Түркістаныңыз тұманытып, Әзірет Сұл­таныңыздың кесенесі күреңітті, көке.

Сайрам-Өгеміңіз сансырап, Келесіңіз­дің белестері екі-үш  жыл бұрын келгеніңізді елестетіп, егілді, көке.

Сарыағашыңыздың шипалы суы шылжырап, күллі курортыңыз: «Әй, әттең, Әбе­кең енді келмейді-ау», – деп күрсінді, көке.

Мырзашөліңіздің мырзатеректері, Мақ­тааралыңыздың текті талдары теңсе­ті­ліп, Сырдария анаңызға мұң шақты, көке.

Шардараңыз шалқымай қалды, шаға­ласы шарқ ұрды, көке.

Ақсуыңыз бен Арысыңыз ағысынан жаңылып, өзіңіз мәртебесін көтерген Мәр­төбеңіз шөгіп, шөкімдей көрінді, көке.

Деп… Елең-алаңда, «Елең-алаңды», «Үр­керді», «Аңыздың ақырын», қаншама қыруар қазыналар жаратқан ұлы сурет­кер­дің, ұлы ойшылдың қазасына қатты қай­ғыр­дық.

Шүкіршілік. Дедік. Жұбанып. Бір апта бұрын ғана «Қазақ әдебиетінде» сыншы қы­зымыз Әминаның сараптамасы шық­қан. «Аңыздың ақыры» хақында. Бір ай бұ­рын ғана сол басылымда Бағашар баламыз Кекілбаевтың портретін керемет кейіп­теген.

Тереңіміз тереңдерді тәлімдеген екен. Тәубе. Дедік.

Көркемдіктің көкесі, көкем.

Кемеңгерліктің кемелі, көкем.

Егемендіктің ерені, көкем.

Әлемнің Әбіші ғой, көкем.

Қош, көке!

Мархабат Байғұт.

Әбіш Кекілбайұлымен қоштасу

Уай, Қамбар-Жұрт, Қамбар-Жұрт,

күрсінісі – қызыл нажағай жайқалтқан,

сүйсінісі – көк тасқа жасыл бітірген

аспантекті Көк Ұлдай, алпаң да балпаң көрініп,

әділеттің жолында

Алаш үшін арпалысты күн кешкен;

қаламынан түн қашып,

қабағынан дұшпан бұғынып,

Қара Сөзіне қараша ілескен;

маңдайы да аламанға

пейіш аңқыған,

көз жауы да

көкірегімізге егілген

Абыз өтті Дүниеден!

Абыз өтті Дүниеден,

әулиелік пішінмен!

Қасқыр да түлкі бұ заман

қадірін кімнің түсінген!

Бақи мен фәни арасы

буырқанған бұлттарыңды жосылтып,

Ұлы Дала, Сен де енді дұға еткейсің ішіңнен!

Уа, Ұмай да Ұмай, Ұмай-Жұрт,

Ұмай да Ұмай, Ұмай-Жұрт,

дау қашырар қара байрақ еңкейтіп,

жау қашырар бөрілі байрақ шалқайтып,

Саған да көңіл айтамыз:

Наурыздағы буаз Нұрдай ышқынып,

енді осындай

Ұл таба алар ма екенсің?!

Тыныштықбек ӘБДІКӘКІМҰЛЫ.

Сүйегі асыл суреткер

Қазақтың Әбіші қаза болды. Дүлдүл жазушы дүниеден өтті. Сондағы сұп-суық, сұрапыл сұрақ:

«Әбіш Кекілбайұлындай түркі дүниесінен қалған түпсіз ой мен түгел сөздің түбіне жеткен, көркем әдебиеттің көкжиегін әлемдік деңгейге көтере алған кемеңгер Суреткер енді қашан туады?».

Әбіш ағамен 1969 жылы танысқан едім. Өзінің үйінде.  Араб еліне сапарлап барып, келіп отырған кезі екен. Жаңа шыққан тұңғыш шағын кітабы – «Дала балладаларына» қолтаңба жазып берді. Егер мен осы күні азды-көпті жазушы атанып жүрсем, оған сол кітап әсер еткен еді.

Ағамен бұдан кейін де кездесіп қалып жүрдік. Жылы қабақ, ыстық ықылас танытатын. Кейініректе «Журналың шығып жатыр ма?» деп сұрап қоятын. Осы ғасырдың бас жағында Аңырақай шай­қа­сына ескерткіш орнату мәселесімен республикалық комиссия құрылып, оның құрамында Шу өзенін бойлап, Хантауына өрмелеп, Мойынқұмды аралап, Қордай асуын кесіп өтіп, 3-4 күн бірге жүріп, бірге тұрғанымыз бар. Әбекеңнің Мемлекеттік хатшы кезі. Сонда көріп-білгенім…

Әбекеңнің ел дегенде, оның тарихи танымының ежелгі төркінінен тартып, төрт құбыласын төңкеріп, түстеп, түгендеп төгілетіні…

Кең дүниенің кеңістігінен кісіліктің киесін, үйлесімнің иесін көксеп, көсілетін көсемдік…

Заманалардың құдіреті мен қасіретін қазбалағанда, шыңыраудан құдық қазған Еңсептің тереңге тебіндірген жанкешті алып қуаты… еріксіз еміндіре түсетіні…

Бағың мен сорыңның атар таңынан, батар күніне дейінгі көрер қы­зы­ғы мен тартар азабының тамырын тауып, таспадай тарқата­ты­ны…

Көсем ойдың, шешен тілдің шексіздігі, шебер баяны…

Нені айтса да, неге айтса да, қалай айтса да, бәрі, бәрі далалық ақыл-сесі, көкейкесті даналық сарыны…

Төбесіне от қойса Маңғыстау даласына түгел көрінетін Оқпан­тау­дай оқшау көзге түсетін отырысы…

Әбіш аға жазған «Аңыздың ақыры» қазақ әдебиетіндегі абырой әкелген кенен көркемдіктің көзін ашқан, алып Суреткерлік қуаттың асқан бір үлгісі. Ол бізді ойландырып та, толғандырып та тастаған. Дүниені, адамды, қоғамды көркем зерттеудің жаңа танымына, психологиялық, философиялық парасатты пайымына қарай бағыт берді. Әлемдік деңгейдегі бұл інжу-маржан уақыттың мәңгілік рухани құндылығы болып қала беретіні күмәнсіз. Оны кешегі оқырман қайталап, бүгінгі оқырман бастап оқысын деген мақсатпен «Жамбыл» журналының биылғы 4 санына жариялап, Әбіш ағама бандерольмен салғызып жіберіп едім. Көп өтпей, осыдан жиырма шақты күн бұрын, Әбекең телефон шалған: «Несіпжан деген даусынан мейірімі төгіліп – рахмет, айналайын. Жасың ұзақ болсын». Өзіне де осыны тілеп едім, сонда. Амал қане, алып жазушымыздан айрылып қалдық. Алдың жарық болсын, әдебиет әлемінің әулиесі.

Несіпбек Дәутайұлы.

ДАНА-ДАРИЯ

…Салық өлді, не болды,
Бір жыладық көп болса.
                     (Жұмекен Нәжімеденов).

Әбіш кетті…

«Бір жыладық, көп болса»,

(Оғыланды орып өтер оқ қанша?).

Еменімді күйретіпті сұм ажал,

Кемелімді сүйретіпті көкпарша.

Ұлылықпен ұйыстырар ұяны,

Қашан туар енді ондай зиялы?

Аплатоннан айнымайтын ажары,

Әуезовтің айнымайтын тұяғы.

Даңғылына айналғалы соқпағы

Дарытары бар еді ғой көпке әлі.

Даналықтың дариясы соңғы рет

бір лықсып кеп,

буырқана тоқтады.

Әбең кетті…

Кетті, – деген ұғымың –

уыз емес, уын піскен күбі-мұң.

Ғайып болды, майып болды,

Жүз емес,

мың жылда бір туатұғын мығымым.

Сейілте алмай Сарыарқаның секемін,

Мұнар басты Маңғыстаудың етегін.

Биім кетті,

Бір жыладым, көп болса,

Күйім кетті,

Күңіренбей не етемін?!

Санаткерім секілді еді сөнбес күн,

Сөнбеуіне сене-сене мен де өстім.

Ағам кетті, бағам кетті.

Байқасам,

«Бір жылатар» қалмағандай енді ешкім…

Абзал БӨКЕН.

Таудан мұнартып ұшқан тарланым…

Сонау  360 әулиелі Маңғыстаудың ойында елеу­сіз ғана дү­ние­ге келіп, Алты Алаштың белін майыс­тырып, қабырғасын қайыстырып кетіп барады.

…Мен білмеймін, оны ешкім де білмейді. Бірақ көне кітап­тар­да аттары айтылатын Пай­ғам­­барлар қайтқанда халық осылай қайғырған шы­ғар…

Біз осы күнге дейін қазақтан шыққан пай­ғам­бар жоқ деп келдік.

Ол – рас.

«Мұхаммед – араб дейді, талас бар ма?

Жебірей – Ғайса рухы көк аспанда.

Қазақтан шықты дейтін пайғамбар жоқ,

Біздікі – әулиелік әрі асқанда.

Біздікі – әулиелік мықтағанда,

Бізде жоқ талай нәрсе жұртта бар да,

Жол іздеп арасынан бар мен жоқтың

Айтайын бір ауыз сөз құптағанға», –

дейтініміз сондықтан еді.

Көрерсіз  де  тұрарсыз, менің осы екі шумағым­дағы тұжырым­дарды құптай­тын­дардан гөрі, жоққа шығаратындар көп болады.

Сіз өзіңіз қалай ойлайсыз?!

Әбекең кетті өмірден…

Есенғали РАУШАНОВ.

Дәуір көшіп барады

Кешкен ғұмыр, жазған шығарма бәрі-бәрі ел-жұрттың көз алдында. Оны тәптіштеп қайтейін.

Өзі қоңырау таққан құба нардай боп, маң-маң басып бізден алыстап барады. Көктен түскен жоқпыз, жерден шыққан жоқпыз. Ата-күші, ана-сүтінен нәр алдық. Уызына жарыған Кекілбаевтың арғы тегі кім дер біреулер. Ата жұрты – несібесі алысқа шашыраған атақты Қожаназар бай. Аспанға қараса аузына құс ілінген шешен. Нағашы жұрты – қалмақ  ханы Аю­ке­нің оң тізесін басқан пірі әйгілі Қара Боқан лама. Осындай арыстардан Әбіштей абыз тумағанда, кім туатын еді?!

Елу жасқа толмай жатып әлемнің 200 ұлы жазу­шы­­сының бірі атанып, ресми мойындалған Әбіш аға еді ғой.

Германияның орталық  баспасөзін «Бізде ғажайып жазушылар, керемет философтар, сұңғыла экономист­тер бар, бірақ бізде Кекілбаев жоқ  қой», – деп табынтатын Әбіш аға еді ғой.

Манастың 1000 жылдық мерейтойында баяндама жа­сап, әлем таныған Айтматовты «Ой, қоқи, біз Манасты енді ғана танығандай болдық қой», – деп там­сан­татын Әбіш аға еді ғой.

Еліміздің бір Премьер-Министрі кезекті мәжілісте «Министрлерді шетелге оқуға, тәжірибе алмасуға жіберу керек» дегеніне: «Оларды «Мерседес» мін­гі­зіп шетелге емес, есек мінгізіп ауылға жіберу керек. Тіл үйренсін. Ауылдағы қазақтың күнкөрісін көрсін», – деп тойтарыс беретін Әбіш аға еді ғой.

Иә, Кекілбаев біздің көңіліміздің қай жыртығына жамау болмады?!

Иә, Кекілбаев қалам ұстағандарды қолда бар қай биікке көтеріп бақпады?!

Иә, Кекілбаев егемен ел үшін өзін қай от пен суға салмады?!

Ұлы Абайдың:

Қадірлі басым,

Қайратты жасым,

Айқаймен кетті амал жоқ, –

дегенін біздің заманымызда Кекілбаев қана айтса жарасар.

Біз біле білсек, Әбіш ағаның алдында өтеусіз қа­рыз­дармыз. Сол қарыз мойнымызда қалып барады. Өйт­кені, ол қаламының ұшынан сәуле төгіп жазар он шақты том еңбегін егемендіктің іргетасын өз қо­лым­мен қаласам деп жүріп, садақаға шалған жоқ па еді?

Сөйткен Алаштан асып туған ақылманның да сыр­тынан шықылықтап сөз айттық-ау… Тобырлық са­наға тоқтам болар емес.

Біздің қоғам ірі дарындарды мемлекеттің сатпайтын, сатылмайтын ұлттық байлығының қатарына қоспай-ақ қойды. Қосса, Кекілбаев тек қазақтың ғана емес, әлемдік руханияттың маңдайына басқан бірегейінің бірі емес пе еді?!

Рахымжан Отарбаев.

Қош,  асыл азамат, «Көмекей әулие»

Қайран Әбіш, қапияда сізден айырылып, қабырғамыз сөгіліп, көз жасымыз төгіліп қалған жайымыз бар. Өзіңмен алғаш шығармаларыңды оқу арқылы танысып едім. Кейін, 1990 жылы Павлодар облысының Баянауыл, Екібастұз аудандарының жұртшылығы Қазақстан Жоғарғы Кеңесіне депутаттыққа кандидат етіп ұсынуына байланысты халықпен кездесу кезінде Сізбен сәлемдесіп, жүздестім. Халық депутаты болып сайланғаннан кейін де бірнеше рет жүздесудің сәті түсті. Осы кездесулер маған күш-қуат беріп, жүрегімнің түбінен мәңгілік орын алды. Тәуелсіздік таңы атқанда Сіздің ел игілігі үшін атқарған ісіңіз әмбеге аян.

«Ата жаумен айқасамыз демеңдер, мерт боласыңдар. Жақсылыққа жақсылық – әр адамның ісі, жамандыққа жақсылық – Ер адамның ісі» деген Бұқар жырау арыстан туған Ер Абылайға. Ата тіл үшін жанпидалық жасаған жетеудің алдында жүрдіңіз. Тәуелсіздікті жырладыңыз, оны ұстап тұрудың жолын көрсеттіңіз.

Бірде, өзім жақсы көретін Әз-ағаңа (Әзілхан Нұршайықов): Бұқар жырау хандарға ақыл-кеңесін өлеңмен айтып, «Көмекей Әулие» атанған. Біздің заманымыздың «Көмекей Әулиесі» өзіңіз немесе Әбекең емес пе дегенімде: Ореке, менің көңіліме қарап айтып отырсың ғой, ал Әбішті «Көмекей Әулие» деуге әбден болады. Оның көмекейінен шыққан түйдек-түйдек сөз маржаны, әркімнің-ақ көкейіне қонып жатады. Тек сөзінің ішкі мәніне үңіле білсең болғаны.

Әбекең аса қарапайым, қайырымды,  жеке адамның мүддесін мемлекет мүддесімен ұштастыра білетін. Кісілігімен біздің жүрегімізде мәңгі сақталады. Жұбайына, балаларына, немере-шөберелеріне қайғыларына ортақтасып көңіл айтамын.

Рухы әрқашан Сіздерді қорғап жүргей. Қош, асыл да ардақты Әбеке!

Оразбек Аймақұлы.

Қош, қара нарым! 

Дүниедегі ең жаман індет – ұлттық һәм адамзаттық құндылықтарға «ит көрген еш­кі көз­деніп» (Абай), өршелене қарсы шығу екен!

…Осында келіп-кеткен әкім атаулының бәріне «ләпбай, тақсыр!»-лап, ауылын ­жаға­лай жамандап, көзге шыққан сүйелдей болған бір тексіз көкезу маған мұрынын шүйіре қарап: « – Өй, сендерді – қой! Біз білеміз ғой бәрін…», – деп қойып қалды. « – Не болды?!». « – Сендердің Әбіш Кекілбайларың патшаның қолынан сүйген…».

Басқадан да естіп жүрмін ғой, дәл осы сүмелектен мұндай сөзді күтпегем.

«Әй! – дедім өзімді-өзім әзер ұстап. – Әбіш – кім?! Сен – кімсің?! Ұлы тұлғаның тізесіне бойың жетпей тұрып, оның ақ шалған басына қарама, мойының үзіліп кетеді!».

Бір ғасырда бір-ақ мәрте туатын Әбіш Кекілбайлар ұшар басы ақ бауыр бұлттарға малынған шырқау биікте тұр. Түр, келбеті, ішкі болмыс-бітімі көзге көрінбейді. Алыстан асқақ тұрпаты ғана қарауытады… Олардың алып тұлғаларына етекте тұрып назар салғандардың басы айналып, көзі қарауытып кететіні – содан!

…Аспан жаққа абайлап қараңдаршы?! Өтінем…

…Кеше – Нұр-Ағам, бүгін – Әб-Ағам… Дүние не боп кетті?!  Қош, Қара Нарым! Қайтып келмес, Қара Нар!

Серік  АҚСҰҢҚАРҰЛЫ.

«Шыңырау» – адамзаттың қазақ сомдаған соңғы аңызы

Әбіш Кекілбай дүние салды. Қазақ прозасы виртуоз қаламынан айырылды. “Аңыздың ақыры” мен “Шыңырау” тәрізді қос шедеврді дүниеге әкелген асыл қаламгер уақыттан озды. Енді оның уақыты – күннің қандай кезі, түннің қандай уағы, жылдың қандай маусымы, ғасырдың қандай заманы тумасын – мәңгіліктің ұлы мезгілінде өмір сүретін болады.

Ол жүзжылдықтар оқитын кітапқа айналады.

Жүз жылдан соң, әлем әдебиетінде әр жазушыдан бір-бір кітап қалады… сол шақта “Аңыздың ақыры” ма, “Шыңырау” ма, қайсысы ілгері озады, оны тағы да мәңгіліктің адал перзенті, төрелікке жарап қалған уақыт шешеді.

Біз “Шыңырауды” оқимыз. “Шыңыраудың” түпсіз шыңырауына жете аламыз ба, жоқ па, шыңына шыға аламыз ба, жоқ па, оны Шығыс біледі, бәлкім, Батыс та түсініп қалар, әлде, әлем оқырманы, адамзат ұрпағының – қадірлі Джеймс Джойс жазған “Улисс” романы тәрізді – соңына дейін ешқашан оқылмайтын, қала берді, интеллектуалдардың өзі жұмбағын шеше алмайтын, тауысып оқып, сарқып тани алмайтын шығармасына айналуы мүмкін.

Шынымен, “Шыңыраудың” жөні бөлек еді. Форма тұрғысынан кемел дәрежеге жеткен озық шығарма болатын.Тіпті, “Шыңырауды” оқып отырып повестің құйылған қалыбын көргендей күй кешіп отыратын едім. Сөзден сөзге жетіп, абзацтан абзацқа көшіп, беттен бетке ауысқанда шығарма формасы әуелі сұлбаланып, сосын тұлғаланып, айқындала түсетін.

Бәріміз де – Еңсеппіз. Еңсеп – қазақ тудырған Сизиф. “Шыңырау” – адамзаттың қазақ сомдаған соңғы аңызы. Алаштың жаңа тәмсілі. Әбіш Кекілбайдың өзі маңдайы жарқырап тау секілді қозғалып, орнынан қопарыла тұрып келе жатқанда эпостық жырлардың тарам-тарам тол­ғауларынан шыққан, сала-сала желісінен жаралған, телегей-теңіздей сарқылмайтын аңызына ұқсайтын еді. Әбден тозығы жеткен көне кітаптардың саржағал беттерінен сырғып түсіп қалғандай көрінетін. Оның тұлғасы да, тұла бойы да, төңірегі де аңызға, әфсанаға толы еді. Әбіш деген сөз шежіреге тұнып тұратын.

Ұстаз қаламгердің соңынан әфсана қалды. Асыл мұра қалды. Өзінің қайталанбайтындығын білмей бақиға аттанған қайталанбас шебер машықтың, шешен дәстүрдің бізге өсиеттей тапсырған, аманаттай жүктеген үлкен жұмбағы қалды.

Әбіш Кекілбай менің жазушы болып қалыптасуыма қатты  әсер  еткен кітаби ұстаздарымның бірі еді. Сырттай аға, дос санаған Әбекең оны білмей өтті. Мен де ешқашан айтқан жоқпын.

Дидар АМАНТАЙ.

Егіз қозы едік

11 желтоқсан 2015 жылы таңғы сағат 7-лер­дің шамасында Астанадан тәуір кө­ретін інілеріміздің бірі Бекет Тұр­ға­раев те­лефон шалып, Әбішке уақыт бол­ды де­ген­де төбеме жай түскендей болдым. Құрт­­­­­тайымыздан бірге өскен, бір сыныпта, бір партада отырған, егіз қозы­дай бірге жүр­­ген Әбішті өлді дегенге көңілім сен­беді.

6 желтоқсан күні телефон шалып, құт­­тық­­таған аяулы досым, жан-жол­дасым Әбі­­шім туралы жеткен суық хабар жан дү­­ниемді құлазытып, не айтарымды біл­мей есеңгіреген күйде тұрып қалып­пын.

Екеуміздің де әкемізді соғыс жалмап, же­сір ана, жетім бала болып, талай қиын­дық­тарды көріп өскен едік. Амал қанша – саналы өмірін сапалы еңбекпен өткіз­ген, еліне, жеріне, қазағына деген шексіз ризалық пейізбен, биік адам­гер­ші­лікпен, еш адамға жамандық ойла­маған қалпында о дүниеге кетіп барасың, иманың тасысын, Әбішім!

Алтыншы сыныптан бастап-ақ өзің­нің өзгеден бөлек біткен талантың мен ерек­ше жаралған қасиеттеріңмен көзге тү­сіп, мектеп оқушылары мен оқыту­шы­лар­­дың өзіңе деген таңданысы мен қоса ықыласын, сенімін өзіңе аударған­сың, сол сенім бара-бара барша қазақ­тың сені­міне айналып еді.

Біздің дәуіріміздің аса ауыр жүгін кө­терген ірі тұлғаның біреуі, біреуі емес, біре­гейі едің.

Ұлтымыздың ұлы әдебиетінде алатын орның бөлек еді.

Әдебиеттің Гималайы сен едің. Сол шың шынымен құлағаны ма? Сенің бар­лық шығармаларыңа, публицистикалық туын­дыларыңа, әңгімелерің мен дра­ма­ла­рыңа романдарың мен хикаяларыңа үне­мі періштелер қонақтайтын еді  ғой.

Сенің еңбектеріңе ешкімнің де тісі өт­кен жоқ. Сенің жазушылық, қайрат­ке­р­­лік, алғырлық, ойшылдық, ақыл­ды­лық, ке­меңгерлік  қасиеттерің басқа жазу­шы­лардың біреуінде де болған жоқ.

Қайран Әбіш – сен қазақтың Арис­то­те­лі едің. Сен ұлы билердің үлгісін тұтқан жан едің. Сенің ешкімнің басына беріл­ме­ген қасиетің – дүниежүзіндегі адамзатта болатын – өркөкіректік пен адамгер­ші­лік­тің, махаббат пен зұлым­дық­­тың, екі­­жүзділік пен тура­шыл­дық­тың, адалдық пен залымдықтың, намыс пен қызғаныш­тың – солардың сырларын ашып, мән-ма­ғынасына үңіліп, оны бұрын-соңды болып көрмеген филосо­фия­лық ой-пікіріңмен тың дәрежесіне жеткізіп едің-ау!

Амал жоқ, өмірдің заңы, кетіп қал­дың. Барып өз қолымнан бір уыс топы­ра­ғымды салып, жылаумен келдім. Егіз қозы едік, сыңарымнан айрылдым.

Бектұр Төлеуғалиұлы.

Халқымыздың текті перзенті еді…

Бүгін көңілімізді құлазытқан, жанымызға қаяу түсір­ген қаралы, азалы хабар есіттік. Жалған дүниеден Әбіш аға, Әбіш Кекілбайұлы өтіпті.

Сұм ажал үлкен ойшыл, сөз зергері, халқымыздың тек­­ті перзенті, қоғам, мемлекет қайраткері Әбіш Кекіл­байұлын арамыздан алып кетті.

Біздер Әбіш Кекілбайұлы сынды абыз ойшылды біл­геніміз үшін, оның шығармаларын тұшына оқып, өзін көріп, сөзін тыңдап, ғибрат алғанымыз үшін бақыттымыз. Өкініштісі сол, ғасырда бір туар үлкен жүрек тоқтады.

Әбіш ағаның еліне сіңірген қайраткерлік еңбегі, әдебиетімізге қалдырған мол мұрасы, айтқан асыл сөздері, ойшыл бейнесі мәңгі ұмытылмақ емес.

Қош бол, абыз аға!

Нұрлан ҚАЛҚА.

Әбіш өтті дегенше…

Әбіш өлді дегенше

Арыс өлді десеңші?!

Жанып тұрған шоқ жұлдыз

Тағы сөнді десеңші?!

Әбіш өлді дегенше

Намыс өлді десеңші…

Қара сөздің нұрланған

Шамы сөнді десеңші?!

Әбіш өлді дегенше

Абыз өлді десеңші…

Әңгіменің шашақты

Бабы сөнді десеңші?!

Әбіш өлді дегенше

Табыс өлді десеңші…

Құдіретті қаламның

Таңы сөнді десеңші?!

Әбіш өлді дегенше

Ай кісі өлді десеңші…

Қызыл тілдің сайраған

Жарық түннің жайнаған

Айы сөнді десеңші?!

Әбіш өлді дегенше

Нар іс өлді десеңші…

Тайбурылдың құйғытқан

Желмаяның желпінген

Шабысы өлі десеңші…

Шын жүйріктің бұйдалы

Шаңы сөнді десеңші?!

Әбіш өлді дегенше

Қай кісі өлді десеңші…

Аты қалып

Асанның

Қайғысы өлді десеңші?!

Әбіш өлді дегенше

Қайғы төнді десеңші…

Кең даланың алыбы

Кем дүниенің жарығы

Нарың өлді десеңші?!

Әбіш өтті дегенше

Апырмай!..

Әбіш өлді дегенше…

Аманкелді ШАХИН.

ӘБІШ АҒА ҚАЗАСЫНА

Көшті кенет… көктен Әбіш әлемі,

Күлдей сөнді, гүлдей солды жар өңі!

Күлпарша боп күйреп түсті көгімнен,

Мендік ғажап сұлу шаһар бар еді!

Сұлу шаһар – іргетасы лағылдан,

Әйнегіне Ай күлкісі жағылған!

Жүрекмүсін күмбез еді әр үйі,

Лүпіліне жұлдыздар кеп шағылған!

Көз суарғам түнді үңгіген шыраға,

Діл суарғам нұр мүлгіген тұмаға,

Ой суарғам сүңгіп мырғам-мұраға,

Ай суарғам таңғы ырауан-ыраға!

Сұлулыққа көз суару күнә ма?!

Мөлт тұмаға діл суару күнә ма?!

Даналыққа ой суару күнә ма?!

Таңғы ыраға Ай суару күнә ма?!

Күнә болса осылардың барлығы,

Маған да енді қоныс болмас бұл ара…

Құрғап қалды – шырын дәмді шыңырау,

Құлап қалды – мың жыл тұрған мұнара!..

Әбіш көшті! –

Аспан көшіп баратыр,

Бұлт теңдеген асқар көшіп баратыр!

Қырық мың жылдық тастар көшіп баратыр,

Қырық мың жолдық дастан көшіп баратыр!

Қара жұрттың әрі көшіп баратыр,

Жаңа жұрттың сәні көшіп баратыр;

Қара бұлттың кәрі көшіп баратыр,

Саналы ұлттың Ары көшіп баратыр,

Сан алыптың соңы көшіп баратыр,

Даналықтың дәні көшіп баратыр –

Бәрі, бәрі – бәрі көшіп баратыр!

Жарығы оның мәңгі сөнбес шәр еді,

Өшірген кім?

Көшірген кім, ал оны?

Қайта көктеп шыға алар ма, япырмай,

Қарға түскен ДАНАЛЫҚТЫҢ дәнегі?..

Көз кезеген, сөз безеген, тас сыбап

Бұл қайғымды қабылдар ма мас, бірақ?..

Қара жүрек –

шаһарымды қиратқан,

көлгірсіме кірпігіңе жас шылап!

Хәкім кірер патша-жайға кірсем деп,

Ақын кірер Ақ сарайға кірсем деп,

Жүрген сорлы, көз жасыңа кім сенбек?!

Шаһарымның қирандысын күзетіп,

Маңдайдан – мұз, табаныңнан сыз өтіп,

Өлесің сен, өлез-неме, бүрсеңдеп!

Тасқа толы, насқа толы сақпаның,

Көзімде тұр – тасты қалай атқаның,

Сезімде тұр – насты қалай жаққаның!

Кешіп жүріп кісәпірлік батпағын,

Даналыққа құрған қара қақпаның!

Қара шобыр – жүзіп жүрген баққа мың,

Қара тобыр – сыртындағы қақпаның,

Шаһарымның құнын алам мен сенен,

Күтпеймін мен Мақшар-Таңы атқанын!

Менің ТАҢЫМ атып қалды, иләһи,

Кімнен көрдің Күнді қолмен жапқанын?!

«Тақ қоршаған – не ары жоқ, не беті»*,

Уа, үріп қал, жендеттіктің төбеті!

Уа, сүріп қал, көнбет-тұтқын дөрекі!

Уа, жүріп қал, тұтанғанша көр оты!

Иншалла! –

Қара жүзің –

қай қиырға бұрсаң да

Күйіп кетер шағылысып Нұр-Шамға!

Хақ уәдесі! –

Сөйлемеймін мен екі:

Жалғандықтың күні сөніп,

АҚИҚАТ ТАҢЫ АТАДЫ – жанды бөлеп құрсанға,

Сағат түнгі болған шақта – 12!

Ал әзірге… не салса да көндік біз,

Шаһар күйреп, шыра болып сөндік біз,

Мұз құрсаған тұма болып семдік біз,

Түн емшегін Ыра болып емдік біз!

Зұлмат ғасыр, болса тағы шер жұтқыз,

Сендік өртке жібімейді мендік мұз!

…Біз Әбіштің тәнін көрге көмбедік,

ДАНАЛЫҚТЫҢ ДӘНІН

                                          жерге көмдік біз!

«Улы сия, ащы тілді»** шектемен,

Топас-пұт пен қапас-«құтты» жек көрем!

Туар көктем!

Жуар көктен күн нұры,

Қанша ғасыр жібімеген ындыны

Тоңды тесіп шығып жатқан бақ көрем.

Жар салыңдар! –

Осы мендік арман-үн:

Қарсы алыңдар

ДАНАЛЫҚТЫҢ ОРМАНЫН –

Жаңғыз дәннен –

ЖАЛҒЫЗ МӘННЕН КӨКТЕГЕН!

Светқали НҰРЖАН.

—————————————-

* Бұл жол М.Ю. Лермонтовтан.
** Бұл жол Абайдан.

Әбішпен бірге болған сәттерім

1990 жылы жазда, дәлірек айтқанда, маусым айының аяғында жаңадан сайланған Президент Нұрсұлтан Әбішұлымен бірге бір топ адам Түркістанға сапар шектік. Ол жерде Өзбекстанның Президенті Ислам Әбдіғаниұлы Кәрімовпен кездесіп, бірнеше шарттарға қол қою рәсіміне қатысуымыз керек болды. Сол топтың ішінен Шерхан Мұртаза, Әбіш және мен үшеуміз Президенттің сөйлейтін сөзінің жобасын әзірледік. Мен сонда Әбіштің ұлан-ғайыр ұшан-теңіз білімділігіне қайран қалдым. Көршілес әрі түбі бір туыс екі елдің – қазақтар мен өзбектердің шежіресін жіпке тізгендей етіп айтып берген еді.

Жалпы, Қазақстан тарихында мемлекет қайраткерінің ең жоғары лауазымына ие болған екі жазушы бар. Бірі – Сәкен Сейфуллин, екіншісі – Әбіш Кекілбайұлы еді. Ол осынау ерекшелігімен де елінің есінде мәңгі қалары сөзсіз. Алланың әмірімен өмірден ерте озғаны өзекті өртейді. Жаның жәннатта болсын, пейіште нұрың шалқысын, теңіздей терең, даламыздай дархан жан, халқы үшін қалтқысыз қызмет еткен арда ұл!

Ғазизбек ТӘШІМБАЙ.

Сәуле-ғұмыр

Жетпіс алты жас. Осы жасына дейін Әбіш шықпаған биік, Кекілбаев сөйлемеген мінбер бар ма екен?! Жеке басы­нан, шығармашылығынан биік қойған мемлекет мүддесі үшін істеген қызмет жолында жеткен жетістігі көп. Жоғалт­қа­ны аз ба?

Әбіштен айырылған мына жұрты тегіс қайғырып, қара жа­мылып отыруы тиіс сияқты көрінетін. Аспан түнеріп, күл­лі қазақ даласын тұман басып тұруы керек сияқты сезі­летін. Бірақ тіршілік қатал екен. Баяғыдай зуылдаған машина, шулаған қала. «Тірі тіршілігін жасайды» деген сөзді жа­қынынан айырылып, бәрінің қайғыруын күткен, бірақ ол ойынан көңілі қалған бір бейбақ айтқан шығар деп ой­лаймын. Вокзалдан түсе сала, жаназаға жүгірдік…

Көрме залында өткен қоштасуға келген халық көп. Ми­нистрлер, мемлекеттік хатшыдан бастап, қаламгер қауым, қарапайым оқырмандар. Қоштасу рәсімін Парламент Сенатының спикері Қасым-жомарт Тоқаев жүргізді. Аға­лары атынан академик Серік Қирабаев, елдің атынан Маң­ғыстау облысы әкімі Алик Айдарбаев, достарынан Мыр­затай  Жолдасбеков, Сайын Назарбеков сөйледі. Нұр­лан  Оразалин  Қазақстан  және  ТМД  елдері жазушылары­ның көңіл айтуын жеткізді.

Мұхтар Әуезов қайтыс болғанда, Ғабең: «Ат тұяғын тай ба­сар деген өнерге жүрмейді. Өмір күнде мереке емес, рен­жіт­кен жеріміз болса, кешір», – депті. Әбіш Ке­кілбайұлының әруағының алдында, сол жердегілерден ешкім айыпты емес шығар. Бірақ ресми сөзден гөрі, дегдар замандастың сол бір сөзіндей қарс айырылған жүректің сөзі айтылар деп күт­тік.

Ұлттық пантеонға қарай шұбырған қаралы көштің басы бейітке жеткенде, аяғы әлі көш ұшында еді. Күртік қардың үс­тінде желмен билеген ұшқындар жоқтау айтқандай уіл­дейді. Жиылған жұрттың бәрі Әбіштің жақын туысындай. Тігілген шатырдың астында қарт жазушы Әбдіжәміл Нұр­пейісов Әбіш інісі жерленіп жатқан қабірден көзін ал­май, таяғына сүйенген қалпы отырды. Қабіршілер қызметі бол­ғаннан кейін бе, то­пырақты аямай төгіп жатты. «Әбішке то­пырақ салдым ғой» деген ой санаңнан зу еткен сайын, жүректі ауыртады. Рәсім бітіп, құран бағышталған соң, қа­ралы жұрт көліктеріне беттеді. Қабір басында жылап ұлдары, не­мерелері қалды. Ертең  басына жиі келіп тұратын да со­лар. «Кекіл­бай­ұлы Әбіш» деген қал­­қайған ағаштың ар­­тында жаңа төм­­­пешік пайда бол­ды. Адам қа­бір­ге түс­кен­нен кейін оған екі түр­лі адам келуі мүм­кін дейді. Бірі­не жүзі нұрлы, ерек­­­­ше жақсы адам ке­­леді. Одан: «Сен кім­­­сің?» деп сұ­­ра­ғанда, ол: «Мен се­нің тіршілігіңде жа­­саған жақсы­лы­­ғың­­мын», – дейтін кө­­рінеді. Енді бі­рі­не мына дүние­ден жа­са­ған жа­ман­­дығы өте сұс­­ты адамның кейпінде жолы­ға­ды екен. Қабірден қай­тып бара жатып, Әбішке ерекше нұр­лы, жұмсақ адам жолыққан шығар деп ойладым. Соған үміт қыл­дым.

Адам ретінде жетпіс алты жыл өмір сүрсе де, жазушы ре­тінде қазақпен бірге ғұмыр кешпек. Суреткерлік болмысына бір мін түспей, жадыраған, бүкіл білімнің байлығын қамтыса да, кісімсінбеген, кішірейген қал­пы, нұрлы дидарымен күлімсіреп тұрмақ.

Енді бір жағдайға тап бола қалсақ, не дер екен дей­тін Әбіш жоқ. Кітап сөремізде мүжілген қалпы мәңгі  Ке­­кілбаев қал­ды. «Туған елімізді, жерімізді, тілімізді өліп-өшіп сүйіп өтуде Абай жолынан, Әуезов жолынан ай­нымайықшы» деп еді. Енді оған Әбіш жолы қосыл­ды.

«Өмір деген бір күндік сәулені» барынша мағыналы ету­ге тырысқан Әбіштің сәуле-ғұмыры кейінгі қазаққа өл­шем болып қала береді.

Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ.


  • ЖЕДЕЛХАТТАР • 

Татарстан Республикасының Жазушылар одағы Қа­зақстанның халық жазушысы Әбіш кекілбайұлы­ның  дүниеден озуына бай­ла­ныс­ты жақындары мен от­басына, күллі қазақ жұрт­шылығына қайғырып көңіл айтады. Оның артындағы қалған мол әдеби мұ­ра­сы қа­зақ әдебиетінің келбетін айдындандырып тұра­ды. Жаңа  заман  адамының  қалыптасуы­на да оның шығармаларының үлесі мол екеніне сенімдіміз.

Р.Х.Құрбанов,
Татарстан Республикасы
Жазушылар одағының төрағасы.

Өзбекстан Жазушылар одағы өзбек жазушылары және достарының атынан атақты жазушы, талантты публицист, қоғам қай­рат­кері Әбіш Кекілбаевтың қазасына байланыс­ты отбасына көңіл айтады.

Махаммат Али,
халық жазушысы,
Өзбекстан Жазушылар одағының төрағасы.

Қазақстанның  халық жазушы, Еңбек Ері, қо­ғам жә­не мемлекет қайраткері Әбіш Кекіл­баевтың қаза­сына байланысты көңіл айтамыз. Ол өзінің саналы ғұмырын әдебиетке ар­нады. Әлем әдебиетінің маржандарына қо­сылар романдар жазды. «Үркер», «Елең-алаң» романдары циклы үшін Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықты алды. Сонымен қатар, Әбіш Кекілбаев әлем әдебиетінің жауһарларының қазақ оқырмандармен қауышуына көп еңбек сіңірді. Шыңғыс Айтматов, Шекспир, Гоцци, Кәрім шығармаларын ана тілінде сөйлетті. Әбіш Кекілбаевтың жарқын бейнесі тек қазақ халқының ғана емес, күллі түркі дүниесінің есінде мәңгі сақталады.

Анар,
Әзірбайжан жазушылар одағының төрағасы.

Қазақ әдебиеті мен Қазақстан жұрты үлкен қайғыға ұшырады. Әбіш Кекілбаев дүние салды. Бірақ бұл тек қазақ әдебиетінің ортақ қайғысы емес. Бұл қайғы бәрімізге ортақ! Өйткені, Қазақстанның халық жазушысы Әбіш Кекілбаев тудырған көркем әлемнің нанымдылығы мен рухы асқақ туындылары – әлем мәдени қазынасы мен адамзатқа ортақ дүние.

Әбіштің «Баллады забытых лет» повесі пост-кеңестік кеңістігінде өмірге жаңаша көзбен қараған тың шығарма болды. Бұл повест поэтикалық қуаты күшті, аңызбен астасқан көненің күмбірі емес, замана үні секілді көрінді. Ұлы Дала тудырған тұлға Әбіш Кекілбаев өз шығармасында ел мен жер, суреткер мен билік, еркіндік пен қанаушылық мәселесін көтерді. Жазушы роман, повестері көп тілге аударылу арқылы әлем оқырманы Ұлы Даланың бай мәдени һәм этнографиялық мұрасына қызығушылығы оянып, қазақтың тереңде жатқан тамырын зерттеуіне негіз болды.

Әбіш  Кекілбаев жас республика – Қазақстанның аяқтан тұрып, қалып­та­суы­на бар күш-жігерін салды. Бір сөзінде: «Егер әдебиетші болмасам, саясатқа келмес ем. Мені қаламгер ретінде мазалаған мәселелер, азамат ретінде де алаң­датуға тиіс. Көркем шығармаларымда қазақтың шиетүйін мәселелерін шешкен мен, былайғы өмірде өзімді ұлтыма қалайша арнамаймын?» – деген еді.

Әбіш Кекілбаевтың шығармаларын оқып өскен өскелең ұрпақтың ұлттық намысы оянып, еліне деген сүйіспеншілігі қалыптасады. Ал ол азамат ретінде қаншама жастарға үлгі болғанын айтып жатудың өзі артықтау. Қазақтың маңдайына  біткен суреткер және адал азамат Әбіш Кекілбаевтың жарқын бейнесі мәңгілікке жадымызда қалады. Жатқан жерің жәннатта болғай!..

Феликс Кузнецов, Юрий Поляков, Николай Анастасьев,
Анатолий Ким, Георгий Пряхин, Людмила Щипахина, Владимир Бояринов.
Мәскеу.

Қоғам қайраткері  әрі қарымды  қаламгер  Әбіш Кекілбаевтың  дүниеден озуы – қазақ  халқының қабырғасына батқаны айтпаса да белгілі. Сонымен қатар, бұл қаралы хабар Ресей жазушыларын да есеңгіретіп тастады. Себебі, Әбіш екі ел арасын байланыстырып тұрған алтын көпір іспеттес еді. Оның прозасы, жолжазба очерктері және сыни мақалалары Ресейде кеңінен танымалтын. Және Әбіш Толстойдың «Соғыс пен бейбітшілігі» мен Буниннің кейбір туындыларын қазақша сөйлеткен дарынды аудармашы ретінде де орыс оқырманына белгілі. Осы тұрғыдан келгенде, Кекілбаевтың өмірден озғаны бәрімізге ауыр тиді.

Әбіш Кекілбаев көптеген орыс жазушыларымен дос болды, араласты, бірге жүрді. Ол менің де досым еді. Әбіш ақылды, ойшыл, көреген, адал, ақкөңіл және жақсы  адам  ретінде жадымда қалады. Қазақтың ұлы жазушысы Әбіш Кекіл­баев­тың отбасы мен туған-туыстарының қайғысына ортақтаса отыра, көңіл айту­ды азаматтық борышым санадым. Сонымен қатар, Қазақстан қаламгерлеріне де болған іске болаттай бекем болыңдар дегім келеді.

Николай АНАСТАСЬЕВ.
Мәскеу.

Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев! ТМД елдерінің парламентаралық Кеңесі Ассамблеясы атынан Мемлекет және қоғам қайраткері, Еңбек ері, Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әбіш Кекілбаевтың қайтыс болуына орай сізге көңіл айтуға рұқсат етіңіз. Әбіш Кекілбаев Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңес депутаты, Қазақстан Республикасының алғашқы Мемлекеттік хатшысы, Парламент сенатының  депутаты ретінде Тәуелсіз Қазақстан Республикасының аяқтан тұрып, әлемдік аренада аты шығуына бар күш-жігері мен білімін берді. Әбіш Кекілбаев ТМД елдерінің парламентаралық Кеңесі Ассамблеясының құрылуына ықпал еткен тұлғалардың бірі. ТМД парламентарилері қазақ қаламгерінің Қазақстан мен ТМД елдерінің арасындағы достықты дамытып, мәдени әрі рухани байланысының нығая түсуіне күш салғанын жоғары бағалайды. Әбіш Кекілбайұлы ТМД елдерінің парламентаралық Кеңесі Ассамблеясы мен Қазақстан арасындағы сенім, достық қарым-қатынас мәселелеріне сіңірген еңбегі үшін СССР және ТМД ХЖА алтын медалімен марапатталды. Әбіш Кекілбаевтың жарқын бейнесі мәңгілікке жүрегімізде қалады. Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев, Сізді жазушының отбасы мен туған-туысқанына шын жүректен көңіл айтып, қазақ елінің қайғысына ортақ екенін жеткізуіңізді сұраймыз.

ТМД ХЖА Кеңесінің хатшысы А.И.Сергеев,
ТМД ХЖА Кеңесі хатшысының орынбасары,
ТМД ХЖА-дағы Қазақстан Республикасы Парламентінің Төрағасы
Х.З.Бакенов.
Санкт-петербург.

Қазақтың мүйізі қарағайдай талантты қаламгері, түгел түркі жұр­тының құлашын кең жайған шынары – Әбіш Кекілбаевтың қайтыс болуы орны толмас қаза. Қазақ елінің ғана емес, бүкіл Анадолу жұрты – Түркиядағы  қандас-бауырлас елдің қабырғасы қайысты. Атажұртпен бірге  Анадолу жұрты жылады. Ірілердің кезек-кезегімен кетіп, ұсақ­тар­дың қалғанына жылады. Онсыз да мына тынышсыз дүниеде бейбіт ті­леген, ынтымақ насихаттаған талант иесінің о дүниелік болғанына, де­мінің  таусылғанына  жылады. Ата-бабамыз: «Әрбір жан өлімді татиды,» деуші еді. Бұл дүниеде тумақ бар да, қалмақ жоқ. Түріктің Әзиз Не­син, Халдун Танер, Назым Хикмет, Нихал Атсыз сынды талай-та­лай­лары сол  дәмді  татып кетті. Алайда, олардың артынан өлмес мұра қал­ды. Әдебиет қалды. Әрбір түріктің жанында, жүрегінде жасап отыр­ған қасиетті сөз қалды. Әбіш ағамыздың бірнеше шығармасы тү­рік тіліне ау­­дарылды. Қызыға оқыдық, таңғалып оқыдық. Әлемдік дең­гей­ге кө­те­ріл­ген қаламгерлерден артық болмаса, кем емес екендігіне көз жет­кіздік. Әбіш ағамыздың отбасына, туған-туыстарына және сөз­дің қа­дірін білетін бүкіл қазақ жұртына түрік қаламгерлері атынан, ел-жұртымыз атынан көңіл айтамын. Жатқан жеріңіз жайлы болсын, асыл аға!

Якуб Омароғлы,
Еуразия Жазушылар одағының төрағасы.

Еліміздің көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекіл­байұ­лы­ның  дүниеден озуына байланысты отбасына түскен ауыр қай­ғыларына ортақтасып, шынайы көңіл айтамын.

Әбіш ағамыздың иманы серік, жаны жәннат  төрінен орын тапсын. Ол кісінің жарқын бейнесі ұмытылмайды.

Ержан Қазыханов,
ҚР Ұлыбританиядағы Төтенше және өкілетті елшісі.

Әбіш Кекілбаев – қазақ руханиятының миуалы бәй­те­регі, қазақ әдебиеті дейтін сөз өнерінің сайыпқыраны, тү­гел түркі жұртының мақтанышы. Ол өз өмірін ұлт өне­рін зерделеуге, ұлт руханиятын зерттеуге арнаған еді. Та­рих  тамырларына терең бойлап, тың дүниелерге қалам тер­бетіп, кесек-кесек шығармалар жазды. Халқымыздың жа­дында мәңгі бақи қалатын туындылары арқылы биік бе­лестерге жетіп, қайталанбас қолтаңбасымен із қал­дыр­ды. Түркі мәдениеті мен сөз өнерінің  дамуына елеулі үлес қосты. Қаламынан тамған көркем дүниелері шет тілдерге, со­ның ішінде туыс түркі тілдеріне  аударылды. Ол те­рең­дігі­мен, ерекше философиялық көзқарасымен, білім­ділі­гімен ерекшеленетін тау тұлға еді. Халқымыздың мә­дениеті мен өнерін, әдебиеті мен тарихын насихаттау ісі­не шын берілген адал азамат еді. Еліміздің тәуелсіздік тұ­ғырын беки түсуіне орасан зор қызмет етті. Әсіресе, бізбен құрдас болған замандастарымыздың ұлттық рухын оятты. Шығармашылықтың шабыт көзіне айналды. Ұлт  дейтін қасиетті ұғымды санамызға сіңіріп, көңілі­мізге ұя­латты. Асқан адамгершілігімен, терең туындыларымен, кескінді қайраткерлігімен әр буынға үлгі болды, өне­гелі өмір сүрді. Сондықтан ағамыздың жарық жұл­ды­зы кейінгі ұрпаққа өшпес үлгі бола беретініне кәміл сене­мін. Сыйлас інісі ретінде ауыр қайғыға ортақтығымды біл­діре отырып, отбасына және барлық туыстарына көңіл айтамын.

Дүйсен Қасейінов,
ТҮРКСОЙ Халықаралық ұйымының Бас хатшысы.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір