Нұрмахан Оразбек
11.12.2015
2411
0
801806_1908004992____________________________________79 жасқа қараған шағында көрнекті қа­ламгер, аудармашы, білікті баспагер Нұрмахан Оразбек өмірден озды.
Н.Оразбек 1937 жылғы 1 желтоқсанда Оң­түстік Қазақстан облысының Түркістан ау­данындағы Қандөз елдімекенінде ту­ған. 1955 жылы Шорнақ ауылындағы орта мектепті бітірген соң, өндіріс орындарында жұмыс істеуге үндеген комсомолдық жол­дамамен Қостанай өңіріне аттанып, сон­дағы Соколов-Сарыбай кен байыту комбинатында еңбек еткен. Осыдан кейін КазГУ-дің журналистика факультетіне оқу­ға түсіп, оны 1962 жылы бітірген соң, жас маман ретінде Қарағанды облысының Жезді аудандық «Октябрь туы» газетіне жіберілді. 1964-73 жылы Алматыға қайта ора­лып, республикалық «Лениншіл жас» газетіне қызметке алынды. Осыдан кейін Қазақстан ЛКСМ Орталық Комитетінде, Қа­зақстан Компартиясы Орталық Комитеті жанындағы Партия тарихы институ­тында жұмыс істеп, «Социалистік Қазақстан» газетінде еңбек етті. 1974 жылы Қа­зақ ақпарат агенттігінде (ҚазТАГ) бас редактор, 1982 жылы директордың орын­басары болып тағайындалды. 1988-94 жылдары Қарағанды облыстық «Орталық Қа­зақстан» газетінің бас редакторы, тәуелсіз Қазақстанның жаңадан құрылған Бас­пасөз министрлігіндегі басқарма бастығы, ағылшын тілінде шыққан «Қа­зақ­стан» газетінің бас редакторы болып, 1995 жылдан бері қоғамдық-саяси әде­биеттер шығаратын «Қазақстан» баспасының директоры қызметін атқарды.
Қазақ КСР Жоғары Кеңесі Төралқасының Құрмет грамотасы, «Құрмет» ор­де­ні­мен марапатталған, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қай­раткері, екі рет республика Журналистер одағы сыйлығының лауреаты Н.Ораз­бектің қаламгерлік, азаматтық биік бейнесі қазақ журналистикасы са­пын­дағы әріптестеріміздің есінде әрдайым сақталады.
Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы.

Ойсоқты кейіпте баяу сөйлеп, байыпты қалыбынан әсте жаңылмайтын Нұр­ма­хан Оразбектің дүниеден озуы қазақ сөзінің қабырғасын қатты қайыстырып өтті. «Қазақ әдебиеті» газеті өзінің айнымас асыл жанашырынан айрылды. Сау­сақ­пен санарлықтай болған қазақ басылымдарын бірінен-бірін бөліп-жармаса да, әдебиет газетіне деген құрметі – қазақ атамыздың рухын бойына толымды сіңір­геннің куәсіне жүре алатын ерекшелік еді. Нұрмахан Оразбек дүниенің сая­си құбылыстарын талдаудан бастап қазақ тағдырына қатысты жайларды сергек, сезімтал жаратылысының арқасында талғампаздықпен болжай алатын. Дү­ниеден көшкендер мен тірі тұлғалардың аражігін алыстатпастан тең дәрежеде жақын тұтып, өзі жақсы көретін Қасым ақын айтқандай, «қазақтың рухани аспанын аласартпайтын» азамат еді.
Қош бол, қадірлі Нұрмахан Оразбек!
«Қазақ әдебиеті» газетінің ұжымы.

ХОШ, НҰР-АҒА!
Нұр-Ағам!
Елден ерек!
Асыл текті!
Басыңнан қасіретті ғасыр да өтті.
Сен — кеттің,
Сіркіреп бір нөсер өтті,
Сенімен дүркіреп бір жасын кетті!
Арманда –
Қанша, қайран, ақылды өтті,
Сенің де ала алмаған қақың көп-ті;
Дүниеге жаны жұмбақ бір ақын кеп,
Дүниеден түкті жүрек батыр кетті!
Қызыл тіл нені айтып сайрап өтті,
Қу тағдыр көзді қалай байлап өтті?
Мен қалдым қамшымды ұстап айдалада,
Ері ауған арғымағым қайда кетті?!
Жаралған Күн нұрынан Нұр-Ағам-ай!
Тұл-бойын асыл тектен құрағандай!
Қаңқайып қу керегем құла дүзде,
Шалқайып шаңырағым құлағандай!
Ілесіп Мағжандарға ол да қалмай,
Толғаса —
Қасымдайын толғағандай;
…Несіне отыр мына ел ойнап-күліп,
Дүниеде түк оқиға болмағандай?!
Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ.
ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір