Дәріжан және мен
11.12.2015
1675
0
801438_1020482700__________________«Алла Тағала жердегі өзі жаратқан тірі нәрселердің ешбірін мәңгілік етпеген. Әрі олардың тағдыры мен қазасын анықтап қойған. Тағдыр – әркімнің ба­сына келетін жақсылық пен жамандық, байлық пен кедейлік, бақ пен билік іспетті істерді Алланың алдын ала бел­гі­леп дайындағаны. Ал күнделікті іс-әре­кет тағдыр емес. Тағдыр – Лаухул-ма­хфузда тағдыр дәптерінде – пешенеде) жазылып қойылған. Кімнің әулие, ғұла­ма, патша, пайғамбар болатыны онда көр­сетілген. Ал кімнің иманды, имансыз болуы өз іс-әрекетіне байланысты. Алла Тағала әр пендеге не жақсы, не жа­ман жолын өзі таңдасын деп ерік берген. Ойлансын деп Құранды түсірген. Сөйтіп, әрбір іс-әрекетті амалға асыратын ерікті ойды – ниет деп атаймыз. Алла Тағала пен­десіне ерік бергендіктен олар жақсы, не жаман іс-әрекет етсе де тежемейді. Әрі ол іс іс-әрекеттердің жақсы не жаман екеніне қарамай, жүзеге асуына қуат бе­реді. Істі істейтін Алла Тағала емес, сон­да ниет болып шы­ғады. Сондықтан да жақсы не жаман, қайсы­бір істі де істеу­ге әркім ерікті. Бірақ ақырдың бо­ла­­тынын ұмытпаған абзал», – дейді «Құ­ран­дағы қағида-ережелердің қысқаша түсініктерінде» (Құран және оның қа­зақ­ша мағынасы. Аудармашылар Нұра­лы Өсерұлы, Жұмабай Мақаш­ұлы. 3 бө­лім. «Москва», 1991 жыл. 486-487 бет).
Сонда тағдыр сенің еркіңнен тыс бұй­­рықты нәрсе, ал іс-әрекетің өзіңе тие­­сілі, өз қолыңдағы, өзіңнің ниетіңнің ыңғайындағы, ықпалындағы шаруа болды. Демек, ниет адамның болашақ табиғатын қалыптастыруда бірден-бір қозғаушы күш екен. Ал ниеттің түп төр­кіні, қазақша айтқанда, адамның «көр­ген­ді», «көргенсіздігіне» байланысты емес пе екен?!
Көзімізді ашқанда көріп сезген ата-ана тәрбиесінің әсері, қалпы шығар, айналаңдағы біреудің жетістік, жақ­сы­лы­­ғын қызғанып, күндеу деген, көре-алмаушылық деген мінез-пейіл, бір Ал­ла білер, біз екеумізде болмаған сияқты. Бі­реулерде анау бар, мынау бар, бізде неге жоқ деп аласұрған да емеспіз. Үл­кен­мен де, кішімен де өз сәлем ыңғайына қарай сәлемдестік. Өзімізге пейілі ашық дегендерге шын көңілмен тілектес бол­дық. Артымыздан қуалап жүріп біреу­лер­дің айтқан өсегін біз де біреулерге айтсақ айтқан шығармыз. Ал өзіміз өсек шығарып көрген емеспіз. Әрі ондай сөз­дерге үйірсектігіміз болмаған тәрізді.
Сөз дертімен ауырғандарға, яғни ақын-жазушыға жар болу оңай емес еке­ні әлімсақтан айтылып келе жатқан ақиқат. Ал біздің заманымыз, біз өмірге қалыптасқан қоғам әйелдерге «масыл» болу психологиясының ең бір дәуірлеген тұсы шығар, бәлкім. Көбімізге ортақ мынандай бір мінез, табиғат бары шын­дық еді. Ойыңдағы жазамын, жазсам деген дүниенің аусар әуресі, оны жазу­дың машақаты, жазғаннан соң жарыққа шығару, оны елдің қалай қабылдаған қас-қабағының ауанын аңду әуресі өз алдына; күнделікті қызмет, тіршіліктің тау­қыметі, ұлтыңның, тіліңнің мұңы, қоғамдағы, өмірдегі әлденендей келең­сіздіктерге жан ауыртатын жағдайларды былай қойғанда; «осыдан қоғамға қарсы бір нәрсе шығып қалмай ма, осы сая­сатқа тиетін бір нәрсе айтып қойып жүр­мей ме?» деген биліктің күдікті, ті­міскі сұғына ілініп жүргендерін, осылай, өз күйлерінің аса қоңыржай, мәз емес екенін аужайлап, «айлас қатын мұң­дас» болып, бір-біріне ниеттес қам­қор­лық танытудың орнына қарадай-қарап бәсекелесіп, біріне-бірі артық-кем сөз айтып, орынды-орынсыз мінесіп, сынасып, қай-қайсысының да «ұлтым, халқым!» деп соғатын есіл жүректерін бір-бірінің шаншу жебесімен сыздатып, жау жоқ жерден жау тауып, дау жоқ жерден дау тауып әбігерге түсіп жүріп, «от­басы – ошақ қасының» қамында шаруамыз болмай кететін кездеріміз аз емес.
Жанындай жақсы көретін бала­ла­ры­ның ертеңгі қамы, оларға не жағдай жа­сап, не мұра, несібе қалдырып кетемін түгілі, бүгінгі ас-суының жәйі, киім-ке­ше­гінің бүтіндігі ойларында бола бер­мейтіні айдай ақиқат еді. Оның бәрі әйелінің шаруасы сияқты. Обалы нешік, шынында да бұл тірліктерді көбісінің әйелдері реттейтін. Осы бала-шағам не ішіп, не киіп жүр дегенге бас ауыртпаған пақырлардың бірі – Мен шығармын. Әрине, екеуміз де ел қатарлы қызмет істедік. Сол азын-аулақ айлықты Дәрі­жан өзі реттеп жеткізетін. «Анау жоқ, мынау керек, аналарда анандай нәрсе бар екен, мыналарда мынандай нәрсе бар екен, бізде неге жоқ» тәрізді әңгі­мемен ешқашан менің құлағымды жеп, маза­ла­ған емес. Барына риза едік. Тіпті, үй­дегі су жүйелерінің тетіктері бұзылып, жа­рық өшіп қалса да менің шаруам жоқ, өзі  жөндеп, өзі айналысатын. Әбден арқа сүйеп кеткендігім болар, кейде ме­нің ағайын­дарыма қатысты той-томалақ па, сырттағы әлдеқандай шаруаларға «сен баршы, сен араласшы» деп жұмсай беретінмін. Кейде  «неге өзің айтпайсың, неге өзің бармайсың, кілең маған сіл­тейсің де отырасың» деп қалатын. Ондайда мен бір уәж-әзіл айтып, екеуміз де күліп мәмілелесетінбіз…
Біздің алдымызда төрт-бес жас үл­кен­дігі бар Рамазан Тоқтаров деген аға­мыз  болды. Түрлі-түрлі қазақтар бармыз ғой. Бұл кісі де бір ерекше болмыс қазақ еді. Қызық-қызық әңгімелері, қызық-қызық істері болатын. Төңірегін күлкіге толтырып, дүрілдетіп жүретін. Әкім аға (Әкім Тарази) екеуі жан жолдас еді. Үне­мі бірге жүретін. Мен екеуімен де қалам­гер інілері ретінде жақсы сый­лас­тықта болдым. Бірде, мен онда «Жазушы» бас­пасында қызмет ететінмін. Баспа Одақ­­тың бірінші қабатында отыратын. Дә­лізде тұрсам, өзінің әдетінше асы­ғыс­тай, тапырақтай басып, Рамазан ағамыз ішке еніп келеді екен. Алдынан шығып сәлем бердім. Қолымды ұстаған күйі жібермей «әй, жүрші, бардан барып кофе ішейік, мен саған бір әңгіме айтайын» деп ертіп жүрді. Сондағы әңгімесі қысқарта айт­қанда мынау. «Әй, сенің Әкім ағаң мені кейде итше жұмсайды-әй,  собака! Ке­ше маған бір шаруа айтып, «сен соны орындашы» деп тапсырады. «Әй, сенің өз шаруаң емес пе, мені неге жұмсайсың оған. Өзің бар» десем, маған жайбарақат қарап отырып: «Сенің бетіңнің терісі менікінен гөрі қалыңдау ғой», – дейді. От, собака! Маған өтініп, шаруа тапсыр­ған­дағы айтып отырған сөзі», – деп өзі не реніш жоқ, не өкпе жоқ, қайта әлде­неге риза болған кісідей бүкіл барды басына кө­тере қарқылдап кеп күледі, мәз болып. Өзі сол түрінде Әкім ағаның әлгі тап­сырмасын орындап келген адам сияқты.
Жұмыстан кейін үйге келген соң Дә­рі­жанға Рамазан ағаның әлгі әңгі­ме­сін айтып, екеуміз де мәз болып күл­геніміз бар еді… Дәріжан кейде менің әлгіндей тапсырмаларыма мойынтаулық білдіре қалса, осы әңгімені алдына тартып, әрине «бетіңнің терісі демей, «жүрегің бар ғой» дегендей сипақтататынмын. «Е, сонда сен Әкім ағаң болдың да, мен Рама­зан аға болғаным ба» деп күлетін.Әлгі істі, бірақ, тындыратын.
Дәріжанның жастай бойында бар көкіректеу, албырт, ерке мінезі атасы мен енесінің, менің әкем Серәлі-Шахан мен анам Қадишаның шексіз мейіріміне, қайырымды жүрек­те­рі­нің жылуына жолыққанда екі ара­лықтан жаңа бір жайсаң жанның таби­ғаты, болмысы қалыптасып, өмірге кел­ген­дей еді. Әкем жүз жастан асып қайтыс болғанда шешем тоқсаннан асқан кісі еді. Жүзге таянған бірер жылда бейкүнә сәбидей болып, отырып қал­ған шалын өзі аялап күтіп, мәпелеп бақты. Төсегіне өзі кө­те­ріп жатқызып, өзі жуындыратын. Тіпті, қолындағы келін балаларға қарияны күтіп, қарау­дың салмағын түсірген емес.
Алдымен Алланың бұйрығы шығар, әрине. Тапа бір соны есептеп, күтіп жүр­гендей шалын абыроймен жөнелткен соң шешем бірер жылдан кейін өз ая­ғымен жүріп жүрген күйі бір-екі күн ға­на төсек тартып жатып, қапа жоқ, қи­налыс жоқ, «Алласын» аузына алған күйі дүниеден өтті. Екеуінің мейірім шуа­ғы, төңірегіне қайырымы, қолғабысы ерекше жандар еді. Бір ғасырға жуық өткен өмірлерінде екеуі де сол заманда халқы көрген зауалды белуардан кешкен жандар еді. Бидің, байдың, тектінің тұ­қымдары ретінде тап жауларымен кү­рес­тің, жиырмасыншы жылдардың ая­ғындағы солақай «кәмпескенің» құ­­қайын, отыз екінші жылғы аштық пен шұбырындының нәу­бетін, отыз жетінің қара бұлтын, қырық бірінші жылғы со­ғыстың зобалаңын, бәрін-бәрін бас­тары­нан өткерген. Осы зауалдардың салдарынан менен бұрын дүниеге келген ұл-қызы аралас сегіз перзентінен айы­рыл­ған. Бірі бес, бірі үш жастағы соңғы екі перзенті соғыс бас­талардың алдында – отыз тоғызыншы жылы әсіре қуда­лаумен колхоздастыру­дағы ұрдажық сая­саттың кесірінен бір күнде дүние са­лыпты.
«Оңашалаумен», қудалаудан әбден зәрезап болған Серәлі-Шахан жалынып, жоғарыға арызданып жүріп, ауыл­дағы колхозға мүше болып кірген. Кол­хоз қай жұмысқа айдаса сонда барады. Жаздыгүні бидай піскен кезде «әйелің де, өзің де орақ оруға шығасың» дейді. «Үйде жас балалар бар, әйелім бармайды» деуге шама жоқ. Не халық жауы, не қас­кү­нем атанасың. Амал жоқ ауылда қал­ған, жұмысқа жарамсыз ересек біреулерге тапсырған  болып, екі баланы үйге тас­тап кете барады. Ораққа азанда кетеді, күн кешкіре қайтады. Бір күні келсе екі  баласы  есік  алдында  ес-түссіз қылжиып-қылжиып жатыр.
Айнала елден: «Бұ не болды, не біл­діңдер?» – деп сұрайды. Ешкім еш нәрсе білмейді. Біреулер «қораның төріндегі бұтаның арасына қойған құтыдағы керолинді жалаған шығар» дейді. Енді біреулері «тауықтың қиын жеп қойған шығар» дейді. Қасақана біреу жасаған дегенге ешкімнің дәті бармайды. Қыс­қасы, екеуінің қолында жатып, күн бата екі сәбидің  демі  үзіледі. Нақақтан-нақақ осыншама қуғын-сүргін, шұбы­рындыға ұшыраған, қорлау мен кем­сітудің неше түрін басынан өткізіп келе жатқан, сол әбігерлердің себебінен мұ­нан бұрын ал­ты перзентінен айы­рылған ата-ананың енді мына екі бүлдіршінінің өлі денесін құшақтап отырған күйін сөзбен жеткізіп айта аласың ба?!
Жынданып, не Құдайыңа нәлет айтып, мына дүниеден баз кешіп кететін жағ­дай ғой. Қалай төзімдері жетіп, өз­де­рін-өздері сақтап қалған. Сақтап қана қоймай, әу бас табиғатындағы кісілік болмыс, пайым-парасат,  қайырымдылық сезімін, мына дүниеге, айналасындағы адамдарға деген көңіліндегі мейірім шуа­ғын жоғалтпай, Алласына деген тәубесінен айырылмай, қалай өмір сүре білген?! Не деген табиғат, не деген мық­тылық. Иә, бұл оқиғадан кейін бірер жылдан кейін мен туыппын. Менен кейін Беркін, Еркін атты екі ұл, Балапан ат­ты  қызы дүниеге келді. Құдайға шү­кір, төртеуміз де әзір жер басып жүрміз. Әкем мен анам бәріміздің үйлі-жайлы, балалы-шағалы, немерелі болғанымыз­ды көріп кетті. Бұл жайларды әңгімелеп отырғаным, мен әкемнің елу жасында, шешемнің қырықтан асқан шағында дү­ниеге келген екенмін. Мен ес біле бастағанда танығаным – әкем қайратты, еңбекқор, сол еңбегінің арқасында бардам әрі қолы ашық кісі болды. Әкем де, шешем де ағайынға қайырымды, жанашыр, имандылықты ұстаным еткен жандар еді. Ол кісілердің басынан әлгін­дей қиыншылықтар өткенін мен кейін есейгенде өздерінен де емес, төңіректе­гі ағайын-туыстардан еститінмін. Сонда да, қазір де таң қалатын әрі сүйсінетін жайым – мен өмір бойы сол кісілердің мейірім төгілген байыпты жүзінен, аға­йынға, елге болсыншы деп құрақ ұшып отыратын ықылас-пейілінен өт­кен­ге деген, әйтпесе біреулерге деген өкініш, өкпе, қыжыл табын аңғарған емеспін. Өмірлеріне риза, шүкір, тәубесі түгел, мынау тіршіліктің осы аманды­ғына, жақсылығына  құмбыл, тілеуқор қа­лыпта көретінмін.
Мұндай сабыр, төзім, мықтылық, иман­дылық кісінің ақыл-парасатына байланысты ма екен?! Мүмкін шын ние­тімен Құдай деген пенде осылай болатын шығар. Дәріжан осындай ата, ене­нің алақанына келін боп түсті. Бұл кісі­лер оған мынау келін ғой, қалай сөй­лейді, қалай жүріп-тұрады деп зер салып қараған емес. Осы үйдің ақылды болсын, шалдуар болсын, бір баласы, бір жаны деген сезіммен қарады. Тек ел болып кетсе екен деген тілектері ғана көңіл түпкірлерінде жатса керек. Ауыл­ға, үйге барғанда екеуінің алдымен сә­лем­десуі, жай-жапсар сұрап, шаруа жайын әңгімелесуі әрдайым алдымен Дәрі­жанмен болатын. Оған ол мәз болып, «көкем мен апам сенен мені жақсы көреді» деп марқайып жүретін. Осындай мейірімнің Дәріжанның алдағы өміріне көп тәрбие, ізгілік жасағанына мен кәмілмін.
Өзі де әкемді соншалықты жақсы көр­ді. Ол кісі қайтыс болғаннан кейін біраз жыл көлемінде сағынып, маған «ауылға  барып  келейікші. Көкем есік­тің алдында ақ таяғына сүйеніп: «Балалар малдарыңды уақытылы суардыңдар ма», – деп айқайлап жүрген сияқты. Барсақ алдымыздан шығатын тәрізді көрінеді», – деп көзі мөлдіреп, қайта-қайта айта бе­ретін.
Дәріжан мен біздің ес біліп, мектеп қабырғасында оқыған кезіміз соғыстан кейінгі елдің еңсесі көтеріліп, тамағы тойынып, ойын-күлкісін қайта тауып, ажары кіре бастаған шағы еді. Түйенің қос өркешіндей боп қатар өскен екі аға­сы да ауыл, аудан арасында жауырыны жерге тимеген палуан атанып, еңбекте озат шығып, сый-сияпатқа бөленіп, ай­тулы жігіттер болып жүрді. Ауылда мұн­дай жігіттердің қарындасының бетінен ешкім қаға қоймайды. Әрі мысымен де, сөзімен де өзін асқақ ұстайтын, қажыр­лы, көсем бәйбіше ананың сүт кенжесі Дәріжанның жастайынан ерке, еркін өсуінің реті осылай еді. Оның асау, ерке мінезіне қарай «сырлы аяқпен ас беріп, сабынан қарауыл қарайтын» сыншыл, міншіл ата-ененің қас-қабағы емес, жан­дарын жолына шуда етіп төсеуге дайын кең жүрек адамдардың мейірім-пейілі алдынан тосып алды. Бұл да бір болашақ отбасының ынтымағының кепілі еді.
Құдайдың жазуы солай шығар, біз Дә­ріжан екеуміз қиыннан қиысып ел болған жандар тәрізді едік. Дәріжанның анасы Құндыз төңірегіне қадірлі,  атақты бір Қажының ерке өскен қызы екен. Көрші ауылдың белгілі байы құда түсіп, келін етеді. Кешікпей жиырма сегізінші жылғы «кәмпеске» кезінде атасы да, күйеуі де алыс шетке жер аударылады. Алды алты-жеті жасар үйелмелі-сүйел­мелі төрт баласымен Құндыз жұртта қалады. Олармен бірге кетпек болған келініне атасы рұқсат етпейді. «Біздің алдымыз мәлімсіз. Балаларды ертіп, іле­семін дегеніңді  қой. Елдің ортасында қалып барасың, осы елмен бірге болың­дар», – дейді. Ол екеуі сонан қай­тып орал­ған емес. Арада бірер жыл өте отыз екі­нің аштығы басталады. Жан сауғалап, «Бетбақ» асып Өзбекстан, Тәжікстанға қарай босыған елге төрт баласын кө­теріп, Құндыз да ілеседі. Екі кіш­кен­тайы жолай шетінеп, бір ұл бір қызымен Тәжікстанға жетіп тұрақтайды. Ажары да, қайраты да келіскен, сауса­ғынан өнері тамған тігінші кісі екен, осы ең­бе­гімен өзін де, балаларын да асырайды. Сол жерде салт бас жүрген ауылдас жігіті Төлеубай деген кісімен бас қосады. Онан Құрбан, Қорғанбай атты тете ұл табады. Сонан соң елге – Қазақстанға қайтады. Олар мұнда келген шақта қырық бірдің  соғысы басталып, Төлеу­бай майданға кетеді. Содан қайтып оралмайды. Әкесі майданға кеткен соң Дәріжан дүниеге келеді. «Қиыннан қиы­сып» деп отырғаным, шешесі соншама «тар жол, тайғақ кешуді» өтіп жүріп дү­ниеге келтірген Дәріжан аман-есен өсіп, бойжетсе; төңірегіндегі ағайындары «се­гіз баласының бірі тұрақтамаған бұл екеуінен енді ұрпақ қалар дейсің бе» деп есіркеген Серәлі-Шахан мен Қадишадан онан кейін мен туып, осы күнге жетіппін. Біздің  екеуміздің осы өмірбаянымыз сан рет жоғала жаздап барып, Құдай қолдап, көшін қайта түзейтін қазақ халқының тағдыр-талайына сәйкесетін үйлесім тәрізді.
Шешесі Құндыздың басынан өткіз­ген тағдырынан ана деген ұғымның, ана еңбегінің, ана махаббатының  қадыр-қасиетін ана сүтімен жастай сезініп өс­кен Дәріжан есейе келе «Осы Алматы қаласының көрнекті бір жеріне «Ана­ларға мәңгілік тағзым» атты зәулім ес­керт­кіш тұрғызылса, бұрынғы-соңғы аналарымыздың аруағына құрмет, кейінгі жас ұрпақтар гүл қойып, аналар рухын әспеттейтін өнегелі шаруа болар еді» деп армандайтын. Осы мақсатта 2002 жылы Республикалық «Ана» қо­ғам­дық қорын құрып, сол қордың Тө­райымы бола жүріп, арғы-бергі қазақ аналарының өмірі, тарихы, өнегелі істерін насихаттап, бүгінгі жас ұрпақ­тар­­дың санасына сіңіру жолында игілікті жұмыстар атқарды. Баспасөз бет­терінде көптеген хабарлар ұйым­дас­тырып, фотокөрмелер жасады. Өмірінің соңғы оншақты жылында осы іске бір өзі белсене кірісіп еді. «Жаяудың шаңы шықпас, жалғыздың үні шықпас» та­биғат қой. Көп машақатпен жүріп, ескерткіштің жоба-мәтінін жасаттырып, Үкіметтің шешімін алып, минис­трліктің жанындағы тиісті комиссия­лардың мақұлдау құжаттарын жи­­­­нас­­­­тырып, Алматы қаласы әкім­дігінен нысанды орнатуға арнайы жер бөлдіртіп, соңғы кезде осы  істі тиянақ­тай бастаған. Енді уәде берген демеу­ші­лердің көмегімен  ескерткішті  құйды­рып, орнатуға кірісемін деген мезгілде өзі кенеттен дүние салды. Бірақ ана­лар­дың рухын әспеттеу жолында осындай иманды шаруа жасап кетті.
Пенде аз өмір сүре ме, көп өмір сүре ме, ол енді Алланың бұйрығындағы кеп екен. Дәріжанның да өмірден өткеніне жыл толып қалыпты. Кім келіп, кім кетпеген  жарық  дүние  бұл!  Кеткендердің Тәңірім алдын жарық етсін, иманын жолдас қылсын. Артындағыларға аман­дық, ынтымақ берсін. Өзі мейірімді, қайырымды етіп  жаратқан  қазақ хал­қын  Құдайым осы Тәуелсіз Ел қалпында адамзат дүниесімен бірге жасай беруге жазғай!
Осылай деп өз көңілімізді өзіміз дем­деген жөн тәрізді.
Берік Шаханұлы.
ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір