Тұяқ
11.12.2015
3133
1
Мира ШҮЙІНШӘЛИЕВА
(Әңгіме)
ТуякМырзаш шал жерге жарық түскен бойда қоңыр таяғын қолына ұстап, үйреншікті жолға шықты. Жол болғанда, сүт пісірім уа­қытта жетіп баратын қысқа жол да емес, ау­данның нақ орталығы. Жүйіткіген кө­ліктің өзі де кем дегенде, екі сағатыңды ұр­лайды. Соны біле тұра, ауыл мен ау­дан­ның арасына қатынап тұратын Бо­ран­байдың болттары шиқылдаған, ескі сұр ав­тобусына емге отырған емес. Төрт бұ­рыш­ты темірдің ішінде теңселгенше, жол-жөнекей көліктермен діттеген жеріне жыл­дамырақ жеткенді жөн санайды. Кі­шігірім қалаға ұқсаған ауданда тұратын қос жүгермегіне жетуге асығады. Көңілін шөл­деткен, жүрегін сағыныштан сыз­дат­қан титтей жиендерін аңсағанда, біле­гіне қанат байлап ұшуға бар. Бірақ амал не? Кейде көршілері: «Сақалды басыңмен бі­реудің баласына үздігесің де жүресің. Қыз­дан өрбіген бала саған бала болып жа­рытпас», – деп жан-жарасын қанатып қоя­ды. Мұндайда құйқасы шымыр етсе де, «осы күні жұрттың көбі қыз-күйеуінен кө­рінген боталарын аспандағы айға теңеп, не­мерелеп үздікпей ме. Олардың қасында ме­нікі айып па. Жатжұртқа бұйырғанмен, қыз бала өріс қой. Қайта, өрісім ұзарып, көңі­лім толғанын күндейсіңдер ме», – деп кем­сеңдеп, сырт айналады. Ақ қырау бас­қан мұртын сипап қойып, тәмпік танау тен­тектерін қайтадан көруге асығады.
Мінекей, сол үйреншікті әдетіне басып, жайдақ жолды бетке алып, көнелеу сұр бешпеттің етегін жаздың ыстық  желі­не жел­пілдетіп кетіп барады. Жел тұрмақ, ас­пан жерге төңкеріліп түсердей аптап ыс­тықты да елер емес. Төбесіндегі тықы­рай­ған мақпал көк тақиясын анда-санда аңы­зақ жел желпіп қояды. Мана ауылдан шық­қан бойда көк шөптің тасасынан кү­тіп алып, балағына оратылып жарыса жө­­­нелген қаңбақ шөпке дейін денесі қау­сырап, иығы бүкірейіп, кеудесі ішіне кір­ген Мырзашқа миығынан мысқылдай қа­р­айтындай.
«Ей, қаңбақ шөп, қаңбақ шөп?! Сен құ­сап, басым ауған жаққа уайым-қайғысыз до­малап бара жатыр деймісің?!  Өз тұяғы­нан тірісінде қайыр көрмеген, маңдайының соры бес батпан мына мен пақырың, өзге­нің тұяғына өзегім үзіліп барады. Өзегім ғана емес, жүрегім суырылып, бауырым іріп барады! Ұлымның соңында титтей бір тентек қалса ғой, шіркін,  дәл қазір қасым­да еліктің лағындай тепеңдеп жүрер ме еді. Ортекедей ойнақтар ма еді. Қайтейін?! Осы шалға ылғи менімен ұзақ жолда жары­сып не көрінді? Одан да пештің түбінде мамық көрпеге оранып, кемпірімен сүт қатқан шәйін ішіп, терлеп-тепшіп жатпай ма дейтін шығарсың. Кәрілік деген қақ­бастан басқа жаныма жөнді серік таппа­ғалы төрт қабырғаға телміруден жалықтым. Қу моладан безіп, ойдан-қырдан, даладан пана іздейтін күйге жеттім. Ешкім есігінен сығалап қарамайтын тас үйден торықтым. Құдай! маған бір түйір тұяқты беруін беріп еді-ау. Бірақ қызығына қандырмай, қасі­ретін көрсетті. Қайғысына қайықтай ба­тыр­ды. Арада қанша жылдар зымырап өт­се де, запыран жұтқан кездерім артта қал­са да сол қасіреттен арыла алар емеспін. Жиырма бірдегі жалғызымды қапияда неге әкеттің деп, шашын жұлып жылаған шешесін де осы қайғы жалмады. Енді міне, анау қыр басындағы бейітте тірісінде талай күйіктің уын ішкен шеше де жатыр, жас­тықтың буымен адасқан жалғыз ұл да жа­тыр бастарын түйістіріп. Екеуінің жер жас­танып, топырақ жамылғандарына бі­раз жылдың жүзі болды. Күрсіндіріп көк­тем мен күңіреніп күз өтті. Содан бері ізім­ді жалғар жалғыз тұяқ та жоқ, қасыма іле­сіп, серік болар сыңар да жоқ.
Осыдан жиырма жыл бұрын адам ба­сы­на бергісіз сұмдық оқиғаны тағы да ой елегінен өткізген Мырзаш шал жүрегі ал­қы­мына тығылып, ауыр дем алды. Тіпті, осы­нау кең байтақ даланың да жұпар ауасы кеудесін тарылтып, көкірегін қысып-қы­сып жібергендей болды. Сол сәт қай­раты кеміген әлсіз денесінен қуат кетіп, екі тізесі ток соққандай қалтырап, дірілдеп, басы айналған Мырзаш жусан шөптің үсті­не екі аяғын созып отыра кетті. Қау­сы­раған қарияға кем дегенде үш сағаттай ти­тықтап жаяу жүру оңай болып па. Шар­шап-шалдыққанын енді  сезді. Қалжыра­ған шал­мен бірге домаланған қаңбақ та «жа­рыс­уын» бәсеңдетіп, белуардан келе жай­қалған көк майсаның тасасына барып ты­ғылды.
Өзегін арман мен сағыныштың жалыны өртеген Мырзаш айналаны көк күм­без­дей көмкерген көгілдір көкжиекке тұн­жырай көз тастады. Дәл осы жолдың жие­гінде, тап осы маңда, бір кездері жан де­генде жалғыз баласының қан сорғалаған басын сүйеп, аласұрғаны күні кешегідей есінде. Қансырап, халсіз жатқан жалғыз тұяғына қайтіп тірек боларын, қалай кө­мек берерін білмей, кімнен сауға сұрарын біл­мей, мең-зең күйде анау зеңгір көкке тел­міре қарап, көзінің ыстық жасын ақ жауын­дай төгіп, ұзақ отырғаны есінде. Көк­тегі ақша бұлттардан қайдан қайран бол­сын. Мәңгілікке сапар шегіп бара жат­қан жас жігітке де жібімеген ақша бұлттар бір-бірін қуалап, әлдеқайда көше берген еді. Дәл қазір де солай ақша бұлттар тіз­бектеліп көшіп барады… Мыжырайған шал­­дың зар-мұңын кей пенделер ұқпа­ған­да, көктегі тәкаппар бұлттарға не айып?!
– Әй, сені бүгін қара басқан екен, қара бас­қыр?!  Көміліп, күн ұзағына үйден шық­­пай қойдың. Әлгі бақа болғыр әлі жоқ! Өткендегідей иесіз орманда ұйықтап қал­маса жарар еді. Адам бола ма десек, күн­нен-күнге кері кетіп барады. Арақ түскірі тү­біне жететін шығар. Аузына бірдеңе тисе, үй­ді ұмытады. Кеше анау жолдың бойында әлгі жетпегір Уәлиолламен ішіп отыр­ға­нын көршілер көріпті. Сол төремшікке ілес­пе деп едім. Тыңдауды қойды. Егер үй­ге бүгін де қонбаса, айтшы қайдан із­дей­міз? Жұрттың бетіне қараудан қалдық-ау?! Ба­ла емес, бәле болды бұл бір!
Айтқан тілді алмаса да, тәрбиеге көн­бесе де іштен шыққан шұбар жыланды жоқ­тап шеше байғұс шыж-быж.
– Жә, келер күн бата. Соның сау күнін қашан көрдің? Жүрген шығар тәлтіректеп бір жерде. Оған ештеңе болмайды. Оның етін адам түгіл, сауысқан да шұқымайды. Арақ сасыған сасық етті ит-құс қайтсін?! – деп Мырзаш әйеліне кейістік білдірді.
– Сені де әкесі дейді-ау? Өгей әке де бұ­лай айтпас болар! Өз балаңды сасыған са­сық етке теңеп?! Жұртқа жаның ашы­ған­мен, жалғызыңа жаның ашымайды.
– Жалғыз, жалғыз деп, ақыры жанымыз шыққаннан не таптық?! Емге айық­пайтын есуас нервімді құртты әбден!
– Өзің жас күніңде татып алмағандай сөй­лейсің кеп! Тезірек киін де, баланы та­уып әкел. Баяғы сенен ығып сыртта жүрген шы­ғар. Бүгін үйге қонбаса, бұл өмірден әді­рем қалсын!
Осылайша кіріп-шығып ерімен айты­сып-тартысқан Үрлаш есікті тарс жауып, сыртқа қарай беттеп еді, іле-шала байбалам салып ішке қайта кірді.
– Тұр, Мырзаш, тұр жылдам! Анау Уә­лиол­ла баланы өлтірейін деп жатыр!  Құ­дай-ай, қарадан-қарап арам өлетін болды-ау. Егер ішуіңді қоймасаң ажалың Уә­лиол­ла­дан болады деп едім. Айтқаным келді ақыры!
Кемпірінің жан айқайына шыдай ал­маған Мырзаш төсектен қарғып тұрып, ая­ғына іліккен галөшті сүйретіп қора жақ­қа тұра шапты.
– Сәтөк? Сәтөк қайда, не болып қал­ды? – деп жан-жағына алақтай қарады.
– Көрмейсің бе, әне! Манадан бері Уә­лиолла екеуі ит пен мысықтай төбелесіп жа­тыр! Мен оны сай-саладан іздеп жүр­сем!
– ?
– Әне, екеуі төбелесті тағы бастап кет­ті. Баршы тез! Айыршы жылдам! Аллам-ай, енді қайттім?! Әлгі милиция түскірі бүгін ауданға кетті деп еді. Ол келгенше бұлар да бір жағына шығып тынатын болар. Бір жеріне зақым келмесе жарар еді?! Қарғам-ай, қор болдың-ау! – деп шешесі Үрлаш шырқырап тұр.
Есі бір кіріп, бір шыққан Мырзаш мы­нау кең жазық дала жаққа құстай ұшты. Күн сайын өріске мал өргізіп жүрген таяқ тас­там жер асыққанда жеткізе ме. Екі өк­песі сырылдап ентіксе де, баладай қал­ба­лақтап шауып барады. Есін білмей есірген ұлына іштей қанша өкпелесе де амалы жоқ. Жан дегенде жалғыз тұяғын ажалдың жез тырнағындай қарулы күшімен кеу­де­сінен бүріп ала жөнелген Уәлиолладан құт­қару керек! Әйтпесе, жексұрын неменің ішкенде көзі көрмейді, ашу қысқанда не істеп, не қойғанын білмейді. Түрмеден-түр­мені құртып, бәлен жылдап абақтыда отырып, зұлымдық пен жауыздықтың талайын бастан кешкен бұзақының пи­ғылы теріс! Ниеті қара! Ойы арам! Іш­кенде төбелеске дайын тұрады. Аузынан ақ көбік атып құтырынған қара бура секілді. Түрі де, өзі де сондай қорқынышты!
– Әй, тоқтатыңдар төбелесті!  Доғарың­дар, қане! Екеуіңе тағы не жетпей қалды, ә?! Тағы неге керісіп қалдыңдар?! Ішіп-ішіп бір-біріңе жаудай шүйлігесіңдер кеп! Ұрынба дедім ғой, балама! Ұрынба! Тү­неу күнгідей өлімші етпекпісің?! Осы жексұрыннан жеген таяғың аздай, осымен ішуіңді қоймадың-ау?! Миыңа бір түйір ақыл кірмеді-ау! Өзіңе де керегі сол! Айттым, осы жалмауызға ілеспе деп!  Тыңдадың ба?! Тыңдадың ба, мына жаман әкеңді?! – деп Мырзаш алыстан жанұшырып ай­қайлап келеді. Бірақ оның сөзіне құлақ тү­ріп жатқан ешкім жоқ. Уәлиолладан таяқ­тың талай семізін жеп жүрсе де, шеке­сіне ештеңе тимеген сорлы Сәтөктің жатысы анау… Өзінен бәлен жас кіші, дене­сінде сылым еті де жоқ арық  жігітті араққа сыл­қия тойған Уәлиолла аждаһадай жел­кесінен бір бүреді. Одан гүрс еткізіп тақыр жерге қайтадан тастап жібереді. Сосын теуіп-теуіп ит тепкісін шығарады.
– Өлтірдің-ау, теппеші, теппе! Енді теп­сең несі қалады оның! Сүйегін уатып, мешел қыласың ба, енді?!  Теппе дедім ғой саған, теппеші! Қолың сынғыр-ай, ұрма-дағы! Одан да мына мені ұршы, мені ұршы! Аясаң етті оны! Иттің етінен жек көрсең де қасыңда жүрген серігің емес пе? Саған сонша не көрінді?! Сәтөннен ала алмай жүрген өшіңді, мына менен алсаңшы?! Өзі сүйретіліп әзер жүрген байғұстың ұрып-ұрып, діңкесін құрттың-ау?
Алыстан айқайлай-айқайлай даусы қарлықса да, Мырзаш шалдың аузы бір жабылар емес. Аңызақ  желге қарсы ентігіп сөйлеп келеді. Бірақ оның сөзін тыңдайтын Уәлиолла қайда?! Оқтын-оқтын өзімен-өзі сұлқ жатқан әлсіз жігітке қожайыны құсап қара күшін көрсетіп, қоқаңдап жүр. Күл-қоқыс үйілген төмпешікке шығып алып, тегін боевик тамашалағандай ауылдың үлкен-кішісі тұр, аңтарыла қарап. Біреуі­нен қайран жоқ. Кең даланың төсінде әрі аунап, бері аунап жаға жыртысқан «адам­ның екі жыртқышынан» көрші-көлем, ағайын-туыс баяғыда түңілген секілді. Ала­қандай ауылдың берекесін күн құрғат­пай бес тиын қылатын Уәлиолла мен Сә­төк­тің тап осы қылығынан баяғыда бе­зінген секілді. Абақтыдан-абақтыны тауыс­қан Уәлиолла өз алдына, қиқымдай ақылы жоқ Сәтөктен де соңғы кезде көр­шілердің көңілі қалған.
«Ойбай, әлгі Мырзаштың Сәтөгі әр­миядән бұзылып келіпті. Қит етсе, ішкені арақ, тартқаны темекі, айтқаны боқауыз. Жынды судан аузы емге құрғамайды. Оны не жын қаққанын? Зіңгіттей жігіт еді. Мас­тықтан емге айықпайтын Уәлиоллаға іле­сіп алып жұмыс жоқ, түк жоқ, жүрісі анау», – деп ауылдастары болса сыртынан күң­кілдейтін еді. Сол айтқандары дәл келді.
«Уәлиолла өлмейді, өлсе қайтып кел­мейді. Уәлиолла өлмейді, өлсе қайтып кел­мейді», – деп үй-үйді тап осылай әндете аралап жүретін Уәлиолланың несі кетіпті. Кемпір-шалдан қалған ескі қыстауды кезбелердің жын-ойнағына айналдырған оған күн сайын бас жазатын бір жұтым ащы болса жетіп жатыр. «Ағеке, апеке, ұрттайтын берші? Құйттай ұрттайтын бір­деңе тапшы? Кеңірдегім кеуіп, кеудем өр­­теніп барады. Осыдан өліп кетсем, қай­темін? Көметін де ешкімім жоқ қой. Мен сорлымын ғой, сорлымын», – деп қолы бос Уәлиолла күнұзағына жұрттың босаға­сында телміріп отырады. Бір үйден шығып, екінші үйге кіреді. Жүз грамм бермей одан құтылу қиын. Жұдырығымен дүрсілдетіп терезені қағады. Ауылдағы алпыс шақты үйдің бірі қонақ шақырып, құда қабылдаса, Уәлиолланың құдайы берді дей бер. Сол үйдің итімен бірге үйшікке түнейді, итая­ғын қоса жалайды, дұрыстап айыққанша айлап-жылдап жатады. Осы жиіркенішті ғадетімен талай рет Мырзаштың да табал­дырығын тоздырған. Енді, міне, жалғыз ұлымен жекпе-жекке шығып, ажалдың қақпасына итермелеп жатқаны мынау…
Осыдан мына шөлмекті ішсең ажалың ме­нен болады деп едім саған! Айт, жа­ның­ның барында, мына шөлмекті неге іштің?! Енді кімнен арақ сұраймын. Мұны осы түнде малшының сарайынан ұрлап алып ем. Неге ішесің қылтамақ болғыр, жалғыз шөлмегімді! – деп Уәлиолла қайтадан Сә­төкке тарпа бас салды.
– Бра…тан, кеш..ір…ші, кеш…ір..ші мен..і. Ер…тең бір жәш..і..гі..н та…уы..п бер…е..й..ін.
– Ертеңге дейін кім бар, кім жоқ! Ал менің тамағым кеуіп бара жатыр, түсінесің бе, сен соны? – деп иттей құтырынған Уә­лиол­ла табаны күректей керзі етігімен Сә­төктің біресе қауындай сопайған басынан, біресе кеуде тұсынан теуіп-теуіп жі­бер­ді. Ол аздай, арақ-шараптың тығынын ашу үшін әдейі қалтасына салып жүретін ұшы біздей жіңішке өткір пышақты онсыз да әлсіз жатқан кеудеге ине сұққандай сұғып-сұғып алды. Сол мезетте жапырағы майысқан көк жусанның түсі қызыл күрең қанға боялып шыға келді. Қолын сермелеп, зығырданы қайнаған Мырзаш келіп жеткенше өшін алып тынған Уәлиолла ауылдың шетіндегі ақ қорымға айналған қу молаға қарай қаша жөнелді. Біреудің қанын ішіп бара жатса да баяғы ғадетіне басып «Уәлиолла өлмейді, өлсе қайтып кел­мейді» деп ыңылдап қояды қатыгез не­ме. Сол кеткеннен мол кетті білем, қай­тып ауылға ат ізін салған да жоқ.
– Айттым ғой, ажалың түбі осыдан бо­лады деп! Айттым ғой, жайыңа қарап жүр деп!  Айттым ғой, Уәлиоллаға қосылма деп! Тыңдадың ба, тіл алдың ба?! Ақы­ма­ғым-ай, ақыры ажал құштың-ау?! Қор бол­дың-ау?! Қорлап өлтірді-ау сені анау айуан!
Құстардың ғана қанаты қалықтаған иесіз далада қанға бөккен жалғыз тұяғын құ­шақтап Мырзаш қала берген-ді. Кеу­десін пышақ тілген ұлының енді беті бері қарамасын сезген-ді. Тіл мен жақтан айырылса да: «Әке, кешіре алсаң кешірші. Қа­телік  менен кетті. Жаза бастым, жаңыл­дым» дегендей, мөлдірей қараған жалғыз ұлын басынан сүйеген Мырзаштың лажы таусылып, соры қайнаған-ды. Еліріп, есіріп, ақыры торға түскен тұяғымен тап осы иен далада мәңгілікке қоштасқан.
***
Беу, дүние-ай, десеңші?! Содан бері зымыраған жылдар, арман толы айлар, күңіренген күндер өтсе де, тағдырдың қатал сынағынан есін әлі жияр емес. Өз деміне өзі тұншығып күрсінеді де жүреді. Ауыл мен ауданға әрлі-берлі қатынап жатқан автобустан қашқақтап, ұзақ жолмен жалғыз жортатыны содан. Дархан да­ланың көз жетпес әр қиырынан жал­ғы­зын іздеп, жоқтайды. Жолдың бір ше­ті­нен Сәтөгі жүгіріп шыға келетіндей елегізиді. Өкініп, өксиді. Жылап-сықтайды. Са­ғыныштың сары жапырағына жанын да, жүрегін де, көңілін де көміп кеткен Сәтө­нін еске алып, көкірегінде шер боп қатқан мұзды аздап болса да ерітеді. Қайтсін. Дәл қазір де үзілген үмітіне налып, тауы ша­ғылып, қамығып бара жатыр. Ақылынан ауырмай адастырған жазмышқа қанша өкпелесе де, бір сәт сабасына түсіп, діттеген жеріне жетуге асығып бара жатыр. «Апы­рым-ай, күн де ұясына батып барады. Түн­делетіп болса да көкелеріме жетсем ғой» деген ол қызылиектенген көкжиектегі доп-домалақ қызыл шарға қарап қойды. Кенет шаңын бұрқыратып безілдеген мотоцикл жолды жанай өтті.
– Таяғымды басып кете жаздады ғой, мы­на біреу. Осылар қайда асығады? Ажал­ға ма, әлде, деп селкілдеп бара жатқан қыз бен жігітке кейіп бір басылды. Әншейінде малға жем тиеген, шөп пен балық тасыған көлік біткеннің қапелімде көрінбей қой­ғанына налыды. Таңдайы да шөлден кепті. Кері бұрылып үйіне қайтайын десе, қаңбақ шөппен жарысып келе жатып біраз қадам алға озып кетіпті. Егер ауылға кері бұрыл­са, қос тентегін қашан көрмек? Қасында «айқай әжелері» тұрғанда ұрты опырайған, тісі кетік жаман шалды жүгірмектері жоқ­тай қоймас-ау! Соны біле тұра, бұл байғұс жүрегі сыздап сағынады жиендерін. Көп күн көрмесе құсалық пен қайғыдан қара суды жұта алмай және соры қайнайды. Тап қазір ауданға жетіп барғанда құдағиының күйіп қалған терідей бет-аузы тырысып, қыртыстанып, тыржиып қарсы алатынын біледі. Бірақ амалы нешік? «Жаман шал» деп жақтырмаса жақтырмасын, кекілдері желбіреген көкелеріне түнделетіп болса да жетіп жығылса болғаны.
Сәтін салып Мырзаш шалдың жолы бол­ды, әйтеуір. Ауылдан кештетіп шыққан бір жігіт оқтын-оқтын жол үстінде тұратын жүзі таныс атайды ала кетті. Мың болғыр бала екен, көліктегі радиосынан тамыл­жы­ған халық әндерін тыңдатып, аудан ор­­­талығына топ еткізді. Көшеде жарық біт­кен самсап тұрғанмен, айнала тым-ты­рыс екен. Сырты жылтыр қаңылтырмен қап­талған жер үйден сәуленің оты да сы­ғаламады. Тас қараңғы. Баяғы түн ішінде таяғын шошаңдатып келіп тұрған үйрен­шікті жолаушыны жорта танымағандай үйшіктен тұмсығын шығарып қоңыр күшік көпке дейін шәуілдеп үрді.
– Жат, қане, жата ғой, – деп итке жылы сөй­леген Мырзаш шал саусағының ұшы­мен терезені түрткіледі. Сәлден соң біреу ыңыранып есікті ашты.
– Менмін, Мырзаш папаң, – деді қария ие­гі дірілдеп.
– ?
Сыртқы есік қайтадан тарс жабылды. Бі­раз үнсіздіктен соң қызы тағы да басын қыл­титты.
– Қарғам, бұл сенбісің? Қараңғыда та­нымай тұрмын. Иә, амансыңдар ма? Жа­тып қалдыңдар ма?
– Енді. Жатпай сені күтіп отыр дейсің бе?! Сағаттың неше болғанын білесің бе?
– Он екі, иә бір шығар. Көлік болмай жол­да кідіріп қалдым. Күн батса да көке­ле­рімді көріп кетейін деп… Айналып ке­тейін екеуін!
– Жарайды, емешегің үзілмей осы жер­ге жата кетші! Түнде жөтелме! Түшкіріп, күр­кілдеме! Дәретке жиі шықпа! Балаларды оятасың!
Шашы қобырап, көздері шытынаған қызы кіре берістегі ауыз үйдің жарығын жалп еткізіп өшіріп, бөлмесіне зып берді. Ше­лектегі салқын суды ожаумен төңкере ішіп, таңдайын жібіткен сорлы шал шал­барының шаңын да қақпастан, шұбаш иісі шыққан шұлқиын да шешпестен көпшікке қисайды. Сегіз сүйегі сырқырағанын енді сезіп, шүңірейген көздері ұйқыға тығыл­ды.
Сібірлеп таң атты. Саудыраған сүйекте­рін біреу айбалтамен бөлшектеп-бөлшек­теп шауып тастағандай, құрысқан денесін әзер жиып, басын шаққа көтерді. Қабыр­ғаның жартысындай әйнектен түскен таң­ның нұры көңіліне жылылық сый­ла­ған­дай болды. Ілбіп басып, сүйеулі тұр­ған таяғын қолына алды. Сыртқа шығып, таңның мөлдір ауасымен терең тыныстады. Түнде шәуілдеп үрген қоңыр күшік те, «е, танымай қалсам, құдамыз екенсің ғой» дегендей, шолтиған құйрығын бұралаң­датып қасына еркелей жетіп келді. Сәлден соң ауыз үйдің есігі қаттырақ ашылып, арғы жақтан құдағиының қарасы көрінді. Ұйқысы қанбады ма, әлде сол жақ аяғымен тұрды ма, кім білсін, өзінен-өзі сіркесі су кө­термей сөйледі.  – Анау, алжыған қақ­пас­ты тағы кім салып кетті бұл үйге. Бұл қарт­тан құтылу жоқ шығар, жылда­мырақ кө­шіп кетпесек қалаға, – деді сенеде тұрған ыдыс-аяғын тарсылдатып.
Ту сыртынан күңкілдеген долы қатын­ның дауысы Мырзаштың онсыз да жұлым-жұлым жүрегін кеудесінен жұлып әкете жаз­дады. Бірақ қырқына шыдағанда, қы­рық  біріне  шыдайын деген оймен есті­меген болып күшікпен ойнап тұра берді.
– Кісіден кісі! Кісіден кісі! Берекетім қаш­ты әбден! Осы ыссы да өзің үйге сыймай отырғанда емге кісі шықпайды! – деп жуылған кірдің көбік суындай аузы көпір­ген Әзима құдағиы сәлден соң бақша жақ­қа қарай аяңдап, құдасымен суықтау аман­дасты. Екеуінің хал сұрасуы сау-са­ламаттан әрі аспады.
– Ойбай, балапандарым жылап жатқан се­кілді. Ақ марқаларым сол! Оянып қал­ды-ау, шамасы. Алтыным мен күмісім  деп жаңа ғана ашуы терісіне сыймай тұр­ған Әзима енді етегіне сүрініп-қабынып, немерелеріне үбектеп үйге қарай жүгірді. Қос тентекті көруге ынтыққан Мырзаш та құдағиының соңынан бүкеңдей жөнелді.
– Қос батырым ұйқысынан тұрып қал­ды ма. Садағаң кетейін, көкелерім менің! – деп таяғымен еденді түрткілеп бөлмеге кі­ріп барғаны сол еді, құдағиының тасы­райған көздері төбесінен шыға жаздады.
– Ойбай, есікті жап, құда! Вирусың жұ­ға­ды! Тезек сасыған ауылдан микроп әкел­генің аздай, таяғыңмен төрге озып!
Мана іштей кейігенін ұмыта бергенде, құ­дағиының ащы тілі маңдайын тасқа соқ­қандай қатты әсер етті. Қаққан қа­зық­тай табалдырықтың әр жағында сілейіп тұрып қалды. Бір кезде қошақандай ой­нақ­таған қос балапан жүгіріп қасына кел­ді. Сәбилердің не жазығы бар дейсің. Бірін құшақтап, бірін қоянның көжегіндей тізе­сіне қоңжитты. Аталарына бойы үйренген екеуі былдырлап, әлденені айтып, жүрегін қорғасындай балқытты.
– Көкелерім менің! Бұл жолы сендерге асық әкелдім. Кәдімгі ойнайтын асық. Бая­ғының баласы асық ойнайтын. Міне­кей, саған үшеу, саған екеу. Бары осы. Көр­ші­лер де бұрынғыдай қой соймайды. Ай­нала жұрттан сұрап, әзер таптым, – деп Мыр­заш шал боялмаған ақ асықты жие­ніне ұстата бергенде, құдағиы бұлқан-тал­қан ашуланып, көзден бұлбұл ұшырды. Баяғы вирус жұғады деп байбалам салды. Асықтан қалай айырылып қалғандарын аңғармаған сәбилер атасының төсқалтасын тышқан құсап тінтті, тінтті де былдырлап өз жөндеріне кетті. «Көкелеген» Мырзаш шал ауладағы күшікпен ойнап қала берді. Таңғы асты іштестен қыз-күйеуі жекемен­шік дүкендеріне асықты.
Жалғыз тұяғы Сәтөктің соңынан ерген ерке қызы Сәнімгүлдің сиқы анау. Осы күні туған әкесін адам құрлы көрмейді. Қа­­шан келсе де, басын қайқитып, қақ­шаң­дап жүргені. Шолжаңдап өскен шолақ ойлы қызы да есейген сайын ақшаның буы­мен тәкаппар болып барады. Қаладан есеп-қисаптың оқуын оқып келіп, осы маңнан қарасирақ жүнбасты кезіктіріп, тұрмыс құрғалы кеудесіне нан піскен. Орталыққа келген сайын доғдырға қара­лайын десе, өтінішіне қызы мойнын да бұрмайды. Ертеңмен тағы да қолқа салып кө­ріп еді, қармаққа ілінген балықтай шор­шып түсті.
– Уақыт жоқ. Бір вагон тауар келіп тұр. Сені­мен доғдыр сағалап жүріп, тірі ақ­ша­дан қағылып қалармын. Бизнесмен болу оңай емес! – деп әкесінің бетінен қауып алды да, күйеуінің «Мерседесіне» мініп, тайып тұрды.
Үміт еткен ұл да оңбады. Қырмызыдай қыз да оңбады. Жанына қатты бататыны – өмір бойы жинаған рухани байлықтың дәнін жұрттың ұл-қызына сеуіп жүргенде, өз бұтақтары шөлі қанбай тамырынан қиылып түсіпті. Мырзаш өткен-кеткенді ой елегінен өткізіп, саябақта біраз жүрді. Әжелеріне ілесіп дүкен жағалаған неме­релерін де көп күтті. Содан жан-жағына елеңдей қарап тұрғанда қасына кеп тоқ­таған қара әйнекті көліктен қызы басын шығарып, түстік ішуге шақырды. «Тентектермен бірге ішермін» деп еді, қызы саға­ты­на қарап басын шайқады. Түкке түсін­беген ақсақал таяғына сүйеніп үйге қарай аяңдады.
Дастарқан басында Мырзаш шал шыдамы таусылып жиендерін сұрады. Күйеу баласы ләм-лим деп тіл қатпады. Қобдиша құсаған қоңыр сөмкесін қасына қойып, құ­­лағына жіңішке сымды жалғап біреу­лермен күбір-күбір сөйлесіп отыра берді. Мұның да мінезі мінез емес. Өте тұйық. Қолынан кішкентай сөмкесін емге тастамайды. Ішінде уыс-уыс алтын жатқандай көзінен таса етпейді-ау, таса етпейді. Былдырлап өсіп келе жатқан анау ұлдарын бір иіскеп, әке болып еміренгенін байқамапты. Дүкеннен жаңа ғана әкелген мұздай сүтпен суық шәйді толтырып құйып берген қызы да жақ ашпай қойды. Екі мылқаудың бе­ті­не алма-кезек қарап, жынданып кете жаз­даған Мырзаш:
– Қарақтарым, неге үндемейсіңдер? Құ­дағиым қайда жүр? Балалардың да енді­гі ойыны қанған шығар. Төбелерінен күн өтіп кетпесін, – деп дегбірі қашты.
– Олар бүгін келмейді. Ерхоштың на­ға­шы апасына қыдырып кетті. Ертең жол­ға жиналамыз. Мамка Алматыға, ал біз Анталияға билет алдық. Қалаға барып екі жаққа ұшамыз, – деп Сәнімгүл бар сырды жайып салды.
– Алда құдай-ай! Бүйтетіндеріңді біл­ген­де көкелерімді дұрыстап иіскейтін едім ғой. Ертеңге дейін қалай шыдаймын, – деп Мырзаш зар илеп қоя берді.
– Қойшы-ей, жаман ырым бастамай! Ер­тең біз көшкенде қайтесің? Қыдырыстап қайтқан бойда қаладан коттедж аламыз. Қожайынмен кездесіп, бағасына келісіп қойдық. Күзге таяу көшеміз.
– Көкелерім де бірге кете ме?
– Енді. Бәріміз түгел көшеміз. Мына үй­ді сатамыз.
– Қап! Осы кеткеніміз кеткен десеңші! Сен­дерді қойшы, анау балапандарым болмаса…
– «Қап, қап!..» деп қақылдамай, тез жи­нал. Көрші ағай қазір ауылға қайтады. Со­нымен барып қал. Бүгін біз үйге қон­бай­мыз. Өткенде Ерхош бинго ойнап, ло­то­рея ұтып алып еді. Кешкісін табиғатқа шы­ғып, жұмыстастарға  ұтысымызды жуамыз.
– Е, жүлделерің құтты болсын! Ыры­зық­тарыңа жаратыңдар. Қыдыр ата жол­дарыңды оңғарсын. Тек анау көкелеріме сақ болыңдар! Білмейтін жердің ой-шұң­қыры көп болады. От пен суға түсіп кет­песін. Аман-сау келгендеріңді көріп, бір соғып кетермін.
– Бәсе, осы үйден шықпайтын болдың ғой. Алдыңдағы асты да төгіп-шашып іше­сің. Нанның қиқымын теріп жейсің со­ғыс­та жүргендей. Саған бола енем мен күйеуі­ме жақпаймын.
– Е, қызым-ай, қайтейін. Мені осы үй­ге жетектеп келетін анау балапандарға де­ген бір күш еді. Енді ол күштен де айы­рыл­ған екенмін. Егер Сәтөнім тірі тұрса, бүй­тіп жүрермін бе. Саулық қойдың жа­сын­дай жасым қалғанда тентектерімді иіс­кеп-сүйсем деп едім. Мен қашанғы осы та­балдырықты тоздырар дейсің. Саулығым нашарлап, көзім де кеміп барады, – деп кемсеңдеген қария удай ашып ұйыған екі ті­зесін уқалап орнынан зорға тұрды. Кес­кен томардай түксие қараған Сәнімгүлі тым болмаса, әкесін сыртқа дейін шығарып салмады. Онсыз да жүрегі жаралы жанды қа­ралай күйдіріп, көңілге қаяу-мұң қал­дырған көкбет қыз мыңқ етпестен алтынмен апталған шанышқы-қасықтарын жуып-шайып, күнделікті шаруасын күйт­теді.
Үш кесе шәйі желкесінен шыққан Мыр­­заш шал тұла бойы дірілдеп, көз жанары тұманданса да, таяғына сүйенген күйі жайдақ жолға түсіп алып, ауылға қарай бет­теді. Шақырайған күннің көзі төбе­сін­де­гі тақиясын қыздырып бара жатса да, сырт көзге сыр бермеді. «Кісі есігі темір деуші еді. Қарағым-ай, сен де сол темірге тұсалған екенсің. Өзегімді жарып шыққан се­ні де жат-жұртқа бола өсірген екенмін. Қайтейін, қайда жүрсең де аман-сау болып, қос тұяғыңның қызығын көр­гейсің…» – деп, көңілі астаң-кестең болған қария бір қадам алға басқан сайын әлсін-әлсін артына мойнын бұрып, жиен­дері «аталап» жүгіріп келе жатқандай елегізіді. Енді бір сәт: «Әке, бәрін де еркелікпен айттым. Біз де сені сағынамыз ғой. Жиі-жиі келіп тұр­шы», – деп, тентек қызы Ерхошымен кеп қа­лар­дай жанынан әрлі-берлі зырғып өткен көліктерге көзін сүзді.
Бірақ мұның бәрі де орындалмас алдамшы арман еді. Шыбын жанын шүбе­рек­ке түйген Мырзаш  шал жалғыз тұяқ­тың соңында «бір іздің» қалмағанына қатты қа­паланды.
ПІКІРЛЕР1
Аноним 25.04.2020 | 14:33

Өте өтінішті

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір