Қилы замандардың шежірешісі
11.12.2015
1496
0
2022Қазақ әдебиетінің тарихы еліміздің жоғары оқу орындарында түркі халықтарына ортақ ежелгі кезеңнен, VІІІ ғасырдан бастап оқытылып келе жатқанына жарты ғасырдан астам уақыт болды. Мың жылдан астам дәуірді алып жатқан қазақ әдебиетінің тарихында халықтың, елдің басынан өткен қилы замандардың шындығы жинақталған. Ол шындық мың жылдан астам тарихтың өзі сияқты алуан қырлы, сан салалы. Сол мың жылдық дәуірді алып жатқан әдебиетте көрініс тапқан алуан қырлы, сан салалы шындықтың өзегіндегі нәрде бір-ақ мән бар. Ол – азаттық, тәуелсіздік. Мың жылдан астам уақыт кеңістігіндегі тарихта, мың жылдан астам уақыт кеңістігіндегі тарихтың бейнесі көркем жинақталған әдебиетте тарихи есіміздің, қоғамдық санамыздың, рухани әлеміміздің баға жетпес асыл құндылықтары сақталған. 

Турасын айтқанда, біздің тарихи есіміз, қоғамдық санамыз, рухани әлеміміз – біздің осы тарихымыз бен осы әдебиетіміз. Тарих – халық тағдырының тарихы, халық­тың ақыл-ойы мен абыройының, ар-ож­да­ны­ның тарихы. Әдебиет – халықтың тарихи тағдырының бейнесі, халықтың ақыл-­ойы мен абыройының, ар-ожданы­ның бейнесі. Мұндай тарих, мұндай әдебиет халықтың интеллектуалдық қуатының артуына, қоғамдық сананың дамуына, мем­лекеттің нығаюына өлшеусіз зор ықпал етеді.
Ілияс Есенберлиннің көркемдік әле­мін­де халықтың тарихи тағдыры, ақыл-ойы, абыройы мен ар-ожданы жалпы­ха­лық­тық құндылық ретінде нақтыланып, бірбүтін құбылыс түрінде көрініс тапты.
Ілияс Есенберлиннің шығармашылық мұрасы – көп қырлы, алуан түсті күрделі көркемдік әлем. Ол – бөліп-жаруға болмайтын тұтастық. Бұл тұтастық мезгіл мен мекен шегінде мызғымас негіз тапқан үш құрамдас бірліктен тұрады. Оның біріншісі – Алтын Орда дәуірінің шындығына негізделген, екіншісі – Қазақ хандығы дәуі­рі­нің оқиғаларын қамтиды, үшін­ші­сінде – кеңестік кезең келбеті бейнеленді. Оларды эпикалық өрісі мен кеңістігі, танымдық және тәрбиелік мәнінің тереңдігі жағынан алып қарағанда, жазушы қала­мы­нан туған романдардың қалың қатары ерекше көз тартады. Солардың ішінде «Алтын Орда» мен «Көшпенділер» сияқты тұлғалы туындыларды жер шарын мекендеген басқа халықтардың әдебиетінен іздеп табу оңай емес.
Ілияс Есенберлиннің үлкен көлемді, кең құлашты эпикалық шығармалары – ХХ ғасырдың екінші жартысындағы қазақ әдебиетінің үлкен жетістіктері, ал Ілияс Есенберлиннің өзі –  ХХ ғасырдың екінші жартысындағы қазақ романының дамуына, қоғамдық санамыздың, тарихи есіміздің жаң­ғыруына ерен еңбек сіңірген аса ірі шығармашылық тұлға.
Алтын Орда және Қазақ хандығы дәуір­леріндегі қайбір шындық оқиғалар мен құбылыстарды зерттеуге, қайбір тарихи ірі тұлғалардың  аттарын атауға кеңестік билік қатаң тыйым сал­ғанына қарамастан, Ілияс Есенберлин батыл шығармашылық шешім жасады және нақты нәтижелерге жетті:
• халық тарихын, халық тарихындағы тәуелсіздік пен азаттық идеясын тануға барар жолға уақыт, заман қойған тоспалар мен тосқауылдарды, бұғаулар мен құрсау­лар­ды бұзып-жарып өтті;
• Алтын Орда тарихының көркем шежі­ресін жазды;
• Қазақ хандығының құрылуынан жо­йы­л­уына дейінгі, қазақтың алғашқы ханы­ның өмірі мен соңғы ханының өліміне дейін­­гі аралықтағы ірі тарихи оқиғаларды, халық өмірінің шындығын өнер шынды­ғы­на айналдырды;
• тәуелсіздік пен азаттық жолында жауларымен арыстандай алысып, жолбарыстай жұлқысып, қара терін тамызып, қызыл қанын ағызып өткен ата-бабаларымыздың естен кетпес ерлік істерін суреттеді;
• қазақ халқының ғасырлар кеңістігінде теңіз­дей шалқыған елдік рухын, күндей балқыған ақыл-ой қуатын көрсетті.
Уақыттың, заманның санаға салған саяси тоспасы мен тосқауылын, бұғаулары мен құрсауларын бұзып-жарып өту, сөйтіп халықтың ғасырлар кеңістігінде телегей-теңіз­дей шалқыған елдік рухын, күн көзін­дей балқыған ақыл-ой қуатын табиғи қал­­пында шынайы көрсету – ерлік, ердің ерінің ғана қолынан келетін ерлік. Ілияс Есен­берлин өз шығармашылығымен ердің ері­нің ғана қолынан келетін ерлік жасады.
Қаламгердің шығармашылық мұра­сының рухани асыл діңгегі – халық тағ­ды­ры, азаттық, тәуелсіздік идеясы. Автор  хан­дар мен билердің, ақындар мен жырау­лар­дың, сардарлар мен сарбаздардың, қарттар мен жастардың елдің тәуелсіздігі мен азаттығын, ынтымағы мен бірлігін қолдау, қорғау жолында өткізген өмірінің шын­дығынан халық тағдырының көркем бейнесін сомдады.
Жазушы халық тағдырының, тарихи тұлғалар өмірінің жаманын жасырмады, жақсысын асырмады: барын бардай, жоғын жоқтай көрсетті, тарих шындығын өз тарапынан өзгертуге, толықтыруға, өңдеуге бар­мады. Тарихи тұлғалардың өміріндегі, ха­лық  тағдырындағы  ірі оқиғаларды сұра­пыл, сұраусыз күштердің жөнсіз тасқыны емес, қалыптасқан жағдай аясында халық­тық мүддеге сай жүзеге асырылған мақсатты шешімнің нәтижесі ретінде саралады. Ха­лық тағдырындағы, тарихи тұлғалар өмі­ріндегі мақсат пен мұратты, қозғаушы күш­­терді, олардың мәні мен мәнісін тарихи ой­лау тұрғысынан пайымдады, тарихтың қайшылықты, күрделі шындығын тұтасқан қалпында шынайы бейнеледі. Суреткердің  халық  тағдырының көркем бейнесін жасау жолында өмір құбылыстарының тереңіне бойлаған ойы мен шығармашылық ойлауына тән ыстық қайрат тарихи таным қалы­бын­да осылай көрініс тапты.
Тарихи таным – жазушының шығарма­шы­лық еңбегінің асыл негізі. Тарихи өткен дәуір шындығы – жазушы үшін тәуелсіздік, азат­тық идеясының, ұлттық рухтың қа­зы­на­­лы әлемі. Қаламгер оның қасиетті қақпа­сы­на тарихи ойдың тереңіне бойлау арқылы ғана бара алады. Ілияс Есенберлин тарихи дәуір шындығын, тарихи тұлға өмірін, ха­лық­­тың тарихи тағдырын суреттеуде тари­хи-эпикалық ойдың байтақ кеңістігі мен тебіреністі тереңін, шығармашылық еңбек­тің­ нәзік сырлары мен қиын қырларын бір­дей бағындырды.
Қаламгер тарих  тереңінен теріп алған әрбір құбылыс сырынан, әрбір дерек маз­мұ­нынан қазақ мемлекеттілігінің құрылу, қалыптасу, даму кезеңдерінің жарық шаш­қан жанды шындығын тапты. Халықтың тарихи тағдырының түрлі кезеңдері мен дәуірлерінде сыннан өтіп, сұрыпталған, сөйтіп халықтың ұлттық қасиетіне айнал­ған рухани құндылықтарының бүгінгі қоғам үшін өмірлік мәні бар заманауи қағидалар мен ұстанымдарға жалғасқан асыл арнасын ашты. Осы бір инемен құдық қазғандай қиын істе жазушы ғылыми және көркемдік таным заңдылықтарын бірдей ұстанды, халықтың азаттық, тәуелсіздік жолындағы күресін сындарлы пайымдау­дың үлгісін жасады.
Жазушының шығармашылық мұрасы­нан оның халық тарихына, халықтың тарихи тағдырына, рухани асыл қасиеттері мен мұраттарына деген зор құрметі мен ыстық ықыласының нұры таралады. Халық тарихының, халықтың мемлекеттілігі та­ри­хының бірнеше ғасырды қамтитын ұлан-ғайыр шындығын, халықтың адамгершілік әлемінің  дәуірден  дәуірге асқан  асыл құн­дылықтарын кеңестің «демалысы – үскірік аяз бен қар» қиын-қыстау күндерінің өзін­де аса үлкен құрметпен, аса ыстық сүйіспен­шілікпен суреттеу, елдің өсер өркенінің қо­­лына тапсырып, бойына сіңіру – кемел һәм кемеңгер кісінің ісі. Ілияс Есенберлин кемел һәм кемеңгер кісінің ісін істеді: халық­тың телегей-теңіз тарихын, рухани әлемінің асыл құндылықтарын, ақыл-ойының нұрлы қазынасын, асқақ абыройын, судан таза, сүттен ақ ар-ожданын зор құрметпен, ыстық сүйіспеншілікпен толға­ды.
Елі де, өзі де сыртқы сұрапыл күшке тәуелді бола тұра оған қарсы өз халқының та­рихындағы, өз елінің тағ­дырындағы қилы кезең­дердің ірі, іргелі шындық оқи­ға­ларын, бір адамның емес, бар жұрттың, адамзат атаулының игілігіне айналғандай рухани асыл құн­дылықтарын мұншалық зор жауап­кер­шілікпен  және құрметпен суреттеу көкірек-көзінде күндей жарқырап жанған шырағы бар, рухы күшті жазушы­ның ғана қолынан келеді.
Жанғара Дәдебаев.

• Темір қызған кезінде…
Атбасар қаласынан 40 шақырым жердегі Батауан көлі жанында қай кезде бұнда пайда болғандары белгісіз, өздерін қырғызбыз деп айтатын, бірақ қазаққа сіңіп кеткен қырғыздар тұратын. Солардың ішінде тамаша ән салатын, домбырада ойнайтын, көр жыраулар мен поэмалар білетін Қақбай деген ақын болды. Ілияс әсіресе, осы Қақбайды тыңдағанды жақсы көретін. Ол Атбасарға жиі келіп тұратын. Қақбай келгенде мен Ілиясқа хабар жіберетінмін. Ілияс бізге сол уақыттарда үзбей келуші еді. Бір бұрышқа жайғасып алып Қақбайды бар ынтасымен тыңдайтын. Ілиястың Асанқайғы, Бұқар жырау, Едіге, Қобыланды, Абылай, Кенесары, тағы басқа да «Көшпенділер» мен «Алтын Орда» трилогияларының кейіпкерлерін алғаш рет сол Қақбайдан және басқа да ақындар мен шешендерден естігенін өз көзім көрді. «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» хикаясын да Ілияс алғаш рет осы  адамдардың аузынан естіді. Әрине, халқымыздың ұмытылмайтын, қасіретке толы, ұлы сазы «Елім-айды» да сол кезде ұйып тыңдаған болатын. Осы бір аттары тарихқа беймәлім қарапайым ақындар бүлдіршіндей жас Ілиясқа бүкіл саналы өмірінде есінен кетпейтін қазақ фольклоры мен өз халқының тарихына деген ыстық ықылас пен шынайы қызығушылық шоғын тұтатып берді.
Раунақ Есенберлин,
інісі.

• Ағынан жарылу
Мен алдыменен материал жинаймын. Деректер іздеймін. Айғақты уақиғаларды қараймын. Халық фольклорына сүйенемін. Жазба бетінде қандай шығармалар бар, соның барлығын қолым жеткен жерге дейін зерттеймін, оқимын, бірімен-бірін салыстырамын. Осылай дайындаймын. Материал дайындалғаннан кейін алдыменен ойға салып, бір жыл өте ме, көп жыл өте ме, миыма өзім жазамын. Нені көтергің, нені ашып айтқың келеді. Кей нәрсені ашып айтпасаң да, соған кішкене дүдәмал болсаң да, келесі ұрпаққа жол салғың келеді. Осындай материалдар бар. Соны тереңдеп ізденіп, өзім ақылымның жеткен жеріне шейін жазамын. Ойша жазамын. Не жазу туралы алдымен білуім керек. Бұрынғы қазақтың аңызын, ертегісін көп естіген адамдардың осындай бір қасиеті болады. Ал содан кейін жазуға отырамын. Жазуға отырған уақытымда күн-түн демеймін, бәлен сағат демеймін, әйтеуір соны жазып шыққанша соның үстінде боламын.
ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір