Тарихтың зәмзәм суы
11.12.2015
2365
0
3-7Ілияс Есенберлин тарихи романдарымен өткен ғасырдың 70-жылдары қазақ оқырманының санасында «төңкеріс» жасаған, бүкіл халықтың сүйіспеншілігіне бөленген феномен.

Қандай да суреткердің өнері – өмірлік және көркем­дік тәжірибесінен  туындайды. Бұл ретте екеуі де тепе-тең түсері немесе өмірлік пен көркемдіктің бірі басымдау шығары бар. Қай жағдайда да бұл артықшылық не кем­шілік емес, қай жазушының да тек өз тағдыры, өзіндік болмысының көрінісі ғана. Осы бір тұжырымдардан кел­генде І.Есенберлин өнердегі өмірлік тәжірибесі өте бай жазушылардың қатарынан табылады. Бұған жазу­шының өмір жолы дәлел.
Ақмола облысы Атбасар қаласында дүниеге келіп, бес жасында жетім қалып балалар үйінде тәрбиеленген І.Есенберлиннің өмір жолы тақтайдай тегіс болмағаны, шарықтауларды да, құлдырауларды бастан өткергені қалың жұртшылыққа белгілі. Жазушының өмірі мен шығармашылығы туралы мазмұнды, толымды кітап жазған тарихшы ғалым А.Қашқынбаевтың зерттеуле­рін­дегі өмірбаян деректеріне қара­ғанда, майданнан жарақаттанып елге оралған  І.Есенберлин соғыс аяқтала келе үйленеді. Алған жары Қа­зақ­стан Әділет Комиссариаты төрағасы, 1937 жылы реп­рессияға ұшыраған Хамза Жүсіпбековтің қызы еді. Халық жаулары ретінде атылып кеткендердің әйелдері отырған түрме  Алжирден енесі Рабиғаны еш тайсалмастан алып шығып, өз қолына алады. Республика Ор­та­лық партия комитетінде қызмет етіп жүрген Есен­бер­линнің бұл қарекеті, сол кездегі ахуалды еске алғанда, екінің бірінің қолынан келе бермейтін үлкен ерлік болатын. Көрнекті суреткер өміріндегі осы бір жайттың өзі-ақ оның адамдық, азаматтық тұлғасына керемет құрмет тудырады.
Әдебиеттегі жолын ақын болып бастаған Есенберлин кейінірек біржола прозаға ауысады, аса өнімді жазады. Ол қазақ жазушыларының арасында романды ең көп жазған, оның ішінде тарихи роман жанрында алапат еңбек жасаған суреткер.
Жазушы Есенберлиннің «Айқас», «Қатерлі өткел», «Ғашықтар», «Алтын құс», «Көлеңкеңмен қорғай жүр», «Маңғыстау майданы», «Аманат», «Махаббат мейра­мы», «Алыс­тағы аралдар», «Аққу құстар қуанышы» роман­да­ры­ның қай-қайсысы әдебиетімізде бұрын көтерілмеген тың тақырыптарды арқау етті және сонысымен ерек­ше­ленді. Айталық, кеңес өкіметінің орнау тарихы туралы «Қатерлі өткел» романында ол кезде аттарын атаудың өзіне тыйым  салынған Ахмет Байтұрсынов пен Мағжан Жұмабаевтың бейнелерін астарлы түрде сомдап, солар­дың аузымен ұлт тәуелсіздігі туралы ой айтады.
Сөз басында тоқталған өмірлік тәжірибе туралы әң­гімеміз – ел басындағы небір қасіреті. Есенберлиннің жан түкпірінде қордаланып, кейін көркем шығарма түрінде кестеленбеуі мүмкін еместігі туралы еді. Библиографтардың есебіне қарағанда, І.Есенберлин өз ғұмырында он жеті роман жазыпты. Мұның өзі сурет­кер­дің шығармашылық қуатының қаншалықты кү­шті, суреткерлік аясының қаншалықты кең екенін бағам­датар еді.
І.Есенберлин шығармашылығында 1969 жылы жа­рық көрген «Қаһар» романынан басталатын тарихи шы­­ғармаларының шеруі, яғни суреткердің ро­ман­дарының орны бөлек. Жазушы қазақ тарихының жеті ­ғасырдан аса тарихын қамтитын тарихи романдары «Қа­һар», «Жанталас», «Алмас қылыш» және «Алтын орда» трилогиясын есейген шағында жазуы – бұл та­қы­рыпқа рухани толысқан кезінде саналы түрде келгенін көр­сетеді. Жазушының өзі тарихи тақырыпқа ден қоюы себебі туралы былай дейді: «…Ағаш биіктеп өскен сайын, оның тамыры да жерге бойлап, тереңдей түспей ме, адам да солай. Ол болашақ туралы көбірек толғанған сайын, өт­кен тарихы жайында көбірек білгісі келеді. Онсыз бола­шақты құруға болмайды». Бұл жеке адамға ғана қатысты емес, бүкіл халыққа қатысты еді.
1969-1973  жылдар аралығында шыққан бұл үш роман қаз­ақ әдебиетінде алғаш рет ғасырлар тереңіндегі, бірақ кеңестік идеологияның құрсауында күн кешулі тарихымызды халық санасында жаңғыртты. Қазақ тарихын ғалымдар, тарихшылар да зерттеді. Шынайы тарихты, оның ішінде Кенесары тарихын жазу жолында қуда­ла­нып, қапасқа жабылған Е.Бекмахановтай үлкен ғалым­да­рымыз халық жадында. Ал ғалым А.Қашқынбаевтың зерт­теулеріне қарағанда, жазушы І.Есенберлинге хан Кенеге байланысты Омбы, Қызылжар мұрағаттарынан дерек жинауға сол кездегі ел басшысы Д.Қонаевтың тап­сырыс бергені туралы Нәйла Бекмаханованың  кіта­бында жазылыпты. Онда жиналған  материалдардың  әр­қайсысы үш дана етіп көшіріліп, екеуі Қонаевқа беріліп отырғаны және бұл орайда Есенберлин мен Бекмаханов­тың бірге жұмыс істегені де баяндалады. Демек, көрнекті тарихшы ғалым Е.Бекмаханов сол кезеңді ғылыми-тарихи тұрғыдан зерттесе, көрнекті суреткер І.Есенберлин «Қаһар» романындаХІХ ғасыр­дың 30-40 жыл­дарындағы Кенесары Қасымов бастаған ұлт-азаттық қозғалыстың объективті-субъективті себептерінің және сол кезеңдегі саяси-экономикалық, қоғамдық-әлеуметтік ахуалдың көркем баянын жасады.
Шын тарихымызға сусап отырған қалың көпшілік үшін «Қаһардан» кейін жарық көрген «Жанталас», «Алмас қылыш» романдары да Қарақұм шөлінде ішкен зәмзәм суындай болды.Әлі есімде, 1973 жылы жазда Алматыға республикалық конференцияға барған марқұм әкем Қаһарман «Алмас қылыш», «Жанталас» романдарын алып келді. Сырты мұқият қапталған бұл кітаптарды әкемнен соң мен оқыдым. Оқиғалары, кейіпкерлері мол шым-шытырық тарих сол романдарды аттай қалап алып ағайындарымыз да оқыды. Біздің үйде қонақ болған үлкен кісілер, аудан, ауыл зиялылары осы романдар төңірегінде қызу әңгіме-дүкен де құрған. Сол кездері біздің Сарысу ауданында (Жамбыл облысы) осы романдардың әрқайсысын бір-бір қойға айырбастап алып оқыған шопандар да болды. Бұл – мұны өз көзімен көрген нағашыларымыздан естіген әңгімем және бір ғана мысал. Ал жазушыға, оның тарихи романдарына, кеңірек аядан алғанда, өз тарихымызға деген сүйіспеншілік бүкіл оқырманның, әр ауыл, аудандағы әрбір адамның жүрегінен орын алды. Бұл романдар халықтың жаншылған рухын оятты, тарихи жадысын жаңғыртты десек, артық емес.
«Алмас қылыш» – Қазақ хандығының құрылуын – ХV ғасырда Жәнібек пен Керей Әбілқайыр ханнан бөлініп, қазақ рулары Сарысу, Шу, Талас өзендерінің алқабында, Мойынқұм бойында алғаш рет Қазақ хан­дығын құру тарихын орыс, шығыс тарихшыларының ең­бек­теріне және қазақтың өз фольклорына сүйене отырып баяндайды. «Бұл шығарманың «сүйегі» түрлі кітаптар, қолжазбалар, шежірелер арасында шашырап жатқан анық фактілерден құралғандықтан және оқиғалардың жылнамасы сақталғандықтан, мұны роман-хроника деп атаған абзал», – дейді әдебиетанушы ғалым М.Дүйсенов.
Кезінде баспасөзде бетінде бұл тарихи туындыға роман-хроника деп алғаш рет анықтама берген ол кезде жас сыншы З.Серікқалиұлы болатын. Және де сыншы романның қазақ оқырманы үшін рухани-қоғамдық маңызын жақсы талдаған. Ал сыни пікірлерін ол не­гізінен көркемдік компоненттерге байланысты білдірді. Бұл тұста назар аудартар тағы бір жайт – сыншы Серік­қалиев ол мақаласын І.Есенберлин шығарма­шылы­ғына арналған үлкен бір  басқосуда  белгілі бір қалам­гер­дің айтқанындай, ешқандай да тапсырыспен жаз­­баған, өзінің көркем әдебиетке деген көзқарасынан шығып жазған (өкініштісі, ол дөңгелек үстел материалдары, демек, әлгі пікір де газеттерде де жарық көріп, бірнеше мыңға тиражданғаны). Сол сыни мақала жарияланғаннан кейін бірталай уақыт өткен соң жазушы І.Есенберлин жас сыншыға ақ адал пікірлері үшін ырзашылығын біл­­діріпті. Мұны осы мақаласына байланысты бір әң­гі­ме­мізде Зейнолла сыншының өз аузынан естігеніміз бар.
Қазақ тарихының жалғасы, яғни XVII-XVIII ғасыр­лар оқиғалары қамтылатын «Жанталас» романында әде­биетімізде тұңғыш рет Абылай ханның бейнесі толыққанды жасалды. Оқиғалар бірде шежіре, бірде аңыз ретінде баяндалатын «Жанталас» ғалым Ш.Елеукенов айтқандай, «Қазақ елінің өмір мен өлім арасында тұрған, әупірімдеген кезіндегі шындығының дәл үстінен түскен… Ал жазушы Ілияс Есенберлиннің Абылай, Бұқар бейнелерін сомдаған романы қазіргі тәуелсіз Қазақстан үшін де ғибраты мол дүние». Бұл үш роман 1976 жылы «Көшпенділер» деген атаумен трилогия болып жарық көргені белгілі. Трилогияның салмағын арттыра түсер бір жайт – Әлкей Марғұлан атап көр­сет­кен­дей, қазақ халқының тарихы өз алдына жеке емес, жалпы тарихи үдерістердің заңды бөлігі ретінде көрінуі болды.
Жазушының «Алтын Орда» трилогиясы 1982, 1983 жылдары жарық көріп, өз оқырманын тапты. Ол кезде Шыңғысхан туралы «Моңғолдың құпия шежіресі» Моңғолиядан  Алматыға жетіп, ксероксталған кітап тү­рінде қымбат бағаға жасырын түрде сатылып жүрген еді. (Сол ксерокс-кітаптың бір-бір данасын ол кезде «Қазақ әдебиеті» газетінде сын бөлімінің меңгерушісі Сайлаубек Жұмабеков және бөлім қызметкерлері Әуез Бейсебаев және мен еңбекақымыздың бестен бір бөлігі мөлшеріндегі қаржыға сатып алғанымыз есімде). Тере­ңіне үңілмеген жанға түсініксіздеу шежіредегі оқиғалар, өзгеше айтқанда тарихымыздың сол кез үшін беймә­лімдеу кезеңдері Есенберлин романдарында жанданып, жарқырап көрінді. Өйткені, жазушы көптеген тарихи күрделі материалдарды, дереккөздерді пайдаланғанда тұтастықта қарастыра білді және суреткерлік қиялмен байытып, Алтын Орданың саяси-экономикалық, әлеуметтік ахуалын – гүлденуі мен құлауының көркем шежіресін жасап шықты. XIII-XIV-XV ғасырлардағы небір тарихи оқиғалар кең ауқымда көрінетін шығармада Ұлы  Даланың, қайталанбас небір тұлғалары бейнеленді. Трилогия – халықтың ғасырлар бойы армандаған азаттығы идеясын ту етеді – «…тікенектің орнына гүл шықты. Ол  гүл  Қазақстан Республикасы  деген ел еді» деп қорытындылайды трилогиясын суреткер.
Бұл жолдардан суреткердің туған елі, Қазақ елінің жеке-дара, тәуелсіз мемлекет болса деген арманы, ең бастысы – сенімі сезіледі. Көрнекті суреткердің кейінгі ұрпаққа берер тағлымы жеткілікті. Солардың ішіндегі ең бастысы – осы арманы  жолында тынбай қарекет жас­ғаны. Ғасырлар бойы тәуелсіздік  жолында күрескен қазақтың  алты  ғасырдан асатын  тарихын  өзіне  қайтаруы. Оның қазақтың соқтықпалы-соқпақты даму жолын ­қам­тыған «Көшпенділер» және «Алтын Орда» трилогияларынан тұратын тарихи эпопеясы тарихымызды көркем сөзбен пайымдаудың үздік үлгілерінің бірі. Және де бұл көркем шығармалар тәуелсіздігімізге қол жеткізіп, әлемдік интеграцияға қосылып, тарихымыздың түп бас­тауынан шын мәнісінде сусындай  бастаған қазіргі кезде де ұлтты сүюдің, оған жанкештілікпен  қызмет  көрсетудің биік үлгісі болып қала береді.
Әлия Бөпежанова.
ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір