Таным тарихы
11.12.2015
2318
0
2-5-22Ел ішінде «Тағдыр қайталанады»  деп қарайтын ырым бар. Тегі үнемі болмаса да, Құдай Тағала өз сүйген құлдары үшін тағдырды да, тарихты да оқта-текте қайталап тұратын болса керек. Алты Алаш түгел білетініндей, биыл «Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойы». Сондай-ақ, біреу біліп, біреу білмейтіндей, қазақ тарихи роман жанрының ұлы классигі Ілияс Есенберлиннің де 100 жылдық торқалы тойы. Жас буын оқырмандар «Бұл екі датаның қандай қатысы бар?» деп қалуы мүмкін.Әрине, олардың жай ғана емес, тікелей қатысы бар.

2015 жылы 15 қаңтар күні «Жазушылар ода­ғы» ғимаратының 102-бөлмесінде, кезінде Ілекеңнің кеңсесі болған ауызды-төрлі екі бөл­меде жоғарыдағы соңғы датаға байланысты «Дөң­ге­лек үстел» өтті. Шериаздан Елеукенов, Қабдеш Жұ­мәділов, Марал Ысқақбайұлы қатарлы аға­ буындар әйгілі классик туралы естелік айтып, ұсы­ныстарын білдірісті. Жүйеден Қабдеш ақсақал ол кі­сінің балалар үйінде орысша тәрбие алғанын, кейін елуге келгенше әдебиетпен мүлде қатыссыз инженерлік салада қызмет істеге­нін баян етті. Қабекең әңгімесінің бір тұ­сын­да Ілияс Есенберлин «Көшпенділер» трилогиясы үшін, әсіресе, «Хан Кене» («Қа­һар») романы үшін әміршіл жүйе­ден көп жапа көргенін айта келіп, ол кісінің осы азабын жеңілдеткен де, шығармашылық жолына тың мүмкіндік ашып берген де Дінмұхамед Ах­метұлы Қонаев екеніне екпін түсіре тоқталды. Сонда біздің есімізге Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың осынау классик туралы: «Ілияс Есенберлиннің шығарма­шы­лығында атақты «Көшпенділер» трилогиясы негізгі орын алады, ол эпикалық құ­лаш-қарымымен, оқиғалардың сер­пін­­­ділігімен, қазақ тарихының жанды әрі қай­таланбас тұлға­ла­рының бейнесімен, тілінің шы­найылығымен және айқын­ды­лы­ғымен ер­ек­­шеле­неді» деп жазғаны оралды. Екі кезеңдегі ел ағасы, бірі әлі көпке бейтаныс Ілиясты жазбай таныса, енді бірі азат Қазақстан аясында ұлы классиктің мерейін асырып, даңқын нұрландыра ха­лық­тың назарына қайта салады. Ел абыздары айтатындай: «Ұлыны ұлы таниды» деген нағыз осы да. Әрқа­шан да бір ұлы дарынның елі үшін еңбек етуіне және ол жаратқан табыстың халық игілігіне айналуына дәл сондай кемеңгер тұлғалардың игі ықпалы болады. Онсыз дарын иесі жетімдік күй кешпек, еңбегі елеусіз қалмақ. Ал дарындар сұра­пыл геологиялық өзгеріс барысында қалып­таса­тын жақұт секілді, орасан қо­ғам­дық дү­біліс кезін­де өмірге келеді. Ілияс Есен­берлин де осындай ұлы әлеуметтік өз­ге­рістің жемісі, таңғажайып талант иесі, қа­зақтың маңдайына жарқырап біткен жақұты.
Өткен ғасырдың 60 жылдары қазақ ру­хания­тындағы мең-зең үнсіздік басқан, шын мәнінде тоқырау дендеп келе жатқан бір өлара кезең болды. Алаш арыстары жаппай қуғын-сүргінге, қырғын-жойғынға ұшыраған соң өртеңге өскен алшындай болып кеңестік кезеңге тән ұлы клас­сик­те­ріміз шықты, Абай туралы кең тынысты эпопея жарық көрді. Дегенмен, арада «Ұлы отан соғысы» лаң салды, оның ізін ала «Тың игеру» науқаны жүріліп кетті. Сөйтіп қазақ қаламгерлері жаппай «кеңестік патриотизм», «социялистік еңбек», сондай-ақ, «тың игеру» тақырыптарына ойысажөнелді. 50 жыл­дар­дың орта шенінде, бұрынғы жер аударылушылардың үстіне тағы да «тың көтерушілер» легі келіп қосыл­ды. «Интер­нацио­нализмнің үлгісіне», шын мәнінде өз же­рін­де «екінші сұрыпты этносқа» айналып қалған халықтың – қазақтың қаламгерлері өзгесі аз бол­ғандай, ендігі жерде «социалис­тік ұлттар досты­ғын» жырлауына тура келді. Сол екі арада ашар­шылық пен қуғын-сүр­гіннің үрейі жұрт жадынан өшкіндеп, соғыс жарасы қарақотыр­ланып, өндіріс өркендей қалды да, қоғамда тоқ­шылық, молшылық орнай бастады. «Тоқшылығың тұрма тек тамағыңда, Бүтіндігің тұрма тек киіміңде?» – деп қадірлі Қадыр ақын айтқандай, былайғы тұста ұлт руханияты материалдық тоқмейілсудің тасасында қалып бара жатты. Сөйтіп, ешкім ұрмай-ақ, ешкім соқпай-ақ қазақ тарихын «Қазан төңкерісінен» бастайтын, Ленинді «ұлт атасы» деп санайтын мәң­гүрттер өзімізден шыға бастады. Қыс­қасы, тарихи таным, ұлттық сана үдемелі жылдамдықпен еңіске қарай құлдырап бара жатты. Қазақты осындай атсыз-атақсыз ру­хани жойылудан қорғап қалған ақыл-ой алыптарының бірі, әрі бірегейі – Ілияс Есенберлин болатын.
Автордың «Көшпенділер» және «Алтын орда» сынды екі трилогиясы қазақтың мәңгүрттенген, тіпті, өліп бара жатқан тарихи санасына қан жү­гір­тіп,  ұлт руханиятын қайта тірілтті. Ол XX ға­сыр­­дың екінші жартысындағы және бүгінгі тә­уел­сіз елдегі қазақтарға өздеріне тән терең та­мы­ры бар, адамзат тарихында өскелең орны бар ұлы халық екенін ұқтырып кетті. «Шеберліктің шегі жоқ» демекші, Ілекең кеңестік жүйе Шың­ғысхан әулетіне қарсы қалыптастырған атаулар мен терминдерді қолдана отырып-ақ бұлжымас тарихи фактілер арқылы әрі көркем, әрі айшықты бояумен ұлы тарихи картина салып шықты. Осынау суреттің данышпандық шешіммен салынғаны сонша, тіпті ондағы қанық ұлттық бояуды, терең­нен тартқан ұлттық пат­рио­тизмді отаршыл жүйе­нің сұқ көзі, сақ құлағы, тіміскі тұмсығы ап еткенде сезе алмай қалды. Артынан біліп анталай абала­ғанда, тағы сол көз сү­рін­дірер көркемдік шешімдер ұлы еңбекті де, ұлы ең­беккердің өзін де қанды шеңгелден құтқарып қалды.
Егіз трилогияның қай-қайсысын оқи баста­са­ңыз, ә дегенде авторды Шыңғысхан әулетінің қас жауы, қызыл жүйенің қандыауыз  жандайшабы екен деп қаласыз. Сосын бір уақытта барып оқып отырғаның «моңғолдың» емес қазақтың тари­хы еке­нін, болғанда да еш талассыз төл, тума тари­хы еке­нін сезіне бастайсыз. Өйткені, мұнда қазақ пен оған бауырлас түрки этностардан өзге ешбір титул­дық қауым жоқ. Бәрі де кәдімгідей, өзіңнің алшы­ның мен үйсінің, өз бауырларың қоңырат пен қып­шақ, арғын мен найман, керей мен уақ, көзге таныс, көңілге сіңісті болған алаш балалары. Сонда барып ішің жылып, жүрегің тұшына бастайды. Сөйте-сөйте баяғы ірбіз (барыс) терісі үстінде аунақшыған Әбілқайыр хан да, кемеңгер Керей де, әйдік Әз Жәнібек те бір атаның баласы, бір дарақ­тың саласы болып шыға­ды. Оларды бөліп тұрған тек саяси тұрғыдағы мақсат, көзқарастарының ұқсамастығы. Ендігі жерде өзбек пен қазақтың  да  ешқандай этника­лық  алалығы жоқ, бірге туып, біте қайнас­қан біртұтас халық екендігіне де көз жеткізе­сіз. Олар тек екі саяси ұтық қана, бір ел ішіндегі екі саяси партия ғана. Бірінің лидерлері Шәйбән (Сибан) ханнан тараған солтандар да, енді бірінің ли­дер­лері Орда ханнан тараған солтандар. Түптеп келгенде, әр екі жағы да ұлы Шыңғысханның тіке ұрпақтары, төл мұрагерлері. Яғни бәрі де Шың­ғыс­ханның үлкен ұлы Жошы ханның Орда және Шәйбән­ сын­ды екі баласынан өрбиді. Олардың ортасындағы бөлініске себеп болған қыпшақ пен арғын арыстары арасындағы құн дауы. Демек, бұл арада ешқандай да этникалық жанжал жоқ. Екі жақтың жыртқаны да бір халықтың жыртысы. Өйткені, қыпшақ та, арғын да күні бүгінге дейін бар қазақ рулары. Дәлін айтқанда бір халықтың өз ішінде ойыннан от шығып, даудан жанжал туындаған. Ал бұл оқиға Қазақ хандығының құрылуына мүмкіндік әперумен бірге, Орта Азия түріктерін­дегі біртұтас биліктің – Алаш ұлы­сы­ның өзегін Қазақ  даласына, Жетісу өл­кесіне қайта оралтуға да себепкер болды.
Абылай ханның билікке келуі туралы да, шү де­ген­де «төрелерге тән» қаталдықты көргендей боламыз. Алайда, кітапты оқи-оқи бір тұсқа келгенде кедей таптың өкілі болған әлгі «мылқау құлдың» мүсәпір емес, білетіні басынан асып кеткен кісәпір екені көңіл көзіңізге елес бергендей болады. Демек, ендігі жерде Әбілмансұр (Абылай) «тас­бауыр төре»  емес, керісінше әрі сақ, әрі кө­ре­ген саясаткер болғаны айқындала түседі. Абылайдың киелі «Ақ түйесі» де ақырғы есепте тілсім жануар емес болып шығады. Яғни автор тарихта мұғжиза болмайтынынан, тек шебер күрес тәсілдері мен сабырлы сая­саткерлік қана болатынынан оқырманды хабардар етіп, халықты социологиялық тұр­ғыдан ағартып отырады. Романда ара-тұра әміршіл жүйенің идеологиялық талабына сай «кедей қайраткерлер» көрініс бергенімен, іс жүзінде қа­ра­ның да, төренің де күйт­тегені ел, мемлекет мүддесі болып шығады да, бәрінің мақсаты бір арнада тоғысып жатады.
Егер «Көшпенділер» мен «Алтын орданы» біртұтас етіп қарап, олардағы оқиға­лар­ды уақыт ағымына қарай хронологиялық қатарға тұрғызсақ, осынау мемлекеттілік пен оның ішкі-сыртқы күрес­тері Үндіден Евро­паға, Парсыдан Қытайға созылып жатқанын байқаймыз. Басқаша айт­қан­да, Ілекең «көшпенділер» деп атап отырған әлгі халық өз заманында осынша алып кеңістікті ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстаған. Яғни олар соншалық қуатты, сон­шалық ұлы мемлекет құрған. Ендеше, мұндай мемлекет құра алған елдің «тарихы жоқ» болуы мүмкін емес. Міне, автор өзі­нің теңдессіз парасаты арқылы отаршыл жүйенің мәңгүрттендіру, ұлтсыздандыру саясатына осын­шалықты пәрменді тойтарыс берген.
Есенберлин жоғарыда аталған және басқа да түрік рулары құрған мемлекеттілік туралы баянын сонау ұлы Шыңғысханнан Кенесары ханға дейін, Алаш ұлысының ақыр­ғы ханына дейін жалғас­ты­ра­ды. Шығарма жанрлық жақтан тарихи роман бол­ғанымен, жалпы көлемі алты том бола­тын осы­нау ұлы еңбекте тарихи құжаттарға қайшы, фактіге жат бірде-бір сөз жоқ. Ол – басынан ақырына дейін кіл тарихи шындықпен айшықталған теңдессіз ал­ып, әрі таңғажайып көркем ұлттық идеоло­гия­лық картина. Бәлкім сіз: «Тарихи еңбек қалай ұлт­тық идеологиялық картина бола алмақ?» – деген сұрақ тастарсыз. Оған Ел­ба­сы­ның: «Ұлттық идеяның қалыптасуы өзіміздің төл тарихымызды жаңаша ұғыну негізінде ғана мүмкін болады…» – сынды сөзі толық жауап болады. Яғни дұрыс ұлттық тарихи та­ным дұрыс ұлттық идеологияны қалыптастыра­ды.
Автор қатал цензураны айналып өту үшін «кедей кейіпкерлермен» бірге, «ин­тер­на­ционал­дық кейіпкерлерді» де шебер пай­даланған. Соның бірегейі Гербурт-Жүсіп болатын. Ілекең оның көмегімен екі тарихи шындықтың бетін ашқан. Соның біріншісі, Алашахан күмбезінің архитекту­ра­лық сипаттамасы мен салынған уақытының жорамал мөлшері. Автор сәл ілгертінде Кене­са­ры­­ның Алашахан күмбезі басында хан көтеріл­генін баян еткен-ді. Яғни ол аталмыш эпизод бойынша осынау күмбез иесі хан Кене үшін ата-бабасы Жошы ханнан да ұлы болғанын оқыр­манына аңғартып өткен-тін. Сөйтіп аңғарлы оқыр­ман аталмыш күмбездің Шыңғысханға тиесілі екенін бірден сезінетіндей мүмкіндік жаса­ған. Өйткені, қазақ хандары үшін Жошыдан киелі тұлға тек Шыңғысхан ғана болатын. Автор сондай-ақ,  Ала­ша­ханның жақсы көретін баласын құлан үйірі басып өлтіргені туралы қазақы аңызды Генс деген генерал-майордың аузынан берген. Бұл шын мәнінде Шыңғысханның ұлы Жошының ажалы құланнан болғаны туралы қазақ арасына кеңінен мәлім аңыздың өзі болатын. Ал мына жерде күмбездің салынған уақытын Гербурттың аузымен сол заманнан кемінде бес жүз жыл бұрын екенін, Шыңғысхан заманына таман жақын екенін шамалап, тұспалдап білді­реді. Соған қоса автор Алашаханды «қазақтың ал­ғашқы ханы» деп те көрсеткен. Демек, ендігі жерде Шыңғысхан мен Алашаханның бір адам екеніне еш күман қалған жоқ. Түсінікті етіп айт­қанда, автор Ұлытаудағы «Алашахан күмбезі» шындығында Шыңғысханның мазары екенін ашып көрсеткен. Демек, осынау жолдар Шыңғыс­ханның «мазары болмаған» дейтін теріс тарихи ұғымды толықтай ман­сұқ­тап тастаған. Сонымен бірге, ұлы қаған­ның тегін «моңғол» деп түсіндіре­тін, оның ата мекенін солардың жерінде етіп көрсететін кеңестік тарихнаманы түбегейлі жоқ­қа шығару арқылы қазақтың ақиқат тарихы­ның мерейін асырып тұр.
Автор екінші бір сәтте Кенесарының хан кө­те­ріл­геніне Гербурт-Жүсіптің наразы болғанын айтып өтеді. Әрине, айпарадай жалаңаш баяндау емес, мұнда да кезіндегі идеология бойынша Гербурт «таптық» көз­қарас ұстанған сияқтанады. Алайда, Ленин­нің сөзі тұрмақ, өзі тумаған заманда оның идеясы Гербуртте қайдан болсын? Бұл арада автор қазақ мемлекеттілігін ешбір жат­жұрт­тық жақ­та­майтынын, «мемлекеттің  досы жоқ» екенін астарлап білдірген. Дәл автор өмір сүріп жатқан заманда да ешбір елдің «пролетары» қазақтың тәуелсіздігін тілемес еді,  әрине оның ішінде «ұлы халық» өкіл­дері де бар-тын.
Ілияс Есенберлин теңдессіз тарихи ең­бектері арқылы қазақтың ұлттық идеологиясын қалып­тас­тырушы тұлға. Ол ең алдымен бізді «кеңестік ха­лық» болып кетуден, турасын  айтқанда ұлттық бол­мысымызды жоғалтып алудан арашалап қалды. «Қалай?» және «Қайтіп?» дейсіз ғой. Жо­ға­рыда айт­қанымыздай, кеңестік кезеңде, әсіресе, «тың игеру» науқанынан кейін қазақ хал­­қы тілінен, дінінен, ұлттық тарихынан бір­тіндеп алшақтай бастады. Ал бұл індеттің қайнар көзі жұрттың өз тарихын ұмытуында жат­қан-ды. Ашалап айтсақ, адамдар өзінің ұлы тарихы барынан бейхабар қалғандықтан, туған халқын сүю­ден, оны мақтан тұтудан намыстанатын болды да, қазақтың тілін, дінін, қысқасы, барлық құн­дылықтарын мен­сін­бейтін, жек көретін рухани дертке душар  болды. Тіпті, кейбіреулер «қазақ­­пын» деуден намыстанатынды, «қазақ болудан» қашқалақтайтынды тапты. Сөйтіп, дүбәра тілді, аралас некелі топтың қарасы молыға бастады. Бұндай әлеуметтік тенденция жалғасты өрби берсе, онсыз да азшылық болып қалған қазақ халқына сан жағынан да, сапа жағы­нан да ауыр нұқсан жет­кізері а­нық еді. Данышпан Ілекең ұлтты білдірмей дендеп келе жатқан осынау зауалды дертті дер кезінде сезе білді, әрі оның ең­шипалы дауасын да өзі тапты. Ал ол дауаның аты «та­рихи сауат» болатын. Міне, осылайша «Көш­пен­­ділер», «Алтын орда» сынды қазақ ағзасына бек шипалы рухани дәрумен өмірге келді. Тылсым ­қуатқа ие осынау екі дәрі «ұлт­сыз­дану» дер­тіне шалдыққан сан мыңдаған қазақты емдеп сауық­тырды, сонымен бірге, миллиондаған қа­зақты рухани жақтан иммунитеттендірді.
Дүние жүзіндегі барлық елдің ұлттық тарихы оның патшалық құруы, яғни мемлекет тіктеуі туралы баяннан тұрады. Пат­шалық­сыз, мемлекет­тіліксіз ешбір ұлтта төл тарих болмақ емес. Дәл сол сияқты, қазақ тарихы да қағанаттар мен хан­дықтар туралы баяннан тұрады. Ілекең бұл тұр­ғыда анау-мынау емес, тұп-тура ұлы Шыңғысхан әуле­тін таңдап алған. Ал бұл тақырып кеңестік идеология­ның шанағына да, сол идеямен қару­лан­ған қазақ зиялыларының ақылына да симайтын. Өйткені, ақ және қызыл отар­шылдардың екеуі де қазақты ұлт деген статустан айыру үшін Шыңғысхан «моңғол» дейтін жалған тарихи тұжырымды әдейі ойдан жасап шыққан-ды. Есенберлин со­ның мүлде­ керісінше Шыңғысхан әулеті құр­ған мемлекет пен қазақ халқын бір тұлға етіп өріп шықты. Қазақтың ұлттық тарихын деректемелік ақиқаттың асқарына, әдеби көркем­діктің шыңына көтерді. Автордың қаламынан шыққан  егіз  трилогияны оқи отырып, Шыңғыс­хан құрған қағанаттың титулдық халқы қазақ рулары болғанына көз жеткізесіз. Екінші қырынан да тап солай, Шыңғысхан әулеті қазақ руларының ханы, олар құрған қағанат сол рулардың төл мемлекеті. Солай дей отырып, яғни кеңестік жүйе қазақ халқына зорлықпен таңған тарихи көз­қарасты түбегейлі жоққа шығара отырып, Іле­кең сол жүйенің қасап қылы­шынан өте парасат­тылықпен жалтара білді. Біріншіден, ол кісі өз еңбегінде аталмыш жүйе қалыптастырған тер­миндерді мо­лы­нан және еркін қолданды. Әрі ерлік, парасат­тылық туралы суреттерді хандардың «қарсыласы» тұрғысынан қаталдық, аярлық сияқты бояулармен сызып көрсете білді. Яғни айтылым басқаша болғанымен, есті оқырман үшін кейіпкердің бойындағы тұлғалық қасиет сол асқақ күйінде сақталып қалып отырды. Сөйтіп Есенберлин сынды шебер сәулеткер отаршыл жүйе қазақ тари­хына мола салуға даярлаған материалдан, керісінше, ұлт тарихына арналған мәңгі тозбас сәулетті сарай тұрғызып шықты.
Екіншіден, халқымыз «Тұлпар бой жасырады» деп айтқандай, Ілияс атамыз өмірде өзін өте қарапайым, елеусіз ұстады. Сондықтан әмір­шіл жүйе сақ құлақтары да оның не «бүлдіретінін» сезіп үлгермеді. Ұлт­сыз­дануды нәпәқаға айналдырып алған күншіл ағайын да оны өз «егініне» түспей­тіндердің қатарына жатқызды. Сол екі ара­да Ілекең де ұлтқа танымал, қазаққа қалаулы болып үлгерді. Баста «Ұлыны ұлы таниды» – деп айтып өткені­міздей, «жоғары­дан» аты­латын селебеден жоғары лауазымды тұлғалар қорғап қалып отырды. Сөйтіп өзінің бағына қарай Ілекең де, елінің бағына қарай еңбегі де аман қалды. Алайда, қақпай мен қаңқу осынау ұлы адамның өмірлік «жолдасы» болып қала берді.
Баста айтылғандай, замандас інілері­нің­ естелігіне қарағанда, Ілияс Есенберлин балалар үйінде орысша тәрбие көрген, кейін де орысша мектепте білім алған. Сонымен қабат гуманитар­лық ғылыммен мүлде қ­а­тыс­сыз білім, инженерлік маман­дық игеріп, елуге келгенше орыс тілді ортада жұмыс іс­теген. Егер басқа қазақ болса, осын­дай жағдайда ол кісінің ана тілін білуінің өзі сен­сация болар еді. Ал Ілекең туған тілін біліп қана қоймай, сол тілде жыр жинақ­тарын шыға­рып, әңгіме, хикаят жазды, еліне он жеті роман берді. Өзінің қазақ екенін білумен бірге, туған халқын жанынан да ар­тық сүйді. Айдарынан жел ескен танымал ақын-жазушылардың перзенттері өз аты-жөнін ана тілінде дұрыс айта алмай жатқан заманда, ешқашан ұлттық тәрбие алмаған бала тұрғысынан, бұл – мұғжизаға парапар жетістік еді. Кейде «осындай кісілерге ғарыш­тан тылсым аян түсетін шығар-ау?!» деген сырлы ойға да қаласың. Шамасы, жатырынан дарып, уызынан жарып туған перзенттің өз ұлтын сүюіне ешбір кедергі тосқауыл бола алмайтын се­кіл­ді!? Ол кісінің шығармашылығын былай қой­ған­да, жеке өмірінің өзі өскін қазаққа ескірмес өнеге.
Қорыта  айтқанда, Ілияс Есенберлиннің алты томнан тұратын егіз трилогиясы, шын мәнісінде көркем тілмен жазылған тарихи монография бол­ды. Оны сондай-ақ қазақ тарихының энцикло­педи­ялық анықта­ма­лығы деп бағалауға болады. Ілияс Есенберлин қазақ халқының өшіп бара жатқан тарихын қайта жандырды, өліп бара жат­қан руханиятына тыңнан қуат берді. Ілияс Есен­берлиннің тарихи еңбегі қазақтың ұлттық идеологиясын дұрыс ба­ғыт­қа салды. Сірә, ол кісі қалыптастырған анық тарихи білім болмағанда, бүгінгідей сегіз бағыт, шартарапқа сауын айтып «Қазақ хандығы­ның 550 жылдық тойына» белсене кіріспеген де болар едік?! Баста «550» және «100» сынды екі дата туралы: «Тағдыр қайта­ла­нады» деуіміздің мәнісі осында. Сондықтан Есен­берлин шығармашылығы тек әдеби тұрғы­дан ғана зерттелумен тоқырап қалмауы керек. Ол тарихтану, саясаттану және фи­лосо­фия­лық тұрғыдан да кешенді түрде тереңдете зерттеуді қажет етеді.
Сөзімізді қорытындылай келе абыз ағамыз Ма­рал Ысқақбайұлының: «Ұлыны ұлықтаған дұрыс. Бірақ онсыз да мақтаулы тұлғаны жай мадақ­таумен шектеліп қал­мауымыз керек. Есенберлин атында сыйлық тағайындалуына атсалысуымыз және жолға қоюымыз керек», – деген ұсынысын атап өткенді  жөн көрдік («Есенбер­лин­нің  жүз  жылдығына арналған дөңгелек үстел», 2015 жы­л, 15 қаңтар, «Жазу­шылар одағы» 102-бөлме). Шынымен де түріктану немесе қазақтану бойынша Есенберлин атында халықаралық сыйлық тағайындалса, әрі оның иегерлеріне ақшалай қомақты жүлде берілсе, ол шара қазақ тарихын зерттеу тұрғысынан ғана емес, қазақ тілінің керегесін кеңейтуге де игі әсер жасамақ.
Тілеуберді Әбенайұлы,
ҚР ҰҒА-ның құрметті мүшесі. 

• Темір қызған кезінде…
Есенберлиннің романдары туралы айта кетейін. Ол кітаптарын тез шығаратыны сонша, тіпті оқып та үлгере алмайсың. Өз басым қолтаңбасын жазып, сыйлаған кітаптардың бәрін оқып жүрмін. Есенберлин маған кітабын сыйлаған емес. «Хан Кенені» орыс тілінде оқып шықтым. Әуезовтің пьесасымен үндес екен. Кітап біршама жаман жазылмаған. Кенесары бүкілодақтық масштабта әшкереленген адам. Ол туралы қаулы осы уақытқа дейін бар күшін әлі жойған жоқ. Осыдан кейін мұндай кітаптың қалай жарық көргеніне қайран қаламын. Тарихта екі Кенесары болған жоқ, біреу-ақ болған. Ендеше, Қазақстан Компартиясының Орталық Комитеті бұл кітаптың шығуына неге рұқсат берді? Кенесарының іс-әрекетіне көзқарас, қатынас біреу-ақ болуы керек. Оның ісі, әрекеті Россияға жат, қарсы жүргізілді. Ал біздің Орталық Комитеттің қолдауымен осындай адам туралы кітап шығып отыр. Жұрт жабылып осы кітапты оқып жатыр. Біраз адамдар, студенттер ұлтшылдық ұрандар көтеріп жүр.
Сәбит Мұқанов.

• Ағынан жарылу
Егер орташа затты – асқан дарынды, қол жетпейтін керемет шығарма деп орынсыз дәріптесек – бұл, әрине, шын қылмыс. Катастрофа – үлкен күйреу сонда келеді. Мұндай жағдайда қоғамның кеу-кеулеуімен орташа жазушы өзін ұлы дарын санап, енді сол бұрынғы жазып жүрген орташа кітаптарының өзіне жете алмай қалады. Жазушы күннен-күнге бұрынғысынан төмендей беріп, ақыры толып жатқан графомандардың – бытқытып жаза беретіндердің біреуіне айналады. Осыдан барып қоғамдық ауыртпалық туады. Жақсы жазушыны асқан дарынды, данышпан деп табу – әдебиетке деген талапты төмен түсіріп жібереді. Қоғам енді шын дарын мен сол дарынға еліктеушілердің айырмасын біле алмай қалады.

• Темір қызған кезінде…
Ілияс Есенберлиннің кітабы туралы әртүрлі пікір, талас туып жатыр. Бұл әдебиетіміздің бүгінгі мәселелері жөнінде әңгіме қозғауға жақсы себеп еді. Осы тұрғыдан келіп әдебиеттегі қандай құбылысты қолдап, қандай кемшіліктерден арылу керек екенін айтып, қазіргі жағдайға баға беруге болатын еді ғой. Бірақ біз соған бара алмадық. Жұрт оның орнына дау-жанжал, сенсация күтіп, өрекпіп, дүрліге жөнелді. Мен мұны «саяси мешандық» деп атар едім. Одақ бұл талқылауды менің келісімімсіз белгіледі. Одақ арнайы тізім құрып, өз адамдарын ғана жинады. Бұл – жабайылық деп едім. Күн бұрын белгіленген 40-50 шақты адам ғана жиналған. Мен бұған қатты ренжідім. Осылай істеуге бола ма? Бұл талқылауды ұйымдастырушы – Есенберлиннің өзі. Кітапта кемшілік жоқ емес, бар. Тарихи деректерді пайдаланудың айыбы жоқ. Әлі пісуі жетпеген шала материал нағыз шебер суретшінің қолына тисе, рухани дүниеге айналары даусыз. Кітапта осы жағы жетіспей жатқан сияқты…
Ғабит Мүсірепов.
ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір