Жанашырым, жансерігім едің
04.12.2015
1954
0
710612_1347927615_11-__________Кешкі уақыт болатын. Ала-көлеңкелі үй ішінде жарқ еткен бір сәуле пайда бол­ды да, жалп етіп өшкендей әсер етті. Бұл құбылысқа аң-таң болған мен, сол бір сәт бір айдан бері төсек тартып жатып қалған жарымның жүзіне қарап едім, ұйықтап жат­қандай кейіп танытқан ол ақырын бір қи­мыл жасап барып соңғы демін алды да, үзі­ліп кетті. Әлгі бір жарқыл осыдан хабар бер­гендей. Бұл Алладан келген аян болды ғой деп ойладым, маған «дайын бол, бе­кем бол» дегені сияқты.
Күнде қасыңда жүрген жанның, өзіңе аяу­лы адамның аспаннан ағып түсіп барып сөнген жұлдыздай лезде көз алдың­нан кете қалуы түс көрген бір сәтіңдей ға­на сезіледі екен. Одан арғыға қимай­сың. Кетіп қалғанына сенгің келмейді. Бі­рақ шындығы сол – ол енді арамызда жоқ, балаларының басынан сипап, не­мерелерін бауырына қысып, айналып, тол­ғанып отыра алмайды. «Аллам саған осы бір бақытты сәтті неге нәсіп етпеді, сен оның адал, сүйген құлы едің ғой», – деп назаланам да, артынша ол ойымды тез жинақтап, Алладан кешірім сұраймын. «Уа, Жаратқан Ием, аса мейірімді, аса қам­қор ұлы Раббым, енді оған өзің жар бо­ла гөр,  жатқан жерін жарық, топырағын ма­мық қып, иманын жолдас ете гөр, жа­ны жәннатта, тәні рахатта болуына нәсіп ет», – деп жалынамын, жалбарынамын.
Аяулым, қымбаттым, Рысым! Рыс­қа­лым­ды біз бәріміз осылай атайтынбыз. Ен­ді біз сені тек еске алып қана, өзіңе жү­­ректен шыққан сөзімізді арнап, са­ғы­ны­шымызды ақтарып, саған арнайы құ­ран оқытып, дұға бағыштап қана отырамыз. Қазір менің көз алдыма сеніменен бір өткізген мағыналы да мәнді өмірім, қуа­нышты сәттерім, қиындықты бірге бө­ліскен кездерім бірінен соң бірі тіз­бек­теліп келіп, кеудемді керген лықсыған ой­­ларды сыртқа шығарсам ба деймін. Тың­да мені, жаным, өзіңмен сырласқым ке­ліп отыр.
…Біз екеуміз алғаш тілек қосып, шаңы­рақ көтергенімізде сен – 21 жаста, мен – 28-де  едім. Сені Алматыдағы туыс­та­рың – Тәсіберік аға мен Мәкен тәтеңнің үйлеріне барып, олардың рұқсатын алып, ри­зашылығына ие болған соң үйге әкеліп кір­гіздім. «Осындай жөн-жоралғы жа­са­ма­саң, мен саған даладан келіп қосылған қыз­дың бірі болып қаламын», – деп ақыл-кеңес берген өзің едің. Сөйтіп, тәрбие көр­ген, ана ақылын тыңдаған қыздың үлгі­сін көрсеттің.
Біздің үйлену тойымыз сол кездегі «Қа­зақстан» қонақ үйінің  (қазіргі «Жетісу») мей­рамханасында өтіп, мен «Социалистік Қа­зақстан» газетінде жұмыс істегендіктен сен сол ұжымның келіні атанып, аузы дуа­лы журналист-жазушылар – газет ре­дакторының орынбасары Сарбас Ақтаев, менің қаламгерлік жолдағы ұстазым, газеттің бөлім меңгерушісі болған Уахап Қыдырханов ағаларымыз тойға ұжымды өздері бастап келіп, қуанышымызды бө­ліс­кен еді. Олардан кейін «Социалистік Қа­зақстанның» бас редакторы Сапар Бай­жанов пен маған өмірде көп қолдау көр­сеткен жақын ағам Дүйсетай Бекежанов (ол кісі сол кездегі Қазақ елінің басшысы, халықтың ардақтысы, аяулы ұлы Д.А.Қонаевтың бірінші көмекшісі болатын) өздерінің жұбайларымен бірге үйге келіп, құтты болсын айтты. Қазір о дүние­лік болып кеткен сол ағаларыма Алланың рахымы болсын деп тілеймін.
Көп кешікпей сен ана атандың, тұң­ғы­шымыз – Мұхит дүниеге келді, одан соң Мұхтар туды. Араға бес-алты жыл са­лып бір тал қызымыз – Динагүлге өмір сый­ладың. Балаларды өсіріп, тәрбиелеу, олар­дың барлық күтімін жасау сенің мой­ныңа артыла салған жүк болды. Бұған сен толық шыдас беріп, аналық барлық мейі­рі­міңді төге отырып, оларды аяладың, мәпеледің, уайым-қайғысыз өсірдің. Ба­ла­лар есейе бастады, алды мектеп біті­ріп, университетке түсті. Кейін бәрі жо­ға­ры білім алып, өз мамандықтары бо­йын­ша жұмысқа орналасты. Біздің бар бақытымыз осы балаларымыз болған­дықтан, олардың әрбір ісіне, әрбір игі қадамына қуандық. Үлкен қуаны­шы­мыздың басы кіші ұлымыз – Мұхтардың үйленуі болды. Тойға дайындық қызып, ала-шапқын жүгіріс басталды. Сен бар­лық ұйымдастыру жұмыстарын өз қолыңа алып, біздер атқарушылар болып, әйтеуір тойды өз дәрежесінде өткіздік. Араға үш-төрт жыл салып, Мұхитты үйлендірдік, одан соң Динагүлді ұзаттық. Бірінен соң бі­рі өмірге келе бастаған немерелеріміз де көз қуанышымызға айналды. Өміріміз осы­лайша өз арнасында ағып, өтіп жатты.
Балаларды өсіріп, тәрбиелей жүріп, сен менің де қамқоршым, күтушім бол­дың. Қиындықта, басқа әрқилы іс туғанда қа­сымнан табылып, білген ақылыңды ай­тып, алабұртқан көңілімнің орнына түсуі­не көмектесуші едің. 1986 жылғы Жел­тоқсан оқиғасының дүрбелеңімен мен университет бітіріп келіп алғаш ең­бек жолымды бастаған, туған ұямдай бол­ған «Социалистік Қазақстан» газетінің ре­дакциясынан кетуіме тура келді. Онда он алты жыл жұмыс істеп, соңғы алты жыл­да газеттің бөлім меңгерушісі қыз­ме­тін атқарған маған басқа жақтан дәл сон­дай орын табыла қоймай, үш-төрт ай үй­де жатып қалдым. Отбасының тірегі бо­лар адамның еш нәрсеге жарамай, ба­лаларына қарап үйде отырып қалғаны жі­герімді біраз жасытса керек, көзімнен бір тамшы жас үзіліп түсіпті. Соны бай­қа­ған сен қасыма келіп: «Бұл қылығың ер адам­ға жараспас, мойыма, ертең-ақ бәрі ор­нына келеді», – деп арқамнан қағып жұ­батып, ертеңінде баспадағы менің дос­тарымның біріне барып аударма жұ­мыс әкеп бердің. Мен аудармамен ай­налы­сып, уақытымды өткіздім.
Кейін республикалық «Ғылым» бас­пасы­на жұмысқа келіп, онда реда­к­тор­лықтан бас редактор дәрежесіне дейін өстім. Баспа ісін меңгеру, оның жұмысын ұйым­дастыру – бұл да өнер еді. Сол өнер­ді игерген кезімде, мұнда келгеніме он алты жыл толғанда үкіметтің қаулысымен «Ғы­лым» баспасы жабылып қалды. Сонда та­ғы да сен: «Жасың келіп қалғанда сені ешкім жұмысқа алмайды, басшылық қыз­мет ұсынбайды дегенім ғой, өз ісіңді аш, бас­пагерлікпен айналыс, бұл қолыңнан ке­летін сияқты», – деп ақыл бердің.
Сөйтіп, мен «ЖШС «Қарасай» баспасын құрып, тіркеуден өткіздім. Алғашқы екі-үш жылым баспаны қалыптастыруға кетіп, артынан ЖШС «Қарасай» жоғары оқу орындарына қажетті оқулықтар мен оқу құралдарын шығаратын баспа болып орнықты. Соған биыл он жыл толып отыр. Ақылшым, жанашырым, сол кезде қа­сым­да сен болмағанда, қайтер едім. Отбасыма нан тауып беруге жараған, атқарған іс­терім арқылы (пайдалы кітаптар шы­ғарып, үкіметке салық төлеп отыр­ған­дығымды айтып отырмын) қоғамға да пайдамды тигізіп отырған баспаның иесі бол­май, баспагер атанбай, басқа бір жұ­мыстың тізгінін ұстап кетер ме едім.
Сен мені шыңдап, қайрай жүріп, ма­ған күш-қуат беріп, қолдай отырып, өзің де шығармашылық жағынан өсіп, бас­па­ның тәжірибелі редакторы ретінде орнық­тың. 1979 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітіргеннен кейін біраз жыл (1977–1985 ж.ж.) «ҚазТАГ-та, одан соң «Қазақстан» мемлекеттік баспасында (1985–1994 ж.ж.), 1994–2005 жыл­дары заң әдебиеттерін шығаратын «Жеті жарғы» баспасында редактор, аға редактор, жетекші редактор қызметтерін атқардың. 2005 жылдың мамыр айынан 2012 жылы зейнеткерлікке шыққанға дейін «Таймас» баспа үйінде жұмыс істе­дің. «Жеті жарғы» баспасында жұмыс істе­геніңде заң әдебиеттерін шығару үшін сол салаға бейім болу керек деген ұғы­нық-түсінікпен 2000 жылы Д.А.Қонаев атындағы гуманитарлық университеттің юрисприденция факультетін оқып, бі­тір­дің. Сөйтіп, сен екі бірдей универ­си­теттің дип­ломын алып, біздің көбімізде жоқ білім­ді игеріп, меңгердің.
Редактордың жауапкершілігі жайында тереңнен сыр тартып, айтуға болады. Жал­пы, редактор болуды қолжазбаның ты­ныс белгілерін қарап, сәл сауаттырақ шығуына көңіл бөлетін корректордың міндетімен шатастырмау керек. Өкінішке қа­рай, баспада істейтін көптеген әріп­тес­теріміз осы деңгейден аспай келеді. Бас­пагерлер арасында «редактор – кітаптың айнасы, бет-бейнесі» деген қалыптасып кеткен жақсы сөз бар. Ол рас. Баспадан шы­ғатын әрбір кітаптың қолжазбасын қа­раған кезде алдымен оның мазмұны тақырыбына сай келе ме, жоқ па, соны анықтап, жұмыс істеуге жарайтын болса әрі қарай авторға қай тұрғыда көмектесу керектігін белгілеп, содан соң барып грамматикалық сауаттылығына мән бере отырып, мәтіннің ұғынықты тілмен жарық көруіне көмектесу керек. Сен қай баспада жұмыс істегенде де осыны есіңнен шы­ғармадың. Бірде белгілі педагог-ға­лым, жазушы Советхан Ғаббасов ағамыз мемлекеттік бағдарламамен «Таймас» баспасынан шығатын «Педагогика» деген кітабының редакторы екеніңді білген соң үйге қоңырау шалып, өзінің стилі қалып­тасқан автор екенін, бұған дейін де жа­рық көрген еңбектерінің ешбір түзетусіз, өзгертусіз шыққанын айтып, сенің қо­лың­дағы қолжазбасының бір сөзіне тиіспеуін сұрады. Сен телефон тұтқасының ар жа­ғындағы адамға шамданбай, байсалды жа­уап бердің. «Аға, қолжазбаңызға қа­рын­дашпен түзетулер салдым және біраз сұрақтар бар, баспаға келіңіз, солармен танысыңыз», – дедің. Ертеңінде сен ав­тор­дың түзетулеріңмен толық келіскенін, «Рысжан, енді өзіңе сенемін, жақсы көңіл­мен қарап жатыр екенсің», – деп ри­зашылығын білдіргенін айтып келдің.
Сондай-ақ, сен әйгілі дінтанушы ға­лым, ғұлама Халифа Алтайдың Түркиядан көшіп келгеннен кейін Қазақстан баспаларынан шығарған бірнеше кітаптарына редакция жасадың. Абыз ақсақал жүр­гізген редакцияңа риза болып, үйіне ша­­қырып, Түркиядан әкеліп Қазақстанға те­гін таратқан «Құран Кәрім. Қазақша ма­ғынасы және түсінігі» деген кітабына қол­таңба қалдырып, өзіңе сыйлады. Сен бұ­ған қатты қуандың әрі сексеннің сең­гіріндегі ақсақалдың өзіңе кофе қайнатып бер­геніне мәз болдың. Міне, бұл – саған авт­орларыңның ризашылығы, ел алғысы. Ал, Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің шешімімен екі рет – 1996 және 1998 жылдары жылдың таңдаулы редакторы болып танылдың.
Сен үлгілі редактор болумен бірге, тәуір аудармашы да едің. Аудармаға өнер деп қарадың. Бұған қызығушылығың 1971 жылы орта мектепті бітірген соң Ала­көл аудандық (Талдықорған облысы) «Жаңа өмір» – «Новая жизнь» газетінде әде­би қызметкер, аудармашы болуыңнан бас­талған еді. Өйткені, екі тілде шығатын га­зеттің жүгі сендерге осындай міндет ар­қа­латты. Кейін ҚазТАГ-та жұмыс істе­геніңде аудармаға одан әрі машықтанып, баспаларда редакторлық қызметпен бірге, бұл істі де қатар алып жүрдің. Айта­лық, 1989 жылы Қазақ совет энцик­ло­педиясының бас редакциясы шығарған «Шаңырақ. Үй-тұрмыс энциклопедия­сы­ның» «Кестелеу» бөлімін, 1989  жылы «Ғы­лым» баспасынан жарық көрген Дуглас К.Стивенсонның «Америка: халық пен ел» кі­табының 1–6-шы тарауларын, «Мемлекет және құқық негіздері» оқулығының («Же­ті жарғы», 2001 ж.) 1-ші және 23-та­рау­ларын, К. О. Түркбенбаевтың «Тер­мия­лық өңдеудің жабдықтары, технологиясы және термиялық цехтарды жобалау» деп аталатын оқулығын («Жеті жарғы», 2003 ж.) қазақ тіліне аудардың.
Аудармаға қатысты барлық саланың тер­миндерін, сөздіктерін жинап отыратын болдың. Үйіміздің кітап сөрелері ме­­дицина бола ма, ауыл шаруашылығы бо­ла ма, техника саласының дерсің бе – бәр-бәрінің қазақша-орысша сөздік­те­рімен толтырылған. Ал, елімізде тұңғыш рет шығарылған экономика, ғылым мен мә­дениет салаларының бәрін қамтитын 33 томдық қазақша-орысша және орыс­ша-қазақша терминологиялық сөздіктің барлығын жаздыртып алдырдың. Бұлар сенің күнделікті жұмысың барысында не­гізгі көмекші құралға айналып, өзіңе қа­жет болғанда да немесе біреулер тер­миндерге байланысты көмек сұрай қалса да, ерінбей-жалықпай соларды ақтарып, төңкеріп, іздегендерін тауып беріп отырушы ең.
Өмірде сен бәріне де үлгіруге тырыса­тын­сың. Соңғы үш-төрт жыл бойы ауыр­ға­н­ыңа қарамай, балалардың тірлігін күйттеуге кірісіп кеттің. Өзіңнің айлық жалақыңнан, менің жалақымнан, басқа да келген көлденең табыстан үнемдеп, қаражат жинап, бір ұлыңның үйлі болуына, екінші ұлыңның үйін кеңейтуіне кө­мек­тестің. Бұл да сенің аналық мейірімің мен жан шуағыңды төккендігіңнің белгісі. Әйтеуір, балалардың өз үйлері болса екен, қысылып, қымтырылмай отырса екен деген ізгі ниетіңнен туған жәйт.
Сені жылқы мінезді десем де болар еді. Ол жылқы жылы туғандығыңнан ба, әл­де қаныңа сіңген қасиет пе, әйтеуір жай­машуақтап сөйлеп, күлбілтелегенді білмейтінсің, тіке айтып, тарпып қалушы ең. Ол туралығың тазалығыңды, адал көңіліңді білдірсе де, кейбіреулер мұны тү­сін­бей, өкпелеп қалатын. Менің туыстарым да солай ұғып қалып жүрді. Кезінде өзіңмен бірге жұмыс істеген, баспагер, жур­налист, марқұм Өмірбек ағаң: «Рысжан, үйде де осылайсың ба, балаларды басынан сипап, үй иесі – інімізге жылы сө­зіңді арнап дегендей ілтипатыңды жа­самайсың ба», – деп сұрағанда, сен: «Аға, құдай берген мінезім осы, оны өзгерте алмаймын», – депсің. Сонда Өмекең қар­қылдап күліп «айналайын, ештеңе етпес, маған тура айтатын осы мінезің  ұнайды», – деп арқаңнан қағыпты. Сен қаншама қатал көрінгенмен, досқа адал, туысқа бауырмал, маған сенімді, аяулы жар болдың. Егер маған қаталдау болмасаң, мен тізгінді босатып жіберер ме едім, кім білсін? Балаларыңмен бірге мені де тәр­биеледің, қысып ұстадың, әр нәрседен сақ­тандырып отырдың. Енді, мен сенің осы мінезіңді, әрбір қылығыңды еске алып, сағынатын боламын. Сағынышым са­ғым боп ұшар сан жылдарға ұласып, са­намда тек сенің бейнең қалар-ау!
Үй шаруасындағы әйел тірлігінің қиын­дығын, оның азапты жұмыс екендігін мен сен ауырғанда, өзім сол іспен тікелей айналысқанда барып түсіндім. Сенің таңғы асыңды әзірлеп беріп, дәрілеріңді іш­к­ізген соң, ыдыс-аяқты жуып тастаймын. Арасында дүкенге барып, азық-түлік алып келемін. Сөйткенше түс мезгілі же­теді. Түскі астан босаған ыдыс-аяқ тағы да күтіп тұрады. Бірер сағаттан кейін кеш­кі астың қамына кірісесің. Саған кеш­кі тамағыңды беріп, дәрілеріңді ішкізіп, тө­сегіңе жатқызғанымша түнгі сағат 10–11 болып қалады. Кешкі астан боса­ған ыдыс-аяқ тағы да үйіліп қалады. Біт­пей­тін жұмыс бір! Мен шаршағанымды, әлім кете бастағанын анық сеземін. Жазда, күн ыстық кезде қан қысымым біресе көтеріліп, біресе төмен түсіп кетіп жүрді. Сол күндердің бірінде өзіңді емдеп, көме­гін жасап жүрген дәрігеріміз Зейнеп Бай­ғазықызына хабарласқанымда, ол кісі: «Сіз кешкі ыдыс-аяқты жумай-ақ қойыңыз, ертең де күн бар ғой, ертерек жа­тып, демалыңыз», – деп кеңес берді. Ал, мен сенің сау кезіңдегі тірлігіңді көзге елес­тетсем, сен соның бәріне үлгіріп, ба­лаларыңа да қарап, менің де бабымды та­уып, түннің бір уағында жатсаң да «қыңқ» демейтін едің. Әйелдің жаны сірі де­ген рас екен. Бірақ сен сол кезде өзіңді өзің аяп, аялай білсең ғой, жаныңды күт­сең ғой, мұндай жағдайға, ауруға ұшы­рамас па едің. Мен де сені қиындықтан сақтандырып, аялай алмаппын. Қолыңнан ауырыңды алып, жұмысыңды жеңілдетуім керек пе еді. Егер мен кейде бұлай жасай алмаған болсам, кешір мені, жаным.
Аяулым, сен қайтқан кезде (28–30 қа­зан, 2015 ж.) қазанның қара суығы қыс­паққа алмай, күздің  жаймашуақ, жы­лы күндері орнай қалды. Ал, денеңді  жер қойнына беріп, Аллаға табыстаған күннің ертеңінде күз қабағы түксиіп, аспанды түсі суық қара бұлт торлап, нөсер басталып кетті. Күздің ызғарын сездірген жаң­быр екі күн бойы жауды. Бұл сурет сенің ашық-жарқын жүзің мен бұрқ-сарқ еткен мінезіңді бейнелегендей. Ал, тереземді ұрғылаған күзгі жаңбыр тамшылары ме­нің және ұл-қыздарыңның, ет жақын туыс­тарыңның сені қимастықпен шыға­рып сала отырып көзінен ыршып түскен жасы ма деп ойладым. Табиғат та түнеріп, бізбен бірге қайғырғандай болды.
Жоқ, жарқыным, біз енді жыламаймыз, бекем боламыз. Сені күн сайын, са­ғат сайын ойлап, құран бағыштап, дұға жа­сап, естен шығармауға бекінеміз. Хош, аяу­лым, жаның жәннатқа кіріп, жай тапсын, жатқан жерің жарық, топырағың ма­мық болсын! Алладан осыны сұрай­мыз.
Құдай қосқан жарың – 
Болат Асанбаев, баспагер, 
журналист.
ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір