Шеберлік
04.12.2015
2100
0
(ҚР еңбек сіңірген қайраткері,  «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Бекжан ТҰРЫС шығармашылығы туралы бірер сөз)
img_1660Бекжан Асаубайұлы Тұрыстың М.Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында қызмет етіп келе жатқанына биыл  ширек ғасырдан асты. 1987-1991 жылдар аралығында  Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясын Шолпан Жандарбекованың шеберханасында «театр-кино актері» мамандығы бойынша аяқтаған ол үлкен сахнаға студент күнінде келді.  Қара шаңырақта табан аудармай өнер көрсетіп келе жатқан, көрерменге Қырманбай шал боп танылып, қарапайым қазақ қариясының бейнесін сахнаға мықтап орнықтырған алғашқы кезеңнен бергі уақытта да  көпшіліктің ықыласы актердің өнерге деген құлшынысын, жауапкершілігін арттырмаса, аласартқан емес.  Б.Тұрыс өнері мемлекет тарапынан жоғары бағаланды. Ол ҚР еңбек сіңірген қайраткері (2009), «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты (2004), М.Мақатаев атындағы сыйлықтың лауреаты.

Қай актердің де шығармашылығы ту­­ралы ой бөлісер әр адам ең алдымен өзі­нің көрермендік тәжірибесіне сүйене­тіні, көрермендік жадын жаң­ғыртуға ұмтылары хақ. Осы пікірді актер Бекжан Тұрыс шығармашылығына орайластыра тарқатар болсақ, оның отыз жасқа толмай тұрып Т.Нұр­мағам­бетовтің режиссер Ә.Рахимов қойған «Бес бойдаққа бір той» комедиясындағы бас кейіпкер, атақты Қырманбай шал рөлін орын­дауы­ның, әрине, жөні бөлек. Дей тұр­ған­­да,  актердің алғашқы кезең  рөлдерінен – түп-тегі, діл-болмыстары бір-біріне үш қайнаса, сорпасы қосылмайтын Диуана (Ә.Ке­кіл­баев. «Абылай хан», режиссері Б.Атабаев) және А.Чеховтың «Шағала­сында» (реж.­ Б.Атабаев) өнердегі өзін сүйе­тін актриса Аркадина үйінің қыз­мет­шісі Яков бейне­лері көз алдыңызға келіп, Диуананың кү­ңіренген, Яковтың «тамағына бұлбұл қондырып» ән салған дауысы құлақта жаң­ғы­рады. Мұндай сезім-ретроспекция актердің әу бастан-ақ қандай рөл орындасын мейлі, сахна­ға өзімен ерекше бір аура, көңіл-күй ал­ып шығуға ұмты­луы­нан, осы жолдағы ты­нымсыз ізденіс­терінен туындайтын болса керек.
Жалпы, тынымсыз рухани ізденіс пен рухани сергектік құнарлы ұлттық топы­рақ­­ты негіз еткен актер Бекжан Тұрыс­тың шы­ғар­машылық болмысын айқын­дай­тын ерекшеліктерінің бірі. Кө­рер­мен­нің сүйік­­тісіне айналып, өнер жұртшылы­ғы­ның қадір-құрметіне бөленуі де, бәлкім, осы қасиеттерінің ар­қасы. Өнер айдынын­да­ғы ширек ға­сыр ішінде ұлттық өнердің ірі тұл­ға­ла­рымен сахнада лайық серіктес бола біл­ген, рухани тәжірибе жинақтаған ол, бүгінгі таңда ұлттық сахна өнерінің үлкен шеберіне айналды.
Күні бүгінге дейін үлкенді-кішілі ал­­пыс­тан аса рөл орындаған Бекжан Тұрыс кең планды актер және трагедия, драма, комедия жанрларының қай-қайсысында да суға жүзген балықтай еркін. Ол өз кейіпкер­ле­рінің қай-қай­сы­сы­ның  да тек өзіндік  жеке өмірбаянын жүлгелейді, характер­лік өсуі жолында да­ралық сипат дарытады. Ең алдымен, әде­би түпнұсқамен жақсылап танысып-талдап, шығарма­ның рухани кеңістігін игеріп, бойға сіңі­реді де, әр кейіпкерінің болмысын, күрделі табиғатын зерттей-зер­делей отырып, толыққанды сомдап шы­­ғады. Бұл тұста Бекжанның төл әде­би­е­­тіміздің өткені мен бүгінін жақсы біле­­­тін, ұлттық топырағы құнарлы актер екенін қадап айтқымыз келеді.
Қазақы парасат-пайымы, өрісі кең ак­тер шығармашылығында ол сомдаған ұлттық характерлердің орны бөлек. М.Әуезовтің «Абайында» Көк­бай, Сырттан, Баймағамбет (реж. Ә.Мә­м­бе­т­ов), «Айман-Шолпанында» Жарас, «Аба­йында» шоқтықты кейіпкер Жиренше (реж.Е.Обаев), «Қилы заманында» Жә­мең­ке, Т.Мәмесейіттің «Бәкей қызын­да» Шұбараяқ Ораз, А.Сүлей­мен­ов­тің «Кегінде» Сері (реж. Ә.Рахимов), Қ.Ыс­қақтың «Жан қи­мағында» Жүсіп (реж. Б.Ата­­­баев), Шахимарден, Қ.Ыс­қақ­тың «Қазақтарында» Әдік (реж. Т. әл-Тарази), И.Оразбайдың «Қорқыт» драмасында Әке (реж. Й.Вай­ткус)… Соңғы он шақты жыл көлемінде рухани ізденістер аясы кеңи түскен, толысқан актердің «Шәкәрім» спек­такліндегі (автор және режиссер Ә.Рахимов) ақын, философ, тақуа Шәкәрім бейнесі – сахналық ғана емес, рухани да үлкен жеңісі. Тарихи кейіпкерлерді сахналар алдында, өзінің айтуынша, тарихты көп қаузап, тарихи шығармалар оқып, фильм­дер көретін актердің дайындық ба­рысында Шәкәрім философиясын зерт­тегені, болмыс-сабыр­лығының бас­тау көзін тануға ұмтылғаны көрініп тұ­рады.
Жалпы, актердің кейіпкерлерінің жан дүниесіне ену, болмысын игеру тәжіри­бе­лері қызғылықты болып келеді. Тағы бір атап айтарлығы – ол  детальдарға ерекше мән береді. Сондықтан да оның екінші пландағы, тіпті эпизодтық кейіп­керлері­нің өзі толыққанды, жанды шығып, кө­рер­мен көкейінде жатталып қалады. Мы­салы, «Абай» спектакліндегі Жирен­ше­нің Айдар мен Ажар арасын­дағы сүйіс­пен­шілікке байланысты дауға билік айтатын сахнасын еске түсірелік. Қазақта би біткен шешен. Дегенмен де, Бекжан-Жиреншенің дестелетіп сөй­леуі, сөз сап­тауы қандай! Қолындағы күміс шақшадан сыздықтатып насыбай атуы ше! Өзі сыр бермегенсігенмен, әбден қансорпасы шық­қанын етектей қол орамалымен бет-мойнының терін бипаздап сүрте бер­ге­нінен, ең соңында орамалды желкесіне салып алғанынан сезесіз. Бітіспес жау­лық­қа бет алған Оразбайлар тобының белді өкілі  Жирен­ше осал жау емес, өз уақытының, ор­тасы­ның мықтыларының бірі. Актер ойыны осыны танытады.
 Кең ұғымнан алғанда актер атаулы өз уақытының идеялары, идеалдарын қоғамға жеткізетін, керек десеңіз, насихаттайтын коммуникатор дей аламыз. Осы реттен келгенде, актер Бекжан Тұрыс Т.Нұрмағамбетовтің «Бес бой­дақ­қа бір тойында» Қырманбай (реж.­Ә.Ра­­химов), Б.Мұқаидың «Өмірзая­сында» Цезарь (реж. Қ.Сүгірбеков), «Сергелдең болған сері­лерін­де» Нұрбай, М.Сәрсекенің, «Тендерге түскен келін­шегінде» Таубай, Қ.Мұ­ха­мед­жанов, Ш.Айтматовтың «Көктөбедегі кез­­десуінде» Исабек (реж. О.Кенебай), Б.Жә­киев­тің «Жүрейік жүрек ауыртпайында» Қария (реж. Е.Обаев) сынды замандастар, сондай-ақ, Т.Нұрма­ғам­бет­овтің «Қожа­нәсір тірі екенінде» (реж. О.Кенебай) жинақтық бейне Қожанәсір арқылы сахнадан ұлттық мүдделер туралы тол­ғайды, заманға әр қырынан үн қосады. Бекжан­ның алғаш­қы үлкен рөлдерінің бірі – Қыр­манбай шал мен кейінгі Қожа­нәсірде үндестік бар. Спектакльдер барысында комедия­лық қи­мыл-қарекет­тері көрер­ме­нін қыран-топан күлкіге қалдыратын Қыр­ма­нбай – әу­ле­тінің ертеңін, ал, Қо­жа­нәсір – хал­­қы­ның, жалпы түркі жұр­тының болашағын ойлап алаңдайды. Екеуі­нің де түйіні – «Кімге күлеміз, мыр­залар?!».
Комедиялық шығармалар дегенде актердің әлемдік классикадан Мольер­дің «Ақымақ болған басым-ай!» комедиясында Колен, Ф.Дюмануар мен А.Д.Эннеридің «Дон Сезар де Базан» комедиясында (режиссері Ә.Рахимов) корольдік құс­хана­ның бас күтушісі маркиз де Монтефиоре рөлдерінің де өзіндік шешімдері қызғылықты. Бұл қатарда Шекспирдің «Асауға – тұ­сауындағы» Слай, Педант (реж. Ә.Мәм­бетов), Гогольдің «Ревизорында» Шпекин («Пара», реж. Е.Обаев) бейнелерін де атауға болады.
Актердің соңғы күрделі жұмысы – Р.Отарбаевтың «Сұлтан Бейбарыс» (реж.Ю.Ханинга-Бекназар) тарихи дра­ма­сындағы Хуан уәзір. Бұл – актерді мүлдем жаңа қырынан танытқан рөл. Қулығына құрық бойламайтын, тұла бойына кек тұнған, жауыз, аяр уәзір сырт көзге мәйін, ал, шындығында өте қор­қы­нышты. Гюгоның Квазимодосындай еңкіш, дыбыссыз жүріп, дыбыссыз күлетін оның шын серігі – кеудесін өртеген кегі мен қызғанышы және ділінен хабар берер флейтасы (сыбыз­ғысы). Түр-тұлғасы, жүріс-тұрысы, оты­рысы, жалпы пластикасы, тіпті дауысына дейін сыр бүккен Хуан уәзірдің шын бет-бейнесін актер бір­тіндеп ашады. Оның мың құбылатын дауысы көп жайттан хабар береді. Жалпы, Бекжан Тұрыс кейіпкерлерінің жан дүниесін, мінез ерекшеліктерін беруге, тартыстың шиеленісті сипатын жеткізуге сөз драматургиясын, яғни сөз «әрекетін» мей­лінше меңгерген өнер иесі. Сөз құді­реті ата қаны, ана сүтімен сіңген актердің дауысы қазақы мақамды, соншалықты табиғи болғандықтан да қай кейіпкерінің болсын сөз саптауы тыңдаушының құлақ құрышын қандырады.
Осы қазақы мақам, дауыс оның ән­ші­­лік өнерінің де мәйегі. Ал, әншілік – актер талантының құрамдас бір бөлігі. Оның орындауында әндер – тұтас бір мини-спектакль болып шығады. Әннің бәсі мен бабын білетін ол сахнада Үкілі Ыбырайдың («Үкілі Ыбырай». Ш.Құ­с­айы­нов, реж. Б.Атабаев), Шәмші Қалдаяқов­тың («Сыған серенадасы». И.Сапарбай, реж. Е.Обаев) бейнелерін толыққанды сомдады. Бұл спектакльдерде Бекжан орындайтын Үкілі Ыбы­рай­дың «Шыр­мауы­­ғы», Шәмшінің «Сыған серенадасы» тәж-әндер, сондай-ақ, жеке орындауында­ғы «Алдай-ау» (авторы Есенқұл Жақып­бек), тағы да басқа көптеген зар-әндері тыңдарман-көрермен жүрегінен орын алған. Олай болары Бекжан ән таңдай бі­леді және оны көрнекті суреткер А.Сүлей­меновтің «Адасқақтағы» бір кейіп­кері Ақан сері танымындағыдай «Ән – зар. Зар һәм мінәжат» деңгейіне жеткізе орындайды.
Қалың әлеумет сүйіп тыңдайтын ән­­де­рінің таспасын шығарған актер Б.Тұрыс кино мен телевидение саласында да едәуір жұмыс жасады. Кино өнеріндегі еңбектері «Жел адам» – Молда (реж. Қ.Ахметов), «Құрақ көрпе» – Қойбағаров (реж. Р.Әбдірашев), «Махаббат жағалауы» – Автор, «Алтын алқа» – Әкім (реж. М.Бидосов), «Айналайын» сериалы – Шә­кен (реж. Б.Қалымбетов, С.Өтепбер­генов), «Базарбаевтар» сериалында – Самат рөлдерімен өрнектелсе, кезінде «Ха­бар» арнасында жүрген «Ұят болмасын» бағдарламасындағы Ақылбай ақ­сақалы әлі көрермен жадында.
Таза өнер таза жүректен шығады. Те­атр өнеріне адал, рухани сергек, шыншыл актер Б.Тұрыс сахнада өмір кешудің үлкен шебері. Оның алдағы уақыттарда да небір күрделі, қызғылықты бейнелерді сомдап, қалың әлеуметті мазмұнды өнерімен сусындата берері сөзсіз.
Әлия Бөпежанова.

«Ұлым, саған айтам»
Ердің жасы 50-ге келіп жатқан театрдың талантты артисі, сахна сайыпқыраны Бекжан Тұрыс  ұлт дегенде ұлағатты сөз айтуға ұмтылатын сергек ойлы азаматтардың бірі ретінде «Ұлым, саған айтам» атты мерейтойлық моноспектакль өткізіп, баласы Мағжан екеуі мәртебелі көрерменіне мағыналы кеш сыйлайды. Өнер қонған жүрегінің шырылы азаматтық көзқарасы болып айқындалған Бекжан бұл кешін әнмен әдіптеп, жырмен көмкеріп, қадіріне бойлаған қазағын Мағжан екеуі қайыра бір серпілтпек. Кеш М.Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында 6 желтоқсан күні  сағат 17.00-де  басталады. Келіңіздер! Көріңіздер!
ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір