«Аңыздың ақырына» оралу
04.12.2015
74010
6

709284_220266249_577127_1294026520_______________________10002Әбіш Кекілбаев. «Аңыздың ақыры» романы. Оқырманның есінде болса, өткен санда «Жамбыл» журналы оқырманға «сарала тартты» деген ек. Сол сараладағы сүбелі сыбаға осы роман десек болар. Әбіш Кекілбаев шығармашылығы жөнінде аз жазылмағаны хақ. Сан диссертациялар қорғалып, кино түсіріліп, соның нәтижесінде қанша адам доктор атанып, қанша актер атақ-марапат алған шығар. Мысалы, бір ғана Әуезовті зерттеп, қаншама адам атақ-мәртебе алды. Бірақ осыған қарап Әуезов толық зерттелді дей аламыз ба? Бір ғана «Қыз Жібек» фильмі үшін талай адам жоғары дәрежелі атаққа ұсынылды.

Бірақ осы фильмнің толық сыр-сипатын ашып бір сыншы жазды ма? Сол секілді Кекілбаевтың Кекілбаевтық сипаты толық ашылды ма? Ашылмаса, оны ашу кімнің міндеті? Жұбан Молдағалиев «Рецензия да, монография да, тіпті диссертация да сын емес» деген. Ендеше, сынның міндеті жоға­рыда аталғандардың айтпағанын не айта алмағанын айтып, көрмегенін көру шығар. Бағы ма, соры ма – сыншының міндеті осы. Ол үшін сыншы «бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» дегенді ту еткен, басында – бағы, астында – тағы – қысқасы, жоғалтары жоқ жанкешті болу керек шығар… Сыншымын ба, емеспін бе – төрелігін оқырман берер. Егер сыншы болсам, менің екі түрлі ұстаны­мым бар: біріншіден, кімді жазсам да оның азаматтық өмірінде, әсіресе пендешілігінде шаруам жоқ. Хан ба, қара ма – бәрібір. Тіпті, халық жауы болса да, менің білерім –туындысы ғана. «Сен оны неге мақтайсың, ол пә­лен уақытта ажырасқан, пәлен уақытта іш­кен» деген әңгіме қажеті жоқ нәрселер. Екіншіден, басқалардың ол туралы жаз­ға­нына алаңдамаймын, еліктемеймін, ізде­мей­мін де. Үзінді де келтіруге құмар емеспін. Мың адам жазса да, бір ерекшелігі болатын шығар.

Ал Кекілбаевтың мен тапқан мынандай ерекшелігі, жаңалығы бар:

Біріншіден, Кекілбаевтық жаңалық. Бальзактың ғана батылы барған жаңалықты қазақта алғаш енгізген Әбіш. Әбіш «психо­ло­гиялық роман» деген түр енгізіп, қазақ романы тарихында жаңалық ашты. Ал әң­гіме жанрында Әуезовтің «Қаралы сұлуы» көш бастайды. Әбішке дейін қазақ романдарында жекелеген элементтері болғанмен (мысалы, Жүсіпбектің «Ақбілек романы») тұтасы­мен бастан-аяқ психологиялық тартысқа құрылған роман болған емес. Бұл – жаңалық, тіпті батылдық.

Екіншіден, Кекілбаевтық көп сипатты­лық. Бір ғана романның бойынан төрт түрлі сипат табылады. 1. Тарихилық сипат. 2. Пси­хо­ло­гия­лық сипат. 3. Философиялық сипат.
4. Сим­воликалық сипат. Бұл да Кекілбаевқа дейін кездеспеген, кездессе де аз қасиет.

Үшіншіден, Кекілбаевтық ұштаған. Бір кезде «Чеховтық дөңгелектеу» әдісі мақтанға айналып, Бейімбетті мақтаймыз деп соған теңеп едік. Ал ендеше, Әбіш ағаның үшбұ­ры­­шы дөңгелектен де кіші емес пе. 3 қана кейіп­­кер, үш-ақ адамда ат (есім) бар, 3 сим­воли­ка­лық зат. Үш деталь (1 Сұқ саусағын­дағы мы­сықкөзді тарғыл зүбәржат жүзіктің түсіп қалуы. 2 Жосылған ізді жып-жылмағай етіп жауып жатқан құм. 3 Қарсы алдынан жолбарыс жолығуы). 3 түйін (1. Соқыр сұл­баның кездесуі. 2. Зындан есігіне жазылған сөздің көзіне елестеуі. 3. Меккедегі қара тастың қашуы). Дүниедегі ең қысқа туынды Индияда жазылған деседі. «Екі жолбарыс – бір адам. Бір жолбарыс – бір адам-бір жолбарыс. Екі жолбарыс». Түсінікті емес пе. Одан соңғы ең қысқа тарауды тағы да Ғабең жазыпты. «Кен­жетай-Мұстафа, Кәкер-Бикен. Кенжетай-Кәу­кер, Мұстафа-Бикен» деп. Ал кейіпкердің аздығы (қалғаны – эпи­зод­тық) жағынан Ғабеңнен кейін Әбіш аға тұратын шығар. Бұл да бір қызық жай.

Төртіншіден, Кекілбаевтық көрегендік. Бірінші көрегендігі – жазушы тарихи тұл­ғаны жазып отырғанына қарамастан, бірде-бір  тарихи  датаға, дәлел, фактіге-нақты­лық­қа соқпайды. Осының өзінде сұңғыла көре­­ген­дік жатыр. Соғар болса, дауы мен шуы көп боларын біледі. «Әмірші мына жылы ту­ма­ған, пәлен елге шабуыл мына жылы болмаған, автор өтірік жазып отыр» деген дауды, әсі­ресе, тарихшылар қузайды. Ал көркем шы­ғар­мада нақтылық шарт емес. Көркем шы­ғарма – сипаттайды, тарих – дәлелдейді. Бірақ бірде-бір тарихи дәлел, факт келтірмесе де, жазу­шының суреттеуі мен сипаттауынан-ақ оқырман өз болжамын жасайды. Екінші көрегендігі – автордың өз кейіпкеріне деген көзқарасын еш біле алмайсың. Жақсы көре ме, әлде жеккөре ме? Жақтай ма әлде даттай ма? Жағымды ма, әлде жағымсыз ба? Әдетте әрбір автор өз кейіп­керін, «іштен шыққан шұбар жыланын» шыр-пыры шығып қор­ғау­шы еді. Өйткені, кейіпкерінің көзқар­а­сынан автор көзқарасы, идеясы, позициясы, «Мені» танылатын. Ал мұнда автордың кейіп­кері үшін не күйінгенін, не сүйінгенін ұға алмай дал боласың. Өз кейіпкерін, Алмас Әміршіні жағымды етем десе, қанішер тиран емес, ақылды да әділетті, ержүрек қолбасшы дә­режесіне көтерем десе де, Кекілбаевтың ақылы жетпей тұр ма? Әрине, жетеді. Ендеше неге? – дейсіз ғой. Әрбір тарихи тұлғаға автор беретін сипат бар, сондай-ақ, заман, қоғам беретін сипат бар. Бүгінгі ұрпақтың көзқара­сын­дағы жағымсыз кейіпкер ертеңгі ұрпақ­тың көзқарасымен, келер ғасырдың баға­сымен жағымды болуы да мүмкін-ау. Бүгінгі жақсың-ертең жауыз болып бағаланса ғажап па. Әр заман, әр қоғам берер баға басқа. Әмі­ршіні  іске алғы­сыз етіп тастаса… Келер ұрпақ не айтады? Мысалы, кезінде «шыққан күнге теңер ем, күндіз бар да, түнде жоқ. Туған айға теңер ем, түнде бар да, күндіз жоқ» деген Сталин, Ленин кім болды қазір?

– Алты ай бойы алапатқа төрін берген

Отырар.

Алты ай бойы ғарасатқа орын берген

Отырар

Алты-ақ күнде қирады.

Ақыл-ойды дабылдатқан

Өнер-ғылым шамын жаққан

Ұлы қала Азияның маңдайына сыймады,

деп жылап тұрып жаттаған ек. Сол Отырар әміршісі Қайырхан қазіргі жас ұрпақ көзінде кім боп қалды? Кенесарыны жағымсыз етіп суреттеп кеткен Ғабит  тірі болса, қазір ұялар еді. Өмірбақи санамызда «жауыз, қанішер, ата жауымыз» боп келген Шыңғыс ханға деген көзқарас қалай өзгеріп келеді? Бір кезде «аға ұлттың» бізді ең кемсіткендегі айтатын сөзі «азиат, монголойд, потомки Чингизхана» еді. Біз өлердей намыстанушы едік. Ал қазір орекеңдер былай тұрсын, кәрей, азуы алты қарыс қытай, тіпті немістер «потомки Чингизхана» болуға тырысып жатқаны қалай? Ендеше расында тарихи тұлғаларды не іске алғысыз жаман, не шектен тыс жақсы етіп тастауға болмайды екен-ау деген ойға келесің. Әбіштің көрегендігі сол – осыны баяғыда-ақ білген. Білген де әлемге ортақ ұлы тұлға – Әміршіге біржақты сипат таңбаған. Аралық бір қалыпта қалдырған. Қай заман қай сипатта көргісі келеді – өз биліктеріне қалдырған.

Үшінші көрегендігі – Кіші Ханымды Әмір­шіге адал қалпында қалдыруы. Нағыз дер шағына жетіп, пісіп-толып тұрған әдемі әйелдің, жар сүйіп, бала сүйіп бақытқа кенелер шағында жан азабы мен тән азабын қатар тартып жүрген әйелдің, жалын атып тұрған кескін-келбетті жас жігіттің құшағына құ­лай кетуіне жетерлік ситуация да бар, нанымды себеп те бар. Тіпті, оқушы да соны қалайды. Бірақ автор төндіріп-төндіріп келеді де, кенет алыстатып әкетеді. Себебі – Ханым құлдың құшағына құласа, Ханда қандай қасиет қалады? Ханымы сондай халықта қандай қасиет қалады? Халықтың тектілік, бек­зат­тық жөніндегі заңында не құн қалады?

Төртінші көрегендігі – айбатынан ай жасырынған Әміршіге де ана өсиетін орындатуы, ана ақылын тыңдатуы. Әйел затының даналығы да, шешендігі де төгіліп тұрған мына сөздерге қараңыз:

– Балам, сен арманыңа жеттің. Ал мен арманда кетіп барам. Жапан түздегі оқшау әулиенің ағашындай жалғыз қалпыңда тас­тап барам. Астыңдағы тақты кебісіңнен мықты көрме – одан да сыз өтеді. Үстіңдегі ақ ордаңды сауытыңнан мықты көрме – оған да көз өтеді. Жан-жағыңдағы әр қатын­нан тараған торпағыңды айбар тұтпа – оған да сөз өтеді. Қаптаған қалың әскеріңді қалқа­ның­нан мықты көрме – оған да оқ өтеді. Қайбір ыстық-суығыңды бір көріп, бір көрпеден өретін әйелің бар. Әр көрпенің астындағы әйел де бір үйірдегі бие де бір. Сауырындағы сенен гөрі бауырындағы құлыны жақын. Жылқы баласының еркегі тісі қа­тайған соң, үйірден алдымен атасын шайнайтын. Содан сақ бол. Қартайған шағында апанын бөлтіріктеріне алдырып, жел өтінде қалған кәрі бөрідей әрі-сәрі күйге ұшы­ра­майын десең, көп баланың бірін баулы, көп қатынның бәрінің көңілін табам деп шөре-шөре болмай, қадіріңді өткізіп, бірін тұтын. Өз күшіктеріңді өз көзіңше қыры­лыс­тырып қоймай, өле-өлгенше ешқайсысына тағыңды берме. Тұғырдан түскен соң, балалы қаты­ныңды сағалама – балаларына арқа сүйеп, қадіріңді білмес. Баласыз әйелді сағала – баласыздығы бетіне шіркеу болып, өзіңді пана тұтып, өле-өлгенше сыйлап өтеді… Әбіштің кереметтігі неде дейсіз ғой. Міне, осында.

Бесіншіден, Кекілбаевтық күрделілік. Кекілбаев өмірде күрделі адам ба – мен білмеймін. Ал оның әр шығармасында «Ке­кіл­баевтық күрделілік» деген бір жота көл­денең түсіп жатады. Екінің бірі аса алмасы хақ. Күрделі ой, күрделі сюжет, күрделі кейіпкер, күрделі тіл, сөйлемнің синтаксистік күрделі құрылымдары… Тек Кекілбаевқа тән күрделілік. Қысқасы, романның фабуласы жеңіл, бірақ сюжеті күрделі, оқиғасы аз, бірақ ойы күрделі, кейіпкері аз, бірақ мінезі күр­делі. Қарама-қарсылықтар мен қайшы­лық­тарға, үйлесім мен келісімге толы шығарма. Өзіне тән стилі дейміз бе, әлде кемшілігі дей­міз бе – солай екені рас. Егер әдебиеттен нақ­тылықты талап еткен Чеховтың, «эпитет-масқара нәрсе» деген А.Толстойдың көзімен қараса, Кекілбаев ең нашар жазушы болар еді. Өйткені, Кекілбаев сөйлемдерінде эпитет, теңеу дегендерің үйір-үйірімен, топ-то­бымен жүреді. Бұрын сөйлемінің ұзақтығы жағынан бірінші орында – Сәкен Сейфуллин, екінші орында – Жүсіпбек Аймауытов деп ойлаушы едім. Енді Әбіш аға оларды арт­қа тастайтын секілді. Мына сөйлемге қа­райық. Бір ғана сөйлем дегенге сенесіз бе?

– Жез легендегі ыстық суға аяғын малып отырып, су құйып тұрған әйеліне, үй қожа­сы­ның алдынан шыққан Жапарға, тандыр­дың қасында тамақ пісіріп жүрген қызына, ауланың түбіндегі шошалада сабан қажап тұрған есегіне, одан бері дөңкиіп-дөңкиіп көрінген қос  доңғалақ арбаға, көптен бері қол тигізілмеген мыж-мыж дуалға, бозғылт аспанда енді-енді жымыңдап көріне баста­ған бірен-саран жұлдыздарға, арықта суы сылдырап ағып жатқан тыныш көшеге, көрші-қолаңға, он сан сарайлары мен хан бағына, күллі шаһарға, тіпті күллі дүниеге түгел естіл­сін, Ахмет байдың бүгін базардан не біті­ріп қайтқанын бәрі де түгел білсін дегендей даусы саңқылдап, қай саудагердің дүкеніне кіріп, киімін көрсеткенін, кіммен балағат­та­сып, кіммен тәжікелескенін, кімге тіл ти­гізгенін, шайханада неше құман шай ішкенін, әскияда кімнің шамына тигенін, кімнің бөденесіне бәс тіккенін – бәрі-бәрін тәптішеп айтып береді.

Алтыншыдан, Кекілбаевтық көркемдік.Тегінде қай жазушы болмасын бір қыры, бір қабілеті ерекше болып, оның «маркасы» болады. Кекілбаевтың «визиткасы» – ерекше құнарлы, құйқалы, шұрайлы тілі. «Айтушы судай төгілген, тыңдаушы бордай егілген» деп осындайды айтатын шығар тегі. Небір алтын менен  күмістің нақышындай бедерлі, айшықты, өрнекті, шырыны тамып, сүмесі сорғалаған сөздер мен сөйлемдер бар-ау, шіркін. Көз алдыңда күнде көріп жүрген қарабайыр затыңның өзіне жан бітіп жүре береді. Мына сөйлемдерге қарайық:

– Сусыма құм баянсыздықтың тылсым құдіретін танытқысы келгендей құп-қу жү-зіне жолап кеткен сәл таңбаны жалмап жұтып жатыр.

– Дөңкиген шағылдар да, тырбық бұталар да ғұмыры қыбыр-қимыл көрмеген­дей жер тістеп жатып алыпты.

– Күллі дүние түлен тигендей тулап шыға келді.

– Ақ түтек ағындай боп қалың шеру шаһарға енді.

– Байтақ  шаһардың  барша көк күмбез­дері мен мұнаралары байлаудағы тұлпардай арқасы қозып жер тартып тұрғандай.

– Сүрмелі көздің сояу кірпіктері қыдығы кеткен бетте өз-өзінен менмұндалап тұр.

– Жұп-жұмыр бөксесіне сарғыш шытыра көйлектің етегін бүлк-бүлк тепкілетіп.

– Бейшара ой тұяқкетті тұғырдай көп сауал кес-кестеген шытырман жолды жас-қаншақтай басып, көп күмәннің көкала қойнауына сүңгіп кетті.

– Ашаң жүзін ашусыз сынық көрсететін мөлтілдеген мойыл қара көзді, сұлу қыр мұрынды, ыстық ықылас сиғыза алмастай қаймыжықтай жұқа да емес, сезімсіз көнтек те емес, етті, ұлпа ерінді.

– Қардай аппақ шошақ бөркінің маңдай тұсындағы бармақтай лағыл аса суық ұшқын шашып, оқыс жарқ ете қалды. Осы жерде, мы­салы, көп жерде мұрынды «қыр мұрынды» дегеннің өзі ғана жеткілікті деп санайды. Ал Әбіш «сұлу қыр мұрынды» дейді. Сұлу сөзі көп жағдайда жалпылама сипатты білдіреді. Сұлу қыз, сұлу ат. Ал осы сөзді жеке мүшеге сипат ету – Әбішке және Әуезовке тән. Сол секілді ұшқынды «суық ұшқын» дейді. Былай ойласаңыз ұшқын суық болушы ма еді? Ал Кекілбаевтық контексте ол ерекше жарасымды сипат. «Жарқ ете қалды» дегеннің өзін жай айта салмайды. «Оқыс жарқ ете қалу» әлдеқайда жанды емес пе.

– Саржалқын алау асыр салып билеп жүр.

– Көлеңдеген жұқа қамқа көйлектің етегінен балапан қаздың балақ жүніндей балтырымен балтыр қып әлденеше қатарып тастаған ақ атлас шалбар.

Құдай-ау, өзіміз күнде көріп жүрген балапан қаздың балақ жүнінен осыншалық сұлу сурет туады деп кім ойлаған… Осыдан кейін мен көрші күрдтің ауласындағы қаз­дарын арнайы барып көрдім десем, сенесіз бе? Бұрын  әдемілікті тек аққудан ғана іздеуші ек қой… Ойлап тұрсам қызды сүйкімді көрсетіп  тұрған қаз емес, қазды сүйкімді етіп тұрған автор екен. Соның шеберлігі екен. Автор шеберлігін, тіл шұрайын дәлелдеу үшін 2-3 сөйлем де жетіп тұр еді. Әттең, бірақ мына сөйлемдерді көзім қиып кете алмаймын. Тағы, тағы бір оқығым келеді де тұрады:

– Құс мамығындай үлбіреген аппақ же­леңдер  астынан  әлі  қайратына міне қойма­ған күннің нұрында бір түрлі алқызылданып, албырап көрінетін ақ сүйрік тәндер…

– Оттай ыстық обыр ерін оны да ерітіп бара жатты.

– Ақ желеңді әйел биік мұнара басынан төменге қалықтай түскен бір тал ақ қауыр­сын тәрізді қараңғы қуысқа жұтылып бара жатты.

Қазір хандық дәуір туралы кинолар түсі­ріліп жатыр ғой. Бұл кітап – соларға дайын үлгі. Автор  ортағасырлық базар сипатын, хан шеруін, ханның қабылдау салтанатын өзі көріп келгендей дәлдікпен суреттейді. Мысалы, базарды қалай суреттейді:

– Көшенің екі бетіндегі кең жаймаларда қытайы жібек, күнге шағылысқан әр алуан асыл тас, алтын, күміс, былғары мен аң те­рі­лері, шұға… Жылы самсаның, кепкен мейіз­дің, буы бұрқыраған ыссы палаудың, сек­сеуіл­дің шоғына шыжғырылған кәуәптің ию-қию иісі мұрын жарады. Одан ары алуан түрлі жеміс-жидектің, қауын-қарбыздың күмілжі тәтті иісі келеді. Осы жерде қараңыз­шы, иіс дегеннің өзіне тілімізде «хош иіс, са­сық иіс, қоңырсық иіс» деген ежелден бар. Әбіш осының бірін де алмайды. Мүлдем жаңа сипатта алады. Бұл жердегі иістерді қараңыз­шы: «Тәтті иіс (иісті ауызға салып дәмін көр­ген секілді), аңылжыған иіс, күміл­жіген иіс, ию-қию иіс». Бұл басқа ешкімде жоқ Әбіштің өзіне ғана тән, өзі дүниеге әкелген «перзенттері».

Ханның қалаға кіру салтанатын қа­райық:

– Шеру  алдында адырнасын шірене тарт­қан садақшылар, одан кейін сұп-суық көк алмастарын көкке көтерген қылышкерлер мен найзагерлер. Олардың өкшесін баса кісендеулі құлдар мен олжалар артылған ұбақ-шұбақ керуен. Керуеннің артын ала әр халықтан таңдап алынған тұтқын қыздар. Солардан соң барып он мың нөкердің ортасында күмбірлеген сарала күймеде Әмір­шінің өзі келеді. Осыдан өткен суреттеу бола ма. Оқып емес, көріп отырасың.

Ханның қабылдау салтанатын сипатта­ған суреттеуге таң қалмасқа шара жоқ. Бір кіш­кен­тай затқа дейін автор көзінен таса қылмайды. Өзіңізді Бағдат пен Иранның си­қырлы сарайлары мен хауызды гүлзарында жүргендей сезінесіз. Хан, ханымдар, құлдар, күңдер, батырлар, саудагерлер, делдалдар, шеберлер, ұсталар, керуеншілер, дуана-қайыршылар, муәзін-хазіреттер, тұтқындар, сарбаздар… барша сипатымен сені қоршап алады. Бірде-бір тарихи нақтылыққа соқ­паған автордың мына нақтылығы мен дәл­дігіне қайран қаласыз. Хан шатырының сипаты: 20 кісі бойы, 12 сырыққа тіреліп күм­без көтерілген. 4 ұзын бақан 4 бұрышқа көтеріл­ген. 11 отау ханымдардікі. 12 шатыр шарап құйылған емен күбімен қоршалған. Үлкен ханымда 100 әйел нөкер, 15 әйел етегін ұстап, 2 әйел сәукелесін демеп келеді. Кіші ханым да дәл сондай. Хан қазынасындағы байлық: осы жерде автор ортағасырлық шығыс диалектісін қолданған ба, әлде Әмір­ші билік құрған елдің тілі ме? Мысалы, маталар: уәлат, махфис, рауия, шамсия, шәдда, машад, тафсила, гүлстан, мисрия, абиария, лулиа, сабурия, мискалия, кидн, атлас, қамқа, шағи, торғын, бөз, шұға, жібек, тафта… Асыл тастар: алтын, күміс, гауһар, жақұт, меруерт, ақық, маржан, яспис, зүбәржат, сапфир, феру­за, лағыл, алмас – осынша түр барын табу үшін де аз ізденбеген шығар.

 Хош, сонымен бойындағы төрт сипатты таразылай келе, романды түрі – психоло­гия­лық, әдісі – символикалық, түйіні – фило­софиялық деген қорытындыға келдік. Енді осыны дәлелдейік. Психологиялық дейтін себебіміз – романда шиеленіскен оқиға да, шұбырған кейіпкер де жоқ. Кейіп­кер­лердің барша сипаты динамикалық әре­кет үстінде емес, монологтық толғаныс үстінде ашылады. Роман бастан-аяқ шиыр­шық атқан ішкі толғаныстан, жан азабы мен жүйке күйзе­лісінен тұрады. Намыс пен кектің, күш пен әлсіздіктің, махаббат пен қызғаныштың, өктемдік пен шарасыздықтың, сұлулық пен сұрқиялылықтың, өнер мен қарабайыр­лық­тың, сезім мен нәпсінің алма-кезек шарпыс­қан жеңісі мен жеңілісінен тұрады. Небары үш қана кейіпкердің арасында өрмекшінің торындай тартылған оқиға желісі романның күллі мотивировкасы десе де болады. Автор бейнебір гипнозшыдай кейіпкерін ғана емес, оқырманын да неше алуан толғаныс пен тебіреніске түсіріп, сәтте түңілдіріп, сәтте үміттендіріп отырады. Ендеше, психология­лық роман деуге дау бар ма. Әдісі – сим­воликалық. Әбішке дейінгі қазақ романдарында 1-3 жақтан баяндау, әңгімелеу, хат, күнделік, диалогтық, монологтық әдістер көп кездессе, Әбіште тап-таза сим­воли­калық әдіс. Күллі оқиға үш зат – көк мұнара, қызыл алма, ақ қарабас құрт – осы үш заттан басталып, үш зат төңірегінде өрбіп, үш затпен аяқталады. Көп романдарда символикалық әдіс белгілі бір оқиғаға байланысты көрінеді де, жолшыбай жоғалып кетіп отырады. Ал Әбіште олай емес. Әбіш символикасы күллі романның мотиві. Біз көбіне символ мен детальді шатастырамыз. Әлдебір зерттеуші Әбіштегі осы үш затты деталь дейді. Олай емес. Символ – анық заттық ұғым береді. Көзбен көріп, қолмен ұстауға болатын, түрі, түсі, формасы бар зат. Ал деталь бір ғана құбылысты, не көңіл-күй­ді, не оқиғаны қоюлата түсу үшін, әсерін күшейте түсу үшін қолданылатын әдіс. Ол символға қарағанда абстрактылау болады. Ол кейде зат, кейде дыбыс, кейде іс-әрекет те болады. Мысалы, «Гамлеттегі» найзағай, Әуезовтің «Жеті­мін­дегі» қара көлеңке, «Көркемтайдағы» қарға қарқылы, батып бара жатқан күн, «Қыз Жібектегі» қара жамылғы, т.б. Бұлар оқиға­ның бір ғана сәтінде көрінеді. Символикалық әдісте Әбіштен озған бір адам болса, ол – Ғабит  Мүсірепов шығар. «Сары атан жегілген арбаның үстінде іркілдеп бейғам жатқан екі мегежін шошқа». Осыдан өткен астарлау бола ма? Сол заманда осылай жазған Ғабең неткен ер десеңізші!.. «Сендерді әлі қанша сүйрер екенмін» дегендей, тағды­рына үнсіз көндіккен, саратан тәкаппар басын кек­житіп, маң  далаға ұзақ-ұзақ тесіледі. Ғабитті жазушы емес деген Бельгер осыны оқып көрді ме екен…

Түйіні – философиялық дедік. Романды оқып шыққан әрбір адам Жаратушы, Таби­ғат, Уақыт деген үш ұлылықтың құдіретін, мәңгіліктің бұлтартпас күшін түсінеді, сезінеді, мойынсұнады. Және алтын басты Әмірші болсаң да, жарты әлемді уысыңда ұстасаң да, сен де пендесің. Әр нәрсенің бір сұрауы бар. Кімге болса да әлгі үш Ұлылық­тың алдында бір зауал бар деген ой түйеді. Уақыттың өзі жазып қалдырған ұлы пәлса­па­лық қағида. Автор осыны тағы бір еске салады.

Есіңізде бар болса, алыстан соншалықты нәзік сағынышпен тартып, күлімдей қол бұлғап тұратын Көк мұнара… Қасына келгенде тәкаппар асқақтап, мың да бір сырын ашпай, түсін бермей суық тартып кетуші еді-ау. Осы сипат осы романда да бар. «Аңыздың ақыры» деген атына қарап, ертегі оқып ра­хат­қа батам десеңіз, қателесесіз. Бұл кітап ұйқы шақыру үшін емес немесе тойып ішкен тамақтан соң асбасытқы үшін оқылатын кітап емес. Керісінше, оқи бастаған соң-ақ ұйқыңыз шайдай ашылып, жатқан ор­ны­ңыз­­­дан тұрып кетесіз. Кекілбаев шығар­ма­шылығы – қарусыз адам кіре алмайтын ну жыныс орман тәрізді. Құпиясы мен жұм­бағы мол. Ол оқушысының өзінен білім, қа­білет, саралай білетін ақыл, таразылай білетін талғам  талап етеді. Сөз етіп отырған романды оқи бастағаннан-ақ алдыңыздан сансыз жұмбақ анталай бой көтереді. Мысалы:

– Осы Әмірші қай әмірші?

– Өзінің заты, тегі қай ел?

– Қай жылы қай жерде туған немесе қай ғасырда өмір сүрген?

– Байтақ қай шаһар?

– Қатыгездігінің себебі жасында көрген көп қорлығы болса, жасында не көрді екен?

– Күнгей қай ел?

– Мағұрып пен Машырық қай ел?

Мектепте мұғалім оқушыларға ойлау қабілетін дамыту үшін «Өздік жұмысы» деген тапсырма беретін. Автор да өз оқыр­манына «өздік жұмысын» беріп қойып, Әбіш ағаға ғана жарасқан әдемі жымиыспен қарап отыр. Оқушы қайтсін, көрген, естіген, оқы­ған бар дерегін жиып, «логикалық ойлау» деген тетігін іске қосады… Ең алдымен әлемді билесем деген барлық өзі білетін тирандарды тізіп шығады. Ескендір, Ақсақ Темір, Шың­ғыс хан, Бонапарт, Гитлер… Енді осының ішінен «алмас» сөзіне синоним болатын темір емес пе. Ендеше, не Темучин, не Ақсақ Темір. Бірақ билік жүргізген жерінің географиясына қарағанда Ақсақ Темір. Уһ, – деп бір қуанып қояды. Ал Байтақ қай шаһар? Кітаптың сол бетін тағы оқиды. Самарқанд шамасы деді. Күнгей қай ел? Кітапты тағы қайталап оқыды. Көрдіңіз бе, кітап судыратып оқи сап жүре беретін кітап емес. Сіз әлі оны талай ақтарасыз. «Қара шыбындай қаптаған» деген тіркеске көзі түсті. «Білдім, не үнді, не қытай, бірақ қайсысы? – деп тұрғанда, «пілге мініп соғысатын» деген сөзді оқып, жерден жеті қоян тапқандай қуансын. Әрине, үнді. Ал Машырық қай ел? «Қара құмырсқадай қаптаған» дей ме. Әрине, қытай  ғой. Әй, Әбіш аға-ай… бірінде шыбын, екіншісінде – құмырсқа. Екеуін де шыбын дей салмаған, көрдіңіз бе… Сұңғылылық деген осы шығар. Ал Мағұрып Батыс болды. Осы жерде оқушының есіне 7-8 жасар бала кезінде әжесі айтқан бір көне мәтел түсті. «Машырықтағы Мәкүріптегіге бұйырады» деп еді. Әже, ол не деген сөз? – деп сұрағанда, кім білсін, балам, әлде бір жер аты шығар деген. Сол сауалдың жауабын жарты ғасыр өткенде, Кекілбаев кітабынан тауып оқушы қуанып кетті. Енді оқушы «Әмірші қазақ па, болмаса қазаққа бір қатысы бар ма?» – деген сұраққа жауап іздейді. Кітапты тағы басынан бастап оқып «Кең сарайдың орта тұсында тақ үстінде күшігендей қонақтаған шегір көзді қара сұр адам» дегенді тауып, ә, бәсе, Әбіш аға кейіпкерінің бәрін «ала көзді» деуші еді, мынау қазақ екен деп, өзімшіл көңілі Ұлы Әміршіні өзіне меншіктеп алды. Әрине, қазақ, өйтпесе қазы, қымыз қайдан жүреді? Өзбек, тәжік болса жылқы етін жемеуші еді. Бірақ деп, – оқушы көңіліне бір күдік кірді. Басқа елге Әмірші болып кеткен қазақ болса неге анау Бейбарыс құсап бір уақ туған жерін сағынып, жусан иісін аңсап, неге құсалан­бай­ды? Қазы мен қымыздан басқа қазақ иісі шығатын бір зат жоғы қалай?

Сын дегеніміздің өзі – зертхана. Бір түйір қаныңа қарап-ақ денеңде қанша су, қанша тұз, қанша қант, қанша көмір – анық­тап бермей ме. Мен бұл романға дәл осындай сараптамалық-зертханалық талдау жасап, мынандай құрамды анықтадым:

  1. Көркемдегіш – бейнелегіш әдіс-тәсіл­дер.
  2. Фразаеологиялық-идиомалық тіркес­тер.
  3. Жергілікті диалектілер.
  4. Этно-сөздер.
  5. Автордың өз қолданысындағы жеке сөздері.
  6. Образды сөздер.
  7. Логикалық, стильдік ауытқулар.
  8. Көркемдегіш –бейнелегіш құралдар мен әдіс-тәсілдерінің авторда жоқ түрі жоқ. Түйдек-түйдек теңеу, төгілген эпитет, ай­шық­ты метафора, ажарлы метонимия, жұм­бақ эллипсис, айқұлақтанып тұрған гипербола, сүмірейген литота, сырбаз синекдоха, ымырашыл параллелизм, ал ендеше деп алшайып тұрған контраст… Осының бәріне тоқталып дәлелдеп жату  тым ұзақ. Бірақ өзге авторларда өте сирек кездесетін, шеберлікті керек ететін бір әдіс бар. Ол – плеоназмдық әдіс. Яғни реңктес синонимдердің бір сөйлем ішінде қатар келіп, мағына мен сипатты күшейте түсуі. Мысалы:

Балаң шебердің балғын жүзі. Шөгіп-шөжіп, жәбір-жапа, күмілжіген-аңылжыған, мүләйім-монтаны, нарт-қызыл, әйдік-абажа, дүбір-дүсір.

  1. Фразеологиялық-идиомалық тіркес­тер – ежелден көркем шығарманың дәмін кіргізер тұздығы. Ежелгі классикада бұлар ғажап. Егер қазіргі шығармалар көркемдіктен ажырап барады десек, оның себебі көне сөздер мен тұрақты тіркестердің азайып, қолданыстан шыға бастауы. Дәл осы қазіргі көзі тірі ақын-жазушыларда бұған шебері прозада Қабдеш Жұмаділов, Жанат Ахмади, поэзияда Несіпбек шығар. Ал Әбіш ағада бұл байлық та шаш-етектен. Қанына қараю, өкпесі өшу, байыз таппау, қыбын табу, мысы құру, қолды қояу, белін бермеу, ит қосу, көз аларту, құлақ түру, жүрегі шайлығу, ит етінен жек көру, мұрнын тескен тайлақтай, қара қылды қақ жару, көз аларту, пышақ кескендей, әруақ  аттау, жегідей жеу, құты қашу, иек қағу, сең соққан балықтай, көздің жауын алу, аяғына жем түсу, аузының  суы құру, ішіп-жеп қарау, ине жұтқандай, май тоңғысыз, құлаққа ілмеу, мүрдем кету, жерден алып, жерге салу, жаман айтпай, жақсы жоқ, қу тізесін құ­шақ­тау, айыз қану, тұлан тұту, түлен түрту, әле­кедей жалану, ішің күйсе, тұз жала, қы­рық саққа жүгірту, жер астынан жік шығу, жү­зіктің көзінен өткен, қаққан қазықтай, соқыр­ға таяқ ұстатқандай, жақ ашпау, міз бақ­пау, көзге шыққан сүйелдей, қызыл танау, белін бекем буу, екі қолы алдына симау, қыр көрсету, т.б.
  2. Автордың аймағына тән диалект сөз­дер. Біз мұны шеберлікке не тіл байлығына жатқызбас едік. Керісінше, кемшілікке жатқызар едік. Бақаз, бейуаз, жітіріп, түлей, мігірсіз, құлта сақтау, ақи-тақи, әжептарқы, айлапат, дөңмент, дегене, мадиықтанып, нәйіс, пәс, жермешел, зілман, үркесоқ, қоза, керелену, апшу, ақар-шақар, дызығып, мінбар, алзаулы.
  3. Көне сөздер. Қазақстанның бар айма­ғына  түсінікті болғанмен, қазір қолданыстан шығып бара жатыр. Бұл сөздер – екінің бірі­нің қолына түсе бермейтін сирек қазына: Оппа, обыр, алапат, кесір, борбай, сұңғыла, мекер, талыс, бас алтын, әккі, ада, лақап, пақыр, сұрқия, нәркес, кіреуке, монтаны, соқталап, ақ қаладай, тәйтік, мүттәйім, мүләйім, қақсал, шөжу, ындын, күйіттеу, көз­түрткі, пұшайман, жады, абажа, бұл түскенде (келін боп түскенде), ғайбатшы, сүйрік, шыжғыру, нарт, сырдесте. Бұл сөздерді білудің өзі – білімділік.
  4. Автордың жеке стиліне тән сөздер. Шашасын қаптыру, қайыптан таю, өңі ауып кету, қойнынан өрген, құп-қунақ, күлтілдек, мысықтабандау, қарлы Қаратау (бұл жерде басқа түскен қайғы), жымып беру, ала көз, бадырақ көз, қаймыжық, етті ерін, ит жырт­қан­дай, шырпылану, балағын түріп, жел­діая­қ­танып, айқұшақ қауып, шөпітіп сүю, лайытып, бұлаңытып, айбынтып, дал-дал жыр­тып, саржалқын, шеннен шықпау, емес­кі, иығын қақты, дін ашпау, мір жанар, қанжылым, ызы-қиқы, көңіліне қара қашу, аңылжыған, күмілжіген, әбеқоңыр, дүр түршігу, бозқылшақтану, төсексіңісті, айғыр жиын, тұяқкетті, ала сүйек, айғақкер.
  5. Образды тіркестер. Құм – сусыма құм, құп-қу құм, майса құм, құмақ, асыр салған құм. Көкжиек – жылжыған көкжиек, аяғың­ның астына кеп жатып алған көкжиек, күл­тіл­деген көкжиек. Мұнара – қалқыған мұнара, қиқар мұнара, сайқал мұнара, сиқыр мұнара, монтаны мұнара, мөлтеңдеген мұнара, қол бұлғаған мұнара. Ой – сұрқия ой, ұры ой, бейшара ой, жермешел ой, тентіреген ой, шашыраған ой, түртіншек ой. Су, бұлақ, толқын – момақан бұлақ, мөлиме су, қомағай толқын, бұлқынған өзен, асыр салған тол­қындар, жәутең су, жылаған бұлақ. Қажыған көз, жабырқаңқы шөл, тулаған дү­ние, беті жарылып кеткен жер, қасқой дауыл, жыл­миған жазық, ақ түтек ағындай шеру, қаймы­жық ерін, мөңкіген тау, ауыр қол, ұлы­ған шоқы, сыпсың жапырақ, сумаң соқпақ, дөңбекшіген тас, міңгір еткен есік, көшелі ат, мекер дыбыс, жымысқы түн, әзәзіл шақ, шарбы бұлт, қазбауыр бұлт, қанжылым мі­нез, сылқым сүрлеу, ақсиған соқпақ, алабажыр елес, балғын жүрек, мыстан тырнақ, суық нұр, суық ұшқын, қатыгез ұшқын, со­қыр махаббат, арсыз ұйқы, сүлесоқ кірпік.
  6. Стильдік, логикалық ауытқулар. «Ас­қар тау, сенде бір мін бар» демекші, Әбіш аға­­да да кейбір стильдік, логикалық ауыт­қу­лар кездеседі. Мысалы,

– Қара түнде дуалдың қара көлеңкесінен бір қарайған жұлдыздай атылып шықты. Өзі қара түн болса, өзі дуалдың көлеңкесі болса, өзі ұрланып келе жатқан ұры күйеу болса, қай­тіп ол жұлдыздай жарқырап атылып шы­ғады?

– Сең соққандай есеңгіреді. Дұрысы – сең соққан балықтай. Ежелгі тұрақты тіркес. Сең балықты соғады, адамды емес.

– Мұрындығын тескен тайлақтай. Бұл да ежелгі тұрақты тіркес. Сондықтан өзгертуге болмайды. Тайлақтың мұрындығы емес, мұрны тесіледі. Тесілген мұрынға мұрындық өткізіледі.

– Шүңірек қас. Шүңірек көз болушы еді. Ал қас қалай шүңірейген болады? Үрпиген, түксиген, жалбыраған, ұйысқан, селтиген болса болар.

– Сен шап, мен атайын. Ежелгі тұрақты тіркес. Дұрысы – сен тұр, мен атайын.

– Шашасын құмға қаптырып малтығып әрең жүріп келе жатқан аттар қалай жорға­лай­ды? Кез келген ат жорғалай ма, жорғасы бар аттар ішінара болмай ма, бәрі жорға болуы қисынға сия ма?

– Бұрыштағы жермен-жексен жайпақ төсеніш Кіші Ханымдікі. Алтын-гауһарды шашып ойнап отырған Ханым жермен-жексен төсекке жатушы ма еді? Сонау 1250 жылдары Самарқанд, Үргеніш, Бұхараны жаулап алғанда Шыңғыс хан олардың тұр­мы­сы мен сәулетіне таңғалып, «бұлар жер­ге жат­пайды екен, жататын төрт аяқты бір
нә­р­сесі бар» деп суреттеуге сөзі жетпей таң­данған екен. Ал Әмірші одан бері емес пе.

– Хан шатыры шарап құйылған емен кү­бі­лермен қоршалған. Мұсылман елдің мұсылман Әміршісі шатырын шараппен қоршағанына жол болсын.

– Ханзадалар ханымдарға сусын апарды. Қасында жүз нөкері отырған Ханымдарға сусынды Ханзада тасығаны қалай?

– Ханның қолы салтанатты шерумен қа­лағ­а кіргенде, Хан ең артында, тіпті құл мен күңдердің артында келе жатады. Мұсылман еркек, әсіресе Әмірші, әйелге жолын кестіру­ші ме еді?

– Сонау мұнара басында құмырсқадай боп қыбырлап жүрген Жапар ұста жөтеліп қалғанда, Әмірші бастаған он мың қол қалт тұра қап, аспанға шалқайып қалады. Он мың адамға бір сәтте жетіп үлгеріп, қалт тұрғыз­ған Жапардың жөтелі зеңбіректің дауысы емес шығар.

– Сонан соң осыншалық бай тіліңізбен портрет жасауға сондай сараңсыз.

Романдағы күллі кейіпкердің – мейлі кем­пір ме, қыз ба, еркек пе – бәрінің ерні қай­мыжық. Бәрінің көзі бадырақ, алакөз. Тек Кіші Ханымға ғана етті, ұлпа ерінді әрең қи­дыңыз. Әдетте, сонау ауыз әдебиетінен бас­тап, жұқа ерін, қаймақ ерін (аузы оймақ­тай, ерні қаймақтай демеуші ме еді) сұлу боп саналушы еді. Соңғы кезде осы үрдісті өзгертіп, қазақ аруына етті, ұлпа ерін жасап берген Дүкенбай Досжанұлы екеуіңіз. «Қып­шақ арулары жұқа ерінді келеді. Әміршіге (Иланшы Қадырхан) Таңғұт қызының жерге үзіліп түс­кен өріктей тоқ еріні ұнаған» («Жібек жо­лы»). Ал ең басты, ең көрнекті, айбарлы кейіп­­кер – Әміршіге бүкіл роман бойында жал­ғыз-ақ сөйлем портреттік сипаттама бар. «Хауыз басында бүрісіп күшіген­дей шөгіп отыр­ған қара сұр адамның шегір көзі». Әмір­шіге айбарлы сипат, көрнекті тұлға керек-ақ.

Ең соңында сізде бір бөтен сөйлем бар. «Әйелдің тастай ауыр басы» деген сіздікі емес. Келісесіз бе? Әттең, есіме түсіре алмай отыр­ғаным. Сіз де, мен де  мұны ертерек оқыған­быз. Содан көңілімізде етене таныстай қалып қалған сөйлем. Әлде Горькийдің «Ана туралы балладаларында» ма еді?

Осыған дейін біз мәңгі махаббаттың өл­мес ескерткіші деп Мидия ханшайымына Алек­сандр Македонский тұрғызған  Вавилон­дағы аспалы бақты, үндідегі Жахан-Шахтың Мумтаз-Бегімге салдырған Тәдж-Махалы жө­нінде аңыз етуші ек. Екеуін де ері әйелге тұр­­­ғызған. Ал Көк мұнара әйелдің еріне арнап салғанымен ерекше. Қорыта келе, Әбішті Әбіш еткен үш қасиет бар: ол – терең білім, бай тіл, ерінбейтін еңбекшілдік.

Әмина Құрманғалиқызы.

ПІКІРЛЕР6
Аноним 29.11.2019 | 00:45

Метафора эпитет

Аноним 07.12.2019 | 14:57

Осы шығармаларға ұқсас шығармалар барма?

Аноним 19.12.2019 | 15:11

Әмина, керемет жазыпсыз. Мен таңғалдым. Осы мақала арқылы мен бұл романды тани түстім, ұната түстім. Шығармашылық табыс тілеймін.

Аноним 23.12.2019 | 09:51

Отинем осы шыгармага уксас шыгармалар тауып бериниздерши.Отиниш

Аноним 24.12.2019 | 10:43

Абайдың Ескендір поэмасына ұқсас екен мазмұны

Аноним 24.12.2019 | 22:49

Оте керемет айтылган.Бул шыгармага уксас ескендир поямасына ягни еки шыгармага сыни бага жазып бересиздерма?

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір