Қалмұқан Исабай

0
459 қаралды
94A5D7DC-A06F-45B0-AFA2-9385C07BF35D_mw800_sҚазақ әдебиеті ауыр қазаға душар болды. 91 жасқа қа­раған шағында көрнекті жазушы, Ұлы Отан со­ғы­сының ардагері, Қызыл Жұлдыз, Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет» ордендерінің иегері, Халықа­ра­лық «Алаш» әде­би сыйлығының лауреаты Қалмұқан Исабай дүние­ден өтті.
Қалмұқан Исабай 1925 жылдың 25 тамызында Павлодар облысын­дағы Баянауылда туған. 1943 жылдың қаңтарында 10 сынып партасынан Кеңес  армиясы қатарына шақырылады да, одан 1954 жылдың күзінде запасқа шығады. Ұлы Отан соғысына қатысқан. 1954-1955 оқу жылында Алматы қаласының кешкі жастар мектебінде 10 сыныпты бітірісімен, Қазақ мемлекеттік университеті филология факультетіне сырттай оқуға тү­сіп, оны 1961 жылы бітіріп шығады және осы уақытта «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінде әдеби қызметкер болып жұмыс жасайды. Ұзақ жылдар бойы Қазақстан Жазушылар одағының жанындағы көркем әдебиетті насихаттау бюросында директор болып абыройлы қызмет атқарды.
«Баян» атты әңгімесі 1954 жылы «Әдебиет және искусство» («Жұлдыз») журналына жарияланған. Ертіс-Қарағанды каналының жобасымен танысып, 1961 жылы болашақ су жолы жүретін жерлермен 500 километр жаяу сапар шегіп, нәтижесінде «Арман арнасымен» атты күнделік кітабы жарық көрді. Он екі жыл бойы құрылыстың басы-қасында болып, «По руслу мечты», «Подвиг в степи», «На стыке судеб», «Сұңқар самғауы» атты кітаптар, жүзден астам проблемалық очерктер мен мақалалар жазды. 1992 жылы Павлодар облысындағы Ермак қаласына қойылған басқыншы атаманның ескерткішін алуға, қала атын Ақсу деп өзгертуге атсалысты.
Драматургия саласында «Десант» атты комедиясы Қазақ КСР Мәдениет министрлігінің 1984 жылғы конкурсында жүлдеге ие болған. Жазушының бастамасымен 2000 жылы Берлиннің бір көшесіне Абай аты берілді.
Қызыл Жұлдыз (1945), Еңбек Қызыл Ту (1975), «Құрмет» ордендерімен, ГДР-дің Герман-Совет достығы қоғамының алтын белгісімен (1983) және көптеген медальдармен марапатталған. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2005).
«Баян», «Ажал құрсауында», «Жұмбақ үй», «Арман арнасымен», «Бетпе-бет», «Қарабала», «Сұңқар самғауы», «Соңғы тәулік», «Соңғы ерлік», «Өткелде», «Жолдас комендант», «Арна», «Соңғы тәсіл», «Айқыз», «Бақытты сәттер», «Шоң би», «Қажыға барған қазақтар», «Комендант», «Қаныш аға осындай еді», «Жанашыр жазбалары», «Мұндайлар болған», «Алғы шепте», «Шен-шекпен алған қазақтар», т.б кітаптары жарық көрген.
Оның шығармалары әдебиетіміздің алтын қорына қосылған қазыналар  санатында.
Қазақ халқының аяулы перзенттерінің бірі Қалмұқан Исабайдың жарқын бейнесі халқымыздың жүрегінде мәңгі сақталады.
Қазақстан Жазушылар одағының Басқармасы.

Жаның жәнатта болсын!
Қалмұқан Исабай ең­бекшіл жазушы еді. Мен онымен со­ғыс­тан кейін таныс­қан­нан соң, біраз уа­қыт «Социалистік Қа­­­зақстан» (қазіргі «Еге­мен Қазақстан») га­зе­тін­де бірге жұмыс істедік. Жазу­ға икемі бар, өмір са­ба­ғынан өтіп келген май­дангер жазушы­ның қаламы осы редакцияда қа­лып­­тасты. Жастай әс­кер қатарына алынып, ел өмірінің қыры мен сырын танып үл­гермеген жас жігіт ен­ді сол өмірді зерттей жүріп, оны жазу­шы­лық еңбегіне азық етті. Ол Дүние­жүзі­лік со­ғыста болған қазақ сол­датының өмірін де, елдегі еңбекші қазақты да, баба тарихының әрқилы сырларын да мо­лынан зерт­теді. Соның барлығы Қалмұқанның қаламынан кітап болып туды. Олар­дың ішінде «Комендант», «Арна», «Айқыз», «Сұңқар самғауы», «Өткелде», «Шоң би» сияқты үлкен-үлкен романдары бар. Қалмұқан олардан басқа көптеген повестер жазған, оқырманға кеңінен танылған жазушы болатын. Ол азамат, жолдас есебінде де іске, сөзге, мінезге тұрақты жігіт болатын. Біз онымен жақсы сыйластық, қимай қоштасамыз. Қош, Қалмұқан! Жаның жәннатта болсын!
Серік ҚИРАБАЕВ.

ЖҰМАҚТЫҢ ТӨРІ БҰЙЫРСЫН
Аяулы дос, ақылды замандастың дүниеден өтуі қатты батты. Тынысымды тарылтты,  тіпті, жетімсіреп қалдым. Қалмұқанның  адалдығын, риясыз шыншылдығын замандастары күнде еске алып, дұға оқиды. Илаһим иманды болсын, Жұмақтың төрі бұйырсын, ұрпақтарына ырыс құйылсын!..
Мұзафар ӘЛІМБАЕВ.

ҚОШ, ҰЛТТЫҚ МАҚТАНЫШЫМЫЗ!
Үстіміздегі  жылы тамызда 90 жасқа толуына байланысты «Жұлдыз» журналының № 7,8 сандарында жазушы Қалмұқан Исабай­дың басты шығармасы – «Шоң би» роман-трилогиясы туралы екі баспа табақ көлемінде үлкен зерттеу мақаласын жазғанмын. Жариялана салысымен үйіне жіберіп едім туған күніне достық, інілік құттықтауым болсын деп. Енді, міне, кешегі Ұлы Отан соғысының ардагері, отставкадағы полковник, үлкен жазушы, журналист, қоғам қайраткері жайлы жүрек мұздатар суық хабар естіп отырға­ным.
Ол ағамыз хақында талай эссе, мақала жаз­дым. Берлиннің орталық көшелерінің бі­ріне Абай есімі берілді. Әдетте жоғары үкімет орындарының тарапынан  атқарылатын ондай іс-шараны жүзеге асырған ешкім де емес, Қалекең еді. Және бұл бір жылдың емес, талай уақыт күш-жігер жұмсаудың жемісі болатын. Немесе Ертіс каналы құрылысының бойымен айлап жүріп жазған очерк шоғырының өзі не тұрады. Сол кезде емес пе еді. Сіздің майдан  орден, медальдарының қатарына канал құры­лыс­шыларының ұсынысы бойынша марапат­тал­ған Еңбек Қызыл Ту орденін қадаға­ны­ңыз.
Қымбатты Қалеке! Бойыңыз шағын болға­нымен, дауысыңыз зор еді. Уақыт сәйгүлігі талай қырды асар, бірақ қашан да Сіз ел-жұртыңызға таудай тұлға болып көрінесіз. Сіздің Отаным, қазағым деп соққан жүрегіңіз­дің дүрсілін бүгінгі һәм кейінгі ұрпақ биік та­лант  туындыларыңыздың әр жолынан ес­тіп, ұғып, білетіннен еш күмән болмасқа керек.
Қош, қайран Қалеке, исі қазақтың ұлттық мақтанышы!
Шериаздан ЕЛЕУКЕНОВ.

ЖАЯУ ЖАЗУШЫ
Бұл қаза бәріміздің жанымызға батты. Ажалға кім қарсы келе алған?! Қалекеңнің бір ерекшелігі – ол басқа қаламгерлер бармаған тақырыпты қаузады. Академик Қаныш Сәтбаев шеше жағынан туысқаны болып келеді. Ағамыз Ертіс-Қарағанды каналының жобасымен танысып, 1961 жылы болашақ су жолы жүретін жерлермен 500 километр жаяу сапар шегіп, нәтижесінде «Арман арнасымен» атты күнделік кітабын жазған. Содан кейін әдеби қауым ағамызды «Жаяу жазушы» дейтін болды. Одан кейін дүниеге «Айқыз», «Өткелде», «Жолдас комендант», «Арна» секілді романдар келді. Тарихи тақырыпты да назарынан тыс қалдырған жоқ. 2005 жылы «Шоң би» атты трилогиясы жарық көрді. Ол еңбекқор әрі көп білетін жазушы еді. Сол мол білімімен бәрімен бөлісе­тін. Қалмұқан Исабай туған жері Баянауылдың атын шығарды. Ол бақыт­ты қаламгер деп ойлаймын! Жатқан жері жәннатта, топырағы торқа болсын!..
Ахат ЖАҚСЫБАЕВ.

ЖАНЫ ЖӘННАТТА БОЛСЫН АҒАМЫЗДЫҢ!
Бір кездері еркін жүрген біздердің алды-артымызды отап жатыр-ау бұл жалған. Міне, енді тас түйіндей тамаша ағамыздың алдын да суық ажал кесіп үлгеріпті. Бұл кісінің әдебиет өңірінде қалам тартпаған саласы жоқ еді. Сонау қырғын соғыстан бермен қарай да, ар жағындағы балалық шағынан да, тіпті әрбірден соң тамақ бауы тартылған тарихи шежіреден де небір шынайы шығармалар туғызған ардагер жан еді. Содан да болар, мен бұл кісіні «сегіз қырлы, бір сырлы, жұдырықтай алтын ағамыз» деуші едім. Бұл кісімен әр кездескен сайын елдігіміздің ішкі сарайындағы небір құпия­ларға әбден қанығып, дән ризалығымды білдіретін ем. Өйткені, бұл кісі архив ақтарудың хас шебері еді. Сұм ажал біздей інілеріне соны да қима­ға­ны ғой. Өкінішті-ақ!
Әрине, туған жанға өлмек парыз. Дей тұрғанмен, мына қарапайым өмір­дің өксікті өңешін жүрген жерінде өзінің тапқыр әзіл-қалжыңымен жеңілдетіп жүруші еді. Бүгінгі таңда осындай жандар бізге өте қымбат еді. Әсі­ресе, дәп қазіргі уақытта. Бірақ амал нешік! Ажалға үкім жүр­мей­тіні тағы бар. Былай қарағанда, тоқсан бір жас аз жас та емес. Дегенмен, мұн­дай жақсы ағаларымыз алдымызда әлі де жүре тұрғанын қалайтын қимас­ты­ғымыз­ды қайтеміз.
Сейфолла ОСПАН.

БАҚҰЛ БОЛ, АСЫЛ АҒА!
Алматыдан Баянауыл жеріне қа­ра­лы ха­бар келді. Киелі Баянауылдың ту­масы, жерлесіміз, көрнекті жазушы, драматург, Ұлы Отан соғысының арда­гері, Баянауыл ауданының Құрметті азаматы Қалмұқан Исабай 90 жасында өмір көшінен озды.
Жазмыштан озмыш жоқ дейді. Жа­зу солай болса, амал не? Көңілге ме­деу – Қалмұқан ағаның артында қалған асыл мұралары бар. Жұртының алдына жан-жүрегімен ақтарылып сөйлейтін ашық дидары қалды көз алдымызда. Соған шүкіршілік етеміз. Айналасын жүрек жылуымен иіткен, заманын асылдығымен ажарландырған, елін ақыл-парасатымен нұрландырған тұл­ға­дан айырылу Баянауыл жұртының қабырғасын қайыстырды.
«Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінде әдеби қыз­меткер, «Жұлдыз» журналының бө­лім меңгерушісі, Қазақстан Жазушылар одағы жанындағы  Әдебиетті насихаттау бөлімінің директоры болып қызмет еткен қарымды қаламгер Ертіс-Қарағанды каналының жобасымен таны­сып, оның бойын жаяу аралаған жан. Он бес жыл өмірін канал  құрылыс­шы­лары арасында өткізіп, ол туралы кітап жазды. Әртүрлі өзекті тақырыпқа қалам тербеген жазушының шалқыма шабытты шығармалары роман, повес­тері,  естелік эсселері, тағылымды, тә­­лім­ді тарихи толғаулары, деректі зерт­теулері оқырман қауымның рухани мұрасы, әдеби құндылығы.
Қалмұқан Исабай өмір шындығын көркем сөзбен көмкерген білгір жазушы. Оның «Даладағы ерлік», «Арман арнасы», «Құмдағы шағала», «Тағдыр­лар тоғысқанда», «Көгілдір қазына» ерлік еңбектері, ал, қазақтың тарихи ше­жіресінен сыр шерткен «Шоң би», «Серт», «Айқыз», «Өрде», «Арна» сынды романдары қазақ әдебиетінің шоқ­тығы биік туындылары. Ұлы Отан со­ғысы тарихын зерделеген «Соңғы тәу­лік», «Жолдас комендант», «Ажал құрсауында» атты шығармалары ақиқаттың ақ туын желбіреткен өшпес асыл мұралары. Күрескер жазушы
Қа­л­мұқан Исабай – Абайды, Абай ар­қы­лы қазақ ұлтын Германия жұртына та­ныт­қан жол бастаушы. Ұлы Абайдың «Қараңғы түнде тау қалғып» өлеңін мәрмәр тасқа қашатып, оны сол өлең­нің немісше нұсқасын, өзі комендант болған Ильменау қаласының Гете му­зейі­не қойғызу және осы сөзге жа­зыл­ған Абай әнінің магнитофон таспасын табыс ету Қалмұқан Исабайдай қай­сар­дың ғана қолынан келер ізгілікті іс болатын.
Ұшқыр ойдың иесі, қаламынан қа­зақ сөзінің майы тамған дарын иесі, соғыста қаруын, бейбіт күнде қаламын тас­тамаған жазушы, драматург жерле­сіміз Қалмұқан Исабайдың жарқын бейнесі жадымызда өшпестей сақ­та­ла­ды. Топырағың торқа, жаның жәннатта бол­сын демекпін, қадірлі Қалмұқан аға!
Нұрлан КҮЛЖАН,
Баянауыл ауданының әкімі.

Пікір қосу

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.