Қарғаның баласы
27.11.2015
2131
0
594500_924073737_25171Өтеген ЖАППАРХАН
Қай ғасырда, қай жылы,
Белгісіз тіпті ай, күні.
Жоқ болса да дерегі
Аңыз-мысал мынандай
Ел аузында келеді.
Кәдімгі құзғын-қарға,
Қонып ап биік жарға
Қанаты жалпылдап,
Дарақылана қарқылдап,
Дауысы қарлыққанша бақырыпты.
Үрім-бұтағын алдына шақырыпты.
Ентігіп әулеті түгел кепті.
Оларға ата Құзғын былай депті:
– Мен үш ғасыр жасаған,
Өңкей өлімтік жеп, нәжіс асаған,
Мекенім қоқыс болған,
Тоңда түнеп, күлге қонғам,
Бармаған жерім қалмаған,
Қарғыстан басқа алмаған,
Бар ғұмырым қарқылдаумен,
Текке дарқылдаумен өтті.
Жөңкіген аң көрсем де,
Сасық иіс қан көрсем де
Бас салып қарқылдайтынмын,
Жылқының жауырын, есектің сауырын
Шоқудан  тартынбайтынмын.
«Жақсылықты» жария етіп  жүрсем де
Құс біткен мені есепке алмады,
Құзғын атым қалмады…
Ұрпақтарым, бұдан былай
Беделді құс болам десеңдер,
Бүгіннен бастап
Бүркіттің соңына еріңдер.
Жемтіктің семізін Бүркітке  беріңдер,
Қазірден бастап тілін  үйреніңдер.
Қыз беріп, қызына үйленіңдер.
Бастарыңа пайдасы жоқ,
Құр қаңқылдан басқа айласы  жоқ.
Жанға жайлы жұғымы жоқ.
Не түсінік ұғымы жоқ,
Қысқасы, мына мәңгүрт  тілдеріңді,
Қырылдаған үндеріңді,
Дереу ұмытыңдар.
Бүркіттің тілінде сөйлеуге  ұмтылыңдар.
Ол үшін күн демей, түн демей
Ұлық тілін жаттаңдар.
Бұдан былай қарғаша тіл
Қатпаңдар.
Балапандарың бүркітше қышқырып,
Соларша сұңқылдайтын болсын.
Соларша үһлеп,
Соларша ыңқылдайтын болсын.
Құздан құзға  өрлегенін де,
Көкке қанат сермегенін де
Тышқанға түспейтін,
Арамды ішпейтін
Мәрттігін әбден біліп алыңдар.
Әдет-ғұрпын үйреніп,
Тек сонан білім алыңдар.
Қысқасы, қолтығына кіріп алыңдар.
Осы айтқандарым болса,
Бақтарың жанады.
Беделдерің үстем болады.
Құзғын аттарың да қалады, –
деп өсиет айтса да атасы,
(Қабыл болмай батасы)
Үйренбек түгіл бүркітше саңқылдауды,
Ұмытып қарғаша қаңқылдауды,
Сөйтіп қарға біткен мәңгүрт боп кетіпті.
Тұқымының түбіне еліктеу  жетіпті.
Қызылорда.
ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір