«Ей, соңғы өлең! Мен өмірге бір келем…»
27.11.2015
5663
0

Ибрагим ИС1398152554-664467-14745А

 

ДӘРІГЕРЛЕРГЕ ХАТ

Көзімде мұң, айтатын сөзім де мұң,

Жүректегі жоғалды сезімдерім.

Сендер жайлы ойланып, таңды атырдым,

Түні бойы қиналып көз ілмедім.

 

Өмір сүріп жүрсең де өз еліңде,

Бір күйініш тұрады өзегіңде.

Емделуге тұрғандай, емханада,

Сұм ажалдың тұрамыз кезегінде.

 

Ойлап қалма, жүр ғой деп бізге өкпелеп,

Амалсыздан келеміз іздеп көмек.

Неге  сіздер, өзгермей келесіздер,

Қоғамның да сипатын өзгерткен ек.

 

Айта алмайтын халықпыз шынын қорқып,

Тастағандай жүреміз тілін қырқып.

Дәрілерің сау дене мүшеміздің,

Бірін жазса, жатады бірін құртып.

 

Біздер, қонған халықпыз дала салты.

Сеніміміз бұл күнде неге жарты?

Жас балапан – қазіргі дәрігерлер,

Оқуын да бітірген шала-шарпы.

 

Біздегі емнің шыққан жоқ күні күліп,

Жүрміз әзір бір ұтып,  бір ұтылып.

Халқымыздың ғажайып емшілігі,

Өткен күнмен кете ме ұмытылып?

 

Емдемейді біразы, бақылайды,

Неге ізденіп, өзінше оқымайды.

Дәрігердің де білеміз хал-жағдайын,

Еңбегіне алғаны татымайды.

 

Әңгіме көп Сіздерге сенім жоқтан,

Ажал да көп тосыннан келіп жатқан.

Адамдар көп дәрігердің кесірінен,

Жетпесе де ажалы өліп жатқан.

 

Отырғам жоқ кінәлап бәріңізді,

Қорғайтын да Сіздерсіз әлі бізді.

Қиналғанда Сіздерге жүгінеміз,

Алып қалса екен деп жанымызды.

 

Өз анты бар дәрігерің өз ұраны,

Бұл салғырттық қашанға созылады?

Сақтамаса болмайды,

Адам деген –

дүниедегі ең қымбат қазынаны!

 

ТАЛАНТТАР ТАҒДЫРЫ

Мұқағалидың жүргенмін талай қасында,

Көргенмін талай қасын да,

                                    оның досын да.

«Қарасаз» қанша ұл туса-дағы аяулы,

Әттең-ай, бірі татымайды ғой осы ұлға.

 

Қуанышын да,

ренішін де көргенмін,

Жөнделсем егер,

                  мен соны көріп жөнделдім.

Тойы да қазір тойланып жатыр

                                    үзілмей.

Қуанышына айналып жатыр

                                    енді елдің.

 

Өмірге қайтып келмейтінін білген

                                    осы ақын.

Қанбайтын шөлін ащы суменен

                                    басатын.

Тиынын шайқап сайқалдарға көп

                                    шашатын,

Замандастары,

            Мұқаңды көрсе қашатын.

Түңіліп жүріп,

            үңіліп жүріп кеудеңе,

Сыры мен шерін өлеңге ғана

                                 ашатын.

 

Алмайтын әсте ешкімді келіп жағадан,

Жүретін асқақ, сияқты көңілі тоқ адам.

Биіктегілер алаяқтарды аялап,

Қай заманда да талантқа теріс қараған.

Таланттарын аямайды әсте бұл қазақ,

Абайыңды да, Біржаныңды да сабаған.

 

Олардан қайыр болмайтындығын білгесін,

Биліктен аулақ салатын болған іргесін.

Осының бәрін естіп те, көріп жүргесін,

Айту да қиын адалдық жайлы бір кесім.

 

Тек соған құйып мұң, зары менен сырларын,

Өсірді қандай өлеңнің әсем гүл бағын.

Бір кітабынан кездестіргем жоқ әлі күн,

Сыраханада оқыған ащы  жырларын.

Оралбайұлы Өтеген деген ақынмен,

Бірге отырып, сондай жырларын тыңдадым.

 

Ол күндер өшіп барады өшкен жылменен,

Жүрдім деп күнде айта да алмаймын

                                             бірге мен.

Ол жайлы қазір жазып жүр жалған

                                               естелік,

Ішпейтін жандар жанында бір күн

                                            жүрмеген.

 

Кейбірі мұңды,

            кейбір естелік күлкілі,

Өткеннің бәрін тірілте алмайсың бұл күні.

Шалқып жүргенде кабинетіне қамап ап,

Шалып құлатып,

                 сабағандар да жүр тірі.

 

Шындықтар қанша

            тереңде жатқан ашылмай,

Өлеңдер қанша

            архивте жатқан басылмай.

Туған еліне еркелей алмай дұрыстап,

Таланттың көбі қорлықпен өлген осындай.

Әттең-ай,

       әттең,

            жатыр ғой шындық тереңде,

Ол шындықтардың қажеті қанша

                                          кереңге,

Арманы менен қиялын құйып өлеңге,

Сол таланттар не ойлайды екен өлерде?..

                         ***

Мынау жарық жалғанда неше

                                    адам бар,

Қаншасы тоқ,

            қаншасы аш адамдар?

Қаншасы сау,

            қаншасы есалаңдар?

Қаншасы жау,

            қаншасы дос адамдар.

 

Мынау жарық дүниеде қанша

                                    адам бар?

Қаншасы тың,

            қаншасы шаршағандар?

Өтіп жатыр өркенін жая алмастан,

Кетіп жатыр ертеңін аңсағандар.

 

Бір кездегі момақан,

                        бейқам халық,

Ермейтұғын болды ғой айқайға анық.

Бұғып қалатын болдық ақиқаттан,

Шыға келетін болдық сайқалданып.

Өлмейтұғын сияқты боп жүреміз,

Келмейтұғын болсақ та қайта айналып.

 

Арманымыз тұрмаса қорғандай боп.

Жалған өмір,

            алдамшы жалған бейнет.

Жасалмайды жақсы өмір

                        жүре берсек,

Бізге дейін осылай болған ғой деп.

 

ОНДА ТҰРҒАН НЕ БАР

Адамдарда мінез деген жетерлік,

Талай тәуір мінездерді шекер ғып,

Талай ауыр мінездерді көтердік,

Адамдар бар бірлігіңді бұзатын.

Шындығыңды жіберетін бекер ғып.

 

Түсінбедім, мінез бе бұл, әдет пе,

Айтқаныңды салмайды әсте елекке.

Не десең де,  «Онда тұрған не бар» деп,

Осы сөзін айналдырар әдетке.

 

Болғаннан соң әуел бастан жаны кір,

Енжарларға жақсы, жаман бәрібір.

Ондайлардың табанының бүрі жоқ,

Ондайлардың маңайынан әрі жүр.

 

Бармайды олар ештеңеге тереңдеп,

Обалға да қарамайды обал деп.

Ешкімді де сағынбайды ешқашан,

Қуанышты қабылдайды керең боп,

Білетұғын адамдай-ақ сенен көп,

Отырады «Онда тұрған не бар» деп.

 

Көзінде де, сөзінде де жоқ ұшқын,

Топан басып кетсін, мейлі, жер үстін.

Жоғалғанын тілейтіндей жарықтың,

Тарылғанын тілейтіндей өрістің.

 

Бей-жай ғана қабылдайды мән-жайды,

Мақсаты оның өшіп қалған, жанбайды.

Бұл дүниеде – оған жалғыз – жан қайғы,

Еш нәрсеге, ешқашан таң қалмайды.

 

Өмір сүріп жүрген сынды тер төкпей,

Оған айтқан ақиқатың  ертектей.

Біреулердің қасіретін сөз қылсаң,

«Онда тұрған не бар» дейді селт етпей.

 

Қуанбайды, отырады бозарып,

Құлағынан кетеді айтқан сөз ағып.

Сөз қозғасаң жақсы адамдар жайында,

«Онда тұрған не бар» дейді сазарып.

 

Жайбарақат жоламайды айқайға,

Миы оның басында емес бақайда.

Мұқағали, Шәмші жайлы сөз айтсаң,

Дейді «Одан маған келер не пайда».

 

Бұл дүниені «кең» десең, ол «тар» дейді,

Сезіп тұрып, ақиқатқа сенбейді.

Қасіретін айта қалсаң халқыңның,

«Маған оның не қатысы бар» дейді.

 

Қараңғы ойы қаламайды жарықты,

Ұстамайды олар түзу бағытты.

Сеземісің осы селқос, енжарлар,

Қоғам үшін жауыңнан да қауіпті.

                                               

ТЫНЫШТЫҚ

Еркелеу де, еркінсу де жай қылық,

Бізді Құдай жаратқан ғой бай ғылып.

Бір адамды өкпелету арқылы,

Он адамнан қаламыз-ау айырылып.

 

Талай-талай жақсы әңгіме естідік,

Санамыздан қалды көбі ескіріп.

Бір адамды жақсы көру арқылы,

Он адамды аламыз-ау дос қылып.

 

Өмір заңы біз білмейтін жұмбақ бір,

Арамызды бір сыйластық жалғап тұр.

Сіз арқылы жүз адаммен дос болсам,

Жазар едім мен бұдан да қымбат жыр.

 

НЕГЕ?

Қызылордадан Алматыға ұшатын рейсте жүрегім бірнеше минут тоқтап қалыпты. Алматыға тура ұшатын ұшақ амалсыздан Бішкекке қонуға мәжбүр болды. Сол жерде ем-дом қабылдаған соң, Алматыға таксимен келдім. Қасымда Қайрат деген інімнің болғанына қуандым. Ол болмағанда халім мүшкіл еді.

Суық қар түсті ме бүгін,

                        білмеймін,

Бір сезім үсті ме бүгін,

                        білмеймін.

Бір жапырақ түсті мен бүгін,

                        білмеймін,

Бір ақын ішті ме бүгін,

                        білмеймін.

 

Көңілде қуаныштардың жоқ бәрі,

Көктем де көңілсіз бүгін бақтағы.

Өмірдің қиындығына шыдамай,

Ақынның жүрегі бір сәт тоқтады.

 

Іздейді пана іздегендер саяңды,

Өмірің өмір емес қой баянды.

Маужырап әлсіреп кеткен ақын жүрегі,

Халқының махаббатымен оянды.

 

Сезбейміз жарық дүниенің жарығын,

Қаншама тойып жүрсе де қарының.

Құлазып,

          көңілің құрғыр шаршайды,

Таба алмай себебін іздеп бәрінің.

 

Бұл неткен тойымсыз көңіл деп кейде,

Амалсыз ой жібереміз өткенге.

Көңілсіз жазың да қазір,

                        көктем де,

Өмірде көңілі тоқ бір жоқ пенде.

 

Келеді әдемілікке тамсанғың,

Келеді соларға қарап ән салғың.

Бір шамның жарығына қарай ұмтылсаң,

Жарығы өшіп қалады сол шамның.

 

Қалайша деп күрсінесің, амалсыз,

Дүние босап қалғандай алаңсыз.

Сенімсіз болса да қанша өзіңе,

Көңілсіз бірдеңелерді қалайсыз.

 

Білмейсің аңсағаныңның не екенін,

Сезбейсің өмірдің ащы, шекерін.

Алаңсыз ұшып та кете алмайсың,

Амалсыз  жерде болған соң мекенің.

                                   

***

Небір сұмдық айланы тапқан да адам,

Сақтанғанды құдай да сақтар, балам.

Жетіп тұрған ажалы адам болса,

Атылады мылтық та оқталмаған.

 

Көңілімнің қалауы осы екен деп,

Көрінгенді тыңдама дос екен деп.

Өшіп қалу оп-оңай тіршілікте,

Өзіңді-өзің жүргенде өлшетем деп.

 

Жүре берме тойымсыз тәбетке еріп,

Қанағатпен күніңді жүр өткеріп.

Қияметке таза боп кету үшін,

Қиянатқа аралас бөгет болып.

 

Не тисе де қолыңа ала қашпа,

Не жетпейді осынау қара басқа!

Бәріне де аралас шамаң жетсе,

Тек, Алланың ісіне араласпа!

 

ӨКІНІШ

Өшіп жатыр бабалардан

                                          қалған із,

Бұл қоғамнан болмаған соң

                                          қорғаныш.

Жер ошақтың ұмытқан соң

                                          жылуын,

Болашақтан не күтеміз

                                        онда біз.

 

Түзелетін енді қандай шамаң бар,

Тайғанап жүр таймайтұғын табандар.

Құс сияқты қайырылған қанаты,

Рухынан айырылған адамдар.

 

Өз басының кемшілігін кеш көрер,

Қазақ деген баяғыдан бөскен ел.

Сайрандайды жылпылдаған жағымпаз,

Тайраңдайды былқылдаған бөкселер.

 

Қазақ қазір талай топқа бөлінді,

Есерлер жүр еңіретіп елімді.

Арманымыз амалсыздан шегінді,

Жоғалтты ел болашаққа сенімді.

 

Көрмейік деп қантөгісті,

                                     қырғынды,

Бір күнге әкеп жалғап жүрміз бір күнді.

Қазақ деген затымызды құл қылды,

Жүректегі отымызды күл қылды.

 

Өшіргендей ошақтағы отыңды,

Теңгеміз де тартылған су секілді.

Қанау үшін, қинау үшін халықты,

Ойлап таптық айлаларды не түрлі.

 

Осы болды, байқағаным, көргенім,

Аямайды алаяқтар сорлы елін.

Байланып жүр ұға алмайтын мақсатқа,

Айналып жүр шыға алмайтын шеңберін.

 

Жанды ауыртар жайсыздықты  сеземін,

Ойлай берсем, өртенеді өзегім.

Арылатын түріміз бар бәрінен,

Мына қоғам өзгертпесе өз өңін.

 

МЕНІҢ ТАҒДЫРЫМ
(Сабыржанға сыр)

Жүрегіме сәуле боп түскен

                              сайын бір ұшқын,

Қадірімді өзімнің

                       түсірмеуге тырыстым.

Қайдан соғып тұрғанын

                      сезіп жүрмін құйынның.

Қайдан шығып жатқанын

                                    сезіп жүрмін ұрыстың.

 

Жүрегім бар шын сүйген

                                  жүрегіндей ғашықтың,

Адамдардың қулығы,

                        сұмдығынан қашықпын.

Тіпті құйттай болса да,

                            мынау жарық жалғанға,

Адалдық пен шындықтың

                            бір ұшқынын шашыппын.

 

Адамдардың ниеті

                        бұзылған бұл заманда,

Оңай тиіп жүрген жоқ

                         өмір сүру маған да.

Ақыл-ой да сатулы,

                         абырой да сатулы,

Абыройдың алдында

                        бес-ақ тиын бағаң да.

 

Керек емес айқай-шу,

                   керек емес дау маған,

Мен өзімді өсектен

                  алып шығам лаулаған.

Өсегі көп кітаптың

                 оқылмайды беттері,

Өсегі көп беттерін,

                 оқымай-ақ бара алам.

Маған сабақ қашанда,

                        өткен өмір,

                                    өткен күн,

Қиянаттың талайын

                        басымнан да өткердім.

Өз үйімнен басталған

                        қисық жолды түзеуге,

Құлшынсам да,

            көрші үйдің есігіне

                              кептелдім.

 

Менің қазір осылай,

                   өтіп жатыр әр күнім,

Тауса алатын емеспін

                   қиянаттың қалдығын.

Заман болды ең зұлым

                   осы менің қорлығым,

Осы менің өмірім,

                 осы менің тағдырым!

 

ЖҰМБАҚ ӘЙЕЛ

Ештеңеге жүгірмейтін асығып,

Өмір жолын айтпайтұғын ашылып.

Болмаса да сонша жиған тергені,

Есік алды жататұғын шашылып.

 

Өз үйінде таңертең де,

                        кешке де,

Ешкімнен де сұрамайтын ештеңе.

Сәлем берсең басын изей салатын,

Үнсіз ғана күрсініп ап кішкене.

 

Жас шамасы…

            кәрі де емес,

                        жас та емес,

Әйел еді,

            кемпірлерге өкшелес.

Қызықпаған жан сияқты өмірде,

Ештеңеге,

            дүниеге де,

                        ақшаға еш.

 

Қалай жалғыз,

            неге жалғыз,

                        беймәлім,

Тек әйтеуір қабағында ой қалың.

Бір көрмедік мол дастархан жайғанын,

Сездірмейтін аш екенін, тойғанын.

 

Басындағы қайғы, мұңын азайтып,

Көкірегін өкініштен тазартып.

Көрген небір қиындығын өмірде,

Өзі жылап, отыратын өзі айтып.

 

Жылағанын тоқтататын біз келсек,

Тіл қатпайтын, сияқтанып үзген шек.

Ерінін сәл жыбырлата салатын,

Жағдайын сұрап кейде біз келсек.

 

Оның жанын түсінбеді ешкім де,

Ол жататын ескі төсек, ескі үйде.

Оған мүлдем айырмасы жоқтай боп

Көрінетін ертеңнің де, кештің де.

 

Зияны жоқ, өз-өзімен тұрса да,

Бір күндері жоқ боп кетті бейшара.

Кейін біреу айдаладан тауыпты,

Әлдеқашан өліп қалған болса да.

 

Ешкімге де болмаған соң керегі,

«Есі ауысқан жан ғой» деді ел оны.

Ешкімді де қызықтырған жоқ онда,

Бейшараның өткен өмірдерегі.

 

Нені іздеді тіршілік жоқ даладан,

Осы сұрақ кетпейді әлі санадан.

«Неге қаңғып,

            нені іздеді» деді жұрт,

Айдаладан ақыл-есі бар адам.

 

Тағдыры оның болды неден жазықты,

Оған қандай қиянаттар кезікті.

Айтып жүрді, өлген жерін көргендер,

Қолыменен біраз шұңқыр қазыпты.

 

Мұның бәрі өткен күннің елесі,

Шындық кейде ашылмайды неге осы?

Шөлдеді ме,

            көр қазды ма,

                        кім білсін,

Қан-қан бопты тырнағының көбесі.

 

Тағдырлар бар ешкім біліп болмаған,

Тағдырлар бар сап-сау жүріп сорлаған.

Кете алмайтын сияқты әсте босанып,

Түсіп қалса қайғы деген торға адам.

 

АСЫҒУ

Анаған да,

            мынаған да еркелеп,

Уақытымды босқа құрттым

                                    ертерек.

Ойымдағы,

            мойнымдағы жүгімді,

Шашып алмай

            тез жеткізер жол керек.

 

Бұл өмірде

            менің дағы бар ізім,

Мойнымдағы жүгім –

                        елге парызым.

Жүретұғын жолым менің

                              алдағы,

Байқап тұрсам,

                әрі қысқа,

                        әрі ұзын.

 

Қарайлауға мүмкіндігім жоқ енді,

Ең бір қымбат уақытымның көбі өлді.

Асығамын,

            баратын жеріме,

Жеткізсем деп ойымдағы өлеңді.

 

Алға қанша ұмтылсам да адымдап,

Жүгім мүлдем бара жатыр ауырлап.

Ой тұтатқан өлеңдерім,

                           бықсымай,

Күннен күнге бара жатыр жалындап.

 

Қимылдауым керек еді сәл бұрын,

Мағынасы,

            мәнісі жоқ қалды күн.

Қалай ғана жиып-теріп үлгірем,

Деп қиналам енді соның барлығын.

 

Бірақ Алла өмір сыйлар деп әлі,

Ойды басқа жоғалтпаймын қаралы.

Басталатын шығар, мүмкін, асығу,

Адамдардың таусылғанда амалы.

 

Соншалықты болмасам да көреген,

Енді менен қаша алмайсың,

                                         ей, өлең!

Болашаққа үнім жетсе болғаны,

Сен қаласың,

            күнім жетсе мен өлем.

 

ЖАН ЖЫЛУЫ

Адамдардың самарқау пішіндерін

Көрген кезде,

            ашиды ішім менің.

Шаршататын ойларды өшірсем де,

Қайта жанып кетеді өшіргенім.

 

Шыр айналып миымнан кетпей жүрген,

әдет пе бұл,

            әдеп пе,

                    түсінбедім.

Пішіндері өшпейді көз алдымнан,

Кетсем-дағы ұмытып есімдерін.

 

Мен олардан қаншама алыс

                                           тұрып,

Жақсылар мен жаманды

                                   салыстырып,

Қиялыммен көз жетпес қияндарға,

Ойларымды жіберем

                             жарыстырып.

 

Бір құрлықтың адамын бір

                             құрлықтың

Адамына жүрсем ғой таныстырып.

 

Сағынышым,

            сарғайған көшеңменен,

Өмірімнің жолдарын әсемдегем.

Адамдардың бойынан махаббат пен

Мейірім іздеп жүремін қашан да мен.

                                                           

***

Ей, соңғы өлең! Мен өмірге бір келем.

Жолдарымда бірге жүрдің жүрмеген.

Көз ілмеген күндеріме куәсің,

Сезімдерім сен арқылы гүлдеген.

 

Сен арқылы сездім уақыт қымбатын,

Ауа болдың, бақыт болдың бір татым.

Сен арқылы абырой да таптым мен,

Сен арқылы ел есінде қалды атым.

 

Сен арқылы абыройлы, асқақпын,

Маған қанша туыс таптың, дос таптың,

Сен арқылы сездім дәмін бақыттың,

Сен арқылы сездім мәнін мақсаттың.

 

Қаншама жыл өмір өтті өзіңмен,

Қаншама түн өзіңді ойлап көз ілгем.

Сені іздедім жүрегімді боздатып,

Сияқтымын бота іздеген бозінген.

 

Жүрген кезде сені таппай ойланып,

Өзің таптың жанымды шыр айналып.

Ойланбай-ақ кеттім кейде, табыстық,

Қалғандай-ақ мен өзіңе байланып.

 

Жоқ болса да сенде менің аласым,

Күнде келіп есігімді қағасың.

Сен арқылы таптым елмен жарасым,

Сен арқылы сездім өмір бағасын.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір