Оқушы жаратылысын көре білген
27.11.2015
1429
1
589289_1485983635___________Бүгінгі мықты ақындардың құнарлы топырағы – Жұмекен жыры. Артында қалған жеті томдық мұрасы ақынның еңбекқорлығы мен әдебиетке деген шексіз махаббатының айқын дәлелі сияқты. Жазудың қиындығын сезінген қаламгердің өзінен жеті томдық мұра қалса, бұл оның көп жазғыштығының емес, жаза алатындығының белгісі-ау. Ақын Ертай Ашықбаевпен әңгімеміз Жұмекен төңірегінде…

– Қалам ұстағандардың бәрі өлеңді түсінетін сияқты. Ақыны да, жазушысы да. Сондай-ақ, әркімнің мақтайтын өз қаламгері болады. Бірақ Жұмекенге кел­­генде, өлеңді аз түсінетін адамдай тосырқап қалады. Оның тереңдігіне там­­санады. Арыға бармайды. Жастар да «Осы біздің тамсануымыз «Жұмекен сұм­дық қой» дегеннен аспайды» деп өз­дерін өзі мазақ еткендей күлісетіні бар. Жұмекенді оқудың қиындығы не­де?
– Бәлкім, тамсанғанситын шығар. Тамсану беріде жүргеннің емес, арыға бар­ған­ның, тереңге сүңгігеннің еншісі ғой. «Жартылай ақ, жартылай қара өлеңнің» соңғы қайырымын өзің де жақсы білесің: «Жұртым менің! Өлең сүйгіш, сөзуар, сөз жайлы әлі… келеді әлі тартысып: түк ұқпайды жартысы, ша­ла ұғады жартысы. Жал бітіпті жартысына солардың, жартысына бітті бел: ылғи жар­ты қайран менің оқушым, оқымауға кел­ген шақта – бүп-бүтін, түсінбеуге келген шақ­та – түп-түгел». Ал оқу, шұқшиып оқу – шо­лып шығу емес, ендеше шолып шығу – то­лық түсінуге тырысу емес. Яғни  өз оқыр­манының қандай екені ақынға сол кезде-ақ әбден белгілі болған. Ал Жұмекенді оқудың қиындығына келсек… Бәлкім, бұл «қиын­дық­тың» бір себепкері – форма. Мысалы, 1971 жылы шыққан «Қызғалдақ туралы бал­лада» жинағына дейінгі қолтаңба мен 1980 жылы қолға тиген «Шуақтан» басталатын қолтаңбаны салыстырыңыз. Бұрын не­гізінен, (әрине, ылғи емес) баяғыдан мә­лім сары сүрлеумен келе жатқан кәдімгі қа­ра өлеңдік шумақтарға бағындырылып жа­зылатын тиянақты өлеңдер кейін ақын­ның өзі «притча песенно-балладного характера» деп анықтама берген сюжеті ұзақ жыр­ларға айналып кетті емес пе?! Ол да еш­теңе емес-ау, сол ұзақ жырларыңыздағы оқи­ғалар мен оқиға еместер кез келген са­на қабылдап алуға лайықты әбден қалып­тас­қан жаттанды сипатпен баяндалмайды, мы­салы, жолшыбай қыруар қосымша көр­кемдік бейнелеу құралдары пайдаланылады, яғни әдебиет теориясына қатысты ал­уан-алуан ескілі-жаңалы термин­­дер­дің Жұмекенге қызмет етпегендері кемде-кем. Бұл да бергі жағы, одан арғыға барсаңыз, ақын тіріні де, өліні де сыртқы көріністердің бояуға малынған қанық суреттері арқылы емес, қолға ұстауға келмейтін ішкі түйсіктің тосын һәм жұмбақ емеуріндері арқылы ұсы­нады; әншейінде қанша көрсең де еш мен­сіне қоймайтын әлдебір таныс жайға Жұ­мекеннің жолдарын оқыған соң кенеттен таңырқай қарайсың; мырс еткізетін әзіл де­геніңіз, бір қайырылып қарасаңыз, әзіл емес, астары түрпі ащы кекесін екенін аңғарасыз; анау – тұрмыстық трагедия; мы­нау – уытты комедия… Несін айта бе­ре­йік, мектеп оқушысының әуелі кіріспесі, со­сын негізгі бөлімі, ақыр соңында қоры­тын­­дысы бар ыждағатты шығарма-маз­мұн­дамасындай тәртіпті өлеңдерге үйреніп қалған жұрттың тосырқамасқа амалы бар ма?! Жұмекеннің де бұған аса шамданбай, «қайран менің оқушым» деп кешіріммен сөй­лейтіні де сондықтан шығар.
– Ақын ақын болғалы «жұмбақ» деген анықтауыш оның айнымас серігіне ай­налды. Ол туралы жазылған зерттеулер мен мақалаларды оқып отырсаңыз да оның күрделілігі һәм қарапайымдығы туралы ұзақ-ұзақ толғаған ойлар мен «жұм­бақ ақын» деген тұжырымға қайта-қайта маңдайыңыз соғылады. Саяқ жүр­генін жұмбақ боп көрінгеннен кейін за­мандастары осы бір сөзді поэзиясына да оңай жапсыра салған жоқ па екен деген ой келеді. Неге біз сол жұмбақты шешуге талпынбаймыз? Поэзияны талдау, түсіну қаншалықты қиын. Жұмекенді жұм­бақ деуіміз сол қиындықтан оңай құтылудың жолы ғана емес пе?
– …Құтыла алар ма екенбіз? Тіпті, біз со­лай құтылғанның өзінде дүниеде не өз­гермек? Мысалы, ақындық тілдің реформаторы Велимир Хлебниковты, әйтпесе ХХ ға­сырдың көрнекті ақындарының бірі Борис Пастернакты орыстардың арасында екінің бірі түсініп жатыр ма? «Бұ қазақ Абай­ды да түсінбеген» дейін десем, әншейін кө­кезу сөзуарлық сияқты болып көрінер. Бі­рақ расы солай. Ахмет Байтұрсыновтың 1913 жылы жазылған мақаласы солай дей­ді: «Абайдың терең пікірлі сөздерін қа­ра­пайым жұрттың көбі ұға алмай, ауырсынады. Абайдың өлеңдерін мың қайтара оқып жат­тап алып жүрген адамдардың да Абай­дың кейбір өлеңдерінің мағынасын түсініп жет­пей жүргендерін байқағаным бар. Тіпті, осы­ның мағынасы не деп сұрағандары да бар. Сол өлеңді алып қарасақ, айтылған пі­кір­де, ол пікірді сөзбен келістіріп айтуында еш кемшілік жоқ. Түсіне алмаса ол кем­ші­лік оқушыда». Ахмет Байтұрсынов сондай түсінуге қиын сөздердің бірі ретінде «Көк тұман алдыңдағы келер  заман» деп бастала­тын өлеңді тұтас келтіреді. Ал осы өлеңді қа­зір екінің бірі әлсін-әлсін тұшынып (ең бас­тысы, түсініп) оқып отырады дей аламыз ба? Абай туралы зерделі зерттеу еңбегін Тә­кен Әлімқұлов «Жұмбақ жан» деп ата­ғанын білесіз. Қаншама аударып-төң­кер­генімізбен Абай (әрине, өзі ғана емес, одан гөрі ақындық қатпары) әлі де жұмбақ, Абайды талдап бітіру мүмкін емес. Сондай-ақ, Жұмекен де жұмбақ болып қала бермек.
– Жарайды, жұмбақ ақын-ақ болсын. Бірақ сол ақынды түсінуге қан­ша­лықты ұмтылып жатырмыз?
– Жұмекенді түсінуге қаншалықты ұм­тылу, әрине, әркімнің өз ықылас-талғамына, дең­гей-білігіне байланысты болса керек. Оған қоса, мейлі, Жұмекенді тіпті түсінуге де, ең болмағанда, түсінгенсуге де болатын шы­ғар, ал түсіндіру… Меніңше, ең қиыны – осы. Әзірге біз Жұмекенді қалай түсінге­ні­мізді түсіндіре алмай жүрміз-ау деймін.
– Жұмекен келтіретін бір мысал бар. Анд­рей Вознесенский поэзиясын талдай келіп, Юнна Мориц: «Плох тот поэт, ко­торый не обманул ожиданий и дал то, что обещал в юности. Значит, он лишен си­льнейшего чувства – чувства пути», – деп­ті. Жұмекен өзі­нің ақындық жолын өте қатты сезінген сияқ­ты. Жыл сайын жаңа жинағымен қуант­ты деп айтамыз. Про­за да, сын да жазды. Осы кісінің тек поэ­­зияда емес, басқа жанрларда да сон­­­шалықты көп жазуының құпиясы бар ма?
– Мориц, әттең, қазақша білмеген, сол себепті Жұмекенді қазақша оқи алмаған, әйт­песе ол осы сөзді сол Андрей Возне­сенс­­кийіңізді қазақша сөйлеткен Жұмекен ту­ралы да айтар еді. Дегенмен, қазақша біл­ген, сол себепті Жұмекенді шып-шыр­ға­сын шығармай қазақша оқып келе жатқан Әбіш ағамыз – Әбіш Кекілбаев мұны тіпті та­маша айтқан ғой. Оқиық: «Мен өз басым қа­зақ поэзиясының керуенін көптен көз жаз­бай бақылап, қадағалап оқып оты­ра­тындардың бірімін. Ондағы әр «түйенің» аяқ алысы мен әр «теңнің» ішінде не жататыны көп ретте маған айтқызбай-ақ белгілі боп тұ­ратын да жайы бар. Бірқатарының жырын оқып: «иә, бұндайды тек осыдан ғана күтуге бо­лады», – дейсің. Екінші біреулерін оқып: «Апы­рай, бұндайды күте қойған жоқ едім», – дейсің. Үшінші біреулеріне: «бұдан артық бұ­дан не күтуге болады», – дейсің. Ал  Жұ­ме­кен Нәжімеденов бұндай үш топтың үше­уіне де жатпайды. Ол кітаптан кітапқа ауыс­қан сайын, аренаға әр шыққан сайын снаря­дына жаңа бір қосымша гир қосып оты­ратын штангист сияқты: «Апырмай, бұл жолы қайтер екен», – деп қарадай қыпы­лық­татып отырады». Оқырманды ақынның әр жаңа жинағы әрдайым қуантып отырған құпияның басты себебі – осы. Ал өлеңді до­ғара тұрып, үш роман жазуы және  еш та­лас жоқ, сүйекті романдар жазуы – ең­бек­қорлығы ғана емес, қосымша гир қосса, кө­тере алатындығына сенімді штангист тә­різді өз рекордының қай күні қанша килограмм көрсететінін анық пайымдай алған­дығы.
– «Эксперимент – дәстүр топыра­ғын­да ғана жасалады» деген сөзді бүгін ға­­на айтылғандай қабылдайтынымыз бар. Жарасқан, Тұрсынжан Шапай да айт­ты бұл ойды. Ал олардан бұрын Жұ­ме­кен осылай уәж айтады. Жұмекеннің поэ­зиясы да, прозасы да («Аспан ша­қы­ра­ды») экспериментке толы болды. Оның көп жазуының бір себебі – осы экс­периментшілдігі болса керек. Жаңа­лық­қа құмарлығы. Өзі де жаңалық туралы көп жазушы еді ғой. Жұмекен экспе­ри­менттері қаншалықты сәтті бол­ды? Қа­зақ өлеңіне не қосты?
– Эксперимент дегенде… Мен Жұ­ме­кен­нің өлеңдерін эксперимент ретінде қа­был­даған емеспін, ылғи көзіміз де, көңіліміз де үйренбеген, басқаша бір тәсілмен жа­зылған өзгеше өрнекті поэзия ретінде қа­былдадым, сол себепті, қай экспери­мент­тің қан­шалықты сәтті болғанын айтып та бере ал­маспын. Ал қазақ өлеңіне не қосқанына кел­сек… «Татьянаның сөзі» бар емес пе еді: «Қай­мақ еді көңілімде, Бізге қаспақ болды жем». Үнемі қаймақ жемесек те, үнемі қай­мақ жегенге ұқсап көрінуге тырысатын біз­ге Жұмекен қаспақ жегенімізді (дәлірек айтқанда, қаспақ та жеп жүргенімізді) жасырмай айтуға болатындығын ұқтырды немесе мінсіз тұлпардың үстіндегі күміс ерде отырған жансыз портретімізді тұр­мыс­тық-техникалық дүкенде жүрген ке­зімізді көр­сетіп тұратын жанды бейнефильммен ал­мастырды, әйтпесе ылғи бүтін өлең жазу мін­дет емес екендігін ишаралады.
– Жұмбақ шешіле бастағандай… Ақ өлең, әр түрлі формада (геометриялық фигурамен) жазылған кей өлеңдерді қа­тып қалған теориямен ғана түсіндіріп келдік. Жұмекен жаңағы сіз эксперимент деп ойламаймын дегеніңізден шы­­ғады. Ол формалық жақтан өзгеше, маз­мұны түсінікті поэзия жазды. Осы жол­мен жүрген ақындар да аз емес. Ты­ныштықбек, Мейірхан сияқты ақын­дарымыздың кейін түсініктірек болғаны ал­дында Жұмекендей ақындардың бол­ғандығынан емес пе осы?
– Түсініктірек дейсің бе?.. Интел­лек­туалдық поэзияны бұлай жіліктеп берудің жөні қалай болар екен?.. Оның үстіне, Жұмекенді оқумен ғана шектеліп қалмаған бұл екі ағаңыз түп-тұқиянына дейін зерделеген әлем әдебиетін, әйтпесе жаһан философиясын қайда қалдырамыз?.. Оған қоса, мысалы, Жұмекеннің өзі кімдерге қара­ған­да түсініктірек болғанын да сұрай салатындар табылуы мүмкін ғой… Бұл сауалға сол се­бепті де қысқа қайырсаң жартыкеш болып тұратын жауап қайтарудан тартына тұ­райын.
– Бүгін Жұмекенді басқа ақындардан оқ­шаулап тұрған ерекшелігі не?
– Поэзиялық эволюция. Жұмекеннің бір ерек­шелігін де, бар ерекшілігін де осы ар­қы­лы жан-жақты таратуға, осы арқылы жан-жақты талдауға болады деп ойлаймын.
– Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен 
Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ.
ПІКІРЛЕР1
Аноним 05.11.2023 | 01:17

Мынау сұхбат емес қой

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір