Сыбызғы сарынды қалам
27.11.2015
1971
0
585936_1323749146_________Мектеп оқулығына енген «Қараой» Махамбеттің өлеңін жаттап жүрген оқушыны түрлі қиялдарға жетелейтін. Шабындығымыз – Қараой аталушы еді. Махамбеттің басы кесілген жер осы болғаны ма деп алысқа көз салып, ұзағырақ тұрып қалатынбыз. «Батыйдың жер қайыстырған қалың қолы» көрмей өтіп кететіндей қандай құдіреті болды екен деп, бірнеше ауылды жасырып қалардай қалқа таппай әрі-сәрі күй кешер едік. Үлкендердің жауабы көңілімізді түсіріп тастайтын: «Ол басқа Қараой». «Бала-шағадан аулақ», – деп жауларын жан дәрмен сыртқа сүйреген Махамбет алдымен «бала-шағаның алдында ал», – деп Жаратқанына жалбарынып отырар кәрілерді еске салатын. Әкесінің ақырғы сәтінде «сыртқа шығармай жасқап тұрған» қара қанжарға «оқжыландай атылып, жараланып қалатын» Нұрсұлтан бала жүректі жиі дір еткізуші еді. «Оның орнында мен болсам…» деген анық қоюға батпайтын қорқынышты сұрақ әкенің амандығын тілеумен ұштасатын…
Ақан серінің жынданып өлмегеніне де Тәкеннің «Көк қаршығасын» оқыған соң қалтқысыз сендік қой деймін. Студент күнімізде ара-тұра құлағымыз шалып қап жүретін «Абсент» деген сөздің – жылқының аты екенін де Тәкен арқылы білдік. Тәкенді оқыған соң, Ықылас, Тәттімбет, Сүгірлер жайлы әлдекімдермен сөз таластырғымыз кеп тұратын «білім» жинап үлгеріппіз. Тәкенді оқыған соң, күй өнерінің табиғаты жайлы «пәлсапа» соғатын болдық. 
Тәкенді оқыған соң…  

Алмас НҮСІП

О баста ақындығы мен сыншылығы арқылы танылған Тәкен Әлімқұловтың прозасын әдеби орта алғашында «жол ортасында мұнысы несі?» – деген то­сыр­қаумен қабыл алыпты. «Ақ боз ат» жарыққа шыққанда көп ешкім елең ете қоймаған сыңайлы. Оқығандар болса да, пікір білдіруге асыға қоймағандай. Бұл үнсіздік пен тосырқау негізсіз де ем­ес еді…
Қырық жаста адам ақыл тоқтатып, оң-солын танып болады дегенмен, жаңа өмір бастау оңай дей алмас едік. «Прозаны қырықтан кейін жазу керек» деген көзқарастар – аса жанды пікір емес. Оның өлең мен әдеби зерттеуге, журналистика мен сынға қаламы төселіп, буыны қатып үлгерген шақта жазған алғаш­қы романы анау айтқандай назар ау­­дар­­та алмады. Оны жазушы ретінде қалтқысыз мойындатқан – әңгімелері еді. Әйтсе де, прозаға кешеуілдеп келуі – оның көркемдік әлеміне із қалдырмай кеткен жоқ.
Оның прозасында күйіп-жанған махаббат, жастық жалын, асау, аусар армандар жоқ. Шалқымаға шорқақ жазушының қаламы шиырлап кеткен атыраптың қай қиырына көз салсаңыз да, өмірге ойлана қарайтын сабырлы жанның келбеті тұрып алады. Оның жас кейіпкерлерінің өзі өмірді әуелі әлеумет­тік тұрғыдан қабылдайды. Олардың жү­ре­гіндегі сезімдер қымтаулы. Әр қада­мын аңдап басатын, бар ісін есепке құра­тын кейіпкерлері кейде  жазушының аттап бастырмай қойған озбырлығына шыдамай, енді болмағанда өзіне бұйы­рыл­ған рөлді ойнаудан бас тартатындай. Жазушы сызып берген шеңбер жас жүректердің еркін ұғысуына, сағынышын айтып, мұңын шағуына, зарығын жет­кізу­ге таршылық жасайтын. Астындағы тұлпары оққа ұшқанда өлі басын құшақ­тап, өкіре жылаған иесі үшін өзі сүйген жануарға деген махаббаты мен қимас­ты­ғын білдіруге берілген уақыт та тым аз. Сүймегеніне зорлықпен ұзатылған қыздың да аһ ұрған жалыны ішінде кете барады. Қандай әсерлі, қандай қайғылы сәт те Тәкен қаламының илеуіне түскен соң жуасып сала береді. Оның асқан салқынқандылығы кейде қоп-қою оқи­ғаның өзін қарабайырландырып жібе­реді. Мәселен, Ықыластың басына қам­­шы тиді. Соншама ширықтырып әкеп, асса «әлдекім атын қамшылап ша­ба жөнелді» дегендей ғана түйінделеді.Ықыластың атын білмейтін әлдекім оқыса, тіксінбей, сезінбей сыдыртып қа­на  өте шығардай.
Осындай «сараңдық» оның алғашқы романын жансыздау көрсеткен. Бұл кезде ол зерттеуші ретінде қалыптасып үлгерген. Кез келген мәселені жан-жақ­ты қамтуға тырысатын зерде кейде көркем шығармаға сиыспайтын түсін­дірмелерге бой алдыратын. Бірде айдама бәйге мен айналма бәйгені тәптіштеп кетеді. Енді бірде, ән мәтіндеріне шұқ­шиып, әннің табиғатына үңіліп отырып алады. Онысы әнді талдап отыр­ғандай әсер қалдырады. Өзі білетін әл­дебір ақпараттарды қосып, күнделікті тіршілік­тегі ұсақ-түйек қажеттіліктерге дейін жіпке тізіп отыратыны роман табиғаты­мен үйлесе алмай жатады. Соңы­на жеткенде шығарма кейіп­кер­ле­рінің бейнесі мен әсерлі оқиғалардан гөрі әлгіндей ақпараттар есіңізде кө­бі­рек қалады.
Мұндайда Тәкенді оқу қиынға түсер еді.
Тілдік қолданыстарға ерекше мән беретін жазушының бір «Ақ боз атының» өзі ала-құла. Кей жерлері бас көтертпей жүр-жүрлесе, кей тұстарын үлкен күш­пен еңсеруге тура келеді. «Көп ұзамай күрес, сайыстар болып өтіп еді» сияқты сөй­лемдер кездесіп қап жатады. Жазу­дың, жанрдың табиғатын өте жақсы білетін Тәкен «журналистиканың сарындарынан» қашқақтағанмен, төселіп қалған жүрдек қаламы әлдеқайда алып қаша бергендей. Мұндай кемшіліктерді түзеу­ге мүмкіндігі де, білімі де жеткілікті болатын. Бірақ бір жазғанын екі, үш қай­та­ра қарап шығуға, түзеу мен күзеуге он­ша мән бермейтіні зардабын аз тигі­з­­бепті. Және  бір шығарманы ұзақ уақыт бойы жазған сияқты. «Ақ боз ат» нақты қанша уақытта жазылып біткені белгісіз, анығы, арасы үзіліп-үзіліп жазылғаны. Ой қайталау көлемді шығарма үшін әдеттегі жағдай десек те, бір суреттің, оқиғаның екі мәрте қайталануы, бір мы­сал­ды бірнеше рет қолдану – жазудың бір қалыпта болмағанын көрсетеді.
Кейіпкерлерінің «шала бауыздалып» қалатыны сияқты, оның оқиғалары да дер шағына жеткенде шолақ қайыру­лар­ға ұшырайды. Оқушысын ынтықтыра, қызықтыра түсетін бұл тәсіл – кейде тым қатал кесімдер жасап жібереді. Мұндай шолақ қайырымдар автордың өзіне жа­саған үлкен қиянаты еді. Толғағы жетіп тұрған оқиғаның ширығар тұсында кенет ұстаған сабырлылығы оны күштеп тоқтататын. Алдағы беттерде жалғасар деп, қимасаңыз да басқа бір желіге аунап түсесіз. Ал, жазушы үзілген оқиғаны қайта жалғамақ болғанда алғашқы әсері көмескі тартып, темірі суып қалған – жеріне жеткізе алмай, асығыс нүкте қоя салады.
Оны  жазу үстінде көп ойлар қаума­лап отыратын. Соның бәрін қамтып, қармап қалуға тырысады ол. Бір оқиғаны екінші оқиға кимелеп кететіні содан. Жазу үстінде тапқан әрбір сәтті, тосын тіркес, теңеулер оны арқаландырады. Тыңнан тапқан сөзі көлеңкеде қалып кетпесін деп, оқушының назарын ау­даруға тырысады – екінші мәрте қол­данады. Бы­лай­ғы тіршілікте әпенделеу жазушының қызу жұмыс үстіндегі көңіл-күйі де ал­мағайып. Оқиғаның нәтижесін ертерек білдіріп алу – жазу үстіндегі тынымсыз, дегбірсіз мінезді аңғартады. Автордың өзі оқиғаны сырттай ғана бақылап отырады да, кенет, килігіп кетеді. Жүйрік­тер­мен қапталдаса шауып келе жатқан жазушы шыдамын сарқып алғанда: «маңғыл қасқаның маңдайы жарылайын деп тұрғаны күмәнсіз еді», – деп салады. Шығарма­ның соңғы нүктесін қоюға асығатыны сондай, орта жолдағы диалогтар да асығыс өрбиді, қысқа тә­мам­далады. Сырттай сабырлы, тәкаппар көрінетін жазушы анығында секемшіл, әсершіл жан. Осы мінезі оның тынысын бітеп тастайтын. Қалам жүрмей, жазу кібіртіктей бастаса шыдамы сарқыла түседі. Тоқтауға болмайды, қайтсе де ал­ға жылжу керек. Мұндай дағдарысты шақта ақырын күтіп, өзін жеңуден гөрі жаңа бір оқиға ойлап табу әлдеқайда оңай болатын оған. Қалыптап, оқушы­сы­на етене таныстырып үлгерген кейіп­керінің болмыс-мінезіне келмейтін ойларды айтқызып, бойына шақ кел­мейтін істерді тықпалап жібереді. Өзін тым ашық ұстай алмайтын қорғаншақ мінез – автордың кейіпкерге толықтай айналуына мүмкіндік бермейтін. Роман­дағы адамдардың ар жағында өз айт­қанын ғана орындауды талап етіп, актердің әр қимылын бағып қатал режис­сер отырады. Ол қалыптаған образдар автордың дүниетанымы тұрғысы­нан ғана сөйлейді. Сол үшін де Тәкеннің кейіпкерлері көп жағдайда әдебиетші сияқты ойланады. Дүниеге әдебиетшінің көзімен қа­рай­ды.
Оның кейіпкерлері кейде мезгілсіз сөйлеп, мезгілсіз қимылдап қояды. Шынар мен Елеусіздің табысатын сәтінің қысқалығы – жазушының роман соңына шалдығып жеткенін аңғартады. Бұл кезде екі жастың махаббатына автор­дың өзінің де көңілі суып қалған. Мұн­дайда шешімді оқырманның өзіне қалдырамын деп, кейде тым ауыр сал­мақ салып жібергенін байқамай қа­лады.
Оның жанры – әңгіме. Әсершіл, тез қызынып, тез суынғыш мінезі соған икемді болатын. Оның романдарының циклды әңгімелер, тіпті, бір өңірден жасалған сериялы очерктерге ұқсап тұратыны содан. «Дүниеде өз басыңнан кешірмеген нәрсеге қалам ұрудан қиын не бар?» – дейтін журналист-кейіпкері сияқты, өзі де көзбен көрген, куә болған дүниелерді боямасыз жеткізуге тырысты.
Ойдан ештеңе қоспай жазуға тырысу – оның көркемдік әлемін шектеп тас­тайтын.
Романист Тәкен мен әңгімеші Тәкен­нің арасындағы айырмашылық  жер мен көктей. Үлкен көлемде шашыраңқы кө­рінетін жазушы әңгімеге ауысқанда жинақы, шымыр қалыпқа ауысып алады. Бір деммен кірісіп, ыстығын суытпай, өкпесін шалдықтырмай соңына жетіп, бір-ақ тоқтайды. Қай шығармасын ашып қарамаңыз, ел ішінде көп жүргені, көпті көргені аңдалмай қалмайды. «Азаматтық өмір тарихы кедей автордың шеңбері, тынысы кең шығарма тудыруы қиын», – дейтін жазушының тақырыбы өз айналасынан өрбиді. Көркемдік кеңістігі көбіне Мәскеу – Алматы – Созақ арасын қамтитын шығармалары­ның басты артықшылығы – шынды­ғын­да.
Оның бәсіре тақырыбы – күй. «Сүгір болмаса, Сүгірдің «Кертолғауы», «Тоғыз тарауы» болмаса жазушы болар ма едім, болмас па едім» – өз дүниетанымын, көркемдік өрісін қапысыз таныған жанның сөзі. Егер, оның шығармашылы­ғынан күйді алып тастасаңыз ештеңе де қалмас еді. Күй тартылмайтын шығар­масы некен-саяқ. Дегенмен, адамның артықшылығы – кемшілігі де: Күй тартылар ортаны айналшықтап жүріп алатыны бар. Бір тақырыпқа бірнеше шығарма жазған күйді сөзбен сөйлетудің шебері көп жағдайда өзін-өзі қайталауға мәжбүр. Оның күйші, атбегі кейіпкер­лері­нің бір шығармадан екінші шығар­ма­ға еркін ауысып жүре беретіні сияқты, сөзге түскен күйлері де әр әңгіме, хикаят­тарынан көп өзгеріссіз ұшырасып оты­рады. Сол әсер, сол сурет – сол күй. Қо­лы жүрмей қойғанда, домбыраны былай тастай салып «Қаратаудағы» Назар қобызшы сияқты күй сарынын ауызша соғатын Тәкен үшін күй – әр шы­ғар­масының әрін кіргізіп отыратын не­гізгі тұздығы еді. Ол соны қапысыз ұқты, сол үшін де жиірек, кейде, тіпті, әдеттен тыс күйге жүгінетін.
Тәкен айта қоярдай дәулескер болмаса да, тым қара жаяу емес, бір тартары бар домбырашы болған дейді біле­тін­дер. Ол күйдің ұңғыл-шұңғылын, қал­тарыс-бұлтарысын анық аңғара алады. Түсіне, түйсіне алады. Дом­бы­ра­шылық, күйшілік – жатырда дариды деседі. Тәкен – іштен күйші болып туған жан. Оның кемшілігі – мектеп көрмегені. Сол мектеп көрмеген күйші басқа емес жазушы болды. Оның ындыны өмір бойы күй аңсап тұрды. «Ол идеяны өмірден туғызбай, өмірді идеядан іздейді», – дейтін бір кейіпкері (өзі) әріптесіне мін арта. Жазушының өзі де өмірді күйден іздей бастағанын аңғарған жоқ. Күйден – оқиға, күйден – адам, күйден – шы­ғар­ма туғызды. Күйден – өзін іздеді. Сонау Тәттімбет, Ықыластардан тартып берідегі көзін көріп қалған Сүгірге дейін­гі аралықтағы күйшілердің бір сәт­тік өмірі күйімен бірге Тәкен қаламының ұшына байланды. Жазушы олардың пендешілік өміріне қызыққан жоқ. Олар жайлы дақпыртқа да, аңызға да алданып қалмады. Қызды ауыл, тойлы жиын­дағы қызықтарға да мойын бұрмады. Қандай оқиға, қандай жиын болмасын, ақыры күйге келіп құйылады. Оған ке­регі – күй еді. – Ал, адам – соны  жеткерудің көмекші құралы ғана.
Бұл кезде кемеліне келген жазу­шы­ның шеберлігі күйдің ыңғайына қарап, кейіпкерлерін қалауынша жусатып-өргізетін дәрежеге жеткен.
Ол өзінің сүйікті тақырыбын енді тапқан…
Күй мен күйші табиғаты төңірегіндегі бізге беймәлімдеу «дәстүрлер»  Тәкенге айдан анық  дүниелер. Күйін қызғанатын қырсық күйші, өтірік аңқаусып күй ұр­лай­тын жиен, «ішкі сырын өлерінде ғана айтатын сарқынды шалдар» образы бір-екі ауыз тіл қатысу, қысқа ғана суреттер­мен оқиға желісіне ілесе отырып терең­ге, биікке жетелей түседі.
Оның ән-күй, бәйге-көкпардан бөлек жетік білетін бір тақырыбы болды, ол – ­қазақтың жаны – ділмарлығы, дос­ты­ғы, базыналығы.
Тәкеннің бала кезі – аумалы-төкпелі, қанды-қасапты болғанмен, елдігі әлсі­ресе де қазақы дәстүрді сақтаған көнекөз орта жоғала қоймаған шақ  еді. «Сыпайы сырын жасырмас болар. Бірақ  былш еткізбей, шыжымдап шығармақ  ләзім. Қазақта екі сөздің бірі у да, бірі бал. Екеуін ажырата білмек керек. Адам болам десең сөз бағып үйрен», – деп ақыл айтатын шалдардың бар кезі. Кемді күнгі балалығы жетім­дікпен өтіп кеткен жазушының аз уақыт аралығында осы бір ортаның сарқын­шағын көріп қалуы бойға біткен табиғи дарынға тамызық болғаны даусыз. Оның шығар­ма­шылығындағы жетімдік – кіл жоқ­шылық пен қайғы-қасіреттен гөрі  өмірге ерте араласып, «ширау» тұрғысынан бағаланады. Жетім қалған жеткіншекті: «Енді шира!» – деп жігер­ленді­ретін, белсенділерден жасырып құран оқитын шал тура осы сөзімен «Ұры» хикаятында да кездеседі. Өзіне жүгінсек:  «Ақын – заманның, жағдай­дың, ортаның түлегі. Көзбен көрген, жүрекпен сезген, бастан кешірген жәйіттер көңіл­дің түкпірінде, мидың қатпарында ұзақ сақталады. Осының барлығы кейін ол есейгенде, әлемнің ақ-қарасын анық ажыратқанда қиялға қамшы, болжамға баян болады». Сыншы Тәкеннің шығар­ма­шылық атаулыда ең басты бағалай­тыны да осы өмірдің өзінен алып, бастан кешкенді жазу еді ғой. Кезі келіп қалған­да өзін- өзі қайталай салатын жазушы ойдан оқиға құрап, кейіпкер ойлап тапқаннан гөрі бір көргенін, куә болға­нын керегіне бірнеше мәрте жаратуды мақұл көргенге ұқсайды.
«Қорқыт» дастанының кіріспесінде:
«Адамзат өлім-көрден құтылмайды
Қисынсыз қиялға мен туажатпын», – дейтін жазушының бейнесін қай шы­ғар­масынан да тануға, табуға болады. Әйткенмен, өзіне, өміріне жақын шығар­масы – «Қаратау» повесі. Повестегі бас кейіпкер Шәукені Тәкеннің өзі деп болжауға болады. Әкесі ұлы ашаршылық жылдары аштықтан емес, елдің қиын жағдайына қайысып, құсадан өліпті дейтін. «Қаратауда» сол әкенің бейнесі ұшырасады. Шәукенің әкесі Ноғайбай жақын жегжатының үйіне түскенде қонаққа деп ұсынар асы – от басы тола тасбақаны көріп, еңіреп жылайтын да, содан ұшынып, оңалмай кететін. Ал, бел­сенділердің құқайына амалсыз көніп, қобызын сындырған Назар – «ұрғашы қарағайдан қобыз шауып, өз шама-шарқынша Қорқыттың күйлерін тартатын», жетімдіктің қамыты мойнына түскен бозбала Тәкенге қамқор болған өкіл әкесі Керімқұл. Күйді ауызекі тарту жазушыға осы Керімқұлдан жұқса керек. Керімқұл қобызын сағынғанда өзіне сыймай, қобыз боп аңырайды екен.
«Қыздырмалатқанда сөзге қонақ бермейтін» қызыл сөзділікті екі сөзінің бірінде сынап отыратын әдеті оған про­заға ауысқанда да тыныштық бермегендей. Былайғы өмірде кісікиіктеу Әлім­құлов жазу үстінде де кейіпкерлері­мен қоян-қолтық араласып, түсінісіп кете алмайтын. Сонысымен-ақ, олардың іс-әрекетіне көп араласатын, қажет емес жерде килігіп кететін. Оның кейіпкерле­рінің көбіне білімді, әдебиеттен хабары бар жандар болып келетіні – жазушының шыдамсыз мінезінен. Ауданның әкімі басқаны қойып әдебиеттегі ұрлық туралы ойланады. Аса сенімсіз болмағанмен, жазушының табан астында келген ойын ірке алмағанынан туғаны анық. «Дүба­рада» қарапайым бір кейіпкер (совхоз председателінің орынбасары) былай көсіледі: «Сіз отырыста аузыңыздан тас­тамайтын Сәкен Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешуінде» қаншама шөптің атын жіпке тізеді. Одан бертінде Ілияс Жан­сүгі­ров қалай тізбектейді. Білгіштер ондай атаулар Абай мен Махамбетте де көп деседі». Оның прозасы осылай да еркін шығандап кете алады.
Аса «білімді» кейіпкерлерінен гөрі оның өмірде өзі көрген адамдардың бейнесі сенімді жасалған. Жаңа айтқан базыналық пен достықты, тойда шатақ шығарып, төбелеспен тарауды әдетке айналдырған, бірді бірге айдап салып, алдап соғып жүретін жырынды адамның образы – мүлтіксіз дерлік есеппен жа­салғандай дәл. Бәйге атын ұрлап кетіп – базыналыққа балайтын, қалжыңы – кісі өлтіретін, қулығы – елдің арасын бүлдіретін, жаулыққа ұлас­ты­ратын мінездердің тігісін жатқызып беретіні сондай – санаңызда қалыпты, әдеттегі оқиға сияқты қабылданады. Оқыр­манына кейіпкерін жамандап, оқиғаны әсірелеп аһ ұрғызбаққа екі бастан сараң. Әйт­песе, оның байқағыштығы қай-қайдағы ұсақ мінездерді, пен­де­шіліктерді қалт жібермейтін. Жас кү­нінде сері, ес тоқ­тат­қан шағында бел­сенді болған, қар­тайып, қуаты кемігенде күйін қызғанатын қырсық шалға айналған Сәруар ұзақ ырғастан кейін Сейтек туралы айтпаққа келіседі ғой. Сөз арасында: «Газетіңе «Сәруар қария айтып еді» деп жаз», – дейді. Ірі адамдардың осы сияқты ұсақ мінездерін сөз арасына білінер-білінбес қыстырып жібереді. Және  онысына назар аудартам деп әуре болмайды. Оның көп шығармаларының сүреңсіздеу, күңгірт­теу көрінетінінің бір себебі осындай қарапайымдылығында.
Тәкен «әр жазушы өз заманының жыршысы» деген қағиданы алдымен әлеуметтік тұрғыдан түсінді. Өзі көрген, куә болған қоғамдық кемшіліктерді көркем шығармаға салуға тырысуы – оның жазуын, өзі айтқандай, «бірде құнды етсе, бірде құнсыз» етті. Сын, зерт­теу мақалаларында жиі айтатын «Әлеу­меттік мәні зор мәселелерді қозғаған өлең ғана ұзақ өмір сүре алады» тектес өлшемдер Тәкеннің өз шығармашылығына да қойылған басты талап болатын. Прозасын былай қойғанда, 50-60 жылдардағы сыни мақалалары, бертіндегі әдеби зерт­теуле­рінің бәрі советтік идеологияның талаптарынан аттап кете алмайды. «Жұмбақ жаны» – Абайдың жүрегіне үңілуден гөрі, оның әлеуметтік ролін көбірек зерделейді. Көп жағдайда Абайды өзі айтқан әлеуметтік бағытта түсіндіреді. Әдебиет теориясын терең білетін ғалым Абайды талдауда мін таптырмайды. Әйтсе де, «Ұлы Совет елінің мәңгілік саясатын» басты бағыт етіп алған зерттеу кейде Абайды да заманға жығып береді. Тәкеннің Абайтанудағы еңбегін – сол тұстарда ұлы ақынға жөнсіз телінген өлеңдерден басын арашалау, текстология тұрғысынан баға­лаған дұрыс. Абайды биіктетеміз деп шөпті де, шөңгені де тықпалауға кіріскен елге тоқтау салуда аз ықпал етпеген сыңайлы.
«Классиктер қатарына сүйреп әуре қылмайтын» Қасым Аманжолов туралы: «Ұлы орыс жерін айтпай, Ертісті бөліп алып жырлайды», – дейтіні бар. Көркем шығармаларында да сөзін Ұлы орыс елін айналып-толғанған тұздықтармен «дәмдеп» отыратын жазушыға «Мың есе білдірдің ғой қадіріңді, Атыңнан айналайын ата қазақ», – деп зор ақын ұлттық тар шеңберге қысылады» немесе Ахмет Риза медресесі жайлы: «Дүниежүзіндегі ең бір шытырман, ең бір қиын, мағына­сыз оқу – діни сабақтар жүретін медреседе Абай да оңай азап тартқан жоқ» сынды пікірлерді айта салу аса қиынға түспейтін. Саяқ жүрген тұйық жазушы­ның саясатта да шаруасы болмағандай. Анығы, бұғанасы ашаршылық жылдарында қатқан жазушы бәрін ерте түсін­ген:  Жарияға шығу үшін – «тұздық­та­май» болмайтын. Одан бөлек, өз за­маны­ның идеологиясына қатты сенгені аңдалады. Сол үшін де Тәкеннен анау айтқандай астар іздеп керегі жоқ. Ол көтерген «әлеуметтік мәселелер» – өз заманында сұранысқа ие тақырыптар болатын. Шопандар өмірі, жаңа заман­ның жарқын жүзді жастары,    орысты айналып-толғанып отыратын еңбек адамдары…
«Қазақтың кәсіби көркем прозасы менен басталады, менімен бітеді», – деп қысылмай қойып қалатын, жүрген ортасында ешкімге көңіл аудармайтын, амандаспайтын тәкаппар Тәкен Махамбет, Ықылас, Тәттімбет, Ақан, Сүгір сияқ­ты тұлғалардан өзге кейіпкерлеріне аса емірене алмапты. Анау-мынауға тебіре­не қоймайтын «қисынсыз қиялға туажат» шыншыл жан өзі айта беретін әлеуметтік тақырыптар ауқымында өзін еркін сезіне алған жоқ. Өзі қалыптаған көр­кем­дік әлемге құлаш ұрарда өзі күнде көріп жүрген сүреңсіздеу өмір көз алдында тұратын. Өз басынан кешкен өмірі, ылғи да жалғызсырайтын ортасы оны толқыта алмайтын. Ал, арғыдағы өнермен астас тағдырлар… Тәкенді жүр-жүрлеп, әлдеқайда жетелейтін де тұратын. Қырсық, қиқар, тік мінезі үшін ақырын-ақырын алыстап кеткен айналасы алыптар әлемінен қарағанда соншалықты қораш көрінетін.
Ешкімді көзге ілмей, шалқая түсіп Тәкен кетіп бара жататын…
ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір