Басымдағы байлығым – кісілігім
20.11.2015
1353
0

990799_1663314782___________2_Оразбай Байбақұлы

Уақыт өзі іріктейді

Ой салмаса өзегіне өткен күн,

Аласұрып арманына жеткен кім.

Тірісінде дүрілдеген атақтың,

Өлгеннен соң өшкендерін көп көрдім.

 

Алуан түрлі өмір жайлы түсінік,

Түсінік те жатады екен ісініп.

Марапатпен, мәртебемен,

Орденменен өлшенбейді кісілік.

 

Құрбандықтар…

Ұмтыласың құнығып,

Кімді қайда апармаған бұл үміт.

Қапталдасып қатарыңда жүрсе де,

Көзге қашан көрініпті ұлылық.

 

Артық шығар арындыны сұйық деу,

Қолда барың сезілетін күйіктеу.

Кісілігің…

Жусаныңнан аласа,

Арлыңыз аз бетегеден биіктеу.

 

Табандылық құм кешеді, тауды асып,

Даурықпайды данаменен дауласып.

Ептілерің етегінен тартпай ма,

Жалындыдан жата ма екен жау қашық.

 

Келмесе де кемелдіні кем дегің,

Жоқ деймісің ақылда ағат, шенде мін.

Ойлы болсаң ұғу керек алдымен,

Қарапайым қасиетін пенденің.

 

Бақытыңды баса алмайсың күрік боп,

Ең болмаса елеусізді біліп кет;

Шыңыраудан шығаратын шыңына,

Ұлылықты уақыт өзі іріктеп.

 

Тарландарың таңдамаған тасаңды,

Жалшылықтар жалғасады қашанғы?

Саналарда сақталмайтын атақтың,

Байыптасаң барлығы да жасанды.

 

Көріп пе едің көңілдегі қақ түрін,

Адалдықсыз аша алмайды бақ бүрін.

Есениннің…

Ұмытуға бола ма,

Абай менен Пушкиннің тағдырын.

 

Емдейді уақыт

Алдап қойып аштықты қатықпенен,

Өзегіне ойлардың батып келем.

Тән түгілі жаныңның жарасын да,

Емдейтұғын біртіндеп уақыт деген.

 

Ойлыңыздың өтпейді түні тымық,

Мұраттының көрмеген мұңы тұнып.

Кінәраттар кететін кекке айналып,

Жақсылықтар жатқанда ұмытылып.

 

Бүлк етпейтін пәлеңіз бүйректеме,

Әлділерің әуестеу «сүйретпеге».

Тегеурінді азайтып…

Тереңірек

Өмір сырын ұғатын сирек неге?

 

Көкірегім күйе ме текке менің,

Шырылдасаң шыға ма екпегенің?

…Таңбаланған тағдырдың өзіменен,

Жазылмайтын жарақат жоқ демегін.

 

Қайтесің…

Баурына басқан қапсырып,

Телміргенімен тетеңдей,

Аусарға еткен жақсылық,

Адасып кетеді екен ғой.

 

Қапысыз атты қай таңым,

Ашындым…

Түк те айтпадым.

Қайырымдардың байқадым,

Қиянат болып қайтқанын.

 

Мелшие берем мен неге,

Ширыға түстім шермен кеп.

Жанары тұнық пендеге,

Жамандық жасап көргем жоқ.

 

Таңбасын салып сүйекке,

Өтпейді деме жай тосын.

…Ізгілік еккен жүйекке,

Қалақай өнсе қайтесің?

 

***

Өмір жоқ толмаған, солмаған,

Кеңістік мәңгілік кең деме.

Қанағат қашанда болмаған,

Араны ашылған пендеде.

 

Ешкім жоқ ептіні тиятын,

Айламен атпай жүр «оқты» кім.

Ұйқыда жатқанда ұятын,

Жерлеген жетпегір көп бүгін.

 

Тапқанды тығатын қуыс көп,

Кеуделі көнеме ақылға.

…Түнерген дүние…

Туыс жоқ

Тиынға табынған пақырда.

 

Күмбірлеген дүние

Жомартың да жүдемек,

Білдірмейді жау ізін.

Сүртетіндей сүмелек,

Арыстанның ауызын.

 

Сабырлылар санаулы,

Айтпайтындай ақылын,

Таққа мінген танаулы,

Қысатындай тақымын.

 

Кеберсумен келемін,

Қайда өмірдің сабағы?

Төріңдегі төренің,

Ашылмайды қабағы.

 

Саны артты ма сараңның,

Күнім өтті күйіне.

…Кімдер үшін жаралдың,

Күмбірлеген дүние?

 

***

Гауһардан қарғы таққанмен,

(Сескендіреді себеп кей),

Қанденді қанша баққанмен,

Бола алмайды екен төбеттей.

 

Тұқымы түйсік келтіріп,

Жігеріменен жылитын,

…Буыны қатқан бөлтірік,

Орманға қарап ұлитын.

 

***

Орын жоқ бүгін өкпеге,

Естілік керек епке де.

Мәртебесі өссе танысын,

Танымайтындар көп неге.

 

Адуынды арман кесек кей,

Елеңдетпей ме есепті ой.

…Алтынға орап қойсаң да,

Есектің аты есек қой.

Шытырманды шындығың

Сабырыңды, түйсігіңді төзім ғып,

Алдыменен ақылға сал, сөзімді ұқ.

Тастағанмен тамұғыңды орнатып,

Жалақордың жауабы бар өзіндік.

 

Жоқшылықта жүре алмаған теңгелеп,

Көмпісіңнің көмпісімін мен демек.

Қарғысыңа жатқанымен қамалып,

Өзін-өзі ақтамайтын пенде жоқ.

 

Тілеп едім жалғаныңның жарығын,

Қоюланды қанымдағы кәрі мұң.

Адал сынды өсекші де, ұры да,

Шымырлаған «шындығы» бар бәрінің.

 

Тағдыр неге тақымдады тау ұлын,

Басылмады басымдағы дауылым.

…Адастырды шытырманды шындығың,

Қайдан табам ақиқаттың ауылын?!

 

Жыр егейін

Ұшталса да өмірімен тілек-ойым,

Таба алмадым тағдырдың бірегейін.

Сарқып тұрып санамның кілегейін,

Қағазыма қастерлі жыр егейін.

 

Қуаныштың буына бөленбегем,

Енші маған тиер деп елеңдемен.

Пейіш үшін пір тұтқан төреңді емен,

Өмірімнің өзегі өлең деген.

 

Көрінгенмен көздіге кішігірім,

Ақ боранды ақынның іші бүгін.

Түсінетін түбінде түсі жылың,

Басымдағы байлығым – кісілігім.

 

Бусанумен өткізгем бұла түнді,

Өзгертпеймін өлсем де мұратымды.

…Берекеңді, безбүйрек, бермесең қой,

Жатырқайтын жайым жоқ қыратымды.

 

Ұмытпадым тобаны

Мешін жылғы мен дегенің бір ақын,

Ақылдылар айтқанында тұратын.

Арамдықпен ауызданған пенденің,

Тежегіші теріс болып шығатын.

 

Тыныштықты Тәңірімнен тіленгем,

Шындығымды бұрмалады шіренген.

Өзгелердің обалына қалғанның,

Өтер жолы оңалмасын білем мен.

 

Кінәлама, қысқа шығар тауаным,

Еріншектің естімедім жауабын.

Ақ ниетпен алғым келіп тұрады,

Сансыраған адамдардың сауабын.

 

Үстіменен жүре алмадым жеңілдің,

Көңілімде нені көріп, не білдім.

Қырсықтыға кешіріммен қараушы ем,

Содан шығар ұзарғаны өмірдің.

 

Көзім тірі,

Көлшігім бе,

Қоғалы,

Күмілжімен…

Көксегенім жоқ әлі.

…Сыбағамды әкеткенде сыпырып,

Өкінсем де ұмытпадым тобаны.

 

Кең дүние

Өсекпенен өрбитіндей майда мін,

Қалтарыста қалмай жатыр қай дарын.

Пысықтар бар…

Тиер болса пайдасы,

Қалқитындай қара судың қаймағын.

 

Бұлқындырып борағанмен қарша мұң,

Үміттенем атқан сайын әр таңым.

Халық жайлы қам жемейтін пендеге,

Қымбат сынды қампиғаны қалтаның.

 

Арман өлсе қалай аза тұтпайын,

Жорытқанмен жолықпады құт дайын.

Кең дүние…

Кезікпеді сонда да,

Қателігін мойындаған мүттәйім.

 

Сылтаулардың сиреген жоқ қатары,

Арамдық па,

Жарлыңызға жат әлі.

…Басы бүтін байлығыңа  қызыққан,

Ойланбай-ақ Отанын да сатады.

 

Тәңіріме тапсырайын

Буын жоқ қызыл тілде бұғана жоқ,

Меңгерген мамандығын «ғұлама» көп.

Арманым – арғымағым…

Қорғаштадым,

Өсегі өресіздің жұға деп.

 

Таба алмай татымдысын тиянақтың,

Кеудеме үмітімді ұялаттым.

Көгерген жапырағы жаламенен,

Қысымын көріп келем қиянаттың.

 

Өкпе ме,

Өзектегі баяу шіріп,

Жазымнан алыстадым жаяу шығып.

Көзіңе күле қарап көлгірсіген,

Аярда болмайды екен аяушылық.

 

Жалынды жасы келіп, қарты кеткен,

Өмірдің азапты еді арты неткен.

Менің де маңдайыма жазылғандай,

Таршылық Мұқағали тартып өткен.

 

Қарулы бостан-босқа қақсамайды,

Сүлейді сүріндірген бақ санайды.

Төбесі қолдаушының көрінбеді,

Өлеңмен аша алмадым ақ сарайды.

 

Мақсаты «мамандардың» бірікпеген,

Тарланнан табылмай ма ілік деген.

Менің де меншіктеген ойларымның,

Архивте адасарын біліп келем.

 

Бас аман…

Бермегенмен бақ шырайын,

Сақшыдай көз ілмейін, сақ тұрайын.

…Өмірім үзілгенше ізденейін,

Ар жағын Тәңіріме тапсырайын.

 

***

Тозақтан түлесең де аман шығып,

Теңсіздік…

Тесілмей ме табан шұрық.

Көңілі қушыкештің көтеріңкі,

Арбасқан армандымен жаманшылық.

 

Әлжуаз әуес сынды тасаға тым,

Шайпау көп…

Шаш орнына «бас» алатын.

Қулықтың құбылмалы қолыменен,

Кедергі кемелдіге жасалатын.

 

Өмірдің өзіменен үндес бүгін,

Жақсыға жатырқамай мінгесті мұң.

…Тәңір-ау, неменеден жаратып ең,

Пендені қоя алмайтын күндестігін.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір