Журналист қаламындағы ғалам
20.11.2015
1396
0
990655_737437439_IMG_20151119_161615Берік Бейсенұлы.
«Қалам мен ғалам».
Алматы. «Алтай медиа», 2015 жыл.

«Толқып, бір сарынмен ағып жататын Сыр өзенінің жа­ғасында өстім. Балық ауладық. Атқа міндік, өріске сиыр ай­дадық, қозы-лақ бақтық. Таңертең нанға сары майды жағып алып, ойнақтап қозы-лақтың соңынан кететін біз өрісте жүріп, бозторғайдың құйқылжыған дауысы, бауыры ала, құйрығы айыр қарлығаштың шырылы  мен сұлулығын  көріп, сезініп өстік», – дейді кітап авторы, белгілі қаламгер, республикалық «Айқын» газетінің бірінші орынбасары Берік Бейсенұлы. Ауыл тіршілігін бес саусағындай білетін журналист қоғам туралы материалдар легін жазғанда да, көңіліндегі кірбіңді ауыл жайлы жылы естеліктерімен шайып отыратындай. Қоғамдық-әлеуметтік маңызды мәселелердің басын құраған авторлық материалдарда болашаққа деген алаң көңіл, бүгіннің өткелектерінен өтудің жолдары, кешегінің қателіктері мен жетістіктерін елеп-екшеп Қазақстан және шетелдік мемлекеттер мысалымен толықтырылып отырған. Яғни журналист қаламынан ғаламның бейнесі байқалады.
Сөйтіп кітапқа айналған, «Пікір мен пайым», «Аңыз бен ақиқат», «Ел мен жер» атты үш бөлімнен тұратын жинаққа автордың тарихи-танымдық мақалалары, ой-толғаулары мен жолсапар жазбалары жинақталып берілген.
Кейінгі уақытта газет бетінде қатталған материалдардың басын біріктіріп, жинақ шығару ісі жолға қойыла бастады. Қоғамда болып жатқан түрлі өзгерістер мен құбылуларға деген журналист пайымы газеттен кітап бетіне өткенде оқырманын да еселей түспей ме? Кітаптың алғысөзіне пікір жазған «Айқын» газетінің бас редакторы, белді қалам­гер Нұртөре Жүсіп: «Газетті шығарған адам біледі: оның өзіне тән қандай қиындығы мен ауыртпалығы бар екенін; әр бетке қандай мақала салу, бетті ойнату, оқырманды ойланту, халықтың сұранысынан шығу дегендердің оңай еместігін; сөйтіп жүріп, өзінің де қаламы құрғамайды, күн сайын дерлік газет бетіне мақала жазады.
…Беріктің қаламынан шыққан мақалаларда ең бірінші кезекте ұлттық рух, мемлекетшілдік, жауапкершілік ұғымдары желдей есіп тұрады. Кеудесі зерлі оқырман Берік Бей­сен­ұлының кезекті жинағынан талай жауһар дүние табатынына сенімім мол», – деген екен… Сол дүниені кітапқұмар оқыр­ман тезірек табуына тілектеспіз.
ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір