Аспантаудан аққан жұлдыз
20.11.2015
2056
0
989469_2007033724_IMG_0611__1_Отыз жас – қазақ үшін аяулы өлшем. Шоқанның жасы. Сұлтанмахмұт жете алмай кеткен жас… Бар болғаны кішкене ғана ғұмыр – соншама еңбегімен аңызын арқалап ғасырлардан аттап барады. Уақыт деген құдіреттің алдында мызғымаған қалпында қасқайып тұрып алған алып шыңдардай, биік таулардай…
Отызға жетпей опат болған… Орақ тілді Оразалы… Ұйқастыра, қиюластыра сөйлегенді жақсы көретін қазағы осылай сөйлейді ол жайлы. «Иегін сақал жаппаған, Отыздан жасы аспаған…», «Құлмамбеттен қалған құлынмын» – өз сөзі. «Құлмамбеттің құлыны» десе айтыстан хабардар қазақ (айтыс көрмейтін қазақ болушы ма еді?!) елеңдесіп қалатын. Өзі айтқан сөзін өзіне анықтамаға айналдырып жіберіпті. Көзі тірісінде-ақ…

Ораздың көзі тірісінде… Аумалы-төк­пелі деуге келмесе де, жаңа экономи­ка­лық саясат – құны белгілі бір мүдделердің тар­тысына тәуелді құндылықтарды сапырылыстырып жатқан кез еді. Ол кезде оп­­­позиция мен өкімет арасындағы тартыс та қызықтырақ көрінетін. Былайғы жұрт «Енді не болар екен?» – деп, күн сайын га­зет ақтаратын, теледидар қа­рай­тын. «Жасқанбай ашық сөйлепті, шын­дық­ты жазыпты», – деп әлдекімдердің есі­мін сүйсініспен атап жататын. Өзара әң­гіме қы­лысатын. Күллі қазақ даласы аузы аузына жұқпай саясат соғып тұрған осы тұста қа­зақтың айтыс өнері бар жа­нр­ды аттап өтіп, сахнаға шыққан. Басқа­сы­нан қол үзген бұқара қанша «шындық» естісе де, басылмай қойған шөлін айтыстан қан­дыру­ға ­тырысты. Қаны қызып кет­кенде қазы­лар­мен тартысып, «ұшып кеткен» ақынды қатар­ға қайта қостыратын қалың көрер­мен­нің бір-бір сүйікті ақыны болатын. Алдына Ораз шыққанда зал дүбірге толып кетуші еді-ау! Бірде кезек ал­ған ақынына: «Ораз, шындықты айт, шындықты», – деп қиқулап отырып алған жұрт әрең басылды. Ораз жымиып қойып, күтіңкіреп қалған…
Сенім артыпты, сүйіктісіне балап, жақ­сы көріпті…
Бірақ Ораз ел күткендей айтысты сая­сатты сынайтын (немесе керісінше) құ­рал­ға айналдырған жоқ. Айтыстың ал­дымен өнер екенін, айтысу – сахнада кем­шілік теріп, ұрыс салу емес екенін ә де­геннен терең түсінгені аңдалады. Ол айтыс аренасына шыққан күннен бастап соңғы деміне дейінгі аралықта оның аузынан оп-оңай ғана төгіліп түсе салатын теңеулер мен тір­кес­тердің ар жағында қаншама ізденіс, қаншама білім, білік жатқанын көп ешкім бағамдап үлгермеді де. Қатарластары тек айтыс өнері емес, оның қазақ ауыз әде­бие­ті үлгілері мен халық әндерін іздеп, тауып жүретінін жиі айтады. Қай ортаға барса да, алдымен, қа­рапайым қарттарды жағалап, солармен ескі көзше сөйлесіп отыратын қалақ­тай ғана жұғымды ұлды жақсы көрмеу кім-кімге де мүмкін бол­ма­ған­ға ұқсайды. Қалақтай демей қайтейік, болғаны 29 жыл жасап, үлкен атаққа жеткен, көзі тірісінің өзінде-ақ артына аңыз ерт­кені болмаса, аға деп айтуға қимайтын жаста өтіп кетіпті ғой.
Ораз жайлы айтса, елде жылап сөй­лей­тін әдет бар. Тәйірі, әңгіме жүлдеде ме ек­ен… Десе де, додаға түскен ердің сағын сындыратын көпе-көрнеу қиянат ­қа­быр­ға­сын қайыстырып кеткен кездер аз болма­ған сыңайлы. Өз бағасын, дәреже­сін бі­ле­тін ақын өзінен көп төмен жатқан (тіпті, көзге ілмейтін) әлдекімнен жеңіл­генде… Қайыспай қайтсін?! Бірақ, анау айтқандай сорлап, зарлап өмір сүрмегені анық. Тіпті, шалқып жүрді деуге болардай ғұмыр ке­шіпті – інілері айтады. Тек, әлгі жүлдесі құр­ғыр Оразалының қанжығасын сирек қандағаны болмаса…
Қалай десек те, Оразалы – бақытты ақын. Сонау 2004-тің қаралы қазанынан бері ол жайлы аз айтылып жатқан жоқ. Қа­засынан кейін ай аунамай ауылында айтыс өткенін ұмыта қойған жоқпыз. Бас­қасын айтпағанда, былтырдың өзінде «Ораз­сыз өткен 10 жылдың» аясында еске алу кештері мен Республикалық ай­тыс өтті. Биылғы жылдың жөні бөлек, Ораз­дың туғанына – 40 жыл. Мерей­той­лық өлшем – 50 жас, тар дүниенің тайғанақ маңдайына сыймай, ерте аттан­ған ақын бұл өлшемге де сыймапты – мерейтойы да ерте басталды.
15 қараша – туған күні қарсаңында ақын туған аядай ғана ауыл – Хантәңірінің бауырына тығыла түсіп жатқан – Тегістік­тің топырағы бүлкілге басты. Екі тәулік бойы Тегістік пен Текесте Оразалының аты ұлықталып жатты.
Алғашқы күні Оразалы оқыған мектепте оқушылармен, ауыл, аудан жұртшылы­ғы­мен кездесу өтті. Мектептегі ұстаздары, кейін үлкен қалада иықтаса жүрген дос-бауырлары, айтыс сахнасында қатар шап­қан үзеңгілестері Ораз жайында естелік айтты.
…Тегістіктің енді ғана қара таныған бүл­­діршініне дейін Ораздың жырын жатқа ағытады.
«Аспантаудан аққан жұлдыз» тақыры­бын тәж қылған салтанатты кеш Текес ауылдық мәдениет үйінде өтті. Іңірде бас­тал­ған кешке мәдениет үйін лық толтыра отырған бергісі аудан, арғысы респу­бли­каның түкпір-түкпірінен келген жұртшылық түн ортасы ауғанша тапжылмай отырды.
Бұл шара Райымбек аудандық әкімдігі мен Қазақстан Жазушылар одағының мұрындық болуымен, Оразалының аға-іні, дос-бауырларының жұмылуымен өткенін айтуға тиіспіз. Салтанатты кешті басқарған Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Жанарбек Әшімжан тойдың басын:
–Қазақ әдебиетіне Мұқағали Мақа­ та­ев, Бердібек Соқпақбаев, Баққожа Мұқаи, Сағат Әшімбаев, Еркін Ібітанов сынды тұл­ғаларды берген, Оразалыға ұстаз бол­ған Хасен Саматыров сияқты азаматты берген қасиетті Кеген, Нарынқол жеріне біз бүгін Оразсыз келіп отырмыз… Тағдырдың жазмышына шара жоқ, Ораздың дүниеден өткеніне де 11 жылдың жүзі болыпты. Қа­зақ әдебиетінде 23 жасында «Менің құр­дас­тарымды» жазып қалдырған Саттар Ерубаев, 30 жасында бар қазақтың өзегін өртеп кеткен Төлеген Айбергенов, 21 жасында дүниеге қош айтқан Артығали Ыбыраев, өз жалынына өртеніп кеткен Бауыржан Үсе­нов­ сөз өнерінің тарихында қалай қалған болса, 29 жасында опат болса да Алашқа аты кеткен Оразалы Досбосынов та айтыс­кер ретінде тарихта дәл солай қалатыны даусыз. Қазақ елінің төрт тарабы сөзді, өнер­ді айрықша құрметтеген, сондай өңірдің бірі осы Аспантау. Қазақ әде­бие­тінің, мәдениетінің бір қанаты болып есеп­телетін айтыс өнерінде ХХ ғасырдың аяғы мен жаңа ғасырдың басында дүниеден озған Ерік Асқаров, Жандарбек Бегім­бе­тов, Әзімбек Жанқұлиев, солардың ізін басып шыққан кейінгі буын өкілдері Мұ­ха­метжан Тазабеков, Бекарыс Шойбеков, Балғымбек Имашев, Айбек Қалиев, Дәу­лет­керей Кәпұлы, Бауыржан Халиолла сын­ды саңлақтардың бел ортасында күрек тісінің арасынан сөз боратып Ораз да жүрді. Айтыс сахнасы ар­қылы елге танымал болған ақын­дар көп, бі­рақ халықтың айрықша ма­хаббатына ие бол­­ған осы Ораз десек, артық айтқанымыз емес, – деп бас­тап, кеш тіз­гінін қолына ал­ды.
Аудан басшылығы атынан Райымбек аудандық мәслихатының хатшысы Ерлан Құдабаев екі күндік еске алу жиынына сәт сапар тілеп, алыс-жақыннан келген мей­ман­дарға алғыс білдірді.
Кәдірбек Құныпияұлы, Ермек Жұма­таев, Айтақын Бұлғақов, Нұрлан Әбдібек, Жарас Сәрсек, Алмат Исәділ, Талант Арынғали, Бақыт Жағыпар, Сабыржан Смағұлов сынды Ораздың көзін көрген, бірге жүрген замандастары өз өлеңдерін оқып, ақын жайлы сыр шертісті. Ерекше айту керек, Ораздың артынан аттанған (ол да жол апатынан) жары Ажардың әкесі Түзелбек қария шалғай Шымкенттен арнайы келді. Оразды көзапара жығып берген бір айтыста «сағыңды сындырма!» – деп, астындағы атын (көлігін) түсіп берген білікті қарияға деген қошемет көпке дейін басылмай қойды. Көпті көрген қарт қайтар қарсаңдағы бір сөзінде, оңашада: «Құда деп сыйлап жатыр ғой… Бірақ осы­ның бәрі ауыр тиеді екен. Ерім дейтін ел осындай-ақ болар. Артында қалған балалары жетіліп келеді, сол жұбанышым», – деп қалды. Жақсының көзі деп жақсы кө­ретін елдің алақанында өсіп келе жат­қан Нұрайша мен Нұрсұлтанға ұйым­дас­тыру­шылар құрмет көрсетіп, арнайы сыйлық  жасады.
Кеш соңына таяған тұста шәкірті Болатбек Оразбаев арнауын айтып алдына келгенде көпшілік Оразы тірілгендей, ақыны өлмегендей «ой, пәлі!» десіп, бір жасап қалды. Текес пен Тегістікті сағаттан аса әнмен тербеген «Қоңыр» тобын жібер­гісі келмей, әрең қоштасты.
Шындығында, елдің асыға, тағат­сыз­дана күткені – айтыс болатын. Басым бөлігін аты елге енді танылып келе жатқан жастар құраған ақындар – күткендегіден артық айтыс жасады. Қорытындысын тізбелесек: бас бәйге Оразалымен соңғы рет айтысқан (Мәскеуде) ақын Рүстем Қайыртайұлы; бірінші орын екеу: Аяулым Жұмабекқызы, Бибігүл Жандарбекқызы; екінші орын екеу: Шұғайып Сезімхан мен Айдана Қайсарбекқызы; үшінші орын үшеу: Қуа­ныш Әлімберді, Нұрлан Бек­қо­жаев, Олжас Ботаев сынды жас талаптарға бұйырды. Айтыстың жүргізушісі Бақыт Жа­ғыпардың сөз арасында айтқан естеліктері мен Ораз­дың бала кездегі айтыстарынан келтірген үзінділері де таңдайлардың дә­мін кіргізе түсті. Бұл – Оразалы Дос­бо­сыновқа арналған шараның екінші күні болатын. Той тарқар шақ…
Қазаққа қарата:
«Аспаннан алты құлаш жыртып алып,
Рухын көк тәңірдің ту қылған ел», – деп­ті бір айтыста. Аспанның өзінен жарал­ған көк байрақ төбемізде тұрғанда, жап-жас жүрегін жырға орап, қазағына тарту еткен ұлдарының ұмыт қалмайтынын сезіне түсіп, Алматыға қайттық.
Артымызда қымтана түсіп Тегістік қа­лып бара жатты. Ораздың Тегістігі…
Алмас Нүсіп.

Оразалыны жоқтамай, 
дәріптеу керек!
Шыныққаны ма? Ойға да шоматын қатты,
Қылықтары да ерекше болатын тәтті.
Домбырасын ап, құшақтап, саусағы жетпей,
Осында алғаш айтысқа қанатын қақты.
Қорамсағына қауырсын қол салып көрді,
Туылған жердің төсінде мол шабыт келді.
Балаған шоққа құлын-тай шабысын көріп,
Аламан топқа адуын жол салып берді.
Есімде бәрі, алғашқы аламан шағы,
Сөз сайысына жетіліп жараған шағы.
Дүйім ел қолдап, қолпаштап қараған шағы
Сүйінер мол бақ келер деп қаланы аңсады.
Жырға толтырып шырқады асыл кеудені,
Оразға қисақ, ағайын, ғасыр кем бе еді?
Бағытын көрді Құлмамбет айтыста салған,
Шабытын берді, бірақ та жасын бермеді.
Жырларын жатыр бұл күні ұлықтап елі,
Қошаметімен елінің шыныққан еді.
Тататын еді той дәмін, шарамыз бар ма,
Жататын еді ендігі қырыққа келіп.
Бала шағынан айта алам анық мен дерек,
Өлеңі өлмес, бір болып халықпен келед.
Болашағының тоқтамай қалуын тілеп,
Оразалыны жоқтамай, дәріптеу керек.
Кемелбай Сағымбеков,
Тегістік ауылындағы 
М.Мақатаев атындағы
орта мектеп мұғалімі.
ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір