Әлдихан ҚАЛДЫБАЕВ
13.11.2015
4547
1
384027_55454854__________________________________Қазақ балалар әдебиеті ауыр қаз­аға ду­шар болды.
77 жасқа қа­раған ша­ғында көр­нек­ті жазушы Әлдихан Қалдыбаев дүниеден оз­ды.

Ол 1939 жылы 3 қазанда Жам­был об­лы­сының Шу ауданындағы «Кербұлақ» ұжым­шарында туған. 1963 жылы Қазақ мем­лекеттік уни­­верситетінің филология фа­­­­куль­тетін бітірген. Еңбек жо­лын 1963 жылы Қы­зылорда об­лы­сы­ның Арал ау­данындағы Бө­ген ор­та мектебінде қазақ тілі мен әде­бие­ті пәнінің мұға­лімі болып бас­таған. 1965 жыл­дан Жам­был об­лыстық телевизия және ра­дио ха­барларын тарату жөніндегі ко­митетінде редактор, облыстық «Ең­бек туы» газетінде әдеби қыз­меткер, Жамбыл облыстық пар­тия комитетінің нұсқаушысы бо­лып қызмет атқарды. 1976–1995 жыл­дары облыстық «Ең­бек туы» (қа­зіргі «Ақ жол») газеті редак­то­­­ры­ның орын­басары, облыстық «Ақ жол» га­зетінің бас редакторы болған. Қа­зақ­стан Жазу­шы­лар одағы басқармасының мүшесі, Қазақстан Жазушылар және Жур­на­листер одақ­тары облыстық ұйымдарының төрағасы болған.
Балалар мен жасөспірімдерге арналған «Көк дөңгелек», «Қос тентек», «Су тасу­шы Әшірбек», «Байнаш солдат», «Шаншар атай», «Мишка – менің досым», «Өзен жа­ғасында», «Солдат болу оңай ма?», «Менің ағам – солдат», «Автобус аялдамасы» кі­тап­тарының авторы. 1999 жылы «Ата» деген атпен таңдамалы шығармалары, 2002 жылы «Мен – апамның баласымын» атты романы, 2004 жылы екі томдық таң­дамалы шығармалары, 2008–2009 жылдары төрт томдық шығармалары, 2009 жылы «Көңіл көмбесі» атты кітабы жарық көрген. Жазушының бірқатар туындылары орыс, беларус, армян, түрікмен, татар тілдеріне аударылған.
«Шаншар атай» деп аталатын комедиясы 1980 жылы Жамбыл облыстық драма театрында койылып, балалар мен жастарға арналған спектакльдердің бүкілодақтық байқау-конкурсында бірінші орынға ие болды. «Қайран Ынтықбай ағай-ай» ко­медиясы қазақ телевизиясының алтын қорына енген. 2009 жылы Түркістан сазды-драма театрында «Әкімнің туған күні» атты трагикомедиясы қойылған.
Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері. Қазақстан Рес­публикасы Білім беру ісінің үздігі, Жамбыл облысының Құрметті азаматы. Ха­лықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының, «Құрмет» орденінің иегері. Қазақстан Жур­налистер одағы сыйлығының лауреаты болды.
Аспай-саспай мамырлай басқан қарапайым, бауырмал қалпы, аяулы бейнесі оны білетіндердің, қалың оқырманының есінде сақталады. Шынайы шығармалары әде­биетімізбен бірге жасайды.

Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы.

 

Қазақ бүлдіршіндерінің бағбаны еді

Жерлесім, досым, еліміздің біртуар азаматы Әлдихан Қалдыбаевтың қазасын есту оны білетін баршаға ауыр болғаны анық. Маған да жеңіл тиген жоқ. Қарапайым көпшілік тебіреніп, қайғыға ортақ екендерін білдірді. Тіпті, табиғаттың өзі мұңды күй кешіп, адам­дарға көңіл айтып тұрғандай еді. Мұның барлығы Әлдекеңнің жақсы болмысынан, жұрттың жүрегінде аяулы адам болып қалғандығынан болар.
Әлдихан еңбеккештігімен танылды. Балалар әдебиетін биік шыңға көтерді. Журналистика саласына өлшеусіз еңбек сіңірді. Отызға толмаған жас кезінде облыстық партия комитетінде нұсқаушы болды. Сенімді ақтады. Облыстық «Ақ жол» газетінің бас редакторы ретінде де ерекше ұйымдастырушылық қабілетімен танылды. Елдік жұмыстарға ұйытқы болған қайраткер. Әлдекең әр істі адал атқарды. Кісілігі, қарапайымдылығы, адал­дығы ол кісінің болмысын таудай биіктетіп тұратын. Өмірден өткенше қолынан қаламы түс­кен жоқ. Қоғамдық жұмыстардың бел ортасында жүрсе де қаламына, жазушылық та­лантына адал болды.
Бұл қаза Шу өңірінің барша тұрғындарына ауыр соғып отыр. Жанының тазалығын алыстан танытатын, сырлас, пікірлес, замандас болған жақсы адам, досым Әлдихан енді ортамызда жоқ. Алланың жазуына амал қанша? Өлшеулі, өткінші өмір емес пе?! Қош, Әлдихан бауырым! Бақұл бол! Алла мейірімін мол төгіп, мәңгілік мекеніңді жәннаттан бұйыртсын! Қазақ елі, еліміздің әдебиеті мен мәдениеті, журналистикасы сенің есіміңді жүректерінде ұзақ сақтайды.

Әбдімомын  ЖЕЛДІБАЕВ.

 

Жаныңызды жұмақта періштелер әлдилесін, Әлдихан аға!

Біз, әдебиетке сексенінші жылдары келген жамбылдық жазушылар, Әлдихан ағаға қарап сөз түзедік. Облыстық газеттің табалдырығынан имене аттап, жазған әңгімелерімізді Әлдекеңе жасқаншақтай ұсынатынымыз әлі есімде. Ұмытпасам, бір жолы «Ұлыстың ұлы күні» деген әңгімемді алдына қойдым. Оқып болғаннан кейін кабинетіне шақырып алып: «Бала, жазушы болыпсың», – дегені бар.
Тағы бірде ертемен кабинетіне шақырды. «Не боп қалды екен?» деп, қорқасоқтап бардым. Сөйтсем көңілді, күлімсіреп отыр екен.
– «Жалынның» жабық бәйгесіне шығарма жіберіп пе ең? – болды сәлемімді алғаннан кейінгі алғашқы сөзі.
– Иә, – дедім күмілжіп.
– Түнде Алматыдан жазушы Баққожа Мұқаев телефон соқты. Айтуына қарағанда, шығармаң «Жалын» баспасының жасөспірімдер мен балаларға арналған жабық бәйгесінде екінші жүлдеге ие болыпты. Ал, бала, құтты болсын!
Әлдекеңнің ағалық қамқорлықпен қуана орнынан тұрып, қолымды ықыластана қысқан сондағы кескін-келбеті әлі күнге дейін есімде.
Әлдекең кейін менің «Шеткері үйдің жарығы» деген алғашқы кітабыма алғысөз жазып, ағалық ақ батасын берді.
Жасөспірімдер мен балаларға арнап жазып жүргендіктен бе екен, мен Әлдекеңмен көп әңгімелесетінмін. Әдебиет жайлы, жазушылардың шығармашылығы, тағдыры жайлы дегендей.
Бірде жазушы Қарауылбек Қазиевтің шығармаларын оқып отырып, ол кісінің Шу ауданынан екенін біліп, Әлдекеңе келейін, сұрайын. Сөйтсем, Әлдекем Қарауылбекпен дос екен. Бұл достық мені одан бетер қуантты. Өйткені, мұндай екі сыршыл жазушының дос болмауы ақылға сыймайтындай еді.
Қарауылбектің шығармаларынан Әлдекеңнің, ал Әлдекеңнің шығармаларынан Қарауылбектің бейнелерін, мінездерін тауып алып, риза болатынмын.
Бірде Әлдекеңнің кітабына рецензия жаздым. Ол «Жас Алаш» газетіне жария­ланды. Әлдекеңнің шығармасында төсек тартып ауырып жатқан бір қария көршінің баласын шақырып алып, «атыңа мін де, анау дөңді айналып шапшы» деп өтінеді. Мен де әңгіменің осы жеріне қатты күш салсам керек, кейін бір сырласып отырған ке­зімізде сол жерді оқығанда, көзіне жас келгенін айтты Әлдекең.
Сол Әлдекең, сол Әлдихан ағатайым, күні кеше ғана дүниеден өтті. Қария кейіп­кері сияқты Әлдекем де ұзақ ауырды. Қазір осы жолдарды жазып отырып, Әлдекем де дүниеден өтер алдында атқа мініп, анау дөңді айнала шауып келші дейтін бір ба­ла­қайды іздеп, аңсады ма екен деген ойдан жүрегім езіліп, көңілім уылжып кетті.
Қарауылбек аға Әлдижан деуші еді, жаныңызды жұмақта періштелер әлдилесін, Әлди­хан аға!
Бақұл болыңыз!

Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ.
ПІКІРЛЕР1
Аноним 20.03.2021 | 10:02

Әлдихан Қалдыбаевтың монологтарын қайдан тапса болады жарысқа керек болып тұр срочна

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір