Түркінің Алтын көпірі
13.11.2015
1657
0
383477_1282164263_ERA_9024
Алматының әуежайында отырмын. Амандық болса, енді екі сағаттан соң Стамбұлға ұшпақпын. Бұл менің түбі бір, тегі бір түрік еліне алғашқы сапарым емес. Бұдан бұрын да қызмет бабымен Түркияға үш рет болар, кіші Азиядағы туысқан халықтың салт-дәстүрімен, тарихымен бір адамдай жақсы қанықпын. Ал бұл сапарым сәл өзгешелеу болып тұр. Арнайы делегация құрамында емес, жалғыз өзімнің алыс жолға шыққан жайым бар. Түркияның бір түкпіріндегі Сафранболу қаласында өтетін түркі тілдес халықтардың дүниежүзілік «Алтын Сафран» кинофестиваліне қатыспақшымын.

«Эйр-Астана» авиакомпаниясының ұшағы өз уақытында ұшып, Стамбұлға қарай бет түзедік. Бір аңғарғаным: үлкен ұшақ бұрынғы кездердегідей лық толы емес, жартылай бос келеді. Алматы мен Стам­бұлдың екі арасындағы әуе жолымен жиі қаты­най­тындар кәсіпкерлер екендігін жұрт жақсы біледі. Соң­ғы девальвация олардың қалталарын жұқартып, қа­тарлары кәдімгідей сиреп қалыпты.
Бір шетімен екінші шеті ат шаптырым жерді алып жат­қан «Ататүрік» аэропортына табан тіреп, шыға бе­ріске бет алдым. Алдын-ала келісім бойынша мені «Ал­­тын Сафран» кинофестивалін ұйымдастыру­шы­лар­дың бірі күтіп алу керек болатын. Әрі-бері он ми­нуттай жүрдім, бірақ күтіп алатын ешкім кө­рі­не­тін емес. «Үйден қырық қадам шықсаң, мүсә­пір­сің» деген рас, кәдімгідей қобалжи бастадым. Кенет ме­нің аты-жөнімді ағылшынша жазып, көтеріп тұр­ған түрік ағайынға көзім түсіп, соған қарай бет алдым. Жасы қырықтар шамасындағы жігіт ағасы көп­тен көрмеген туысын қарсы алғандай мені құ­шақтап, аман-саулығымды сұрап жатыр. Мүсілім екеу­міз танысып, әуежайдың дәл жанындағы мет­роға бет алдық.
Мүсілім түрікше сөйлейді, мен қазақша сөйлей­мін. Қанша дегенмен, түбі бір туысқан халықтар емес­піз бе, бір-бірімізді түсініп жатырмыз. Метромен біраз жүріп, үлкен халықаралық автобекетке ке­ліп жеттік. Ары қарай жалғыз өзім жол жүрмекпін. Кеш­кі сағат 11-ге билет алып, үлкен автобустың жа­нына келдік.
– Жемекке қалайсыз? – дейді Мүсілім қонақ­шы­лық танытып. «Жемек» дегені, «Тамақ ішуге қалай қа­райсыз?» дегені.
– Рахмет, Мүсілім, – дедім – қарным тоқ, шәй ішу­ге қарсы емеспін.
Екеуміз қоңыр қозыша қатар жүріп, автобекеттің жанындағы буфетке қарай бет алдық. Түріктердің кіш­кентай стакандарымен шай ішіп отырып, жол бас­таушым бар мән-жайды түсіндірді. Мен баратын Саф­ранболу қаласы төрт жүз шақырым қашықтықта бо­лып шықты. Автобус жеті сағат жол жүреді, аман­дық болса, таңертең ертелеп көздеген жеріме жетіп қаламын.
Автобустың жүретіні туралы хабарланып, екеу­міз орнымыздан тұрдық. Мүсілім мені қалай жылы қарсы алса, солай жылы шығарып салды.
– Сафранболу қаласындағы автобекетте сізді біз­дің адамдар қарсы алады. Еш алаң болмаңыз. Жо­лыңыз болсын! – деп қолымды қысып, сәт сапар ті­леді.
Үлкен, жайлы автобус Стамбұлдан шығып, теп-те­гіс, даңғыл жолмен заулап келеді. Қараңғы түн жар­тысынан ауса да, ұйқым келмеді. Бір-бірімен жал­ғасып жатқан елді мекендердің түнгі оттары жар­қырап, артта қалып барады. Үлкен жолдың екі ше­тіндегі үлкенді-кішілі орманды таулар айналасына ерекше бір көрік пен сымбат беріп тұрады екен.
Сафранболу қаласындағы автобекетте «Түрк­сойдың» жауапты қызметкері Гюлер Федат қарсы алып, мені қонақ үйге орналастырды. Маған бөлін­ген бөлмеге бас сұққанда, сағаттың тілі таңертеңгі 7.00-ді көрсетіп тұрды.
Биыл 16-шы рет өткелі отырған «Алтын Сафран» ки­нофестивалінің шаралары сағат 10.00-де бас­тал­мақ. Орналасып, жуынып-шайынғанша біраз уа­қыт өте шықты. Таңертеңгі тамақ сағат 8.00-де бастала­ды. Бірінші қабатқа орналасқан үлкен мейрам­ха­наның ішінде дүниежүзінің түкпір-түкпірінен келген түр­кі тілдес ағайындар қаптап жүр. Бір-бірімізді тұң­ғыш рет көріп тұрсақ та, көптен бері білетін жан­дардай ыстық қауышып жатырмыз.
– Жаңылыспасам, сіз Қазақстаннан боларсыз, – де­ді орта бойлы, сақалды жігіт ағасы менің қо­лым­ды алып – хош келіпсіз!
Таза орыс тілінде сөйлеп тұрған жаңа танысымды татар ағайынның біріне ұқсаттым.
– Бауырым, Қазан қаласынансың ба?
– Жоқ, мен хакас халқының өкілі боламын, – де­ді ол маған жылыұшырай қарап. – Анкара қала­сын­дағы «Түрксойдың» жауапты қызметкерімін. Аты-жөнім Тимур Давлетов болады. Сізді Мәлік Отар­­баев арқылы сыртыңыздан танимын. Басқа жұ­мыстар шығып қалып, Мәлік досым «Алтын Сафран» кинофестиваліне келе алмады. Сізге сәлем айтып жатыр.
Кинофестивальге келген бүкіл түркінің ұл-қыз­дары болып, үлкен дастарханның басында жұ­бы­мызды жазбастан таңғы асымызды ішіп отырмыз.
– Жолдастар, – деді Тимур – қолындағы кішкен­тай қасығын стаканға тақылдатып – кешеден бері қыр­ғыз, әзірбайжан, татар, башқұрт ағайындар осын­да. Ноғай, чуваш, құмық, шеркеш, балкар, қа­рашай, қырым татарлары да келді. Сонау ит тұмсығы батпайтын Сібірден хакас, тува, шор ағайындар да «Алтын Сафранға» арнайы келіп отыр. Түркі тілді ағайындар түгелге жуық келді. Ойбай-ау, қазақ, өзбек, түркімен қайда деп шуылдап едіңдер. Түр­кі­мен мен өзбегіңді білмеймін, бүкіл түркі дүниесінің қара шаңырағының иесі – қазақ бауырымыз келді. Басқалар қалса – қалар, ал, қазақтар ұлы тойдан қалмайды. Танысып қойыңыздар, сонау Алматыдан келген ағайынымыздың аты-жөні Доқтырхан Тұр­лыбек. Өзі жазушы әрі кино-документалист. Бү­кіл түр­кі дүниесіне белгілі тұлға Мәшһүр Жүсіп туралы де­ректі фильм әкеліп отыр.
– Біздің келгенімізге бір тәулік болып қалды, – де­ді орта бойлы қара торы жігіт. – Бір-бірімізге де­ген сағынышымыз әлі басылар емес. Менің аты-жөнім Ахмат Байсиев болады. Дағыстаннан келдім, ноғай боламын. Ортамызға қош келіпсіз. «Алтын Сафран» кинофестивалінде сізге сәттілік тілеймін!
Ағынан жарылып сөйлеп тұрған тегі бір туысыма таң қала қарап қалыппын. Бір-екі сөзі болмаса, ноғай тілі қазақ тілінен айнымайды екен.
Таңғы астан соң, бәріміз топталып тысқа шық­тық, әңгімеміз бірден жарасып кетті. Осы бас қосуда Якутиядан келген Александр Новиковпен, тувалық Саяня Монгутпен, Қырым татары Шевкет Сүлей­ме­нов­пен, молдавиялық Гоғуз Александр Узуын, та­тарс­тандық Рустем Ибрагимов, баш­құртс­тандық бауырым Ахмет Юнусов және басқалармен таныс­тым. Талдырмаш бойлы, бота көзді әдемі қыз өзін Саянямын деп таныстырды. Ресейдің қарамағындағы Тува Республикасының астанасы – Қызыл қаласын­да тұрады екен.
– Тува Республикасы деген аты болғанымен, біз­де негізінен орыстар көп тұрады. Тува халқының саны бүгінде 120 000-ға әрең жетеді. Мен орта мек­тепте тува тілі мен әдебиетінен сабақ беремін. Республика бойынша ұлттық мектептер саусақпен санарлық. Жергілікті халықтың көбісі ана тілін біл­мейді. Түркі тілдес халықтарының бірі болсақ та, діні­мізден айырылдық, енді тілімізден айырылып қаламыз ба деп қорқамын. Тілі жоғалған ұлттың өзі де тарихтан жоғалады. Біздің көріп отырған қиын­дықтарды түркі тілдес шор, хакас халықтары да бас­тан кешіруде, – дейді Саяня қарындасым мұ­ңайып.
Қырым татарларының көптеген салт-дәстүрлері, тілі қазақ халқына өте жақын. Тіл, ұлт мәселесі тура­лы әңгіме қозғалғанда, жаңа ғана жайраңдап жүр­ген Шевкет Сүлейменов бауырымыздың жанарын мұң басып, ауыр күрсінді.
– Қырымның Осман империясының бір бөлшегі болғандығын өздеріңіз де жақсы білесіздер. Үш құ­рлықты алып жатқан алып патшалық құлаған соң, біз орыстардың боданына айналдық, – дейді Шевкет тарихты тереңнен қозғап. – Кеңес дәуірінің 1950 жылдары Украинаға өттік. Міне, екі жылға уақыт тая­нып қалды, қайтадан Ресейдің боданына ай­нал­дық. Үлкен мемлекеттер шағын халықтар мен ұлыс­тардың тіліне, мәдениетіне, әдебиетіне қамқор болуы тиіс. Өкінішке орай, дәл қазір олай болмай тұр. Қырымда татар тілінде хабар тарататын жалғыз те­леарна мен радио бар еді, оларды жауып тастады. Бұ­рын таза ұлттық тілімізде шығатын газет орыс тілі­мен араласып шыға бастады.
Алыста жүрсек те Қазақстанға, бауырларымыз қазақтарға үлкен тілекшіміз. Құдай тілектеріңді беріп, өз Тәуелсіздіктеріңізді алдыңыздар, жиырма жылдан бері үлкен табыстарға жетіп отырсыздар. Мамандығым  журналист болғандықтан, Қазақстан­да жүзден астам өзге ұлттың өкілдері тұратындығын жақсы білемін. Оларды қанаттыға қақтырмай, тұм­сықтыға шоқтырмай, ұлттық болмыстарын, тілін, салт-дәстүрін сақтауға үлкен қамқор болып отырсыздар. Өзге елдер бұл жөнінен қазақ халқынан үлгі алулары тиіс. Қазақстанның жері қалай кең байтақ болса, қазақтардың пейілдері де кең, бауырмал. Осының бәрі есімі бүкіл әлемге белгілі Нұрсұлтан Назарбаевтай Президенттеріңіздің жүргізіп отыр­ған кемеңгер саясатының жемісі деп білемін. Еге­менді ел болудың қаншалықты қастерлі екендігін шағын түркі тілдес халықтары жақсы түсінеді. Тәуел­сіздіктеріңді сақтаңдар! Сіздер аман болыңыздар! 300 миллионнан асатын бүкіл Түркі халықтары аман болсын!
Биыл 16-шы рет өткізіліп отырған «Алтын Сафран» кинофестивалінің ашылуы алдында бүкіл дү­ние­жүзінің түкпір-түкпірінен келген кино-доку­мен­талистерді, журналистерді Сафранболу қаласының мэрі Неждет Аксой қабылдап, өнер қайраткерлеріне үлкен табыс тіледі. Қала басшысы бірнеше мың жыл­дық тарихы бар көне шаһар туралы қызықты де­ректерді әңгімеледі.
– Табиғаты өте сұлу келетін біздің өңірде Сафран деп аталатын әсем де, сұлу гүл өседі. Сонау Осман им­периясы кезінен бері түркі халқы бұл гүлді ерекше қастерлейді, бойтұмарларындай сақтайды. Ежел­ден бері сафран гүлінен хош иісті әтір өндіріліп ке­леді. Әлемде сирек кездесетін гүлдің емдік қа­сиеттері де мол. Біздің қала осы гүлдің атымен ата­лады, – дейді қала мэрі Неждет Аксой.
Сафранболу шаһары Осман империясы кезеңін­де алып патшалықтың екінші қаласы атанып, мұнда Түркі сұлтандарының Бас уәзірлері әмірлік жүргізіп отырған. Бас уәзірлердің сол кезеңде салдырған ор­далары осы күнге дейін көненің көзіндей сақ­талып келеді. Қалада өтетін барлық маңызды мә­дени шаралар ескі тарихи орындарда өткізіледі.
Сафранболу қаласынан есімдері бүкіл Түркияға белгілі жазушылар, өнер қайраткерлері, ірі кәсіп­керлер шыққандығын Неждет Аксой мырза үлкен мақтанышпен атап өтті. Ежелгі қаладан түлеп ұшқан тұлғалы азаматтар әрқашан да туған қалаларының экономикасының артуына, халықтың әл-ауқатының жақсаруына, мәдениеті мен өнерінің қанат жайып өсуіне қамқорлық жасап келеді. 130 мың халық тұратын шаһарда үлкен металлургия зауыты, бір­неше былғары өнімдерін өңдейтін, өндіретін зауыттар жұмыс істейді. Аталған кәсіпорындардың сапалы өнімдері бір Түркия ғана емес, алыс және жақын елдерге, оның ішінде Қазақстанға жақсы белгілі.
Жоғарыда атап өткендей, сафранболулық ірі биз­несмендер ежелгі ескі қаланы сақтап қалуда, мәдениеті мен өнерін дамытуда көптеген игі шаралар­ды жүзеге асыруда. Сол игілікті істердің бірі – түркі тілдес халықтардың «Алтын Сафран» атты дү­ние­жүзілік кинофестивалін өткізу болып табылады.
Айтулы кинофестивальдің басты мақсаты – түбі бір, тегі бір түркі тілдес халықтардың салт пен дәстү­рін, тарихы мен мәдениетін, өнері және әдебиетін насихаттау. Биылғы кинофестивальге отыздан ас­там түркі мемлекеттерімен бірге Тува, Хакас, Шор, Ноғай, Құмық, Қарашай, Балкар, Чуваш, Қырым та­тарлары, Шеркеш ұлыстарының кино-доку­мен­талистері қатысып, өз бақтарын сынамақ.
«Алтын Сафран» кинофестиваліне Анкарадан арнайы келген «Түрксойдың» Бас директоры Дүйсен Қасейінов айтулы бас қосуға қатысып, осынау игі шараларды ұйымдастырып отырған түркиялық ағайындарға, Сафранболу қаласының мэрі Неждет Аксой мырзаға алғыс сезімін білдіріп, кинофестивальге қатысушыларға сәт сапар тіледі.
Қазанның 8-9-10 күндері көне де мәңгі жас Тараз қаласында Қазақ хандығының торқалы тойы үлкен салтанатпен өтіп жатты.
Дүйсен Қасейінов айтулы үлкен тарихи, торқа­лы тоймен отырған ағайындарды шын жүректен құттықтап, бұл бүкіл түркі дүниесіндегі есте қалатын күн екендігін атап өтті.
Кешкі сағат 17.00-де ескі қаладағы тарихи орында 16-шы «Алтын Сафран» кинофестивалі салтанатты жағдайда ашылып, Анкарадан, Стамбұлдан, өзге де қалалардан келген мемлекет және қоғам қайрат­керлері, өнер және әдебиет саңлақтары, белгілі бизнесмендер қатысты.
Айтулы фестивальдің аясында «Түрксойдың» ұйымдастыруымен «Сафранболу – фотографтардың көзімен» атты Халықаралық байқау өткізіліп, елу елден келген фото-суретшілер қатысып, Қазақ­стан­ның Астана қаласынан келген қос фототілші Ерлан Омаров пен Ербол Ерденбектің еңбектері ерекше бағаланып, жүлдегер атанды.
«Алтын Сафран» кинофестивалін ұйымдастыру­шы­лар жер шарының түкпір-түкпірінен келген қо­нақтардың ойдағыдай демалуларына, пікірлесуіне, ежелгі көне қаланың тарихи орындарымен жан-жақты танысуларына барлық жағдайлар жасап, айрықша көңіл бөлді.
Алыс-жақыннан келген ағайындарды, әсіресе, ескі қаладағы тарихи орындар, мешіт, тауға қарай өр­леп салынған тас үйлер, қолөнер бұйымдарын сататын үлкен базар ерекше әсерде қалдырды. Біз ескі қалаға аяқ басқанымызда, өзімізді сонау алыс­тап кеткен Осман империясына еніп кеткендей сезіндік. Ескі қаладан дүниежүзінің түкпір-түкпірінен ағылып келіп жатқан туристерді кездестіресің. Мұн­да күніне 10 мыңға жуық турист ат басын бұрады екен.
Жалпы, түрік халқы мейірімді, иманды, еңбекшіл халық. Әсіресе, түркі тілдес халықтардың өкілдеріне деген ыстық ықыластары ерекше. Құшақ жая амандасып, жүректері елжіреп тұрады, «Өзтүрік» деп ерек­ше жақсы көреді.
Өкінішке орай, 10 қазан күні Анкарада болған лаңкестік оқиғаның кесірінен 16-шы «Алтын Сафран» кинофестивалінің салтанатты жабылуы болмай қалды. Түркияның барлық қалалары мен ауылдары сияқты Сафранболу қаласында Мемлекеттік ту түсіріліп, үш тәулік бойы аза жарияланды.
Бұл бір Түркия ғана емес, бүкіл түркі тілдес ха­лық­тарының ауыр қайғысы еді. Туыстарымыздың қа­сіреті қабырғамызды қайыстырып, түрік ағайын­дарға көңіл айттық.
Сафранболу қаласының мэрі Неждет Аксой 10 қазан күні кешкісін кинофестивальге қатысу­шы­ларға кешкі қонақасын беріп, кезекті кино дода­сының қорытындысын осы бас қосуда жариялады.
Бірінші бәйгені қырғыз ағайындар жеңіп алса, екінші жүлделі орынды Түркия кинодокументалистері ие­ленді. Ал әзірбайжандық әріптесім үшінші бәй­гені жеңіп алды. Мен және кипрлік әріптесіміз екеу­міз төртінші және бесінші жүлделі орынға ие болып, арнайы сыйлықпен марапатталдық. Әрине, еңбегің ақталып, жүлдегерлер қатарынан көрінгенге не жет­сін! Оның үстіне бірнеше деректі туындым түркі тіл­дес халықтардың тіліне аударылып, халықаралық деңгейде көгілдір экран арқылы көрсетілетін болды.
Ең бастысы – мен бұл сапарымда дүниежүзінің түк­пір-түкпірінде тұратын түркі тілдес бауырларыммен танысып, қауыштым, достасып, бауыр басып кет­тім. Ал «Алтын Сафран» кинофестивалі шын мәнінде түркі дүниесінің бір алтын көпірі болды.
Стамбұлдың «Ататүрік» аэропортында жан-жақ­қа ұшатын болып, қимастық сезіммен қоштастық. Арамыздағы жалғыз  ару қыз, тувалық қарында­сымыз бәрімізбен кезек-кезек қоштасып, жылап тұрды…

Доқтырхан ТҰРЛЫБЕК,
жазушы, Халықаралық «Түркі әлемі» телестудиясының директоры.
Алматы – Стамбұл – Сафранболу – Стамбұл – Алматы.
ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір