БАЛА ТӘРБИЕСІНЕ ЗЕЙІН ҚОЙЫП ЖҮРМІЗ БЕ?
13.11.2015
1289
0

Writing a Letter --- Image by © Royalty-Free/Corbis

«Бала – бауыр етің» деген жан мен тәнге қуат құяр сөз тегін айтылмаса керек. Елімізде еңбектеген баладан есею шағына жеткен бозбалаға дейін жасалып жатқан қамқорлықтың қалтқысыз екенін көзімізбен көріп, көңілімізге тоқып жүрміз. Жылдан-жылға елімізде балабақшалардың, мектептердің, колледждердің, жоғары оқу орындарының жоспарлы түрде ашылып жатуының өзі көңілімізді көкке жеткізгендей болады. Сан қырлы мамандықтың қайсысын қаласа да оған жағдай да, мүмкіндік те баршылық. Біздің осыған жан дүниеміз марқайып, сеніміміз одан әрі беки түседі.


Мен өзім бала тәрбиесімен айналыса­тын болғандықтан көңіл алаңым дәйім осы жақта болады. «Бес саусақ бірдей емес» дегендей, балалардың жаратылысы кейде мені терең ойға қалдырады. Өмірде не болмайды, бәрі де болады. Ол ақиқатты арқалаған шындық. Көбінесе балалардың біраз бөлегі жаратылысында ақыл-есінің кемдігінен, дене бітіміндегі жарым жан­ды­лығынан, тапшылық тауқыметін көп көр­уінен болып жататыны жасырын жай емес. Ондай балалардың басым көпшілігі тастандылардан, жетімдерден кездесіп келе жатқанын ешкім де жоққа шығара алмайды. Сол сияқты әлжуаз болып дүние­ге келген балалардың өзін-өзі алып кете алмауы да оңай шаруа емес. Ондай балаларды көргенде ет-жүрегің езіліп-ақ кетеді.
Осындайда құдайға шүкіршілік етпей қоймайсың. Ондай төрт құбыласы сай кел­мей тұрған балаларды мемлекетіміз бен үкіметіміз ешқашан да қараусыз қал­дырған емес. Басты қамқорлығына алып отыр. Кемтарлығы көп балалар үшін ашылған арнайы мектеп-интернаттар,  мамандандырылған тәрбие орталықтары барлық жерлерде баршылық. Сол сияқты оларға деген медициналық қызмет те көп көмегін көрсетіп жатқан­дығын жақсы білеміз. Мұның сыртында аталған жерлердегі балаларға қаншама қайырымдылық шаралары өтіп, олар­ға көрсетіліп жатқан көмектердің ора­сан екенін телеарналардан көріп және мерзімдік басылымдардан оқып, кеудемізді қуаныш кернеп кететінін қалай жасырайық. Ондай балаларға қол ұшын берудің өзі бір ғанибет емес пе. Мен соған қуанамын. Олардың көңілін көтергеннен ешкімнің де қазынасы ортайып қалмайды.
Алайда, бұл бағытта көңіліңді құлазытып жіберетін жайсыздықтардың адамды жан күйзелісіне түсіретінін жасырып, жаба алмаймыз. Орын алып отырған олқылықтар жоқ емес, бар. Мәселен, жетімдер мен кемтар балалардың несібесіне ашкөзденіп ауыз салатындарды естігенде дегбірің қашып-ақ кетеді. Солар тәрбиеленіп жат­­қан орындардағы басшылардың жүрек жұтқандықпен, көзжұмбайлықпен жемқорлық әрекеттерге баруы – қандай мейірімсіздік. Сондай миға сиымсыз әрекетке олар ойланбай қалай барады екен?.. Балалардың несібесі қалайша тамақтарынан өтеді?! Менің осыған қатты жүрегім ауырады.
Сондай-ақ, мұндай балаларға тәрбие берудің әдістемелік тәсілдерін жан-жақты жетілдіре түскен абзал сияқты. Олай дейтінім, көп жерлерде бұрыннан келе жатқан бірсарындылықтың шеңберінен шыға алмайды. Ондай жұмыстың оларға тигізер ықпалы да шамалы болмақ. Сондықтан да қажетті қамқорлыққа аса зәру балаларға тәрбие тәсілдерін дамытып, сана-сезімдерін жетілдіруге, пайдалы жаттығулар жасатуға, дәрігерлік көмекті пысықтай түсуге, талап деңгейінде тамақтандыруға баса назар аудару керек. Бұл тиісті орындардың қолынан келетін іс. Сонда ғана көздеген мақсатқа жетуге болады.
Бала тағдыры – адам тағдыры. Оған жүрдім-бардым қарауға болмайды. Өйткені, олар мәңгілік еліміздің тірегі мен сүйеуі болар бір-бір тұтқалары. Бала атаулы ертеңгі өміріміздің заңды жалғасы, елі мен жері үшін барын аямайтын бақытымыз. Олардың денінің саулығы, кем-кетіксіз жетілуі, пайымы мен парасатының қа­лып­тасуы, адамдық қалыппен қатарда жүруі – біздің тікелей міндетіміз. Осыны ойдағыдай жүзеге асыра білсек, көздеген нысанамызға жетуге ұмтылғанымыз деп түйсінейік.

Гүлфира БЕКТЕМІРОВА,
Алматы қаласындағы
мамандандырылған «Жанұя»
кешенінің тәрбиешісі.
ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір