«ҚАЗАҚСЫЗ ҚАЗАН ЖОҚ…»
13.11.2015
1842
0
379366_223513205_IMG_3138«Бастыны еңкейткен, тізеліні бүктірген» Көк түріктер жаужүректігімен қатар, бай әдеби-мәдени мұрасымен де тарих жадында қалды. Орхон жазбаларындағы рухты жырлар намыстарын жанып, Отыкенді елдіктің символы ретінде бағалаған бабаларымыздың арманы татулықты, бірлікті сақтап қалу еді. Араға сан ғасыр салып, қаһарынан жау жасқанатын бәйтерекке баланған алып қағанаттың әр бұтағы бір-бір елге айналды. Солардың бірі – татар мен қазақ. Татар-қазақ байланысы дегенде алдымен еске түсетіні, уағында Орта Азиядағы рухани һәм мәдени орталықтардың бірі – Қазан қаласы, мешіт-медреселер, алғаш ашылған баспалар. Тарихи жағдайларға байланыс­ты екі бауырлас елдің үзілген рухани байланысын жалғап, қайта жаңғыртуға септігін тигізген – сөз өнері.
Өткен жұма күні Қазақстан Жазушылар одағында Нұрлан Оразалиннің «Йолдызлар елый да белә…», Ғалым Жайлыбайдың «Ике поэма» және Гүлзат Шойбекова аударған «Татар әңгімелері» кітабының тұсаукесері өтті. Талантты жазушы Гүлзат Шойбекова түпнұсқадан аударған жинаққа татардың көрнекті, белгілі отыз алты қаламгерінің әңгімелері топтастырылған.
Мәдени шарада алғашқы болып сөз алған Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы­ның Төрағасы, ақын, драматург, сенатор Нұрлан Оразалин: «Алматыға қош келдіңіздер, бауырлар! Біз бағзыдан тарихы тамырлас, мәдениеті ортақ – түбі бір түркі жұртымыз! Уақытында байланысымыз үзіліп, арамыз ажырағаны рас. Енді тәуелсіздік алып, бұрнағы әдеби дәстүрді қайта жаңғыртуға мүмкіндік туды. Әзірбайжан, қырғыз, түрік, түркімен бауырларымызбен байланысымыз жақсы. Алдымызда Мұса Жәлел мен Ғабдолла Тоқай сынды ақтаңгер ақындардың тойы келе жатыр. Алла қаласа, сол жиынға қатысуға нәсіп етсін. Қазақ прозасы мен поэзиясы антологиясының Татарстанда жарық көруіне күш саламыз. Алматыда жалғыз татарлар ғана емес, көптеген ұлт пен ұлыстар тату-тәтті тұрмыс кешіп жатыр. Көз майын тауысып, отыз алты татар қаламгерлерінің әңгімелерін тәржімалаған Гүлзат қарындасымызға алғысымыз шексіз!», – деп өз ойын қорытты. Тұсаукесер рәсіміне арналған шараны Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының орынбасары Жанарбек Әшімжан жүргізді. Қазаннан келген қаламгерлердің атынан балалар әдебиетінің көрнекті өкілі, Татарстан Жазушылар одағының Төрағасы Рафис Құрбанов: «Бүгін қос әдебиет үшін де елеулі күн. Тарихи себептерге байланысты қазақ-татар әдеби-мәдени байланыстарының үзілгеніне отыз жылдан астам уақыт болғанымен, аударма арқылы рухани жақындығымыз қайта жаңғырды. Бір кездері Түркияға барған сапарымызда біз қазақ-татар ақындарының өлеңдерін оқып барғанбыз. Бұл біздің бауырлас ел екендігіміздің тағы бір дәлелі. Екі елдің Президенті де әдебиетке көңіл бөледі. Жыл сайын бюджеттен қомақты қаржы бөліп, кітаптар шығарылып, кітапханаларға таратылып, оқырманға жол тартуда. Біз бір-бірімізді біліп, тануымыз керек», – деп жылы лебізін білдірді. Роберт Миңнуллин Нұрлан Оразалиннің, Рафис Құрбанов Ғалым Жайлыбайдың өлеңдерін татарша оқып берді. Бұл кітаптардың тұсаукесері бұған дейін Қазан қаласында Түркі дүниесі фестивалінде Татарстан Президенті Р.Миннихановтың, түркі дүниесінің көрнекті тұлғаларының қатысуымен өткен болатын. Ол шараға Қазақстаннан Одақ төрағасының бірінші орынбасары, Халықаралық Абай сыйлығының иегері, ақын Ғалым Жайлыбай ресми түрде қатысқан. Келесі болып сөз алған аудармашы Гүлзат Шойбекова: «Екі елдің Жазушылар одағы бірігіп ұйымдастырған бұл әдеби жобаның жүзеге асқанына шын жүректен қуанып тұрмын. Түбі бір түркі әлемі бір-бірінен алшақтап кетпеуге тиіс! Осы сәтті пайдаланып маған үлкен сенім артқан Қазақстан Жазушылар одағының басшыларына айрықша алғыс білдірем. Бүкіл шығармаларды төрт айға жуық уақытта аударып шықтым. «Біткен іске сыншы көп» дейді қазақ. Кем-кетігі болса, кешіріңіздер! Тәржіма барысында татар еліне, татар табиғатына ғашық болдым. Кез келген автордың шығармасында имандылық менмұндалап тұрады. Баршаңызға рахмет!», – деді.
Тұсаукесерде алыстан келген қонақтардың иығына шапан жабылып, аудармашы Гүлзат Шойбековаға құрмет көрсетілді. Қазақтың көрнекті қаламгерлері Смағұл Елубай, Ахметжан Ашири, Шәрбану Бейсенова, Ұлықбек Есдәулет, Жұмабай Шаштайұлы жаңа кітаптардың тұсауын кесті. Шара аяқтала салысымен-ақ алыстан ат терлетіп келген мейманымыз – Татарстанның халық ақыны, Ғабдолла Тоқай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Роберт Миңнуллинді сұхбатқа тартып, өзімізді қызықтырған сұрақтарды қоюға асықтық.
Біздің ойымызға өткен ғасырдың басында қазақ топырағына кітап тасыған әйгілі Ақмолданың айтқан «Қазақсыз Қазан жоқ, Қазансыз қазақ жоқ…» деген тәмсілі орала берді…

Роберт МИҢНУЛЛИН

– Алғашқы сұрақты былай қой­сам… Бүгінгі татар ұлтының рухани ах­уалы қандай?
– Бір қарағанда жаман емес секілді кө­рінеді. 1990 жылы Конституциямызды қа­былдап, Президентіміз Шаймиев мырзаны сайладық. Совет Одағы құлап, он алты дербес елге айналғанда біз татарлар автономия деңгейінде қалып қой­дық… (Ақын дәл осы сөзін аса бір көңіл­сіз­дікпен айтты!). Бірақ бізді құт­қарған әде­биет пен әдеби дәстүр болды. Оқыр­мандар әдеби шығармаларды көптеп оқып, ұлттық ерекшелігін сақтап қалуға ты­рысты. Қазан хандығы ыдыра­ған соң та­рихи жағдай өзгеріп шыға келді. Ол кез­дерден бізге екі-ақ ақынның шығар­ма­лары жетті. Қал­ғандары жоғал­ған, өр­телген, құр­тыл­ған. Соған қара­мас­­тан та­тар халқы сауатты болды. Ке­йін баспаханалар мен медреселер ашылып, газет-жур­нал­дар жарыққа шыға бастады.
– Соның бірі – Мағ­жан Жұма­баев оқы­ған «Ғалия» медресесі еді ғой.
– Иә. Сол кездері әдеби байланыс мық­ты болған­дықтан түркітектес ақын­дар бір-бірін еш қиналмай ұға беретін болған. Бә­ріне түсінікті – ортақ тіл болды. Билік осы бір орталықтанудан қо­рық­ты! Сол бай­ланыс арқылы әр ел әде­биеті де биік­тей түсті. Бірақ отызыншы жылдар кімге бол­сын оңай соққан жоқ…
– Репрессия мен аштық қатар ке­ліп, елді есеңгіреткені өз алдына Ста­­лин іске қосқан «саяси машина» ұлт­ қай­мақтарын кілкіп ал­ған заманда ақын-жазушылар «жа­бық тақырыпқа» ай­нала бастады…
– Иә, Мұса Жәлел, Ғабдолла Тоқай­лар­ды жасырып оқыдық. Мағ­жан, Ахмет, Міржақыптардың кітап­та­рын жас­тықтың тысына тығып, матамен орап жүретін бол­ған екен. Қандай қасірет десеңізші! Бі­рақ Сталин ұлтты әдебиетке деген сүйіс­пеншілігін жоя алған жоқ. Бір ақын­ды атар алдында соңғы сөзіңіз дегенде: «Сөз өнері – мәңгілік» депті ғой марқұм. Сол сияқты, әдебиетте ха­лық­­тың зары мен қаны, танымы бар. Одан ажыраған күн­нен бастап ұлттың рухани жағдайы қиын­дайды. Қазір жағдай басқаша. Ға­ламтор, ақпа­рат­тық технологиялар да­мы­ған сайын оқырманның да эстетикалық кеңіс­тігі де тарыла бастады. Технократия­ның өз заңы бар еке­нін ұмытпасақ та оның сол әсері байқалуда. Әдебие­ті­міз­де Батысқа деген әуестік пайда болып еді, поэзияның құрылымы өзгеріп, жазушылар жастар мен аға қаламгерлер болып екіге бөлін­ді. Терең шығармалар пайда бо­ла бас­тағандықтан «өнер – өнер үшін» де­ген сияқты жалпы халыққа жол тартатын ақындар азайды.
– «Авторлық кино» сияқты ғой.
– Иә, «авторлық кино» сияқты. Тоқ­са­нын­шы жылдары көпшілік оқырман тү­сінбейтін поэзия келді.Бірақ неге екенін білмеймін, сол ақын­дар бүгін дағдарыста. Ескіше жазғысы келмейді, жаңаша жазу­ға құлықтары жоқ. Үлкен үзіліс­тен соң ме­нің бір ақын досым ау­дар­маға кетті. Ежел­гі Шығыс және түркітілдес шайырларын тәржімалай бастады. Содан онда жаңа тыныс ашылғандай болды. Бір күні кешке үйіме келіп: «Роберт қарашы, ба­сымызға көтеріп келген Батыс әлі күнге дейін бізден Шығыстан ұрлапты ғой», – деп көп­теген мысалдар келтірді. Жас­тары­мыз бұны түсінсін бе, өздерінше жаңа­­лық ашқандай Батыстың ескі­сіне қы­зығумен келеді. Бірақ тәуірлеу жа­­за­­­тын­дар да бар. Бірақ олардың қан­дай бо­латынын уақыт қана көрсете алады. Бү­гінгі татар әдебиеті өз қаза­нында қай­нап жатыр. Аударма тілінде сөйлесетін тә­жірибе жетіспейді.
– Әдеби интеграция деңіз…
– Осы үрдісті қайта жаңғыртуға күш сал­­уымыз керек. Өйткені, Мәскеу, орыс тілі арқылы ғана емес, өзімізді өзіміз та­ныстыра алатынымызды дәлелдейтін кез келді. Бұл тұрғыда «Түрксой-дың» ролін дамыт­қаны­мыз жөн. Сендер бақыт­ты­сыңдар. Өйткені, Тәуелсіз елде тұра­сың­дар. Ал біз  Ресей Фе­дерация­­сының құра­мын­дағы елміз. Бір қуана­тымыз, Пре­зи­дентіміз жақсы. Әдебиет, мәдениет, өнер, дін және ғылымға көп көңіл бөледі. Жаста­ры­мызға қолдау көрсетеді.
– Түркітектес елдермен әдеби бай­­ла­­ныс турасында айтып қал­ды­ңыз. Бұл сабақтастықты дамыт­сақ, әде­­бие­тіміз қаншалықты трансфор­ма­ция­ға ұшырар еді?..
– Қиындау сұрақ. Қайталап айтайын, ау­дармаға көп көңіл бөлу керек. Мә­селен, мен Нұрлан Оразалинді тәржі­мала­­ғанда таң қалдым. Осылай да жазу­ға болады екен ғой деген ойға келдім. Соншалықты терең, соншалықты нәзік ақын бола тұра ежел­гі әдебиет пен жаңа сөз өнерінің же­тістіктерін меңгер­ген. Нұрланды аудару барысында өзіме жаңа әлем ашқандай болдым. Немесе Мұхтар Әуезовтің «Абай жолын» оқыдым. Қандай ғажап шығарма. Әуезов бізге роман жазудың үлгісін, мек­тебін қалыптастыруға септігін тигізді. Сіз айт­пақшы, «әдеби интеграцияның» ба­сымдығы тәжірибе алмасуда ғой.
– Ал Мағжан Жұмабаевтың поэ­зия­сымен таныс шығарсыз.
– Иә, таныспын. Мағжан сүйікті ақын­­дарымның бірі. Мағжанның қата­рынан татар, башқұрт, өзбек, қырғыз ақындарын білемін. Бәрі дос, аралас-құралас жүр­ген­діктен бір-бірінен жетіс­тіктерін алып, оны ары қарай дамыта бастады. Бір қы­зығы, отызыншы жылдардан ары қарай әде­биетіміз біраз әлсіреп қалды. Әде­биет­ке әлсіз шығар­малар мен әлжуаз жазу­шылар келді.
– Жастарға көңіліңіз тола ма?
– Бұл – мәңгілік сұрақ қой. Дәл осы сұ­рақты Аристотельге шәкірті қойғанда ол: «Ешқашан толмайды», – деген екен. (Күліп). Үміт күтуге болатын онға жуық жас қаламгер бар. Ақындары өлең оқы­ғанда ішкі мазмұннан гөрі артистизмге жақын және соны жаңалық көреді. Шы­ғарма мән-маңызымен құнды екенін әлі түсінбей жатыр. Маған Маяковский, Евтушенко, Есенинмен қатар Вознисенский ұнайды. Әр сөзі, әр интонациясы, әр үтір-нүк­тесіне дейін мән береді. Ақын деген сон­дай болу керек. Ал жастарға көңілім тол­майды.
– Татарстанда шоу-бизнестің да­му қар­қыны қаншалықты?
– Бұл ұғым елімізге тоқсаныншы жыл­дары келді. Парламентте депутат болып отырғанымда шоу-бизнесті қолдадым. Өйткені, әншілеріміз ұлттық әндер айтады. Тоқсаныншы жылдары ана туралы өлең жаздым. Бір композитор сөз жазып, бұл ән бірден атақты болып кетті. Ән­ші­леріміз таласа жүріп айтты. Дәл сол кез­де ұлтымыз рухани дағдарыста жүр­ген­діктен ана туралы ән дөп келді.
– Ильгиз Зайниев деген жас дра­ма­тург­тары­ңыз бар. Сол туралы айтып беріңізші…
– Жиырма үш жастағы жап-жас бала. Ак­тер, драматург. Еліміздің нөмірі бірінші ре­жиссері соның пьесасын қойды. Ха­лық­қа Ильгиздың қойы­лым­дары қатты ұнайды. Енді ары қарай қалай болатынын бай­қаймыз. Сіздерде қалай екенін біл­меймін, бізде көрермен театрға көп барады.
– Алдыңғы жылы Қазанда ірі өрт бол­­ды…
– Шіркеулер өртелді.
– Бұдан бір саяси параллель із­деу­­дің қажеті бар ма, қалай ойлайсыз?
– Жоқ, алып-қашпа әңгімелерге сен­беңіздер. (Күліп).
– Татарлар мұсылман және про­во­с­лав болып қақ жарылғанын бұ­рыннан білеміз. Екі түрлі дүние­та­ным­дағы ұлт­тың пайда болуына та­ри­хи фак­тор­дың әсері зор болған сияқты, аға?..
– Иә. Солай десек те болады. Шоқын­ған татарлардың сөзіне сенсек: «Олар – татар емеспіз», – дейді. Бұндай тарихи вер­сиялар өте көп. Қа­зан хандығы құла­ған соң «русификация» басталып, татарларды шоқындыра бастаған.
– Бұл Грозныйдың тұсында болды ғой?..
– Иә, әскер санын көбейтіп, тез жаулап алу үшін істелді. Бірақ кейін көбі қай­та­дан мұсылман дінін қабыл­дады. Шо­қын­ған татарлардың көбісі ауылдарда тұ­рып жатыр. Олардың тілі, сөзі, киім киісі ұқсас болғанымен музыкасы бөлектеу. Әйтеуір жақ­сылы-жаманды бір елде тұ­рып жатырмыз.
– Арманыңыз қандай?
– Қазақстан секілді Тәуелсіз, дербес, азат Татарстанда тұрғым келеді!

Сұхбаттасқан Әлібек БАЙБОЛ.
ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір