ЖАРҚЫРАП ЖАНҒАН ШЫРАҚ
13.11.2015
1940
0

377681_1388360805_ATN_3166

Әдебиет пен тарихтың бірігуі, әдебиетшілер мен тарихшылардың бірлігі туғанына ғасыр толған осы бір қазақ жазушысының атымен тікелей байланысты көрінеді. Қайда бара жатқанымыз белгілі болса да, қайдан шыққанымызды айта алмай жүрген уақытта қаламына жүгінген жазушының еңбегін бүгін ерлікке балаймыз. Ілияс Есенберлиннің есімі Алтын Орда мен Қазақ хандығына дейінгі аралықтағы бүкіл тарихпен тығыз байланысты. Жазушының аты аталған кезде-ақ санаңда бабалардың байырғы мемлекеті жарқ ете қалатыны сондықтан шығар.
9 қараша күні  Мұхтар Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында Ілияс Есенберлиннің туғанына 100 жыл толуына орай  Алматы қаласының әкімдігі мен Қазақстан Жазушылар одағы бірлесіп ұйымдастырған мерекелік концерт өткен. Кеште қазақ эстрадасының үздік орындаушылары мен шығармашылық ұжымдары өнер көрсетті. Шараның жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын залда отырған көрермен қошеметі айқын аңғартқан.

Мерейтойлық концертке қала әкімі де қатысты. «Қазақ әдебиетінің классигі, ҚР Мем­лекет­тік сыйлығының лауреаты, аса көрнекті жазушы Ілияс Есенберлиннің туғанына биыл 100 жыл толды. Жазушының тойы мен Қазақ хандығының 550 жыл­ды­ғының тұспа-тұс келуінде үлкен мән бар. Ілияс Есенберлин қазақ рухани қоғамының, әсіресе, мемлекетшілдік түйсіктің қалыптасуына айрықша үлес қосқан адам. Шығармашылығы арқылы халқына рухани дем берген. Саналы ғұмыры өнер жолымен қатар ауыр еңбекпен өткен. Ұлы Отан соғысына қатысып, жеңіспен оралды. Ілияс Есенберлин әр жылдары өндіріс саласында өнімді еңбек етті. «Көркем әдебиет» баспа­сының, «Кино­студияның» редакторы, «Жазушы» баспасының басшысы, Қазақ­стан Жазушылар одағының хатшысы болды. Осындай маңызды қызмет­пен қоса, шығар­ма­шылығын қабат алып жүрген қа­ламгер, қазақ әдебиеті тарихында өшпес із қалдырған жасампаз жазушы тың тақырыптарды қозғап, қазақ әдебиетіне жаңа леп әкелгені рас. Оның еңбектерінің ішіндегі бірегейі – «Көшпенділер» тарихи эпопеясы. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, біз кеше ғана пайда болған халық емеспіз. Қазақ хандығы осыдан 5,5 ғасыр бұрын шаңырақ көтерсе де, Еуропада орнаған сақ, ғұн, үйсін, ұлы түрік қағандығы, «Алтын орда» мем­лекетінің заңды мұрагері. Біздегі тарихи сананың қалыптасуына, ұлттық құндылықтарды сақтап қалуға Ілияс Есенберлин романдары айрықша әсер етті», – деді қала әкімі Бауыржан Байбек. Одан кейін сөз кезегін алған Қазақстан Парламенті Сенатының депутаты, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Нұрлан Оразалин: «Ілияс Есенберлиннің бүкіл саналы өмірі Алматы қаласында өтті. Шығармаларының көбі осы қалада жазды. Жазушының шаһары жазушысының тойын ұйымдастырып жатыр. Осыған дейін жазушының 100 жылдық мерейтойы Көкше жерінде, Атбасар қаласында кең көлемде тойланған еді. Атбасар қаласында жазушы атындағы мұражай күрделі жөндеуден өтіп, жазушының еңселі ескерткіші ашылды. Мұның бәрі халқының жазушысына деген құрметі», – деді.
Филология ғылымдарының докторы, профессор, белгілі әдебиеттанушы Жанғара Дәдебаев Ілияс Есенберлиннің шығармашылығы хақында баяндама жасады. «Елі де, өзі де сыртқы сұрапыл күшке тәуелді бола тұра, оған қарсы өз халқының тарихын­дағы, өз елінің тағдырындағы қилы кезеңдердің ірі, іргелі шындық оқиғаларын, бір адамның емес, бар жұрттың, адамзат атаулының игілігіне айналғандай рухани асыл құндылықтарын мұншалық зор жауапкершілікпен және құрметпен суреттеу көкірек-көзінде күндей жарқырап жанған шырағы бар, рухы күшті жазушының ғана қолынан келеді. Ілияс Есенберлин – көкірек-көзінде күндей жарқырап жанған шырағы бар, рухы күшті жазушы», – деді.
Аса көрнекті жазушы Ілияс Есенберлиннің 100 жылдығына арналған материалдар легін «Қазақ әдебиеті» газетінің дәстүрлі «Тұлға» қосымшасы арқылы алдағы сандарымыздан оқи аласыздар.

Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ.
Суреттерді түсірген Дәурен ИСАЕВ.
ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір