«ҮНДЕМЕС» ҮМЕКЕҢНІҢ ҮНІ
06.11.2015
1965
0
778516_1691529082_3f6676d980591aef67ea583b08b78590«Үндеместе де үн бола ма екен?» деп, таңдайыңыз түсердей таңданып отырған шығарсыз?! Дұп-дұрыс! Артық-кемсіз 100 пайыз жөн! Мен де солай ойлаймын! Өзі ғой осынша күдік-күмән тудырып отырған. Иә-иә, мен де емес, өзге де емес, тап өзі!

Үмбетбай таза есімім о бастағы,
«Үндемес» жабысқан ат көзді ашқалы, –
деп ақтарылыпты «Сырымды айтайыншы» деп алып. Өзі айтса айта берсін! Олда-білдә, бұған сенбеймін сонда да! Сіздің де сенбейтіндігіңізге сенімдімін! Ә, солай ма?! Әне, айттым ғой, жанарыңыздың жарқ ете қалғанына қарағанда, тап солай! Ендеше, Абай атамыздың:
Көңіл сенбей сенбеңіз,
Бір іске кез келсеңіз, –
деген өсиетіне шынтақтап, көңілімізді қисынға қарай бұрып көрейік, жарай ма?
Ал кеттік, ендеше!
Ау, сонда-а… біздің осы көңіліміздің көзін бұрып отырған «Сырымды айтайыншы» дегенінің өзі оның үні емес пе?! Ендеше, ол қалай «Үндемес» болады?..
Ә-ә, енді ғана байқай бастадым, «Үн­де­мес» жабысқан ат көзді ашқалы» деп тұр екен ғой одан әрі. Демек, бұл оның өзі емес, әлдекімдердің жапсырған, мойнына апарып еріксіз ілген қарғыбауы тә­різді бірдеңесі боп шығады! Бәсе, солай болса керек! Оны қалай байқамай қалдық екен?! Олай болса, сол бірдеңенің быт-шы­тын шығарып, Үмекеңді «Үндемес» деп жүр­гендердің ініне саршұнақ аулағандай су құйып тұншықтырып, ондай жаңылыс жапсырмадан аршып алайық, жарай ма?!
Оны қалай аршып аласыз дейсіз бе? Ойбай-ау, олардың құлақтарын бітеп қатып қалған құлықтарын қуалап тастап, өткен ғасырдың соно-о-оу бір кезінде алғаш рет «Быды-быды» дегенінен бастап, алпыс жылға жуық уақыттан бері не деп келе жатқанын қайта тыңдатып көрейік! Сонда, әлгі «Үндемес» деген есім жапсырған са­баз­­дарыңыз, кінә Үмекеңде емес, өзде­рінің үнқағарларындағы ақаулықтың салдары екенін сезетін болар!
Жә, олары да бар босын! Бүгіндері СЕКСЕН деген сеңгір-сеңгір таулардың биігіне көтерілген Үмекеңнің – Үмбетбай Уәйдаұлының үніне тағы да бір ұйып кө­релікші, қандай-қандай үн жетіп, қандай-қандай сыр ұялатар екен? Дүниеге келгелі бері қолдарына қалам ұстағандардың қамқоршысы қызметін мүлтіксіз атқарып келе жатқан «Қазақ әдебиеті» кеше ғана өз бетінде Үмекеңнің ақтарған сырымен қосып,  «Бозбала Үмбетбай» мен «Қа­зіргі Үмбетбай» деген екі бейнесін қатар берген екен. Онысы дұрыс бопты. Сол үрдіспен біз де оның «Бозбала Үмбет­бай­дан» «Қазіргі Үмбетбайға» дейінгі үнін тыңдап көрейік.
Қарындас-ай, сілейдім ғой, масқара,
Құйып кетті мына жаңбыр қас қыла.
Жол қысқарсын, бір хикая бастайын,
Ала кетші қолшатырың астына.
Бозбала Үмбетбайдың жүрек лүпілін түсіне қойып, құйып кеткен жаңбыр қандай сезімтал еді. Сол жаңбыр ғой, Ардагер мен Құралай бастаған ұлдар мен қыздардың анасына қарай жол бастаған! Сол жаңбыр ғой, қолшатырдың астында осынау бала­лар­дың анасымен тіл табыстырған! Сол жаңбырды «Бозбала Үмбетбай» қалай ғана дәл таныған, дәл танып қана қоймай, сол жаңбырға қалай ғана дер кезінде сыр ақтарған десеңізші!
«Бозбала Үмбетбай» қолшатырдың ас­тында болашақ балаларының анасы болар құрбымен сырласып тұра бермепті, жан-жағына да көз салыпты. Көз салыпты да көргендерін санасының сүзгісінен өткізіпті. Өткізіпті де, көңіліне көп тізіпті. Олары өлең болып өріліпті, Үмбетбайдың үні ар­қы­лы кейде сырлы аяққа құйылғандай мөл­діреп, кейде әзіл-күлкі болып жүрек­тер­де елжіреп, замандасқа тарту етіп беріліпті.
Жасырмайық, шындықты айтсақ, несі мін,
Мейрам сайын ата-анамыз есімін.
Еске аламыз, заулатымыз хаттарды,
Тоздырамыз главпочта есігін.

…Қызығы көп, думаны көп – анық біз
Әзіліңе, әніңе де қанықпыз.
Көңілінде оймақтай да мұңы жоқ,
Міне, осындай біз студент халықпыз.
Қалам ұстаған кім-кім үшін де жазатын тақырыбы оның өз айналасынан табылып жататыны белгілі. Сол сияқты, «Бозбала Үмбетбай» да ол үшін артынып-тартынып алыс-жақын сапарларға шыққан жоқ. Ола­ры қашан да өз айналасынан табылып жат­ты. Студенттік өмірдегі сондай тақы­рып­­тың бірін ол қағаз бетіне былайша өрнек­теді.
…Бұл қияқ болды,
Бірақ Пушкиннен ұят болды.
Орысшаны мыжып тастады.
Обал-ай.
Қазақшаны қақ ортадан сызып тастады.
Бұл қалай?
Әй, кеттік-ай!
Бір кезде жапоншаға жаяу тартты.
Қарашы, бетім-ай!
Бірақ,
Көп күлкісіне көміліп қалды.
Бірақ!
Не болса, ол болсын,
Бір көрініп қалды.
Әрине, «Бозбала Үмбетбай» шағының өзінде жастығына, студенттігіне байланыс­ты тақырыптарға басы бүтін байланып қал­ған жоқ. Сол кездің өзінде-ақ зеңгір көк­тің биігіне де, шыңыраудың түбіне де, шек­сіздіктің қиырына да, адамдар мінезі­нің шиырына да емін-еркін көз сала білді. Көз салған бойда солардан сөз сөлін қо­рек етушілерге тарту етер дүниесін таба білді.
– Осы ең ұзын ненің құлағы?
деп Досалы
Оспаннан сұрады.
– Қоянның,
Есектің…
– Таппадың, – деді Досалы, –
Ө-сек-тің!
Айтайық мысалы…
Бұл тәрізді дүниелер «Бозбала Үмбет­байды» сол кездің өзінде-ақ Садықбек Ада­мбеков, Шона Смаханұлы, Оспанхан Әу­бәкіров, Балғабек Қыдырбекұлы, Оспанәлі Иманәлиев, Мыңбай Рәш тәрізді сайып­қыран сатира сарбаздарының көшіне ілес­тіріп жіберді.
Шығармаларын атқан оқтай зуылдатып, күнәһардың жүректерін суылдатып, тиген тұсын күйрететін, кейіпкерлерін түрлі-түрлі бейнеге келтіріп билететін, сон­дай құдіретімен ақ пен қараның, тақ пен дараның қандай болатынын үйре­те­тіндер жасағына мүше болу, сөз жоқ, Үмбетбай көкжиегін кеңейте түсті. Кеңейте түсті де әркімге бұйыра бермейтін өзіндік, дәлірек айтқанда, Үмбетбайға ғана тән қолтаң­ба­сын айқындап, даралап алды. Онысы – Үмбет­бай қаламынан туған дүниелердің қанша жерден әжуаға айналып, күлкіге шақырып отырғанына қарамастан, оның өне бойынан есіп тұратын адамға деген махаббат пен сүйіспеншіліктің лебі еді. Иә-иә, оның қаламының ұшынан от шаша зуылдап шық­қан дүниелер сықылықтап күлген бойы адамдарды аймалап, құшағына алып, беттерінен сүйіп жүреді!
Аже говорит:
«Он гаварит,
Міне гаварит,
Денгі гаварит,
За дачи гаварит,
Вот что гаварит,
И гаварит…»
Интересно,
Қазақша тұрғанда,
Аже орысша зачем говорит?!
Күлесіз бе? Күлесіз! Содан соң жылайсыз ба? Жылайсыз! Сол үшін осылай сөй­ле­гендерді жек көре аласыз ба? Жоқ! Өйт­кені, олардың бәрі – өз бауырларыңыз! Өз қолыңызды өзіңіз кесіп тастай аласыз ба? Жоқ! Сондықтан алдымен оған күлесіз, содан соң жылайсыз. Жылап тұ­рып оларды жақсы көресіз. Міне, Үмекеңнің күлкісі мен әжуасының өзі осындай.
Немесе, мананы оқып көріңізші:
– Атаңның басы!
– Басы болса басы!
– Атаңның басы!
– Арқасын тыр-тыр қасы!
Төлемақы қағазы келген күнгі осы
Үбекеңнің үйіндегі ұрыстың басы.
Бұл – бүгінгі ұрыс.
«Жемесең – жеме!» – дейтін
Жақсы екен ғой бұрынғы ұрыс…
Бар-жоғы – осы. Осының өзінен де Үме­кең­нің елжіреген жүрегінің дүрсілі естіліп тұрған жоқ па?!
Негізі, Үмекең жұмыр басты пенделер­дің көбі байқамастан, жанынан зу ете түсетін, тіпті кейбірінен аттап-бұттап, ба­сып-жаншып өте шығатын нәрселердің өзін көре қояды. Көре қояды да дүрбінің ұзақтағыны тартып алатын ұңғысына салып көз алдыңызға алып келеді. Соның бі­рін «Жайыңа отыр!» деп таңбалаған екен.
– Қалаға барамын,
Қап ала барамын,
Шай-шекер аламын.
Шифоньер аламын.
Қасыма Өтешті ертіп аламын.
Папаңа баллон плащ,
Пальтосына елтір аламын.
Төргі үйге есік аламын,
Асқаршикке сапалы бесік аламын.
– Мама, әжеме ше?
– Жабысқыр, жайыңа отыр,
Тіліңді кесіп аламын!..
Болғаны осы. Үйішілік бұндай әңгіменің түр-түрін әрқашан-ақ есітіп жүрміз ғой, бірақ мәніне үңіле бермеген екенбіз. Енді ше? Үмекеңнің дүрбісімен қараудың нәти­жесінде… біраз нәрсені байқап қалдық. Байқап қалдық та «базаршылдың» ішкі есебін ұғып, «е-е, осылай екен ғой!» деп, ба­сымызды шайқап қалдық.
«Үндемес» Үмекең әңгіме жанрында да тек өзіне тән өрнегін кестелеген. Солардың қатарынан ең әуелі оның нені жазса да жеріне жеткізіп, жан-жағынан шегендеп, бет-бетіне жамыратып жіберместен, «қозы-лағын» бір желіге көгендеп қаз-қатар тізіп қоятынынан да байқауға болады. Мысалы, күлкінің түрлерін түгендеген тұсына зер салайықшы: Тарс ете қалатын мылтық күлкі, дыр ете түсетін жыртық күл­кі, ептеп қана жымиятын еркін күлкі, кеші­рім­мен қарататын емін күлкі, арсалаңдаған аңғал күлкі, мүсәпірси қалатын жалған күлкі, алдап соғатын залым күлкі, шын күлкіге жетер-жетпес жарым күлкі, кісіні талдырып түсіретін кісінеген күлкі, кенеуі жоқ кеңкілдеген күлкі, танысын тасқа отырғызатын аяр күлкі, орынды-орынсыз ыржалақтап тұратын даяр күлкі, мықты­лық­ты танытатын айбарлы күлкі, жанды жадыратар жайдары күлкі, алақайға басып, сан шапалақтатар қуаныш күлкі, өзің­ді өзіңе келтірер жұбаныш күлкі, алтын тістің арасынан сызылып шығар сәнді күл­кі, атан түйенің жүгін арқалаған мәнді күл­кі!
Міне, Үмекең бейнелеген күлкі түрлері! Бірақ ол күлкіні ғана осылай түрлендірген болса, оны кездейсоқтыққа санап, көлденең көсілген көк теңізді көктеп өткен Кендебайдың керқұласындай ілгері тарта берер едік. Ұйқы түрлерін тұмсығынан тізген мына бір қатарға да мойын бұрмай өте алмадық: Қатты ұйқы, тәтті ұйқы, дыбысы жоғалып кетіп, өліп қалды ма дегізіп барып табылатын қорқынышты ұйқы, жүріп кетіп, селк етіп оянатын үркінішті ұйқы, өлген адамдай дыбыс шығармайтын үнсіз ұйқы, мезгілсіз есінетіп, көзді жұмдыратын түнсіз ұйқы, түнімен қонақ үйлерде «көкпар тарттырып», күндіз қызметте шатастыратын азап ұйқы, түнқатып карта ойнап, жұмыста, мәжілісте басты стөлге соққызып күлкіге қалдыратын мазақ ұйқы, қарабастырып зорға жеткен «свиданиеден» қалдыратын, қыз-келіншектерді тосқызып зар қылатын арсыз ұйқы, адамның қоры, маңдайдың соры ететін нәрсіз ұйқы…
Баяғыда бір жерден қазақта түйеге тән атаудың алпысқа жуық түрі бар екенін оқыған сияқты едік. Сол тәрізді қай нәрсенің болса да толып жатқан атауы мен түр-түрі болатынына Үмекеңнің әңгімелері арқылы нақты көз жеткізіп отырмыз. «Үндемес» Үмекең осы үрдісін ширатып-ширатып, әңгімелерінің арқауына бірге қосып есіп жіберіпті. Оған «…Ертеңіне ет­бетімнен жатыр екем» әңгімесін оқығанда көз жеткіземіз. Онда маскүнемдік тұзағына түсіп қалған шерменде, оның жұдырығы маңдайына тиген сайын тап-тайқы болған сонысын соққылай отырып ішкілік біт­кен­нен сырт айналып өтуге уәде береді ғой. Сөйтсе… онысы бекер екен! О пәлемен бетпе-бет кеп қалғанда, рингке қалай шығып кеткенін сезбей қалады. Сөйтеді де ұдайы накаут алады, яғни ертеңіне етбетінен түсіп жатқанын бір-ақ сезеді.
Соның бірінде: «–Енді арақ ішсем, керемді ішейін», – деп ант етеді. Содан кейінгі отырыста біраз ырғастан кейінгі көріністен үзінді мынадай: «Ішімдіктен көптен аузы ораза жүрген Тарғақ ағай да маған қарап:
– Алып қой айналып кетейін. Міне, мен де аламын, – деді.
Алып қойдым.
Келесі күні үйде етбетімнен жатыр екенмін».
Бұл жолы да енді ішпейтіндігі жөнінде уәде. Алайда, арада екі жеті өткеннен кейінгі көрініс мынадай: «Институтта бірге оқыған, қалтамызды қағып, барымызды бөліп жеген Байтеке Иассауиев келгенде ішімдіктен ішпегенім ыңғайсыз болды. Ішсем аздап ішейін деген ойым болған… Бір рет алдым, екі рет алдым… Ертеңіне етбетімнен жатыр екенмін». Бұдан кейін де арақ ішпеу жөніндегі уәдесінде тұра алмаудың сан түрін келтірген. Оны біз Үмекеңнің көру ауқымының кеңдігі деп қабылдадық.
Мынау – «Ойық жара» әңгімесі. «Түйенің жап-жалпақ табаны нағашымның сопақ бетімен қарама-қарсы кездеседі». Стоп! Осы тұста сәл аялдайық, сөйлемді санамызбен шайнап, дәмін алайық. Түйе табанының нағашысының бетімен қарама-қарсы кездескені қалай? Сонда ол екеуі бақ ішінде немесе сайын дала төсінде қыдырып жүрген бе? Әрі кеттік. «Әп-әйдік түйенің анау-мынау емес, орта есеппен кішігірім шәугімнің қақпағының ауданындай көн табаны не шыдатсын, артқа қарай салбырата  созып  жібергенде,  нағашым­ның добалдай мұрны орнынан қозғалып, жайы­лып-жалпайып, құлақтың ылдиына қарай көшіп кетеді. Екі көзі де екі жаққа ұшып түскен. Дәрігерлер көзі орнында болмаған соң іздеу салса, астапыр алла-ау, саған өтірік, маған шын, бір сыңары шықшыттың сыртында, бір сыңары маңдай­дың үстінде жүреді». Көз алдыңызға кел­тіре алдыңыз ба, сонда ол қандай бейне болды? Беттен бет қалмай, мипалауға айналды деген сөз емес пе?!
Сөйтсек, түйе жарықтық нағашысының бетін көздеп тұрып теуіп кеп жіберген екен! Тоннаға жуық салмағы бар түйенің табаны туралап кеп алақандай бетке тиген соң одан өзге қандай кейіп боларын күтіп едіңіз?! Нағашысының пұшайман болған қаліне қабырғамыз қайысып, ішіміз бұрап кеткен еді… Сөйтсек… о-о, ғажап! Дәйду Дүрдеев пен Әйміш Көлдеев құрдастар да Әйміштің әкесі Дәйдуге нағашы боп келеді екен. Тіліне соны тиек еткен Үмекең қаза­қы қалжыңның бір түрін осылай құйқыл­жытқан.
Негізі,  Үмекең  адамдардың  арақатына­сын­дағы психологиялық, құлық-пейіл ерек­шеліктерін жетік меңгерген. Осының алдында мысалға келтірген өлеңдердің біріндегі  кейіпкердің:  «Жабысқыр,  жа­йы­ңа отыр, Тіліңді кесіп алам», – дейтіні бар еді ғой. «Інің барғалы жатыр…» деген әңгіме сол бейнені одан әрі айқындай түседі. Ата-анасынан ерте қалып, қиындықты көп кө­ріп өскен балаға жас кезінде еш көмек көрсетпеген, «елім, жұртым» деп келген кездерінде үйінен бір кесе шай ұсына білмеген, бірақ, әлгі жас ержетіп, қалада үлкен қызметтің құлағын ұстаған кезінде оған хат үстіне хат жолдағанда ұдайы туыс екенін бетке ұстап отырған. Туыс болғанда да оның ішіндегі жақыны екенін қайта-қайта есіне салып, мектеп бітірген баласын өзіне жіберіп отырғанын айтады. Әңгіменің соңғы тұсынан үзінді:
«…Оманжан, сөйтіп жаман інің оқуға талаптанып жатыр. Өзіңе барады…»
Жедел жауап жаздым.
«…Заң қатты!..»
Суыт жауап алдым.
«Өй, жаман шірік! Бірді-екілі елден барған ағайын-туысқа себің тимесе, о жақта неменемді бітіріп жүрсің? Сол баяғы қайқайғаның әлі қалмаған екен ғой, қай­қайып қалғыр! Тасбауыр!».
Үмекеңді жақынырақ танитындар оның кө-ө-п жылдар бойы тікелей ұстаздық қызмет атқарғанын да жақсы біледі. Ұстаз болғанда Алматыдағы 2-ші санды мектеп-интернатта оқушыларға сабақ берсе, өзі оқып тауысқан әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде болашақ жорнал­шыларға мейір-шапағатын төкті. Онда да сыныптар мен дәрісханаларда айтқанда­ры­мен шектеліп қалмастан, болашақта осы бір қасиетті мамандықты өмірінің мұ­раты ететіндерге, тіпті бойына адами қа­сиеттерді жұқтыруға ынталы жандардың баршасына арнап «Әдеп әлемі және журналистика» аталатын кітап жазды. Бұлай деп отырған себебіміз, кітаптың аңдатпа­сын­да: «Кітап жалпы көпшілікке және оқу орындарының студенттері мен мектеп оқушыларына арналған» деп көрсетілген­дігі­нен ғана емес, данышпан Абай айтқан­дай, «адамның баласы» болғысы келетін кім-кімге де тигізер пайдасы, берер тәр­бие­сі бар болғандығы үшін айтып отырмыз.
Автор оның кіріспесін «Ләһин, әумин шәкірттер!» деп атаған екен.
…Журналист – тұлға, лауазым,
Мінезі – дала, тау, өзен.
Басады зілдей мысы оның,
Көрсетсе кім нән, дәу өзін!

Тыңдайды оны «керең» де,
Оқиды оны кемеңгер.
Журналист деген, әне, сол,
Журналист болам дегендер.
Оны «керең» де тыңдап, кемеңгерге дейін оқитын болса, бұл мамандықтың те­гін болмағаны. Ол үшін журналистің өзі баршаның үлгі тұтатын тұлғасы болуы қа­жет. Өзің төменде қалып, жоғарыдағыға қалай үн қатасың, қалай жөн сілтейсің? Міне, еңбектің авторы журналисті бәрінен жоғары тұратын биікке көтеруді мақсат еткен. Сол үшін екі тарауға бөліп, тақырып­тарға таратқан. Бұл орайда әдеттегі ғылы­ми-танымдық оқулықтарға мүлдем ұқса­майды. Әр тақырыбы жеке-жеке әңгіме немесе ішінде қырынды қалдырмай, сұх­баттасып отырған сырласың тәрізді.
Бұл кітаптың ерекшелігіне көз жеткізу үшін алдынан кездескен судың ортасына таман барып, оның неғұрлым мөлдірінен жұтатын жылқы малы тәрізді таңдап жатпастан, кітапты ашқан бойда ең басына берілген «Сәлем-сауқат әдебі және журналис­тика» аталатын 1-тақырыпқа назар са­лайықшы. «…Сәлем-сауқатқа зор мән бер­­ген бір халық – қазақ халқы. «Сәлем – сөздің анасы», «Сәлем түзу болмай, әлем түзу болмайды»,  «Бір күн та­нысқа – қырық күн сәлем», «Базарда мың-сан адам бар, әркім танысына сәлем береді», «Сәлемдес­пек – ініден, амандық – ағадан», «Сәлемде – саттық, жақсыда – жаттық жоқ», «Алыс­тан алты жасар бала келсе, ауылдағы алпыс жастағы шал сәлем береді», «Қайырлы таң», «Қайырлы кеш» немесе «Кеш жарық» –бәрі сәлем-сау­қат­тың айнасы». Автор осылайша әңгімені ә дегеннен сәлемдесу­ден бастаған. Өйткені, адамдар арасында­ғы барлық қарым-қа­тынас осы сәлемдесу­ден басталады. Қазақ сол үшін де сәлем беру, сәлем алу жайында дүниеге сан түрлі мақал-мәтелдер әкеліпті. Демек, күннің әуелі көкжиектен көтерілетіні сияқты  сәлемдесу  де тіршілік-тынысымызға  жарық сәулесін сеуіп енеді екен. Үмекеңнің ал­ғаш­қы тақырыпты «Сәлем-сауқат әдебі жә­не журналистика» деп алып отырғаны да сондықтан.
Кітаптағы бір ерекшелік: автор негізгі айтар ойын мысалдар мен қызықты оқиғалар арқылы жеткізуді мақсат еткен­діктен, оқуға жеңіл, әрі сонысымен көңілде жеңіл сақталып, жатталып, көңілде қаттала береді. Ілгерілеген сайын тамсандыра ал­ға тартады. «Ат үстіндегі адам жаяуға, тү­регеп тұрған адам отырғанға, аз топ үлкен топқа сәлем жасайды. Сәлемге жауап қайтаратындарға ол үшін сауап болады».
/Хадистерден/.
Біреу сәлем бермей кетсе
қайырылып,
Қабағыма ұялайды қайғы-бұлт.
Қай уақытта өкпелетіп алдым деп,
Дөңбекшимін түнде ұйқымнан
айрылып.
Сырбай Мәуленов.
Біз мысалдарды әлі алғашқы беттерден алып отырмыз. Айтар ойды, берер тәлімді сөзді бастаған беттен-ақ құрғақ ақыл, сақырлаған ережелермен емес, көркем сөз арқылы жеткізсе өтімдірек болатынын, автор соны мақсат еткенін аңғартқымыз келді. Бұл еңбекте негізінен түрлі авторлардың қажетті тақырыпқа орай жазған, айтқан туындылары сөйлейді. Үмекең түйінді ойын соларға сүйеніп жеткізеді.
Біздің бұл тұстағы мақсатымыз – кітап­ты талдау емес, «Үндемес» Үмекеңнің үн бояу­ларын аңғарту. Соны айқындай түсу үшін кітаптың енді бір тұсына ғана назар аударғымыз келеді. «Қандай адамдар арсалаңдап күледі? Алаңғасарлар? Жо-о-қ! Арсалаңдаған күлкі бала мінезді және кім қандай бұйымтай айтса да қалбалақтап жүгіре жөнелетін, жан-дүниесі аппақ адамдарға тән қасиет деседі. Біз білетін­дер­ден жасы алпысқа келіп қалған сықақ­шы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығы­ның иегері Еркін Жаппасұлының күлкісі «точно» сондай күлкі.
Бір көпшілік жиылған жерде біреу ту сыртымнан құшақтап, тырп еткізбей қой­ды. «Бұ қайсың, әй?» десем үндемейді. «Бұқайсыңайды» келесі қайталағанымда, арт жағымдағы бет-ауыз арсалаңдап қар­сы алдыма келді. Қарасам – Еркін.
– Ассалаумағалейкүм!
– Ай, арсалаңбай, сенбісің? Құшағың тұқымымды құртып жібере жаздады ғой.
Қашан көрсең, оның осы жайдары қалпы, осы арсалаңы. Мұндай арсалаң­даған күлкіге өзім түсіністікпен қараймын. Ақкөңіл, жасы кішілер өзімсініп, алдыңғы толқын ағаларына еркелеп жатса, онда тұрған не бар?».
Осы мысал тағылымдық па? Тап солай! Ендеше, бұл тұста «олай бол, былай бол» деп ділмарсу, ақыл айту артық дүние! Осының өзі – тұнып тұрған өнеге! Баяғыда ата-анамыздың, үлкендердің түрлі бағыт­тағы әңгімелерді өздерінің құптайтынын немесе құптамайтынын дауыс ырғағымен білдіре отырып айтқанын тыңдайтынбыз. Біздің негізінен тәлім алған педагогикамыз сондай әңгімелер болды. Бұл жерде Үмекең де сол халықтық педагогиканы шебер пайдаланған!
Міне, «Үндемес» Үмекеңнің үні!
Енді маналы бері өріске шығарғандары­мыз­ды қорасына иірер болсақ, әзіл-қал­жыңы бар, сыр-толғаулары бар, тәлімдік мәселелері бар; санасының сан қатпарын жарып шыққан осынша дүниелерді айтқан Үмекеңді – Үмбетбай Уәйдаұлын «Үндемес» деп атағанымыз  қисынға келе ме? Ау, оның үнін талайлар есітіп, жайлауына жаз қо­нып, әзіл-қалжыңдарына мәз болып, адам­дық пен адалдықты ту еткен жан сырына риза боп қол соққан еді ғой. Оған қоса қаламдастары мен замандастарының не дегенін есімізге тағы да түсіріп көрейік!
«Қазақ сатирасын сан алуан сапалы дәрісі бар аптекаға теңесек, күлкі жаныңды жадыратып, қаныңды қыздыратын дәрі секілді. Осы тұрғыдан келгенде, Үмбетбай Уайдин теңгесі жоқ болса да тегін дәрі жа­зып  бере  беретін  текті  дәрігерге  ұқсайды», – деп таңғалыпты Көпен Әмір-Бек. «Үмбет­байдың сатирик болуы тегіннен-тегін емес. Ол өзінің  болмысына  жарамайтын  нәрсеге түп-тырнағымен қарсы шығады», – деп, Қажытай Ілиясов риза­шылығын білдірген. Бейсебай  Кірісбаев  інісі  болса: «Үмбетбай ағамыздың күміс күлкісі, инабатты  жүріс-тұрысы – барлығы бізге үлгі-өнеге», – деп мақтан еткен. Олар осылайша Үмекеңнің үнін есітіп қана қоймай, риза болған көңіл­дерін ақ жарыла алдымызға тосқан!
Оның үнін осыдан соң да ести алмай, «Үндемес» деуінен таймай жүргендер болса, «Құлақтың құлығын тазалаушылар» қоғамын құрайық. Құлық шіркін тым қатты қатып қалса, қолымызға Атырау мен Маңғыстауда мұнай бұрқағын атқылап жүрген мұнайшылардың  болат  бұрғысын алайық. Сонымен үңгіп жіберсек, мүмкін сонда құлағының саңлауы  ашылып: «Үні қуатты Үмекең!» дейтін болар.
Тсс… тұра тұрыңыз! Мынау ненің белгісі?! Дидарымызды жанға жайлы жұпар леп желпіп өткендей  болды  ғой. О-о, СЕКСЕН деген  сеңгір  таудың биігінен саңқ-саңқ етіп дара үні, жалт-жұлт етіп семсер сөзінің жарағы қол бұлғап тұрған
Үмекең – Үмбетбай  Уәйдаұлы  ғой!   Жүріңіз, дереу барып қолын  алайық. Әңгі­меміздің өзгесін содан соң жалғас­тырамыз!
Жарай ма?!

Кемелбек ШАМАТАЙ.
ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір