АБАЙҒА ҒАШЫҚ ҒАЛЫМ
06.11.2015
2097
4
776850_1918864258_DSC_00102000 жылдары Әдебиет институтына келдік. Сол жылдары Абай дүниетанымына қатысты эксперименттердің өршіп тұрған кезі еді. Сонда көрдік, Абайға ғашық ғалымдардың күрескерлік түйсігін. Әсіресе, абайтанушы Жабал Шойынбеттің қарқыны алабөтен. Қашан көрсең «бұлардың Абайда несі бар әй-а, ай осылардың Абайда ісі жоқ, сол баяғы, қазақты тұқыртудың амалы ғой бұл» деп шиыршық атып жүргені. Абайтану мен теория бөлімі қарама-қарсы дәліздің екі бетінде орналасқан. Ондайда марқұм академик Зәки ағайдың нұрлы жүзі қарауытып ойланып отырып қалатын. Үстінде мұндаздай аппақ көйлегі бар. Мекемтас ағай болса бөлімге келіп асықпай жайланып отырып: «Жабал сен аптықпа, бәрі реттеледі, «алдымен көрейікші өзі на что они способны», көздегені не, бәәәрін біліп, зерттеп, сосын жанды жерлерінен дәлелмен соққы беру керек», – деп жібектей нәзік дауыспен бір қайырып, аз кем уақыттан кейін: «Жо-жоқ, болмайды. Мұндайдың бетін бір түріп тастамаса болмайды, масқара ғой мынау», – деп шұғыл әрекетке көшетін.

Жабал ағайда мүлде тыным жоқ. Шиыршық атып бөлім меңгерушіміз Айгүл апайдың жанына келіп отырады. Сөзінің біссімілләсі «Оқыдыңдар ма жігіттер? Оқыдың ба Айгүл?». Ашу­ға мініп белдеске тастүйін дайын отырған бөлімге мына кісінің «оқы­дың­дармасы» несі деп үнсіз ұғыса­тын­быз кіші ғылыми сардарлар. Апай: «Жабал сені әдейілеп күтіп отыр едім. Отыр», – дейтін де: «Әй, мұны­сы несі бұлардың, басынғаны ма сонда», – деп телефонын қолға алатын. Осы картина күнде дерлік қайталанатын. Жоғарыдағы күрес­кер­лік түйсік дегенді бекер тілге тиек етпедік. «Абайтану ма, ведатану ма, әлде ұрпақ санасын улау ма?», «Ұлт рухына қауіп төндіретін кітап», «Абай мұрасына жауапсыздық – ұлт мұрасына жауапсыздық», «Қазақ философтары қайда қарап отыр?», «Ұлылар үндестігін кім қалай түсіне­ді?», «Ұлттық философияны ұйықтан кім шығарады?» «Қазақты, Абайды қорлап, докторлық диссертация қор­ғамақ» – бұл  сол жылдары бұқара­лық ақпаратта «мылтықсыз майдан» ай­дары­мен ұдайы шығып тұрған Жабал ағайдың көп мақалаларының бір парасы ғана. Мұндайда жалаң күрескерлікпен де іс бітпес, ғылыми тереңдік те керек.
Әйтеуір не керек, «болды қызық, болды тоймен» ол кезеңді де артқа тастадық. Алайда, уақыт өте келе, сол оқиғалар да абайтану тарихының бір белесі болатынын бағамдай бермеген екенбіз. Зердеге тоқы­ға­ны­­мыз  Абайға ғашық ғалымдардың батыр, ұлтшыл келетіні.
Бұл туралы академик Серағамыз­дың пікірі салмақты: «Баспасөзде Жабал Шойынбет ұлтшылдығымен танылып жүргенін білеміз. Жабал Абай қара сөздерін 90-шы жылдардан бастап зерттеп келеді. Абайдың 150 жылдығы кезінде дайындық тобы­ның жұмысына белсене қаты­сып, ақынның өмірі мен шығармашы­лы­ғын зерттеуде тәжірибе жинақтап ысылды. Асықпай зерттеді. Сондық­тан Абай мұрасы жөнінде кейінгі буын ғалымдардың арасында қай жағынан да пікір айтуға құқы бар абайтанушы деп білемін».
Көк тұман – алдыңдағы келер заман,
Үмітті сәуле етіп көз көп қадалған.
Көп жылдар көп күнді айдап келе жатыр,
Сипат жоқ, сурет те жоқ, көзім талған.

Ақын қай кезеңді мөлшерлеп отыр? Өзінен кейінгі Алаш зиялы­ларының дәуірі деуге әсте келмес. Олар ұлт үшін ойланбастан өлімге бас тікті. Советтік кезеңнің де бір басына жетерлік өз сынағы болды. Абайдың ұлт келешегін ойлап қа­мығуы бүгінгі тәуелсіздіктің жастарына да үлкен ой салса керек-ті.
Абай қара сөздері жайлы канди­дат­тық диссертациясын Жабал ағай 15 жыл зерттеп, 2006 жылы қор­ғаған. Алғаш бұл тақырыпқа Ханғали Сүйіншәлиев барған. 1956 жылы ғалымның «Абайдың қара сөздері» атты еңбегі жарық көрген.  Арасы аттай жарты ғасыр. Неге? Бұл туралы марқұм профессор Әбдулхамит Нарымбетов ағай былай деп жазады: «Шындығын айтсақ, мұның себебі – біреу. Ол кезде Х.Сүйін­шәлиев бұл тақырыпты қорғағанда көсіліп сөйлей алған жоқ. Совет өкіметі дінге қатты тыйым салды. Әуезовтің өзі де мұны жұқалап-жұқалап айтты», – дейді. Сөйтіп, мұ­­ның мәнісін зерттеу еңбектен дә­йек­ті деректер негізінде түсіндіреді: «Мұқ­тар Әуезовтің Абайдың «күшті азаматтық сындарын қара сөзде­рінде оңайлатып, азайтып, қысқар­тып айтатыны» деген сөзді  М.Әуез­ов­тің өзіне де қатысты деп алсақ, әрі ол Абай қара сөздері жөніндегі пікірін әдейі «оңайлатып, азайтып, қысқартып» айтты десек, шындықтан тым алшақ кете қоймаспыз. М.Әуе­зов Абай өлеңдерінің қара сөз­дері «төмендеу еді» деген ой ұшқынын да байқатады. Мұнысы Абай – байшыл, Абай – діншіл деген кезіндегі улы жыландай зәрін төккен «төпелеген сыннан» «өзі мұсылман, исламды терең меңгерген данышпан Абайды әл-әзірге өлеңдерімен ақын Абай деп қана зерттеуді жалғастыра берудің мүддесінен, ақылдың «айласынан» шыққан сөз қолданыс деп ұқтық», – дейді.
Хәкім Абайдан бір ғасыр кейін туып, хәкімнің сыншылдық, күрес­керлік рухын бойтұмар етіп, дана ақынды қазақтың тағдырына балап, қызғыштай қорғап келе жатқан Жа­бал ағамыздың қоғамдық, ғалым­дық, ұстаздық жолының ұзағынан болуын тілейміз.

Ұлан Еркінбай,
әдебиеттанушы.
ПІКІРЛЕР4
Аноним 08.09.2019 | 19:17

Жабал психикасы сау емес адам ғой. Оны дұрыс түсініп, неге дұрыс баға бермейсіңдер? Ол Абайды қорғаушы емес, қорлаушы болып табылады

Аноним 21.01.2020 | 21:43

Солай сияқты ғоц

Аноним 31.05.2020 | 15:35

Неге дәлелсіз пікір қалдырасыз!? Ең болмаса өз есіміңізді жазып қалдырыңыз.

Аноним 12.07.2020 | 15:02

Қазақ
Мекметас Мырзахметовтың «соққы беру керек» дегеніне қарағанда Омаровқа шабуылды үйымдастырып, өздеріне беймәміл істі ушықтырып жүрген басты адам екені белгілі болды. Мақсаттары — абайтануды философтарға бермеу. Әрине, филологтар бұл текетіресте жеңді, бірақ нәтижесінде абайтану зиян шекті. Содан бері әлі жалпыға ортақ «Абайтану» оқулығы жоқ. Абайтану саласы тығырықта. Бұл жеңіс емес, жеңіліс. Ал абайтанушылар Абайды қорғаушылар емес, оны қорлаушылар.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір