«ТАУПІСТЕЛІ ТАҒЫЛЫМЫ»
06.11.2015
1615
0
776671_1717806518_img_1563
«Мархабат-Мирас» қоғамдық қорының жаңа жобасы

«Мархабат-Мирас» қоғамдық қоры құрылған үш-төрт жылдан бері өзге ұйым, мекемелермен, әсіресе әкімдіктермен, мәслихаттармен және «Нұр Отанның» жергілікті ұйымдарымен бірге жұртшылықты, айрықша жас ұрпақты патриоттық рухта, Мәңгілік Ел мұраттарына адалдыққа тәрбиелеу, көркем әдебиетке, кітапты талғап оқуға бетбұрыс жасау, жас қаламгерлерді қолдау мақсатында бірқатар жұмыстар жүргізіп, түрлі шаралар ұйымдастырып келеді. «Шырайлым – Шұбайқызылым» жобасы бойынша аудандық, облыстық, республикалық байқаулар, өзге де тақырыптарда оқулар, конференциялар, кездесулер өткізілді. «Жеңістің және жазушының жетпіс жылдығына жаяу жүру жобасы»  жүзеленді.


Енді қоғамдық қор «Таупістелі тағы­лы­мы» жобасын қолға алып отыр. Пістелі ауы­лы – қазақ еліндегі ерекше елді ме­кен­дердің бірі. Табиғаттың таңғажайып төрі. Кеңестік кезеңде көп күйзеліске ұшы­раған, ашаршылықта жартылай қы­рыл­ған, алпыстан астам азаматы соғыс­тан оралмаған. Хрущевтың тұсында асыл тұқымды жүздеген жылқылары етке айдалып, қылқұйрықсыз қалған. Ауылдың жүз елу үйі жиырмашақты түтінге дейін азай­ған, көбісі жан-жаққа көшіп кеткен.
Пістелінің бұрынғы аты – Таупістелі. Қа­ратаудың Алатауға жақындай бастайтын тұсында. Бөкейтау, Бекітау, Таупістелі, Жал­паққағыл, Аршалы сілемдері, Боз­тор­ғай асуы, Қарағашты, Құлбайшоқы, Қостөбе жоталары, Жолбарыссай, Нұ­ры­байсай, Амансай, Пістелісай, Шолақсай, Құдықсай, Алшалысай дейтұғын сайлары бар, Көкбұлақ өзені, Қарабастау, Ақбас­тау, Әсембастау, Абылайбастау, Көл­бас­тау, Кекілікбастау, Сапарбастау, Сырманбастау, Сімәтбастау, Сарылдақ сияқты қайнарлары қаншама.
Таупісте – жаңғақ тұқымдас, айрықша ағаш. Жемісі дәмді, дәрілік дәрумені мол. Биік­тігі төрт-бес метрге жетеді. Оңтүстік Қа­зақстан облысы бойынша негізінен Тау­пістелі ауылының айнала-төңірегіндегі бі­рер сайдың беткейінде, Бозторғай асуы­ның ішінде, күнгей Көкбұлақтың таулы тепсеңдерінде ғана өседі. Таупістелі өңі­рінің көп жері атақты Сайрам-Өгем мем­лекеттік-ұлттық табиғи паркіне қа­рай­ды.
Таупістелі – жазушы-журналист Мархабат Байғұттың туған ауылы. 1995 жылы Таупістелі ауылына Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Шерхан Мұртаза, Өзбекстанның халық жазушысы, ҚР Президенті Бей­біт­шілік және рухани келісім сыйлығының лауреаты Насыр Фазыл бастаған жиырмадан аса ақын-жазушылар барған. Тау­пістелі ауылын, айнала-төңірегіндегі көр­кем табиғатты тамашалап, сұхбат құрған. Шерхан Мұртаза, Насыр Фазыл, Мекемтас Мырзахметұлы, Қалдарбек Найманбаев, Ахат Жақсыбай, Сауытбек Абдрахманов, тағы басқалар арнайы бау ағаштарын отырғызған.
2005 жылғы мамыр айында Шерхан Мұртаза, Насыр Фазыл, сондай-ақ, қа­зіргі қазақ әдебиетінің классиктері Дулат Иса­беков, Бексұлтан Нұржекеұлы бас­таған жиырмашақты қаламгер осы ауыл­дағы жиынға қатысқан. 2015 жылғы ма­мыр айында Халықаралық Түркі ака­де­мия­сы­ның президенті, тарих ғы­лым­дарының док­торы, «Дарын» мем­ле­кет­тік жастар сый­лы­ғының лауреаты Дархан Қы­дырәлі, талантты сыншы, Халықаралық «Алаш» әдеби сый­лығының лауреаты Әмірхан Меңдеке, белгілі қаламгерлер Нармахан Бе­галыұлы, Орысбай Әбділ­да­ұлы, Байдул­ла Қонысбек, Есқара Тоқта­сын­ұлы, Шойбек Орынбай, Қабылбек Төретайұлы, Сәр­сенбек Сахабат, Дәулет­керей Кәпұлы, Бақытжан Алдияр, тағы басқалар сұхбат құрған. Маусым айында қазақтың алашшыл, мемлекетшіл, ұлт­жанды тұлғалары Дархан Мыңбай, Нұр­төре Жүсіп, Шәмшид­ин Паттеев, Еркін Қыдыр, тағы басқалар болып, жиналған жұртпен шүйіркелес­кен.
2015 жылғы көктемде Бозторғай асуы­ның басталар тұсында, Көкбұлақ өзе­­нінің беткейінде мемлекет және қо­ғам қайраткері, тоталитарлық жүйе тұ­сын­да жазықсыз жапа шегіп, төрт жарым жыл тас қамауда отырған, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі болған Асанбай Асқарұлы айрықша құрметтеген жерде «Асанбай Асқарұлы аялаған ая, саялаған сая» деген, Таупістелі ауылының ортасындағы белгілі баудың жанына «Шер­хан Мұртаза, Насыр Фазыл бастаған жазушылар баудың негізін 1995 жылы қалаған» деген жазулары бар тас тақта­лар орнатылды.
Байқап қарасақ, «Таупістелі тағы­лы­мы» жобасын жүзелеу өзінен-өзі сұранып-ақ тұрғандай. Қоғамдық қорымыз жаңа жо­баға сәйкес “Таупістелі тағылымы” бас­­қосуын тұрақты, жүйелі өткізуді меже­леп отыр. Бұл басқосуларға, негізінен, ОҚО, Алматы, Астана, Өзбекстан, Түркия, өзге де өңірлер қаламгерлерінің өкілдері, ОҚО аумағындағы жас таланттар шақы­ры­лады. Басқосудың бірінші бөлімінде алдын ала таңдалған тақырыптар бойынша әлем әдебиеті, ұлт әдебиеті, көркем әде­биет пен журналистикадағы шеберлік, дәс­түр мен жаңашылдық, заман, қоғам, адам және қаламгерлік парыз, т.б. туралы тал­қылаулар болады. Екінші бөлімінде жас­ таланттар шығармашылығы, туынды­ла­ры талданып, талапкерлердің тұсау­ла­ры кесіліп, ағалардың ақ батасы беріле­ді.
“Таупістелі тағылымы” басқосулары тиіс­ті ұсыныстарға орай, қоғамдық қор­дың мүмкіндігіне қарай, бірақ кем дегенде үш жылда бір рет өткізілмек.
Жаңа жобамызды көрнекті қалам­гер­лер, айтулы ақын-жазушылар, журналис­тер, қайраткерлер қолдап жатыр. Елгезек те елшіл бауырымыз, ҚР Ұлттық му­­­зейінің басшысы Дархан Мыңбай: «Дұрыс секілді. Жан-жақты ойластырып, тереңдете түс­кен жөн. Тіпті, логотипіне дейін елестетіп тұр­­мын. Таупістенің шуақтана шоқтанып өсе­тін жемісі мен жақұт жапырағы жа­ра­сып-ақ кетеді», – деді. «Түркі дүниесінің тұ­тастығына қызмет ететін біздің ака­демияның бір жібек жібі алыстағы ауылмен, қасиетті Қаратау  түкпіріндегі  Таупіс­телімен жалғасып жатса, ғанибет қой», – дейді Халықаралық Түркі акаде­мия­­сы­ның президенті, бүгінгі білім­паз­дардың бірегейі Дархан Қыдырәлі. «Піс­телі ауылына барсақ та, таупістені көр­меген едік», – деп әзілдейді қазақтың ақиық ақыны Нармахан Бегалыұлы.
Бұған дейінгі іс-шараларымызға ақ­парат­тық қолдау көрсеткен барша БАҚ-тар­ға алғыс айтқымыз келеді. Алдағы кез­де де Мәңгілік Ел болуға ұмтылған қа­­зақ көркемсөзі мен көсемсөзінің, ұр­пақ­тар сабақтастығының, бірлік пен ын­ты­мақтың қамы үшін үндесе, үйлесе тір­лік жасай берейік.

Сәтбай ҚАСЫМБЕК,
 «Мархабат -Мирас» қоғамдық қорының төрағасы,
«Құрмет» орденінің иегері,
Түлкібас аудандық мәслихатының депутаты.
Оңтүстік Қазақстан облысы.
ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір