Бір үзік сыр
06.11.2015
3178
0
2eb84ce4c573531e3cd9f91e6a4d4ca5***

Бір күні Шоқан Айғаным әжесінің үйіне келді. Еркелей келіп, әжесіне бетінен иіскетіп:
– Әже, мен сізге бүгін бір қысса ала келдім, өзіңе оқып берем, – деп Шоқан Әубәкір молдадан әдейі сұрап әкелген «Боз жігіт» қысассын оқып берді. Айғанымның Шоқан оқуынан бірінші тыңдаған қысассы осы еді. Салмақпен, асықпай, байыпты оқып, әрбір бөлімдерін орнымен баяндап бергеніне сыншыл да есті әже соншалық разы болып, батасын берді.
– Шоқанжан, бұл қыссаны мен бұрын естімеген едім. Сондай қызық екен. Біздің қазақ ақындары айтатын жырлар бұдан да қызықты, – деп Айғаным өзі әдеттегі әңгімешіл шебер тілмен Шоқанға «Ер Тарғын» жырын әңгімелеп берді. Әже әңгімесінің ұзын өзегіндегі Шоқанға ең ұнағаны, Ақжүністің жалғыз атты Тарғынды сүйіп, соған еріп елінен қашқаны. Артынан қуып келе жатқан Қарт Қожаққа, қыздың тапқыр сөз айтып, тоқтатқаны болды.
– Әже, бұл әңгімені маған неге бұрын айтпадыңыз? – деп Шоқан шұғыл сұрап қалды.
– Мен бұл жырды саған ұғынуға ертерек қой деп жүр едім. Бүгін мына Боз жігіт қысассын оқып бергеннен кейін, мұндай үлкен жырды ұғатын болғаныңды біліп отырмын. Тағы да ұзақ әңгімелерім бар. Кейін айтам, – деп Айғаным оның бетінен сүйді.

«Шоқан асулары».
Сапарғали Бегалин.
***

«Қатты ұйқыда екен» деп жорыған Шоқан, әкесін оятып алмау мақсатымен сәкісіне кілем төселген бөлмеге еппен  кірді де, жататын орнына беттеді.
Сақ құлақ Шыңғыс Шоқанның төсекке қисайған сыбдырын естіді. Әйтсе де сыр бермей қорылдаған болып жайнамаз үстінде сәл отырды да, Шоқанның мұрны пысылдаған дыбысынан «ұйықтады» деп ойлап, еппен басып қасына келді. Шоқан өтірік ұйықтап жатыр еді, ойы – әкесінің не істейтінін бақылау. Баласының қасына келген Шыңғыс, бетін қабырғаға бере бүк түсіп жатқан Шоқанды арқасынан құшады да, сылқылдай жылап жата кетеді.  Әкесін аяп кеткен бала, мейірімдік көрсеткісі келгендей, бетін бұра аунап түсті. Бірақ, бұнысын ұйқысырау сияқтандырып, дыбыс бермеді. «Оятып алмайын» деген оймен, өксігін әрең тыйған әке жанының бөлшегіндей баласын бауырына қыса түсті. Олар терең ұйқыға кетті…
Шіркін, осындай бір тәтті ұйқы-ай!..
Шыңғыс әдетте ерте  оянатын еді де, дәретін алып, намазын өтеп, содан кейін  тағы да жатып, биенің бас сауынына дейін тұрмайтын еді. Үйінен мына сапарға шыққанынан кейін де сол  дағдысын тастамаған Шыңғыс Шоқанды бауырына баса ұйықтаудан таң біліне оянды. Құшағындағы Шоқанға қараса ұйқыға мас болып, түк сезер емес. «Қимылдасам оятып алармын» деген оймен, ол аз уақыт тым-тырыс жатты да, аздан кейін Шоқанның басындағы қолын шымшымдап суырды. Шоқан оянбады. Басын көтерген Шыңғыс Шоқанның үстіне төрт тағандай төніп, жоғарғы жақ шекесінен құшырлана иіскеді. Оянып кеткен сияқтанған Шоқан екінші  жамбасына аунап түсті де, пысылына кірісті.

«Аққан жұлдыз».
Сәбит Мұқанов.
***

Шоқан мен Айсара салт атқа мініп, жаман асумен асты да, Алтынемелмен кері қайтты. Жолай Шоқан Байзақ берген ақ жорғаға мінген өз келіншегіне қайта-қайта қарап, жаңа көргендей қызықтады.
– Айсара, сенің суретіңді салсам қайтеді?
– Өзің білесің.
– Менің салған суреттерім саған ұнай ма?
– Жақсы ғой. Әне бір қашқар келіншектері болмаса…
– Олар саған неге ұнамайды? – деп Шоқан шын ниетімен оның ойын білгісі келген.
– Өзім де білмеймін. Әйтеуір, ол келіншектер онша ұнамады.
– Өздері нақ солай киінеді. Мен оңдап келтіре алмаған болармын. Әйтпесе ол тым көркем.
Айсара  үндемеді. «Қандай болғанда да әйелді ұнататын әйелді әлі көре алмадым!» – деп ойлады ол.
– Ертеңнен бастап  сені осы ақ жорғаға отырғызып, суретіңді сала бастаймын.
– Ақ қағазға, ақ атқа мініп, ақ киім киген адамды қалай түсіруге болатынын ұқпаймын.
– Мынау ойың қызық. Дегенмен, еңбектенемін.

«Ақ боз атты ару».
Сәуірбек Бақбергенов.

***

Шыңғыстың ұлы, Сібір Кадет корпусында білім алған Шоқан Уәлиханов ғажайып қабілеттерімен ерекшеленген еді. Азия департаментінің бұрынғы бастығы, сенатор Е.П.Ковалевский Қашғарға жасаған сапары мен өзі жазған есебіне қарап, Шоқан Уәлихановты жас данышпан деп айтуға құқым бар деп мәлімдеген. Өкінішке қарай, оны ешкім түсінбеді. Сібір әкімшілігі өзінің қатысуынсыз Петерборда Шоқанды патшаға тікелей таныстырғанына, тақсырдың оны еркелеткеніне өкпелеп қалды. Ар-намысына тиетін сөздер айтып, жала жауып, ақыры осы жылы Шоқанды табыттан бір-ақ шығарды…

А.К.Гейнс.
«Күнделіктен».
* * *

Шоқанның бет пішіні монголоидтық: ол сұлтанның, яғни ақсүйектің бет пішіні қара сүйектердікіне қарағанда айырмашылығы бар деп айтатын. Қара сүйектің бет пішіні әртүрлі, өйткені түрлі тайпалардың қаны араласып кеткен және типі бойынша батыс түріктеріне ұқсас келеді. Ал сұлтандар болса, шығыстан тараған ұрпақтар, оларда моңғол қаны бар, сондықтан олардың бет пішіндері бірдей және анық моңғол типі. Бірақ соған қарамастан, оның бет-әлпеті ұсқынсыз емес, тіпті сүйкімді десе де болады. Еуропа көйлегін киіп, еуропалық мәнерде жүріп, шаштарын да еуропаша қою «моңғолияны» билеп-төстеді.
Шоқан өте жалқау болатын. Оның ертегіні жазып алуға шыдамы жеткенімен, қағаздарын ретке келтіре алмайтын. Шоқанда бір сөмке қырғыздар туралы материалдар бар болған дейді, бірақ оның бәрі қайда кеткені белгісіз. Бұл жазбаларды мен де көргенмін. Шоқан қара қырғыздардың Манас туралы жырын жазып алған болатын, оның бір бөлігін маған оқып берді де. Мен оның жазбаларын көшіріп жазып, ретке келтіруді ойлап жүрдім, бірақ Петербургтегі уақытым нан табумен кетті де, бұл жайына қалды. (Қағаздардың) бір бөлігі, әрине, Тезектің аулында жоғалып кетті. Шоқанның қырғыздар туралы жазған әңгімелері өте қызық болатын. Әрине, ол басшылары оның ағалары Саржан мен Кенесары болған қырғыз көтерілісінің тарихын қызықтырақ етіп жаза алатын еді. Осы тарих жөніндегі әңгімелерді қырғыз өлеңдерінен алынған үзінділер, мақал-мәтелдер, халық аңыздары және ұлттық салт-дәстүрлермен байытып отырды…

Г.Н.Потанин.
«Ш.Уәлиханов туралы өмірбаяндық мәліметтер».
* * *

Моңғол нәсілі, жалпы, ажарсыз, сұлу емес болып келеді, ал Шоқан, бет-пішінінде таза монғолдық белгілер (қалың қара тік шаштар, қысықтау қара көздері, кішкентай аздап жалпиған мұрыны – бәрі де монғолдық еді) айқын білінсе де, аса тартымды еді, тіпті сұлу деп айта аламын. Өңіндегі барлық белгілер өзіне жарасып, мейірімділігін, жұмсақтығын көрсетіп, бүкіл бет-пішіні асқан бір сүйкімділікпен өзіне тартып тұратын еді. Онымен араласып, әңгімелескен кезде, алдыңда қырғыз (ал оның өңі мен дене тұлғасы мүлде орысқа ұқсамайтын еді) отырғаны мүлде есіңнен шығып кететін еді.
Жергілікті сібірлік болсын, Сібірге кейін келген орыс адамы болсын, қырғыздарды тап өзімен тең тұрғыда неміске, французға, еврейге, итальяндыққа қарағандай қабылдай алмайтындығын осы жерде айта кету керек. Ең бір ізгіжанды сібірліктің немесе ресейліктің өзі бұратанаға үлкен адамның кішкентай балаға қарағанындай қарайтын еді. Бұның өзі белгілі бір жандарға ғана тән өте бір христиандық қатынас еді; ал жалпы орыстардың көбісі қырғыздарға жиіркеніп қарап, тартымсыз деп қабылдаушы еді. Бірақ Шоқан Уәлиханов өз сыпайылығымен сізге өзін бауыр ретінде қабылдауға мәжбүр ететін еді, ол өз ортаңыздағы орыс адамынан, бала кездегі немесе кейін бірге оқыған досыңыздан да жақын болып кететіндей еді. Оның әр пішінінен сіз өзіңізге ұнамды (көзқарасы, бет әлпетіндегі қимылдар, дауыс ырғағы, жұмсақ үні, сөздерінің бейнелілігі) нәрсе көретін едіңіз, одан сезімнің ең бір нәзік реңдерін табуға болады.

С.Я.Капустин.
«Шоқан Уәлиханов туралы».
* * *

Өткен жылы күзде, Іле аймағында, Батыс Қытайдың Қашғария қаласына жасаған сапарымен әйгілі болған қырғыз сұлтаны Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов көз жұмды. Орта Азияның бұл бөлігіндегі географиялық мәліметтерімен ғылым оған қарыздар, өйткені, бұл елге діни-саяси көтерілістердің қызып тұрған шағында кірген басқа бір еуропалық, ағайынды Шлагинтвейттердің бірі Қашғар озбыры Уәли ханның құрбаны болған еді. Шоқан Уәлиханов осы көтеріліс басылған соң Қашғарияға аттанды және қала алаңынан Қашғарияның уақытша басшысының бұйрығымен тұрғызылған адам бастарының үйіндісін көрді. Осы қала мен төңіректегі ел туралы мәліметтерді Уәлиханов «Орыс географиялық қоғамының жазбаларында» «Алтышар» немесе Қытай провинциясы Нан-Лу сипаттамасы» деген атаумен жариялады. Бұларға ол Алтышардың тарихи очеркін де қосты. Бұл мақаладан басқа Уәлиханов тағы да «Орыс географиялық қоғамының жазбаларындағы «Қашғарияға сапар жөнінде есеп» және «Абылай – қырғыз ханы» деген шағын мақаласын жаңа энциклопедиялық сөздікте басып шығарды.

Н.М.Ядринцев.
«Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов».
* * *

Әсіресе Шоқан Уәлихановтың тұлғасы дала жұрты үшін ықпалды  болды.  Бұл бұрын-соңды болмаған ғажап құбылыс – генерал-губернатордың нөкерлеріне жататын офицер, қырғыз жігіті жергілікті астана Омбының жоғарғы қоғамына қабылданып қана қоймай, жергілікті орыс қоғамында ақыл-ой қабілеті терең де жарқын, ой-санасының  парасаттылығы арқасында адам ретінде беделге ие болған еді. Шоқанның аты Уәлихановтардың тегін ерекше жарқыратып жібергені сонша, өз аты-жөнін Уәли ханның есімімен емес, оның басқа балаларының есімдерін алған уәлихандықтар өздерінің елеусіз  аты-жөнін Уәлиханов деген даңқты есімге алмастыруға ұмтылды. Шоқанның ең жақын туыстары оны өз әулетінің кемеңгер данышпаны ретінде еске алады. Ал қазір Шоқанның өзінің туған отбасына қалдырған рухани мұрасы да бар: Еуропа мәдениетінің адамның іс-қылықтарының қандай нәзік төрешісін қалыптастыра алатынын Шоқан оларға көрсетіп берді.

Г.Н.Потанин.
«Соңғы қырғыз ханзадасының киіз үйінде».
* * *

Генерал-губернатор  Алынемел және Қоянкөз бекеттері арқылы өтіп бара жатып, 1866 жылы дүниеден ерте өткен сұлтан Шыңғыс Уәлихановтың ұлы Шоқанның бейітіне соқты. Өмірде зиялы және адал болған Шоқан қайтыс болғаннан кейін де құрмет пен сыйға ие болды. Сұлтан
Ш.Уәлихановты тек туған-туыстары ғана емес, қазақ және орыс халқы да  қайғырып, құрметпен еске алады. Омбыдағы Кадет корпусында білім әрі тәрбие алған марқұм Шоқанға оны бітірісімен, зеректігі және үлгілі тәртібі үшін офицерлік шен беріледі. Көп ұзамай оның ақылдылығы, адалдығы мен білімін бәрі мойындады. Жарқ етер тұста мезгілсіз қайтыс болуы  халықты қайғыға батырды. Ауруынан айыға алмаған ол Тезек сұлтанның аулында қайтыс болды. Оның бейітін күйдірген кірпіштен қалап, күмбез орнатты. Бірақ бұл мазар берік емес, бес-алты жылдан кейін бұзылуы мүмкін деген қауіп те жоқ емес. Күмбездің ағаш есігіне марқұмның ататегі жазылған. Бұл жазу кейін жаңбыр мен ескірудің салдарынан түсініксіз болуы әрі өшіріліп қалуы мүмкін. Бұған қоса, бірнеше жылдардан кейін Ш.Уәлихановтың бейнесі халықтың есінен шығуы да ғажап емес. Марқұм Ш.Уәлихановқа құрмет белгісі ретінде және оның бейнесін мәңгі есте сақтау үшін генерал-губернатор мәрмәр тақтатас – құлпытас орнатуға және Алматы (мекенінен) шебер-суретші алдырып, кімнің бейітіне қойылғанын, қандай еңбегі үшін құрметке ие болғанын осы тасқа шұғыл жаздыруға бұйрық берді.

«Шоқан Уәлихановқа ескерткіш орнату туралы».
«Түркістан уәлаяты» газетінен.
***
Шоқан ғашық болды ма, білмеймін. Омбыда ол құмартқан жағдайлар болды, бірақ олар ұзаққа бармайтын және іс Полонский мен Майковтың өлеңдерін оқып бергенмен шектелетін. Ол орыс қызына үйленбейтінін айтатын, өйткені ол өз қырғыз халқына қызмет жасағысы келеді, ал ол үшін мұсылман болып қалу керек. Шын мәнінде, ол діни мәселелерде ақыл-ойға жүгінетін.
…Егер Шоқан қырғыз халқының ішінен оқырман ортасын тапса, өз халқының кемеңгері болып шығар еді. Сондай-ақ өз жерлестерінің әдебиеті пайда болуының негізін қалар еді.
Шоқан өз замандастары арасында өмір сүрді. Олармен өз қызығушылығын бөлісті, бірақ ол болашақтың тағдырына қатты алаңдады. Ол өз халқының болашағы үшін пайда келтіретін еш нәрсе істеген жоқ. Бірақ ол не істей алар еді? Өз халқының тарихын жаза ма, ертегілердің жинағын құрастыра ма, әлде ұлттық дәстүрлерді жинап құрастыра ма немесе халықтың тұрмыс-салтын суреттей ме? Дегенмен мұндай жекелеген міндеттер Шоқан секілді тұлғаны қанағаттандырған жоқ. Оның негізгі міндеті қырғыз халқы үшін жазатын публицист немесе әдебиетші болу еді. Ал тағдыр оны шығыстанушы-ғалым немесе қырғыздар туралы жазатын орыс әдебиетшісі ғып шығарғысы келді.

Г.Н. Потанин.
«Ш.Уәлиханов туралы өмірбаяндық мәліметтер».
* * *

Шоқан Уәлихановтың жесірінің үйіне бардық. Біз оған күйеуінің өмірден ерте кеткеніне шын жүрегімізден өкініп, көңіл айттық, оның өзі мен ақылы, мәліметтерімен бізге көп пайдасы тигендігін еске алдық. Жесір әйел қатты қайғырып отыр, бірақ күйреп, жыламсырап отырған жоқ. Оның жүзі өте мейірімді еді.
Шын мәнінде де, Уәлихановты жоғалтқанымыз аса өкінішті. Ол биікке өрлей бастағанда, қайсақ ақсүйектері оның себебін білімінен деп санап, өз балаларын мектептер мен корпустарға бере бастады. Сібір басшылары оны халық қалағандай Атбасар округінің сұлтаны етіп бекітпей қойғанда және оны қыса бастағанда қайсақтар өз балаларын корпус­тардан қайтып ала бастады. Сырымбетте, Шоқанның әкесінің ауылында мен қайсақтардың арасынан үш кадетті көрдім, Шоқан тап болған өкпе ауруы мен азабынан қорқып әке-шешесі оларды корпусқа жібермей қойған екен.

А.К. Гейнс.
«Күнделіктен».
* * *

Ашық, аязды күн болатын. Мен Федор Михайловичке жаяу барғандықтан, белгіленген уақыттан жарты сағат кешіктім. Федор Михайлович, сірә мені ұзақ күткен, менің дауысымды естісімен-ақ бірден кіре беріс бөлмеге шықты.
– Келдіңіз-ау, әйтеуір! – деп көңілдене сөйлеген ол, менің башлыгым мен пальтомды шешуге көмектесе бастады. Біз кабинетке бірге кірдік. Бұнда әдеттегіден жарық еді, Федор Михайловичтің бірдеңеге қобалжып тұрғанын байқап таңғалдым. Толқыған өңінде оны жасартып тұрған шаттықтың ізі бар еді.
– Сіздің келгеніңізге қандай қуаныштымын, сіз өз уәдеңізді ұмытып кете ме деп қорқып едім, – деді.
– Федор Михайлович, сізді көргеніме және осындай көңілді күйде көргеніме мен де қуаныштымын. Сізде жақсы бір нәрсе болған тәрізді ғой?
– Иә, болды! Мен бүгін ғажайып түс көрдім.
– Сол-ақ па! – деп, мен күліп жібердім.
– Күлмеңіз, өтінемін. Мен түстерге үлкен көңіл бөлемін. Менің түстерім әрқашан орындалады. Мен түсімде марқұм ағам Мишаны көрсем, әсіресе әкемді көрсем, маған бір жамандық төніп тұрғанын бірден білемін.
– Түсіңізді айтыңызшы, кәне!
– Мына үлкен  полисандр қобдишаны көріп тұрсыз ба, бұл менің сібірлік досым Шоқан Уәлихановтың сыйлығы, мен оны қатты бағалаймын. Бұған мен өзім үшін қымбат жазбаларымды, хаттарымды, басқа да қадірлі заттарымды сақтаймын. Міне, түсімде мен осы қобдишаның қасында отырып қағаздарымды реттеп жатырмын. Кенеттен олардың арасынан бірнәрсе, бір жарық жұлдызша жылтырағандай болды. Мен қағаздарды ақтарып жатсам, жұлдызша бірде көрініп, бірде жоғалады. Бұл мені қызықтыра бастады: мен қағаздарды ақырын жинастыра бастадым да, олардың арасынан титімдей ғана, бірақ ерекше жарқыраған гаухар тас тауып алдым…

А.Г. Достоевская.
«Ұмытылмас күн».
ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір