НАҒЫЗ ҚАЗАҚ
06.11.2015
1428
0
0_3_Shokan_Valohanov_i_F_M_Dostoevskii_1859_god_Gorod_SemipalatinskҚазақтың ғұлама ғалымы Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов аз ғана ғұмырында этнография, география, тарих пен фольклорлық зерттеулермен қатар, суретшілік өнерімен, картографиямен айналысып, аса құнды академиялық еңбектер жазып, артына мол ғылыми мұра қалдырған тұлға. Шоқанның еңбектері ХІХ ғасырдың әр жылдарында Ресейдің ғылыми журналдары мен жинақтарында, 1862 жылы Германияда, 1865 жылы Англияда жарық көрген. Оның өмірі мен артында қалдырған бағалы еңбектері соңғы кезге дейін зерттелуде. Шоқанның ғылыми еңбектері мен қолжазбалары жинақталып, Қазақ Ғылым академиясының қолдауымен 1961 жылдан бастап бес томдық кітап ретінде жарыққа шықты. Қазақ тіліне тек 1985 жылы ғана жекелеген томы аударылды. Мұның өзі ғалымның туғанына 150 жыл толуына орай жасалынды. Ұлы ғалымның өмірі мен еңбектерін зерттеп, жинауға ұлы этнограф-ғалымы Әлкей Марғұлан көп еңбек сіңірді.

Шоқан – өте күрделі тұлға. Бізде оның көптеген еңбегінің түпнұсқасы жоқ, тек көшірмесі бар. Шоқанға қа­тысты деректердің дені Ресейдің Мәскеу, Санкт-Петербург, Омбы, Томск сияқты қалаларындағы мұрағат қор­ла­рында жатыр. Ол құжаттардың кей­бірі әлі күнге зерттеушілердің қолына берілмейтін құпия белгіде. Елімізде Шоқанды тану Кеңес заманында, яғни 1960 жылдардан кейін ғана барып қолға алынды. Шоқанның әлі толық зерттелмей жатқан қырларының бірі – картография саласы мен бейнелеу өнеріне, тұлғатануға қосқан үлесі. Сонымен қатар, Шоқан Омбыда Батыс Сібір генерал-губернаторы Гасфордтың адьютанты болған кезінде, Шоқан немерелес туысы Кенесарының күресіне қатысты құжаттарды қарап жинауы, сот реформасын дайындауға қатысып, оның негізін далалық заңдар аясында баса назар аударуды талап етіп, кейін­нен сол комиссия құрамынан шығып кетуінің өзі отаршылдық саясатқа қарсы ішкі наразылығын күшейткен секілді. 1847 жылы Омбыға жеткізілген Кенесарының бас сүйегін осы кеңседе 1851-1853 жылдары қызмет етіп жүрген кезінде Шоқан көргені анық. Мүмкін шындыққа оның қолжазба­ларын толық қарастыру мүмкіндігіне ие болғанда ғана қол жеткізерміз. Сондықтан Шоқанды толық зерттеу арқылы тарихымыздағы Кенесарының бас сүйегіне қатысты мәселені де анық­тауға болады.
Ғылымда Шоқанның кіндік қаны тамған жері, өмірінің кейбір тұстары және қайтыс болу себебі әлі күнге дейін талас тудырып келеді. Шоқанды «шоқынған» деушілер оның Ресейге қызмет еткенін, барлаушылық жұмыста болғанын алға тартады. Бірақ бәрібір ол ең бірінші к езекке ұлтының мүд­десін жоғары қойған. Шоқан туралы Потаниннің: «Бұл Шоқанға мен таң­ғаламын. Петербургке барса, тап-таза еуропалық, ал мұнда келсе, тап-таза Шығыс адамы, нағыз қазақ болып шыға келеді», – деп жазғаны бар.
Шоқанның Черняев отряды сапында Әулиеата жорығына қатысуы, Әулиеата қаласындағы Черняевтың озбырлығынан кейін, одан кетуі де толық зерттеуді қажет етеді. Шоқан әскери адам ретінде ант қабылдады. Әскери адам ретінде бұл әрекеті үшін жазалануы керек болатын. Сонымен қатар, күдік тудыратын көп деректердің қатарында Шоқанның қазасы да тұр. Осы уақытқа дейін ол Тезек төре ауылында көкірек ауруынан қайтыс болды деп келдік. Қытайтанушы ғалым К.Ш.Хафизова: «Қытай деректерінде 1868 жылы Шоқанның есімі аталады. Яғни Шоқан 1865 жылы қайтыс болды деген күмән тудырады. Шоқан екінші мәрте барлау қызметіне жіберілуі мүмкін», – деген болжамды алға тарта­ды. Ал «Наука и религия» журналы­ның 1979 жылғы 4 нөмірінде жариялан­ған Л.Чезганов дегеннің «Камень Чо­кана»  деген мақаласында Шоқан­ның офицерлік мундирімен жерленгені айтылған…
Шоқан өліміне қатысты да нақтылы құжаттық деректердің болмауы мәсе­лені күрделендіре түседі. Шоқан туралы ең­бек жариялаған бұрынғы ҰҚК-нің қызметкері Б.К.Қыстаубаев «Тайны Чокана» атты еңбегінде де осы мә­се­ле­ге баса назар аударып, құпияның ашылуын шоқантанушылардың зерт­теуіне қалдырады.

Рашид Оразов,
Ш.Ш.Уәлиханов атындағы
Тарих және этнология институтының ғылыми қызметкері.
ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір