СІБІР КАДЕТ КОРПУСЫНЫҢ ТҮЛЕГІ
06.11.2015
3652
0

772574_1944884881___________Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов Сібір Кадет корпусын бітірген соң, офицерлер құрамына қабылданып, 1853 жылдың 8 қарашасында әскери қызметке тағайындалды. Бұл кезде ол он сегіз жаста еді.

Н.М.Ядринцев Cібір Кадет корпусы беретін білім мен тәрбиенің мардымсыз екенін айта келіп, Шоқанның туа біткен табиғи дарыны сондай білім мекемесінің өзінде гүл ашып, жайқала түскеніне сүйсінеді, еуропалық ортаның өзінде оның дарынды ғалым болғанын еске алады. Шоқанның Сібір Кадет корпусында өзімен бірге шәкірт болып жүрген шағы туралы Г.Н.Потанин сөзіндегі шындықтың жарығы ерекше жарқын. Ол Шоқанның туған даласын шексіз сүйгенін, қазақ халқының тұрмыс-салты туралы талай әңгіме айтқанын, ол әңгімелерге қатты қызыққаны сонша, оларды өзінің жазып алып отырғанын, көп уақыт өтпей-ақ Шоқанның әңгімелері қалың бір дәптер болғанын еске алады. Г.Н.Потаниннің Шоқан туралы айтқан мына сөзінде де керемет сыр бар: «Ол жасына қарамай ерте есейген еді, біз, одан жасы үлкендер, онымен салыстырғанда, штансыз шауып жүрген балалар сияқты едік. Ол өзінің білетінін, бізден несімен артық екенін жолдастар ортасында білдірген емес, бірақ қажетті жерінде оның асқан білімі ұдайы байқалып тұратын. Ол өзінің жолдастары үшін, солардың ішінде мен үшін де еріктен тыс «Еуропаға терезе» болған еді».  П.П.Семенов-Тян-Шанский де осындай пікірде болды. «Шоқан Уәлиханов Омскідегі Кадет корпусын үлкен табыспен бітірді, – деп жазды ол, – одан соң Петербург университетінде менің ықпал етуіммен лекциялар тыңдады, француз және неміс тілдерін жақсы меңгерді. Шығыс тарихы, әсіресе, қазақтармен туысқан халықтардың тарихы бойынша аса қабілетті оқымысты болып қалыптасты. Жиырма сегіз жасында мезгілсіз қайтыс болмағанда, ол тамаша ғалым болып шығатын еді». П.П.Семенов-Тян-Шанский Шоқанның бойындағы дарынын, білімін, қабілетін байқаған соң, оған  генерал Г.Х.Гасфорттың ықыласын аударады, оның қабілеті мен білімін Ресей үшін тиімді пайдалану туралы ұсыныстар айтады. П.П.Семенов-Тян-Шанский сонымен қатар, Г.Х.Гасфортқа Шоқанды қазақша киіндіріп, сауда керуенімен Қашқарға жіберу туралы, одан оралған соң, жинаған тарихи және этнографиялық мәліметтерін саралау, жүйелеу үшін ұзақ мерзімге Петербургке жіберу туралы ұсыныс жасайды. Г.Х.Гасфорт өзінің талантты адамдарға қол ұшын беруге әрқашан дайын екендігін білдіріп, П.П.Семенов-Тян-Шанскийге келісімін берген.

1860-1861 жылдары Қашқар сапарынан кейін Шоқан Петербургте Бас штабтың тап­­сырысы аясында жұмыс істейді. Сонда жү­ріп Геoграфиялық қоғамның жұмысына қа­тысады, Ф.М.Достоевскийдің ұсыны­сы­мен «Мұқтаж әдебиетшілер мен ғалым­дар­ды қолдау» қоғамына мүшелікке қабыл­да­на­ды. Ф.М.Достоевскиймен бірге қоғам жұ­мыстарына белсене араласады, ақын­дармен, ғалымдармен, жазушылармен та­нысады, ілгерішіл бағыттағы журналдарды оқиды, университетке барып, тарих про­фессоры Костомаровтың лекцияларын тыңдайды.
Шоқанның табиғи дарыны да, негізі де ерек­ше болды, өзіне тапсырылған істердің бә­рін табысты орындады. Оның үстіне ол ту­ған халқын шексіз сүйді. Халықтың ауыз әде­биетін, әдет-ғұрпын, салтын, дүние­та­ны­мын танытатын ұшы-қиыры жоқ бай мұ­ра­сын жинау, пайымдау, хатқа түсіру ба­рысында халықтың жан шындығын, пси­хо­логиясын, тарихын терең таныды, өз за­маны үшін үлкен жаңалық болып табылатын кейінгі уақыт үшін маңызы мен мә­нін жоймайтын ғылыми пікірлер жүйесін жа­сады. Халықтың сөз өнеріне, әдет-ғұр­пына, салт-дәстүріне терең бойлай отырып, өз дәуірі үшін жаңа әрі тосын, ғылым үшін аса маңызды пікірлер мен қағидалар негіздеді. Халқының этнографиясын зерттеу арқылы ақиқат шындықты болмаса да ар­ғы тарихты басып жатқан белгісіздіктің қою қараңғылығын жарып өтіп, өзіне дейін жеткен сәулесін, елесін көруге болатынына көз жеткізеді. «Егер, – деп жазды ол, – Гомердің поэтикалық жырлары мен Геродот ел аузынан жинап алған аңыз­дардың қандай да бір тарихи мәні бар десек, егер сон­шалықты ғажайып түрге түс­кен, таң­ғажайып аңыздардың өзінің түп негізінде бол­ған оқиғалар мен ақиқат шын­дық жатыр десек, қазақтардың шынайы сипатта жә­не жүйелі баяндалатын жырларында та­рихи тұрғыда шынайы көрініс тапқан тұр­мыс салтының, әдет-ғұрпы мен мінез-құл­қының да тарихи мәні бар…».
Елдің әдет-ғұрпына, cалт-дәстүріне, та­ри­хи аңыздары мен тарихи жырларына ел тарихын танудың дереккөзі ретінде қарау ғылыми танымның тереңінен ғана туатын еді. Оның үстіне қазақ тарихи аңыздары мен жырларын Гомердің ұлан-ғайыр эпосы, Геродоттың ел аузындағы әңгіме-аңыз­дар негізінде жазылған ескі тарихының та­ғылымы тұрғысынан пайымдауда адам­заттың арғы-бергі замандарында пайда бол­ған және сақталған рухани құнды­лық­тарды жете білу, жете тану, жете бағалау бар.
Ш.Уәлиханов туған халқының рухани бай­лығын ерекше биік құрметпен, пер­зент­тік зор сүйіспеншілікпен танып, баға­ла­ды.
«Тарихи тұрғыдан алғанда, – дейді ғұ­лама, – халықтың ақындық рухы өте тамаша: жыраулардың ерекше есте сақтау қа­білеті арқасында батырлардың ерлігін жыр­лаған көне дастандарда Алтын Орда дәуі­рінің тарихтан белгілі шындықтары бұр­малаусыз, өзгеріссіз сақталған. Түрлі ке­зеңде өмір сүрген жыраулар өз дәуірінің ірі оқиғаларын естіген жанның есінен кет­пес­тей етіп жырлағаны соншалық, ол жыр­лар тұтаса келіп бүтін бітімге айналған. Осы жырлардың бәрі әдет-ғұрып, мақал-мә­телдер, әдеп кодексі өлшемдерімен тұта­са келіп халықтың өткен тарихы мен ру­хани өмірінің толық суретін көрсетеді, бел­гілі тарихи деректерді толықтыруға жә­не олардың тегін анықтауға мүмкіншілік бе­реді…
Дала қазағы жатақ татардан немесе тү­ріктен өзінің ақыл-ой қабілеті мен адам­гершілігі жағынан әлдеқайда биік тұр».
Халқына, халқының өткендегі өміріне, та­рихи және рухани ескерткіштеріне деген зор құрмет пен сүйіспеншілік Ш.Уәли­ха­нов­тың адамгершілік негізінің ерекше қа­сиетті қайнар көздерін білдіреді. Ха­лық­тың рухани құндылықтарын, дәстүрлі дү­ние­танымын, асыл мұраттарын, адам­гер­ші­лік негізін, тұрмыс-тіршілігін танудың бір­ден-бір басты жолы – оның әдебиеті мен өнерін, мәдениетін білу. Елге деген, ха­лыққа деген құрмет, сүйіспеншілік елдің, халықтың рухани құндылықтары, дәстүрлі дүниетанымы, асыл мұраттары, адамгер­ші­лік негізі, тұрмыс-тіршілігі туралы осындай іргелі білімге негізделеді. Елінің, хал­қы­ның әдебиеті мен өнерін, мәдениетін те­рең білмеген адамда елге, халыққа деген құрмет те, сүйіспеншілік те болмайды.
Ш.Уәлиханов адамгершілік негізіне тар­тып, туған елінің әдебиеті мен өнерінен, мә­дениетінен жақсылықтың, ізгіліктің нұ­рын тапқан кісілердің бәріне жақсылық ой­лады, бірін өзіне жақын тұтты. Өмір жо­лы­ның тар соқпағанда табысқан, тағдыры қи­лы Ф.М.Достоевскийдің жанының таза­лы­ғына, ниетінің ақтығына, биік адам­гер­ші­лігіне көз жеткізгенде Шоқан өзімен жа­ны бір, жүрегі бір асыл бауырын тап­қан­дай тебіренді. Екеуінің жолы екі айырылып, екеуі екі жаққа кеткенде Шоқан қалың жұрттың ішінде жүріп жалғызсырағандай болып, 1856 жылы желтоқсанда Ф.М. Дос­тоевскийге: «…сізбен енді қашан кездесер екенмін… Сізге сондай бауыр басып қа­лыппын, Сізді сондай жақсы көремін. Оны Сіз, әрине, білесіз», – деп хат жазды. Шо­­қанның көңілінің тазалығы, бауырмал­дығы Ф.М.Достоевскийді де қатты тол­қытады. Ол Шоқанның осы хатына жазған жауа­бында: «Асыл досым менің… «Сізді сон­дай жақсы көремін», – деп жазыпсыз. Жөн-жосыққа қарамай, турасын айтсам, мен Сізге ғашықпын. Сізге деген мейірімім се­кілді сезіммен мен ешқашан және еш­кім­ге, тіпті бірге туған бауырыма да мұн­ша­лық елжіреп қараған емеспін… Менің Сізді жақсы көретінім соншалық, күндер бойы Сіз және Сіздің тағдырыңыз туралы арманды ойларға берілемін. Армандай оты­рып Сіздің тағдырыңызды мәпелеп, оңдаумен боламын. Бірақ сол арман­да­рым­ның ішінде бір ақиқат шындық та бар. Ол – Сіздің өз отандастарыңыздың ішінде еу­ропалық білім алған бірінші адам еке­ніңіз. Осы бір ғана жайдың өзі керемет, оны сезіну Сізге еріксіз міндет жүктейді».
Ф.М.Достоевскийдің сөзінде терең сыр бар. Қалыптасқан жағдайда Шоқан өзінің еуропалық  білімін өз халқының игілігі үшін ті­келей пайдалана алмайтын еді. Дұрысын айтқанда, отандастары үшін Шоқанның еу­ропалық білімі керек емес еді, Шоқанның бі­лімінен пайда, игілік табуға оның отандас­та­ры дайын емес еді. Ф.М.Достоевский ашық айтпаса да, хатының мәтініне осындай шындықты астарлап енгізген. Ф.М.Дос­­тоевский астарлап, Шоқанның көңілін аялап отырып жеткізген осы шындықты А.Майков ашық айтады: «Өз халқыңыз үшін пайдалы болуға… Сіз – тым білімді жә­не ға­лым адамсыз. Сізді ортаңыз жұтып қо­яды, ал өзіңіздің әлдекімге ықпал етуіңіз неғайбыл… Сіз сияқты қайраткерлер керек болатын кез Сіздің туған далаңыз үшін әлі келген жоқ. Өзіңіздің не істеп жүр­ге­ніңіз­ді жазуға келгенде, тартыншақтайсыз, бірақ, достым, мен Сіздің өміріңізді көріп тұрмын. Көремін, көремін де, Сіз үшін жаным ауырып, азап шегемін. Маған күле көр­меңіз: мен сізді жанымдай жақсы көріп қал­дым!». Шоқанның өз өмірінің осындай бір ерекше қырын және халқының игілігі үшін қызмет ету туралы арманын Г.Н.Пота­нин де анық таныған. Оның: «Қазақ хал­қы­ның арасында Шоқанның өз оқырмандары бол­ғанда, ол өз халқының данасына айналатын еді және өз отандастарының әдеби қайта өрлеуінің негізін қалайтын еді», – де­ген сөзінде жеке пікірі де, ақиқат шын­дық та бар. Г.Н.Потанин Шоқанның таланты мен тағдырын танып қана қойған жоқ, оны ке­ремет жақсы көрді. Оның бір көрінісін Г.Н.Потаниннің Шоқан туралы естелігінің бір үзік тамшысы түрінде М.Свентицкая сақ­таған. Шоқан Петербургтен келе жат­қан сапарында күзгі күннің соқыр-мылқау түн­дерінің бірінде Г.Н.Потаниннің пәтеріне ат басын тіреп тоқтайды. Келген кісінің үй ие­сі әйелмен жөн сұрасқанын құлағы шал­ғанда, Г.Н.Потаниннің жүрегі қуан­ған­нан асау тайдай тулайды: «Шоқан Уәлиханов! Шоқан Петербургтен маған келді! Жол-жө­некей емес, арнайы келді! Шоқан, асылым менің, ескі досым…
Ертеңіне Шоқан қайтатын болды. Ол кет­кенде, мен, сенесіз бе, жыладым, бала­ша жылап қалдым…».
Н.М.Ядринцев, П.П.Семенов-Тян-Шанс­кий, Ф.М. Достоевский, А.Н. Майков, Г.Н.По­та­нин секілді Шоқанның жанашырлары мен достарының шын жүректен, ақ тілек­пен айтқан ойлары мен пікірлері күні бү­гінге дейін жан тебірентерлік шынайы­лы­ғымен бағалы. Заманның аса парасатты зиялыларының, қоғамның алдыңғы қатар­лы шығармашылық тұлғаларының мұндай рия­сыз құрметі мен сүйіспеншілігіне бө­лену Шоқанның білімі мен тәрбиесінің, адам­гершілік негізінің, арман-мұратының асылдығынан еді.
Шоқан шығыстану ғылымы саласында есеп­сіз мол ғылыми мәліметтер жинап, та­­рих, география, этнография, фо­лькло­ристи­ка, әдебиеттану, мәдениеттану, дін­тану, қоғамтану, тіл білімі, заң саласында әлеуметтік маңызы зор ғылыми зерттеулер қалдырды. Сол еңбектердің өзегінде Шо­­қанның өзіне ғана тән азаматтық көз­қа­расы, методологиялық негіздемесі бол­ды. Әсіресе, қазақ ордасын мемлекеттік бас­қару салаларын жаңарту, реформалау жайында тұжырымдалған қағидалардың ғылыми және практикалық маңызы айрық­ша зор еді. Олардан Шоқанның қоғам қай­­­­раткері, ғұлама ғалым ретінде өз зама­ны­нан, өз ортасынан қаншалықты озық тұрғаны анық байқалады. Мысалы, ол былай деп жазады: «Қазіргі кезде  халық­тың өмірлік мүддесін көздейтін, халық үшін өте маңызды және көкейкесті реформа­лар э­кономикалық және әлеуметтік реформалар болып есептеледі. Ал саяси ре­формалар қажетті экономикалық шараларды өт­кізудің құралдары ретінде жүр­гізіледі, өйт­кені, әрбір жеке адамның және жалпы адам­заттың тұтастай ұмтылатын түпкі мақсат-мүддесі бір – өзінің тұрмыс жағ­дайын, әл-ауқатын жақсарту. Прогресс де­геніміздің өзі де сол. Осы тұрғыдан келгенде, адамның тұрмыс жағдайын жақсар­туға септігін тигізетін реформалар ғана пай­далы, ал бұл мақсатқа жетуге кедергі жа­сайтын реформалар зиянды… Реформа­лар қоғамдық организмнің аман-сау да-муын қамтамасыз ететін прогресс заңда­рына негізделгенде ғана дұрыс, табысты болады. Мұндай реформаларды қолдау қажет және ешуақытта тоқтатпау керек».
Экономикалық және әлеуметтік рефор­малар туралы Шоқан негіздеген қағи­да­лардың мазмұнына байыптап қарағанда, олардың бүгінгі күн үшін де маңызды, өзек­ті екеніне көз жеткізуге болады. ХХІ ғасыр­дағы мамандардың экономикалық, әлеу­меттік реформалар туралы ең озық деген ойлары мен пікірлерінің өзі Шоқанның осы қағидаларымен негіздес айтылып жүргені рас. Шоқан тұжырымдаған қағиданың теориялық негізінің қаншалықты беріктігін, тереңдігін осы жайдан аңғаруға болады.
Шоқан елдің тұрмыс-тіршілігін көріп, жайын түсініп жаны ауырғанда, қалған өмі­рін халықтың ауыр жағдайын аз да бол­са жақсартуға, оны өзінің бай-шон­жар­ла­ры­ның қатыгездігі мен патша қызмет­ші­ле­рінің жүгенсіздігінен қорғау ісіне арнауға бел буады. Орыстың білімі мен тәрбиесі ту­ралы ұғым-түсінігі майырлардың істері не­гізінде қалыптасқан отандастарына на­ғыз білімді адамның ел үшін қаншалықты пай­далы болатынын іс жүзінде көрсетіп, үл­гі бермек болады. Осы мақсатта ол Атба­сар дуанының аға сұлтаны лауазымына сайлануға тәуекел етеді. Дуан деңгейінде халықтың өз басшысын өзі таңдап сайлау құқығы сайлауға қатысушы әр адамның және барша жұрттың қадірлі, лайықты ба­ғаламауға болмайтын байлығы еді. Оның қадіріне біреу жетті, біреу жетпеді.
Сайлау науқаны барысында Шоқан қыр­дағы өмірдің қыр-сырын барынша те­рең таниды. Сайлау науқаны облыс дең­гейіндегі биік лауазымды мырзалардан са­лалық басқару жүйесіндегі қызмет­ші­лер­ге дейін, елдің бай-шонжарларынан салт атты, сабау қамшылы пысықтарына дейін түгел қозғалысқа түсіреді. Олардың әлеу­меттік бейнесі Г.Н.Потаниннің есте­лік­терінде былай сипатталды: «Қызмет еткен жеті жыл ішінде Сібір әкімдігінің жағымсыз қыр­ларымен жете таныстым… Миллион­да­ған халық биліктің буынан көзін шел басқан генерал-губернатордың езгісінде жатты. Тұтас өңір соның қоластындағы­лар­дың жүгенсіздігінің құрсауында қалды. Бар­лық лауазымдар саудаға түсті және бел­­гілі бір сомаға сатылды, ол лауа­зым­дар­­дың көпшілігінің билігі генерал-губер­на­тордың ет-жақыны, Бас басқарма кеңес­шісі Почекунин дегеннің қолында болды. Пара алу ашықтан-ашық өріс алды. Төменгі бишікештер өздері не істесе де ешкімнен тыю болмайтынын біліп, ойларына келгенін жасады…».
Облыс деңгейіндегі мырзалар, аға сұл­тандық лауазымына Шоқан сайланар бол­са, бұған дейін аға сұлтаннан алып келген алымдарынан айырылар еді, ал салалық басқару жүйесіндегі қызметшілер мойындарына дорбасын іліп, ел кезіп кетуге мәж­­бүр болар еді. Сондықтан аға сұлтан лауа­­зымына Шоқанның сайлануы не сайлан­бауы олардың алдынан шыққан «не өмір, не өлім» деген секілді таңдаумен па­ра-пар-ды.
Шоқанның өз отандастары үшін игілікті бо­латын қандай істер жасау, оларға қан­дай көмек көрсету туралы ізденген, өзімен пікірлес Ресей оқымыстыларымен, зиялыларымен ойласқан. А.Н.Майков Шоқанның өз елінде, өз жерінде тұрып, елі үшін жасай алатын бірден-бір игілікті ісі елде гимназия ашу екенін айтады. Қазақ елі үшін оқу-ағарту ісін ұйымдастырудың маңызды­лы­ғына Ф.М.Достоевский де зор мән берген. Оның бір мысалын Ш.Уәлихановтың Ф.М.Достоевскийге 1858 жылы 5 желтоқ­сан­да жазған хатынан көруге болады. Онда Ш.Уәлихановтың: «Анна Андреевнаға Сіздің хатыңызды бердім…», – деп жазатыны бар. Зерттеушілердің анықтауынша, Ф.М.Достоевский осы хатында Анна Андреев­наға Омскіде алғашқы қыздар училищесінің ашылуына көмек көрсеткені үшін разы­лығын білдірген. Бұдан Ф.М.Достоевскийдің қазақ елінде білім мекемесінің ашылуына, оқу-ағарту ісінің дамуына зор көңіл бөлгені көрінеді. Мұн­дай ағартушылық бағыттағы көзқарастан Ш.Уәлиханов та тыс қалмаған. Шоқанның тұсында қазақ даласындағы мектептер діни білім берді. Қоқаннан, Бұ­харадан ке­ліп оқу оқытатын молдалар діни білім беріп қана қоймай, миссионерлік іс­пен де айналысты. Мұның бәрі қазақ да­ла­сына еуро­палық білімнің келуіне үлкен кедергі, қар­сылық еді. Шоқан осының бәрін көре тұрып, оған өзінің көзқарасын ашық біл­дірді, елінің еуропалық білімге бет бұруына септігін, пайдасын тигізуді мақсат тұтты. Сонымен қатар, ол ел билігін қолында ұс­таған орыс ұлықтары мен лауазымды қыз­метшілерінің қазақ халқына деген ние­тінің, көзқарасының, қатынасының жақ­саруы­на, әділетті болуына, ізгіленуіне дә­некер болуға күш салды.
Шоқанның білімі де, халық ағарту ісі ба­ғытында іс жүзіне асыра алатын нақты мүм­кіншіліктері де ел үшін игілікті еді. Облыс көлеміндегі лауазымды қызметшілер, елдің ішіндегі атқамінерлер, пысықтар Шоқанның ел үшін игілікті болатын осы екі қасиетін – білімі мен халық ағарту ісі ба­ғытында іс жүзіне асыра алатын нақты мүм­­кіншіліктерін елге зиянды, қазақ елін бұзатын қорқынышты күш ретінде көрсетті. Олардың бірі қоластындағы халыққа билік жүргізу ісінде әділеттілікті емес, пайданы ойлады. Енді бірі патшаның Шоқанды қа­был­дағанын, бітірген ісіне разылық біл­ді­ріп, бетінен сүйгенін көре алмағандық­тан дұшпандыққа барды. Енді бір тобы Шоқан­ды өздеріне ештеңе бермегені, бермейтіні, «береген» болмағаны үшін шет көрді.
Cайлау қорытындысын шығарғанда Шо­қанға – 25 дауыс, қарсыласына 14 да­уыс берілгені белгілі болады. Атбасар ок­ру­гіне аға сұлтан сайлау науқаны өтіп, енді тек сайлау нәтижелері бойынша аға сұлтанды бекіту ғана қалған. Губернатор кеңсесінің жетекшісі Кури осы жерде қатты белсенділік танытады: соның кеңе­сімен қырдың бірталай байлығы Омскіге ағылады. Ақыры Кури дегенін істеп шықты: генерал-губернатор аға сұлтандыққа Шо­қанды емес, оның қарсыласын бекітеді. Генерал-губернатордың Атбасар округінің аға сұлтанын бекіту туралы бұйрығының негіздемесін Кури басқаша көрсетті: сайлау нәтижесі бойынша аға сұлтандық лауазымына көп дауыспен сайланған Шоқан Уәлиханов бұл лауазымға бекітуден ден­саулығына байланысты бас тартқан болып көрсетілді.
1864 жыл да Шоқан үшін ауыр болды. Де­рек көздерінде «аса жоғары жар­лық» бойынша Әулие-ата, Ташкент қамал-қа­лаларын алу үшін жасақталған әскери экспедицияға қатысқан Шоқанның экспедиция басшысымен тіл табыса алмағаны туралы айтылады. Бұл жерде «тіл табыса алмады» деу негізсіз, Шоқан экспедиция басшысының Әулие-ата қаласын солдат­тардың тонауына беру туралы шешіміне үзілді-кесілді қарсы шығады, бірақ анау алған бетінен қайтпайды. Қалыптасқан жағдайда Шоқан экспедиция басшысымен ат құйрығын үзісіп, экспедицияны тастап кетеді.
Шоқан шын досты, шын жанашырды орыс­тың шығармашылық тұлғаларының ара­сынан тапты. Солардың қатарында Ф.М.Достоевский мен Г.Н.Потаниннің ор­ны бөлек. Бұлардың арасындағы айрық­ша достық қарым-қатынас олардың өзара жазысқан хаттарында, естеліктерінде ба­рынша таза, тұнық және терең көрініс тапты. Тіпті Ф.М. Достоевский  А.Г.Дос­тоев­с­кая­ға сөз айтқанда, өзінің ең асыл сырын аш­қанда да Шоқан туралы естегілеріне сүйе­неді. Мұны А.Г.Достоевская өзінің ес­те­ліктерінде тебірене отырып баяндайды.
Шоқан кезінде Ф.М.Достоевскийге дос­тық көңілмен қолөнер шебері бар өне­рін салып жасаған бір әсем сандықша сый­лаған екен. Жазушы өзінің қолжазба­ла­рын, хаттарын, қымбат адамдарынан қал­ған қимас ескерткіштерін сол сандық­ша­да сақтап жүреді. Бірде ол осы сандық­шаны түсінде көреді: Шоқан сыйлаған сандықшаны ашып, қағаздарын қарап отырады. Қағаздарын парақтап отырғанда, сандықшаның ішінен әлдеқандай бір жұл­дызша жақұттай жалт етіп бір көрініп, бір жоқ болып кетіп жүргенін байқайды. Ф.М.Дос­тоевский бұған таңданып, қағаз­дарын асықпай парақтап, аңдап қарай бастайды. Ақырында қағаздарының арасынан жары­ғы жанар жасқаған бір түйір жақұт тауып алып, таңғажайып бір бақытты күйге тү­се­ді.
Түстің қысқаша мазмұны осындай. Қа­ра­пайым. Соған қарамастан Ф.М.Достоевский сібірлік досы сыйлаған осы бір қым­бат сандықшаның ішінен тауып алған бір түйір асыл жақұтқа ерекше сырлы ма­ғына береді: түсінде алақанында жарық ша­шып тұрған жақұтты өңінде көзінің алдында тұрған бойжеткен қызға жорыған шындығын жұмбақтап, астарлап айтып, қызға деген өзінің көңілін әсерлі, сырлы, те­біреністі күйде білдіреді… Осы түс ай­тылғ­ан күнді А.Г.Достоевская өзінің ең та­ма­ша күндерінің бірі ретінде өмір бойы есінде сақтап өтті.
«Көп жылдар өткен соң, – дейді Н.М.Яд­рин­цев, – біз Шоқанның екі қарт туыс­­қа­нымен көрістік. Олардың бірі сұлтан Мұса Шорманов еді. Олар Шоқанның ба­сы­на кесене тұрғызу жайын сөйлесуге ке­ліпті… Шоқанды еске алып, әңгімелесіп отыр­ған­да, қазақ даласының осы бір ақ са­қал­ды қарттарының көз жасының көл бо­лып аққанына куә болдық… Шоқан өз хал­қының мақтанышы һәм сүйікті перзенті еді».
Шоқанның қадірі мен қасиетін, өмірі мен қызметін бір ауыз сөзге сыйғызуға та­лап­танған ғұламалар да болды. Н.И.Веселовский: «Шығыстану аспанынан жар­қырап аққан құйрықты жұлдыз», – деді. С.Мұқанов: «Аққан жұлдыз», – деді. Орынды. Лайықты.
Менің көз алдыма Н.М.Ядринцевтің ес­телігіндегі қыр қазақтарының Шоқан де­генде көз жасы көл болып аққан үнсіз қал­пы келеді. Олар әлі де сол қалпы отыр­ғандай елестейді.
Шоқан Уәлиханов – қазақ халқының мақтанышы һәм сүйікті перзенті.

Жанғара Дәдебаев,
әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті
жанындағы Абай ғылыми-зерттеу институтының директоры,
филология ғылымдарының докторы, профессор.
ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір