Ауыл тынысы
30.10.2015
2320
0

185648_241590106__________________________________Салиман МҰҚАШҚЫЗЫ,
этнограф, қолөнер шебері, тігінші

Ауыл тынысы

Шамасы 1956-59 жылдары болса ке­рек. Ел ішін кедейшілік жайлаған. Күн ыстық. Ауылдағы елдің бар байлығы – әр отбасында бір-біріне тетелес өсіп-өніп келе жатқан, кемінде 5-6 қара домалақ балалары еді ғой.
Сондай көп балалы үйдің отағасы, кезінде соғысқа қатысқан, осы күнде мектепте мұғалім жездем Байтұмақов Заманбек қу тілді, күлдіргі, бойы сырық­тай, ұзын, арық, бір көзі қыли, боқтампаз қызық адам еді.
Ол кісінің үйіндегі аса үлкен, дөң­ге­лен­ген әрі аласа жасалған ­жозысы­ның (столының) айналасын қоршап отырып тамақ ішіп, шүпірлеген балаларын отаға­сы дастархан басында түгендеп отырады екен.
Бір күні сол әдетімен жоғарыдан қарап отырып, сұқ саусағын шошайта 1-2-3.., 1-2-3… 8-9… һім?! – деп санап отырып, ақтарыла әйеліне қарап:
– Әй қатын, мыналардың біреуі жоқ қой!.. Қайсысы жоқ! Қарашы, сен білесің ғой!.. – дейтін көрінеді кешігіп жатқан бірін жоқтап.
Балаларының ұсақ-түйек киімі көбей­ген соң, тірнектеп жинаған ақшасына айналы шифонер сатып алады. Балалары секіріп, қатты қуанады.
Ертеңіне күндегідей есік алдындағы үлкен ағаштың көлеңкесінде шәй ішіп отырғанында есігі ашық тұрған үйге ешкілердің бірі кіріп кеткенін үй иесі бай­қап қалады. Соңынан барып қараса, ешкі шифонердің алдына барып артқы екі аяғынмен тік тұрып алып, көзі аларып айнадағы өз бейнесіне өшіге қарап, мүйізімен періп кеп қалғанда айна күл-паршасы шығады да, айна артындағы жұқа фанер жұлынып, ешкінің мүйізіне ілініп кете барады. Шошынған ешкі шыр көбелек айнала секіргенде бүкіл ыдыс-аяқ салдыр-күлдір, шақ-шұқ, қалайы кәстрөлдер, шелектер қаңғыр-күңгір құ­лап, бөлменің астаң-кестеңін шығарды. Сөйтіп жүргенде фанер қабырғаға со­ғылып, ешкінің мүйізінен түсіп қалады да, ешкі бақылдап сыртқа атып шы­ғып­ты.
Оқыстан болған іске не шара. Шифо­не­р осылайша үйге өң берген көркін жоғалтады.
«Балалы үй базар» демекші, Заманбек аға:
– Менің 8 шпионым, 2 партизаным бар деп жүріп, бәріне институт бітіртті.
Балаларды ерте тұрғызып, тазалық сақтау жағын қадағалап, бәрінің өмірге бейім, пысық болуын қадағалайтын. Балалары өсе келе жақсы азамат болып, өмірде өз орындарын таба білді.

Естімеген елде көп

Біз мәдениетіне тамсанып жүрген Еуропада көптеген әйелдердің «ит байлары» бар екен дегенді кезінде баспасөзден оқып жағамды ұстап едім, кейінтінде ести-ести «етім өліп» кеткенін байқадым.
1941-45 жылғы соғыстан кейін халық саны кеміп, бойдақ қыздар көбейгенде Коммунистік партияның жасырын жарлығы бойынша «жалғыз басты ана» деген айдар тағып, қыздарға бала тууды жүктеп, оларды қолпаштап, жағдай жасап, пәтер беріп, «Одинокая мать» деп есіркегені есімізде.
КП басқарған Совет үкіметі жезөкшелік, секс, наркомания, зорлық, зомбылық жоқ деп, болып жатқан істерді қанша жасырса да, ел ішінде сымсыз телефонның хабарламасы жақсы қызмет атқарғандықтан, со-нау Ресейден бастап жақсы-жаманды не болып жат­қанның бәрін білетін едік.
Коммунизмге таяп қалдық деп жүретін 1968-70 жылдар аралығы болса керек, сымсыз телефон арқылы ауыздан-ауызға тараған мынадай жантүршігерлік оқыс оқиға Алматыны дүр сілкіндірген еді.
Бір офицердің отбасы пәтерінде неміс овчаркасын асыраған екен. Күтімі жақсы тайыншадай ит есейе келе ошақ иесінің мінез-құлқының өзгергенін байқа­ған-мыс. Офицер әйеліне жақындаса немесе ренжіп, дауыс көтерсе болды, әлгі ит кәдімгідей айбат шегіп, арпылдап араға түсіп, қожайынды жасқайтын болған. Еркек әлденеден  сезік­теніп, әйеліне өзінің бір жетіге команди­ровкаға кететінін ескертіп, қонақ үйге орналасып, бірінші қабаттағы өз пәтерін сырттай бақылауға алады.Сөйтіп самаладай жанып тұрған жарықта әйелінің итімен аймаласып төсекте жатқанын көзі­мен көреді. Екеуін де атып тастап, милицияға барып мән-жайды айтқан екен.
«Заманына қарай адамы» деген осы күн­де ит жетектеген қазақтар көбейіп ке­леді. Алла тағала оларды ынсабынан, ақы­лы­нан, арынан айырмасын дегеннен басқа ай­тар жоқ!

Не деп жазайын

Әкелі-бала екеу 1941-1945 жылғы Ресей-Герман соғысына алынып, әкесі хабарсыз кетеді. Бір әкеден, екінші анадан туған қарындасынан 20 жас үлкен жалғыз ағасы елге аман-есен оралған.
Жылдар жылжып, екеуі де орта жастан асып, кемелденген күннің бірінде қарындасы аңсары ауып, хал-ахуалын білуге ағасының үйіне барады. Дастархан жайылып, шәй ішіп отырғанда көп сөйлемейтін ағасы бірден:
– Сен мен туралы кітап жаз, – дейді. Сонда қарындасы ағасының жүзіне алғаш рет тіке қарап:
– Аға, мен қазір 63 жасқа келіппін. 63 жыл ішінде  сізден 63 теңгелік мейірім не жақсылық көрмеппін!.. Не деп жазайын?!
– Һі!..
– «Қайыры жоқ жақыннан, Жаны жақсы жат артық» деген. Өз басым жақсылықты сырт елден көп көрдім, көріп те жүрмін. Ел-жұртыма разымын, – деп сөзін аяқтапты қарындасы.
Тағы бірде әдетінше ағасының үйіне барып, хал-жағдайын біліп, енді қайтуға ыңғайланып дәлізге шықса, ағасы әбігерленіп, ілулі тұрған киімдерінің қалталарын ақтарып, қолына түскен 5 мың теңгені қимай, кемпірі нұсқаған 200 теңгені азсынып, мың теңгелікті ұсынып:
– Мә, мынау жолыңа!.. – деп «мырзалық» жасағаны қарындасының ет-жүрегін елжіретіп, біртүрлі күйге түсірген екен.

Жетістік

– Әжечка! Айконы күйеуге шығады емес, женится деші. Айко женится, – деп жүгіріп келіп, әжесі сөйлесіп отырған те­­ле­фонның құлағына жабысты не­ме­ресі.
– Жоқ, оны Құдай солай жаратқан. Ол қыз бала, ал қыз бала күйеуге шы­ға­ды, құлыным.
– Жоқ Әжека, олай емес, мен жаңа те­левизордан көрдім. Айко сияқты қыз өзі жалаңаш, жалаңаш дядьканың үсті­не шығып алып сүйіп жатыр, ол қыз ана аға­ны алған.
– Олай деме, құлыным, ұят болады.
– Әже, Айко женится етсе, дядя тіл ал­маса Айко накажет же правда?
– Құдалардан ұят болады, олай де­ме, құлыным.
– Әжечка, сен неге телевизор көр­мейсің? Көрсең бәрін білер едің, – деп аз-кем ойланып отырды да:
– Все равно Айко жеңеді, ол күшті, вот так, – деді де жігерлене шапқылап те­­левизор көруге кетті.
– Һім… м?! «Заманына қарай адамы» деген…

***

Университетте сабақ беретін ұстаз, про­фессор студенттерге: «Жігіттер үйлен­ген­­де тек өз ұлттарыңның қыздарына үйленіңдер», – дей береді екен. Сонда бір қу тілді студент: «Ағай, сіздің үйдегі жеңгей орыс ұлтынан болғаны ғой. Ал өзіңіз неге өз ұлтыңызға үйленбегенсіз?» – дегенде про­фес­сор:  «Біз көшеден қазақ қыздарын көр­мейтінбіз әрі олар жастайынан атқа мінгендіктен бе, көбі қамыт аяқ болушы еді, – депті. Сонда студент:
– Таңдап тапқан жеңгей қазір қалай?
Профессор (өкінішпен):
– Ол қазір нағыз «Маржа ғой, маржа», – деген екен.
«Ойнақтап жүріп от баспасын» деген аға қамқорлығына жастар құлақ асса, ұтпаса, ұтылмас-ау…

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір