ҰСТАЗ МӘРТЕБЕСІ НЕГЕ ТӨМЕН?
30.10.2015
2513
0
doska_shkola_formuly_prinadlezhnosti_belyy_fon_80219_3840x12001984 жылдың 1 қыркүйегінде 71 жастағы Қызболған әжем мені қолымнан жетектеп В.И.Ленин атындағы орта мектептің 1-сыныбына апарып, бірінші партаға отырғызып: «Мына сары бала менің немерем», – деп,  Жұмагүл апайдың қолына тапсырғаны еміс-еміс есімде. Алғашқы қоңырау соғылып, қазақтың  көрнекті композиторы Әбілахат Еспаевтың «Ұстазым менің, ұстазым» әнін естіп едік. Содан бері  міне, 31 жыл өтіпті.

Негізі, парсы тілінде «ұстаз» сө­зі қазақтың «ұста» деген ұғымына жақын келеді. Ұста қолына түскен кез келген темірді балғаның күші­мен иілдіріп, шынықтырса, ұстаз қа­натының астындағы қалың шә­кірт­терге озық ойымен, білікті, біл­гір парасатымен өнегелі өмірге жол сілтейді. Өз кәсібіне салақ қа­рай­тын, мамандығына таңдап емес, адасып түскен кейбір мұға­лім­дердің кесірінен «ұстаз» деген ұлы атаудың атына кір келіп жүр. Кейде мұғалімнің біліксіздігін, ша­лалығын көргенде қараптан-қа­рап қаның қарайып, «қазіргі ұрпаққа тәлім беріп отырған ұстаз осы ма?» деген ойға қаласың. Алайда, бұл барлық мұғалім қауымына топырақ шашқанымыз емес.
Кезінде Ахмет Байтұрсынұлы­ның: «Мектептің жаны – мұғалім. Мұ­ғалім қандай болса, мектеп сон­дай болады. Яғни мұғалім білімді бол­са, ол мектептің балалары бі­лім­ді болып шығады. Солай болған соң, ең әуелі мектепке керегі – бі­лім, педагогика, методикадан ха­бардар, жақсы оқыта білетін мұ­ғалім», – деген сөзі әлі де өзектілігін жо­ғалтқан жоқ.
Бүгінде қоғамның сесі мен сынынан жасқанып қалған ұстаздар қауы­мы көпшіліктің алдына шық­қан­да да, мектеп директоры мен ата-аналар алдында да жалтақ, тіп­ті оқушылар алдында тұрса жас­қан­­шақ екені көзінен көрініп тұ­ра­ды дейді көпшілік. Ең бір өкі­ніштісі, көп жылдардан бері әкімшілік жұ­мыстардың дені мектептегі мұ­ға­лім­дердің күші арқылы атқарылып келеді. Басқаны айтпағанда, қо­ғам­дағы кез келген саяси іс-шара­лар­ға жегіледі, қандай да бір жұ­мыс­тар осы мұғалімдерсіз ше­шіл­мей-
тіні рас, «барып кел, шауып келмен» бүгінде олар нағыз қолбалаға ай­налып бара жатқандай. Астанадан бастап кез келген ауыл аймақ­тардағы түрлі мәдени шаралар, үл­кен стадиондағы жиналыстар мен конференцияларға адам қа­ра­сын көбейту үшін мұғалімдер тартылады. Түрлі қоғамдық жұ­мыс­тар­дың насихаттаушысы ретінде сондай іс-шаралардың басы-қа­сынан табылатын да мұғалімдер. Мек­тептің қағазбастылығы өз ал­ды­на таусылмайтын жыр-дастан. Одан қала берді, жоғарыдан ке­ле­тін сан алуан бітпейтін тексеріс те осы ұс­таз­дар қауымын жүдетіп жі­береді.
Оның үстіне директордан бас­тап ата-аналарға дейін мін айтуға дайын тұрады. Олар біз оқыған кез­дегі ата-аналар мен бүгінгі ата-ана­лардың айырмашылығы жер мен көктей. Қазіргі ағайын қит етсе, мұғалімді жазғыруға бейім. Әсі­ресе, жыл сайын атышулы ҰБТ да көбінесе оқушы мен мұғалімді әуре-сарсаңға түсіреді. Осы мә­се­леге байланысты ҚР Білім және ғы­лым министрі Аслан Сәрінжіпов: «ҰБТ-ға көп жағдайлар байланыс­ты болып тұр. Мұғалім, мектеп, ай­мақ жұмысы осымен баға­ла­на­ды. Мұның барлығы – қысым. Ал­да­ғы жылдары ҰБТ-ны күйзелісі аз етіп ұйымдастыруымыз керек», – деп отыр.
Жыл өткен сайын білім саласын дамытуға билік тарапынан қыр­уар қаржының бөлінетініне қа­ра­мастан мұғалімдер ата-ана­лар­ға қол жаюға мәжбүр. Осының бар­лығы, сайып келгенде, қоғам­дағы ұстаз беделінің құлдырауына әкелмегенде қайтеді? Бірақ мұға­лімнің мәртебесі мәселесі тек жа­лақыны жоғарылатумен шешіле салмасы анық. Бедел маманның ой-өрісінің кеңдігіне, өз маманды­ғына деген сүйіспеншілігі, педаго­гикалық қызметіне көзқарасы, шы­ғармашылық еңбегі мен жаңа­шылдық ізденістері, жеке-дара қабілетінің мықтылығымен ерек­ше­ленеді. Қазіргі таңда «Назарбаев зияткерлік мектептерінің» жанынан Педагогикалық шеберлік орталығы, Педагогтардың білікті­лі­гін арттыру орталығы жұмыс іс­теп  жатыр. Заманауи орталықтарда мұғалімдер әлемдік тәжірибеге сай әзірленген жаңа бағдарла­малар бойынша арнайы үш айлық қай­та даярлаудан өтеді. Мұндай қайта даярлаудан алдағы 5 жылда 120 мың мұғалім, яғни еліміздегі мұ­ғалімдер корпусының тең жартысына жуығы өтпек. Алайда, бұл да азшылық етеді.
Сыртқы объективтік фактор­лар­ға біріншіден, мектеп ішінде мұ­ғалімнің дұрыс еңбектенуіне жа­салынатын оқу-әдістемелік, әкім­шілік-ұйымдастырушылық жағ­дайлар мен психологиялық-пе­дагогикалық ахуал, т.б. жатады. Екін­шіден, мектептен тыс факторлар деп мұғалімнің жалақысы, мұ­­ғалімнің ісін марапаттау, мем­ле­кеттік атқару органдарының жан-жақты қолдау көрсетуі, бұқаралық ақпараттық құралдар арқылы жүргізілетін үгіт-насихаттар, ата-ана­лардың көзқарасы, т.б. айтамыз. Мұғалімнің оқушылармен пе­дагогикалық қарым-қатынасы, білім-білігі, өзін-өзі дұрыс ұстауы, киім-киісі, жүріс-тұрысы, әрбір қи­мыл-әрекетіне дейін жағымды әсер қалдырауы тиіс. Ұстазға тән қа­сиет­тің барлығы бойынан табылып тұр­са, ешкім оған негізсіз мін таға ал­майтыны ақиқат. Сондықтан мұ­ғалім мәртебесін көтеруді жоға­ры жақтан күтпей, әрбір ұстаз өз аты­на лайықты қызмет атқарса, бар­лық нәрсе реттеледі деп ойлаймын.
«Ұстаздық еткен жалықпас, үй­ретуге балаға», – деп хакім Абай айт­пақ­шы, ол заманда молдалар­дың барлығы дерлік ер кісілер еді, бүгінде ең «ұшынып» тұрған мәсе­ле­нің бірі – мұғалім мамандығы бойын­ша гендерлік сәйкессіздіктің реттелмеуі. Елімізде мұғалімдік қызметті атқаратындардың 86% әйелдер екенін ескерсек, бұл са­лаға ер-азаматтарды тартудың қа­­жеттілігі «Айта-айта Алтайды, Жа­­­­мал апам қартайдының» кері. Өйт­кені, «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деп әл-Фа­раби бабамыз айтқандай, мек­тептегі, жоғары оқу орындардағы тәрбие жұмысына ер-азаматтар­дың қосар үлесі ұшан-теңіз.


Тоқтамды түйін: Елімізде біріншіден, кейбір мектептер тұтастай мұғалімдері мен оқушылары қазақтар болғанымен, мектеп орыс немесе аралас мектебі аталады. Парадокс, ішіне кірсең, бір орысты таппайсың, кім үшін бір-бірімен орысша сөйлесіп жүр, бір Аллаға аян. Кейбір өз қандастарымыз өз ұлы мен қызын орысша оқытып жатқанын мәртебе санайды, Құдайым-ау! Ертең өз ұрпағы қарттар үйіне жетектеп алып бармасына кім кепіл? Өйткені, жүрегінде иманы жоқ, ар-ұяттан жұрдай, обал-сауаптан бейхабар, әке-шешесіне «сен» деп тұратын тасбауыр өсіп шығуы ықтимал. Ата-анасын қарттар үйіне апарып тастап жатқан қазақтардың барлығы орыс мектептерін бітіріп шыққандар екеніне күмәнім кәміл.
Екіншіден, ұстаздың жалақысы сатылап көтеріліп келе жатқанымен, әлі де болса айлығы шайлығына жетпей жататыны жасырын емес. «Ұстаздық ету» әлеуметтік-кәсіби статусы, мамандық мәртебесі әлі де болса төменгі сатыда тұр. Соның салдарынан бүгінде педагогикалық корпус қартаю үстінде. Білімді жастар айлығы жоғары кәсіптерге ұмтылатыны сөзсіз. Сондықтан мұғалімдік саланы таңдайтындар жоқтың қасы. Бұл тұрғыда шығыстағы Қытай Халық Республикасының үлгісі қызықтырады. Өйткені, ондағы мұғалімдердің айлығы елдегі жоғары айлықтардың қатарына жатады. Соның арқасында «ұстаз» атануға ұмтылатын жас кадрлар жыл санап көбеюде. Осылай білім саласы қызметкерлерінің мәртебесін көтеруде ұстаздар қалтасына түсетін айлықтың қомақты болғаны да маңызды.

Жұмамұрат Шәмші,
тарих ғылымдарының кандидаты.
ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір