МҰХТАР. АСҚАР. ҚАЛИБЕК…
30.10.2015
2640
0
184770_2147098612_______________Биыл қазақтың тұңғыш кәсіби режиссері Асқар Тоқпановтың 100 жыл­дығы. Ал ол кісінің «Абай» спектаклін қойғанына 75 жыл болыпты… 1940 жылы 30 қазанда қазақ драма театрында М.Әуезов пен Л.Соболев бірігіп жазған «Абай» трагедиясы тұңғыш рет сахналанғаны белгілі.


Сәуле ӘБЕДИНОВА


Бұл кез – кәсіби қазақ театрының өз алдына отау тігіп, дамуға бет алған, бірқа­тар табыстарға қол жеткізген, қазақ әдебиетінде драматургия жанры қалыпта­сып, ұлттық драматургияның идеялық-көркемдік бағыты айқындалған кез еді.  С.Сейфуллин («Бақыт жолына», «Қызыл сұңқарлар»), М.Әуезов («Еңлік-Кебек», «Бәй­біше-тоқал», «Түнгі сарын», «Қаракөз»), Қ.Кемеңгеров («Алтын сақина»), Б.Майлин («Майдан», «Талтаңбайдың тәртібі»), Ж.Шанин («Арқалық батыр») сынды драматургия жанрына тұңғыш қалам тербеген жазушылардың шығармалары қазақ драма театрының сахнасында бірінен соң бірі қойылып, театр өнері қоғам назарын толығымен өзіне аударған болатын. Қа­зақ театр өнерінің алғашқы қарлығаш­тары Жұмат Шанин, Елубай Өмірзақов, Қалибек Қуанышбаев, Серке Қожамқ­ұлов, Қапан Бадыров, Құрманбек Жандарбеков, Жүсіпбек Елебеков, Хабиба Елебекова, Шәкен Айманов сынды сахна суреткерлері сан қырлы кейіпкерлер бейнесінде қалың көпшіліктің қошеметіне ие болып үлгерген.
Әрине, қылышынан қан тамған кеңес­тік жүйенің қатаң талаптары мен социа­лис­тік реализм принциптері қазақ драматургиясына әсерін тигізбей қоймады. М.Әуезов пен Л.Соболевтің «Абай» пьесасы осындай қиын-қыстау кезеңде жазылған еді. Пьесаны Мәскеудің театр өнері институтын жаңадан бітіріп келген жас режиссер Асқар Тоқпанов сахналады. «Абай» трагедиясын қойғанда Тоқпанов небәрі 25 жаста еді. Яғни «Абай» – Тоқ­па­новтың тұңғыш спектаклі. Әдетте, әде­биетте болсын, театрда болсын, «тұңғыш» туындылардың бірден төрт аяғын тең басқан толыққанды шығарма болып шыға келуі сирек құбылыс. «Абай» спек­таклі осы сиректердің қатарында. Драматург – режиссер – актер үштігі бірін-бірі терең түсініп, толық шығар­ма­шылық одақ құра білді.
Тоқпановтың режиссерлыққа келуі кездейсоқ емес. Ол уақытта қазақ театрында іргелі мектептен білім алып, ре­жиссерлықтың қыр-сырын кәсіби түр­де оқып, меңгерген маман жоқ еді. Құдай берген дарыны мен талантының арқа­сында Жұмат Шанин, Құрманбек Жандарбековтер сахнада әртүрлі рөл ойнап қана қоймай, режиссерлық міндетті де өз мойындарына алып, барлық қойылымдар­ды өздері сахналаған. Режиссерға деген зәрулік асқынып тұрған сол тұста Тоқ­панов­тай маманның келуі қазақ театры үшін үлкен игілік еді.
Осы орайда ол кісінің өз аузынан естіген бір әңгіме ойға оралады…
1989 жылы Т.Жүргенов атындағы театр-көркемсурет институтына жаңадан оқуға түскен кезіміз. Сонда оң-солымыз­ды әлі онша ажырата қоймаған бізге Ас­қар Тоқпановтың бірнеше рет дәріс оқы­ғаны бар. Алматыдай алып шаһарға жан-жақтан  жиналған жас  талапкер­лер­дің қиналып жүргенін сезімтал жан бай­қаса керек, өзінің студенттік жылдарынан бір естелікті баян етті. «Мен де мына сендер сияқты жас болдым, ауылда өстім. Ол уа­қыт­та ауылды жерде қайдағы театр? Театр­дың не екенін білмейтін мені Мәскеу Театр институтына «режиссерлықты оқып кел» деп оқуға жіберді. Орыс тілін де жарытып білмеймін. Бірақ жеңілмедім, қолымнан келмейді, қиын деп бас тартып, қашып кеткенім жоқ. Көп оқыдым. Кітап­тан бас алмадым. Дәу керсенге суық суды толтырып құйып, орамал салып қоямын. Кітап оқып отырып маужырап ұйқым ке­ліп, қалғи бастасам, әлгі керсен­дегі суық суға беті-қолымды шаямын да, белуарыма дейін шешініп тастап, орамалды сығып алып, денемді сулы шүберекпен ысқы­лаймын. Жаттығу жасаймын. Біраз ұйқым ашылып, сергіп қаламын. Сосын қайтадан кітап оқуға кірісемін…».
Уақыт өте келе орыс тіліне төселіп алған студент Асқар театр әлемінің қыр-сырына қаныға бастады, драматургияны, актерлық өнерді, режиссерлық шеберлікті оқып үйренді. Орыс драматургиясын, шетел классиктерінің шығармаларын түсініп, талдайтын дәрежеге жетті. Нәти­жесінде, 1939 жылы Асқар Тоқпанов Мәскеудегі Театр өнері институтының режиссура факультетін Ресейдің атақты театртанушысы, профессор Сахновский­дің класын бітіріп, елге оралды. Ол кезде қазақ театр өнері еңсесін тіктеп, дамуға бет алғанын айттық. Жаңа пьесалар жа­зы­лып, спектакльдердің саны арта бас­таған шақ. Қазақтың тұңғыш кәсіби ре­жис­сері Мәскеуде алған білімін істе сы­науға асықты. Ол «Абай» трагедиясын­дағы басты рөлді бірден Қалибек Қуаныш­баевқа тапсырды. Атақты театр зерт­теу­ші­лері Қалибек Қуанышбаевтың әзіл-қалжыңға жақын болғанын, гармон, сырнай, мандолин сияқты бірнеше аспапта шебер ойнағанын айтады. «Оның актерлік өнерімен қоса, қиыннан қиысты­рып өлең шығаратын ақындық, жазу­шылық өнері де болған. Жас шағында біреудің мінін айтып сықақ-фельетондар жазса, бертін келе Шахмет Құсайыновпен бірігіп «Шаншарлар» атты пьеса да жазды». (Ә.Сығай. «Қаллеки», 9-б., «Фолиант», Астана, 2014 ж.)
«Абай» трагедиясында ойнаған өзге артистер де кілең қазақтың маңдайына біткен майталмандар. Шәкен Айманов – Керім бейнесіне, Серке Қожамқұлов – Жиренше, А.Нұрбеков – Долгополов, Хабиба Елебекова – Күнікей образдарына бойлады. Күнде «читка», күнде дайын­дық. Ол кезде Мұхтар Әуезов театрдың әдебиет бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарды. Автор репетицияға үзбей қаты­сып, режиссердың жұмысын, артистердің спектакльге дайындықтарын көріп, көңілі­не қонбаса: «Әй, бұларыңнан түк шық­пайды!..» деп ренжіп шығып кетеді екен. Бірақ Әуезов қанша ренжісе де, Тоқпанов репетицияны жалғастыра береді. Спектакльдің бас-аяғы жинақта­лып, түгел көріністер пысықталып біткен­нен кейін соңғы «үлкен дайындық­тар» («прогон») болатыны белгілі. «Прогон­ға» артистер гримденіп, киініп, әрқайсысы өз образдарында шығады. Сонда Қалибек Қуанышбаев Абай болып кіріп келгенде залда отырған Мұқаң шаттықтан жүзі балбұл жайнап: «Бәрекелді!.. бәрекелді!.. мінеки… Абай ғой!.. Абай келді ғой… тұ­рың­дар!..» деп, өзі де орнынан атып тұ­рып, Қалибек Қуанышбаевқа бас иіп, құрмет көрсетіпті, өзгелерді де тұрғы­зыпты…
Режиссердің театр алдындағы негізгі міндеті – шығармашылық ұжымның бірлігін, спектакльдің идеялық-көркемдік тұтастығын қалыптастыру. Негізі, спек­так­ль­дің келбетін жасайтын – режиссер. Демек, режиссер бүкіл шығармашылық ұжымның артықшылығы мен кемшілігін, бар әлеуетін терең түсініп, сезіне білуі тиіс. Тіпті, режиссер артистердің көзге көрінбейтін, бойында жасырынып жатқан мүмкіндіктері мен қабілет-қарымын алтыншы түйсігімен табуы керек, ашуы керек. Автордың идеясына, спектакльдің көркемдік деңгейіне, композициялық құрылымына, шындықтың шынайы көр­се­тілуіне бірден-бір жауапты адам да – режиссер. Өзінің алғашқы «Абай» спек­таклін қойғаннан-ақ жас  режиссер Асқар Тоқпанов осы міндеттерін жақсы түсінді. Режиссер өнерінде негізгі материал драматургия ғана емес, сонымен қатар, актер де режиссердің жұмыс істейтін «құралы» екенін ол жақсы білді. Әр актер – өзінше жеке тұлға деп қарады. Яғни әр актердің жаны мен тәні, ақыл-парасаты, сана-сезімі, түйсігі, тілі бар. Демек, режиссер үшін актер тек «құрал» ғана емес, егер оның бойында талант болса және оның сол талантын режиссер дұрыс танып, пайдалана білсе, онда актер де, режиссердің өзімен бірге, өнер тудырушы қасиетке ие болады. Актердің тек сырт келбеті немесе оның режиссер тапсырмасын мүлтіксіз орындайтын қабілеті ғана емес, шығармашылық ой-арманы, оның көркем де бай қиялы, сергек сезімі, терең білімі, ой-өресі, тәжірибесі, өмірден көрген-білгендері мен көкірекке түйген­дері, талғамы, мінезі, темпераменті, табиғат-болмысы, әзіл-қалжыңы, физика­лық түр-тұлғасы мен актерлық сүйкімділігі, сахналық іс-әрекеттері, т.б. – осының бәрі де режиссер үшін ең керекті материалдар. Театр өнерінде режиссер мен актер арасындағы шығармашылық қарым-қатынас – режиссерлық әдіс-тәсілдің негізі. Актер қабілетін жан-жақты дамыту­ға жағдай жасау – режиссер алдындағы негізгі міндет. Асқар Тоқпанов осы міндеттерін толығымен орындады. Тоқпа­нов өз ұжымының тәрбиешісі де, қанат бітіруші ұстазы да, шабыт беруші жебеуші­сі де бола білді. «Абай» пьесасын сахналау барысында артистерге өздерін ма­зала­ған сұрақтардың жауабын дұрыс табуға көмектесті. Асқар Тоқпанов «Абай» спектаклінің идеялық мақсатын жақсы түсінді және сол мақсат төңірегіне өзгелерді де топтастыра білді. Бұл орайда авторлардың да, режиссердің де, актерлердің де түпкі мақсаты – қазақ ұлтының кемеңгері Абай образын қалып­тастырып, халыққа өз перзентін етене таныстыру, Абай тақырыбын әде­биетке, театрға енгізу еді. Ұжым осынау биік мақсаттың үдесінен шықты. «Абай» пьесасынан кейін «Абай әні» фильмі жарыққа шыққаны белгілі. Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясына алғаш сүрлеу салып берген де осы пьеса болды…
Абайды қойған кезде Асқар Тоқпанов бастаған бір топ Абайдың ауылына барып, Абай өмірін ғана емес, сонымен бірге, сол ауылдың тұрмыс-тіршілігін, ру­лардың киім үлгілеріне дейін зерттейді. Ол кезде киім үлгілері әр руда әртүрлі болып келетін. Тобықтының киімі қалай екен, басқаның киімі қандай, арғын мен найманның өзара қарым-қатынасы қан­дай… Бірнеше киім үлгілерінің ерекше штрих, детальдарын алып, бір-бірімен композициялық тұрғыда біріктіріп, ерекше сәнді киім үлгілерін шығарады. Тек әр елдің бөріктерін ғана өзгеріссіз қалды­рады.
Белгілі театр зерттеушісі Бағыбек Құндақбаев: «МХАТ принципін берік ұстана отырып, А.Тоқпанов орындаушылардан сахналық геройдың ішкі сезімін терең білуді талап етті. Бұл үшін, Станиславский ілімі бойынша, герой бірнеше «кедергілер жүйесінен» өтіп, олардың тұрмыстық, тарихтық, психологиялық шындығы алға қойылған айқын сахналық міндеттерді орындаған жағдайда ғана «адам жаны жарқырап ашылады» деген қағиданы мықтап ұстанды. Әрине, бұл әдіс бойынша ауыртпалықтың көпшілігі актерлерге түсетіні аян. Олардың өз ісіне мамандануы да, оқиғаға әлеуметтік және психологиялық талдау жасай білу шеберлігі де сынға түседі. Осының бәрі коллективтің актерлік шеберлігінің дәрежесін көтере түскені даусыз. Сон­дықтан бұл спектакльдің ешқашан да жойылмайтын маңызы оның ең үздік актерлік ойындарының дәрежесіне негізделеді. Соның нәтижесінде спектакль қазақ сахна өнерінің тарихындағы елеулі оқиға болып қалды…» дейді. («Қазақ театрының тарихы», 1 т., 335-б., «Ғылым» баспасы, Алматы, 1975 ж.). Осы еңбегінде зерттеуші ғалым Абай образын­дағы Қалибек Қуанышбаевтың жұмысына ерекше тоқталады. «Актер ұлы ақынның образын жасау үшін тарихи шындықты терең зерттеп, кеңінен толғанды. Соның нәтижесінде Қуанышбаевтың Абай характеріне көшуінің күштілігі сонша, «Абай» спектакліне қатысушылардың барлығы бірдей бұл актердің еңбегін твор­честволық ерлік деп атап кетті…» (сонда).
Ал актер Қалибек Қуанышбаев өз кейіпкері туралы былай дейді: «Абайдың бейнесі маған бала кезімнен етене жақын. Жас кезімде-ақ оның өлеңдерін жатқа білетінмін. Бұл рөлді ойнау кезінде Батыс және Шығыс мәдениетінің басын біріктіруді көздеген азамат, күрескер ақын, ойшыл Абайды көрсетуді маңызды мақсат етіп қойдым…».
Актер сол мақсатына жетті. Әрине, әркімнің өз Абайы бар. «Абай» трагедия­сын­дағы Абай – Әуезов пен Соболевтің концепциясы. Спектакльде – Асқар Тоқпанов пен Қалибек Қуанышбаевтың Абайы. Абай өмірінің аңызы мен ақиқа­тын, Абайдың қуанышы мен қайғысын, трагедиясын әркім өзінше түсініп, өзінше көрсеткені айқын. Дегенмен, «ақын образын сомдауда актер де режиссермен бірге тарихи ақиқат пен романтизмді ұштастыруға күш салды. Осы спектакль арқылы Қуанышбаев өнерінің бағыт-бағдары қалыптасып, өзі сомдаған тұл­ғаның дүниетанымын ашудағы шеберлігі көрінді». («Абай» энциклопедиясы. Алматы,«Атамұра»).
Мұқаңның сахнадағы Абайға үлкен қошемет көрсетуі – режиссер мен актер өнерінің тұтастығынан туындаған кейіпкердің өз дәрежесінде бейнеленуі­нен болса керек. Қаллекидің кейіпкері автордың да, режиссердің де көңілінен шықты. Қуанышбаев сомдаған Абай – жаңалық пен жақсылыққа ұмтылушы, өрелі іске үндеуші, өрісті ойға бастаушы. Қалибек Қуанышбаев данышпан Абайдың рухани болмысын, ішкі жандүниесін, психологиялық көңіл-күйін асқан шебер­лік­пен көрсеткеніне көзкөргендер­дің естелігі мен жазбалары куә.
«Әр қазақтың жүрек түбінде Абайға деген сағыныш жатады екен». (Т.Шапай. «Шын жүрек – бір жүрек», 7-б., «Жазушы», 2000). Әуезов – Тоқпанов – Қуанышбаев – қазақ театрының үш алыбының қазақ сахнасында Абайды тірілтіп, мәңгі өшпес сахналық ғұмыр беруі – сол сағыныштан болар… Бүгінде Мұхтар Әуезовтің өзі істеген сол қарашаңырақ өзінің атында – М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры. Астанада Қалибек Қуанышбаев атында музыкалық драма театры бар. Алайда, осы күнге дейін бірде-бір театрға Асқар Тоқпановтың есімі берілмеуі – өнерге деген әділетсіздік деп ойлаймыз. Ұлы режиссердің 100 жылдығы қарсаңында республика­мыз­дағы көрнекті театрлардың біріне қазақ­тың тұңғыш кәсіби режиссері, әрі ұстаз, әрі ойшыл, әрі қоғам қайраткері Асқар Тоқ­пановтың есімін берсек, артық болмас еді…

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір